Скачать/Жүктеу
Кіріспе орнына
Қымбатты достым, қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ әдебиеті мен поэзиясында жалпақ жұрттың жаңадан тіл ашқан бүлдіршінінен бастап, аз-көп жасаған ғұмырында әлденеше қыр асқан қариясына дейін жаппай оқитын да танитын қаламгер бар ма? Бар! Ол — қазақтың көрнекті ақыны, балалардың сүйікті жыршысы, Қазақстанның халық жазушысы — Мұзафар Әлімбай!
Бүгін қазақ әдебиетінде де, балдырған бағында да үлкен той, мереке. Алғашқы қадамын Павлодар облыстық “Қызыл ту” газетінде жарық көруден басталған өлеңдері қазір том-том болып халқымыздың рухани қазынасына айналған, бүгінде қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз, асқар биік шығармашылық тұлға — Мұзафар Әлімбай сексен жасқа толып отыр.
Ақынның “Естай-Хорлан”, “Менің Қазақстаным”, “Ту тіккен” секілді эпикалық туындылары жыр сүйер жұрттың жүрегіне жол тауып, таңдаулы шығармалар қатарынан орын алды. Ондаған жылдар бойы ауыздан түспей шырқалып келе жатқан “Ақмаңдайлым”, “Өзің де жігіт, қызықсың”, “Маралдым”, балаларға арналған “Мұғалім ол біздің”, “Көшпелі фонтан”, “Бесік жыры”, “Қартаймайсың, жан ана” қатарлы көптеген ән-өлеңдері халықтың сүйікті туындысы болып кетті. Қаламгердің естеліктері мен эсселері, мақал-мәтелдері мен көңіл күнделіктері де оқырмандар көңілінен шыққан тартымды дүниелер. Халықтың ауыз әдебиеті — қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді зерттеп, жинастырған “Маржан сөз”, “Мақал-мәтелдер” секілді кітаптары халықтың күнделікті қажетсінер дүниесіне айналды.
Сондай-ақ ол айтулы публицист, майталман аудармашы, әдебиет зерттеуші. Ақынның бұл қырларының қай-қайсы да-қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, мәуелі бұтақтар. Үздіксіз, әрі дәмді, мол жемістер беріп келе жатқан бұтақтар. Шындығын айтсақ, бізге үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән-өлеңші, ұстаз, редактор М.Әлімбайдың қай-қайсысы да қымбат. Алайда, әсіресе соңғы ширек ғасыр көлемінде, қаламгер есімі аталса болды, алдымен балалар ақыны М.Әлімбайдың ойға оралары анық.
Әлемдегі қай елде болмасын балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Неге десең, балаларға арнап қызықты шығармалар жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. “Бесік жырынан” басталатын балғындар өлеңінің әйтеуір бір құдіреті бар. Соған қарағанда, ән-өлең бала бойына ана сүтімен бірге таралатын болу керек. Әйтпесе, бөбекті өлеңмен қалай ұйықтатып, өлеңмен қалай оята алады? Дүниеден хабары жоқ, бесікте жатқан сәбиді өз ырқына көндіріп, өз дегенін істететін — өлеңнен артық керемет бола ма? Бөбектерге арнап өлең жазудың қиындығы да осында болса керек. Өйткені, ол барлық жырдың нәрі, барлық жырдың басы ғой…
М.Әлімбай — қазіргі балалар әдебиетінің ата буынына қосылған көрнекті қайраткері,тәлімгері. Ақынға 1984 жылы “Аспандағы әпке” атты балаларға арналған жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлықтың бөбектердің сүйікті ақыны — Мұзафарға берілуі әбден орынды. М.Әлімбай балалар әдебиетінің қалыптасып дамуына өзінің әр жастағы баланың ой — өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі әрі тапқырлығы жағынан әр алуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін танытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған. Өлеңдерін оқып тілі шыққан бүлдіршіндеріміз қазақ халқының бойындағы асыл қасиеттерін, қазақ сөздерінің ғажайып нәрін Мұзафар ағамыздан үйреніп келеді.
Осыған орай, Сапарғали Бегалин атындағы Республикалық балалар кітапханасы Мұзафар атаның ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілей отыра осы келе жатқан 80 жастық торқалы тойы қарсаңына арнап жазылған “Балалардың сүйікті жыршысы” атты әдістемелік құралды назарларыңызға ұсынады.
Балалар оқуының жетекшілері мектеп жасына дейінгі және бастауыш сынып оқырмандары арасында “Балдәурен шіркін балалық” атты кітап көрмесін ұйымдастырып, ақынның шығармашылығына арнап ойын – сабағын өткізіп, поэзия әлеміне саяхаттар жасауына болады. Сонымен қатар, “Ақсерек те көксерек”, “Аспандағы әпке”,”Қоянның құлағы неге ұзын?” және тағы басқа кітаптары бойынша дауыстап оқу, ойын, сауалнамалар өткізулері керек.
4-5 сынып оқырмандары арасында “Мұзафар Әлімбай-балаларға” деген тақырыпта кітап көрмесін ұйымдастырып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы әңгіме өткізіп, ақынның кітаптарындағы өлеңдері бойынша сурет байқауын жариялауға, “Ойлы жыр, орамды тіл” деген тақырыпта мәнерлеп оқу сайысын, “Аңыз бенен ертегі еліктіре ертеді” атты әдеби ойын өткізуге болады.
Ақын өмірі мен шығармашылығына байланысты ұйымдастырылған көрмеге міндетті түрде шолу жасау керек. бойынша көрме ұйымдастырғанда, міндетті түрде кітаптарға шолу өткізу қажет. Ақынның жинақтарындағы ән-ойындарды, жұмбақтарды, аңыз-ертегілерді пайдаланып, кіші-гірім ойын өткізу арқылы балаларды кітап оқуға қызықтыруға болады. Көрме жанына “Маған ұнаған шығарма” деп жазылған дәптер іліп қоюға болады. Оқырмандар ақын шығармашылығынан алған әсерін осы дәптерге жазып отырады. Көрмедегі кітаптар бойынша кітапханада “Мәнерлеп оқу” байқауы жарияланады. Байқаудың соңында белсенді қатысқан оқырмандарды атап өткен жөн.
Жоғары сынып оқырмандары арасында “Мұзафар Әлімбай — 80 жаста атты кітап көрмесін ұйымдастырып, оған библиографиялық шолу өткізуге және “Поэзия патшалығында” деген тақырыпта поэзия кешін ұйымдастыруға болады.
Әдістемелік құралда берілген өлең, ән, жұмбақ-жаңылтпаш, ертегі-аңыз, нақыл сөздердің барлығы ақын шығармашылығынан алынған.
Сонымен, іске сәт әріптес! Кәрі де, жас та, бала да жырына құмар Мұзафар атамыздың тәрбиелік мәні зор шығармаларын әлі де сан ұрпақ қанына сіңіріп, бойына дарытып, ойына нәр ете беретініне сенеміз.
Сексенге келді Мұзата
Әдеби ертеңгілік
Шара өткізілетін жерде кітап көрмесі ұйымдастырылады. Мұзафар Әлімбаевтың суреті, ол туралы қанатты сөздер ілінеді. Бөлмеде шар, ойыншықтар мейлінше көп болса, ертеңгілік әсерлі өтіп, балалардың есінде көп уақытқа дейін сақталады.
Бұл шараны өткізбес бұрын, кітапханашы оқырмандарға ақынның тақпақтары, аңыз-ертегілері бойынша сурет салып келуге тапсырма беріп, хабарландыру іліп қояды. Ертеңгілік болатын күні балалардың суреттерін жинап алып, сол суреттер бойынша көрме жасағандарыңыз жөн. Ертеңгіліктің соңында жақсы салынған суреттерді, белсенді қатысқан оқырмандарды атап өту керек..
Қатысушылар: кітапханашы, Ая (ақын өлеңінің кейіпкері), Білгішбек, Ертеңбай (ертегі кейіпкері), көркемсөз оқушылар.
Ертеңгілік “Алтай вальсі” әнімен басталады.
Сөзі: М.Әлімбаевтікі, әні: Р.Байқадамаовтікі
Жүргізуші:
Балалар, білесіңдер ме,
Эфирден ақтарылып жыр есілгенде,
Осыны біздерге арнап кім жазды деп,
Атына көңіл қойып жүресіңдер ме?
Атына көңіл қойып жүрсіңдер ме,
Жасы үлкен жақын достарың,
Білесіңдер ме?…
“Балдырғанды” шығарып,
Сан ұрпақты
Қанша жыл жырларымен таңырқатты.
Айтады мың алғысын ағаларың
Өлеңнің татып өскен балын тәтті.
…Білмесеңдер, балалар,
Біліп алыңдар,
Кәрі де, жас та,
Бала да…жырына құмар
Сексенде бүгін Мұзафар аталарың.
Мұзафар Әлімбаев!
Ұғып алыңдар.
Көркемсөз оқушы:
Тамсантып, тамылжытып әнін көкке
Өрлетті “Ақсұңқары” мәлім көпке.
Содан шығар,
Жыр сүйген жалпақ елі
Біледі Мұзафарды МӘЛІМ деп те.
Мұзафар Әлімбаев — Мәлім аға,
Өзіңдей бала жанын жан ұға ма?
Жаңғырған жырдың биік жотасында
Кезігіп жүрейікші тағы да, Аға,
Балдырған балалардың бағына, Аға!
Жүргізуші: Еслам Зікібаев ағаларың жырлағандай, бүгін балдырғандар елінде үлкен той. Республикамыздың айтулы ақыны Мұзафар Әлімбай аталарыңның есімін білмейтін кісі кем де кем. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін біледі десек, қателеспейміз. Өйткені Мұзатамның өлең — тақпақтарын тілі жаңа шығып келе жатқан сәбиден бастап жаттап, өлеңіне жазылған әндерді шырқап өседі. Мұзаталарыңның өздеріңе арнап жазған өлең-жырлары да том-том. Өлеңдер, дастандар ғана емес, әңгімелер дейсің бе, эссе, естеліктер дейсің бе, мақал-мәтелдер дейсің бе, аудармалар дейсің бе — толып жатыр. Сан ұрпақты көптеген жылдар ішінде жырларымен сусындатып, таңырқатқан Қазақстанның халық жазушысы, туған республикамыздың Әнұранының авторларының бірі — Мұзафар Әлімбай сексен жасқа толып отыр. Балалар, бүгінгі ертеңгілігімізге бәріңе жақсы таныс “Аяның алақаны” кітапшасының кейіпкері Ая қызды шақырдық. Ол аталарың туралы көптеген қызықты әңгімелер алып келді.
Мұқабасына “Мұзафар ата өлеңдері мен ертегілері” деген жазуы бар үлкен кітапты қолына ұстаған Ая роліндегі қыз бала келеді.
Ая: Балалар, сәлеметсіңдер ме? Мен “Аяның алақаны” кітабының кейіпкері – Ая қызбын және ақын Мұзафар аталарыңның туған немересімін. (Қолындағы кітапты ашып) Біз бүгін атамыздың балаларға арнап жазған өлеңдерімен танысамыз. Достар, мен жалғыз келген жоқпын, менімен бірге сендердің сүйікті жыршыларың Мұзафар атаның шығармашылығымен жақсы таныс, кішкене кезінен оның өлеңдерін сүйіп оқитын Білгішбекті және еріншек бала туралы ертегісінің кейіпкері Ертеңбайды бірге ала келдім.
Білгішбек ортаға шығып балалармен амандасады. Ертеңбай келе қоймайды.
Ая: Ертеңбай, қайдасың? Балаларға келіп амандассаңшы.
Есіктің арғы жағынан Ертеңбайдың даусы естіледі.
Ертеңбай: Ая, мен саған айттым ғой, балаларға ертең барайық деп.
Білгішбек: Осы, Ертеңбай-ақ ертең, ертең деуден жалықпайды. Ертеңбай, кітапханадағы балалармен кездесуіміз ертең емес, бүгін ғой, тездетсеңші.
Ая: Еріншектер елінде
Болған екен бір бала:
Текке келген өмірге
Түк түсінбес дүңгәна.
Шөпшек теріп қырдан көп
Әкел!- десе анасы,
Қойшы, ертең де күн бар!- деп
Кіржиіпті баласы.
Балалар, Ертеңбайды таныдыңдар ма?
Аяғын әрең басып Ертеңбай келеді.
Ертеңбай: Мен Мұзафар атамыздың “Еріншектер елінің еріншек Ертеңбайы” ертегісінің кейіпкері — Ертеңбаймын. Балалар, мына Ая мен Білгішбек жол бойы атамыздың қызық-қызық тақпақ, аңыз-ертегілері бар екенін айтып келді. Мен…, мен болсам ештеңе білмеймін. Бәрін ертеңге ысырып келе жатырмын. Білгішбек, сенің әңгімелеріңді мен де тыңдайыншы.
Білгішбек: Жарайды, Ертеңбай, тыңда. М.Әлімбай атамыз балаларға арнап жазған өлеңдерінен басқа үлкендер поэзиясы, қазақ әдебиетінің дамуы, тіл тазалығы, жекелеген қаламгерлер шығармашылығы, тағы басқа мәселелер туралы жүздеген мақала, эсселер, көптеген әннің өлеңін жазған қаламгер. Оның “Менің ойыншықтарым”, “Балдәурен, шіркін, балалық”, “Ақсерек те көксерек”, “Аспандағы әпке” секілді үлкен — үлкен кітаптары көпшілік көңілінен шығып, ондаған жылдар бойы кішкентай бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің сүйікті кітаптарына айналды.
Ая: (Тағы да қолындағы кітапқа үңіліп) Мұзафар ата — бала көңілін тауып, бала болып ойлап, бала сияқты жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирене білген, сол үшін де балаларға арнап ой тербеген қаламгер. Әрі бағбан, әрі бапкер, әрі сазгер, әрі ұстаз. Өмірге енді-енді өз көзімен қарай бастаған жанның зердесі сұлулық ұялата алса, қандай ғанибет! Үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән — өлеңші, ұстаз — атамыздың өзіндік орны бар бұл қырларының қай — қайсысы да қымбат. Көріп отырсыңдар, менің атам – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер болып шықты. М.Әлімбай дана бола білгендіктен де оның өлеңдерінде мол білім, алуан өмір шындығы, әдіс — тәсілдер әртүрлілігі, жанр байлығы кездесіп отырады. Бұған жинақтарындағы кез келген өлеңі бір куә десек, таразыланбаған талай — талай ертегі, аңыз, ойын-өлең, өтірік өлең, жұмбақ- жаңылтпаштар тағы айғақ.
Білгішбек:
Қилы-қилы жұмбақты шешкен кезде,
Анау не екен, япырау?!-дескен кезде,
Ертегілер еліне еніп кетіп,
Мұхиттарды қайықпен кешкен кезде…
Оны кімнің жазғанын білесіңдер ме?
Атына назар салып жүресіңдер ме?
Жаңылтпаштан жаңылып қиналғанда,
Өтірік өлең оқып иланғанда,
“Биссмилла!”-деп тағы да бір жыр бастап.
