ТҰҒЫР МЕН ҒҰМЫР


Скачать/Жүктеу

Төлен Әбдікұлы
1942 жылы Қостанай облысы Жанкелдин ауданының қазiргi Айса Нұрманов шаруашылығына қарасты Көлқамыс елдi мекенiнде туған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франц Кафка атындағы Европалық алтын медальдың иегері. Қазір «Өркениет» республикалық әдеби-көркем, қоғамдық журналының бас редакторы.
Негізгі шығармалары: «Оң қол», «Қайырсыз жұма», «Қонақтар» атты әңгімелері, «Парасат майданы», «Әке», «Тозақ оттары жымыңдайды», «Ақиқат» повестері, «Өлара» романы, «Біз үшеу едік» пьесасы. «Қыз-Бәтіш пен Ерсейіт» повесі бойынша «Өтелмеген парыз» атты көркем фильм түсірілген. «Қонақтар» мен «Әке» орта мектептің 7-8 сыныптарының хрестоматиясына енген.

198… жылы күзде аудан орталығынан шалғайда жатқан «Жеңіс» поселкесінің шетіне кештетіп шағын автобус тоқтады. Автобустан үстінде сұр плащ, басында сұр қалпақ, қолына таяқ ұстаған қарасұр егде кісі түсті. Әжім айғыздаған көңілсіздеу жүзінен кәріліктен бұрын сырқаттың азабын көбірек тартып жүргені байқалады. Сөмкесін жерге қойып, ауыр демалып, қалтасынан орамалын алып, терін сүртті. Содан кейін бейберекеттеу салынған шағын поселкеге, әлденені есіне түсіре алмағандай, аңтарыла қарап, біраз тұрды.

Үйлер қыр басында қаз-қатар болып көше түзегенмен, өзенге тірелетін ойпаңда суатқа топырлаған мал секілді сапырылысып, қиқы-жиқы болып кеткен. Орта тұста қос қабат екі-үш үй көрінеді, шамасы, совхоздың кеңсесі, тағы басқа қоғамдық-мәдени ғимараттар болар. Одан әрі жайқалған ағаштардың төбесі, оның арасынан ескерткіш секілді бірдеңе қарауытады.

Автобустан түскен өзге жолаушылар түйіншек-терін көтеріп, балаларын жетелеп, асығыс-үсігіс жан-жаққа тарап жатыр. Біршамада автобус та кері қайтты. Егде кісі, осы жерге қате келген жоқпын ба дегендей, төңірегіне жатырқай қарап әлі тұр. Әлден уақытта сөмкесін алып, таяғына сүйене ырғала басып, шеттегі үйге қарай жүрді. Жақындай бере, әлдене есіне түскендей, ойланып тоқтай қалды.

«Мынау баяғы мектептің орыны ғой», – деді күбірлеп. Иә, поселкенің шетінде болатын. Оның аржағында – интернат. Мынау шатырлы биік үй бұрынғы мектептің орынына салынған жаңа мектеп болуға тиісті. Сол жақтағы шеткі үй сол кездегі мектеп директоры Сәлімгерейдікі болатын.

Өз ойына өзі сеніңкіремей, жолаушы Сәлімгерейдікі болуға тиісті шеткі үйге келді. Жақындағанда көрді – үй мүлде бөлек үй. Көз алдындағы көрініс қайтадан жаттанып, алыстап сала берді. «Одан бері не заман, – деді іштей өзі ойынан өзі қорыққандай болып. – Жер бетінен тұтас мемлекеттер құрып кетіп жатқанда, қырық жыл бұрынғы жеркепені іздегеніме жөн болсын…»

Жолаушы қамыс шарбақпен қоршалған аулаға кіргенде, отын жарып жатқан жас жігіт жұмысын тоқтатуға себеп табылғанына қуанғандай, балтасын тастай сала:

– Ассалаумағаләйкүм! – деп жүгіріп келіп аман-дасты.

Жігіттің елгезектігіне іші жылыған жолаушы:

– Әликісалам, айналайын, – деді ентіге сөйлеп. – Кімнің баласысың, шырағым?

– Кәрімнің.

«Бұл қай Кәрім болды екен, – деп ойлады. – Ондай адам бар ма еді?.. Бәлкім сырттан келген біреу болар»…

– Е, бәрекелді. Мен алыстан – сонау Ресейден келе жатқан, негізім осы жерлік жолаушы едім. Жүрегім қысылып, автобус тоқтайтын жерден осы араға әрең келдім.

– Ойбай, үйге кіріңіз, – деді жігіт одан бетер елпілдеп.

Үйдің іші жұпынылау секілді. Қызыл күртеше киген арықтау жас келіншек төрге көрпе төседі. Көп ұзамай дастархан жайылып, шәй келді.

Шәй үстінде жолаушы үй иесінің ата-тегін сұрады. Жігіттің өз аты Қайсар екен, әкесі 50-жылдардың аяғында Алматыдан институт бітіріп, қызметке келіпті, содан осында біржола тұрып қалған, былтыр қайтыс болыпты. Шешесі аудан орталығында үлкен ұлының қолында екен. Арғы тектері Ақмоланың қыпшақтары көрінеді. Бірақ қай қыпшақ екенін жігіт таратып бере алмады.

Жолаушы: «Е, бәрекелді», – дегеннен басқа ештеңе деген жоқ.

Бір тұста менің де бірдеңе сұрауым керек шығар деген оймен Қайсар да:

– Ағай, кешіріңіз, өзіңіз кім боласыз? – деді дұрыс айттым ба дегендей келіншегіне бір қарап.

Жолаушы сәл-пәл үнсіз отырып:

– Менің атым Борис болады, – деді төңірегін таңдандыра түскісі келгендей нығарлай сөйлеп. – Борис Николаевич Иванов. – Содан кейін жұмсақтау үнмен: – Орыстың арасында жүрдік, паспортқа солай деп жазылып кетті, – деп жуып-шайғандай болды.

Жігіт пен келіншек таң қалып, бір біріне қарады.

– Поселкенің аты да, түр сипаты да өзгеріп кетіпті. Бұрынғы аты Ақшоқы болатын. Қазір мүлде бөтен жер секілді. Бірақ таныс белгілер де қалғанға ұқсайды. Мына шеткі шатырлы үй мектеп емес пе?

– Иә, мектеп, – деді Қайсар.

– Сол орында соғысқа дейін де мектеп болатын. Сендер отырған осы жерде екі отбасына арналған шағын қоржын үй болды, соның бір жағында мектеп директоры Сәлімгерей деген кісі тұрушы еді. Әлгінде сол үй емес пе деп бұрылған едім. Жақындағанда көрдім, ол үйлерден із де қалмаған секілді.

– Ағай, Сәлімгерей ата қазір де бар, осында тұрады. – деді Қайсар оқыс Сәлімгерейдің осында екеніне өзі таң қалғандай бір үнмен.

– А-а? – деді жолаушы әлде шошына, әлде таңдана. Содан кейін: – Осындасы қалай? – деді осы үйде ме дегендей жан-жағына қарап.

– Жоқ, осы поселкеде дегенім ғой. Қашық емес, төрт-бес үйден кейін.

Өзінің жоспарында жоқ бір оқиғаға кез болғандай жолаушы бірауық үнсіз ойланып қалды.

– Биыл сексен төртте. – Қайсар Сәлімгерей туралы әңгімесін жалғады. – Кемпірі қайтыс болған. Жесір қызының қолында тұрады. Шал әлі тың, той-томалақтан, жиналыстардан қалмайды.

Шай ішіліп болды. Келіншек «енді не істеуім керек?» деген сұраулы жүзбен күйеуіне қарады. Күйеуі ойланбастан:

– Тамақ сал, – деді.

– Жоқ, тамаққа әуре болмаңдар. Мен Сәлімгерейге барайын. Қайсар мені апарып салсын. Алла разы болсын, шырағым.

Сыртқа шыққаннан кейін Қайсар жолаушының сөмкесін алып, өзін қолынан жетелеп алды.

– Аға, байқаңыз! Біздің үйдің тұсында свет жоқ. Жолы да нашар. Былай қарай тура жүрейік.

Үй-үйдің арасымен жүріп, бұлар ауласы ағаш шарбақпен қоршалған, төбесінде шатыры бар, сырты аппақ тап-тұйнақтай үйдің қасына келді.

– Кіре беріңіз, – деді Қайсар дуалдың есігін шалқайта ашып. – Ит жоқ.

Ауланың іші де тап-таза. Үй иелерінің тазалық пен тәртіпке мән беретіндері байқалады. Бұлар қаракөлеңке дәлізбен жүріп, оң жақтағы киізбен тысталған есікті ашып ішке кіре бергенде, алдарынан сыртқа шығып келе жатқан әйелмен соқтығысып қала жаздады. Әйел аңтарылып шегініп, алдымен жол берді:

– Жоғары шығыңыздар. – Қалаша киген киімінен, шаш қойсынан қызметкер әйел екені көрініп тұр.

– Атай, жоқ па? – деді Қайсар әлдеқалай басын шайқап.

– Ол кісі әлгі қазірде бір жаққа шығып кетіп еді, келіп қалар. Төрге шығыңыздар.

Сырттан келгендер атайдың келетініне де, әйелдің шын ықыласпен шақырып тұрғанына да сеніңкіремегендей ошарылып тұрып қалды.

– Мына ағай алыстан келе жатқан жолаушы, тегі осы жерлік. Атайды біледі екен, көрейін деп едім деген соң, алып келіп едім… – Қайсар «енді қайттім» дегендей жалтақтап әйелге қарады.

– Енді осы арада тұрасыздар ма, жоғары шықпайсыздар ма? – деді әйел Қайсардың басы артық сөзіне қынжылғандай бір үнмен.

Қонақтар төргі бөлмеге өтті. Қаланың пәтеріндей қабырғаға тірелген стенка, ортада стол, оң жақта диван мен екі кресло тұр. Шалғайда жатқан поселке жұпыны болғанмен, мынау үйдің мәдени тіршілігі қатардан биік екені байқалады.

«Баяғыда да мұнтаздай киініп, шашын тарап, тіп-тік жүруші еді ғой» – деп есіне алды жолаушы бір кездегі ұстазын.

Бұлар қабырғаға ілінген фотосуреттерге, сөредегі кітаптарға қарап, тым-тырыс ұзақ отырды. Әйел бұлардың келгенін ұмытып кеткен секілді, өз шаруасымен сыртта жүр.

Әлден уақытта сыртқы есік сарт ашылып:

– Кімдер дейсің?.. Сұрамайсың ба?.. Немене? О, хұдауанда! – деп дабырлай сөйлеп кірген адамның үні естілді.

Үй иесінің келгенін сезіп, екеуі орындарынан тұрғанда, есіктен шашы аппақ қудай, қабағы мен кірпігіне дейін аппақ, төңірегіне шақырая қараған кішкентай шал көрінді.

Жарыса сәлем берген екеуіне ерінінің ұшын жыбырлата, жақындап келіп амандасты да, «танымадық қой» дегенді білдіре бейтаныс жолаушының қолын жібермей, ойланып қалды.

– Мен Сібір жақтан келемін, Сәке, – деді жолаушы күлімсіреп. – Елден ерте кеткенмін. Осы жаққа жол түскен соң, сізге сәлем берейін деп келіп едім.

– Е, бәрекелді, шырағым, – деп, мән-жайға түсініп, шал плащын шеше бастады.

Шал креслоға жайғасқанда, Қайсар орынынан тұрды:

– Ата, мен кеттім. Мына ағай сіздің үйді сұраған соң, әкеп тастайын деп келгенім ғой.

– Жарайды, шырағым.

Қайсар кеткеннен кейін, екеуі әңгімені неден бас-тарын білмегендей үнсіз отырып қалды.

Жолаушы ентіге демалып, орамалын алып терін сүртіп, көзінің қиығымен анда-санда үй иесіне қарап қояды. Бір кездегі киіктің асығындай ып-ықшам, сыпа да сырбаз жігіт кіп-кішкентай шүйкедей шал болыпты. Көзі жыпылықтап, шеке тамыры адырайып, баяғы беймаза шақарлау мінезден белгі беріп тұрғандай. Химия пәнінен сабақ беретін, өте ұқыпты, білімді мұғалім еді.

Кенет, әлде жол азабынан, әлде аурудан, жолаушы аяқ астынан қысылып, жанталаса қалтасынан дәрі алып, аузына салды да, онан сайын борша-борша болып терлеп, жағасын ағытты. Жантәсілім күйде ентіккен жолаушыны көріп үй иелері үрпиісіп қалды. Жолаушы әлден уақытта есін жиғандай болып, өзіне үрейлене қараған үй иесіне үн қатты.

– Денсаулықтан айрылғанымызға көп болған. Жолда өліп қалам ба деп қорқып ем… әйтеуір, аман жеткен секілдімін. Оған да тәубә!

– Қисайып жатсаңызшы… Атыңыз кім болады?

– Атымды әзірге Борис деп қабылдаңыз. Шамам жеткенде түсіндіріп айтармын…

Жолаушы диванға қисайды да, өзінің бөтен үйді әбігерге салғанына ыңғайсызданғандай: «Апырай, апыр-ай», – дей берді басын шайқап.

Алғашқы көрген әйел мұның қасына келіп:

– Дәрігер шақыртсақ қайтеді? – деді.

– Жоқ, әбігер болмаңыз.

Сүтпісірім уақыт шамасында қонақ та өзіне өзі келгендей болды. Дәрісі де көп екен, бірінен соң бірін ішіп, бірауық үнсіз жатты.

Үй иелері, мазасын алмайық дегендей, мұны бөлмеде жалғыз қалдырып, шығып кетті. Жолаушы, жүрегінің қысқаны сәл-пәл басылғандай болып, дүние қайта кеңіп, тіршіліктің рахатын сезгендей бір күйде маужырап жатқан.

Көзі ілініп кеткен екен, түс көрді. Түсінде айдалада төрт-бес адам жол бойында автобус күтіп тұр. Құдай-ау, жапан түзде неғылған автобус? Көкжиекте қалқыған сағым. Төңіректе тіршілік белгісі білінбейді. Желкілдеген боз селеу мен шилер ғана көзге түседі. Бәлкім, Аққұм жағы болар, әйтеуір, алыстан көрінген шағыл құмдарға қарағанда сол жақ секілді. Қанша күткендері белгісіз. Бәлкім бір күн, әлде бірнеше күн. Кенет, төзім таусылып, үміт үзіліп тұрған кезде, қайдан пайда болғаны белгісіз, алдарына шағын автобус келіп тоқтап жатыр екен. Көңілінде әлдебір қуаныш сезімі жылт еткендей болды. Автобусқа отырайын деп, ұмтыла бергенде оянып кетті.

Ең ғажабы, осы түсті ол ертеде, бәлкім, жас кезінде, бір рет көрген еді. Дәл сол күйі. Қу дала. Сарғайып күту. Мұның бүкіл өмірі өзі де анықтап білмейтін бірдеңені күтумен өткендей еді. Бірақ онда автобус келмейтін. Енді міне қанша жылдан кейін сол түсті екінші рет көргенде, зарыға күткен автобусқа кезігіп отыр.

Жолаушы түсін қалай жорырын білмей, әйтеуір көкірегінде жылт еткен бір қуаныш сезімін көңіліне медет қылып, шүкіршілік етті.

Бөлмеге Сәлімгерей кіріп, қонақтың жағдайын сұрады.

– Шүкір, – деді бұл көтеріңікі дауыспен өзінің сауығып қалғанын білдіре.

Көп ұзамай шай келді. Қонақтың аман-сау басын көтергеніне бәрі де қуанышты еді.

Әйел де күлімсіреп:

– Апырмай, үйімізге келе салып ауырғаныңызға қатты қысылдық қой. Ертең дәрігер баланы шақыртармын. Өзіміздің бала ғой. Қарап көрсін, – деді енді қорқатын ештеңе жоқ дегендей жайма-шуақ үнмен.

Шай үстінде де әңгіме жүріп кете қойған жоқ. Үй иелерінің «Ауданға қашан келдіңіз», «Автобус жүріп тұрған шығар», «Қарасиырдың жаман бөгетінен аман өттіңдер ме» деген секілді ұсақ-түйек сұрақтарына жолаушы қысқа ғана жауап береді. Әңгіме айтқың келмесе, одан әрмен дегендей Сәлімгерей де шақырая шалқайып, селқостау отыр.

Бір заманда ет келді. Үлбіреп піскен бағыланның еті исі бұрқырап тәбетті қозғап-ақ тұр. Бұл үйдің дәмі тамақты талғап ішетін қарт адамға арналып жасалатыны байқалады. Бірақ қонақ ауыз тигені болмаса, ештеңе жеп жарытпады.

– Ет дәмді екен… Жарықтық, бұл жақтың еті осындай ғой, – деп өзінің жей алмай отырғаны тамақтың сапасына қатысы жоқ екенін білдіргендей болды.

Еттен кейін әйел үстел үстін жинастырып, өздері шешіліп сөйлессінші дегендей, есікті жауып шығып кетті. Сәлімгерей креслоға отырып, қонаққа диванды көрсетті:

– Отырыңыз, әйтпесе, қисайып жатсаңызшы.

– Жоқ, отырайын, – деді жолаушы. Екеуі де енді әңгімеге ыңғайланғандай түр білдірді.

– Ал, – деді Сәлімгерей қонағына қарап. Онысы енді жөніңді айтатын кез келген шығар дегенді білдіргендей болды.

Жолаушы төмен қарап, неден бастарын білмегендей, біршама отырды да:

– «Адамның басы – Алланың добы» дейді екен, Сәке, – деді әлде қалай даусы қарлығып. – Мен де бір сондай допша домалап, тағдырдың тәлкегіне түскен жанмын. Өмірім күн мен түн секілді. Қысылмай, қиналмай еске алатын сәттерім де бар, айтуға аузым бармайтын тұстарым да аз емес. Бірақ соның бәрі қалай болды: әлде өзімнің жіберген қателігімнен бе, әлде маңдайыма жазылған ғұмыр осы болды ма, ол жағы бір құдайға аян. Кінәмнің не екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, өмір бойы еркімнен тыс, санамнан тыс бір зорлықтың ықпалында жүргендеймін…

Жолаушы әңгімесін әріден – балалық шағынан бастады. Сәлімгерей әлденені есіне түсіре алмай тұрғандай, қонағына сұраулы жүзбен қарап, емініп қалған.

Бір тұста есік болмашы ашылып, әйелдің жүзі көрінді де, бұлардың ұзақ әңгімеге кеткендей түрлерін көрген соң, есікті қайта жапты.

* * *

Бористің шын аты – Батыр болатын. Әкесі – Шәйкен елге танымал ғалым, әрі лауазымды қызметкер еді. Өз басы ұлық болғанмен, ата-тегі жалшыдан шыққан кедей әулет болған соң, босағада жүріп күн кешіп, жалтақтықтың зардабын көп көрді ме, әйтеуір өзінен кейінгі ұрпағының батыр болғанын қалап, атын осылай деп қойған.

Шешесі Сақып мінезділеу, жай сөйлегенінің өзі ұрсысқан секілді, жүрген жері у-шу. Күйеуіне де қарсы сөйлеп, балаларға жекіп отырғаны. Бірақ, енесі тепкен құлынның еті ауырмас деген, балалары оны елең де қылмайды. Батырдан басқа төрт жасар сары қыз Раушан – осы үйдің еркесі. Тұлымшағы желбіреп, адам ойына келмейтін бірдеңелерді тауып айтып, үйдің ішін базар қылып отырғаны. Оны ешкім бетінен қақпайды, не айтса да, не істе де, бәрі өзіне жарасып тұрады.

Бұл үйдің бір әдеті – қазаны оттан түспейтін. Екі күннің бірінде қонақ қабылдап, шешесі тамақ істеп үлгіре алмай, әбігер болып жатқаны. Әкесі мен шешесінің тірлігіне қарасаң, адам дүниеге қонақ күту үшін ғана келетін секілді. «Үй көрсете алмадық», «сыбаға бере алмадық» деп айдаладағы біреулерге қарадай қарыздар болып жүрер еді.

Әкесі жоқшылықты көп көрген ғой, қонақ шақыру тоқшылықтың белгісіндей болып, соның қызығын көре бергісі келе ме екен, ол жағын бір құдай білсін.

Бірақ, шынында да, қонақтар келген кезде отбасы шаттыққа кенеліп, әзіл-күлкі, әңгіме-дүкеннен үйдің іші кеңейіп, жарық болып кеткендей болады. Дас-тархан үсті толған түрлі-түрлі тағам, жеміс-жидек. Ішімдікті сөйлеп отырып ішу дағдыға айналған.

Айтылатын әңгіменің түрі көп. Әзіл, қалжың таусылмайтын бір жыр секілді. Әсіресе, әкесінің құрдасы Еркін деген кісімен екеуінің әзілдері отырған жұрттың күлкіден езулерін жидырмайды. Еркіннің айтқанын тыңдасаң, мұның әкесінен өткен әпенді жоқ, ал әкесінің әңгімесін тыңдасаң, Еркіннен өткен Қожанасыр бұрын-соңды болмағандай. Ара-арасында көрген-білген, естіген оқиғалар айтылып жатады. Кейде болып жатқан әлеуметтік оқиғаларға риза еместік те байқалып қалады. Жағымпаздар мен өтірікшілердің, пайдакүнемдірдің заманы деп отыратындары бар. «Құлдық сана», «рушылдық» секілді балаларға түсініксіздеу бір сөздер де ауызға жиі алынады. Алайда саясат туралы әңгімеге бәрі де жоламауға тырысатын. Әлдеқалай артық ауыс бірдеңелер айтылып қалса, біреу жасырынып тыңдап тұрғандай, үрейленіп, абыржып, «қайтесіңдер, қойыңдар» деп біріне бірі ақыл айтып жатар еді.

Кейде өңкей лауазымды кісілер келеді. Олардың әңгімелері тіпті бөлек. Олар көбіне бір-біріне деген ықыластарын білдіріп, неге бірін-бірі жақсы көретінін, неге осынша сыйлайтынын – біреу жоқ олай емес деп тұрғандай – өлердегі сөзін айтып дәлелдеп жатады. Өздерінің аттары да белгісіз – өңкей Бәке, Сәке, Төке, тағы сол сияқтылар. Әсіресе, Сәке әлде Зәке деген бір кісі шүлен үлестіргендей мақтау сөздердің не бір дүриясын таратып, жұрттың бәрінің аяқ-қолдарын жерге тигізбейді. Егер лауазымы жоғары біреу болса, одан ұлы, одан данышпан ешкім жоқтай етіп мақтар еді. Жұрттың бәрі оның сөзіне еттері үйренген, мынауың артық болды-ау деп жатқан ешкім жоқ. Тек ол жоқта кейбір құрдастары: «Сәкең адамды мақтағанда өлтіріп жібере жаздайды ғой» деп қалжыңдар еді.

Қыркүйекте әкесінің туған күні тойланды. Қонақтар көп болды. Әкесінің үстіне жабылған шапанда есеп жоқ. Балалар да сыйлықтан құр қалмады. Оюлап жасалған домбыраны қонақтардың бірі Батырға ұсынды. Батыр әкесінен ептеп домбыра үйреніп жүрген, мәз болғаны сонша, сыйлаған адамға не дерін білмей ыржалақтап күле берді. Раушанға өзінің бойына жуық қуыршақ ұсынған кезде, ол қуанғаннан үйді басына көтере шыңғырып, үй ішінде күлмеген адам қалмады.

Қуыршақ сыйлаған Ғалым аға балажан еді, Раушанды алдына алып, ертегі секілді бірдеңе айтып, екеу ара мәз болып отырған. Әлдеқалай «Шайтан» деген сөз айтылған болу керек, Раушан түсінбей:

– Шайтан деген не? – деді.

– Шайтан ба? Шайтан деген… – деп Ғалым аға қапелімде не айтарын білмегендей, аңтарылып тұрып қалды. Содан кейін: – Шайтан деген көзге көрінбейді, көрінсе, кейде басқа бірдеңеге… – деп аса түсінікті ете алмай күмілжіп қалған.

