Адам туралы мәдени-антропологиялық ой

Адам туралы теориялық және эмпирикалық білімнің сөзсіз өсуі адам туралы ғылыми түсініктің қалыптасуына ортақ концепцияның болмауына және ғылыми материалдардың жүйеленбеуіне алып келді. ХХ және ХХІ ғасырларда мәдени тарихының мәселесі ретінде адамның ғылыми тану мәселесі алға шықпақ.

Профессор А.Р. Масалимова мәдени антропологиялық білім жүйесіндегі адам мәселесіне тоқталған кезде: «Адам маселесі, оның шығу тегі, өмірінің мазмұны және өмірдегі бағыт-бағдары ерте заманнан көптеген ойшылдарды толғандырған. … Адам өмірінің мазмұны туралы ой қозғағанда философиялық және антропологиялық аспектісін бөліп қарастырған жөн. Бірінші аспект бойынша адам баласының жердегі өмір сүруі, оның сол кезеңдегі дамуы зерттеледі. Екінші аспектіге сай адам дамудың белгілі бір кезеңін және белгілі бір табиғи экологиялық негізді білдіреді. Осы негізде алам екі әлемге жатқызылады. Бірі табиғат әлемі, ал екіншісі мәдениет әлемі. Адам биологиялық тіршілік иесі секілді барлық өсімдіктер мен жануарларға ұқсас, адамдар қауымдастығында – жануарлар қауымдастығының белгілері кездеседі, алайда адам қол жеткізген эволюциясын бірбе бір тіршілік иесі қайталай алмайды».
Адам туралы ең алғашқы мәдени антропологиялық ой бастауында тұрған Сократ болды. Сократ философиялық трактат жазбағаны белгілі. Алайда ол ауызша түрде өз ойын шәкірттерінің арасында дискурс ретінде пайымдап, айтып жүретін болған. Сократты өз кезегінде толық жетілген жолға түскен адам қатты толғандыратын еді. Оның Платонмен философиялық сұхбатынан адам туралы ойын толыққанды білеміз. Сократтың адам туралы ойының ең маңызды белгілері ретінде адамдар бойындағы ең жақсы құндылықтар, моральдық ұғымдар және мінез-құлық түрлері салыстырмалылық тұрғысынан өлшенген.
Адамды тану мәселесінде Пифагор шығармашылығында анық көрінді. Ол: «Адам дүниедегі барлық зат, болмыс өлшемі» деген ой қалдырған. Барлық антика философиясының өкілдеріне тән Пифагор да – адамды космостың бір бөлігі, болмыстың уақыттан тыс біртұтас жүйесі деп түсінеді. «Кіші әлем» яғни микрокосмос – әлем дүниесінің макрокосмосының рәміздік белгісі деп біледі. Осы жерде Пифагор ойындағы әлем ұғымын зерделейтін болсақ, әлем – біртұтас әлем дүниесі, универсум, сөзсіз тұтастық, келісім, бірлік. Осы кең мәтінде адам әлемде ғана болмыс субъектісіне айналады. Грек философиялық ойының тағы бір мәселесі әлем дүниесі яғни әлем кеңістігі – заттар әлемінің тұйық кеңістігі, оның орталығында адам тұрады, ол зат арасындағы заттар шоғырын білдіріп қана қоймай, кез-келген дүниенің өлшемі ретінде көрініс табады. Сократтың бұл турасында ойы өзгеше. Себебі, оның тезисі «Өзіңді өзің таны» деп аталды. Көптеген антикалық философтар адамды ғарыштың жалпы бейнесіндегі адамды суреттеумен айналысса, Сократ адам, оның жаны, санасы, өмірлік жолын зерттеумен айналысқан.
Адамның мәні туралы, адам не үшін өмір сүруі керек? – деген сұраққа жалынды түрде жауап іздегендер қатарында антикалық философ Демокрит болды. Демокритті бүгіннің өзінде өзекті саналатын сұрақтар ойландырды. Атап айтқанда, адамның негізгі құндылықтары қандай? Оның өмірінің рухани негізі немен айқындалады? Демокрит адам өміріндегі әділеттілік, өміршеңдік құндылықтарын жоғары қойған. Демокрит өз кезегінде ең алғашқылардың қатарында мәдениеттің дамуы турасында ой қалдырған тұлғалардың бірі болып табылады.