Тәуба қылып,
Тартқанда иманды алға…
Білесіңдер ме,
Кім жазды, білесіңдер ме,
Көңіл қоймай әлде жәй күлесіңдер ме?
Ая: Балалар, біздің арамызға ақын атамыздың өлеңдерін жатқа оқитын балалар да келіп отыр. Қазір соларды ортамызға шақырмыз.
Балалар М.Әлімбай өлеңдерін жатқа оқиды.
Ертеңбай: Достарым, қалай ойлайсыңдар, балаларға арналған өлең, ертегі, жұмбақ, жаңылтпаштар қандай болуы керек?
Балалардың жауабы:
Балалар өлеңдері қызықты, тартымды, өмірден алынған оқиғалар болу керек.
Белгілі бір адамның не хайуанаттың әрекетін, адалдығын не арамдығын, батырлығын не бостығын, достығын не қастығын суреттейтін қызық оқиғалы болу керек.
Балаларға арналған өлеңдер жаттап алуға оңай болу керек.
Білгішбек: Бір сөзбен айтқанда өмірден алынып, ғылыммен дәлелденген шындыққа негізделген аңызға ұқсас болса дейсіңдер ғой.
Ертеңбай: Жарайды, “Қаңбақ шал” сияқты тапқыр, “Ертөстік” сияқты батыл болғыларың келетін шығар. Бірақ, менің түсінбейтінім, жаңа электронды технологиялар ғасырында өмір сүріп, жаңалықтар ашылып, ғарыш пен айға ұшып жатқан кешегі “ұшқыш кілемдердің” шындыққа айналған кезінде ертегінің не керегі бар?
Білгішбек: Еріншек Ертеңбай, мені тыңда. Ертегінің аты ертегі. Қанша заман өзгергенмен баланың аты бала. Осы отырған бәріміздің де алып адамдардың ортасында болып, су астындағы қалаларға саяхат жасағымыз келеді. Күнделікті көріп жүрген үйреншікті нәрселерден гөрі біздерді ертегі мен аңыздардың сан қилы оқиғалары еліктіреді. Мұзафар атамыз жазған ертегілер шындық өмірге жақын болып келгендіктен, біз қызыға оқимыз.
Ая: Мұзафар атаның “Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қызыл болған?”, “Көкек неге “көкек” дейді?” “Тауыс неге қызыл-жасыл?”, “Қарға неге қара?”, “Алатаудың баурайында”, “Көк кілем”, “Еріншектер елінің Ертеңбайы туралы” аңыз-ертегілері кім-кімді де жалықтырмайды деп ойлаймын.
Білгішбек: Біз, балалар – байыпты халықпыз ғой. Бүгінде, мынау технология мен ғарыш заманында біздерді таң қалдыру, кітапқа еліктіру оңай шаруа емес сияқты. Солай бола тұра, білмейтініміз көп… ал білетініміз аздау болып жатады… Талғамы биік В.Белинскийдің бір сөзі осы бүгін айтылғандай:”…Балалар жазушысы болып қалыптасу қиын, арнайы туу керек. Мұның өзі өзінше бір қабілеттілік болады… Мұнда талант қана емес, сонымен бірге өз алдына даналық та керек”. Яғни, бала бола білу керек. Ал, М.Әлімбай атамыз шығарма жазғанда тіпті балалардың жас ерекшеліктеріне дейін қатты ескереді екен. Сондықтан оның өлеңдері бүлдіршіндерге, балдырғандарға, жас өспірімдерге арналған болып айқындалып, айрықшаланып тұрады.
Ая: Балалар, орыстың Маршак, Чуковский, Агния Барто сияқты көптеген елдің балалары сүйіп оқитын жазушыларын білетін шығарсыңдар. Ал олардың жан-жануарларды сөйлетіп, жақсылық пен жамандықты, адалдық пен арамдықты салыстырататын ертегі-аңыздарын кім біледі екен?
Балалардың жауабы.
Білгішбек: Біздің сүйікті жазушымыз Мұзафар ата мен бұл жазушылардың арасында қандай байланыс бар деп ойлауларың мүмкін. М.Әлімбай балаларды мақтаншақтық пен қызғаншақтық, өзімшіл менмендік пен даңғойлықтан сияқты жағымсыз қасиеттерден арылып, көпшілік пен бауырмалдыққа шақырады. Ол әйгілі орыс жазушылары Самуил Маршак, Корней Чуковский, Агния Барто сияқты құстар мен аңдарды сөйлетіп, соларды достастыру арқылы балаларды жақсылыққа жетелейді. Бұған “Қорбаң аю”, “Құмырсқалар”, “Жорға торғай” сияқты өлеңдері дәлел.
“Құстар тойында” өлеңі оқылады.
Ертеңбай: Ой, мен бұл өлеңдерді жатқа білемін.
Ая: Бұлардан басқа Мұзафар Әлімбайдың балаларға арнап жазған кітаптарында тәрбиелік мәні бар өлеңдері көптеп кездеседі. Мысалы, ”Суайт сауысқан”, “Қырықаяқ”, “Әппақ пен сатпақ”, “Тарғыл мысық дағдысы” сияқты толып жатқан жырлары бар. “Жел деген не?” өлеңінде жел сияқты тұрақсыз әрі берекетсіз болмау жағын тапқырлықпен айтып, суреттеп берген.
Бір оқушы «Жел деген не?» өлеңін мәнерлеп оқиды.
Көркемсөз оқушы:
Жел деген не?
(Айт деп інім жалынды).
Жел де ауа кәдімгі
(Айтқаныма нана ғой).
Жел дегенің тек бірақ,
Ойға –қырға шапқылап,
Пайыз таппас ауа ғой.
Ертеңбай: Ая, сен Мұзафар атаның үлкен әдебиетке қалай келгендігі, бала кезінде кім болуды армандағаны туралы білесің бе?
Ая: Әрине, ол туралы атамның өз аузынан естідім де, оның естеліктерінен де оқыдым.
Ертеңбай: Ендеше, бізге де айтып берсеңші.
Ая: Әр ақын-жазушының үлкен әдебиетке келер өзіндік жолы болады екен. Менің атамның да өлең, жырға, әсем әнге әуестігі ана сүтімен бойына дарыған. Тумысынан ақынжанды, өнерпаз анасы Зейнеп халық ауыз әдебиетіндегі қисса, дастандарды жатқа айтатын болған. Абайдай ұлы адамның өмірде болғанын, ғұлама ақынның әнге жазылған өлеңдерін де тұңғыш анасының айтуымен барып білген. “Жас жеткіншектің жан-дүниесіне рухани нәр беретін нәрсе ананың ақ сүті, ананың әлдиі, ананың бесік жыры мен ананың әсем де әсерлі әңгімелері,”-деп Мұзафар атам әрқашан тебірене айтады.
Білгішбек: Балалар білесіңдер ме, Мұзафар ата 5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастайды. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, “Бауырсақтан” бастап, “Батырлар жырымен” жалғастырып, Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Өлең жазуды мектеп қабырғасында бастап, 16 жасында анасына арнап жазған тұңғыш өлеңі мерзімді баспасөзде жарияланады. Бұл үлкен өнер жолына деген алғашқы баспалдағы еді. Қазір Мұзафар атамыздың сөзіне жазылған И.Жақановтың «Бесік жыры” әнін тыңдайық.
Білгішбек: Балалар, қалай ойлайсыңдар, ойыншықпен ойнамайтын бала бола ма? Әрине, болмайды! Бүлдіршіндердің өмірін ойыншықсыз көзге елестету мүмкін емес! Енді кезекті ойыншықтар туралы «Ойыншықтар» өлеңіне берсек.
Көркемсөз оқушы:
Жүрмейсің бе абайлап,
Болмасаңшы ұрыншақ!
Асыр салып көп ойнап,
Ақсап қалдың құлыншақ!
Ашытпайды көзіңді,
Шомыла ғой, балақай!
Қарашы енді өзіңе,
Аппақ болдың, алақай!
Түсті түймең үзіліп,
Неге қадап алмайсың?
Тұр ғой әне ине-жіп,
Неге ұқыпты болмайсың?
Мектебіне ертемен
Баратұғын бала аз ба?
Апарамын ертең мен
Машина тұр гаражда.
Шырылдама, әндетпе,
Бұлбұлым, ертең жырларсың.
Папам келді қызметтен,
Ұйықтап біраз демалсын.
Тиіспе, күшік, қоянға,
Тентектікті қойыңдар!
Кикілжің жоқ араңда,
Тату-тәтті болыңдар!
Ая: Бұл әдемі, әсерлі өлеңді білмейтін бала араларыңда сірә, сирек болар. Ақын атам кішкентай кейіпкерінің тілімен ойыншықтар әлеміне бала көзімен қарап, тіл бітіріп жіберген. Қыз бала күллі ойыншықтарын тәртіпке шақырып, оларға татулық пен бірлік тілейді. Ал, балалар атамның мен туралы, Ая қыз туралы жазған өлеңдерін білесіңдер ме?
Көркемсөз оқушы:
Айналайын Аяның
Алақаны аялы:
Ая — біздің мейірбан,
Досынан жоқ аяры.
Айналайын Аяның
Алақаны аялы:
Қолда барын достардың
Алдына әкеп жаяды.
Айналайын аяның
Алақаны аялы.
Көркемсөз оқушы:
Айдың беті аппақ,
Аяның беті сатпақ.
Неге олай?
Ол былай-
Аунамайды жерге,
Шомылады көлге.
Ертеңбай: Ая, ақын ата қаламынан өлең қалай туады екен? Балаларға арнап өлең жазу оңай шаруа еместігін білемін… Менің ойымша, бұған үлке-е-н еңбек керек сияқты.
Ая: (Қолындағы кітабын ашып оқиды) Атамыздың айтуынша, көбіне өз көзімен көргені өлеңге арқау болатын көрінеді. Сендерге атамның жазған естелігінен бір мысал келтірейін: “Сурет салып отырған Асқар бір кезде кемсеңдеп:
- Жол жоғалды, ата, қайда кетті, ата?!- деді. Қағазына қарасам, парақтың ортасына көк қарындашпен көл салыпты. Күрең қарындашпен бір жағынан жол тартыпты. Жолы көлге кеп, тіреліпті байқаусызда. Сөйтіп жол жоғалған…
- Асқар, асықпа, жол қазір табылады,- дедім де. Көлдің арғы жағалауынан күрең қарындашпен жолды алып шықтым.
- Міне, көрдің бе, сенің жолың көлге шомылып шықты.
- Алақай! Алақай! Жол табылды!- деп, бала мәз болды. Арада біраз күн өткен соң “Жол қайда жоғалды?” деген өлең жаздым. Міне, соңғы шумағы:
Жоғалды ма жол оңай?
Суға кетті-ау, обал-ай!
Іздеп жүрсек жан-жақтан
Сүңгіп шықты ар жақтан,- деп өлеңдерінің шығу тарихы туралы әңгімелейді атам.
Білгішбек: Достар! Ақын деген сөз грек тілінде данышпан деген ұғымды білдіреді екен.. Анау-мынау емес, Данышпан! Осыдан-ақ ақынмын деген адам өзіне қандай ұлы міндет жүктелгенін пайымдай берсін.
Қилы-қилы жұмбақтарын шешкен кезде,
Анау не екен, япырау?! – дескен кезде
Ертегілер еліне кетіп,
Мұхиттарды қайықпен кешкен кезде…
Жаңылтпаштан жаңылып қиналғанда
Өтірік өлеңін оқып иланғанда біздер Мұзатамыздың өзімізге жүктелген осы міндетті қалай атқарып жүргеніне көзіміз жетеді.
Ая: Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады депті бір ақылды адам. Өздерің сияқты жас талапкерге құлағың түрік, көзің жіті болсын деп тілек айтар едік. Әлдебір аңқаулар болмаса, байыпсыз алаңғасарлар болмаса, халық сөзімен айтқанда, “оқу өтіп кеткен” оқымыстысымақтар болмаса ешбір қаламгер көркемдік мақсатқа жете алмайды екен. Мұзатамыздың қай өлеңін алып оқымасаң да өздерің куә болып жүрген көріністер арқау болыпты. Мұзафар атамыздың аспан кемесінде жұмыс істейтін мамандық иесі туралы «Аспандағы әпке» өлеңін тыңдап көрейікші.
«Аспандағы әпке» өлеңі оқылады.
Білгішбек:
…Сыйлаттырмай қоймайды,
Сыйламаймыз текке біз.
Көптің қамын ойлайды, Аспандағы әпкеміз.
Балалар «аспандағы әпке» дегеніміз кім? (Балалардың жауабы) Дұрыс -Стюардесса. Мұзафар Әлімбаевтың “Аспандағы әпке” өлеңіне аттас кітабы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықты алған.
Ая: «Көппен көрген ұлы той» дейді бабамыз. Ақын атамыздың көпшіліктен бөлектенбей, қашанда қайырымды болып, басқа біреуге қастандық ойламауға үйрететін «Жалқау винт» деген өлеңі бар.
Көркемсөз оқушы:
Жалқау бір винт жасынан,
Жылжып болттың қасынан,
Түсіп қалды қырсығып,
Тоқтасын,-деп,-машинам!.
Оған несін қарасын?!
Бұрап алып жаңасын.
Жүріп кетті машина
Шарлап совхоз даласын.
Жапанда винт тек жатыр,
Жаңбыр-батыр, жел жатыр.
Жарамаған кәдеге
Көк темірді жеп жатыр.
Кітапханашы:М.Әлімбайдың мүйізтұмсық, жираф, арфа, аквариум, құмырсқа жер туралы өлеңдерінің де танымдық мәні зор.
Ая: Балалар, қалай ойлайсыңдар, далада өсетін ошаған мен қошақанның бір-бірімен қандай байланысы бар? Мұзафар атамның қошақан мен ошағанды ала отырып, балаға қызық табиғат құбылысын танытатын, географиялық-биологиялық білім беретін “Қошақан мен ошаған” деген тамаша өлеңі бар. Балалар өлеңді рөлге бөліп оқиды.
Қошақан: Өй, ошаған, ошаған!
Қоймаушы едің түйремей.
Неден жұмсап босаған
Тікендерің инедей.
Ошаған: Келе жатқан жаңбыр бар,
Өн бойымды алды ылғал…
Қошақан:Әй, ошаған, ошаған.
Бүгін қалай қадалдың?
Қастығың ба жасаған,
Қадалғаннан қан алдың?!
Ошаған: Ашық болса, күн жаумай,
Қатаямын жұмсармай,
…Жаумай ма, әлде жауа ма,
Қандай болмақ күн бүгін-
Тікеніме қара да,
Ауа райын біл бұрын.
Ертеңбай: Мұзафар Әлімбайдың көптеген өтірік өлеңдері тақырып, таным жаңалығымен ерекшеленеді.
Білгішбек: Балалар, ендігі кезекті “өтірік өлеңшілерге” берсек.
Өтірік өлең оқитын балалар ортаға шығады.
Қақ жарып шоғын жұлдыздың,
Ұшқанын көрдім құндыздың.
Құдықтың суын төктім, төңкердім де,
Теңізді жалдап өттім, жөн көрдім де.
Құлынның мүйізіне мініп аттай,
Бүгін –ақ барып қайттым ертең күнге.