Раушан осы тұста әлденеден қауіптенгендей – соның алдында маса шағып, қолын ісіріп жіберген еді – Ғалым ағасына қадала қарап:

– Шақпай ма? – деді жұлып алғандай.

Оған үй ішіндегілер тағы да ду күлді.

Түн ортасына жуық қонақтар тарады. Батыр қызықты думанға толы тойдың әсерінен біразға дейін ұйықтай алмай, ақыры талып барып көзі ілінген. Әлде бір жағымсыз үндерден оянып кетті. Ол үндердің не екенін айыра алмай, біраз жатты. Кенет шешесінің жылаған даусын естігендей болды. Зәресі ұшып, орынынан қалай атып тұрғанын білмей қалды.

Бірінші көргені – үстінде ашық қоңыр кителі бар, теріс қарап тұрған ұзын мойын қара торы кісі, оның ар жағында абдырап, костюмінің түймесін сала алмай әлек болып жатқан әкесі. Есік жақта әскерше киінген дембелше біреу тұр. Шешесі шашы дудырап, әкесі әлде бірдеңеге көнбей жатқандай, жалбарына қарап, булыға жылап, арасында түсініксіз бірдеңелерді айтып, қайтадан булыға жылайды. Қасында тұрған бейтаныс кісілерде үн жоқ. Мынау оқиғаға қатысы жоқ адамдар секілді. Ештеңеге түсінбесе де, шешесінің жылағанын көріп, Батырдың жүрегі атқақтап аузына тығылды. Бір қарағанда осы тұрған көріністе кісі шошырлық ештеңе жоқ секілді еді, келіп тұрған адамдардың түрінен де қорқынышты ештеңе байқалмайтын, бірақ бір сұмдықтың басталғанын бала жүрегі әкесінің абдыраған жүзінен, шешесінің тұншыға жылаған үнінен анық білді.

Түпкі бөлмеден ұйпа-тұйпа болып кіріп келген Батырды көріп, Шәйкен қанша сабырлы болайын десе де, сабырлы бола алмады. Қасына келіп баласын құшақтап, өксіп жіберді де, өз үнінен өзі шошығандай, кілт тоқтап, ентіге дем алып, ештеңе айта алмай, үнсіз қалтырана күрсінді. Содан кейін артына бұрылып:

– Жылама, – деді әйеліне кекештене, – Раушанды оятасың. Балалардың зәресін ұшырмайық.

Әкесі көп ұзамай қайтып келетін адамша ештеңе айтпастан, шығуға бет алды. Есік алдында тұрған әскери адам, аса бір лауазымды адамға қызмет көрсеткендей, бұған есік ашып күтіп тұрды. Ең соңынан шыққан ұзын мойын бейтаныс кісі ешкімге бұрылып қарамай, мұндай оқиғаға көзім үйренген, маған сендердің уайымдарың, көз жастарың түкке де қажет емес дегендей бір сазарған бейтарап күйде немесе мен ештеңе де көрген жоқпын, сендерді де көріп тұрған жоқпын, ештеңе де білмеймін, ештеңе де айтпаймын деп те жоруға болғандай бір түрмен үн-түнсіз шығып кетті.

Олар кеткеннен кейін шешесі мұны құшақтап, өксіп ұзақ жылады. Неге жылап тұрғанын білмесе де, шешесіне қосылып Батыр да жылады.

Бірақ шешесінің де, өзінің де неге жылағанын ол көп ұзамай-ақ білді. Әкесі халық жауы деген атпен тұтқындалыпты.

Басқа түскен нәубеттің орасан үлкендігі сонша оны анықтап, мәніне терең түсініп, тұжырым жасауға, әрине, баланың шамасы жеткен жоқ. Тек аяқ астынан осындай жамандық тап болатын болса, неге аяқ астынан тағы бір жақсылық тап болмасқа дегендей әлде бір түсініксіз дәмеге емексіп жүрген.

Жамандық мұнымен тоқтамады. Екі күннен кейін бұларды төрт бөлмелі үйден шығарып, әлде бір барақ секілді ескі үйге көшірді. Бұрынғы үйге бұлармен аралас-құралас болып жүрген әкесінің бір қызметтес достарының бірі кірді. Шешесі бар бәлені солардан көріп, қарғап-сілеп, балағаттап жүрді.

Алайда бәле мұнымен де тоқтамады. Бір аптадан кейін шешесі ұсталды. Шешесі кетіп бара жатып, жылауға да шамасы келмеді. Демі таусыла булығып, бәленшеге, түгеншеге хабарлас деп, араласып жүрген бір-екі достарының атын сыбырлай айтып, содан кейін зарлана сөйлеп: «Бір Аллаға тапсырдым, бір Аллаға…» – дей берді демікпе адамдай қатты ентігіп.

Шын қасіретті Батыр енді түсінді. Үрей дауылы аяқ-қолын жерге тигізбей, беймәлім бір жаққа ұшырып ала жөнелгендей болды. Қарсыласарға дәрмені жоқ еді. Қолынан келгені қорқу ғана. Төрт жасар қарындасымен екеуі сәби санасы түсініп болмайтын қатыгез уақытпен, күнмен, түнмен, мейірімсіз билікпен, беймәлім тірлікпен бетпе-бет қалды.

Қарындасы шешесін іздеп шырылдағанда Батыр не істерін білмей қосыла жылаған. Кенет енді не істеу керек деген сұрақ алдынан шыққанда, өзін құлама жардың шетінде тұрғандай құйқа тамыры шымырлап есін жиып алды. Не істеу керек – мына қарындасын өлтіріп алмай, өзі өліп қалмау үшін бірдеңе істеу керек. Магазинге бару керек, тамақ істеу керек. Шешесі тастап кеткен ақшаны үнемдеп жұмсау керек. Әр жағы белгісіз. Одан әрі ойлауға Батырдың ақылы жетпейді. Қарындасы, бала неме, жылап-жылап ұйықтап қалды, Батыр таң атқанша көз ілген жоқ.

Келесі күні таңертең бараққа бір әйел келді. Өзін көрген секілді, бірақ жыға таныған жоқ.

– Мен – әкеңнің досы – Ғалым деген кісінің көршісімін. Сендердің жағдайларыңды біліп кел деп жіберді. Олар келе алмады. Күніміз не болады деп өздері де әрең отыр.

Әйел Батырды іргедегі базарға ертіп апарып сүт, айран, май, ет алуға көмектесті. Сүтті таңертең ерте келіп алмаса, бітіп қалатынын айтты. Тамақты қалай істеу керек екенін түсіндірді.

– Шырағым, бұған дейін ерке болған шығарсың, бала болған шығарсың, енді амал жоқ есеюге тура келеді. Тамақ істеп үйрен, кішкентай қарындасыңды ойла. Оның сенен басқа ешкімі жоқ. Ал жақсы, құдай жар болсын, қарақтарым. Өзім келіп тұрармын, – деді кетерінде.

Екі күннен кейін таңертең базардан сүт алуға кезекте тұрғанда әлде бір егде әйел Батырдың иығынан түртіп, анандай жерде тұрған машинаны көрсетіп:

– Шырағым, сені ана машинаның ішінде бір кісі шақырып тұр, – деді.

Батыр ештеңеге түсінбей машинаның қасына барғанда сұр макентош киген жалтыр бас кісі мұны ішке кіргізіп алды. Батыр таныды, үйге қонаққа талай келген, жоғарғы қызметтердің бірінде істейтін Раха деген кісі. Оның шын есімін де, қызметінің атын да бұл білген емес. Әйтеуір жұрттың бәрі қолпаштап, қошемет көрсетіп жататын.

Раха бұған көзінің қиығымен қарап тұрып:

– Айналайын, сендердің жағдайларыңды біліп отырмын. Қол ұшын беруге шама келмей жатыр. Шәйкеннің басына келген жағдай бәрімізге де келуі мүмкін. Мына машина ішінде тығылып сөйлесуге мәжбүр болып отырған себебім сол. Мынаны күнкөрістеріңе жаратыңдар, – деп бір уыс ақшаны Батырдың қолына ұстата салды.

– Мектепке барып жүрсің бе? – деді сосын бұған бұрыла қарап.

– Жоқ, – деді Батыр. – Кішкентай қарындасым жалғыз қала алмайды, қорқады.

– Апыр-ай, – дегеннен басқа Раха ештеңе айта алмады.

Төрт-бес күннен кейін үйге тағы бір әйел келді. Ата-анасы жоқ жас балаларды балалар үйіне жіберу керек екен. Бұлардың аты-жөндерін, туған жылдарын жазып алып кетті. Арада бірнеше күн өткенде осы әйел Батырды әлде бір мекеменің директорына әкелді. Директор шашы қоқырайған беті шамадан тыс аппақ, жалпақ бет әйел екен, бұның бас, аяғына көз жүгірте қарап тұрды да:

– Нешінші класта оқисың? – деді.

– Алтыншы да.

– Жақын туыстарың бар ма?

Батыр жақын туыстардың кімдер екеніне түсінбей директордың бетіне қарады.

– Әкеңмен, не шешеңмен бірге туысқан біреулер бар ма? – деді директор «бар жоғы маған бәрібір» дегендей басқа бір қағаздарын ақтарып жатып.

– Жоқ.

Директор әлде бір қағазын тауып алып, соған қарап тұрып:

– Кішкентай қарындасыңды балалар үйіне жібереміз, – деді. – Бағусыз қалған балалардың бәрін сонда жіберіп жатырмыз.

– Қайда?

– Семейге, – директор қағаздан басын көтеріп, сөзінің қалай әсер еткенін білгісі келгендей Батырға қарады.

– Мені ше? – деді Батыр зәресі ұша.

– Сені басқа бір интернатқа, не балалар үйіне орналастырамыз.

Батыр бірдеңе айтайын деп еді, демі таусылып, сөйлей алмады. Түрі күреңітіп, не айтып тұрғанына өзі түсінбей:

– Ол жалғыз қалай барады? Менсіз қалай… – деді тұтыға.

– Ештеңе етпейді, барлық балаларды солай жіберіп жатырмыз.

Кіп-кішкентай Раушанның, қағу көрмей, еркелеп өскен сәби қарындасының жалғыз кететінін енді анық түсінген Батыр алақтап, не істерін білмей, жан-жағына қарай берді де, кенет бар даусымен өкіріп жылап қоя берді. Екі қолымен қапсыра ұстап, алдындағы столға басын ұрғанын өзі білген жоқ. Қасында отырған әйел мұны ұстай алды. Батыр өзін тоқтатуға шамасы келмей, тоқтаусыз жөтелгендей бір дыбыспен демі біте үздігіп, бірауық дыбысы шықпай үнсіз қалғанда директор да, әйел де бұған шошына қарады. Әлден уақытта барып шегін тарта қайтадан еңірей жөнелді.

– Екеуін бірге жіберуге болмас пе екен? – деді әйел директорға жылап отырған баланы көзімен көрсетіп.

Директор қолын жайып:

– Орын жоқ, – деді орынның жоқ екеніне өзі де таң қалғандай бір үнмен. – Осы бір орынның өзін әрең тауып отырмын.

Бұл сөздерді Батыр естіген жоқ. Армансыз жылап, бойы сәл жеңілдеп, өзіне-өзі келген секілді.

– Оны жалғыз жіберуге болмайды, – деді ол. – Өзі өте қорқақ. Жүрегі ұшып кетеді ғой… – Сөзін аяқтай алмай тағы да кемсеңдеп кетті.

– Онда былай қылайық, – деді директор сәл жібігендей бір үнмен. – Қарындасыңды басқа балалармен қосып жібере береміз. Сосын артынан орын тауып өзіңді жібереміз. Қазір орын болмай жатыр. Жарай ма?

Батыр үндеген жоқ. Директор оны келіскеннің белгісі деп ұғып:

– Бара беріңдер, – деді әйелге қарап.

Қарындасынан айрылу Батырға өте ауыр болды. Шырылдап жылаған Раушанның жүзінде неге бұлай болып жатқанына түсінбеген сәбидің қиналысы мен қорқынышы жатыр еді.

Бір кезде дәурені жүріп, абыройы артқан, дастарханы дос-жаранға, жақсы мен жайсаңға күнде жайылып, думанды да қызықты күндері көп болған отбасының шаңырағы өстіп ортасына түсті.

Бұдан кейінгі өмір Батырға әсері жоқ, жылуы жоқ бір мағынасыз уақыт секілді болып көрінді.

Осындай күндердің бірінде әкесінің досы Ғалымның үйіне барып, тамақ ішіп, қайтып келе жатқанда қала шетіндегі парк секілді бір жерде болып жатқан үлкен жиынның үстінен шықты. Батыр жақындап келгенде көрді – ішінде өзі білетін таныс адамдар аз емес секілді. Биік мінбердің үстіне шығып әлдекімдер айғайлап сөйлеп жатыр. Кенет өзінің үйіне келіп жүретін өте сыйлы үлкен кісі екі қолтығынан демеген екі жас жігіттің көмегімен трибунаға көтеріліп:

– Елімізде сатқындар көбейіп кетті. Ортамызды солардан тазартуымыз керек. Партиямыз бен үкіметіміздің дұрыс саясатын мен қолдаймын, – деді де, міндетімнен құтылдым ба, құтылмадым ба дегендей, екі жігіттің жеңінен өзі ұстап, апыл-ғұпыл тез-тез басып түсіп кетті.

Шеттеу тұрған екі кісі сыбырласып, сөйлесіп тұр.

– Өткен жолғысы басқа біреу еді ғой, – дейді мұрттысы жиынды басқарып жүрген толық сары кісіні көрсетіп.

– Өткен жолғы қайыс қара ұсталып кетіпті ғой, – деді қасындағы аққұба жастау жігіт.

– Қойшы, – дейді мұртты таң қалып. – НКВД-нің да адамдары ұсталады екен-ау.

– Неге ұсталмайды? Олар адам емес пе? – Жастау жігіт осыны айтып, өз сөзі өзіне оғаш көрінгендей мырс етіп күліп жіберді. Содан кейін ұрлана жан жағына қарап, Батырды көрді де, баласынып, оған мән бермей, тағы күлді.

Адамдар кезек-кезек трибунаға көтерілуде. Сөздері негізінен бір-біріне ұқсас, тек біреулері қатты айғайлап, біреулері орташа дауыспен сөйлейді. Біреуі өлең оқыды. Оған біреулер қол соғып жатты.

Болып жатқан оқиғаның астарына ешкім мән беріп тұрмаған секілді. Әр кім өзінің амандығына қуанғандай, жайдары кейіпте бір бірімен алаңсыз әңгімелесіп тұр.

Батыр өзін «азап мен уайымның шегіне жеттім, бұдан әрі мені бақытсыз ету мүмкін емес шығар» деген секілді бір ойдың жетегінде жүрген болатын. Бірақ бақытсыздықта шек жоқ екен. Семейге бара жатқан жолда салқын тиіп, науқастанып, кішкентай қарындасы Раушан қайтыс болыпты деген хабарды естігенде, Батыр есінен танды. Аздап есіріктеніп, орынсыз сөйлеп, орынсыз күле бастағанын естіп, Ғалым мұны ауруханаға жатқызды. Батыр бір айдан кейін есін жинап, қалпына келді. Бірақ бөтен бала секілді. Сөйлеген сөзінде, мінезінде, көз қарасында бір жаттық бар.

Қыс ортасында Батырды Семейдегі интернатқа жіберді. Халық жауларының балаларын Алматыда қалдыруға болмайды екен. Батыр өзін Семей түгілі шетелге асырып жіберсе де, ренжиін деп отырған жоқ-ты. Үйткені енді оған бәрі бір еді.

Ауырғанды сезбеу үшін арнайы укол алған адамдай жан күйзелісін алыстан ғана сезініп, әлдебір доғал түйсікпен жүрген осы күйін өзі дұрыс болды деп ойлады; алғашқы қайғының жетегінде кетсе, тірі қалу-қалмауы неғайбыл секілді көрінді.

Әйтсе де халық жауының балаларына деген көзқарасты сезбеу мүмкін емес еді. Бұлар есіктері дұрыс жабылмайтын, терезелерінен жел саулаған, сыз қабырғалы ескі бөлмелерде жатты. Тіпті төсек орындарына дейін тозығы жеткен ескі-құсқы бірдеңе еді. Тамақты да бөлек үстелде отырып ішеді. Әлде бір мереке кездерінде немесе жоғарыдан өкілдер келгенде, бұларды сапқа тұрғызбайды. Еден жуу, отын-су тасу секілді қара жұмыстардың бәрі осылардың мойнында.

Ең бастысы, сол үшін бұларды мүсіркеп, осыларға обал болар-ау деп жатқан ешкім жоқ, қайта соның бәрі әлі де аздау болып тұрғандай көрінетін секілді.

Мектепте неше түрлі балалар оқиды. Шектен шыққан бұзақылар көп. Олардан мұғалімдердің өздері қаймығатын. Әсіресе, 9-класта оқитын ұзын бойлы, арық, бірақ қолдары күректей Есентай, аты оқушы демесең, соқталдай жігіт. Үзіліс сайын туалеттің ішінде бұрқыратып темекі тартып тұрғаны. Қылмыс жасайтын топпен байланысы бар екен деген де сыбыс бар.

Бірақ балаларға зәбір жасайтын ол емес, біреуге тиіспесе, жүре алмайтын есерсоқтау ұсақ-түйек сотқарлар. Олар біреуді қорлағаннан, зорлағаннан, жылатқаннан айрықша ләззат алатын секілді. Кім көбірек қатыгез болса, соның беделі үстем.

Осының бәрі зиялы қауым отбасында тәртіп пен тәрбиенің қорғауында өскен Батырға өте ауыр тиді. Өзінің түсінігі бөлек, ғұрпы бөлек басқа бір әлемде жүргенін сезді. Бұл ортаның ережесін қабылдап, оның өз адамына айналу қандай ауыр болса, ол ортада бөтен адам болып жүру де сондай ауыр еді.

Бір рет жоғарғы класста оқитын Шәкен деген жалпақ сары бала коридорда тектен текке мұны желкесінен түйіп жіберді. Еш қандай себеп жоқ, ұрғысы келді, ұрды, бітті. Оған әлі келмейтінін білген Батыр да ештеңе дей алмады, үн-түнсіз кете берді. Бірақ түні бойы қорланып жылап, ұйықтай алмады. Жынұрған адамдай өзінен өзі бағжаңдап жүретін бір тентек асханада мұның қолындағы нанын жұлып алып, аузына бұралай тығып, бұған бұрылып та қарамастан, кете барды. Қарсы тұруға мұның жүрегі дауаламайтынына сенімі зор.

Әйтсе де төзім де шексіз емес. Мың күн сынбаған шөлмек бір күні сынады.

1-май мерекесінде мектептің ұзын коридорында концерт болды. Батырмен жатақханада бірге жататын Сәбит бұған шеткерілеу тұстан орын алып қойған екен, сахнада не болып жатқанын көретіндей мүмкіндіктің болғанына қуанып, бұлар көңілді отырған. Кенет Батыр өзінің сол жағында отырған қыздың Шәрбат екенін көріп, қарадай қысылып, терлеп, берекесі кетті. Шәрбат 6 «А» класында оқитын ең әдемі, әрі әнші қыздардың бірі. Бірақ салқын тиіп, тамағы қарлығып, өлең айта алмайтын болыпты. Жайдары ашық қыз екен, Батырмен көптен таныс адамдай еркін әңгімелесіп отырды.

Концерттің орта тұсында сырттан ересек екі бала кірген. Біреуі жалпақ сары Шәкен еді. Алқа-салқа болып, ісініп, шалқақтап тұрған тұрысынан мақтаншақ екені көрініп тұр. Бос орын іздеп, біраз тұрғаннан кейін, жақын тұрған Батырды көріп:

– Әй бала, тұр! Үлкенге орын беру керек, – деді мұны иығынан нұқып.

Батыр естімеген болып отыра берді.

– Әй, мен кімге айтып тұрмын? – деп Шәкен мұны жеңінен жұлқып қалды.

Істің насырға шауып бара жатқанын сезіп, Сәбит орнынан тұрды.

– Жоқ мен мынаның орынына отырамын, – деді Шәкен енді Батырға әбден шүйлігіп.

Батыр оған үнсіз қарап тұрды да:

– Мен өз орынымда отырмын, – деді бейбіт үнмен.

– Слушай, мен саған не дедім? Әлде ести алмай қалдың ба? А? – Шәкен еңкейіп, жауап күткен адамдай құлағын тосты.

– Естідім, бірақ орындағым келмейді, – Батыр да аяқ астынан қырсыға қалды.

Сәбит Батырды бүйірінен түртті:

– Қой, құрсын кетейік.

– Кетпеймін, – деді Батыр. Бір есептен, кетсем бе деп те ойлап еді, бірақ мына басбұзар жәй да сұрамай, әкіреңдеп, келісімге баратын жолды бітеп тастап отыр.

Шәкен жанындағы жылтыр қара балаға қарап:

– Мынау не дейді? – деді Батырды басымен нұсқап көрсетіп.

– Бұл баланы түлен түртіп тұр.

– Тұрасың ба, тұрмайсың ба? Соңғы рет айтамын, – Шәкен бұл жолғы сөзім бір бөлек дегендей қабағы түйіліп сазара қалды.

Батыр жауап берген жоқ.

Кенет Шәкен қатты долданып, Батырды желкеден ұстаған күйі дырылдата сүйреп, шетке шығарды да, желкеден бір ұрып, ұшырып жіберді.

Отырғандар бұларға ошарыла қарады. «Ау, бұл не?», «Қойсаңдаршы» деген дауыстар естіліп жатты.

Мені де өстіп шығара ма деп қорыққандай, Сәбит те атып шықты.

Осы кезде қып-қызыл боп түтіккен Батыр, жығылып жатып жерден күш алғандай, атып тұрып, орынға отыра берген өзінен ересек баланың жағасына жармасты. Өзінен күшті, әрі аты шыққан тентек баладан түк қорықпай тұрғанына оның өзі де таңқалып еді. Қатты ашудың адамға ерекше қуат беретінін ол бұрын білмейтін. Өзіне бір жақтан көмек келгендей арқаланып, енді не істеймін десе де, еркі бардай және ештеңеге жауап бермейтіндей өзін еркін сезінді.

Шәкен өзінен кіші баланың мынандай шабуылын күтпеген болу керек:

– Өй, өй, – дей берді қорғалақтап. – Атаңа нәлет өлгің кеп жүр ме? – деді де, орынынан тұрып, Батырда итермелей, мұның шаруасын біржола бітірейін дегендей, бүйірдегі есіктен сыртқа алып шықты. – Мен саған көрсетейін, иттің баласы…

Құлаштай ұрған соққыдан Батыр тағы да ұшып түсті. Шәкен долданған күйі оны умаждап, соққының астына алды да, тұра беріп іштен екі рет тепті.

Ол осымен шаруа біткен шығар деп, бұрылып ішке ене бергенде, артынан қайта жармасқан Батырды көріп, бір сәт сасып қалғандай болды. Батыр соны пайдаланып, бетінен бірнеше рет ұрып үлгерді.

Тұщы етіне ащы таяқ тиген долы тентек:

– Өй, әкеңнің… – деп алас-күлес қайта ұмтылды. Батырды көтеріп әкеліп, балшықтың үстіне алып ұрды да, тамағынан қылғындыра: – Қоясың ба? – деді барылдап. – Жоқ, қоясың ба?..

– Өлтірем, – деді Батыр қырылдап. Ашудан күш алған Батыр денесінің ауырғанын да сезген жоқ. Тырбаңдап жатып, ретінің қалай келіп қалғанын өзі де байқаған жоқ, үстіндегі баланы аяғымен бастан бір тепті.

– Өй, әкеңнің… – Шәкен одан жаман долданып, астындағы баланы тағы да құлаштап ұра бастады.

Батыр қайтатын емес. Бір көзі ісіп, жабылып қалған. Аузында жылымшы қанның дәмі.

Шәкен ұра-ұра шаршаған адамдай орынан тұрып, екі-үш қадам шегініп, өлі тірісін білгісі келгендей, екі бүйірін таянып, Батырға қарап қалған. Батыр орынан тұрды да, жерден қолына іліккен жұдырықтай бір тас-ты алып, жіберіп қалды. Шәкен, құдай сақтағанда, бұғып үлгерді, тас мектеп терезесінің күл талқанын шығарды.