Адам туралы ең алғашқы анықтама берген ғалым – Платон. Ол Сократтың шәкірті. Оның анықтамасы бойынша: «Адам – қауырсыны жоқ екі аяқты жануар» деп аталынды. Алайда, адамға философиялық және мәдени антропологиялық тұрғыдан анықтама беру мәселесін күрделі үрдіс болды.
Платонның шәкірті Аристотель анықтамасы бойынша: «Адам ғана сөйлеу қабілетіне ие. Сөз пайдалыны да, пайдасызды да һәм әділеттілікті де, әділетсіздікті де жеткізе алады. Осы қасиет адамдарды барлық тірі жәндіктерден ажыратып тұрады: тек адам ғана жақсылық пен жамандық, әділеттілік пен әділетсіздік сияқты өзге де ұғымдарды түсіне алады». Эпикурдың этикасындағы адам мәселесі оның өмірден алған рахатымен байланысты болды. Алайда рахат ұғымын Эпикур жағымсыз қасиет деп білген. Оның ойынша ең ұлы жақсылық – естілік және саналылық болды. Осы негізде ежелгі грек философиясы арқылы европалық және әлемдік философиядағы адам танудың бастапқы принциптері қалыптасты. Осы арада адамның ғарыштық-абстрактілік бейнесінен бөлек, өмірдегі мәні деген мәселе туындады.
Философиялық ойлардың ішінде адамның философиялық идеясы, теологиялық идеясы және ғылыми идеялар дүниеге келді. Осы кезеңде Кант та «Адам дегеніміз не?» деген сұраққа философияның негізгі мәселесі ретінде қарады. Ол адамды екі әлемге жатқызды. Біріншісі, табиғи қажеттілік, ал екіншісі рухани тәуелсіздік. Канттың ойынша бірінші жағдайда табиғат адам баласына не жасайтындығын анықтау маңызды, ал екінші жағдайды адам өздігінен не жасай алады және нені жасауы қажетті деп білді.
Гегельден басталған ХҮІІІ ғасыр философтары адам болмысының әлеуметтік-мәдени өлшемі арқылы адамға сенімділік сезімін қайтаруға тырысқан. Аталмыш жағдайда адам кеңістіктен өзге уақытқа байланысты және оның жаңа үйі тарих пен мәдениет болды. Адам ұғымында екі негізгі түсінік болды. Олар: табиғат пен тәрбие. Осы кезең философиясының негізгі мәселесі адамның табиғат пен тәрбиеге көзқарасы болды. Гегель: «Өзінің нақты өмір сүруі тұрғысынан адам белгілі бір табиғи нәрсе, бұл жағынан ол өзінің ұғымынан алыс әрі тыс; тек өзінің тәні мен жанын жетілдіру арқылы, оның өзін-өзі тануы арқылы иемденуге кіріседі және өз-өзіне де, басқаларды да өз меншігіне айналдырады», – деген ой қалдырды.
Л. Фейрбах «Адамның жануарлардан ең елеулі айырмашылығы…» атты шығармасында: «… адамның ойлайтын, түсіне алатын тектік мәні, табиғаты неде? Адамдығы нағыз адамдықтың белгілері қандай? Зерде, ырық, жүрек. Жетілген адамда ойдың күші, ырықтың күші, сезімнің күші бар. Ойлаудың күші – танымның нұры, ырықтың күші – мінездің қуаты, сезімнің қуаты – сүйіспеншілік. Зерде, сүйіспеншілік және ырықтың күші – ол жетілгендік. Ырықта, ойлауда және сезімде адамның ең биік мәні және өмірінің мақсаты берілген. Адам тану, сүю және тілеу үшін өмір сүреді. Нағыз адам ол – ойлаушы, сүюші адам», – деген болатын.
Ал, М.Бахтиннің: «Адам ойлауының дүние және адам туралы қайырымды, қабылдаушы және байытушы оптимистік категориялардың бәрі дерлік эстетикалық сипатта болады», – деген ойы ерекше.