Алдайды деп аптықпа,
Үйір емен дақпыртқа:
Ай қасында түнедім,
Орандым да ақ бұлтқа.
Ұлу озды елікпен жарысқанда,
Тышқан жеңді аюмен алысқанда.
Арбама атты қойып, қоңыз жектім,
Бір емес қатарынан тоғыз жектім.
Ертеңбай: Ақын атамыз нағыз Данышпан десе, Данышпан екен ғой. Білмейтіні жер астында көрінеді. Сегізаяқ деген не? Қол, аяқ, көз, құлақ неге екеу? Минут деген немене? Сөз жоқ осындай, тіпті мыңдаған сауалдарыңа жауапты Мұзафар атаның өлең қоржынынан табасың. Оған кәміл сене бер! Міне, еңбекқор данышпан деп осыны айт!
Балалар ортаға шығып М.Әлімбайдың “Минут деген немене?”, “Бұлақ деп неге аталған”,”Қараңғылық деген не?” өлеңдерін оқиды.
Білгішбек: Енді Мұзатамыздың сұрақтарына жауап беріп көрейік.
“Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?” өлеңі оқылады.
Жазыпты бала,
Сен оқып қара,
Қайсысы дұрыс?
Қайсысы бұрыс?
Шөлінде-бұлан,
Інінде-ұлан,
Тайгада-құлан,
Елінде –қыран
Көгінде-жылан.
Балалардың жауабы.
Білгішбек: Сендер қанша сөз білесіңдер? Әрине, айта алмайсыңдар. Тіл ғылымымен айналысып жүрген үлкен ғалым ағалар да қанша сөз білетінін айта алмауы мүмкін. Әйтсе де, газет-журналдарды, алуан түрлі кітаптарды, көркем әдебиетті көп оқитын, үлкендерден естіген сөздерін есте сақтап қалуға тырысатын зерек балалардың өзге балалардан гөрі сөзді көбірек білетіні, сөздік қорының молырақ болатыны ақиқат қой. Ондай балалар сабаққа да алғыр келеді.
Ая: Атамның ұсынып отырған мына бір топтамасынан сендер көпшілік біле бермейтін талай-талай атауларға қанығасыңдар. Ол сөздерді естеріңе сақтап, сөздік қорларыңды байытып жатсаңдар нұр үстіне нұр.
Білгішбек:
Пәйке-бұғы танасы
Саһар-аққу қоразы
Тағылан -жайран
Қауыр-тау құсы
Бандал-еменнің бас бұтағы
Шөндік-жолбарыстың күшігі.
Осылай жалғастыра беруге болады.
Білгішбек: Балалар, ақын атамыздың жаңылтпаштарын білесіңдер ме?
Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым,
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
Шығардағы шынжыр шылдыр-шылдыр,
Шылдыр-шылдыр шынжырдағы шынжыр.
Ал, мықты болсаң жаңылмай оқып көр.
Ортаға екі бала шығып, жаңылтпаш айтып жарысады.
Білгішбек: Ақын атамның тағы бір өнері — әнге өлең жазу. Оның 1949 жылдан бастап 300-ге жуық өлеңі ән-әуенге айналыпты. Ол әндердің көбі өздеріңе арналған: “Мен — баласы даланың”, “Мұғалім ол біздің”, “Менің атам — майдангер”, “Көктем дала — Алматы”, “Біздің балабақшада”, «Жұлдызым» тағы басқа көптеген өлеңдері. Ендігі кезекті Ибрагим Нүсіпбаев ағаларыңның әніне жазылған әсем әнге берейік.
“Мұғалім ол біздің” әні.
Ая: Балалар, Мұзафар атамыздың көп еңбектенетінін білдіңдер. Ал осылай көп еңбектенуді кімнен, қалай үйренгендігі жайлы білгілерің келе ме? Бұл туралы атаның өзі былай дейді: (кітабын ашып оқиды) «…Дімкәс әке-шешеміз бізге кезекпен үй сыпыртатын, су әкелдіретін. Алты-жеті жаста мал жайлауды үйрендім. Тезек теру, шілік шабу, отын жару — бала шақтағы күнделікті үрдісіміз еді. Ауаны қалай жұтсақ, суды қалай ішсек, бұлар да сондай үйреншікті машық еді, арба жегу, етік жамау, түйме қадау, кір жууды да жатырқаған емеспін, кейде апама болысып, сиыр сауған күндерім де болды… Осының бәрінің өсе келе пайдасы тиді, әсіресе әдебиетте. Солардың бәрі еңбектене білуге, еңбектен ләззат табуға үйретіпті” — деп есіне алады.
Ертеңбай: Шәкірт болсаң,
Шоқандардай озық бол,
Оқу-білім бейнетіне төзіп көр.
Ертеңгі істі бүгін ойлап, бейімде,
Бүгінгіңді ысырма тек кейінге.
Қадари-хал талабы бар әркімнің,
Жастан шырқа әнін туған халқыңның.
Кітап құмармен сырлас бол,
Кластастармен мұңдас бол.
Қылқалам, бояу сөйлесін,
Сал туған ауыл бейнесін!
Үлкеннен үйрен,
Кішіге үйрет.
Жаманнан жирен,
Тозғанды күйрет, — деп Мұзатамыз маған да, сендерге де өсиет жолдапты. Достар, мен сендердің орталарыңы келгеніме қуанып тұрмын. Өзім сияқты Жалқаубай, Ертеңбай, Олақбайларға: кітапты көп оқып, өлең-жыр, аңыз-ертегімен дос болыңдар демекпін!
Ая: Атам — кітап, мен – дәптер,
Ақыл толы сөзіне.
Қызығам да, әлбетте,
Көшіремін өзіме.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап — сарқылмас
Өмір – кітап — атамыз!
Беттері ашық ұдайы,
Оқылатын кітап ол.
Сырын ашып ұдайы,
Тоқылатын кітап ол.
Еш дүкенде сатылмас
Тегін кітап — атамыз!
Қанша оқысаң, сарқылмас
Өмір-кітап — атамыз!
Қонақтар балалармен қоштасып шығып кетеді.
Кітапханашы: Міне, достар, мерекеміз аяқталуға жақын қалды. Келіңдер, жыр ақсақалы — Мұзатамыздан ақ бата сұрайық. Соңғы сөзді (бір баланың аты аталады) берейік. Ол бізге Мұзафар атамыздың ақ батасын оқып береді.
…Бола білсең, Күндей бол,
Барлық жұртты бірдей көр
Мейіріңді аямай
Жылуыңды бірдей бөл…
Кітапханшы:
Әумин,батаңыз қабыл болсын дей отыра.
Құтты болсын, ата туған күніңіз!
Алдымызда аман-есен жүріңіз,-деген жыр жолдарын арнағымыз келеді.
Аңыз бенен ертегі еліктіре ертеді
М.Әлімбайдың аңыз- ертегілері бойынша әдеби ойын
Ұйымдастыру: Кітапханашы өтілетін шара туралы хабарландыру іліп қояды. Сұрақтар жазылған үлестірме қағаздар, үш түсті (сары, жасыл, қызыл) жолдар дайындалады. (Қағаздан жасауға болады)
Ойынның шарты:
Әдеби ойын үш кезеңнен тұрады. Ойын басталмас бұрын залдағы оқырмандарға үш сұрақ қойылады.Сұрақтарға жауап берген оқырман ғана ойынға қатыса алады. Ойынның әр кезеңінің өз ережесі бар. Олар сұрақтардың алдында беріледі.
Әр кезеңде жеңімпаз атану үшін ойыншы өзінің алдындағы жолды бірінші болып жүріп өтуі керек. Барлығы үш жол: қызыл жолда бір де рет қателесуге болмайды. Сары жолда 1 рет қателесуге болады, ал жасыл жолда тұрған ойыншы 2 рет қателесуге мүмкіншілігі бар.
Әр кезеңнің жеңімпаздары соңғы айналымда кездесіп, жеңімпаз анықталады.
Ойыннан шыққан оқушылар айып ретінде М.Әлімбайдың өлеңдерін оқып, оның жұмбақтарын жасырып, қызықты топтық ойындар ұйымдастыруларына болады.
Бірінші кезең ойыншыларына қойылатын сұрақтар:
1.М.Әлімбайдың туған күні? (1923 ж. 29 қазан)
2.М.Әлімбайдың туған жері (Павлодар облысы, Маралды ауылы)
3.1984 жылы Мемлекеттік сыйлық алған жинағының аты? (“Аспандағы әпке”)
Ойынның алғашқы кезеңінің ережесі мынадай: үш ойыншы М.Әлімбайдың кез — келген бір тақпағын жатқа мәнерлеп айтуы қажет. Өлеңді үздік оқыған бала жолды бірінші таңдауға құқысы бар. Екінші орын алған екінші болып, үшінші ойыншы қалған жолға келіп тұрады.
“Әр түрлі” тақырыбындағы сұрақтар:
1.М.Әлімбайдың анасының аты кім? (Зейнеп)
2.М.Әлімбайдың әкесінің аты кім (Айтмағамбет)
3.Ақын бала кезінде кім болуды армандады? (Ұстаз)
4.Балаларға арнап жазған “Ақсерек те көксерек” ән-ойын музыкасының авторы кім? (И.Нүсіпбаев)
5.Ақынның бала кезінде халық жыр-аңыздарымен таныстырып, қазақтың атақты ақын-жазушыларының шығармашылығымен ең алғаш таныстырған адам? (Анасы)
6.Мейірімсіз, қайырымсыз төрт ұл бала немесе аналары көкекке айналып кеткен ұлдар туралы ертегі (Көкек қалай көкек боп кеткен)
7.Өз илеуінен бөлініп, басқалармен достаспақ болған құмырсқа туралы ертегіні ата? (Қиттыққан құмырсқа)
7.М.Әлімбайдың атақты ғашықтық дастаны? (“Естай-Хорлан”)
Ойынның ІІ кезеңінің сұрақтары:
1.М.Әлімбай балаларға арналған республикалық “Балдырған” журналында қандай қызметте болды? (Бас редактор) 2.М.Әлімбай Ұлы Отан соғысына өз еркімен неше жасында аттанды? (18 жасында)
3.Ақынның туған жылы? (1923 жыл)
ІІ-кезеңнің алдында әділ қазылар алқасы үш қатысушыға М.Әлімбайдың ертегілері бойынша сурет салуды тапсырады. Суреті үздік шыққан ойыншы жолды бірінші болып таңдау құқығына ие болады. Екінші ойыншы екінші жолға, үшінші ойыншы қалған жолға келіп тұрады.
“Ертегілерді білеміз бе?” сұрақтары:
1.“Қарау” атты ертегісінің кейіпкері? (Шиқанбай)
2.“Алатау баурайында” ертегісінің кейіпкерлері Жақы мен Сорай не үшін дауласып қазыға барады? (Үй астынан табылған алтын үшін)
3.“Алатау баурайында” ертегісіндегі алтынның құны үшін хан не салдыруды бұйырады? (Алма бағын)
4.Еріншек бала Ертеңбай туралы ертегісі? (“Еріншектер елінің Ертеңбайы” )
5.“Тышқан-дос” ертегісінде тышқан кімді тұзақтан құтқарып алды? (Жолбарыс)
6.“Түлкінің құйрығы неге ұзын” ертегісінде түлкі құйрығын кіммен айырбас жасап алады? (Қоянмен)
7.Ақынның ептілік туралы жазған ертегісі (Епті кім?)
Ойынның ІІІ кезеңіне ойыншылар таңдап алу үшін қойылатын сұрақтар:
1.Ақын “Пионер” газетінде қызмет істеген 1949 жылы алғашқы журналистік сұхбатты кімнен алған еді? (1949 жылы Мұхтар Әуезовтен)
2.М.Әлімбайдың шығармалары неше тілге аударылды? (38 тілге аударылған)
3. Ақынның неше төл кітабы баспадан шыққан? (50 шақты кітабы бар)
ІІІ-кезеңнің алдында ақынның бір ертегісінен үзіндіні қимыл мен ым (пантомимо) тәсілдерімен бейнелеп көрсетеді. Әртістік қабілетімен көзге түскен бала жолды бірінші таңдайды. Қалған екеуі ретімен өз орындарына тұрады.
“Мына үзінді қай ертегіден алынған” :
1. “…Қалдырған баба өсиет:
Сақтаса қайсы үй дұрыстап,
Сол үйде болар дос ниет,
Сол үйге қонар ырыс, бақ”.
“Алда-деп, берер ырысы”.
Үмітке игі жұбанып,
Отырар еді үй-іші,
Кілемді көріп, қуанып.
Көзіне сенбей аңырған
Көк кілем түсін бір көрген.
Аралап тауды сабылған,
Аңыз ғып айтып үлгерген.” (“Көк кілем”)
2. “Шопан ағам Жасұлан-
Бүкіл елге сыйлы адам,
Төлбасы боп жасынан
Ата жолын сыйлаған…” (“Қойшы мен мүсінші”)
3. ”… Қайдан тапты қайратты,
Қызыл тілін сайратты:
Жалаңдатпай қанжарды,
Тоқтатыңдар жанжалды!
Картвелилер сақтаған
Ата салтын жоймадым:
Босағамнан аттаған-
Жауым емес –мейманым! (“Мейман”)
4. ”…Қиядан орағытып маңын қана
Қанатын қақпай баяу қалықтаған.
Көрінді құдіретті көк патшасы
Қалайда балақ бауын ағытпаған.
Жүргендей атыраптың қамын ойлап,
Қыран құс ұзақ ұшты сабыр жайлап.
Бұл не құс? Кімнің құсы?
Қайдан келді?
Аңырып аузын ашты ауыл-аймақ. (“Қыран туралы баллада”)
5. “…Жапырақтар түйісіп,
Көк қанатын жаяды.
Соқса аптап, күн ысып,
Саған тосып саяны.
Алма, алмұрт, жүзім бе…-
Әр аулада самсап тұр.
Жегің келсе үзіп же,
Аузыңды ашпа, аңсап құр…” (“Алатау баурайында”)
6. …Көп ертектің біреуі
Аяз би хан жөнінде.
Бүкіл қазақ біледі,
Сол есімде менің де.
Әлсізді Аяз қорғапты,
Аш-арықты тойдырып.
Әділді Аяз қолдапты,
Жетімге де той қылып…
Бізге жеткен сөзінің
Шұғыласы таралып,
Әр заманның өзінің
Аяз биі бары анық. (“Аяз би” )
7. “…Екі бұғы иен жайлау, көк белде
Емін–еркін жайылыпты көктемде.
Әдеті ғой кейбіреудің желігіп
Есіретін майға тойып бөккенде…” (“Екі бұғы”)
Соңғы айналымның алдында үш кезеңнің жеңімпаздарына әділ қазылар алқасы М.Әлімбайдың бір ертегісі бойынша үшеуі бірігіп қойылым көрсетуді сұрайды. Үшеуінің ішінен әртістік талабы және мәнерлеп оқу қабілетімен көзге түскен бала жолды бірінші болып таңдау құқына ие болады. Қалған екі ойыншы қалған екі жолға келіп тұрады.