Осы кезде Шәкен шын қорықты. Мынаның өлтіріп тастамасаң, қоятын түрі байқалмайды.

– Әй, мынауың жынды ғой! Өлтіресің бе адамды? – Шәкен тағы бірдеңемен ұрып жүре ме деп жүгіріп келіп, Батырдың екі қолынан қапсырып ұстай алды. – Қойсаңшы, болды ғой енді. – Даусы жалынғандай шықты. – Кенет шыңғырып қолын ербеңдетіп шегініп кетті. – Мынау оңбаған, қолымды тістеп алды, – деді, жан-жағына қолын көрсетіп. Шәкен мына баланың бірі өліп, бірі қалатын ережесіз төбелеске көшкенін сезіп, жұмсара бастады.

– Болды, болды енді, давай, татуласайық. Жарай ма?

Батыр оның сөзін естіген жоқ. «Өлтірем» дейді қырылдап, жалғыз көзімен ежірейе қарап. Кенет өзіне тағы бірдеңе айтқысы келіп, жақындай берген Шәкенннің тұмсығынан басымен бір пергенде, ананың «А-а-а» деген даусы бір-ақ шықты. Мұрынынан қан кетті. Батыр тағы да оның жағасына жармасты.

Шәкен енді шын жалына бастады:

– Айналайын, қоя ғой енді, болды ғой. Міне, менің де мұрынымнан қан кетті. Мен қойдым. – Сосын жанындағы жылтыр қараға қарап: – Ұсташы мынаны, құдай үшін, – деді.

Жылтыр қара араға түсіп, басу айта бастады.

– Қой енді. Төбелестің де бітетін кезі болды ғой. Атың кім өзіңнің?

– Батыр, – деді Сәбит.

– Өзің де батыр екенсің. Қоя ғой. Қазір мұғалімдер біліп қалса, екеуіңді де оңдырмайды.

Сол екі ортада Шәкен жоқ боп кетті. «Қашып кетті», – деді Сәбит сыбарлап.

Төбелесетін адам болмағаннан кейін, Батыр да басылды.

Келесі күні терезені сындырған адамды іздеп, мұғалімдер тергеу жүргізді. Бірақ ешкім мойындаған жоқ. «Түнде бір мас адамдар жүрген, солар болар» деп балалардың бірі тергеуді теріс жолға түсіріп жіберді.

Сол күннен бастап, Батырдың жаңа өмірі басталғандай болды. Ашу деген бір серік тапты. Ашуға ерік берген кезде мүлде әруақ қонған адамдай арқаланып, ештеңеден қорықпайтын, арты не болар екен деп ойламайтын өлермен бір күйге енетін. Тентек балалар бұдан қаймығатынды шығарды.

Осындай әр күн үшін арпалысқан өлермен күреспен, өгей сезіммен, болжаусыз беймәлім тіршілікпен жүріп Батыр алтыншы класты қалай бітіргенін де аңдамай қалған секілді.

Жетінші класта алыс-жұлыспен шыңдалып, бойы өсіп, біржола ересек балалардың қатарына қосылды. Топ-топ болып шайқасатын төбелестерге қатысып жүрді. Ақша салып карта ойнайтындардың да арасына ілікті. Темекі тартатынды шығарды. Бұларды мектептен шығару туралы бірнеше рет мәселе қаралды. Бірақ әлде бір себептермен сөзбұйдаға салынып, кейінге қалдырумен келеді. Қысқасы, Батыр қаланың кәдімгі бұзақы баласына айналды.

Алайда осы тірліктің аяғы жақсылыққа апармаған секілді. Қаланың баукеспе ұрыларымен болған қырғын төбелесте бұлардың атаманы Есентайды өлтіріп кетті. Төбелеске қатысқандарды тергеуге шақырып, мектептен шығаруға шешім қабылдады. Одан кейін әлдекімдер араласып, бұларды тағы қалдырды. Арада көп өтпей, газетке мақала шығып, бұлардың ісін қайта қарады. Бірақ оның аяғы немен аяқталғанын ешкім де білген жоқ. Бітпейтін дау, гу-гу әңгіме, өмір осылай өтіп жатты.

Батыр мектептен шығамын деп бәлендей қайғыра қойған жоқ. Біріншіден, өзінің бұған дейін бастан кешкен қасіретімен салыстырғанда бұл әншейін түкке тұрмайтын нәрсе секілді. Екіншіден, кездес-кен қиындықтарды белден басу, тентектікпен жеңу өзіне ұнайтын. Алайда осының бәрі өзін өзі алдарқату екенін де іштей мойындамай тұра алмайды. Қанша ойламайын десе де, өткен өмірді ұмыту мүмкін емес. Есіне түссе болды, түбі жоқ түнек қайғыға шым батып кете барады.

Ондайға көбіне көрген түстері әсер етеді. Бірде түсіне әкесі кірді. Өзінің баяғы кішкентай кезі екен. Торлап тастаған тақтай көпір секілді бірдеңенің үстімен кібіртіктеп жүре алмай келеді. Тақтайдың арсиған ара-арасынан қап-қара болып терең құз көрінеді. Түсіп кетем бе деп қорыққанннан бұл жан жағына алақтай қарап, өзінен әудем жерде төмен қараған күйі тақтай-тақтайдың арасымен аттай басып кетіп бара жатқан әкесін көреді. «Көке!» дейді бұл жан даусы шыға айқайлап. Бірақ көкесі бұған бұрылып та қарамайды. Ұзап барады. Батыр өзін жанындай жақсы көретін көкесінің неге бұған қарамай кетіп бара жатқанына түсінбей, тұрып қалған… Кемсеңдеп жылап жатқан күйінде оянып кетті.

Көрген түсінің байыбына жете алмай, өң мен түстің ортасында мең-зең болып ұзақ жатты.

Ол өзінің екі адамға айналғанын сезді. Оңашада – қанжүректі қайғылы, жұрт көзіне мұқалмайтын тентек.

Батырдың жалғыз ғана қорғанышы болды, ол – оның сабаққа деген зеректігі. Пәлендей ұқыптылығы мен ыждһаттығы болмаса да, ұғымталдығын мұғалімдер білетін. Әдебиеттен сабақ беретін, әрі класс жетекшісі Ағыбай бұған анда-санда жылы қабақ көрсетіп қояды. Мұның әкесі Шәйкеннің өзіне училищеде сабақ бергенін де әңгіме қылған.

Бір күні Ағыбай Сәбит екеуін сабақтан кейін класқа алып қалды. Ағыбай қабағы кіржиіп, үнемі шаршап жүретін, көзі қитарлау, бұйра шашты сары жігіт. Әлдекімге ренжігендей, екі көзі екі жаққа қарап, ойланып отырды да:

– Қалай жағдайларың? – деді алдында отырған екі балаға жаңа көргендей аңтарыла қарап.

– Жаман емес, – деді Батыр да әлденеге түсінбегендей сұраулы жүзбен.

– Мынандай мәселе болып тұр. – Ағыбай балаларға тура қарап, жөнделіп отырды. – Сендер естерің кіріп қалған балаларсыңдар. Не ойлап жүрсіңдер? Осылай халық жауының баласы деген атпен елдің қоры болып жүре бересіңдер ме, әлде ел қатарына қосылғыларың келе ме? Сендер ертең мектеп бітіргеннен кейін де, жоғарғы оқу орнына түсе алмайсыңдар. Сонда өмір бойы қайыршы болып өтесіңдер ме? Қазір ақылы бар балалар фамилияларын өзгертіп жатыр. Қалай болғанда да әкенің тағдыры сендердің бақтарыңды байламауы керек. Тіпті солардың өздері де сендерге осы ақылды айтқан болар еді. Үйткені оларға да керегі ең алдымен сендердің болашақтарың. Осыны екеуің ойланыңдар. Маған қажеті шамалы. Өздерің үшін. Келісімдеріңді берсеңдер, қалған шаруасына өзіміз көмектесеміз.

Ағыбай кетерінде бұларға жамандық ойлап отырмағанын, біреуінің әкесі өзіне сабақ бергенін, ал біреуінің өзіне туыс екенін даусын төмендетіп, сыбырлағандай болып айтты. Сәбиттің мұғалімге туыстығы бер екенін Батыр сонда білді.

Мектеп директоры әлде бір идеялармен көзге түспесе, жүре алмайтын белгілі белсенділердің бірі еді, өзі басқаратын мектептің үкімет пен партия саясатын қалай қолдап жатқанын білдіру үшін дуылдатып жиналыс өткізді. Газеттен журналистер келді. Халық жауы болып атылған, түрмеде жатқан әкелерінен бас тартып, жаңа өмірге бет бұрған, коммунистік идеяға адал берілген балаларды өзгелерге үлгі ету рәсімі жасалды.

Мұғалімдердің қыстауымен аты-жөндерін өзгертуге келісім берген бірнеше бала жаттап алған сөздерін мүдірмей айтып шықты. Бұлардың енді пионерлер слетіне делегат болып сайлануға, пионер лагеріне жолдама алуға, комсомолға өтуге хақылары болады екен. Тек Сәбит қана сөзін айтып бола беріп, еңіреп жылап, жиынның салтанатына біршама көлеңке түсіргендей болды.

Ағыбай жиын үстінде Батырдың қасына екі рет келді. «Сен әлде де ойлансаң қайтеді, – деді ол сыбырлай сөйлеп. – Өз болашағыңды өзің байлап отырсың ғой… Ең болмаса, мектепте қалар едің. Енді басқа амал болмай тұр ғой…»

Батыр төмен қараған күйі үнсіз басын шайқады. Аузын ашса, жаңағы Сәбит секілді еңіреп қоя беретінін сезіп тұр.

Бұдан кейін Батырдың жағдайы тіпті ауырлап кетті. Директордың алдында ыңғайсыз жағдайда қалдырдың деп Ағыбай ренжіді. Өз кезегінде директор да біреудің алдында ыңғайсыз жағдайда қалған секілді. (Кім біледі, жаңағы «біреудің» өзі тағы біреудің алдында қиналған болар.)

Ең бастысы, газетке шыққан мақалада фамилиясын өзгерткісі келмеген бір-ақ бала болды деп Батырдың аты-жөні жазылып кетіпті. Кім екені белгісіз, жоғарыдағы бастықтардың бірі: «Халық жауларының ықпалынан шыққысы келмейтін, тәрбиеге көнбейтін мұндай баланы пионер қатарынан да, мектептен де шығару керек», – депті-мыс.

Батыр ұсталайын деп жүрген адам құсап ешкіммен араласа алмай, жалғыз қалды. Бұған өзге балалар жоламауға тырысады. Мұғалімдер теріс қарайды; бәлесіне ілігіп кетеміз бе деп қорқатын секілді.

Сүйтіп жүргенде мұны іздеп жатақханаға Алматыдан Ғалым ағасы келді. Іссапармен жүр екен. Батырды осында тұратын бір танысының үйіне апарды. Тамақ ішіп, көр-жерді әңгіме қып отырғаннан кейін, үй иелері әлде бір жаққа кетті де, Ғалым мен Батыр оңаша қалды. Ғалым бірдеңені айта алмағандай, бүгежектеп біраз отырды да, кенет өзінен өзі еңіреп жылап қоя бергенде, Батырдың зәресі ұшып селк ете қалды. Ғалым әлден уақытта қалтасынан ормалын алып жасын сүртіп, неге жылағанын есіне түсіргісі келгендей ойланып біраз отырды да:

– Шырағым, Шәйкен көкең енді бізге жоқ, – деді даусы қарлығып. – Ату жазасына кескен үкім орындалды деген хабар алдық. – Ғалым өз хабарынан өзі шошығандай қалтырап, орамалымен бетін жауып үнсіз қалды. Содан кейін Батырды бауырына тартып, құшақтап, қайтадан еңіреп ала жөнелді.

Батыр жүрегі суылдап, жылай алмай, қыстығып, қыңсылаған күшіктей бір дыбыс шығарып, басын шайқай берді. Оған әкесінің өлімі сәл бұлыңғырлау түрде әсер етсе де, ең алдымен қатты батқаны алдында тұрған ересек адамның зәресін ұшырып, осынша қатты еңіреп жылағаны еді. Ғалым жылағанын қойған кезде барып, Батырдың жылауға шамасы келді. Бүкіл көрген қорлық пен азап, уайым-қайғы, іштегі құса көздің жасымен қоса төгіліп жатқандай ағыл-тегіл ұзақ жылады. Ғалым да бұған қой деп айтпады. Біраз шерін шығарсын деген болар.

Батыр әрі-сәрі беймәлім күйде жылауын доғарды. Болған істі толық пайымдауға шамасы жетпей, ойлары далаға лағып, кейде осылай боларын әлдеқашан білгендей, тіпті ол кісі әлі тірі ме еді дегендей бір түсініксіз сезім көлбең етіп қалады.

Ғалым бұған бірдеңелерді айтып жұбатып жатыр, мұның әкесінен басқа да көп адам атылған секілді және мұнымен тоқтайтын түрі жоқ, елдің басына түскен бір ұлы нәубәт екен, бұлардың үйіне қонаққа келіп жүретін баяғы Бәке, Сәке, Зәкелердің бәрі атылыпты. Раха ұсталатынын біліп өз үйінде асылып өліпті т.с.с.

Батыр мына хабарға сенбегендей, әлде түсінбеген-дей Ғалымға жасқа шыланған үрейлі көзімен аңтары-ла қарап қалған. Бүкіл елді жусатып жатқан қанды қырғын енді ешкімді де тірі қалдырмайтындай, алдында отырған әкесінің досына да, тіпті өзіне де ертелі-кеш бір жететіндей көрініп, көзі Ғалымға қарап тұрғанмен, ойы алыста – басқа жақта еді.

Алайда, атылған жалғыз менің әкем емес екен ғой деген ойдан, іштегі үрей дауылы, аздап та болса, саябырсығандай болды.

Ғалым бұл күні Батырды интернатқа жібермей, танысының үйіне қондырды. Әңгімелесіп, жағдайына қанықты. Келесі күні директорға кіріп, Батырдың оқу жылын аяқтауына мұрсат беруге рұқсатын алып, содан кейін бір амалын жасамаққа келісіпті.

Әкесінің өлімі туралы хабарды Батыр әлдебір есірік күйде толық ұғына алмаған. Ертеңіне не істеп, не қойып жүргенін өзі білмей, бар дүниеден баз кешкендей болып, томаға тұйық жүрді де қойды. Осы бір жан дүниесін тұмшалаған түнек ойдан кейін ашқан жаңалығы – дүниенің жалғандығы еді. Бұл байлам адамзат үшін жаңалық болмағанмен, Батырдың өзіне жаңалық болғаны шындық. Бәрі де бекер секілді. Оқу, білім алу, ел қатарына қосылу т.с.с. жалған арман, жалған мақсаттарға ғұмырыңды сарп ету неге керек? Баяғыда үйіне қонаққа келіп жүретін үлкендердің бәрі атақты адамдар болатын – бірі ғалым, бірі жазушы, бірі бастық. Бәрі де бір өліммен кете барды. Әйтеуір бір атылатын адамға профессор болып атылдың не, сауатсыз шаруа болып атылдың не? Бәрі бір емес пе?

Мектептен шығып қалады екем деп қайғыру не деген ақымақшылық? Мектептің керегі не? Ал өлдің. Қарындасың да, әкең де өлді. Солардан артықсың ба? Болса да өлгеннен кейін, аштан өлдің бе, атылып өлдің бе – не айырмашылығы бар? Батыр осы қырғыннан анасының да аман қалатынына сенген жоқ. Өзін де уақытша өмір сүріп жүргендей сезінді.

Мынау ойлар еңсесін қанша езгенмен, бір есептен амалын тауысқан ішкі тығырықтан шығар жол тауып берген секілді. Енді бұл өмірден түктің де керегі жоқ деген кесімді тұжырым өзіне қисынды көрініп, осы кезге дейін текке көтеріп келген бір ауыр жүктен құтылғандай әсер берді.

Оқу жылының аяғында елден – үстінде шибарқыт қоңыр пешпент, басында бөрік, аяғына мәсімен галош киген – өткен ғасырдың адамындай болып, сығырайған кіп-кішкентай қара шал келді. Көкесінің немере ағасы Қасен екен. Ол алдымен директорға кіріп, содан кейін Батырға келді. «Батыр деген бала қайда? Батыр бар ма осында?» – деп кластың ішіне даңғырлай кіріп, Батырды көргенде даусы бұзылып, құшағын жая кемсеңдеп, дауыстап жылай жөнелді:

– Бәйтерегім құлады ғой, жарығым-ай! Әулетімнен сенен басқа ешкім қалмады-ау, жарығым-ай! Жалғызым-ай! Жалғыздықты серік қылған біздей сорлы бар ма екен?..

Осы кезде классқа кірген мұғалім шалға басу айтты:

– Ақсақал, жыламаңыз, класстың ішінде сабақ жүреді. Балаңызды алып, сыртқа шығып көрісіңіздер. Барыңыз, барыңыз…

Сыртқа шыққан соң, шал «жалғызымдап» тағы жылады. Оның «жалғызымына» Батыр кейін түсінді. Бұлар бір әулеттен қалған екі-ақ шаңырақ екен. Қасеннен ұл бала жоқ, Шәйкеннен қалған жалғыз ұл Батыр бір әулеттің соңғы тұяғы болып қалыпты.

Көрісіп болған соң, шал шаруасын айтты. Хабарласқан Ғалым екен. «Батырдың жағдайы қиын, халық жауының баласы деп ол жақта күн көрсетпей жатыр, елге алып кету керек» депті. Қысқасы, ертеңнен қалмай аттану қажет.

Сол күні Ағыбайдың көмегімен 7-классты бітірді деген қағаз алып, келесі күні түскі пойызбен бұлар елге жүріп кеткен. Алдымен облыс орталығына келіп, одан қалашыларға ілесіп, аудан орталығына түнеп, екі апта жол жүріп Ақшоқыға әрең жетті.

Батыр өзінің осы жерде туғанын, 3 жасында елден көшкендерін ата-анасынан естігенмен, есінде ештеңе қалмаған секілді болатын. Әйтсе де, ата-анасының әңгімесінен бе, әлде өзінің қиялы ма, болмаса, сәби санасында бірдеңе қалды ма, әйтеуір, жағасына қоға мен тал өскен, айдыны жарқыраған мына өзенді, әупілдекті айна көлді, анау итарқа қырқаларды, жусанды жазық даланы бұрын көрген секілді. Жанына жылу беріп, уайымын да жеңілдетіп тұрғандай.

Қасенді «ата» дейтін болды. Үйткені шалдың өзі «мен Шәйкеннің әкесімен тұстаспын, жолым үлкен, саған ата боламын» деп жөн айтты.

Атасы өте кедей кісі. Бойдақ сиыр бағып, жаз бойы ен далада жалғыз үй отырады. Биыл Жалғыз түбек деген жерді жайлап отыр екен. Қалың тал өскен өзеннің жағасы Батырға ну орман болып көрінді.

Қасен шал сиырды бірде қырға, бірде өзен жағасына жайып, кештетіп малмен бірге, кейде өзі ерте келеді. Әудем жерде келе жатып кемпіріне, «шөлдедік, қымызыңды дайындай бер» деп айқай салады.

Кемпірі:

– Сонша жерден айғайлағаны несі? – деп кейіп жүріп сусын дайындайды.

Әкесі де, әжесі де көп сөйлемейтін жандар, кешкі шайда екеуінің сырт еткізіп қант тістеген, ыстық шайды сораптап ішкен дыбыстары ғана естілер еді. Батыр болса жаңа ортаға әлі бойы үйреніп кете алмағаннан үнсіз.

Бірде түн ішінде әлденеден оянып кеткен. Маңдайынан сипап, еміреніп жақсы көріп жатқан атасы екен. Бұл оянбаған болып жата берді. Әлдеқалай көзіне жас тығылып, жылағысы келді.

Күндіз қолы бос Батыр үйдің іргесіндегі өзенді бойлап, жағадағы тоғай болып кеткен қалың талдың ішін аралап, жаңа өлкеге келген жиһангездей әр нәрсеге бір таңғалып кешке дейін жүреді.

Бір күні тәңертең атасына:

– Сиырға мен барып келейін де, үйде отыра бермейсіз бе, – деген.

Шал күлімдеп: «Атасының қолқанаты деген осы ғой» – деп өткен жолғы түндегісіндей еміреніп, мәз болып қалды.

Атқа мінуге тез үйреніп алды. Елсіз мекенде өзен бойын жағалап қиялдап жүру өзіне ұнайтын секілді. Бір күні қырға қарай өрістеген сиырларды еркіне жіберіп, өзен бойымен түстікке қарай аяңжорғамен тартып кетті. Атасы: «Кешке қайтарда болмаса, сиырларды өз бетімен қоя бер, не істейтінін өздері біледі» деген болатын.

Күн шыққанда, жарқырап, күн бұлтқа кірсе, айдыны қарақошқылданып, түнере қалатын, екі жағына да қалың тал өскен ағыссыз өзеннің жағалауына ешкім аяқ басып көрмеген секілді. Төңіректің бәрі баяғы тағы қалпында тұрғандай. Алдында жатқан жалғыз аяқ көмескі жол ғана бұл маңда бір кезде тіршіліктің болғанын байқатады. Осылай әрнеге бір алаңдап келе жатқан Батыр кенет алдынан үйлері қаз қатар тізілген поселкені көріп аузын ашып тұрып қалды. Біраздан кейін поселкенің төңірегінде не мал, не адам жоғын байқады. Ақыры жақындап келгенде поселкенің үйлерінің төбесі түскен иесіз жұрт екенін көрді.

Батыр молаларды аралағандай бір қорқынышты сезіммен жүрсе де, бір үйден болмаса, бір үйден қызық бірдеңе табылатындай, поселкені тегіс аралап шықты. Еш бір сау үй жоқ. Қабырғалары ғана бүтін, төбесі ортасына түскен, есік терезесі жоқ, қаңырап жатқан бірдеңе.

Кешке үйге келгенде көргенін атасына айтып еді, ол кісі «қайтесің оны, барма ол жаққа, керегі жоқ» дегеннен басқа ештеңе айтпады. Тек келесі күні әжесі ұршық иіріп отырып: «Ол – бұрын артель құрылғанда салынған поселке ғой. 31-32 жылғы аштықта адамдары қырылып, аман қалғандары босып, аудан орталығына жаяу шұбап, жолда өлді. Содан бері қаңырап тұр. Атаң айтты-айтпады, бармай-ақ қой. Қайырсыз мекен ғой» деген. Cодан кейін айтсам ба, айтпасам ба екен дегендей сәл ойланып: «Үйлердің ішінде көмілген адамдардың сүйегі жатыр» деді.

Батыр алысқа ұзап, төңіректі зерттеуді азайта бастады. Үйткені мына өлкенің бір жерін түртіп қалсаң, ар жағынан адам қырылған жаңа бір тарих шыға келетін секілді көрінеді де тұрады.

Күзде оқу басталарда атасы Батырды колхоз орталығы – Ақшоқыдағы мектепке алып келді. Мектеп директоры Қабыш Ахметов Батырды интернатқа алуға ықылас білдіре қоймады.

Бірақ Қасен шал әңгімені мүлде басқа арнаға түсіріп әкетті:

– Әй шырағым, сен олай деуге тиісті емессің. Біріншіден, өзің осы елге күйеусің. Екіншіден, шешең Ақсары – қауен, ал біз – дәуенбіз. Қауен мен Дәуенді адам айырмаса, құдай айырып көрген жоқ. О не дегенің сенің? Батыр менің балам. Айдалада қысы-жазы қаңғып, сиыр соңында жүрген қу кедей мына менің баламды интернатқа алмағанда, кімді аласың?..

Қабыш рай бере қоймады:

– Қасеке, түсінсеңізші, бала көп, орын жетпей

жатыр. Осындағы бір туысқандарыңыздың үйіне орналастырмайсыз ба?

