Бүгін тәуелсіз Қазақстан Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасын іс жүзіне асыру арқылы ұлт тарихын түгендеп жатқаны белгілі. Осы ретте біз тарихи тұлғаларымыз бен олардың атқарған істерін бүгінгі елдік мұраттар қажетіне жарата алсақ, маңызды болмақ.
Алаш тұсындағы қоғамдық-саяси iсте Әлихан мен Ахмет сапынан табылған, осы екi тұлғаның әлеуметтiк-рухани қызметiне тыныс болған азаматтың бiрi – Мiржақып Дулатұлы. Ұлттық манифеске баланған “Оян, қазақ!” пен тұңғыш қазақ романының авторы жаңа руханият ғимаратын тұрғызу шарасының жуан ортасында жүрдi. Әдеби бiлiмдi өз бетiнше алған Мiржақып: “Адам ғылым мен өнер үшiн жаратылған емес, ғылым мен өнер – адам үшiн шыққан, адамның өзi тiршiлiгiне керек болған кезде ойлап тапқан нәрселер. …Тiршiлiк – бәсеке, жарыс. Дүние – бәйге үлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. …Дүниенiң iсi осылай болған соң, адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi”,-деген көзқарасты ұстанып, елге қызмет жасауға жұмылған жаңа руханияттың деңгейiн көтеруге атсалысты. Қаламгердiң әдеби-эстетикалық ой-тұжырымы ХХ ғасыр басында жетекшi күшке айналған – ұлтты ұйыстыру және өркендету идеясын тиянақ етушi ағымды байытты.
Читать полностью »