Соңғы айналымның “Бұл қай ертегі” сұрақтары:
1. Мақтағанға дандайсыған жолбарыстың түлкінің арбауына түсуі туралы (“Түлкі мен жолбарыс”)
2. Олжаға таласқан екі бұғының аңшы нысанасына тап болуы туралы (“ Екі бұғы”)
3. Қоянның сақтық жасап түлкіні алдауы туралы (“Түлкі мен қоян”)
4. Өзінен кішілерге әлімжеттік жасайтын арыстан туралы ертегі (“Түйебас”)
5. Адамдардың шектен асқан іштарлығы, дүниеқоңыздығы, қараулығы туралы ертегі (“Қарау”)
6. Күншіл қарға туралы ертегі (“Күншіл ғана күңкілдейді”)
7. Жақсылықты жақсылықпен қайыру туралы ертегі
(“Аю асуында”)
Жеңімпаздарды мараппаттау.
Ескерту: Сайыс барысында ойыншылар сұраққа жауап бере алмаған жағдайда, жанкүйерлер жауап берулеріне болады. Сұраққа дұрыс жауап берген оқырманға жұлдызшалар беріледі. Ойынның соңында ең көп жұлдызша жинаған оқырмандар да марапатталады.
Ойлы жыр, орамды тіл
Әдеби саяхат
Балалар ақынның шығармашылығымен танысып, өлеңдерін мәнерлеп оқуға дайындалып келеді.
Қатысушылар: Кітапханашы, Әңгімеші, Өмірбаяншы (М.Әлімбайдың естеліктерінен үзінді оқушы), Көркемсөз оқушы балалар
Жүргізуші: Құрметті жыр сүйер қауым! Бүгін сүйікті ақынымыз М.Әлімбайдың шығармашылығымен тереңірек танысу үшін 1997 жылы “Санат” баспасынан шыққан 2 томнан тұратын таңдамалы шығармалар жинағы бойынша “Мұзафар ақын еліне” саяхат жасаймыз. Ақынның шығармаларының қос томдығы — оның ондаған жылда орнатқан қос бөлмелі құтханасы. Ал құтханасының әрбір бөлімі бір-бір ауылға бергісіз тамаша өлең-жыр, аңыздардан тұрады. Ендеше бірнеше ауылдан тұратын құтхананың төріне озыңыз! Жыр дастарханынан дәм татыңыз! Жылылық тапсаңыз, қалауыңызға жақса, жиі-жиі соғып тұрыңыз! Сапар барысында кітапханамыздың ең үздік оқырмандары атамыздың өлеңдерін мәнерлеп оқиды. Өлеңді нақышына келтіріп оқыған жас ақындарымызға арнайы сыйлықтар беріледі. Сонымен, кешікпей саяхатымызға аттанайық!
(Алдын ала үнтаспаға жазып алынған ат айдаушы даусы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Кітапханашы: Балалар, алдымен ”Балалық шақ” ауылына аттанамыз. Сапар барысында әңгімеші мен өмірбаяншының қызықты әңгімелерін тыңдаймыз.
Әңгімеші:
“Асыға асқаныңда қайқаң белден.
Алдыңнан ауыл шығар ойпаң жерден,
Айна көл ақшыл тартып жатар тымық,
Секілді қымыз құйған жайпақ зерең”.
Бұл — ақынның туған жерінің суреті. М.Әлімбайдың туған өңірі Маралды атырабы да (Павлодар облысы, Шарбақты ауданы) әнші–күйшілердің, ақын-жыраулардың, ертегіші-хикаяшылардың, ділмәр шешендердің думан құрған өнер төріндей болды. Солардың тәтті сазын, татымды сөзін, тартымды ғибрат-тағылымын қаршадайынан құлағына құйып өсті. Ақынның жастық шақ, есею жылдары, толысу кезеңдері де кілең бір өнегелі ортада, білікті үлкендердің қасында, таланттылардың жанында өтті.
Өмірбаяншы: “Әкем ескіше оқыған, Уфадағы медресе “Ғалияны” бітірген, жәдитше мектепте дәріс берген. Анам Зейнеп те хат таныған. Жарқын мінезді, тілді, тумысынан ақын кісі еді…Әкесіз өткізген жылдарда тапшылық, тіпті жоқшылық тауқыметін талай тартсақ та, асыл ананың арқасында жетімдік көрмейтіндеймін.Қайран ананың жүрек жалыны тірі қалған екі баласын әлпештеуге әкеміздің көзі жоқтағы тұста да мол жетіпті. Алғаш рет Бұқар жырау, Көтеш, Абай, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Сәбит Дөнентаев… аттарын да, жырларын да апамнан естідім. Қаншама ертегі, қиссаны апам жатқа айтушы еді. Өзі де жанынан жырлар шығарушы еді. Ақындықтың алғашқы ұрығына аппақ нұр, асыл нәр беретін де ана әлдиі, ана” жыры, ана әңгімесі шығар. Қаламгерлердің қайсысы болса да, анасын ақ сүті үшін де, рухани сусын бергені үшін де ақ жүрегінен алғысын айтып, еске алатыны содан-ау”-, деп еске алады ақынның өзі.
Көркемсөз оқушылар “Ана” , “Маралдыма махаббат”, “Балалық шақты еске алу” өлеңдері мәнерлеп оқиды.
Кітапханашы: Балалар, кішкене тынығып, аттарымызды ауыстырып алғаннан кейін “Оқуда” ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Әңгімеші: Қандай жанның да балалық шағы — болашағының баспалдағы. Кім-кімнің де ат жалын тартып, азамат жасына келгенде қандай адам болмағы, оның балалықтан алған әсер -байлығына көп байланысты. Оның үстіне Мұзафар Әлімбай, негізінен, балалар ақыны. Сол себепті балалар ақынының тағы да балалық шақ әсері туралы естеліктеріне ден қоялық…
Өмірбаяншы: “…Мен үйде және интернаттар мен пансионаттарда тәрбиелендім. Үздік оқыдым, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан пионер болдым, сурет салуға да құмар-ақ едім, қабырға газеттерін шығару қай мектепте де менің сыбағама тиетін-ді. Көбіне тақпақ оқитынмын. Суфлер будкасынан сыбырлап отырғаным көп баланың қолы жетпес дәреже көрінетін маған.
Павлодар педучилищесі — менің поэтикалық бесігім, журналистік жолымның бастауы. Бірінші жырды соның қабырғасында жаздым. Сол училищеде оқып жүргенімде тырнақалды туындым облыстық “Қызыл ту” газетінде 1939 жылы 18 маусым күні жарық көрді. Сол жылдары аяулы ұстаздарымнан әдеби ғана емес, адами тәлім алып өстім.Облыстық газет қасындағы әдеби бірлестікке де белсенді мүше болдық, бірақ бірде-бір әдеби кештен қалып көргеміз жоқ. Сөйтіп жүріп, “ақын бала” атана бастадық,”- деп еске алады ақын.
Көркемсөз оқушылар “Жолдас”, “Ұстазыма” “Ұстаз жолы” өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
Кітапханашы: Балалар, біраз сусынымызды қандырып, кешікпей “Солдаттар ұмытпайды сұрапылды” ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Әңгімеші: Қиын жазған қаныммен де, теріммен
Қимасымды тартып алған өлімнен,
Менің төрт жол отты жолым-төрт жылым
Қызыл бояу, ірі әріппен терілген.
1941 жыл… Соғыс бұрқ етті. Он сегізден жаңа ғана асқан жасөспірім жігіт соғысқа өз еркімен сұранып қанды майданға шеру тартты. М.Әлімбайдың балғын жастығы жойқын жорықтың аласапыран алаңында, көк ала түтіннің ішінде, оқ топанының астында өтті. Жас солдат қиын-қыстау күндерде қару мен қаламды қатар ұстады. Өрт оранып отырып, солдаттың оғындай ұшқыр, қаһарындай кекті алғашқы өлеңдерін жазды. Ақын өлеңдерінде жауға деген жалыны лапылдаған, дауылы бұрқап ұйтқыған өшпенділік жатты. “Ата, батырға да жан керек”, майданда қорыққан оқиғаларыңыздың еске түскенін айтып беріңізші” деген журналистің сұрағына, атамыз былай жауап беріпті
Өмірбаяншы: “Бұл сонау алыстағы сұрапыл жылдарда болып еді…Ұрысқа түнде кірдік. Аға лейтенант Чернов екекуіміз артта қалып қойыппыз. Сөйтсек, немістердің шегінгенде қалып қалған бір артиллерия батареясының дәл тұмсығының астынан шығыппыз. Енді сәл жүрсек не тірідей, не “басқаша” қолға түседі екенбіз. Орманды тасалап зытып бердік. Олар да оқты жаудырып берді. Әйтеуір, тигізе алмады. Сонда қорықтым,- деп сөзін аяқтапты Мұзафар атамыз. Майданнан жеті жарым жыл өткен соң офицер — танкист атанып туған үйіне оралады. Бір кездегі балаң жігіт жай ғана оралмай, уақытты бағалауды, өмірді қадірлеуді, Отанды қастерлеуді үйреніп қайтады.
“Ту тіккен” поэмасынан үзінді, “Ерлер ескерткішіне татиды”, “Қайран достар-майдандастар” өлеңдері мәнерлеп оқылады.
Кітапханашы: Біраз демалып, дәмді-тәттілермен шәй ішіп, осы ауылда аттарымызды ауыстырып “Сүйген жүрек сөз табады сүйсінер…” ғашықтар мен махаббат ауылына аттанамыз.
Балаларға тәтті сусын мен конфеттер таратылып беріледі.
Әңгімеші: Балалар бұл жолы да сөзді атамыздың өзіне берсек:
Өмірбаяншы: “Соғыс басталғаннан кейін бір ай шамасында Павлодарда бүкіл Арқаны әнмен тербеген әсем әнші, асқан талантты композитор Естай бастаған мәдени-үгіт бригадасы құрылды. Мен сол бригадаға конференсье әрі декламатор-ақын боп қатыстым. Бригада болып ауылдарда әдеби-концерттер өткіздік. Сонда Есағаңның үш айдай қасына ергенім кейін “Естай-Қорлан” ғашықтық дастанын жазуыма негізгі түрткі қозғау болған еді. Маралды көлі маңындағы ауылдарға барған сапарында сал-сері жігіт қор қызындай Хорланға ғашық болады. Әкесі бұны сезіп қалып, Хорланды атастырған жеріне ұзатып жібереді. Жас ғашық жаны күйзеліп қала береді. Бұдан кейін ақынның трагедиясы да, өнер өлкесі де сол Хорлан болады. Қазақ баласына жаппай ұнаған, құлағына ұялаған құдыретті ән-“Хорлан” сол қасіреттен туған. Естай — махаббат жыршысы. Жан азаттығының жалынды жаршысы. Сонда Есағаңның үш айдай қасына ергенім кейін “Естай-Хорлан” ғашықтық дастанын жазуыма негізгі түрткі қозғау болған еді.
Көркемсөз оқушылар “Сен бердің махаббаттың жазын маған” өлеңінен, “Естай-Хорлан” ғашықтық дастанынан үзінді оқиды.
Кітапханашы: Біраз демалып, аттарымызды ауыстырып “Поэзия патшалығында“ ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Көркемсөз оқушылар “Көңіл сазы”,“Ақын арманы”, “Ана тілі” өлеңдері мәнерлеп оқиды.
Әңгімеші: Сарқырап аққан тас бұлақ
Самалды Баян тауында,
Ұзаған сайын тасқындап,
Келетін біздің ауылға.
Ақындық асқар қиялдан
Бұлақ жыр соған ағады.
Ентелей келіп қияннан,
Елінен арна табады…
Сонау заманнан-ақ қазақ даласынан өлең өнері мықтап орын алған. Оның қазақ тұрмысына енбеген, салтқа айналмаған жері жоқ. Үлкен жиын-той көркі өлең-жыр болған. Жырау ақындар келелі топта өнеге жырын толғаса, суырып салма ақындар өз ара айтысқа түсіп, өнер жарыстырған. Бұларды қоршаған жұрты жақсы сөздерге қошамет білдіріп, кеу-кеулей көтермелеп, оны өздерімен бірге ауыл-ауылға таратып отырған. Шын ықыласпен, зерде қоя оқыса, өлең өзін-өзі сүйгізеді, өзіне баурап еріксіз тартып алады. Мұзафар күндіз-түні үздіксіз ізденетін, гүлдерден бал жинаған арадай сөзді мысқылдап теретін үлкен еңбектің ақыны. Ол өз көргендерінің бәрін көңіл сүзегінен өткізіп, соның ішінен өлең боларлық дәнін таба біледі. Ұшы қиырсыз жалпақ даланың ұзына бойы жырға арқау бола бермеуі мүмкін. Соның үшін де күмбезді таулары, көз тоқтатар көгілдір көлдері, қызыл бұлттай желбіреген таулары, көз тоқтатар көгілдір көлдері, қызыл бұлттай желбіреген қызғалдақтары өлең жолы болып құрала кетуі ықтимал.
Көркемсөз оқушы “Поэзия патшалығында өлеңін оқиды.
Кітапханашы: Біраз демалып, аттарымызды ауыстырып “Туған жер“ ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Әңгімеші: Бірде ақын атамыз журналистің “Сіздің бойыңыздағы әсемдік, сұлулық, сезімталдық әлемі — ақындық талант пен құдірет қара сөз өнерінің қайнар көзі — мақал-мәтелдерге деген қабілеттің қалыптасуына негіз қалаған не нәрсе деп ойлайсыз?”- деген сауалына мынадай жауап беріпті
Өмірбаяншы: “Оған әсер еткен, ең алдымен менің алтын бесік-атамекенім Маралдының шырышы бұзылмаған арда табиғаты мен көз жанарыңды суырып әкетердей әсем көрінісі деп айтуыма болады. Бір шеті Сібірдің Құлынды даласымен шектесіп, екінші шеті Арқаның ақселеуі аймағына сұғына еніп жатқан бұл өңір бала күнімде қыз күлкілі бұлақтары сылдырай ағып, құлын жоны көрінбейтін көк майса шалғыны самал желмен толқындана тербеліп тұрар еді. Бәрінен де Маралдының дуадақ ұшқан дархан даласы мен топырағы тоңмайдай томырылған құнарлы қырқаларын айтсайшы!… Міне, осындай өңірде өмірге келген адам қалай ақын болмасын?! Егер біреу: ”Жыр әлеміне келер жолда кімге қарыздарсыз?”,-десе, онда мен еш ойланбастан: “Қасиетті туған жеріме, оның қиялыма қанат бітірген сұлу да әсем табиғатына борыштармын”,-деп жауап берер едім”-, дейді ақын атамыз.
Көркемсөз оқушылар “Сағыныш сазы”, “Маралдыма махаббат” өлеңдері, “Менің Қазақстаным” лирикалық-философиялық дастанынан үзінділерді мәнерлеп оқиды.
“Маралдым” әні орындалады. Әнін жазған: Ә.Бейсеуов. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі.
Кітапханашы: Аттарымызды ауыстырып “Бүлдіршін, бүлдіршін, күнмен бір күлсін!“ балалар ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Көркемсөз оқушылар “Мен туған үй”, “Бөбегім мен өлеңім”, “Оқырман! Өмірлесім, тағдырласым!” өлеңдерін мәнерлеп оқиды.