– Сен ондай әңгімені қой, айналайын, – деді Қасен құпия айтатын адамдай Қабышқа жақындай түсіп. – Кешегі Тасмешінде сенің әкең Ахметті ажал аузынан алып қалған мына мен болатынмын. Оның үстіне сенің әкең менімен бөле. Қашсаң да, құтыла алмайсың. Бүкіл әулетімізбен әй-шәй деспеген сыйластықты енді сен бұзайын деп отырсың ба? Мынауың масқара ғой!..

Енді айтыссам, одан да жақын туыс боп шығып, ұятқа қалармын дегендей Қабыш күлімсіреп:

– Жарайды, ақсақал, алайын. Сіз үшін тек… Бізге де жан керек, бұл баланың тарихынан хабарымыз бар. Сосын айтып отырғаным ғой, – деп сөзінің аяғын мәмілемен аяқтады.

Интернатта Батыр Қарағұл деген ересек баламен бірге жатты. Екеуі тез достасып, бірге жүретін болды. Қарағұл бұдан екі-үш жас үлкен. Денесі сомданып, жігіт болып қалған. Қылжақбас, жай сөзінің қайсы, ойын сөзінің қайсы екенін айыру қиын. Айтатын әңгімесі тек қыздар туралы. Түсінде де қыздардан басқа ештеңе көрмейтін секілді. Сөзіне қарағанда, жігіттіктің дәмін әлдеқашан татып үлгерген.

Оқу басталғаннан кейінгі Қарағұлдың көзіне түскен қыз 7 класста оқитын Сұлушаш болды. Ауылға басқа колхоздан ауысып келген агроном Сабырхан деген кісінің қарындасы.

Сұлушаш әдемі қыз – ақсары, қатарынан биік, әрі шынардай тіп-тік болып жүреді. Өзі әнші екен, сабақты да жақсы оқитын көрінеді. Жүріс-тұрысы, киім киісі ауылдың адамына ұқсамайды, бәрі ерекше. Оны ұнатпау тіпті мүмкін емес секілді. Бірақ Қарағұл елден бұрын ен салып қойғандай, иемденіп жүргеннен кейін, онымен қабаттасып, ынтызарлық таныту адамгершілікке жатпайтын қылық болып көрінді Батырға.

Мектепке он жылдық деген ат берілгені биыл ғана. Соған байланысты ауданнан жаңа мұғалімдер келіпті. Олардың ішінде екеуі – училище бітіріп келген

жастар.

Оқап атты беті бұжырлау, ұзын бойлы жігіт ән-күй үйірмесін ашып, орта бойлы, жалпақ жауырынды, денелі Түгелбай балаларды спортқа тартып, бұл төңіректе бұрын болмаған өнерді бастады.

Ән-күй үйірмесінің дайындығы кезінде балалар залға сыймай кетеді. Көбінің көргісі келетіні Сұлушаштың ән айтқаны. Сұлушашты жәй отырғанда көрген адам тіпті сұлу деп айтпас еді. Бірақ сөйлегенде, күлгенде, әйтеуір қимылдай бастағанда-ақ түрі ғажап өзгеріп кетеді. Адамға таңырқағандай бір түрмен қараған кездегі жарқ еткен жанары төңіректі жарық қып жібергендей әсер етер еді. Әйтсе де, мінезі тіктеу, сәл нәрсеге ашуланып қалатыны бар.

Дайындық кезінде Оқап орындығын сықырлата бұрылып, ән айтатын балаға әлденелерді түсіндіріп, мандолинін безілдете, «и-и-и» деп басын изеп белгі береді. Онысы бастадық дегені. Ал Сұлушашқа келгенде, белгілі әншімен жұмыс істеп тұрғандай, ізетпен сөйлеп, оның әнді бастар кезін күтіп, жаңылысып кетем бе дегендей, одан көзін алмай, айрықша ыждаһаттылықпен сүйемелдейді. Сұлушаш ән айтқанда басын сәл бұрып, көздерін қадаған көпшілікке назар салмай, жалғыз өзі оңашада тұрғандай болып айтушы еді. Дауысты қатты көтеретін тұста жұп-жұмыр аппақ мойынындағы күре тамыры білеуленіп көрініп тұрады. Сол кезде Батыр дауысы жетпей қалар ма екен деп қорқып, іштей қыпылықтап отыратын.

Әйтсе де ұл балалар көбіне физкультура пәнінен сабақ беретін Түгелбайдың төңірегінде. Түгелбайдың жап-жалпақ жауырыны, буылтық-буылтық бұлшық еттері, жеп-жеңіл, ып-ыңғайлы жүріс-тұрысы көздің жауын алғандай. Бірақ мінезі арсы-гүрсілеу, сөзінен гөрі қолы бұрынырақ қимылдайтын секілді. Мақтаншақтығы да жоқ емес. Күші бойына сыймай тұрғандай, қозғалақтап бір орында тұра алмайды.

Қонақта болған той-томалақтың бірінде өзімен бірге барған Дәулет деген мұғалімге қол жұмсап, педсоветке түсіп, сөгіс алып, біраз әйкәпірлеу болып жүрген. Кейін Түгелбайдың атын шығарған оқиға болды.

Колхоздың биылғы шабындығы да, егіні де бітік шығып, оны жинап алуға ауданның нұсқауымен басқа жақтан жұмыскерлер, механизаторлар келген. Олардың ішінде өзге ұлттың өкілдері көп екен және өздері сотталған бәлелер болып шықты. Солар төбелес шығарып, екі адамды соққыға жығып, әбден басынып, бет қаратпай тұрғанда, осы Түгелбай әлгілердің бәрін шетінен көкала қойдай қып сабап, масқара қылған. Кейін көрші ауданның іргелес колхозымен шабындыққа таласып, аяғы үлкен қақтығысқа айналып, сонда да осы Түгелбайдың арқасында жеңіп шықты. Түгелбай баяғының жалдамалы батырлары секілді. Айтса болды, тас-талқанын шығарады. Сырттың телі-тентектері бұл ауылға бас сұға алмайтын болды. Педсоветтің шешімі далада қалды. Жұрт енді «осы Түгелбай болмаса қайтер едік» деп отыратынды шығарды.

Мектептегі көзге түсетін үшінші адам – география пәнінің мұғалімі Ерғазы. Шегір көзді, жарқабақ, қарасұр, қатыгез кісі. Жас шамасы бәрінен үлкен. Бұрын райкомда істеген, одан бұрын осы елде әйелі, ағасы – үшеуі тұңғыш партия ұясын ашқан алғашқы коммунистердің бірі. Директордан бастап, мұғалімдердің бәрі өзінен именіп, аулақ жүруге тырысады. Жұрттың айтуына қарағанда 37-38 жылдары Ерекеңнен бүкіл аудан қалтырап қорыққан екен. Қазір кішкене бағы тайып, төмендеп, мұғалімдік қызметке түсіп қалған тәрізді. Соның өзінде ешкім бетіне тура қарай алмайды. Балаларға ұрысқан кезде ең көп айтатын сөзі: «Халық жауының құйыршығы». Бірақ оны ауыр алып жатқан ешкім жоқ, әншейін сөзінің мәтелі болуға керек.

Оқу басталысымен Батырдың жақсы оқитыны байқалғаннан кейін кейбір мұғалімдердің бұған іш тартатындары сезіліп жүрді. Өз елі болған соң араларында ет жақын туыстары да болар. Оның үстіне әкесі елге белгілі адам, оған да бүйрегі бұратындар бар шығар. Әйтеуір бұрынғыдай қатты қысымшылық көрмей жүрген секілді. Бірінші тоқсан аяқталарда, соның алдында ғана комсомол комитетінің секретары болып сайланған Оқап мұны коридорда ұстап алып, ерекше құпия айтып тұрғандай, жан жағына жалтақтай қарап: «Сені комсомолға аламыз, – деді құлағына сыбырлап, – жақсылап дайындал».

Демалыс алысымен Батыр қыстауға көшіп келген атасының үйіне келді. Келесі күні шай үстінде өзінің комсомолға өткелі жатқанын айтты.

Атасы әлдеқалай шошынып:

– Онысы немене тағы да? – деді күмәнді жүзбен бұған алара қарап. – Осындай бәлелерден Шәйкенннің де тапқан пайдасы шамалы еді. Байқасаң қайтеді?

Батыр үндеген жоқ, үйткені мұның аяғы немен аяқталарын өзі де білмейтін еді.

Атасының үйінде екі күн түнеп, интернатқа қайтып келді. Ересек балаларды интернатқа отын дайындауға жұмсаған. Бұл өңірдің қысы қатты болғанмен, отыны аз. Жаз бойы тезек жинап, қи ойып, қол жеткендер тал қиып әкеліп, әр қыс келген сайын, амалы құрып, былтыр не істегенін ұмытып қалғандай, дағдарып отырар еді.

Төрт бала – танауы таңқиып, әңгімеден аузы жабылмайтын Байбол, керісінше, көзі бақырайып, әркімнің аузына бір қарап, үндемей отыратын бәкене бойлы Тәйпен, сосын Қарағұл мен Батыр – тал қиюға өгіз арбамен Ақшоқыдан күн шықпай шығып, Арбалы түбегіне түске тақағанда жеткен. Өзен жағасынан басталған қалың тоғай түбекті түгел толтырып, шилеуітті боз қырға барып тіреледі екен. Бұлар келе тоғайдың ең қалың жерінен тал қиюға кірісті. Қолдарында бір бір балта, жігіт боп қалған ересек балалар күн батқанша құрғақ талдарды үйіп тастады. Арбаға тиегенше ымырт түсті. Әбден шаршап, қарындары ашып, берекелері кетіп отырғанда, Қарағұл күтпеген жерден ұсыныс айтты.

– Мына жерде, – деді ол иегімен көрсетіп, – әрі кетсе, үш шақырым, Шайтанкөң деген жерде түйеші Сақан отыр. Маған нағашы болады. Сонда түсіп, тамақ ішіп, қонып, таңертең ерте шығып кетейік.

Қарағұл айтқан сөзінен айнып қала ма деп қорыққандай:

– Ойбай, кеттік, – деді қалғандары бір ауыздан.

Әбден тойынған тұсаулы өгіздерді әкеліп, жегіп, өздері арбаның үстіне отырып, өзектің бойымен шоқалақтап, тегіс жолға түскеннен кейін, қарап отыра алмайтын Байбол:

– Шайтанкөң демекші, – деп айсыз қараңғы түнде тағы бір әңгіменің шетін шығарды. – Шайтанкөң демекші, қай жылы менің нағашы атам осында қой бағып отырғанда, неше түрлі бәлені көргенін айтқан. Шайтанкөңде шайтан болады дегенге бұрын сенбейтінмін. Бірақ түнде машинаның жарығы секілді жарықты талай көргем. Сүйтсе, соны атам да көріпті. Бір күні түнде дейді атам, жарық тіпті жақындап үйдің қасына қарай келе жатыр, соның алдында әлденеден секем алып, қолыма мылтығымды алғанмын. Әлгі тіпті екпіндеп, көзімді шағылыстыра жарқырап тура қасыма келгені. Содан не де болса деп, мылтығымды жарыққа қаратып басып қалдым дейді. Мылтық гүрс ете қалғанда, әлгі жарық жоқ болып кетіпті. – Байбол әңгімесінің қалай әсер еткенін білгісі келгендей үнсіз қалды.

– Жанбай бар ғой, – деп үнсіз отырған Қарағұл да әңгімеге араласты.

– Таңатар Жанбай ма?

– Иә. Солар да бір жылы осында қыстаған. Содан естігенмін, түнге қарай тіпті маза бермейді екен. Ауыз үйдің астан-кестеңін шығаратын көрінеді. Кейде шашы жалбыраған қыз бала түрінде көрінеді екен.

Жеті түнде мынандай әңгімеден үрейленіп, қалғандары үнсіз отыр. Тамақ ішеміз деп қуанған көңілдері су сепкендей басылған тәрізді. Бірақ терезесінен жарық жылтыраған қора-қопсылы аласа саман үйдің алдына өгіздерін доғарып, ұзын сенекті бойлап, кірер есікті әрең тауып, жап-жарық, жып-жылы ішке кіргенде көңілдері қайтадан жадырап сала берді.

Мұрты тікірейген жылтыр қара Сақан осылар келсе екен деп күтіп отырғандай, орынан атып тұрып, әрқайсысымен құшақтасып амандасып, Қарағұлды қайта-қайта арқасынан қағып, мәз боп қалды. Балалар үй иесінің ықыласын байқап, енді жағдайымыз жаман болмайды дегендей, бір біріне қарап, көздерін қысып қояды.

Айдалада жалғыз үй отырған жандар шынында да ауыл адамдарын сағынатын болу керек, бұлар келісімен Сақанның әйелі алдына алып отырған жас баласын күйеуіне ұстатып, қобырап кеткен шашын жинап, жаулығын жүре байлап, тамақ істеуге ауыз үйге шықты. Үш жасар шамасындағы шашы көзіне түскен сары қыз келген қонақтарға жалтақ-жалтақ қарап, пеш түбінде отыр.

Көп ұзамай шай да келді. Сақан шайын ұрттап отырып, балалардан ауылдың жаңалығын, өткенде сыналып аудандық газетке шыққан дүкенші Қапардың жағдайын сұрап, ауыл советтің хатшысы өсіп ауданға кетеді екен деген өсек не сөз деген секілді төңіректе біраз әңгіме қозғады.

Бір тұста Қарағұл:

– Нағашы-ау, биыл үшінші жыл екен айдалада отырғандарыңа. Мүлде тағы боп кететін болдыңдар ғой. Ауыл жаққа неге жақындамайсың? – деді әңгімені басқа жаққа бұрып.

Сақан жауаптан тосылғандай біраз үнсіз отырды да:

– Айтып отырғаның рас, жалғыз үйліктен жалығып болдық, – деді менен де гөрі осыған батты дегендей әйеліне қарап қойып. – Бірақ мына түйе деген жануардың, момын сияқты көрінгенмен, қауіп-қатері аз емес. Баяғыда елде бір жыл қыстағанда есепші Мәрденді бура өлтіріп кетіп, содан аулаққа кетейін деп осылай қарай көшіп кеттім ғой. Бұл бура дегенің жараған кезде құтырынып, аузынан ақ көбігі бұрқырап, өлген-тірілгеніне қарамайды. Көзіне көрінген нәрсеге шауып, ие бола алмайсың. Өткен көктемде осында келген Әшірді қуып, астындағы атының әлділігімен әрең құтылып кетті. Кейде көзі қарауытып менің өзіме де назары ауып қоятын кездері бар. Алла сақтасын! Әйтеуір айқайлап, әрең дегенде есін жидырасың.

Алғашқы үрей балаларға тағы оралды.

Сақан да балалардың қорқып отырғанын сезіп:

– Жоқ, қазір ешкімге тие қоймайды. Көктемге қарай қайитын кезде ғой иттердің жынданатыны, – деп жуып-шайғандай болды.

Бір қатерден құтылғандай болып, балалар да жадырап қалды. Байбол жол бойғы әңгімені еске түсірді, атасының жарқыраған шамды мылтықпен атқанын тағы да қайталап айтып шықты.

– Атаң көргенін айтқан шығар, ол рас, – деді Сақан мынау да талай рет көрген дегендей тағы да әйеліне қарап қойып. – Біз өзіміз әбден үйреніп алдық. Өздері бірде сары мысық, бірде ешкі болып келіп, аралап, ұйықтап жатқан балаларымызды иіскеп, жүре береді. Не істейсің, әйтеуір зияны жоқ секілді.

– Мысық дейсіз бе? – деді Тәйпен үрейленгендей бір үнмен.

– Иә, кәдімгі сары мысық болып келеді.

Алдыға ет келді. Сақан табақтың астына қою үшін іргеден бір топ газетті алып, біреуін жазып көріп еді, бірінші бетте тұрған Сталиннің суретін көріп шошып қалғандай: «Обай, мына кісі шыға келді ғой», – деп, екінші газетті жазып еді, онда да әлгі сурет бар екен, үшінші газетте де – көсемнің суреті, ақыры шыдай алмай: «Әй, жарайды, бұл кісі көсем болса да, дәмнен үлкен емес шығар», – деп соңғы газетті табақтың астына төсей салды.

Ет желініп, балалар қолдарын сүртіп, төрге қарай шегініп отыра бергенде, жартылай ашық тұрған есіктен кіріп келе жатқан сары мысықты бәрі көрді. Мысық басын сәл төмен салып, аяғын асықпай басып, бұларға тура келе жатыр еді.

Тәйпеннің түрі бұзылып, қолын ербеңдетіп:

– Ойбай аға, – деді даусы жарықшақтанып. – Мынау әлгі ме? – деуге шамасы келді.

Сақанның әйелі күліп жіберді. Сақанның өзі:

– Жоқ, жоқ, Тәйпен, қорықпа, бұл ол емес, өзіміздің мысық қой, – деп басу айтып жатыр. – Кет, әй, – деді сосын мысыққа кіжініп, – Бұ да бір, үйге кірмейтін кезде кіріп…

Сорпа ішіп, ас қайырып, дастарханды жиғаннан кейін, Сақан далаға шығып келіп:

– Дала бұлтты екен, ертең желкемдеу болар, – деді де, балаларға қарап, — жүріңдер мен сендерді төсек салғанша далаға шығарып келейін, – деп өзі қайта шығып кетті.

Балалар тастай қараңғы сенекке шығып, бір бірінен ұстап, «есік қайда» деп бір бірінен сұрап келе жатқан. Кенет тағы да Тәйпеннің шар ете қалған даусы шықты. «Не болды?» деген сұраққа, «Мүйіз».., – деуге ғана шамасы келді. Оның әзіл-шыны қайсы екенін білмей тұрғанда: «Ойбай, сақалы ма, не бәле?» – деген Байболдың жан даусы шықты. Апыр-топыр, «есік қайда, есік қайда?» деген дауыс шығады. Манағы ешкі түрінде келетін пәлекеттің осы екеніне бір сәтке ешкімнің күмәні қалмады. Кенет шиқ етіп күлген дауысты Батыр анық естіді. Және Сақанның үні екенін сезіп, мынаның ойын екенін енді білді. Көп ұзамай сыртқы есік те ашылды. Балалар сыртқа шығып, ойын екенін түсініп, әлгі қорыққандарына өздері ыңғайсызданғандай болып, бірін бірі мазақ қылып, жатқанша ойын-күлкілері басылмады.

Батыр кейін білді Сақан әйгілі сайқымазақ, даланың әртісі екен. Біреуді келеке қылу, жоқ нәрсені ойынға айналдырып, жұртты жынды қылу өзінің ежелгі кәсібі көрінеді.

– Қайта басылғаны ғой, – дейді Қарағұл таңертеңгілік қайтып келе жатқанда жол бойында. – Бұрын құдай сақтасын жын секілді болатын. Адамды күлдірмесе, отыра алмайды. Мұнымен қатар отырып шәй іше алмайтынсың. Біреуді айнытпай салып, не адам ойына келмейтін бірдеңелерді айтып қалса, шайыңа шашалып, басыңмен қайғы боп кетесің. Қайта мына жаққа жалғыз өзі кетіп қалғаны жақсы болған. Ойыны қайсы, шыны қайсы екенін адам білмейді. Ешкім болмай қалғанда, жалғыз өзі байғұс әйелінің шек-сілесін қатырып, есін шығарады ғой. – Содан кейін түндегі оқиға есіне түсіп, – Бізді қорқыту үшін ерінбей-жалықпай, ешкіні дайындап қойғанын көрмейсің бе? – деп қарқылдай күлді.

Оған басқалары қосыла күлді.

Осы оқиғадан кейін, көп ұзамай Сақан ұсталып кетті деген хабар келді. Айыбы – Сталиннің суретін мазақ қылып, табақтың астына салған, статьясы – советке қарсы үгіт жүргізгені үшін (антисоветская агитация). Ең ғажабы, әлгі хабарды кімнің жеткізгені анықталмай қалды. Батыр бұрын НКВД балалардың арасынан да өздеріне тыңшы тағайындайды дегенді естіген болатын. Бірақ Сақанның үйінде болған төрт бала. Біреуі – өзі. Өзінің органмен қатысы жоғы өзіне аян. Сонда қалған үшеуінің қайсы болуы мүмкін? Үшеуі де біз емеспіз деп ант су ішеді. Тірі жанға сену мүмкін емес.

Ноябрьде қыс түсті. Мектеп – қыр жақтағы ең шеткі үй, өзенмен арасы біраз жер. Балалар өгіз арбамен кезектесіп, интернатқа өзеннен су және мұз тасиды. Кешкілік өзеннен су таситындар көп, әсіресе, қыз балалар. Батыр ойық басында Сұлушашпен талай кездесті. Аяздан қызара бөртіп, күлім қағып жүргені.

Бір күні Қарағұл бұған өтініш жасады:

– Сұлушашқа сөз айтуға ретін таба алмай жүрмін. Хат жазып қойып едім, бірақ өзім беруге жүрегім дауаламайды. Егер сенің хатың болса, ойланбай берер едім. Өзіме ыңғайсыз. Сен осыны су әкелуге барғанда ретін тауып берсең қайтеді?

Батыр жоқ деп айта алмады. Өзі де іштей Сұлушашты ұнатқанмен, дәл бұл арада қарсы болу адамгершілікке жатпайтын қылық болып көрінді.

– Жарайды, – деді хатты алып жатып.

Келесі күні кешкілік Батыр өгіз арбамен су әкелуге барды. Беті қатқан ойықты аршып, кеңейткеннен кейін, бәктерге суды толтырып, шанаға мұз ойып салып, шаруасын бітірген соң, Сұлушашты күтіп, күйбеңдеп жүріп алды. Біреу «кімді күтіп жүрсің» деп айта ма деп, қыпылықтап қояды. Ақыры келді-ау. Сұлушаш бұған мән бермей, бәкке суды толтырғаннан кейін, шанасын сүйретіп мұның жанынан өте берді.

Батыр осы кезде оның атын атады ма, атамады ма, есінде жоқ, әйтеуір Сұлушаштың бұған жалт қарағанын көрді де, «алмаса қайтемін» деген ойдан жүрегі лүпілдеп, хатты ұсына берді. Бірақ қорқынышы бекер болып шықты, Сұлушаш жүзі күлімдеп, тіпті осыған риза болғандай, жып еткізіп хатты алып алды. Батыр оның мұнысына көңілі толыңқырамай, бұл да көп қыздың бірі болғаны ма деген секілді бір ойдың жетегінде қоңылтақсып қала берді. Егер алмаймын десе, Қарағұлды ұнатпайтынының белгісіндей болып, көңілін әлдебір үмітке толтыратындай көрінген және өзінің осыны жүрегінің түбінде күткенін сезіп тұр.

Қарағұл мұны есіктің алдында күтіп жүр екен:

– Алды ма? – деді бұған үрейлене қарап. «Алмаса, қайттім?» деген ой оның да мазасын алғаны көрініп тұр.

Батыр «алды» дегенді білдіріп басын изеді. Онысы Қарағұлға мүлде келісімін берді дегеннен кем әсер еткен жоқ. Батырды құшақтап мәз болды.

Батыр енді ол қызға үміт арту мүмкіндігінен айрылғандай әсерде қалды. Бірнеше күн бойы әлде бір күдер үзген сезіммен мектепте Сұлушашпен кездесіп қалмауға тырысып, қашқақтап жүрді. Бірақ бір ауылда тұратын, бір мектепте оқитын адам қайдан кездеспей жүре алсын, қас қылғандай, тағы да сол ойықтың басында кездесуге тура келді.

Бетпе-бет келіп қалғаннан кейін, Батыр ұмсынып, амандаса беріп еді, Сұлушаш ашулы түрмен бұған жалт қарап:

– Жұрттың хатын тасығанша, өзің жазбайсың ба? – деді де, бұрылып жүре берді.

Батыр өзінің үлкен қате жібергенін сезіп, қатты өкінді. Бірақ әлгі сөздің астарында хатты мұның өзінен күткені жатыр ма, әлде әншейін кекеткендегісі ме, ол арасын айыра алмады. Тек ашуланғанына қарағанда, Қарағұлды ұнатпайтын болғаны ғой деген ой еңсесін сәл-пәл жеңілдеткендей болды.