М.Шелер өзінің «Адам және тарих» атты шығармасында: «Адам мәселесін ұзақ жылдар бойы негізді тану біздің ғасыр алуан түрлілікпен ерекшеленді. Себебі бұл кезеңде басқа ешбір кезеңдерге тән емес көмескілік және белгісіздік жайттары орын алды. Мыңжылдық тарих ұзақтығында біздің кезең ең алғаш рет адамды «мәселеге» айналдырып, оның мәнін іздеді, сөйте тұра осы кезеңде адам өзінің орнын білуге тырысып, біле алмау жағдайына тап болды», – деуі арқылы адам мәселесінің мәдени антропологиялық мазмұнын көрсетті.
Батыс ойшылдарының арасында мәдени антропологиялық ойдық өрістеуінде анторопологияның өзіндік білім саласы ретіндегі бөлінуі шешуші кезеңді көрсетті. Атап айтқанда, осы кезеңде адам әлем мен көз алдында құрастырушы әлемде, яғни объектіде субъект ретінде танушы түсінігіне ие болды. Бұл көзқарастың дамуында Р.Декарттың философиясының орны ерекше. Р.Декарт: «Мен өзім туралы толыққанды біле алмаймын. Алайда мен өзімнің өмір сүріп отырғаныма толыққанды сенімдімін. Мен өзімді бастапқыда кіммін деп есептедім. Әрине, адам деп өзімді есептегенмін. Бірақ адам дегеніміз не? Мен сізге оны саналы жануар деп айтпақ емеспін. Себебі олай болған жағдайда, жануардың не екендігіне және оның саналылығының мазмұны турасында күні бұрын ойлануға тура келеді. Адам туралы мен қатал түрде оның ойлай алатындығын алға тартпақпын, яғни рух, жан, интеллект және сана», – деп, адам және табиғат туралы білімінің принциптерін осылайша жүйеде келтірді.
Ренессанс кезенінің адамы – ол ең алдымен әлемді бүкіл толықтығында сезінетін және өзің осы әлемнің бір бөлшегі ретінде білетін ақын, суретші, ғалым болды. Мұндай адам әлем дүниесіне, жалпы дүниетанымға қарсы келмес болар. Тек қана Декарт философиясындағы адам алғаш рет ойлай алатын болмыс ретінде табиғатқа қарсы тұрды. Адамның өзін субъект ретінде сезінуі өзін дүниеге әкелген ғарыштан бойын аулақ ұстауға тура келді. Өзінен ғана күш-қайрат іздейтін және ойлай алатын субъект тәуелсіздігінің бекітілуі жаңа философияда жаңа бетбұрыс әкелді.
Бұл турасында ХХ ғасыр философы Мераб Мамардашвили: «Принцип cogito утверждает, что возможность способна реализоваться только мной при условии моего собственного труда и духовного усилия к своему развитию (это, конечно, труднее всего на свете). Но лишь так душа может принять и прорастить «высшее» семя, возвыситься над собой и обстоятельствами», – деп ой білдірген.
Жаңа кезеңде субъект және объект ұғымының енгізілуі, әлемді пайдаланушы субъект және қайта құрастырылатын адам алдында тұрған әлем бейнесіндегі объект ретінде бір-біріне қарама-қарсы қойып жаңа әлем бейнесін жасақтау адамның жаңа типінің дүниеге келуіне негіз болды. Аталмыш адам типі жаңа европалық адам деген атқа ие болды. Грек және ортағасыр адамынан жаңа европалық адамының басты ерекшелігі: ол әлемнің ішінде өмір сүруін тоқтатып, әлемнің сыртқы кеңістігіне аяқ басады. Сол арқылы әлемді қайта жасақтаушы қожайынына айналады.
Бұл турасында неміс философы М.Хайдегердің ойлары ерекше. Себебі ол: «Адамның адамдығы неде? Ол адамның мәнінде жатыр», – деп қысқа қайырған.
Адам туралы шығыс ойшылдарының ойлары қандай? Егер тоқталар болсақ, мысалы Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігіндегі»:
Кісі мәңгі болмас, мәңгі аты,
Арыға мәңгі қалар шапағаты – деген жолдар, немесе Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түркіндегі»:
Қураған ағаш иілмес
Қураған шыбық түйілмес – деген жолдар, немесе Әбу Насыр әл-Фарабидің мәңгілік парасат туралы ілімі, ең соңында, ұлы Абайдың
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?! – деген өлең жолдары оралады. Байқап қарасақ, Қорқыт, Баласағұн, Қашқари, әл-Фараби, Науаи, Низами, Ұлықбек, Иасауи, Абай боп жалғасып кете беретін түркі ғұламаларының бәрінің өлім мен өмір, жан мен тән туралы түсініктері бірін-бірі толықтырып, тұтас бір түркілік дүниетаным әлемін құрайды.
М. Қашқари еңбегі түркі тілдес тайпалар ішінен ғалым жинаған өткір мақал-мәтелдерге өте бай. Ежелгі түркілердің, сол сияқты қазақтардың әлеуметтік-экономикалық, мәдени, саяси қатынастары көрінетін халық даналығы жинақталған. Қоршаған орта жағдайы туралы, олардың көзқарастары логикасымен, ойлау ерекшелігімен танысуға мүмкіндік береді.
Өзінің практикалық қызметінде дүниенің мәңгілігін, материалдығын және объективтілігін дұрыс түсінуге қол жеткізеді. Әлем мәңгі жасайды, ал ондағы нақты құбылыстардың басы мен аяғы болады, олар өткінші деп санайды. Дүние ешқандай сыртқы күштерге бағынбайтын нақты шындық жиынтығы ретінде көрінеді.
«Адамдар мәңгілікке туылмаған,
Күн, жұлдыз аспанда ол суылмаған».
Адам өмірін мазасыз, үнемі өзгеретін процесс ретінде қарайтын халық шығармашылығы дүниедегі барлық құбылыстар мен заттарға осы пікір, осындай көзқарасты қолданады: «Әрбір дамудың құлдырауы, әр қуаныштың артында қайғысы болады, тәтті мен ащы ауысадың, «…Аспан үнемі қозғалыста болады, …Түнді күн ауыстырады».
Адамның рухани дамуы туралы, оның этикалық құндылықтары жайлы қазақ ойшылдарының еңбектерінде көрініс тапқан. Отандық ғалымдардың да адам туралы ғылыми пікірлері ерекше. Мысалы белгілі философ
А.Х. Қасымжанов: «Кеңістікте адам дүниеге келгеннен бастап, белгілі бір өмірілік болмысын қалыптастырып, нақты бір мінез-құлық стереотиптерін меңгеріп, қоршаған ортаға, дүниеге деген дүниетанымын, көзқарасын орнықтырады», – деген ой түйеді.
Танымал философ, профессор Б.Ғ. Нұржановтың көшпенді адам туралы: “көшпенді үшін ең жоғарғы құндылық қозғалыс, белгілі бір территорияда мәңгілік шектеліп қалмау. Демек, қозғалатын, өзгеретін, ағыста болатындардың барлығы көшпенді үшін құнды болып табылады. Ал, қозғалмайтын, отырықшылыққа бейімділер құндылығы, екінші орында қалып қояды. Тоқтау, тұрақтану, отырықшы болу – қозғалысқа, өзгеріске деген бейімділікті, қабілеттілікті, тұтастай алғанда ең жоғарғы құндылықты жоғалту”, – деген пікірі орынды.
Әйгілі қазақтанушы, профессор Ж.Ж. Молдабеков: «Қазақ халқы ежелден әділеттілікті, сыпайылықты, шындықты, жарқын жүзділікті, өз тілегін іште ұстау, өсек-аяңнан бойын аулақ ұстау секілді құндылықтарды адами құндылықтар деп қастерлеген», – деген ой айтады. Жалпы, Қазақ философиясы мен мәдениетінде адам туралы ой қозғалғанда, ең алдымен оның рухани құндылықтарына көңіл бөлінген.
Мәдени антропологиялық ой дәстүріндегі адам мәселесіне қатысты философиялық һәм мәдени антропологиялық пайымдауларға тоқталу маңызды мәселе.

Жұлдыз Сүлейменова

Скачать работу

Похожие материалы

  • Похожих материалов нет. Попробуйте найти через Поиск

Комментировать




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Электронный адрес [email protected] / Сайт картасы