Әңгімеші: Мұзафар атамыздың балаларға арналған өлеңдерінің таным тарапындағы мағынасы мен тәрбие саласындағы мәні орасан зор. М.Әлімбай балалар әдебиетінде де белді орын алатын ақындарымыздың бірі. Оның балаларға арналған өлеңінде кішкентай бөбектердің мінез-құлқын көп білетіндігі байқалады. Енді сөз кезегін ақын ағамыздың өзіне берсек:.
Өмірбаяншы: «Бөбекке арнап жазған бірінші өлеңім есімде қалмапты. Күлді – бадам құнсыз сөз болған ғой деймін. 1949 жылы «Пионер» журналында өзіммен қызметтес Мұхамед ағайдың үйіне барсам, кішкентай қыз баласы Ләйлә бұрышта қуыршақ ойнап, жансыз қуыршақтармен сөйлесіп отыр екен. Бір кезде ол жатқа өлең айтты. Бұл менің соғыстан кейін туған екі бауырыма ермек үшін шығарып берген жеке-жеке шумақтарым еді. (Осының аз-ақ алдында ғана «Пионер» журналында «Менің ойыншықтарым» деген атпен басылған. 1956-58 жылдарда “Қазақ әдебиеті” газетінде әуелі көркем әдебиет бөлімінің меңгерушісі, іле бас редактордың орынбасары қызметін атқардым. Республикамызда тұңғыш рет бүлдіршіндердің көркем-әдебиет журналы “Балдырған” ашылғаннан бастап мына беріге дейін соның бас редакторы болдым. … Шынымды айтсам, мені балалар ақыны жасаған балаларым мен бауырларым. Бүлдіршіндерге дегенімнің денін мен солар үшін жаздым, алғашқы нұсқаларын соларға тыңдаттым, мектепке барған соң соларға оқыттым, соларға сынаттым, жаттай алмаса не ұқпаса, солардың ыңғайына қарай өңдедім, қысқарттым, кәдеге жаратпай, толайым-түгел лақтырғандарым да болды…
“Алматы кешінде” әні орындалады. Өлеңі : М.Әлімбаевтікі
Әнін жазған: І.Жақанов
Кітапханашы: Біраз тынығып, аттарымызды ауыстырып “Әнсіз өмір-мәнсіз“ ән-жыр ауылына аттанамыз.
(Алдын ала үнтаспаға жазылған ат айдаушының дауысы мен ат тұяғының дүбірі естіледі)
Әңгімеші: Ән — адамзат құрдасы! Ән — зарлының мұңдасы! Ән -сергектік серігі! Ән — ғашықтық сырласы! Өздеріңізге жақсы таныс ақынның сөзіне жазылған “Ақмаңдайлым”, “Ақсұңқарым”, “Маралдым” тағы басқа әйгілі әндер құшағында қашаннан қазақ даласы әлдиленіп тұрса, “Мұғалім ол біздің”, “Ақ бауырсақ”, “Жұлдызым”, “Алаңдар туған анасы” тағы басқа да балаларға арналған өлеңдері сендерге жақсы таныс. Ақынның бұл әндері халық — ананың өзі шығарған төл туындысы болып кеткеніне көп заман өтіпті. “Әнсіз өмір — мәнсіз” цикліне енген ән мәтіндері халық арасына кең тараған, әр қазақтың сүйікті әніне — көңіл күйіне, жан сырына айналып кеткен. Бұлар туралы айтып керегі жоқ, тамсана шырқап толғау керек.
“Ақмаңдайлым” әні орындалады. Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші: Балалар, міне кітапханамызға қайтып оралдық. Бүгінде сексен жасқа толып отырған ақын–ағамыз Мұзафар Әлімбайға әлі де ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы, эссе, очерк жазушылығы, балдырғандар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантқа мерейтой үстінде одан әрі құлашын кеңге жазып, ойдың кенін қазып, сөз миуасын теріп, ел-жұртын поэзияның кәусар бұлағымен сусындата берсін демекпіз.
Жеңімпаздарды құттықтау.
Құрметті әріптестер, жоғарыда беріліп отырған шараны өз қалауларыңызша түрлендіріп өткізулеріңізге болады. Осы шарада берілген материалдар негізінде «Мәнерлеп оқу сайысын» ұйымдастыруларыңызға да болады.
Поэзия патшалығында
Әдеби-музыкалық поэзия кеші
“Халайыққа хат”-менің
Ғұмырлық жыр дәптерім:
Қат-қабат болып
қатталған,
Сырым менің ақтарған.
Ақталмаған, ақталған
Кілең арман, тәтті арман…
Залдың безендірілуі: Әдеби-суретті көрме. Оқушылар шығармашылығы бұрышы: М.Әлімбай шығармашылығы бойынша жазылған көркем шығарма, рефераттар, суреттер, өлеңдер, буклеттер.
(С.Тұрысбековтың “Көңіл толқыны” күйі әуенімен)
Ақын:
Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлатуға,
Өлеңін орамал ғып өтеді олар
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.
Айнымас ол — әділдік баласы да,
Қыңбайды күншілдердің табасына
Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:
“Жетсін, — деп, — жұртым бақыт жағасына!”
Шығандап шың басына шығады өнер.
Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.
Алдында әр заманның, әр ұрпақтың
Құламай тіккен туы тұра берер. ( «Ақын» өлеңінен)
Жүргізуші (1): Қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым! “Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы”,-дейді көркем ойдың кемеңгері Абай ажарлы сөз, асыл өлең жөнінде. Жан — дүние құбылысы… іші алтын, сырты күміс өлең сөз тіршілігі… Ақындық қасиет, ақындық парасат алаңсыз, албырт, алқынбай, аптықпай, өз тірлігін, өз тынысын жалғай береді екен-ау. Өлең — ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері…
Жүргізуші (2): Бүгін біздер, өткен ғасырдың сонау қырқыншы жылдары Ертіс жағалауынан арман-қиялы ақ қарды Алатау жаққа шарқ ұрған, ал бүгінде Алатаудан да асқақ мұзарт шыңдарға қарай қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келе жатқан мұздыбалақ атақыран ақынымыз Мұзафар Әлімбай әлемі хақында ой бөлісеміз.
Ақын: Жалаң аяқ, жалаң бас балалық шақ!
Балғын жылдар! Сағынып жаям құшақ.
Ақ шыбықты ат қылып шапқылаған
Анау бала кетті ғой маған ұқсап…
Аға тұтып, еркелеп, жанайсың да,
Ақ шашымды сипайсың, аяйсың ба?!
«Осы қалай төзген,-деп,-талай сынға!,
қырық беске қызғана қарайсың ба?!
Кел, «Волгаға» міне ғой… асығалық!
Мойнына апамның кеп асылалық.
(«Бала жылдармен сырласу»)
Жүргізуші(2): …Сегіз жасында әкеден, он үш жасында шешеден айырылды. Әке қайымына кенеле алмады, ана мейіріміне қанбай қалды. Әке мен шеше жақсылықтары жайында өзіндей аз жазған жазушы жоқтай көрінетін. Жетімдік -қиын тағдыр. Бірақ, Мұзафар қанша қиындық көрсе де мойымаған. Тағдыр тәлкегіне төзу үшін тек өзіңнің халіңді ғана емес, өзгелер жайын да ойлай білу керек екенін түсінді. Дүниеге жаратушы жақсыларын тірісінде піріндей көрмейтін кей ұл-қыздың астам парықсыздығына, ұлылардың ұрпақтарының ата-ана өнегесінен өндіре сөйлеп — жазуға құлықсыз — қабілетсіз келетініне қатты күйінеді.
Ақын : Жеңбейді сенен өзге ұйқы кімді?
Түн бақтың, күзетші етіп кірпігіңді.
Балбырап бесігімде уілдесем,
Күлімдеп, қабағыңа күлкі кірді.
Емізіп ізгі құнар ақ сүтіңді,
О баста ойлағандай мақсұтыңды,
Құйдың мол құлағыма қазақ жырын,
Жырлар деп жан тебіренте жақсы күнді.
Ойға алсам өкінемін дүркін-дүркін.
Көрмедің, көрмедің-ау, әттең шіркін,
Санатқа қосылғанын сары ұлыңның
Өзі-өз боп еңбекақы әкеп бір күн. («Ана»)
Жүргізуші (2): Ауыл мектебінен соң педагогикалық училище қабырғасында мұғалімдік мұратын жани бастағанда соғыс өрті лап етті. Он сегіздегі өрім жас өз қалауымен сұранып майданға аттанды.
Ақын: Жеңіл ойды ауырлатты қатал күн.
Жас болса да, тебіренбей жатар кім?
Жас иыққа бар тағдыры Отанның
Түсті келіп, мен де солдат атандым.
…Туған еді бізді анамыз балғын қып,
Жорықтарда өкшемізді алдырдық.
Төзбегенде шар болат, біз шыдадық
Өзіміздің күшті сонда сынадық! («Менің жастық жылдарым»)
Жүргізуші(1): Соғыста қаза тапқан досын жырлау арқылы майдан ақиқатын да өлеңге айналдырды.
Ақын:
Екеуміз түйдей құрдас ек,
Екеуміз сырлас, мұңдас ек.
Жұлдызды туған бала еді,
Ақындай албырт жан еді,
Жаңа өмір сүйген жары еді,
Отаны – адал ары еді…
Құрдасым неге кешікті?
Қаға ма біреу есікті?
Қақпайды енді есікті,
Қақпайды енді есікті,
Мәңгілік досым кешікті.
Жүргізуші (1) : Сегіз жылға жуық уақыт әскер сапынан босай алмады. Әдеби талабының, ақындық талантының арқасында ғана Қазақстан өкіметінің шақыртуымен 1948 жылы елге оралады. Демек, Мұзафар — өрттен шыққан ақын. Сондықтан болар, ол жалындап жанып тұрады: сөзі оқтың тіліндей шолақ, ойын шорт үзіп келте қайыратын ақын.
Шығармашылық толғану, толассыз іздену арқасында соғыстан кейінгі жылдары Мұзафар жас ақындарымыздың алдыңғы буынына келіп қосылады. Нақтылық, ойлылық, жинақылық — Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.
“Соғыстан соңғы ән” орындалады. Әні: Ә.Бейсеуовтікі.
Сөзі: М.Әлімбаевтікі.
Жүргізуші (2): 1948-1956 жылдар аралығында “Пионер” журналының поэзия бөлімін басқарып, өлеңсүйгіш жасөспірімдердің талап-тұлпарын қамшылап, қамқорлады. 1956-1958 жылдарда “Қазақ әдебиеті” газетінде басшылық бедерін қалдырады.
Жүргізуші (1): Ұстаздыққа бейім әрі балажанды мінез қазақтың жас жеткіншектерінің тілін сындырып-ұстартатын, туған тілімізге деген құрмет-құштарлығын арттыратын тәрбиелік бір басылым — құрал керегі туралы іштей ойлап, толғанып жүретін. Арманына 1958 жылы қолы жетті, шуақты шілдеде дүниеге келген «Балдырған» балалар журналы республика бүлдіршіндерінің – бірнеше буын ұрпақ өкілдері балалық шағының базары мен ажарына, киелі сөз өнері бастауларына баулитын байыпты — ұқыпты бағбанына, адамдық әліппесінің ережелеріне үйрететін үлкен мектепке айналды. «Балдырған» басылымының өзгелерге ойыншықтай оңай көрінетін ауыр жүгін жазушы Мұзафар Әлімбай ширек ғасырдан астам уақыт арқалады. 1958-1986 жылдар аралығында журналға тапжылмастан редакторлық етті.
Жүргізуші (2): Соғыстан кешігіп келген солдат әдебиеттің бейбіт майданына да кешігіп кірді. Алғашқы кітабы 29 жасында жарық көрді, құралыптас-құрдастарының бірқатары баяғыда-ақ бірді-екілі кітаптардың авторы болып үлгерген-ді. Алайда аз ұйықтап, азапты көбірек шексең, қалам сыбағасын толтыруға әбден болады екен. Бүгінде әдебиеттің әр түрлі жанрындағы (поэзия, әдеби зерттеу, фолклортану, халық тағылымы, эссе, очерк, естелік, ән өлеңдері) 50 төл туындының авторы. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балалар жинағы үшін алды.
Жүргізуші (1): М.Әлімбайдың “Ана” деген тұңғыш өлеңі 1939 жылы облыстық “Қызыл ту” газетінде басылды. Ал алғашқы кітабы “Қарағанды жырлары” деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Одан кейінгі лирикалық және азаматтық әуенге жазылған «Құрбыма” (1954), “Лирика”, “Жолдар жырлар”, “Жүрек лүпілі”, “Өшпес от” жинақтары шықты. “Менің Қазақстаным”, “Құрбымның күнделігі”, “Естай — Қорлан” лиро-эпикалық поэмалары – осы жанрды дамытуға қосылған елеулі туынды.
Мұзафар Әлімбай поэтикасының үш тағанды тірегі іспетті «Естай-Хорлан» ғашықнамасы, «Ту тіккен» және «Құрыш қазақ» ерлік – қаһармандық дастандары дүниеге келген тұсында қазақ поэзиясының ортақ жаңалық-жеңісі болды.
“Естай-Хорлан” поэмасының «Уәде» бөлімінен үзінді оқу үшін қыз бен ұл бала ортаға шығады
Автор: Міне үнсіз Хорланы тұр оң жағында,
Құрысын бүйтіп ақын болғаны да!
Жақ ашпай жапырақтай қалтырайды,
Тәңірім тілін байлап, қорлады ма?
«Жақындасам қорқамын, жанам ба? – деп,
Аллама жалбарынам күні-түні,
Ұмсынсам, оң сапарым болар ма?» — деп…
Бірі жоқ әлгі сөздің жаттағанның,
Білмеді алға қарай аттағанын.
Естай: Өзіңе көрімдігім – «Бірмысқалым»,
Ағаңның кешір басқа таппағанын.
Хорлан: Тыныш ем, тымық көлдей толқып кеттім,
Сабырлы ем, өзегімді өрт қып кеттің.
Ескексіз қайық мінген жас балаша,
Есітіп өлеңіңді қорқып кеттім…
Автор: Серінің кеудесіне басын сүйеп,
«Құдайым менің қашан жасымды иед? –
Дегендей өксіп-өксіп егілді қыз,-
Қай күні ғашық жүрек ашық сүйед?!»
Өрт құшақ… бастан кешкен өзіміздің,
Бұндайда қауқары не сөзіңіздің?!
Ақынның сипап тауып ат жоқ қолын,
Кигізді алтын жүзік өзі қыздың.
Шыдатар жалын жастық буы нағып?
Отты ағын бойды қулап шымырланып.
Хорланы құшағында Естай сері
Кетер ме балауыздай бүгін ағып!
Жалғыз түн – жазылған түн маңдайына,
Бұйырды тілдің балы таңдайына.
Тырп етпес, төнсе қылыш төбесінен,
Қарамас келер күннің қандайына.
Естай: Қол қысқа…тосыламын…неғылайын!…
Уәде – келер жылғы мамыр айы!
Хорлан: Ақ тілеу. Алла оңғарсын жолымызды!