Көп ұзамай, Батыр Оқап басқаратын көркемөнер үйірмесіне қатысты. Домбыраға әуестігі бұрыннан болғандықтан, бұл әрекетін өзінің өнерге деген құштарлығынан деп өзін сендіргісі келгенмен, көңілінің түпкірінен екінші бір адам мұның, шын мәнінде, Сұлушашқа бір табан жақындағысы келгеннен туған жоспар екенін бетіне басып тұрғандай және соны өзі де жоққа шығара алмай тұрғандай сезінетін.

Оқап тәп-тәуір домбырашы екен, талап қылған бес балаға бір айдың ішінде «Кеңес», «Қарабас» күйлерін үйретті. Батырдың домбырашылығы қалғандарынан көш ілгері болып шықты. «Сен домбыраны сөйлете біледі екенсің, бұл үлкен қабілет. Дұрыстап шұғылдансаң, тәп-тәуір домбырашы болып кетуің мүмкін» дейді Оқап риза болып. Жетінші класта оқитын Сағи атты екінші бала да көштен қалмайтындай дәрежеде. Ал қалғандарынікі – әншейін үйренсек деген ниет қана.

Жаңа жыл кеші жақындаған кезде концертке дайындық басталды. Батыр енді Сұлушашпен ыңғай сол дайындықта кездесетін болды. Бірақ Сұлушаш бұған рай беретін түрі жоқ. Өзі үнемі әлденеге ашулы жүретін секілді. Бірде үйірменің жетекшісі дайындыққа кешіккен соң, қыздар ерігіп бір-бірінің сөмкелерін тығып, ойнап отырған. Біреуі Сұлушаштың түсіп қалған қолғабын жып еткізіп көтеріп алып, қатар тұрған қыздың арт жағынан қолына ұстата салды, ол екінші – қызға, өстіп кезек-кезек қашыртып жүріп, ақырында қолғап Батырдың қолына тиді. Батыр Сұлушаштың түбіттен тоқылған жұп-жұмсақ қолғабын ұстай тұрғысы келіп үндемей тұра берген, кенет Сұлушаш төбелесетін адамдай мұның жанына жетіп келіп:

– Әкел қолғапты! – деді қып-қызыл болып түтігіп. – Сенімен ойнағым келіп тұрған жоқ. Ойының өзіңе. Әкел қолғапты!

Батыр аяқ астынан не істерін білмей абдырап, қолғапты ұстата салды. Зіркілдеп тұрған қыздың түріне тура қарай алмай, жүзін төмен салып үндемей тұр. Басқа балалар да ыңғайсызданып, бір-біріне қарасты.

Іштей жақсы көріп жүрген адамынан көңілі қалғандай болып, Батыр жатақханаға келген соң, болған оқиғаны Қарағұлға айтты. Алдында айтпай-ақ қойсам деп бір ойлаған, бірақ іштегі қапаны біреумен бөлісу қажет болды. Қарағұлдың көрген зәбірі мұныкінен кем болмаған секілді:

– Ойбай, ол қыздан мен күдерімді баяғыда үзгем, – деді ол «бәлесінен аулақ» дегендей қолын сілтеп. – Неге хат жазасың деп итімді шығарған жоқ па? Ол ертең ешкімге әйел боп та жарытпас. Ана мінезбен кімге сияды?

Қарағұл сыртынан қанша жамандағанмен, күлімсіреген жүзінен, зілсіз жайдары даусынан, реті келіп Сұлушаш жылы шырай танытып жатса, өзінің бұрынғы ынтызарлығын одан әрі жалғастыруға кет әрі емес екені байқалып тұр.

Шынында да Сұлушаштың қай қылығы болса да, кешірмеу мүмкін емес еді. Келесі дайындықта-ақ Батырдың ренішінен түк қалмаған секілді болды.

Алдыңғы жоспар бойынша концертте Батыр жалғыз өзі домбыра тартатын болып келісілген. Бірақ артыннан Оқап басқа бір номер ойлап тапты. Енді үш адам екі домбырамен сахнаға шығып, бұрын болмаған бір оқиға жасамақ. Сол жақта отырған Оқап бірінші домбыраның пернесін басып отырады, оны ортадағы Батыр оң қолымен қағып, ал сол қолымен екінші домбыраның пернесін басады, мұны қағушы – оң жақ шеттегі Сағи. Үшеуі осылай отырып, дайындық үстінде «Қарабас» күйін тартып шыққанда, бірінші болып қол соққан Сұлушаш болды. Көзінің астымен күлімдеп Батырға қараған кезде, жанарынан тараған сәуле мұның көңіліндегі өкпе-реніш, уайым-қайғының бәрін жуып-шайып кеткендей болды.

Сұлушаш мұнымен тоқтап қалған жоқ, өз номері келгенде «Сәулем-ай» әнін айтып тұрып, қайырмасындағы:

«Сәулем, сәулем, сәулемсің,

Басымдағы дәуренсің,

Жақсы болсаң, сәулемсің,

Жаман болсаң, әуремсің», – деген тұста Батырдан көзін ала алмай тұрып алғанда, оны бәрі байқап, қыздар да Батырға қарап, бұл қалай қызарып кеткенін өзі де байқамай қалған.

Өмірінде бәлендей бір оқиға болмаса да, осының өзі Батырға болғалы тұрған бір өзгерістің нышанындай көрінді.

Колхоз клубында өткен жаңа жыл кешінде бұл ауылда бұрын-соңды болмаған тамаша концерт қойылды. Бұл шын мәнінде Оқаптың еңбегі еді. Директордан бастап бүкіл мұғалімдер Оқапты да, концертке қатынасқан балаларды да құттықтап, шалғай ауылға мәдениеттің жаңа бір лебі келгендей мәз болып жатты.

Бірақ үш күннен кейін балалар ұнжырғасы түсіп, көңілсіз жүрген Оқапты көрді. Кеше болған мұғалімдердің жиналысынан кейін, концертке берілген баға басқаша болып шығыпты. Бұрын райкомда істеген Ерғазы концерттен саяси қате тауыпты. Бүгінгі советтік әндер – партия, комсомол туралы әндер неге жоқ? Қайдағы жоқ «Сәулем-ай» секілді халық әндері кімге қажет? «Қарабас» деген қаралы күйді қайдан тауып алған? Кімге жоқтау айтып отыр онымен? Идеологическая диверсия! Бұл үшін ең алдымен бірінші басшы жауап беру керек деп, директорға шүйліксе керек.

Мұғалімдер арасындағы бұл кикілжің мұнымен тоқтамады. Дау-дамай ушығып, ауданға арыз түсіпті. Арызда мұғалімдердің саяси сауаты аз, мектептегі моральдық климат нашар, кейбір мұғалімдер мен мектеп оқушыларының ара қатынасы педагогикалық нормаға жатпайды деген айыптар тағылған көрінеді.

Ақыры ауданнан, іштерінде бір дәрігер бар, арнайы комиссия келді. Олар мұғалімдерден жауап алып, біраз тексеріп, ақыры жетінші, сегізінші кластың қыздарын дәрігерлік тексеруден өткізетін болыпты. Сөйтіп кімнің қыз, кімнің қыз емес екенін анықтамақ. Содан кейін негізгі кінәліні іздемек.

Осыдан кейін мектепте құлақ естіп, көз көрмеген оқиға болды. Екі кластың қыздарының бәрін мұғалімдер бөлмесіне жинап, бір-бірлеп дәрігер мен бірнеше әйел мұғалім отырған директордың кабинетіне енгізіп, еңіреп жылап, қарсыласқандарына қарамастан, зорлап диванға жатқызып, жыныс мүшелерін тексерген. Қатты қарсыласқандарына қол жұмысауға тура келген.

Екі сағаттан астам уақытқа созылған процедурадан кейін, 4 қыздың қыз емес екені анықталды. Акт жасалып, комиссия мүшелері қол қойды. Алдында тексерістің нәтижесін құпия сақтауға келісім болған, бірақ хабар келесі күні-ақ тарап кетті.

Төртеудің ішінде Сұлушаш та бар еді. Ең ауыр соққы Батырға осы болды. Есінен айрылғандай аңырып, оқиғаның мәніне түсінуге шамасы жетпей біраз тұрды. Одан кейін мүлде қаңғып кеткісі келген адамша жалғыз өзі өзен жағасымен елсізге қарай ұзақ жүрді. Бір тұста өзінің күйзелісін тежеп, сәл-пәл сабырға жүгінді. Біраздан соң тіпті суынып, өзін Сұлушашқа қатысы жоқ адамдай сезінді. Содан кейін, бейтарап адамша жағдайды ақылға салып талдағысы келді.

Қыз баланың пәктігі әр қашанда бірінші орында. Бірақ… Біріншіден, кімнің қандай жағдайда мұндай абыройсыздыққа тап болғанын білмей тұрып, оған баға беруге болмайды. Егер оның еркінен тыс жағдайда болса, ол оның адамгершілік құнын түсіруге тиісті емес. Екіншіден, мынандай масқаралау болмаса, оны ешкім білмес еді, қыздар ел қатарлы өз бақыттарын табуы мүмкін еді. Оларды қолдан бақытсыз қылып отыр. Үшіншіден, әркімнің өзіне ғана қатысты құпия ғұмыры болуы мүмкін, оны неге басқа біреу тексеруге тиісті. Осылай болған істі саралай келіп, Батыр біржола бақытсыз қыздардың жағына шықты. Өзінің Сұлушаштан біржола безе алмайтынын сезді. Сұлушаштың бойындағы ғажайып қасиеттер мен қылықтарды, жанарындағы тұтас бір әлемді жоқ қып жіберуге әлгі бір қара дақтың шамасы жетпейтін секілді.

Өзінің осындай бір тоқтамға тірелгені әлде бір істің түйінін шешіп бергендей болып, Батыр түн ортасына жақындағанда жатақханаға оралды. Ретін тауып Сұлушашпен кездесуім керек, оған осындай кезде демеу болып, қайғысын бірдей бөлісуім керек деп шешті. Және осы шешімі өзіне ұнайтын секілді. Үйткені бұл шешім өзінің пенделік өзімшілдігінен, тобырлық санасынан әлдеқайда биік тұрғандай көрінді.

Бірақ онымен кездесуді тағдыр мұның маңдайына жазбаған екен, тәңертең бұлар асханада отырғанда Сұлушаш асылып өліпті деген қайғылы хабар жетті.

Батыр, ең соңғы шырақ сөніп, саңылаусыз түнек орнағандай, үмітсіз, дауасыз дағдарыстың шырмауында қалды.

Адам баласын бақытты қылмау үшін көз жазбай қадағалап отыратын бір қатыгез күш бар секілді. Онымен тіресу де, күресу де мүмкін емес. Алайда, ең соңғы тиынына дейін тоналған адамның бір ғана артықшылығы бар, ол – тонушының бұдан әрі оған ештеңе істей алмайтыны, үйткені оның енді тонайтын да ештеңесі жоқ. Батыр өз бойынан осындай бірдеңені сезетін секілді. Енді маған не істейсің деп, көзге көрінбейтін біреуге кіжінгісі келеді. Бірақ онысы қарсылық білдірген қайраттан гөрі, шарасыздықтан туған әншейін ашыну еді.

Тағы да ауданнан адамдар келді. Қазаға байланысты тексеру жүргізді. Сұлушаштың өліміне өзінен басқа ешкім кінәлі болмай шықты. Бұйра шашты, көзілдірікті лектор клубта «Отбасы және жыныстық тәрбие» атты баяндама жасады. Мемлекеттің негізі отбасы екені, оқу орындарында тәрбие жұмысын күшейту керектігі, жыныстық қарым-қатынасты тым ерте бастауға болмайтыны, махаббат бір әйелге, не бір еркекке ғана бағытталуы керектігі, қылмаңдауға, қылымсуға болмайтындығы туралы, толып жатқан цитаталардан тұратын баяндамасын: «Жыныстық таңдау таптық тұрғыдан, революциялық пролетарлық қажеттілік тұрғысынан жасалуы керек. Жыныстық қарым қатынас тек таптық мүддеге ғана бағынуы керек, – деп аяқтады да: – Мен мұны ойдан шығарып отырған жоқпын, «Революцияшыл пролетариаттың он екі жыныстық парызы» атты еңбектен алдым, – деп әлде бір жұқа кітапшаны жоғары көтеріп жұртқа көрсетті. Енді оған ешкімнің де қарсы шыға алмайтыны белгілі еді.

Бүкіл Ақшоқыны дүрліктірген оқиға ақыры мектеп директоры Қабыштың партиядан шығарылып, жұмыстан қуылуымен, «сегізінші класта оқитын Күлпашты аздырған» деген айыппен Түгелбайдың алты жылға сотталуымен аяқталды. Күлпаш кеш оқыған ересек қыз болатын, Түгелбай оған оқу аяқталысымен үйленуге сөз салып жүрген.

Химия пәнінің мұғалімі Сәлімгерей директор болып сайланды.

Өзеннің бір сәтте бұрқырап тасып, артынан өзінің үйреншікті қалыбына көшетіні секілді мектептегі тіршілік те күнделікті ырғағына түскен секілді. Ыстығы да, суығы да, күйігі де, қуанышы да жоқ мимырт өмір жалғасып жатыр.

Батыр теңіз бетінде дауылға қарсы қолынан келгенше күресіп, енді ескегі сынып, оны есетін күш-қуатынан да айрылып, жел қайда айдап апарса да, бәрі бір деген енжарлықпен қайықтың үстінде ештеңе ойламауға тырысып жатқан адам секілді еді.

Әлдеқалай почтаға барған, Ғалым ағасынан хат келіп тұр екен. «Айналайын Батыр, – депті, – дені-қарың сау жүріп жатырсың ба? Жақында апаңа барып қайттым. Сол Ақмола қаласынан отыз шақырым жердегі әйелдер лагерінде жүріп жатыр. Былтыр барып қайтқанымда жағдайы ауыр еді. Шәйкен мен Раушанның қазасы қатты батты ғой. Жүрек ауруымен ауруханаға жатып шыққан. Қазір, құдайға шүкір, жаман емес секілді. Әйтеуір бұрынғыдан тәуір. Өзіңді көп ойлайды. Күйеуі «Халық жауы» деген жаламен атылған, өзі күйеуінен бас тартпағаны үшін сотталған (апаңның да статьясы сол) жанындағы бір әйелдің баласын он сегізге келіп, кәмелетке толған күні ұстап әкетіпті. Сен биыл он жетіге келесің. Ертең он сегізге толғанда, саған да жала жауып, қиянат қыла ма деп зәресі ұшады. Қайтейік, бір құдайға тапсырғаннан басқа амал жоқ. Тек сақ жүр. Ағаң Ғалым.»

Уақыт көңілсіз күндердің тізбегіне айналды.

Көктем мен қыс таласып, бірін бірі ала алмай жатқан секілді. Күн болмашы жылынып көктемнің лебі сезіле бастаса, артынан іле шала қар жауып қайта қыс түскендей болады.

Лениннің туған күні қарсаңында Батыр үш баланың бірі болып комсомолға қабылданды. Көп ұзамай бұларды ат арбамен аудан орталығына апарып, билеттерін тапсырды. Комсомол ұйымының хатшысы ретінде бұларды ауданға апарған Оқап Батырды «озат оқушы, колхозды құруға алғаш қатысқандардың бірі – сиыршы Қасеннің баласы» деп таныстырды.

Арада екі ай өткеннен кейін, соғыс басталды. Ақшоқыда үлкен митинг болып, ауданнан келген өкіл фашистік Германияның 22 июньде елімізге опасыздықпен шабуыл жасағанын хабарлады. Еліміздің барлық күш-қуаты Отан қорғауға жұмсалатынын, Совет армиясына қолдан келген көмекті аямау әр адамның қасиетті борышы екенін айтты. Басқыншыларға қарсы бағытталған үгіт-насихат, жиналыс, жұрттың жүзіндегі үрей – осының бәрі Батырдың уайымын бір сәтке ұмыттырғандай болды.

Күзде әскерге адам алына бастады. Оларды шығарып салу алқалы жиынмен ресми түрде өткеннен кейін, қоштасу, жылау-сықтау аса бір қайғылы көрініске айналмады. Патриоттық рухта айтылған жігерлі сөздер көбірек болды. Көппен көрген ұлы той екені көрініп тұр. Түрлерінен қобалжудың нышаны байқалса да, өлімге кетіп бара жатыр екенмін деп ешкім ойлап тұрмаған секілді. Бірлі-жарымды денсаулығына байланысты қайтып келгендер де болды.

Өмір басқа бір арнаға түсті. Соғыстан басқа сөз де, қам-қаракет те жоқ. Басқа түскен ұлы нәубет, ортақ тілек, ортақ уайым адамдарды бір біріне жақындатып, табыстыра түскен тәрізді.

Қыркүйектің басында ауданнан келген уәкілдің айтуымен жасы 18-ге толған комсомолдар, шақыруды күтпей, өз еріктерімен соғысқа баруға арыз берді. Бұлардың ішінде жасы толмаған, бірақ сырықтай болып өсіп қалған Батыр да бар еді. Батыр бұл шешімге өз еркімен келді. Ғалым ағасының хатындағы әлде бір «халық жауының» баласын кәмелетке толған күні тұтқындапты деген хабар есінен кетпей қойған. Келесі жылы 18-ге толады екен. Ендеше текке тұтқындалып, жазықсыз атылып немесе түрмеде шірігенше, соғыста өлген артық емес пе дейтін секілді ішінен біреу.

Батырдың жасы толмағанын білгенде ауданнан келген уәкіл ойланып қалған. Бірақ Батырдың:

– Бір жаста тұрған не бар? 18-ге толғандармен мені күрестіріп көріңіз, ешқайсысынан да жеңілмеймін. Соғысқа жастан бұрын қайрат керек қой, – деген сөзін естіп мәз боп күлген еді. Содан кейін түсін өзгертіп:

– Дұрыс айтасың шырағым, өте дұрыс айтасың. Отан үшін отқа түс, күймейсің деген. Сендер секілді жастар осындай тілек білдіріп жатса, бүкіл елдің рухы көтеріледі. Мұндай тілектерді газетке беру керек. Бұл үлкен бастама. Рахмет айналайын, – деді.

Бірақ Батырды әскерге алу оңай шаруа болмай шықты. Ақыры жасын өсіріп, құжаттарын қайта толтырып барып, заңдастырған еді. Көп ұзамай бұларды аттандыру рәсімі болды. Колхоз Басқармасы кеңсесінің алдында митинг өткізілді. Ауыл совет төрағасы жалынды сөз сөйледі. Шалдар көзіне жас алды. Әлдебір кемпір дауыс қылып, оған колхоз бастығы Кенжәлі: «Жаман ырым бастама» – деп ұрсып тастады.

Қасен шал Батырды құшақтап:

– Кәмсөмөлім, кәмсөмөлім, – дей берді кемсеңдеп. Онысы «комсомолға өтем деп ақыры осылай болдың ба» деген секілді естілді.

Біреулер шалды келеке қылып күліп жатыр.

Өз отанын жаудан қорғау кез келген адамның азаматтық міндеті екені үлкен зердені қажет етпейтін түсінікті нәрсе деп ойлайтын Батыр. Бірақ қалың топ болып ауданнан аттанып, қалаға келіп, одан әскер жасақталып жатқан жерде арнайы дайындықтан өтіп жүрген кездерде жауынгерлік рухты көтеретін асқақ сөздер күн сайын құлағына құйылып жатса да, азғантай ғұмырында көрген осынша қасіреттен кейін, мына елді отаным деп айтуға аузым бара ма деген бір кесепат ой санасынан көлбеңдеп кетпей қойды. Бұл оймен өзі де келіскісі келмейтін секілді, бірақ соған қисынды дәлелмен тойтарыс беруге шамасының жетпей тұрғанын да сезеді.

Полктің политругі, әлдебір комбинатта комсомол комитетінің хатшысы болып істеген сөзуар орыс жігіті, мұның осы ойын біліп тұрғандай, солдаттармен әңгіме тұсында көбіне Батырға қарап сөйлейді. Отан қорғаудың абыройлы парыз екенін дәлелдеп, ұлы адамдардың сөздерінен толып жатқан цитаттар келтіреді. Бірақ сөзі дәлелді, ұғынықты.

Бұлар әлдеқалай құрама батальонға тап болған секілді. Көбісі әр жақтан келген әскери тәртіптен хабарлары шамалы, қарапайым, можантопай шаруа адамдары. Алғашқыда майдан шебінен аулақтау жерде дайындық жүргізумен болды. Күніне бәленбай шақырым жерге маршировка, мылтық ату, қорғаныс шебін жасап, траншеялар қазу, қала берді, отын дайындап, тамақ істеу, тағы сол сияқты бітпейтін шаруалар.

Соғыс қияметіне әлі ене қоймаған Батырға, қанша қиналғанмен, бұрынғы өмірінен қазірігі жағдайы жеңілірек секілді. Бұрынғы өмірі жүйкесіне көбірек тиетін тәрізді еді. Үйткені өзінің ешкімге де керегі жоқ екенін сезетін. Бұл өмірге артық адамдай боп жүретін.

Ал мұнда өзінің керектігін және өзіне тіреліп тұрған заттың өте маңызды нәрсе екенін аңғарады.

Алғашқы ұрысқа шығар алдында батальон командирінің:

– Солдаттар! Отан тағдыры сіздердің қолдарыңыз-да. Мен сіздерге сенемін, бауырларым! – деген сөзін естіп, әркім өздерін елдің тең дәрежелі азаматы екенін сезінгендей іштей бір тебіреністе болып, әрі өз мойындарына жүктелген жауапкершіліктің соншалықты зор екенін де түсінген еді.

Алғашқы ұрыс жаудың шабуылын күту ғана болды. Ал жау бұларды артиллериямен алыстан атқылағаны болмаса, тіке шабуылға шыққан жоқ. Шығын көп емес деп жатты. Үйткені немістер бұлардың әдейі жасалған жалған бекіністерін атқылаумен болған. Бірақ келесі күнгі шабуыл қатты тиді. Немістер бұлардың орынын дәл анықтаған болуы керек, снарядтар көбіне бекініске тура түсіп жатты.

Жақын тұстан әлдекімнің көмек сұрап жан даусы шыққанын естіп, Батыр еңбектеп жанына келген – Бейсенбай деген ересек жауынгер екен. Аспанда жарылатын снарядтың жарықшағы мойнына тиіпті. Екі қолымен алқымын қыса, аузынан шұбырған қанға шашалып: «Батыр, Батыр…» – дей береді қырылдап. Өзінен кетіп бара жатқан өмірді алдында тұрған адамның атымен тоқтатқысы келгендей, Батырдың атын қайталаумен болды. Ақыры санитардың келуіне жетпей, тыпырлап жатып жан тапсырды. Ажалдың қандай болатынын сезіп, Батырдың алғаш рет үрейі ұшқаны осы еді.

Бірақ үрейдің сыртында өзінің амандығына, әлгі оқтың өзіне тимегеніне іштей қуанбайтын солдат жоқ. Сол қуаныш өлім қорқынышына терең бойлатпай, күш-қуатыңды, жігеріңді сақтап қалатын секілді.

Батырдың өзін өзі билеп, үрейге берілмей, ұстамдылық танытуына үлгі болып жүрген бір адам – взвод командирі Қайрат. Әлде мінезі ұнады ма, әлде еліміз, жеріміз бір деген ұғымнан ба – әйтеуір, ұсақ түйек тапсырмаларда мұны қасынан тастамайды. Өзі спортшы болған, әбжіл, қарулы, мақтағанды жек көрмейді, қауіп-қатерге жақын жүреді.

Келесі күні Қайрат Батырды ертіп барлауға шықты. Қайраттың өлермендігін көріп, бұл да одан қалғысы келмей, іштей онымен бәсекеге түскендей болады.

Бұлар немістер орналасқан деревняға түнделетіп келді. Үстеріне шаруа киімін киіп, жергілікті тұрғын-дардан хабар алып, немістер орналасқан үйлерге жақындай түскен. Қайрат Батырды үй сыртындағы қораның тасасына қалдырып, өзі бұқпалап әрі кетті. Қораға үнсіз жабысып тұрған Батыр кенет дәл қасында теріс қарап, шинелсіз жеңіл киіммен тұрған немісті көріп, не істерін білмей сілейіп тұрып қалды. Бірақ енді сәл кешіксе, өзінің құритынын сезіп, тұра ұмтылғаны есінде. Енді бірде аяғының астында құлап жатқан немісті көрді. Қолындағы автоматтың дүмімен ұрған секілді. Не істеп тұрғанын өзі де білмей, немістің үстіндегі кителін сыпырып, беліндегі пистолетін алды да, автоматтың дүмімен тағы да бастан бір ұрды.

Осы кезде Қайрат та оралған.

– Ойбай, не боп қалды? – деді ол шошына сыбырлап.

– Мына бір немісті өлтіріп, киімін алдым.

– Оны не істейсің?

– Мұнсыз кім сенеді менің немісті өлтіргеніме?

Қайрат күліп жіберді.

– Жүр кеттік, – деді алға түсіп.

Бұлар қайтып оралғанда штабқа генерал келіп, картаны жайып тастап, әлденені талқылап жатыр екен. Батырдың ерлігін естіп, бәрі мәз болды. Әкелген кителі неміс әскерінің командирлерінің бірінікі секілді.

– Жарайсың, жігітім! – деді генерал мұны арқасынан қағып. – Көзсіз ерлік те керек, бірақ абай болуды ұмытпа. Тірі солдат қана отанды қорғай алады.

Келесі күні бұлар тұтқиылдан шабуыл жасап, деревняны алды. Қайрат пен Батыр бірінен бірі қалғысы келмегендей шабуылдың алдыңғы жағында жүрді. Соғыста жеңістің желігі деген болады екен. Батыл қимылдап, жаудың зәресін ала алсаң ғана, аман қалуға мүмкіндік молдау көрінеді.

Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. Немістер басқа жақтан шепті бұзып, бұлар қоршауда қалды. Қоршаудан шығу кезінде шығын көп болды. Батальонның жартысы ғана қалды деп жатты. Бораған оқтың астында бастарын көтере алмай жатқан жауынгерлерді шабуылға бастамақ болған рота командирі мен батальон комиссары оққа ұшты. Батыр немістерге жербауырлап жақындай түскен Қайраттың соңына ілесті. Қайрат бір тұста тоқтап, артынан жеткен Батырға: «Қоршауды бұза алмасақ, бәрібір өлеміз, шабуылды бірге бастайық» – деді ентігіп. Қайрат айтса, бірдеңе білетіндей болып көрінгендіктен, Батыр басын изеді.

Немістермен ара тым жақындап, дегбір қаша бас-тады. Жауған оқ та саябырсып, жау жағы әлденені күткендей тыныштала қалған. Одан әрі Батырдың жүйкесі шыдамады, орнынан атып тұрып: «Ура!» – деп бар даусымен ақыра алға ұмытылды. Іле-шала Қайрат та атып тұрды. Оның да уралаған даусы жауынгерлерге дем бергендей болды. Жүздеген солдаттардың арқыраған даусы немістерді састырған секілді. Қашқан жауды көріп, Батыр мен Қайрат еліріп, бүкіл батальонның алдында келеді. Жусаған өлік, қару-жарақ, техника, зеңбіректер… – олжа шаш етектен.

Жеңіс қуанышынан артық ештеңе жоқ секілді. Жайшылықта шырай бермейтін сұсты, қатал батальон командирі де ыржалақтап күле береді.

Бұл ұрыс Батырдың даңқын шығарған ұрыс болды. Генерал өзі туралы мақала жазбақ болған орталық басылымдардың бірінің корреспондентін: «Мені емес, солдаттарды жазыңдар. Сонда армияның рухы көтеріледі. Ержүрек солдаттар бізде баршылық», – деп осы батальонның командиріне жіберіпті. Батальон командирі ойланбастан Батырды айтқан көрінеді. Орта бойлы, бұйра шашты, қараторы журналист мұнымен жарты күн отырып, сұхбат жүргізді. Бірнеше рет фотоға түсірді. Батыр бүкіл қауіп-қатердің ішінде өзімен бірге болған, әрі өзіне басшы болып жүрген Қайраттың жабырқаулау жүргенін көріп, іштей қатты қынжылды. Корреспондент жігітке Қайраттың өзінен кем ерлік көрсетпегенін айтып көріп еді, ол: «Бұл – генералдың тапсырмасы, маған қатардағы солдат керек», – деп тұрып алды. Әсіресе, Батырдың аты орыс тіліне аударылғанда да «батыр» деген мағынаны беретінін естігенде корреспондент мақаласына таптырмайтын деталь табылғандай тіпті мәз болды.

Көп ұзамай орталық газетке «Майданнан репортаж» деген атпен Батырдың автомат ұстап түскен суреті бар көлемді мақала жарияланды. Мұны наградаға ұсынады екен деген сыбыс тарап жүрді.

Батырдың соғысқа келгенде атағымды шығарсам деген ойының болмағаны өзіне аян. Бірақ бақ орнайын десе, аяқ астынан екен. Батырға қатардағы солдаттар түгілі, командирлердің өздері құрметпен қарайтын секілді.

Алайда бұл қуаныш та ұзаққа созылмады. Жәй өмірдің өзінде жақсылық пен жамандық дамылсыз алмасып жатса, соғыста тіпті бірдеңеге көз тоқтатып үлгеру мүмкін емес.

Немістер жойқын шабуылға шықты. Батальон бір жарым сөтке жаңбырша жауған оқ пен снарядтардан қырылып, тоз-тоз болды. Қалған бөлігі қараңғы түнде орман ішін паналап, өздеріндей қаңғып жүрген басқа батальонның адамдарына қосылды. Бұлар тағы да қоршауда қалыпты. Қоршауды бұзып шықпақ болған әрекеттері сәтсіз болды. Ақыры қираған әскердің қалдықтары немістерге тұтқынға түсті.

Тұтқындарды орман ортасындағы алаңқайға салынған – әлде аурухана, әлде санаторий – жартылай қираған ғимараттың алдына әкелді. Қаруларын, арқалаған затқапшық, жорық сөмкесі, противогаз, құтыға дейін сыпырып алып, үлкен сарайдың ішіне қамады.

Келесі күні тұтқындардың саны тіпті көбейді. Кешке дейін қарақұрым нөпір топқа айналды. У да шу. Әркім өздерінің майдандас таныстарын іздеуде. Аяқ астынан тап болған осынау беймәлім, қорқынышты жағдайда бір біріне қарасын болатын серіктің қажет екенін бәрі де іштей сезетін секілді.

Қайғы жұтып, сағы сынған Батыр өзінің досы, взвод командирі Қайрат пен полктің дәрігері Николай Михайловты және басқа да батальондас таныстарды көргенде, бойына әжептәуір қуат қосылып, еңсесін тіктеп алды.

Содан кейін тірі жанды тіршіліктен түңілдірген азапты сапар басталды. Тұтқындарды бірнеше қатарға тұрғызып, колоннамен батысқа қарай айдады. Ұбап-шұбаған топтың ұзындығы сонша, алды да, арты да көзге көрінбейді. Алғашқы күні жаралыларды зембілге салып, оны тұтқындар көтеріп, адами қауымға тән имангершілік рәсімі жасалған болатын. Бірақ екі күннен кейін тұтқындар зембіл тасымақ түгілі қара бастарын алып жүруге зар болды. Әсіресе, майданға келе жатқан неміс әскеріне жол беру үшін тас жолдан шығып, оппа қармен 15-20 шақырымдай жол жүрген кезде ең қайратты деген тұтқындардың өздері мандырап, тәлтіректеп қалған.

Колоннаға ере алмаған жаралылар мен қашпақ болып әрекет жасағандардың бәрі атылды.

Үшінші күні қарсы алдыдан қарлы боран соғып, конвойшылардың өздері титықтап, ақыры жол бойындағы деревняның қасындағы ойпаңға келіп тоқтады. Әр адамға бір келіге жуық піскен картоп берілді. Әбден ашыққан тұтқындар картопты апыл-ғұпыл қаужап, жартысын қалталарына салып, қармен шөлдерін басты. Содан кейін ұйқы қысып, ылғалды қардың үстіне қисая кетті. Түн ортасы ауа қардың орнына жаңбыр сіркіреп, ойпаң шалшыққа айналып, одан әрі судың үстінде жату мүмкін болмаған соң, тұтқындар көрер таңды түрегеп тұрып атырды.

Таң ата тағы да жол азабы басталды.

Батырдың мектепте жүргенде тарих кітабынан Ресейге шабуыл жасаған Наполеон әскерінің азып-тозып кері қайтып келе жатқаны салынған суретті көргені бар еді. Қайыршыдай алба-жұлба болып, қарлы боранда әрең ілбіп келе жатқан солдаттарға бәлендей мән бере қоймаған секілді еді. Бөтен елге шабуыл жасайтын нең бар еді деген секілді көмескілеу оймен шектелетін. Қазір өзі де, бейбіт елге жазықсыз шабуыл жасамай-ақ, сондай күйде келе жатқанын сезіп тұр.

Бесінші күні әбден азып тозған, қалжыраған колонна әлдебір қала шетіндегі, екі қабат тікенек сыммен қоршалып, күзет мұнарасына бірнеше пулемет пен прожектор орнатқан лагерге келіп орналасты. Тұңғыш рет ыстық тамақ ішті.

Бірақ тамақ сіңбеді. Тұтқындардың ішінен тағы да тұтқындау әрекеті басталды. Екінші рет тұтқындалушылар еврейлер еді. Немістерге қызмет етуге келісім берген қайсы бір тұтқындар өздерінің сатқындық міндеттерін еврейлерді ұстап беруден бастаған секілді.

«Сен жөйітсің! Бұлтара алмайсың. Сен жөйітсің!» – деген айқайлар бүкіл лагерьді астан-кестен қылды.

Одан кейін тергеу басталды. Еркектердің жыныс мүшелеріне дейін тексерді. Еврей деп танылғандарды топ-тобымен айдап әкетіп жатты.

Дәрігер Николай Михайловтың да басына қатер төніп, әйтеуір әупіріммен аман қалды. Николай орыс болатын. Кең маңдайлы, көкшіл көзді, ажарлы жігіттің дөңестеу келген қыр мұрыны, зиялы тұрпаты, немісше білетіні нәсіл анықтағыштар тарапынан күдік тудырды. Бірақ Михайлов өте сабырлы адам. Өзінің еврей емес екенін бұлтартпай дәлелдеп берді.

Бес күннен кейін тұтқындарды тауар пойызына отырғызып, тағы да басқа лагерьге көшірді. Бұл лагерь өте жайсыз болды. Адамдар мұздай еденде ұйықтайтын. Тәңертең бірнеше адам орындарынан тұрмай қалады. Қасыңда жатқан адамның қай кезде өліп қалғанын білмейсің. Екі адамның бірі туберкулез немесе дизентерия, әлде суықтан өкпесі қабынған. Тәңертең қақпаның алдына үйіліп жатқан өліктерді орға апарып төгіп, бетін жабу үшін тұтқындардың ішінен адамдар бөлінеді. Батыр алғашқыда тұтқындардың өліктерді көмуге неге кезекке тұратынына түсінбеген. Сүйтсе, олар өліктердің киімдерін шешіп алып, жергілікті жердің адамдарына нанға, картопқа, тіпті реті келсе, араққа айырбастайды екен. Кінәлау қиын, тірі адам тірлігін жасау керек.

Лагерьде сүзек ауруы басталды. Бұрынғы өліктер әншейін ойыншық болып қалды. Енді қақпаның алдында өліктер тау боп үйіліп жататын болды. Білікті дәрігерлер жетіспей, Николай Михайловты лазаретке ауыстырды. Батырдың денесінен әлдебір бөртпелер пайда болған күні Николай басшыларына қолқа салып, оны лазаретке ауыстырған. Лазаретке жұрттың бәрін ала бермейді. Ауруларды камфарамен еккеннен басқа ем де жоқ. Батыр бірнеше күн ес-түссіз сандырақтап жатып, әйтеуір үшінші аптада беті бері қарады. Бірақ бәле басқа жақтан келді. Батырды баладай мәпелеп, күтіп жүрген Қайраттың өзі ауырып, Николайдың жан салып емдегеніне қарамастан, бас аяғы екі аптада қайтыс болды. Батырға ең ауыр қайғы осы болды. Жанашыр жақын адамға деген ықыласқа өмір бойы шөлдеп келген жетім көңілге Қайрат бір үлкен тірек секілді көрінуші еді. Өлерінде адам танымады. Ақырғы сөзін де айтпады. Әншейін осылай боларын өзі де күтіп жүргендей үн-түнсіз кете барды. Еңіреп жалаған Батырға Николай «сенің көз жасың әлі таусылмап па еді» дегендей таңырқай қараған. Шынында да ажалмен қоян-қолтық жүрген мынандай тамұқта тұтқындар жылаудың өзін ұмытып кеткен секілді еді.

Бұдан кейін де Батыр бірнеше лагерь ауыстырды. Соңғысында жағдайлары сәл-пәл де болса жөнделгендей болды. Әлдебір кәсіпкерлер лагерьден жұмысшылар таңдап, оған іліккендер аз-маз табыс табатын да дәрежеге жетті. Батыр құрылысқа алынды.

Бұл – совет әскері Берлинге жақындап қалыпты деген қауесеттің тарай бастаған кезі еді.

1945 жылдың көктемінде лагерьдегі тұтқындарды АҚШ әскері келіп босатты.

Қуанышта шек жоқ. Үйткені мына тозақтан өздерінің аман шығатынына ешкім сене қоймаған. Тіпті немістер жеңілген күннің өзінде де ол бақытты біз көрмеспіз деп ойлап еді. Қорлық пен зорлық та мәңгілік емес екен, көрген түстей жоқ болды. Осыншалық қиянаттан кейін аяқ астынан келген айрықша ілтипат пен құрметке үйрене алмай, жұрттың бәрі есеңгіреп, абдырап қалған. Бар бақытты бастарына үйіп-төгіп бере салғандай болды. Тамағың – ішсең, алдыңда, ішпесең – артыңда. Жалпыға ортақ бір пакеттің ішінде бәрі бар – сапасы жоғары ет және балық консервілері, сары май, сыр, шокалад, варенье, тіпті сағызға дейін. Бәрін жеп тауысу мүмкін емес.

Лагердің қасындағы екі қабат үйден жаңадан жабдықталған аурухана ашылды. Ескі лазарет ішіндегі ескі-құсқысымен далада қалды. Басым ауырды десең, не саусағыңды бірдеңе жырып кетсе, ауруханаға сүйрей жөнеледі. Жігіттердің біразы американдық солдаттармен достаса бастады. Бірге қыдырып, қыз-қырқынға бірге барып жүргендері де бар.

Әлемде не болып жатқанын әр түрлі газеттерден, ауызекі өсек-аяңдардан жұрттың бәрі біліп отыратын болды. Берлинде шығатын орыс тілді газеттердің бірінде жарияланған «Тұтқындарға үндеу» атты мақаланы талқылау күн сайынғы әдетке айналды.

Онда: «Қадірлі отандастар, елге қайтпаңыздар. Өкінесіздер! Қатты өкінесіздер!» – деген сөздер болатын. Қайтса, не болады, несі өкінішті? Ал қайтпаған жағдайда не болмақ? Өмір бойы қаңғып жүрмек пе? Мұндай сұрақ бәрінің де күндіз-түні көкейлерінен кетпей, мазаларын алып-ақ жүр.

Бұл кезде советтік тұтқындарды, әсіресе, ғылыми атағы, мамандығы бар адамдарды, көбіне дәрігерлерді Америка азаматтығын алуға үгіттеу науқаны жүріп жатқан. Ол үшін Америка Құрама Штаттарының армиясына кіріп, дүниежүзілік соғыс толық аяқталғанша қызмет ету керек екен.

«Америка азаматтығын алуға құлшынушылар көп. Бірақ біз неміс лагерінде көп азап шеккен совет адамдарына, яғни одақтастарға, айрықша жеңілдік жасап отырмыз» – деп түсіндірді америкалық офицер тұтқындармен болған арнайы кездесуде.

«Мамандығы жоқ адамдар не істейміз?» – деген сұраққа:

– Америкада ешкім далада қалмайды. Біздің ел еңбекке жарамсыз кембағалдарды да өлтірмейді. Жүк тасып, ағаш кесіп, күзетші болып істеп-ақ, былай тұруға болады («былай тұруға болады» деген тұста қолын кесе көлденең тамағына қойып, тоқшылықтың белгісін білдіргендей болды). Сондықтан дұрыстап, асықпай ойланыңыздар, – деп жауап берді.

Қанша ойланғанмен, бір шешімге келу оңай шаруа болмады. Әлдебір үрей қара бұлттай төбеден төніп тұрса да, елді, жерді сағынған пенде көңіл алабұртып, ештеңеге қарайлағысы келмейді.

Әйтсе де Америка азаматтығын алуға келісім бергендер де болды. Олар негізінен эмигранттар, ата-тектері совет үкіметіне жақпайтын әулеттің ұрпақтары.

Тұтқындар жат жердегі аз күннің қызығын көріп қалайық дегендей, қалаға, көрші даревняларға барып, орманды тоғайды кезіп, қыдырып кететін болды. Айтуларына қарағанда немістің әйелдері мен қыздары шетжерліктердің өзіне кет әрі емес секілді.

Дәрігер Николай бастаған үш жігіт – Батыр, штрафник Саша, эмигрант Семенов – қала шетіндегі орманға шықты. Николай өзінің Сібірде өскенін, табиғатты өте жақсы көретінін жиі айтатын.

Европа ормандары өте сәнді, бәрі де қолдан отырғызғандай біркелкі келеді екен. Әр ағашы, әр өсімдігі есепте тұрғандай бір әсер қалдырады. Қалың қарағайдың ішінен жап-жасыл алаңқайға шыққанда да қазот тәрізді тырбық шөптерге дейін селкеусіз, шаштаразға бастырған шаш секілді біркелкі жып-жинақы болып көрінеді.

Алдан шағын деревня көрінді. Деревняның іргесінен өтетін жол жиегінде бала-шаға, әйелдер әр түрлі жеміс-жидек, май, сүт тағы басқа азық-түлікпен сауда жасап отыр. Төрт жігіт жақындап шет жақтағы жас қыздың қасына келді. Николай немісше жақсы біледі.

– Бізге сататын неңіз бар? – деді ол қыздың алдындағы үюлі картоп, малдың іш майы, көнелеу киім-кешек секілді заттарды көріп тұрса да.

Қыз үнсіз алдындағы заттарға қарады, онысы барым осы дегенді білдіргендей болды.

Николай қыздың атын сұрады.

– Анна, – деді қыз аса бір ибалы үнмен. Жібектей жұмсақ шашы омырауына түскен, ашық қоңыр қой көздері шыныдай жылтыраған, еріні қаймыжықтай үлбіреген ақсары қыз лүп еткен желге елең етіп тұрғандай қағылез, сезімтал.

– Славянка емессіз бе? – Николай қыздың бет-жүзіне барлай қарады.

Қыз әлде бір кінәсін мойындағандай үнмен:

– Менің әкем – неміс, шешем – полька, – деді.

– А-а-а… – Николай онда түсінікті дегендей басын изеді. – Полякша білесіз бе?

– Білем, – деді қыз бұрынғыдан гөрі қабағы ашылғандай болып.

Николай да жадырап сала берді:

– Менің де анам Польшадан. Шеше жағынан поляк қаны бар. Туыс болдық қой.

Қыз көзі күлімдеп әлденеге қызарып кетті.

Николай ойнақы үнмен:

– Менің басым бос емес. Мына біздің жігіттерге көз қырыңды салмайсың ба? – деп сәл ойланып тұрып, Батырды қолымен көрсетті. – Ең тамаша жігіт мінеки…

Қыз Батырға ұрлана қарап, тағы да қызарып кетті. Өлім мен өмірдің шекарасында ұзақ жүріп қандары қарайып, тазалық пен сұлулық деген ұғымнан әлдеқашан күдер үзген жігіттерге мына бір қыздың бойындағы нәзіктік қатты әсер етіп, аңырып қалған.

Николай қалтасынан шоколад алып, қызға ұсынды. Қыз басын шайқады.

– Кешіріңіз, ала алмаймын. Менің сізге беретін ештеңем жоқ.

– Ештеңенің де керегі жоқ.

– Ғафу етіңіз, ала алмаймын. Ренжімеңіз.

Николай енді не істедім дегендей аңырып тұрды да, күліп жіберді.

– Мен сен болсам, осы қыз үшін жанымды құрбан қылар едім, – деді Батырға қарап.

Төрт жігіт деревняның сыртындағы көлге келіп, суға түсіп, күнге қыздырынып, жан мен тәннің рахатын сезгендей болып, кешке дейін демалды. Мұндайда әңгімені көп айтатын – Николай. Көбіне жатқа өлең оқиды. Жұрт оны басқа ақындардың өлеңі шығар деп жүрген. Ақыры өзінің өлеңдері болып шықты.

Эмигрант Семенов, әлде Франциядан, әлде Бельгиядан келген бір әскери адамнан естіген әңгімесін айтты. Ол жақта тұтқыннан босаған отандастарға ерекше құрмет көрсетіліп жатқан секілді. Вокзал басында халықпен бірге мемлекет басшылары, қаланың мэрі, белгілі қайраткерлер бас болып жиналып, гүлмен, оркестрмен қарсы алып жатқан көрінеді.

Батырдың көңіл түпкірінен «шіркін-ай, бізге де сондай күн туар ма екен» дегендей бір жетім дәме болар болмас бүлк ете қалғандай болды.

Семенов екінші әңгіменің ұштығын шығарды. Англияда оралған тұтқындарды құшақ жая қарсы алғанның сыртында, отанының, отбасының игілігіне өзін аман сақтап қала алғаны үшін арнайы орденмен наградтайды екен.

Николайдың:

– Әттеген-ай, ағылшын болып тумағанымды-ай! – деген сөзіне қалғандары ду күлді. Бірақ көңілдерін де соған ұқсас бір сезімнің тұрғаны да рас еді.

Төрт жігіт келген іздерімен кері қайтты. Манағы жол жиегінде отырғандардан әрі 50 қадамдай ұзаған кезде:

– Сен ана қыздың қасына барып, кішкене әңгімелесші, – деді Николай Батырды жеңінен ұстап тоқтатып, – Саған екі-үш рет қарағанын байқап қалдым. Шіркін-ай! – деді сосын әлденеге амалы құрығандай.

Батыр да әлдеқалай желігіп, қайта оралып қыздың қасына келді.

– Батыр, – деді қызға қолын ұсынып күлімсіреп.

– Анна, – деді қыз да ойнақылау үнмен сәбидің қолындай жұп-жұмсақ қолын ұстата салып.

– Мен ғафу өтінем, – деді Батыр балдыр-батпақтау неміс тілінде, – Немісше нашар білемін…

– Маған орысша айта беруіңізге болады, – деді Анна емін-еркін орыс тілінде.

– Тамаша! – Батыр шын қуанды. – Біздер совет тұтқындарымыз ғой. Соғысты, лагерьді, аштықты – бәрін де бастан кештік. (Анна аяушылық білдіргендей бұған таңырқай қарап, басын шайқады.) Сіздердей арулардың жүзіне қарап, әншейін әзілмен әңгіме айтуды ұмытқалы қашан… Дүниеде бейбіт өмірден қымбат ештеңе жоқ екен. Мейлі сол бейбіт өмірде бақытты болмай-ақ қой, бірақ бәрібір оған ештеңе жетпейді.

Анна әңгімеге елігіп жақындай түскендей болды. Батыр өзін осынша беріліп тыңдайтын адамның табылғанына әрі таңырқай, әрі сүйсіне, емін-еркін шешіле сөйледі. Аннаны көптен білетін секілді сезінді өзін. Сөйлеген сайын іші босап, көкірегіндегі шер бірте-бірте тарқай бастағандай болды. Қабырғасына қатты батқан Қайраттың өлімі туралы айтқанда даусының дірілдеп, көзіне жастың қалай келіп қалғанын өзі де байқамай қалған. Кенет Аннаның да жылап отырғанын көріп, таң-тамаша болды. «Апырмау, мынау не деген нәзік қыз! Мынандай қатал өмірде осынша қорғансыз нәзіктік қалай сақталып жүр?» Батырға өзінің де жүрегі бірте-бірте жұмсара бастағандай көрінді.