Мен – дағы осы арадан табылайын.
Автор: Жабысып көк шалғынға боз жамаудай.
Жатқанын бір жауырын қозғала алмай…
Қыз-жігіт шала аңдады… алаңдады
Көркіне бір-бірінің көз қана алмай.
Көңіл мас, көз жұмулы бұл шағынан
Айырған әзезілге ұқсады таң.
Айрылған аспанынан ай сияқты
Сытылып Хорлан шықты құшағынан…
Жүргізуші (2): Қараңыздар, “Елдіктің еңсесі” дастаны -Абылайды, ғашықтық дастаны — “Естай-Хорланды” толғаса, бұлар арқылы ақын әлгі айтқанымыздай, Отан тарихына саяхат жасаса, “Құрбымның күнделігі”, “Құрыш қазақ”, “Ту тіккен”, т.б, лирикалық, философиялық поэмалары арқылы Отанының бүгініне қайтып оралып, өз замандастарының еңбегі мен ерлігі, сол еңбек пен ерліктің жемісі мен жеңісін жырға қосады. Отан образын осылай жан-жақты ашады. Халқымыздың ой-өрісін, мәдениетін көтеруге қосқан бұл үлес сөз жоқ елеулі еңбек.
“Біздің Қазақстан” әні орындалады:Әні: Ғ.Тамендаровтікі.
Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші (2): Бар болмысын, күллі қалам қасиетін салған “Менің Қазақстаным” атты лирикалық-философиялық поэманы айрықша бөліп атар едік. Мұның өзі — туған ел туралы толғау. Жұрттың “Мұзаға мұзарты” деп жүргендері де осы толғау шығар. Оның барлық ақындық қуатын аямай сарқа жұмсаған бұл шалқыма — Әлімбай поэзиясының мәңгілік тақырыбы, алтын қазығы, тіпті мұзарт биігі екені де рас.
Мұзафар өлең арнасы ел өмірі өзенінен тартылатынын жақсы біледі.
Ақын: Қадірлі Қазақстан, Отан-ана,
Есімім сенен бөлек атала ма?
Алдыңда парызымды өтеп келем,
Өтсем де қарыздар боп ата-анама.
Көгінен күн аумайтын Қазақстан!
Сен жайлы өмір бойы жазам дастан.
Сырлаймын әр сөзімді өле-өлгенше,
Соғамын сәнді сарай асыл тастан.
Жүргізуші (2): Ақиық ақын Мұқағали: “Мұзафар — ойдың ақыны. Шығыршықтың ішін шыр айналған тұтқындағы ақ тиін іспеттес ойнақы сөздің емес, сезгені, түйгені мол ойдың ақыны. …Ізденгіш те тапқыш, көп оқитын, көп түйіп, көп ойланатын бейнетқор да еңбекқор ақын Мұзафар Әлімбай…”деп сүйсінеді. Оның осындай алуан қасиет-қырларын қаһарман Бауыржан Момышұлының, ел ағасы Димаш Ахметұлының, көркемсөз алыптары Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің, алдындағы ақын ағалары Қалижан Бекхожин, Әбу Сәрсенбаев, Әбділдә Тәжібаев, Дихан Әбілевтердің, көптеген өзі тұрғылас таланттардың пікірлері асыра айқындай түседі.
Жүргізуші (1): М.Әлімбайдың сан алуан тақырыптағы барлық өлеңдері де, барлық поэмалары да, яки күллі лирикасы мен эпикасы, бәрі-бәрі бір ұлы арнаға сарқып құйылып жатады. “Абайды қайталап оқығанда” деген атпен жиі жүгіндірген ақындық атасы — Абайдың бір ғана қарасөздерінің құдіретіне 54 мәрте мақала-зерттеме арнапты. Әлімбай Абайдың ауылы туралы жазса да, туған жер туралы тебіренсе де, қыз бен жігіт арасындағы махаббатты жырласа да, алыста қалған ауыр күндердің сұрапыл суреттерін салса да — барлығында да өзінің сыршыл ақын екендігін көрсетеді.
Жүргізуші (2):
Кейде шыным, бала болғым келеді,
Бала болғым келеді.
Бала болып қала бергім келеді,
Қала бергім келеді.
Қаламгердің өлеңдерін жаттап өспеген қазақ баласы, сірә, сирек болар. Мұзафар Әлімбай — азамат ақын ғана емес, әрі ұстаз ақын. Әлімбай поэзиясының өзгеше бай, шұрайлы саласы — балалар әдебиетінің меншігінде. Қазақ балалар әдебиетінде Мұзафар Әлімбайдың шоқтығы биік тұрады. Әсіресе, балалар поэзиясында көлемі, тақырыбы және жанрдың байтақ байлығы жөнінен Мұзафар атаның алдына түсер ешкім жоқ.
Жүргізуші (1): Балажүректілік, болмыс атаулыны балаша қабылдап, балаша сүю немесе балаша ұнатпау сияқты балалар жазушысының басты бағалы қасиеттерін меңгерген М.Әлімбай өмір бойы балаларды үйретіп қана емес, балалардан үйреніп келеді. Оған «Көңіл күнделігіндегі» кішкентай достары туралы «Балалардың ақындық қиялы ұшқыр», «Бала біткен шетінен туасы талант» жолдары куә. Мұнда ол балалар поэзиясына тән қасиеттердің қандай болуы керектігі туралы 16 ережені жаңғақша шағып, тізіп, түсіндіріп береді.
Жүргізуші (1): «Үйлену оңай, үй болу қиын», «Төркіні жақын тулағыш», тағы басқа ел арасына тарап кеткен Мұзафар мәтелдері күн сайын жаңарып толығу үстінде:
Қазақтың дәмін татқан бар, қазақтың дәмі атқан бар
Жамандамаса, жаудың іші кебеді
Кемпарық жарытпайды ел танып
Алаш баласының аянкес болуға хақысы жоқ
Ұмыту өткен тарихты, болашақ үшін қауіпті
Тастанды – ертеңгі қастанды
Қымбатты құртпа, кітапты жыртпа
Кітаптан аяған пұл құтаймайды
тағы басқа мұндай афоризмдердің ұзын-саны қазір үш мыңнан асып кетті.
Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай — сан қырлы талант. Ол көркем шығарма жазумен ғана шектелмей, зерттеу, ізденіс жұмыстарымен де беріле айналысады. М.Әлімбайдың зерттеушілік еңбектері де әр алуан болып келеді. Өзіне дейінгі, өзі қатарлы және өзінен кейінгі қаламгерлердің шығармашылық шеберлігіне тереңдеп үңілу, ол туралы ойларын ортаға салу, халық ауыз әдебиетіндегі, классиктер туындыларындағы сөз шеберлігі мен шешендік өнерді, нақыл сөздерді, мақал мен мәтелдерді жан-жақты талдау, өзгелерге өнеге ету, туысқан немесе шет жұрттағы халықтардың нәрлі сөз оралымдарын қазақша сөйлету — осының бәрі Мұзағамыздың ұзақ жылдардағы тынымсыз тер төге білгенінің куәсі болып табылады.
Жүргізуші (1): М.Әлімбай естелік, эсселері арқылы өз оқырманымен бірге ұлы Мұхтар Әуезовпен бірге Жетісу аймағын аралайды, әйгілі Сәбит Мұқановпен Солтүстік Қазақстанда болады, Мәскеуге сапар шегеді. Соның барлығында да көп жағдайда халық жазушыларының күнделікті өмірлерінен хабардар болып, өз бойына дарытарлық талай әрекеттеріне сүйсініп отырады. Мұзатаң естелігі арқылы халқымыздың еркесі Бауыржан Момышұлының, дарынды ақын Қасым Аманжоловтың, алыптар тобындағы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің даналықтарымен қоса, адамгершілік қасиеттерінің тағы бір қырларымен танысамыз. Жұбан Молдағалиев пен Әзілхан Нұршайықов хақында сөз қозғаған сәттерде де Мұзағаң әр қаламгердің шығармашылық та, адами даралықтарын айқын саралап отырады. Ақын ағамыз құрбылары мен өкшелестері жайлы да жүрек жылуымен жазады. Ізтай Мәмбетов, Ғафу Қайырбеков, Тұманбай Молдағалиев туралы ойлары да ақиқаттың ауылынан табылып отырады. Мұнда да Ізтай мен Тұманбайдың нәзік лириктігі, Ғафудың суырып салмалығы сияқты дәл де айқын пікір қозғалады. Сахна саңлақтары Қалибек, Шәкен, ән мен сөздің еркесі Естай, Иса, тағы басқа көптеген естеліктерінде, мақалалары мен эсселерінде қаншама құнды деректер, мәліметтер, ойлы пікірлер бар.
“Арманым” әні орындалады. Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Ақын: Саған шексіз сый-құрметін көрсетіп,
Мені халқым аттандырды елші етіп
Ал елшілер келеді ғой Тіріге
Тауыспаған өмір жолын өлшетіп.
Ұлылардың алды деген оңай ма?!
Кішілерді санатына санай ма?
Келгендеймін кемел Пушкин тауына
Өз атымнан емес, өзге орайда.
Оған әсте шамданар да ойым жоқ,
Келгендеймін атқосшы боп Абайға.
Теңін айтсам, Тебіреніп Пушкин де
Маған мойнын бұратындай қалайда. («Пушкинге»)
Жүргізуші (2): Мұзафар Әлімбай 85 шақты ақынның туындысын қазақ тіліне аударған екен. Олардың ішінде Пушкин, Петефи, Лермонтов, Сағди, Фирдоуси, Райнис, Руставели, Тоқтоғұл, Зелили, Маяковский, Мицкевич, Орбелиани тағы басқалар бар. Егер әр халықта бір-бір классик ақын десек, сөйтіп мақал-мәтелдерін аударып жүрген жетпіс жұртты қоссақ, онда қазақ оқырмандарына таныстырған ақындар саны 150-ге жетеді екен. Аударманы әрі өнер, әрі ғылым санайтын қаламгердің “666 нақылдан” бастап “Маржан сөзге” дейінгі аудармалық еңбектер шоғырының өзі — бөлек тараулы әңгіме.
Жүргізуші (1): Ақындығына зерттеушілігі, бұған аудармашылығы эссе, очерк жазушылығы, балалар жанын зерек түсінушілігі, парасаттылығы ұштасып тоғысқан тарлан талантқа мерейтой үстінде одан әрі құлашын кеңге жазып, ойдың кенін қазып, сөз миуасын теріп, елі-жұртын поэзияның кәусар бұлағымен сусындата берсін демекпіз.
“Ақсұңқарым” әні орындалады.
Әні: Ш.Қалдаяқовтікі. Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші (2): Тұлымшақты қыз күнінен білетін Шапау Сүлейменқызымен жарты ғасыр отасқан аяулы жар Мұзафар — өнегелі әке тәрбиесін ұлдары Арнұр, Жаннұр, Баламерге, ақылман ата тағылымын немерелері Ая, Әсел, Бақтияр, Әсет, Жәнібек, Балнұрға сіңіріп, көпке шашқан шапағатты сәулесінің шалқыған нұрына өз шаңырағы мен енші бөлген отауларын бөлеп келеді.
Ақын: О, тоба, қайттым астам райымнан,
Тілеймін мейір-шабхат құдайымнан…
Деуші еді ақсақалдар (рас екен),
Ақындар арылмайды уайымнан»
Біреудің шаттығынан мұңым қымбат,
Жатса да жүрегімнің түбін тырнап,
Менің мұңым туады Ел қамынан
Көремін бірінен де бірін қымбат.
(«Ақындар арылмайды уайымнан»)
Жүргізуші: Бұл жүрегіндегі жылы сезімдері көңілдегі ойларға ұласып, тілінен тәтті сөздер болып төгілген ақынның ойшыл, уайымшыл табиғатын растайтын бір ғана шумақ.
Жүргізуші (1): Мұзафар Әлімбайдың қазіргі қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз. Сондықтан оның діңі ғұмырда үзілмейтін, Ғали ағамыздың:
«Қабаққа біткен қарағай
Қарасам, көкке тірелген .
Қалай тұр десем құламай,
Тамырын терең жіберген»-
дегені секілді биік шығармашылық тұлға.
Жүргізуші (2): Өйткені, Мұзафар Әлімбай — тұйыққа тірер таяз ойдың емес, тұңғиыққа жетелер терең ойдың, нақыштап айта білгенін айшықтап жаза алатын кемел ойдың кемеңгері!
Жүргізуші (1) : Мұзафар Әлімбай — айлар өткен сайын ойлары көктей түсетін, жылдар озған сайын жырлары тозбайтын тарландар тобынан!
Ақын: Жұлдыздай ел аспанға көптеп ілген,
Ағалар қайдасыңдар көп көрінген,
Сан жылдар қия шетке ұзап кетіп,
Оралдым ортаңызға дос көңілмен.
Кешегі қарай қалсам бұла күнге,
Табайын кінә тағып, шүбә кімге,
Сексенге жылдам кіріп барасыңдар,
Мұзата! Тым асығыс, бұларың не!?
Мұзата! Кетермісің айға да ұшып,
Барасың жылдан жылға қайрат қысып.
Қасына шақырғандай “Ақмаңдайлың”,
Бір бәйгең тағы да тұр сайда пісіп.
Балқаштай сарқылмайтын ілесі бар,
Жігітсің көш-керуен үлесі бар,
Батырсың аш бөрілер ауыз салмас,
Ақынсың уәлі сөз киесі бар. (Кәкімбек Салықов)
Балдәурен, шіркін балалық
Тапқырлар мен көңілділердің жарыс-ойыны
Ойынның барысы: Балалар екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне ат қоюы керек. Ұстаздар мен кітапхана қызметкерлерінен әділқазылар алқасы құрылады.Өз топтарын таныстыру үшін 2 минут уақыт беріледі. Ойыншылардың мақсаты татулық пен тапқырлық танытып көп ұпай жинап жеңіске жету.
Өткізілгелі отырған шара мемлекеттік әнұран әуенімен басталады.
Жүргізуші бала: Сәлеметсіңдер ме, балалар! Осы әнұранның өлеңін кімдер жазғанын білесіңдер ме?
Балалар жауап береді.
Жүргізуші қыз: Бүгін біз әнұранның авторы Мұзафар Әлімбаевтың шығармашылығы бойынша жарыс-ойынымызды бастаймыз. Мұзафар Әлімбай аталарың сонау қырқыншы жылдардан осы қазірге дейін дамыл таппай, құмырсқадай тынымсыз еңбек етіп, бал татыған шырын шығармаларымен бүлдіршіндерді сусындатып келе жатқан ақын. Өздерің сияқты талай жас ұрпақты өз өлең, ертектерімен сусындатқан сарқылмайтын бастау. Ендеше, бүгін біз де осы бастаудан мейіріміз қанғанша сусындайық.
“Бесік жыры” әні орындалады. Әнін жазған: И.Жақанов.
Өлеңі: М.Әлімбаевтікі
Жүргізуші бала: Балалар, «Балдәурен, шіркін балалық» атты ақын атамыздың шығармашылығына арналған жарыс-ойынымызды бастайық!
Жарыс-ойынымыздың бірінші кезегін «Көркем сөз» сайысына берсек.