Анна да өзі туралы әңгіме айтты. Шын әкесі поляк екен. Шешесі балаларының кішкентай кезінде-ақ одан ажырасып кетіп, кейін неміске шығыпты. Бірақ өгей әкелері жақсы адам болыпты. Балаларды ренжітпей тәрбиелепті. Өзінен төрт жастай үлкен ағасы әкесінен кейін соғысқа алынып, екеуі де қаза болған. Отбасында мамасы екеуі ғана. Азғантай жерлері, малдары бар көрінеді.

Батыр кетерінде ойланып тұрып екіұштылау күйде қалтасынан шоколад алып Аннаға ұсынды. Анна да ойланыңқырап, қолын созып шоколадты алды да:

– Рахмет! – деді ақырын ғана.

Батырдың жүрегі лүпілдеп қоя берді.

– Кездескенше, – деп қолын ұсынды.

Анна баланың қолындай жұп-жұмсақ алақанын тағы да ұстата салды. «Не деген нәзік қол!»

Батыр былай шыға болған оқиғаны өзінше сараптаған болды. Қай жаққа аяқ басарын білмей дағдарыста тұрған тұрлаусыз сәтте мына кездесу әлдебір тәтті үмітті оятып, мүлде бейтаныс жаңа өмірге қол бұлғап шақырып, желіктіріп тұрғандай көрінеді. Бірақ көңілінде қорқыныш бар. АҚШ армиясына жазылып, американ азаматтығына қол жеткізудің аяғы немен тынары қандай беймәлім болса, мынау да сондай беймәлім елес. Сондықтан қанша қатерлі болса да, елге қайту туралы ой бірте-бірте санасында беки түскен секілді.

Осы тұста өміріне тағы да күмәнділеу бағыт берген жаңа бір оқиға болды. Аяқ астынан татар жігіті Ғұмар өзіне емханада қызмет көрсеткен медбикеге үйленетін болып шешім қабылдады. Яғни Германияда қалмақ. Ғұмар Батырға іш тартып, ақыл-кеңес беріп жүретін. Өзі зиялы отбасынан шыққан, ғалым жігіт. Әкесі халық жауы деген атпен атылып кеткен. «Егер елге қайтсақ, бізді отанын сатқан опасыз деген статья күтіп тұр. Оның аяғы қандай жазамен тынарын бір құдай білсін. Әйтеуір халық жауының баласына кешірім болмайтыны белгілі. Оның сыртында ондағы етжақын туыстарымызға да кесіріміз тиері сөзсіз. Әзірге біз ол жақта хабар-ошарсыз жоғалғандар мен ерлікпен қаза тапқандардың қатарындамыз. Сондықтан америка азаматтығын алу үшін АҚШ армиясына жазылайық. «Қай жер жайлы болса, сол жер отаның» деген екен бір данышпан, аман болсақ, заман түзелсе, біз болмасақ ұрпағымыз бір табар елді», – деп Батырға қолқа салып жүрген. Ақыры өзі осындай шешім қабылдапты. Қыздың әкесі соғыстың алғашқы жылында жараланып қайтып келген мүгедек екен. Бірақ күнкөрісі бар көрінеді.

Ғұмар кетерінде Батырды әдейі іздеп келді.

– Мен ойлап-ойлап, осындай шешімге келдім, – деді ол енді бұл ойдан қайтпайтынын білдіргендей нық дауыспен. – Халық жауының баласы деген атпен сотталғым келмей, лагерде өлген саха жігітінің құжатын қолыма түсіргем. Саха деген аты ғана болмаса, орыс боп кеткен. Егер қайтсам, сол құжатпен қайтармын дегенмін. Аты-жөні Борис Николаевич Иванов. Ұры-қарылардың арасында жүрген кезбе жігіт екен. Өзінің сыбайластарымен Белоруссияға келгенде соғыс басталып кетіп, қоршауда қалып, тұтқынға түскен. Тұрақты мекені жоқ, жалғыз басты. Бүкіл өмірін жазып алғам… – Ғұмар осы тұста әлденеге екі ойлы болғандай кідіріп, үндемей қалды. Содан кейін Батырға тура қарап: – Мен осы құжатты саған бергім келіп тұр, – деді. – Құдай қолдаса, кәдеңе жарар, ал жарамай қалса, болған іске болаттай боларсың.

Батыр құжатты алып тұрып тағы толқыды. Көз алдына Аннаның үлбіреген сүйкімді жүзі елестейді. Ғұмар құсап мен де қалсам ба екен деген ойдың көкейінде сығырайып тұрғанын сезіп тұр. Тұтқындардың ішінде саясаттан хабары мол, көздері ашық, байланыстары көп ерекше бір топ болды. Олар – негізінен эмигранттар. Ұзақ толғаныстан кейін Батыр солардың көмегімен тоз-тозы шыққан ескі құжатының өшуге шақ қалған суретін ауыстырып, бір кезде қылмысты топтың белсенді мүшесі болған саха жігітінің атына көшті. Бірақ өзі осыдан бірдеңе шығады деп күте қоймайтын секілді. Әйтеуір тірі пенде жан сақтау үшін бірдеңе істеу керек деп ойлады.

Тұтқындарды Совет армиясы басып алған зонаға жеткізу әрекеті басталды. Сталин суреті ілінген бортты машиналар қаз-қатар тізіліп тұр. «Нартәуекел, туған ел! Алдымызда не күтіп тұрса да, саған бет алдық. Құдай оң сапарын бергей!» Әркімнің көңілінде осы ой.

Бірақ туған елмен сағыныш құшағында келіп қауышуды ешкімнің маңдайына жазбаған екен. Тұтқындарды совет шекарасына жеткізбей, орта жолда Прага қаласында қарсы алып, бірден тергеу ісі басталды. Күткен үміт, дәме – бәрі әдіре қалды. Тұтқындарды 20-15 жылға, ең кем дегенде, 10 жылға соттады. Үш адамға ату жазасын беріпті деген сыбыс тарады. Батыр Борис Иванов деген атпен 10 жылға кесілді. Соты 15-ақ минутқа созылды. Неше жылға соттайтындарын күні бұрын келісіп қойған секілді. Соттың да, прокурордың да бұлардың тағдырына тереңірек үңілуге құлықтары да, уақыттары да жоқ сыңайлы. Жиналыстың тезірек біткенін тілеп, үйлеріне қайтуға асығып отырған адамдарға ұқсайды.

Кейін өзге тұтқындар Батырға «10-ақ жыл алған бағың бар екен» деп, бастарын шайқап, таңырқап, мұны жолы болғыш әлдекімдей көріп жүрді.

Сөйтіп баяғы тұтқындар сол күйінде тұтқын болып қала берді. Тек мекендері ғана өзгерді: бұрын неміс жерінде болса, енді – өз елінде.

Соғыста төгілген қан, концлагерлерде шеккен азап, көрген қорлық, аштық пен ауру – осының бәрі құнсызданған ақшадай мәнін жоғалтып, енді бәрін де қайтадан басынан бастау керек секілді. Оған адам баласының өлшеулі ғұмыры мен күш-жігері жете ме, жетпей ме – ол жағы тек бір құдайға ғана аян. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Бір кезде бұларды топырлатып батысқа айдаса, енді терезелеріне темір тор салынған, есігіне күзет қойылған, ұзыннан ұзақ шұбатылған тауар пойызымен шығысқа қарай жөнелтті. Қайда апаратыныны да белгісіз. Әйтеуір бітпейтін бір ұзақ жол. Новосибирск, Красноярск артта қалды. Бір тұста Байкал деп шулап жатты, одан кейін Хабаровскіге келдік деді. СССР-дің территориясы мұншалықты үлкен екенін жұрт енді сезгендей болып келеді.

Тек дәрігер Николай ғана өзімен-өзі үнсіз ойға шомып, терезеге қарап, тапжылмай тұрғаны. Кейде әлденеге қуанғандай көзі күлімдеп, дөңгеленіп қалып бара жатқан орман-тоғайға үңіле түседі.

Кенет:

– Менің балалық шағым осы жерлерде өтті, – деді қасында тұрған Батырға жалт бұрылып. – Содан болар табиғатты өлердей жақсы көремін. Орман ішінде жалғыз жүргенді ұнатамын. Жаныңды тазартады, уайым-қайғыңды жеңілдетеді. Тәңірімен тілдескендей боласың.

Николай әр көрініске, болған оқиғаға философия-лық мән бере сөйлейтін ойлы жігіт. Әлдебір қисын-сыз, келеңсіз қылықтарды көрсе, үн-түнсіз басын шайқап салқын жымияр еді. Және сол жымиысында философиялық кекесін жатқандай көрінетін Батырға. Бұрыннан танитын ескі таныстан қалғаны осы. Батырдың саха жігітіне айналған құпиясын да білетін, алғаш ақылдасқанда түсініп қолдаған да осы еді.

Состав алдымен Владивостокқа тоқтады, одан кейін тұтқындарды қаладан ары 70 шақырым жердегі портпен қатарлас тұрған лагерге әкелді.

Сырты балшықпен сыланған ағаш барақтардан тұратын лагердің ішіне тұтқындардың алды топырлап кіре бастағанда Николай Батырды түртіп қалды:

– Көрдің бе ананы? – дейді лагердің қақпасын көрсетіп.

Қақпада: «Бостандыққа барар жол – еңбек» деген жазу тұр екен.

– Есіңе ештеңе түспей ме? – дейді сыбырлап.

Түскенде қандай! Бәрі есінде. Неміс лагерінің қақпасында да осындай жазу тұрған. Ұмытпаса, онда: «Еңбек адамды бостан қылады» деп жазылған болатын. Ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады. Жандарынан өтіп бара жатқан конвойшыдан сақтанып Батыр үндемеді.

Лагердегі тұтқындардың құрамы сан-алуан. Ішінде соғыста қолға түскен солдаттар, Германияға қара жұмысқа айдалған қарапайым тұрғындар, эмигранттар, кезінде әйгілі болған ғалым, жазушы, өнер қайраткерлері, саясаткерлер, шет елдік азаматтар, азамат соғысының ардагерлері, олардың балалары, ұры-қары, кісі өлтірген, тонаған баскесерлер, тіпті неміс тұтқындарына дейін бар.

Бір ерекшелігі совет лагерьлерінде негізгі қожайындар – қылмысты топтар секілді. Лагерь басшыларының өздері олардың іс-әрекеттерін елемеуге тырысады. Жұрттың үйінен келген жылы киім-кешегін, азық-түлігін тартып алу, ағаш кесу немесе ағаш тиеу кездерінде апатты жағдай болды деген сылтаумен адам өлтіру олар үшін түкке тұрмайтын шаруа. Қылмысты топтар бірнешеу, әрі бір-бірімен бақас. Әрқайсысы лагерьде өз ықпалдарын жүргізуге тырысады. Қайсы бір топ тым күшейіп кеткен жағдайда қалған топтар бірігіп, қарсы күреске шығады. Қылмыс әлемінде басшы лидерге құлдық ұру қатты дамыған. Оның бұйрығынан артық заң жоқ. Қожайынның тапсырмасы дұрыс болса да, бұрыс болса да, орындалуға тиісті. Лагерьде көптен келе жатқан байырғы тұрғындардың айтуынша мұндағы басшылықтың өзі олармен тығыз байланыста көрінеді. Әлдебір заңсыз сауда-саттық, ортақ пайдалары барға ұқсайды.

Лагерьдегі тіршілікті адами орта деп айту қиын. Үйткені сенімен адам деп ешкім есептеспейді. Мал дейтіндей мал да емессің. Және мал емес екеніңді өзің де жақсы білесің. Бірақ малдың жағдайында өмір сүріп жатқаның ақиқат. Егер сол малдық жағдайға, дәлірек айтқанда, құлдық жағдайға төзімділік білдіріп, үн-түнсіз жүре берсең, оныңмен басшылыққа да, алдыңдағы тамағыңды тартып әкеткен бандитке де ұнайтының анық. Тек біраздан кейін өзіңе ұнаудан қаласың. Баршаның жемі – ездер мен момындар. Сол кезде ішіңдегі адами сана оянып, әлде бір келіспеушілікке, наразылыққа, бүлікшілікке итермелейді. Бәлкім наразылық сезімі жұрттың бәрінде бар шығар, бірақ оны сыртқа шығаруға дәттері шыдамайды. Бір-ақ рет берілетін өмір қымбат.

Николай бір аптадан кейін дәрігер болып ауруханаға орналасты. «Менің бағым – мамандығым. Барлық қатерден осы дәрігерліктің арқасында аман қалып жүрмін. Дүниенің қай түкпіріне барсаң да, дәрігерге қызмет табылады», – деп жүретін.

Барақта жалғыз қалғандай болған Батыр нарда қатар жататын көзілдірікті, тақыр бас Козлов деген үлкен кісімен әңгімелесіп жүрді. Козлов жұрттың айтуына қарағанда, әйгілі ғалым көрінеді. Бірақ аздап жүйке ауруына шалдыққан, әрі жады зақымданған. Батырдың атын ұмытып қалып, қайта-қайта сұрайды, қайта-қайта өзін таныстырады. Ақыры Батырдың аты- жөнін есінде сақтаған кезде өзі туралы әңгіме айта

бастайды. Содан кейін бұған жақындай түсіп, сыбырлай сөйлеп:

– Борис, осы сен неше жылға кесілдің? – дейді.

– Он жылға.

Козлов он жылдың ұзақтығын есептегендей жоғары қарап үнсіз тұрады да:

– Он жыл деген немене жас адамға, – дейді бірдеңені менсінбегендей мұрнын тыжырайтып. – Амандық болса, ертең-ақ өте шығады. Сөз жоқ бостандыққа шығасың. Ал менің сүйегім осында қалады. Маған көп те қалған жоқ. Маңдайға жазылған тағдыр осы болса, құр күйрей бергеннен ол жеңілдемейді. Сондықтан тағдырыңды қабыл алып, онымен мәміліге келу керек. Ал менің мазамды алып жүрген мәселе бұл емес, басқа… – Козлов басқа мәселені айтар алдында жақсылап ойланып алғысы келгендей тағы да үнсіз қалады. – Иә, басқа, – дейді сосын сөзін жалғап. – Ленинградта менің қызым тұрады. Аты – Оля, Ольга Александровна. Сен босағаннан кейін соған барып, менің аманат-сәлемімді жеткіз. Айт, әкеңнің жазығы жоқ деп айт. Жарай ма?

Батыр өзінің Қазақстаннан екенін, ол жақтан Ленинградқа арнайы бара алмай қалуы мүмкін екенін, сондықтан уәде беруге батылы жетпей тұрғанын айтады. Козлов: «А-а, солай ма», – деп түсінген сыңай білдіреді де, кішкенеден кейін әлгі өтінішін қайталап айта бастайды. Ақыры Батыр: «Жарайды, міндетті түрде айтамын», – деп әрең құтылады.

Мінезі тым биязы, интеллигент, мүлде қорғансыз Козловтың көрмеген қорлығы жоқ секілді. Бұзақылар алдындағы тамағын тартып алып, өзін мазақ қылып күн көрсетпейді. Батыр жасы келген үлкен адамға әлгілердің көрсеткен қиянатына шыдай алмай, ара түсем деп өзіне бәле тілеп алғандай болды. Енді олар қайта-қайта тиісіп, Батырдың қыр соңына түсіп алды.

Олар лагерьден 10 шақырым жерде вагонға ағаш тиеу кезінде төбелес ұйымдастырды. Сол күні сүйектен өткендей үскірік аяз болды. Батыр құлақшынының бауын байламай, сыртынан шалмамен орап тастаған болатын. Кенет тәпелтек келген балалау жас жігіт Батырдың бас киімін жұлып алып, тұра қашты. Батыр қуып жетіп, желкеден түйіп жіберген кезде анау етпетінен жығылып, қолындағы құлақшын анандай жерге ұшып кетті. Батыр бас киімін баса киіп, бауын байлап, орынына орала берген болатын, артынан «Біздің адамды сабап жатыр» деген айғай шықты. Өзінің орынына келіп үлгірген Батырдың қасына жалаңдаған үш жігіт жетіп келді. Бөренені Батырмен бірге көтерісіп жүрген грузин жігіті:

– Жігітер, жігіттер, – деді бәтуа сұрағандай екі қолын жоғары көтеріп, – келісімге шақырмын. Не болса да, бейбіт жолмен шешейік. Жарай ма, жігіттер?

– Жоқ, сен араласпа, – деді оған түлкі құлақшын киген қызыл бет жігіт. Өткен жолы Козловтың тамағын тартып алатын бұзақы екенін Батыр танып тұр. – Біз саған тиісіп тұрған жоқпыз. Біздің өз есебіміз бар. Тұрма жолымызда.

Қызыл бет жігіт жеп қоятын адамдай өкіреңдеп жақын келіп, сабайтын адам табылғанына қуанғандай көзі арсыз күлімдеп, Батырдың жүзіне барлай қарады.

Батыр бұлардың бітімге келмейтінін бірден аңғарды. Соғысты көрген, неміс лагерлерінің тозағынан өткен, ажалман талай рет бетпе бет келген қарулы жігіт сын сағатта батыл шешім қабылдау қажет екенін білетін. Тағы бір сөз айтуға оқтала берген бұзақыны аузын ашуға үлгіртпестен шықшыттан сарт еткізіп бір-ақ ұрды. Анау кескен теректей құлап түсті де, өліп қалған адамдай қимылсыз қалды. Қалған екеуі Батырдан дәл мұны күтпеген болу керек, бір-біріне қарап бір сәт абдырағандай болды да, қалталарынан пышақтарын суырып алды. Батыр жерден кеспелтектеу бір таяқты көтеріп, аналардың шабуылын күтпестен тұра ұмтылды. Екі бұзақы бөліне қашып, қайта оралып, енді Батырға екі жақтан жақындай түсті. Батыр қаша жүріп, таяқпен жасқап жолатар емес. Бір рет соққысы мұртты біреуінің дәл басынан тиді. Олар да жерден таяқ алды. Не бір боқтық сөздерді бірінен соң бірін тоғытып, екеуі екі жақтап қыса бастады. Батыр шыр көбелек айналып қорғанып жүр. Өзін ұстамақ болып тұра ұмытылған мұрттының қолынан ұрып пышағын түсірді. Осы кезде ту сыртынан ентіккен дыбыс пен қарға шақырлаған аяқ дыбысының тым жанынан естілгенін сезіп, қолымен қорғана жалт бұрылған кезде қарына қадалған пышақтан оң қолы жан кеткендей ұйып, шатқаяқтай беріп шалқасынан құлады. Көзінің қиығымен байқағаны – мұртты айналшықтап жерге үңіліп бірдеңені іздеп жүрген секілді. Батыр жан дәрмен сау қолымен жер тіреп тұрмақ болған кезде қолына әлде бірдеңе іліккендей болды; пышақ екен. Мұрттының іздеп жүрген пышағының үстіне құлапты. Батыр пышақты кезеніп орнынан тұрған кезде жағдай аяқ астынан өзгерді. Екі бұзақы төбелестің осымен аяқталғанын білдіріп, Батырдан көздерін айырмай, шегіншектеп, әлі есеңгіреп отырған қызыл бет жігітті орынынан тұрғызып кері қайтты. Кетіп бара жатып қолдарын алқымдарына тіреп, Батырға сес көрсетті. Онысы «сен енді өліксің» дегенді білдіруші еді.

Киімінің сыртына шыққан қанды көріп, грузин жігіті Батырға қамқорлық көрсетіп, тез түймесін ағытып, оң қолын жеңінен шығарып, қарының жоғарғы тұсынан орамалмен буып байлап тастады. «Ешкімге де арыз айтпа, одан ештеңе шықпайды» деп ақыл айтты.

Лагерьге келген соң, Батыр дәрігер Николайға барды. Бөрене құлап, қарына үлкен шегесі кіріп кеткен. Николай бастығынан рұқсат алып, Батырды ауруханаға жатқызды.

Бірақ лагерь бастығы төбелестің болғанын біліп қойыпты. Күзетшілер көрген екен. Тек, неге екені белгісіз, бұзақыларды емес, Батырды ғана жазаға тартты. Ауруханадан шығысымен, алдымен штрафзона болып есептелетін аралық лагерьге апарып қамады. Одан кейін соңғы этаппен Колымаға айдамақ. Штрафзонадағы жағдай өте ауыр еді. Тамағы күніне екі мезгіл және жарты сыбаға: қатқан нан мен ескіріп кеткен селедка. Барақтың іші өте салқын, ең төменгі нарда ұйықтау мүмкін емес. Тұтқындардың көбі ауру. Түнімен күркілдеп шығады. Надзирательдері шектен тыс қатал. Батыр Колымаға айдалар күнді тағатсыз күтті.

Этаптың аттануына бір апта қалғанда аралық лагерьге аяқ астынан дәрігер Николай келді. Батыр оның келісін әлде бір дәрігерлік көмекке байланысты шығар деп ойлаған. Олай болмады, оны да штрафзонаға жіберіпті.

– Не үшін? – деген сұраққа:

– Әйел мәселесіне байланысты, – дейді Николай өзінің философиялық кекесін жымиысымен.

Николай ажарлы жігіт болғандықтан, әйелдер арасында беделі бар. Бірақ бір ғажабы, қыздарды өзі емес, қыздар мұны айналдырады. Жап-жас медбике қыз үйіріліп соңынан қалмай жүрген. Соның қырсығы тиген секілді.

– Бақытсыздық сапарын бірге бастап едік, ақырына дейін бірге болайық, – дейді тағы да сол жымиыспен Батырға қарап.

Жүргелі тұрған кемелердің бірінде үлкен жарылыс болып, көп адам өліп, өзге кемелер де істен шығып, соған байланысты сапар жарты айдан астам уақытқа кешіккен болатын. Ақыры күздің алғашқы айында алды арты шақырымға созылатын қалың нөпір тұтқындарды теңіз жағасыман айлаққа жаяу айдап әкеліп, кемеге отырғызды.

Кеменің іші түрмемен бірдей. Трюмде қамалып отырғаның. Палубаға дәретке конвоймен шығасың. Онда да көретінің – бұлыңғыр аспан, басылмайтын сылбыр боз жаңбыр, қорғасын түсті шексіз, шетсіз теңіз айдыны, анда-санда су бетінде шоршыған дельфиндер. Бұрын кемемен жүрмегендердің бастары айналып, тамақ іше алмай, құсып, азап шеккендері де аз болмады.

Тек Николай ғана көңілді еді. Қайтадан дәрігерлік қызметке тағайындалуына байланысты кеме ішінде еркін жүруге рұқсат алған болатын. Сыртқа шығып келген сайын кеменің қай жерде келе жатқанын, енді қай жерге келетінін, теңіздің күндізгі, кешкі көріністерін айтып, әлденеге таң қалып басын шайқап отырғаны.

Бір бірінен айнымайтын сүреңсіз күндер жылжып өтіп жатты. Аурулардың ішінде өлім жиіледі. Мүрделерді қапқа салып теңізге тастайды. Бұл да өліктерді теңізге жерлеу рәсімі болып есептеледі.

Күн суыта бастады. Теңіз бетінен қалқыған мұздар көрінетін болды. Қанша жүзгендерін бір құдай білсін, бұлыңғыр аязды күндердің бірінде тұтқындарды әлдебір өзеннің сағасында жағаға түсірді. Әрі қарай жүзуге болмайды екен. Өзеннің бетін мұз басқан. Жарылысқа байланысты кеме ұзақ кешігіп, соның қырсығы тиіпті. Енді қақаған қыста тундра мен тайга арқылы жаяу жүру керек.