Балалар өз еріктеріне қарай ақынның кез-келген төрт өлеңін жатқа оқиды.
Жүргізуші қыз: Енді Мұзафар атамыздың нақыл сөздеріне байланысты сайысымызды бастайық.Әрбір бала өз тобына көп ұпай жинау үшін менің сұрақтарыма ойланып, дұрыс жауап беруге тырысады.
Бірінші топ атамыздың аңдарға байланысты нақыл сөздерін , екінші топ құстарға байланысты нақыл сөздерін жатқа айтады.
Құстар:
• Қазым, қазым, қаңқылда,
Суда жүзіп, салқында.
• Балық ілгіш шағала,
Көк теңізді жағала.
• Жарғақ қанат жарғанат,
Қалбалақ та қаңғалақ.
• Хат тасиды көгершін,
Сол хаттарды ел алсын!
• Түйе құсты кем көрме,
Аттан озар желгенде.
Аңдар:
• Аю-туа бал құмар,
Тәттіні іздеп қаңғырар.
• Ұрланып кеп Шибөрі,
Өлексені сүйреді.
• Май басқан Борсық-
Қампиған торсық.
• Бұлан –орман тұрғыны,
Қораңа келер бір күні.
Нақыл сөздер жарысы осылай жалғаса береді.
ІІ. Мақал-мәтелдер.
Жүргізуші бала: Қазақ халқы үлгі-өнегеге бай салт-дәстүрі өте көп. Олар халқымыздың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігін бойында сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп келеді. М.Әлімбай аталарың халық аузынан жинаған және тәрбие туралы ой елегінен өткізіп түйіндеген төл мәтелдері дерлік туындылары мақал-мәтелдері өте көп. Балалар, мен сондай мақал-мәтелдердің бірнешеуінің алғашқы бір жұбын ғана айтамын, ал сендер оны ары қарай жалғастырып, екінші жұбын тауып айтасыңдар. Ал, қане, кім тапқыр екен?
Ақынның төл мақал-мәтелдерінен:
Түзу болса өз ісің-
Қисықтардың тезісің.
Көп сөйлеген мылжың емес,
Көкіп сөйлеген-мылжың.
Елдікті баяндау,
Ерлікке даярлау.
Тәтті жеміс бұтақта,
Құттың құты кітапта.
Отауың тар болса да,
Отаның кең болсын.
Жалқау аға, жасық іні.
Жасытады асылыңды.
ІІІ. Жұмбақ сайысы.
Жүргізуші бала: Жарайсыңдар, балалар! Бұл жолы да тапқыр, білімді екендеріңді көрсеттіңдер. Ал енді мен сендермен жұмбақ жарысын өткіземін. Ендігі кезек жұмбақтардыкі. Барлығың дайынсыңдар ма?
Балалар: Дайынбыз.
Жүргізуші қыз:
Су ішінде өскен тау,
Су бетінде көшкен тау. (Айсберг)
Түйістіреді көзіңді көзіңе,
Жолықтырады өзіңді-өзіңе. (Айна)
Ешкім ілмеген шымылдық,
Көкжиекте көлбейді.
Бүктеуіңе көнбейді,
Сипауға да келмейді. (Сағым)
Төңкерілмейтін күбі,
Көтерілмейтін күбі.
Шүпілдеп-ақ тұрса да,
Көрінеді түбі. (Құдық)
Тұрады көтеріп
Жеңілі ауырды…
Ғұмыры өтеді
Қарық қып қауымды (Ошақ пен қазан)
Жауып алсам қақпамды,
Орнатамын ақпанды.
Ашық қойсам қақпамды,
Дей бер шілде боп қалды. (Тоңазытқыш)
Ұзын-ұзын, ұзын жіп,
Ұшына шыққан жан бар ма?
Ілби басқан ыбылжып,
Ұшына шықпас жалғанда. (Жол)
Жұмбақтар шешіледі
ІV. Жаңылтпаштар сайысы.
Жүргізуші бала: Ендігі кезекті жаңылтпаштар айтысына берейік. Кәнекей, кім шешен екен! Мықты болсаңдар, жаңылмай қайталай қойыңдар!
Жаңылтпаштар жарысы:
Сең сел емес,
Сел сең емес,
Мен сен емес,
Сен мен емес.
Шағай
Ағай,
Жанат ағайға:
Келгенің жай ма?-десе,
Жанат ағай
Шағай ағайға:
“Анау жаңа Ай ма?”-депті.
Ұшы үшкір ұшқыр үш жебе алдым
Үшеуі де үшкір, ұшқыр деп алдым.
Шұңғыл шұңқыр,
Шұңқыр шұңғыл.
Іске тіл ілесе алады,
Тілге іс ілесе алмайды.
Дән-дәулет,
Дәулет-дән,
Сән-сәулет,
Сәулет-сән.
Сауын бие ұстаған саба ыстайды,
Саба ыстаған сары қымызды
Бабында ұстайды.
Жүргізуші бала: Балалар, өздеріңе аты мәлім ағаларың Т.Байқадамовтың әніне жазылған, ақын атамыздың “Кел, билейік ” әнін қабыл алыңдар.
М. Әлімбаевтың «Кел билейік» өлеңіне жазылған, Т.Байқадамовтың әні орындалады.
V. Ойын.
Жүргізуші қыз: Достар, кезекті ойынға берейік. Сендердің қайсыларың епті, тапқыр әрі жылдам екенсіңдер. Енді соны сынап көрейік. Ендеше, “Ойыншылар” жарысын бастаймыз!
Ойын басталады
Ұшты, ұшты (Халық ойыны ізімен)
Ұшты, ұшты:
Ұзақ ұшты,
Ұшты, ұшты:
Тұзақ ұшты.
Ұшты, ұшты:
Шіркей ұшты.
Ұшты, ұшты:
Шәркей ұшты.
Ұшты, ұшты:
Бұлбұл ұшты.
Ұшты, ұшты:
Шылбыр ұшты.
Ұшты, ұшты:
Мылтық ұшты.
Ұшты, ұшты:
Бүркіт ұшты.
Ұшты, ұшты:
Шымшық ұшты.
Ұшты, ұшты:
Ұршық ұшты.
Ойынды ақын атамыздың ойын-өлеңі бойынша осылайша жалғастыра беруге болады.
VІ. Қарама-қарсы сөздер.
Жүргізуші: Балалар, сендер өте көп біледі екенсіңдер. Дұрыс жауап бергендеріңе рахмет. Ендігі кезек мағынасы қарама-қарсы қызық сөздердікі.
Ыстықта туып та,
Шыдаймыз суыққа.
Ащы терім ақты,
Жеміс өсті тәтті.
Халқың үшін жаның сал:
Қарғыс алма, алғыс ал!
Ақылсыздар ұқпайды:
Аққа қара жұқпайды.
Құштар жандар өмірге
Бас имейді өлімге.
Еңбекшіл болсаң ерінбе,
Ауырдың өзін жеңіл де.
Қорқақты батырға санама,
Жаманды жақынға санама.
VІІ. Логогриф-шарадалар сайысы.
Жүргізуші қыз: Логогриф — шараданың бір түрі. Көбінесе өлеңмен жазылады. Әуелі жұмбақтаған сөзді табу қажет, содан соң әлгі табылған сөзді бір не екі әріп қосып немесе алып тастау арқылы жаңа сөздер құрауға болады. Логогриф ерте заманнан белгілі. Оны құрастырушылар қатарында Цицерон мен Апулей де болған. Мысалы,
Бойыңдағы нәріңмін,
Анық айтсаң-жаныңмын.
Бұның шешімі “Қан”. Одан әрі :
Қоссаң дауыссыз дыбыспын,
Дастарханнан табылдым- деп жұмбақтайды. Балалар, өте қызық емес пе? Ендеше, шешеміз бе?
Балалар: Шешеміз
Мені жұтсаң,
Қуанып,
Тыныс алып тұрасың.
Қоссаң алдан бір әріп,
Маған суды құясың,
Малдарыңды суарып. (Ауа-Науа)
Құясың оған әрқашан
Қымызды мейір қанатын…
Дауыссыз дыбыс жалғасаң,
Сыныпта оқу сағаты (Саба-сабақ)
Өнеге жайын толғасаң,
Сол сөзді еске аласың,
Бір әріп қосып, ойласаң
Сүртінер затты табасың. (Үлгі-сүлгі)
Бастаушы: Осымен Мұзафар атамыздың шығармашылығына арналған сайысымыз аяқталуға жақын.
Кітапханашы: Ал, қымбатты ұландар! Өздеріңмен қоштасатын сәт туды. Бәрің шеттеріңнен алғыр, білімпаз екенсіңдер. Өздеріңе айтарым, ақын-жазушы аталарымыздың өздеріңе арналған кітаптарын көп-көп оқыңдар. Сендердің еліміздің ақылды ұл–қыздары болып өсетіндеріңе сенімдіміз!
М.Әлімбайдың әндері бойынша өткізілетін ән кешінің үлгісі
Ән кешін өткізу үшін үлкен дайындық жасаған жөн. Ең алдымен мәдениет үйі қызметкерлерімен кеңесе отырып, кештің ұйымдастыру барысын анықтап алу қажет. Кітапханашы өз оқырмандары арасынан әнсүйер талантты балаларды осы шараға қатысуларын ұйымдастырады. Сонымен қатар фонетекаңыздағы Мұзафар Әлімбайдың сөзіне жазылған әндердің күйтабағы, немесе таспаға (кассетаға) жазылған әндері болса іріктеп алыңыз.
Осы ән кешін өткізу арқылы жасөспірім оқырмандарымызды М.Әлімбай шығармашылығының жаңа қырымен таныстырып, ақын поэзиясына деген құштарлығын оятады мүмкін. Бұл жерде,әрине, кітапханашының тапқырлығы, ой-қиялының мәуелі жемісі өз міндетін атқармақ.
Ойындар
Түлкі мен қаздар
(Қырғыз ақыны Алықұл Османовтан)
Түлкі:
Қаңқ, қаңқ, қалың қаз!
Қашсаң, пана табылмас!
Қаздар:
Қулықты қой, қу түлкі,
Аузыңды жап, әрі қаш!
Түлкі:
Қаңқ, қаңқ, қалың қаз!
Ұстап жеймін, қарным аш!
Қаздар:
Атай көрме, аш түлкі,
Балапандар арық, аш.
Түлкі:
Мамыр, мамыр, мамыр қаз!
Мамырламай, бері бас!
Қаздар:
Қой, қой, түлкі, сұм түлкі,
Балапандар әлі жас!
Түлкі:
Тыңдамаймын сөзіңді,
Ұстап жеймін, кәне қаш!
Қаздар қашады, түлкі қуалайды. Осы сәтте күшік шыға келеді.
Күшік:
Әуп-әуп, әуп,әуп, аш түлкі,
Қазды күшік алдырмас!
Түлкі:
Арс,арс, арсылдақ,
Қайдан шықтың, арсылдап?!
Күшік:
Қутың-қутың қусың-ақ!
Қуып шығам, қу шұнақ!
Түлкі:
Маған бұлай үруге
Сенің әлі басың жас!
Күшік:
Әуп, әуп, әуп, әуп, аш түлкі,
Күшті болсаң, кел сынас!
Енді түлкі қашады, күшік қуалайды.
Қаздар:
Қаңқ, қаңқ, қалың қаз
Енді саған алдырмас,
Арам ниет аш түлкі,
Бас сауғалап, қаш, түлкі!
(Түлкі қашып құтылады, күшік қаздарды қайтарып алаңға қайта келеді)
Баспалдақ (ойын)
Бізде қызық ойын бар,
Ал, ықылас қойыңдар.
Кәне, тәртіп сақтайық,
Баспалдақтан аттайық.
Қайырмасы:
Баспалдақты басқанда,
Батыл атта, жасқанба!
Ең әуелі балалар тәрбиешіге қосылып, бұл әнді енді екі рет қайталап айтып шығады. Содан кейін ортаға бір бала шығып, екі орындықтың ортасына қойылған баспалдақтың текпішегіне аттап, ән ырғағымен жүріп өтеді. (Баспалдақтың ұзындығы екі метр, көлденеңі 38 сантиметр, текпішектердің арасы 20-25 сантиметр болу керек. Текпішектерді ағаштан жұмырлап жасаған жөн).
Қос аяқтап, қос қолдап,
Біз басайық баспалдақ.
Қызық ойын білеміз,
Паровоз боп жүреміз.
Қайырмасы:
Баспалдақты басқанда,
Батыл атта, жасқанба!
Бір бала басқыштың екі жақ қарғашасына екі аяғын қойып, текпішектерден қолымен ұстап, төрт тағандап, паровоз болып жүріп өтеді.
Өрт сөндіргіш ағадай
Тосқауылға қарамай.
Мұнараның басына
Тез шығамыз асыға.
Қайырмасы:
Баспалдақты басқанда,
Батыл атта, жасқанба!
Көлбеу мұнараның басына балалар басқышпен шығады.
Ойынды қайталап ойнауға болады.
Бұл ойынды М.Әлімбай Ж.Смақовпен бірге жазған.
Театрландырылған қойылымдар
Түлкінің құйрығы неге ұзын?
Қатысушылар: Ертекші, түлкі, қоян
Ертекші:Таңданар нәрсе көп екен:
Бұрында, бұрын, бұрында
Түлкіде құйрық жоқ екен,
Жалған сөз деп те ұғынба.
Құйрықтың мұң боп жоқтығы,
Жылаумен өткен көп күні.
Қашанда, қайда барса да,
Аттаса болды қаншама,
Іздері жерде қалыпты,
Сол үшін түлкі налыпты…
…Жап-жасыл ойпаң-ояңда
Жолыққан түлкі қоянға.
Ұп-ұзын құйрық шұбалған.
Қашқанда қасқыр, жыланнан,
Аяққа болып оралғы,
Бөгейді-ақ екен қоянды…
Қырсық деп хақтың сыйлығын
Қарғайды екен құйрығын.
Қапыда бұта ішінен
Қоянды қолға түсірген.
Сахнаға аңдардың маскасын киген екі бала шығады.
Түлкі тасада тығылып тұрып қоянға тап береді.
Түлкі: (қоянды алқымынан қысып, ашуланып)
Менде жоқ құйрық сенде бар,
Сен кімсің сонша?! Өл де қал!
Жексұрын мына сыңайың:
Құртып-ақ сені тынайын!
Қоян: (жалына)
Қалдыр, жалғыз жанымды!
Сіз-ақ ал осы құйрықты.
(Қоян құйрығын жұлып түлкіге береді. Зорлықшыл түлкі ойланбастан өзіне жалғап алады)
Ертекші:
Қалыпты қоян сымпиып,
Құйрықтың түбі құнтиып.
Айлакер, жауыз, қу бөтен
Сол күннен бастап түлкі екен,
Болыпты ұзын құйрықты,
Болыпты қызыл құйрықты.
Түлкі мен қоян
Қатысушылар: Ертекші, түлкі, қоян
Ертекші:
Тау мен таста жол жүріп,
Аз ғана емес, мол жүріп,
Талма түсте Түлкекең
Келе жатты болдырып.
Жортып жүрген қоянды
Көре сала бұрыштан,
Қулық сезім оянды:
Жата қалды зымыстан.
Бір уыс боп бүрісті,
Түлкі жиі ыңқылдап…
Қоян сырттай жылысты,
Құлақ түре, тың тыңдап.
Түлкі: (ыңырсып)
Қоянжан-ау, қоянжан!
Қашқалақтай жортасың?
Дерт қысқан соң омалған
Менен несін қорқасың?
Қоянжан-ау, қоянжан!
Бала жастан бірге өскен,
Көрші емес пе ек, тоғайдан
Тапқан дәмді бір жескен!!!
Мүшкіл халім!-көрсеңші,
Жатырмын ғой ауырып.
Жақынырақ келсеңші,
Қоштасайық,бауырым!
Қоян: (қулана)
Екі құлақ сөзіңде,
Екі көзім өзіңде.
Деп сұр қоян үн қатты,-
Сұрамап ем кезінде.
Елдің іші ызы-шу:
“Ессіз жүріп, ұшынба,
Түлкі,-дейді,-қызылшыл!…”
Айтшы осы сөз шын ба?
Түлкі: (момақансып)
Үйреншікті жасымнан,
Ғадетімді жасырман:
Ет жемесем екі күн,
Мұң айықпас басымнан…
Қоян: (екі қолын жайып)
Міне, осының жаман ғой!
Түлкі: (жаны ашып)
Біздің тұқым адал ғой,
Жаман мінез үшін де
Қынжылып-ақ жатырмын.
Бір қораның ішінде
Оп-оңай-ақ шатылдым.
Иісі келіп мұрныма
Жас ет пенен жас қанның,
(Қайдан шықты құрғыр,ә!)
Бір тауықты бас салдым.
“Неге ғана жедім деп”,-деп,
Құсқа жаным ашыды.
Еңіредім енді кеп,
Төктім ыстық жасымды…
Қоян:
Жемес бұрын, досым-ай,
Ойласаң ғой осылай!
Түлкі: (ойланғансып)
Тартпадым ба затыма,
Бұл не деген шірікпін:
Дәл сол жерін, қапыда
Ойлауды да ұмыттым…
Қоян:
Ұмытшақ жаман ғой,
Мен де содан қорқамын.
Сақтық керек заман ғой,-
Сол себепті жортамын…
Қалмау үшін күлкіге,
Жоламаймын түлкіге!…
Ертекші:
Алдап соғып “бүлікті”,
Қоян жымға кіріпті
Мұзафар Әлімбаев туралы қанатты сөздер..
Бірнеше буын ақындардың аттарын атасақ, олар: Тоқмағамбетов, Орманов, Тәжібаев… Молдағалиев, Шаңғытбаев, Әлімбаев, Жармағамбетов, Сейітов, Мәмбетов сияқты келісті, талантты ақындарымыз бар. Бұлар–қазақ совет поэзиясының көп ізденіп, өнерленіп өсіп келе жатқан тобы.
Қазақ поэзиясының табыскер талаптылары — осылар.
Мұхтар Әуезов
…Сіздің жалпы поэзияңыздан аңғарылатыны: онда халықтың ізгілігіне суарылған жалынды қуат-күш бар. Сіз халықтың тарихын, тілін де,нақыл сөздерін де жақсы білесіз, дәріптеп жинайсыз, зейініңізге тұтасыз. Мұндай заттың кездейсоқ еместігі әркімге мәлім.
Сіз әлі арыны басылмаған шабыстағы ақынсыз. Бергендеріңізге ризашылық білдіріп, келешегіңізге әлі де көп-көп үміт артамыз. Сіз ақырғы сөзіңізді әлі айтқан жоқсыз. Оны өзіңіз де орынды айтқан секілдісіз:
Ең жақсы өлеңімді,
Мен әлі жазған жоқпын…
Іздеймін керегімді,
Ішінде маздап оттың.
(Ілияс Омаровтың М.Әлімбаевқа жазған хатынан 21 қаңтар, 1973 ж.)
…Нақтылық, ойлылық, жинақылық — Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.
Мұзафар — біздің із-өкшемізді басып келе жатқандардың ішіндегі ең бір ірі ақын. Оның өзіндік беті бар, қолтаңбасы бар. Әрбір өлеңін жарыққа шығарарда әрбір сөзі үшін күресетін, өзіне-өзі сыншылық жасайтын сарабдал ақын.
Лирик ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдерінен заманның эпикалық зор тынысы, мол құлашы сезіледі.
Сырбай Мәуленов
Мұзафар Әлімбаев — шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы. Оның ғылымға тән таланты, миының зеректігі, асқан төзімділігі мен мүлде ерінбейтін еңбекқорлығы, уақытының көбін қағаз арасында, кітап ішінде өткізуі — бәрі де оның ғалымдық қасиетін айтып тұрған жоқ па?”
Ғафу Қайырбеков
Поэзияны, жалпы әдебиетті Мұзафардай бағалап, оны құдіреттің құдіреті деп ұғынатын адамды, ақынды қаламдас ағалардың арасынан мен әлі кездестіре қойғаным жоқ. Өз әріптестерінің шығармашылығын Мұзафардай қадағалап, қоймай, қомағайлана зерттеп отыратын ағайынды да әлі кездестірген емен.
Мұқағали Мақатаев
Әдебиеттер тізімі
Алтын сандық: Ел аузынан жиналып “Балдырған” журналында жарияланған ертегілер, мысалдар, аңыздар/ Құраст. М.Әлімбаев, К.Толыбаев.- Алматы: Мектеп, 1984.-
184 б.
Әлімбаев М. Ақсерек те көксерек: Тақпақтар, дастандар, ән-өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар.-Алматы: Жалын,1977.-191 б.
Әлімбаев М. Аспандағы әпке: Өлеңдер, ертегілер, жұмбақтар,жаңылтпаштар.-Алматы:Жалын,1982.-136 б.сур.
Әлімбаев М. Балдәурен, шіркін, балалық: Өлеңдер, әндер, аңыздар, ертегілер, дастандар.-Алматы: Жазушы, 1973.-376 б.
Әлімбаев М. Балдырғанның базарлығы. Мектеп пен балабақша сахнасына және сабақтан тыс оқуға лайықталған өлеңдер, әзіл-оспақ, жаңылтпаштар, жұмбақтар, әңгімелер.-Алматы: Қайнар,1977.- 156 бет,сур.
Әлімбаев М. Биікке, биікке: Балаларға арналған өлеңдер.-Алматы:ҚКӘБ,1955.-75 б.
Әлімбаев М. Жауқазын: Дастандар мен өлеңдер.-Алматы:ҚКӘБ, 1959.-100 б.
Әлімбаев М. Жолдар-жылдар: Өлеңдер. — Алматы: Қазмемкөркеммәдеббас, 1964.-184 б.
Әлімбаев М. Жүрек лүпілі: Өлеңдер мен поэма.- Алматы: Жазушы, 1967.-135 б.
Әлімбаев М. Екі тақтай — бір көпір: Өлеңдер, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертектер.- Алматы: Балауса, 1992. –102 б.
Әлімбаев М. Көңіл күнделігінен: Эссе, зерттеулер.-Алматы: Жалын, 1980.-239 бет:портр,
Әлімбаев М. Көңіл күні. Таңдамалы.- Алматы: Жазушы,1971.-199 б.
Әлімбаев М. Көргендерім көңілде: Деректі эссе, очерктер.-Алматы: Қайнар,1992.-344 б.
Әлімбаев М. Қалам қайраты: Эсселер, сын мақалалар.-Алматы: Жазушы, 1976.-223 б.
Әлімбаев М. Қоянның құлағы неге ұзын?: Өлеңдер, дастан, аңыздар, мысалдар, жұмбақтар, жаңылтпаштар.-Алматы:Балауса, 1996.-176 б.
Әлімбаев М. Құрбыма: Өлеңдер.-Алматы Қазмемкөркәдеббаспасы, 1954.-43 б.
Әлімбаев М. Менің Қазақстаным: Поэма.- Алматы: Қазмемкөркемәдеббас, 1960.-104 б.
Әлімбаев М. Менің ойыншығым.- Алматы: ҚКӘБ, 1953.-
8 б.
Әлімбаев М. Өмір. Өнер. Өнерпаз: Эссе, естеліктер, ой-толғамдар.- Алматы:Өнер, 1990. — 459 б.
Әлімбаев М. Өрнекті сөз — ортақ қазына. — Алматы: Қазақстан, 1967.-167 б.
Әлімбаев М. Өскеніңді ел көрсін: Өлеңдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар.- Алматы: Мектеп, 1989.-78 б.
Әлімбаев М. Өшпес от. Дастан мен өлеңдер. — Алматы: Жазушы, 1969.-112 б.
Әлімбаев М. Сен дегенде: Өлеңдер, балладалар, мысалдар. — Алматы:Жазушы,1979.- 223 б.
Әлімбаев М. Сүймеген жүрек семеді: Өлеңдер, балладалар, нақылдар. — Алматы:Жазушы,1982.- 228 бет
Әлімбаев М. Таңдамалы: 2 томдық.- Алматы: Жазушы.-
367 б.
Т.1 Өлеңдер.1983.-384 бет. Портр.; 21 см
Т.2 Дастандар. Балладалар. Аңыз-ертегілер
Әлімбаев М. Тәрбие туралы әңгімелер. — Алматы, Қазақстан, 1972.-123 б.
Әлімбаев М. Толқыннан толқын туады: Қазақ әдебиеті қайраткерлері шығармашылығына арналған зерттеулер, эссе, естеліктер.-Алматы: Қазақ университеті, 1992.-245 б.
Әлімбаев М. Ту тіккен: Поэма мен өлеңдер.- Алматы: Жазушы,1974.-154 б.
Әлімбаев М. Халық — ғажап тәлімгер- Алматы: Рауан, 1994.-144 б.
Әлімбаев М. Хас батыр Қасым Қайсенов.-Алматы: Білім қоғамы, 1981.-40 б.
Әлімбаев М. Шығармалар жинағы: Екі томдық.- Алматы: Санат,1997.- 624бет: портр
Т.1: Лирика: Дастандар: Аңыздар
Т.2: Лирика: Аңыздар:Балладалар:Өлеңдер
****
Әлімбаев М. Өмірім-өлеңім // Сөзстан: Әдеби портрет, мақала.- Алматы: Жалын, 1983.- Б.45
Ахметов Ш. Мұзафар Әлімбаев.- Кітапта: Ахметов Ш. Қазақ Совет балалар әдебиеті: Жоғары оқу орындары мен педучилище студенттеріне арналған оқу құралы.–Алматы: Мектеп, 1976.- Б.210-215
Сарбалаев Б. Бүлдіршін күнмен бір күлсін: [Балалар ақыны М.Әлімбаев туралы] // Сарбалаев Б. Өткірдің жүзі.-Алматы: Жазушы, 1992.- Б. 176-188
Мәуленов С. Талғам таразысы: [Ақын М.Әлімбаев туралы] // Мәуленов С. Сыр мен жыр.- Алматы: Жалын, 1991.- Б. 221-230
****
Әбілев Д. Өлең сөз патшасының жауынгері // Қазақ әдебиеті.- 1993.- 29 қазан.- Б.3
Әлімбай М. Айтары барды аузынан қақпас болар: [Жазушымен сұхбат. Әңг. Н.Жұмаханұлы] // Қазақ әдебиеті.-2001.- 23 наурыз.- 7 б.
Балта Ә. Мұзарт шыңдай Мұзаға: [Қазақстанның халық жазушысы, ақын М.Әлімбай 75 жаста] // Ұлан.- 1998.-27 қазан.-Б.2
Бәткеева Б. Бақытым алдан келер кешікпесін: [Ақын М.Әлімбаевтың лирикасындағы елдік рух туралы] // Қазақ тілі мен әдебиеті.- 1997.-№ 1-2.- Б.94-100
Достықтың төл перзенті — ұлы жеңіс!: [Майдангер, сөз өнерінің майталман ұстазы, қазақтың біртуар перзенті Мұзафар Әлімбаймен әңгіме] // Жас алаш.- 1999.- 8 мамыр.- Б. 3
Жыр шашу: Ақын Мұзафар Әлімбаев туралы // Ұлан.-1993.-25 мамыр.- Б.8
Қабдолов З. Аға буынның өкілі: [Жазушы М.Әлімбай туралы] // Заман Қазақстан.-1999.-16 маусым.-Б.9
Қашқынов Ж. Балажанды жыршы // Жас алаш.-1993.-30 қазан.- Б.3
Қыдырбеков Ғ. Сарабдал сөз сардары. — Егем. Қазақстан.-1993.-29 қазан.- Б.5
Марқасқа Мұзағаң: [Ақын М.Әлімбаев 70 жаста] // Алматы ақшамы.-1993.-27 қазан.- Б.3
Молдағалиев Т. Қаламы қолынан түспейтін ақын // Қазақ әдебиеті.-1993.-29 қазан.- Б.2
Мырзалиев Қ., Бөкен А. Бойға қуат, ойға — суат // Егем. Қазақстан. -1993.- 29 қазан.- Б. 4
Негимов С. Алуан қырлы өнерпаз // Жас алаш.-1993.-30 қазан.- Б. 4
Өмір деген кеңістікте осынау, ұшқан құспыз біз де көкте шырылдап…: Ақын, аудармашы, зерттеуші М.Әлімбаев 70 жаста // Халық кеңесі.-1993.- 30 қыркүйек.- Б. 6
Садыр Б. Мұзағаң асқан Мұзарттар: [Қазақстанның халық жазушысы, Қаз. Мемл. Сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын М.Әлімбаев туралы] // Егем. Қазақстан.-1998.-7 қараша.- Б.4
Серғазы Г. Ақындар уайымнан арылмайды: [Қазақстан халық жазушысы Мұзафар Әлімбай 75 жаста] // Алматы ақшамы.-1998.-30 қазан.- Б. 6
Тәуірбай Қ. Сөз серкесі: [М.Әлімбай туралы] // Айгөлек.-2002.-№ 2.- Б.8
****
Жетпіске келді Мұзата: 1-4 класс оқушыларына арналған әңгіме / ҚМРБК, Құраст. Оралғазина А. — Алматы, 1993.- 10 б.
Мұзафар Әлімбаев: Методикалық нұсқау хат: / ҚМБРК, Базарбаева М. -Алматы,1977.-10 б.
Мұзафар Әлімбаев: Методикалық ұсыныс /ҚМРБК, Құраст. Исабаев Б. -Алматы, 1983.-10 б.
МАЗМҰНЫ
1. Кіріспе орнына 3
2. Сексенге келді Мұзата: Ертеңгілік 6
3. Аңыз бенен ертегі еліктіре ертеді: Әдеби ойын 20
4. Ойлы жыр, орамды тіл: Әдеби саяхат 24
5. Поэзия патшалығында: Поэзия кеші 31
6. Балдәурен, шіркін балалық: Ойын 42
7. М.Әлімбаевтың әндері бойынша өткізілетін ән-кеші 48
8. Ойындар 49
9. Театрландырылған қойылымдар 51
10. М.Әлімбаев туралы қанатты сөздер 54
11. Әдебиеттер тізімі 56