Этапты бірнеше топқа бөліп, қатар-қатар сапқа тұрғызып, бөлек-бөлек аттандырды. Шамасы, 50 градустық қақаған аязда жол жүру үшін басқаруға ыңғайлы шағындау топ тиімдірек болуы керек. Мыңан астам адамды тамақтандыру, оларға қоналқалы орын табу оңай емес екені белгілі.

Тундраның меңіреу табиғатында жібімейтін бір мейрімсіздік, адамға деген өшпенділік бар секілді. Күн ап-ашық болғанмен, шұғыласында жылу жоқ, керісінше, жарқырап, сұп-cуық ызғар шашып тұрғандай сезіледі.

Батыр тағы да өткен өмірін есіне алды. Осыдан 5 жыл бұрын неміс конвойларының қоршауында 200 шақырым жерге жаяу айдалса, енді соған ұқсас азапты сапар тағы да басталды. Тек мылтықтарын асынып, екі жақтап айдап келе жатқандар – өзінің сүйікті отанының күзетшілері. Қаталдығы немістерден кем емес. Қашпақ болсаң, бұлар да атып тастайды. Бірақ қашатын жер жоқ. Айдалада үсіп өлгің келмесе, осы топтан қалмауың керек.

Жол бойында бетін қармен, шөпшекпен асығыс бүркей салған өліктер де көріне бастады. Топ түнделетіп қоналқы жерге жетті. Алаулатып от жағылды. Тамақсыз ыстық шәй ішілді.

Шеткерірек отырған Батырдың қасына келіп жайғасқан әлдекім:

– Сәлем, – деді бұған бұрыннан танитын адамдай.

Бұрылып қарағанда таныды, өткенде төбелес кезінде жараланғанда өзіне көмек көрсеткен грузин жігіті екен. Біраз ұсақ-түйек әңгімеден кейін, ол Батырға бұрылып жақындай түсіп:

– Саған айтатын бір маңызды шаруа бар, – деді сыбырлай сөйлеп.

«Ол не шаруа» дегенді білдіріп Батыр оның жүзіне қарады.

– Станцияда сенімен төбелескен үш сілімтік бізге қарсы топтың адамдары болатын, – деді ол оттың қоламтасын қолындағы шыбықпен түрткілеп отырып. – Нағыз қорқау қасқырлар. Олар сені өлтіргілері келіп жүрді. Солардан аман сақтау үшін комендатураға айтып, сені штрафзонаға жіберткізген біздің шеф. Оған айтқан мен. Батыл жігіттерді ұнатамын. Ал қорқаулар батыл жігіттерден қорқады. Содан кейін қапысын тауып көзін құртқылары келеді. Бірақ қауіп-қатерден құтылған жоқсың, олардың әр жерде адамдары көп. Сені бір рет біз сақтап қалдық, бұдан кейін де бізден басқа ешкім сені қорғай алмайды. Бізге қосылуың керек. Жақсылап ойлан. Келіссең, кейін шефпен таныстырамын. – Грузин бұдан кейін мүлде көтеріңкі басқа дауыспен бүгінгі сапар, ауа райы, тундраның табиғаты төңірегінде басқа тақырыпқа көшті.

Мынау әңгіме Батырды қайран қалдырды. Басына өлім қаупі төнгенін, мұның өмірін сақтау үшін өзіне белгісіз біреулердің әрекет жасағанын білген емес. Штрафзонаға отырғызу, басқа лагерьге айдау – лагерь басшыларының әділетсіз шешімі деп қана ойлаған. Өнебойын үрей билей бастады. Грузин жігіті екеуі бір-біріне арқаларын тіреп, от басында қалғып-шұлғып таңды атырды. Жұрттың бәрі де бір-біріне арқаларын тіреп ұйықтауда.

Таң ата колонна жолға шықты. Бүкіл ішек-қарынды қалтыратып, сүйектен өткен суық ештеңені ойлатпайды. Тіпті шаршау да, аштық та жайына қалды. Бір сәтке болса да, жылынатын жер табылса дегеннен басқа арман жоқ. Беттері үсіген, сақал мұрттарына мұз қатқан тұтқындардың түрлері тым аянышты еді. Бірақ қолдарын, аяқтарын үсітіп, лектің соңында таяққа сүйеніп әрең келе жатқандармен салыстырғанда қалғандарының жағдайы шүкіршілік деуге болғандай.

Колонна төртінші не бесінші күні әлдебір мал қораға түнеді. Әбден бітуге қалған тұтқындарға мал қора қонақүйден кем көрінбеген шығар. Тұңғыш рет көздері ілініп, сәл-пәл болса да, естерін жиғандай болды.

Ақыры арып-ашып, жол бойы беттері шөп-шаламмен бүркей салынған өліктерін қалдырып, адам кейпінен айрылған тұтқындар тиісті жерге де келіп жетті. Лагерьдің иттерін абалатып, ілбіп басып қақпадан еніп жатқан тұтқындардың жүзінен ешбір қуаныш белгісі білінбейді. Үйткені олардың қуануға да, ренжуге де шамалары жоқ еді.

Лагерь тұрған жерде кен байыту фабрикасы бар екен. Тұтқындар қыс бойы шахтада жұмыс істеп, жаз шыға байытылған кенді кемеге тиейді. Енді біреулері, көбіне штрафниктер, орманнан ағаш кеседі. Бұл ең ауыр жұмыс болып есептеледі. Үйткені түкірік жерге мұз болып түсетін 50 градустан астам аязда далада жұмыс істеу нағыз тозақтың өзі болатын. Ал штрафник болу қиын шаруа емес, саясатқа қатысты артық айтқан бір ауыз сөзің бұл арада лагерь басшылығының құлағына бірден жетеді. Жаз ортасында өзен жағасына тоқтаған баржадан көмір түсіру де қауырт жұмыс. Үйткені кеме жүретін жазғы маусым өте қысқа. Сол қысқа мерзімде қыстық көмірді қалай да түсіріп үлгеру керек.

Осындай бір көмір түсіру кезінде Батырдың басына қара бұлт қайта үйірілді. Төменде көмір салып тұрған мұның үстіне палубадан темір бөшке құлап, қолы сынып Батыр ауруханаға түсті. Мұның қолына гипс салып, орап байлап жатқан Николай «палубадан темір бөшке құлады» деген сөзді естігенде қалт тоқтап:

– Бөшке қалайша құлады? – деді Батырдан көзін айырмай.

– Байқаусызда болар.

Николай үн-түнсіз Батырдың қолын орап байлады да, әлденеге басын шайқап, ойланып отырып қалды.

– Өткен айда, ауруханаға ауыспай тұрғанда дәл осындай оқиға менде де болды, – деді содан кейін. – Онда бөшке менің басыма құлаған. Екі бандюга мені өлтірмек болыпты. Бір құдай білсін оларға не жазғанымды. Оны солармен байланысы бар бір жігіт айтты. Мен құрыдым деп ойлағам. Бірақ менің бағыма қарай өткенде баржадағы техникалық спиртті ішіп өлгендердің ішінде әлгілер де бар еді. Құтқарған құдайдың өзі деп ойладым. Егер мынау да сондай жағдай болса, онда өте сақ болу керек.

Батыр болған оқиғаны Грузинге (грузин жігітін төңірегі осылай атайтын) айтты. Грузин келесі күні істің шынында да насырға шапқанын, Батырға өздерінің тобына кіргеннен басқа амал қалмағанын жеткізді.

– Ал жақсы, кірейін, – деді Батыр оған ризашылығының жоқтығын үнімен сездіріп. – Сонда сендер мені қайтіп қорғайсыңдар?

– Тобымыздың мүшелерін қорғауды біз қасиетті борышымыз деп есептейміз, – деді Грузин ант беріп тұрғандай даусын көтере. – Бұл – біздің заңымыз. Сен бізге мүше болсаң, біздің талабымызды мойындасаң, онда біз қарсы жақпен келіссөзге шығамыз. Сенің бізге мүше екеніңді, енді саған тиюге болмайтынын айтамыз. Әйтпесе, қанға – қан. Оны олар да жақсы біледі. Бізде әр жаңа мүшеге байырғы мүшелердің бірі кепілдік береді. Саған кепілдікті мен бердім. Енді сен үшін мен жауап беретін боламын.

Батыр бәріне де түсінді. Өмірінің қатерде тұр-ғанын, одан құтылудың бұдан басқа жолы қалмағанын сезіп отыр, бірақ енді ешқашан да түзеуге болмайтын бір қателік жасағалы тұрғандай жүрегі шымырлап сыздай береді.

Грузин бұзақылардың мінез-құлықтарын жақсы білгендіктен, сол түні әлденеден күдіктеніп, орынын айырбастап, Батырдың қасындағы нарға келіп ұйықтады. Келесі күні Батыр оған келісімін берді. Содан бастап ол өзінің заңы, жарғысы, соған негізделген басшылығы бар ұйымдасқан қылмысты топтың заңды мүшесіне айналды. Алғашқыда үйрене алмай, басқа бір жат елге көшкендей әсерде жүрген. Бүкіл тіршілігін саралай келіп, ақыры: «Мен өскен қоғамның қылмысты топтан айырмашылығы қайсы? Үкіметтің жасаған қылмысы мыналардікінен аз болып па? Ендеше қылмысты топтардың қайсында болғаныңда тұрған не бар?» деп, өзінің қабылдаған шешімін заңдастырғандай болды.

Енді Батырда екі бастық бар: біріншісі — лагерь басшылары, екіншісі – қылмысты топтың атаманы. Қылмысты топты жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан, тәртібі күшті ұйым деп айту да қиын. Іштерінде бір бірімен атарға оқтары жоқ, дүрдеараз бұзақылар, қанышер баскесерлер, ұры-қары, картақұмарлар, алаяқтар көп. Бәрі тек Қожайынға бағынады. Үйткені одан бәрі қорқады. Ол бәрінен батыл, бәрінен айлакер, бәрінен ақылды деп мойындалған. Көпшілік соның жағында болғандықтан, ол өзіне бағынғысы келмегендердің кез келгенін жазалай алатын.

Қылмысты топтың лагерь басшылығына да ықпалы жоқ емес. Әкімшіліктегі ұсақ-түйек қызметте істейтіндер – санитарлық бөлімнің бастығы, нарядчиктер мен бригадирлердің, күндізгі күзетшілердің біразы, тіпті аспазға дейін осылардың адамдары. Әр жерден түсетін қаражат бар; есірткі сататын, жасырын ағаш сату ісіне қатысатын, лагерьден босап, төңіректе ғана жұмыс істеуге рұқсат алған адамдарын пайдаланып заңсыз тері сату ісімен шұғылданатын, әр түрлі тапсырыстарды орындайтын.

Осындай тірлікпен жылдар жылжып өтіп жатты. Батыр қылмыстық ортада «Якут» деген атқа ие болды. Әншейін қатардағы емес, белгілі белді мүшелерінің бірі деп айтуға болатын. Балалар үйінде жүргенде карта ойынына беріліп, аты шығып жүретін. Мұнда да көп ұзамай белгілі карташылардың қатарына ілікті. Бұзақылардың көбі анда-санда бір соққанда өлген-тірілгеніне қарамайтын мұның ұстамалы ашуынан қаймығатын болды.

Батыр өз бойында әлде бір өзгерістің болғанын сезетін. Қатыгездік, батылдық, айлакерлік, ең қиын сәттерде үрейді жеңе алатын ұстамдылық – осының бәрі қылмыс әлемінен тапқан олжасы. Бастан кешкен қанды оқиғалар тұсында аман қалуына себепші болған құтқарушысы да – осы қасиеттер екенін білетін.

Ең қиыны — жарық дүниеге келгеннен бастап, қанша мейрімсіз болса да, қия алмайтын өткен өміріңмен байланыстырып тұрған бір есікті қайтып ашылмас-тай етіп қатты жапқаның. Батыр мұндай ойларға берілмеуге тырысатын. Үйткені қылмысты топтың ішінде жүргеннен кейін, сен қалай да сол ортаның заңымен өмір сүруге тиістісің. Екіншіден, өзіңді өлімнен құтқарған ортаға сен де белгілі бір дәрежеде қарыздарсың. Ал есіктің ар жағында қалған өмір үшін бұл баяғыда соғыста хабар-ошарсыз жоғалған немесе Москва түбіндегі айқаста ерлікпен қаза тапқан айбынды жауынгер.

Үшіншіден, мұның із-түзсіз жоқ болғанынан адамзат орыны толмастай ештеңе жоғалтпаған шығар. Баяғыда, соғыста немесе неміс лагерінде өліп қалғандардың қатарында кетсе, солардан ештеңесі артық емес еді. Рас, шешесіне деген сағыныштың жүрегінен әлі өшпегенін сезеді. Бірақ ол да жаңағы ашылмайтын есіктің ар жағында қалды. Өкінгенмен ештеңе өзгермейді.

Батырдың өмірінде бұдан кейін де талай ауыр-ауыр оқиғалар болды. Сегіз жыл өткенде амнистияға іліккен. Босағаннан кейін бақылау мерзімінде болып, көрші поселкеге орналасып, шахтада жұмыс істеп жүріп, қылмыстық статьямен 10 жылға, одан кейін 6 жылға сотталды. Бірақ мұның бәрі енді бұл үшін үйреншікті жағдай болып есептелетін. «Якут» есімі қылмыс әлемінде, криминалистика саласында, құқық қорғау органдарында танымал есімдердің біріне айналды. Мүлде басқа жақта болған қылмысты әрекеттерді тергеу кезінде тергеушілер болған оқиғаға мұның қатысы бар жоғын міндетті түрде тексеретін. Бұлардың қатысы жоғы айқындалғаннан кейін барып, басқа версиямен жұмыс істей бастайтын.

Батыр өмірінде екі рет үйленді. Бірінші әйелі, бұл екінші рет 10 жылға сотталғанда, басқа біреуге шығып кетті. Екіншісі баладан қайтыс болды. Одан кейін заңды түрде үйленген жоқ.

Батыр науқастанып бірнеше рет ауруханаға түсті. Тамақ жақпайтын әдет тапты. Алғашқыда асқазаным болар деп ойлаған. Тексеріле келе бауыры ауыратыны анықталды. Емделіп шыққаннан кейін біраз уақыт жақсы болып жүріп, артынан қайтадан жатып қалады. Арақты да, майлы тамақты да қойған секілді, бірақ дертіне дауа табылмады. Дәрінің де неше түрін тапты, шөппен де емделді, әулие-емшіге, сахалар арасындағы шаманға да көрінді, ем қонбады. Аурумен жолдас болған адам өзімен өзі болып, өзге өмірден алыстай беретін секілді. Бір ғана шүкіршілік ететіні – некеге тұрмаған заңсыз әйелінің өзіне деген елгезектігі. Әйелі Светлана – үлпілдеген сары шашты, ептеп баяғы неміс қызы Аннаны еске түсіретін, өзінен 30 жас кіші – жалғызбасты әйелден некесіз туған қыз еді. Батырға қазан ошағына ие болып, тамақ істеп беретін қызметші, ал кедей қызға өзін асырайтын қожайын керек еді. Мұның аудан орталығындағы өзі салған үш бөлмелі үйі оған хан сарайындай болып көрінетін. Қалай болғанда да, Светлана жаман адам болмады. Батырды баладай күтті. Ауру ұзаққа созылды. Осынша күтінумен бесінші жылға аяқ басқанда Батырдың жағдайы күрт төмендеп кетті. Емдеген дәрігер жігіт – өзімен лагерьде бірге болып, осында да бірге қалып қойған украиндық фельдшердің баласы еді. Ештеңені ашып айтпай: «Қолымнан келгеннің бәрін істедім, құр дәрі бере бергеннен ештеңе болмайды. Үйге шығып біраз демалыңыз», – дей береді.

Светлана күйеуінің анық жағдайын білгісі келіп, ауруға жасалған ем мен диагноз жазылған қағазды басқа дәрігерге апарып көрсетуге кеткен. Үйге жылап келді. Қағазды көрген дәрігер, ысқырып жіберіп: «Біткен шаруа. Әрі кетсе, екі ай, әйтпесе, бір-ақ ай», – депті.

Алғашқыда абдырағаны сонша Батыр өзінің жағдайына зер салып, ақыл тоқтатуға шамасы жетпеді. Бәрі де күтпеген шаруадай, аяқ астынан кезіккен кесепаттай бүкіл ой-санасын тығырыққа тіреді. Бірнеше түн ұйқыдан қалды. Әйелі қасына келіп бірдеңе сұраса, оған не айтып тұрғанына өзі түсінбейді. Өзі – бір жақта, ойы – бір жақта.

Бір күні түсіне шешесі кірді. Бұған тура қарамай, тұнжырап тұр. Түрі бір түрлі буалдыр. Осы анам ба, анам емес пе деп күдіктенетін де секілді. Жоқ анасы. Бірақ неге бұған тура қарамайды? Неге сонша жабырқау? Кенет түсінің ішінде түсін жорып: «Апыр-ай, менің күйзелгенім саған да жеткені ме?» деп жылаған күйі оянып кетті.

– Не болды? Не болды? – дей берді әйелі үрейленіп.

– Түсіме анам кірді, – деді Батыр балаша өксіп. Әйелі бұған қосыла жылады.

Батыр жасын тиып, сабырға келгеннен кейін өзінің әлдебір шаң-тозаңнан арылғандай, баяғы бала кездегі пәк сезімдеріне қайтып оралғандай бір күйге түсті. Бойы жеңілдегендей, жүйкесін тоңдырған бір мұз ерігендей сезінді.

Ол енді түсті жиі көре бастады. Бірде өзен жағасында атасының сиырын бағып жүрген баяғы бала кезі түсіне кірді. Кейінгі өмір тіпті жадында жоқ. Мұңсыз, қайғысыз – табиғатты қызықтап өзімен өзі жүр.

Батыр өзінің санаулы күндері қалғанын сезгендей болды. Жүрегін сыздатқан сағынышты бойында қалған болмашы адами қасиеттерінің соңғы тұяқ серпері деп ұқты.

Ақыры санасына бір ғажап ой келді. Ол – елге жету, барлық күнә мен қылмысын мойындап, ағынан жарылу, сөйтіп ең соңғы мауқын басып, туған жердің топырағын жастанып мәңгі ұйқыға кету. Осылай істесе, өлімнің қорқынышы да жеңілдеп, әлде бір мағынаға ие болатындай көрінді. Бұл ойының өзіне ұнағаны сонша, осыны баяғыдан бері неге ойламағам деп өкінді. Ойына тағы да ой қосылды. Әйелі Светлананы мұнымен бақытты болды деп айту қиын. Жас айырмашылығы өте үлкен. Жаман адам емес екеніне көзі жетті. Ендеше жақсы адам бақытына жетсін. Теңін тапсын. Үйді соған қалдырады. Хат жазып, бәрін түсіндіріп кетеді.

Батыр осы шешімге түбегейлі тоқтап, іске кірісті. Светлананы таң қалдырып, онымен асығыс некеге тұрды. Содан кейін Москваға барып қаралып келмек болып, пойызға билет алды. Қайтып келетін адамдай әйеліне ұсақ түйек шаруалар тапсырды. Әйелінің «Өте әлсізсің ғой, мен бірге барайын» деген сөзін тыңдамады. «Ол жақта да таныстар бар» дегенді сылтау етті.

Москваға келген соң, әйеліне: «Мені іздеп әуре болма. Өмірің алда. Теңіңді тап. Үйді саған қалдырдым, ие бол. Саған ризамын» деген мазмұнда хат жазды. Содан кейін қу жанын сүйретіп, туған елге бет түзеді.

Қазақ жерінің бір қиыр шетіндегі шағын поселкеде жеті түнде шамы сөнбеген жалғыз үйдің ішінде Сәлімгерей ақсақалға әңгіме айтып отырған жолаушының өмір тарихы осы еді.

* * *

Жолаушы әңгімесін доғарып, сәл демалғысы келгендей үнсіз біраз отырды. Дәрілерін ішті. Терін сүртті.

– Осындай бір қиын тағдырды бастан кештім, Сәке, – деді содан кейін өмір жолын қорытындылап. – Өткен өміріңде достыққа, татулыққа, мейірімге толы жақсы күндер көп болса, ол да бір байлық қой. Еске алған сайын жаныңа жылу беріп, санаңды нұрға толтырып тұрады. Бірақ менде ондай күндер, сорыма қарай, көп болмады. Менің күндерім жауластыққа, күнә мен қылмысқа толы. Рас мен жалғыз емеспін. Мұндай бақытсыздыққа ұшыраған жандар тұтас бір ұрпақты құрайды. Бірақ одан менің қайғым жеңілдемейді. Ең үлкен өкінішім – көзі тірісінде анаммен хабарласа алмағаным. Өзімді, өлмесем де, өлдіге санадым. Үйткені жарық дүниеге жария болуға жағдай көтермеді. Қылмыс әлеміне кеттім. Ол да о дүниеге кеткенмен бірдей еді. Енді санаулы ғана күндерім қалды. Бұрын көп дінсіздің бірі едім, қазір құдайға сенетін болдым. Басқаның бәрі өткінші екенін, адамға да, қоғамға да Аллаға жүгіну арқылы ғана әділ баға беруге болатынын енді түсіндім. Туған ел кешер-кешпес, алдынан өту парыз. Маған, шынымды айтсам, топырағы бұйырса жетіп жатыр. Енді жасыратын ештеңем жоқ. Үңгірден жарыққа шыққан жарғанаттай болып отырған түрім осы…– Жолаушы азғантай қуатын тағы да сарқып алғандай, алқына, терең дем алды. Ентігін біразға дейін баса алмай, шынтақтап диванға қисайды.

– Мен де өзгелер секілді сәби болып жарық дүниеге келдім, – деді сосын даусы қарлығып. – Жақсылыққа сендім. Сол сеніммен, сол көңілмен өмір сүрсем дедім. Алайда маған мүмкіндік бермеді. Оттан – отқа, боқтан боққа салды. Оған қарсыласарға менде дәрмен болған жоқ. Қолымнан келгені – өз тағдырымды жек көрдім. Менің өзіммен бірге алып кететін жалғыз байлығым – осы жек көру сезімім ғана. Ол – менің зұлымдықты іштей қолдамайтынымның жалғыз белгісі. Өзімді қорғайын деп отырғам жоқ. Мен өз үкімімді баяғыда алған адаммын. Бірақ, қуғын-сүргіннің бар азабын бастан кешіп, одан кейін өтірік пен қиянатқа құрылған мына қатыгез қоғамға қайтып келіп, баяғыша жалған атақ, жалған даңқпен өмір сүріп жүрген зиялы құлдардың менен несі артық деп те ойлаймын кей-кейде. Ендеше мен де солар секілді осы елдің бір бөлшегімін, Сәке.

Сәлімгерей әңгіменің өн бойында сан құбылып, көзі шатынап, алқынып, қолдары жыбырлап әрең отырды.

– Қанша қателігім болса да, мен де бір құдайдың құлымын ғой, ағымнан жарылып, жарық дүниеде бар екенімді білдіріп, кешірім сұрап, адам құсап өлгім келеді, – деп аяқтады сөзін жолаушы.

– Сен осы Шәйкеннің ұлы Батырсың ба? – деді Сәлімгерей сенбегендей жолаушыға тесіле қарап.

– Иә, Сәке, өкінішке орай, Иванов деген фамилиямен қорлық пен зорлыққа, күнә мен қылмысқа толы өмірді бастан кешкен Шәйкенұлы Батыр мен боламын.

Кенет:

– Жоқ! – деп шаңқ ете қалды Сәлімгерей есін жаңа жинаған адамдай. – Шәйкеннің ұлы Батыр Москва түбінде ерлікпен қаза тапқан. Біз осыны ғана білеміз.

– Ол хабар енді бекер болып отыр. Тірі куә – мінеки алдыңызда. Шындықтан қашып құтылу мүмкін емес.

– Жо-жоқ! – дейді шал тағы да басын шайқап, – Бұл мүмкін емес, мүмкін емес.

– Неге мүмкін емес, Сәке? – деді Батыр шалдың қиқарлығына қапаланғандай бір үнмен. – Ерлікпен қаза табу мен үшін де тиімді болатын еді. Бірақ, құдай жазбаса, не істейсің?

– Ал біздің жазығымыз не? – деді Сәлімгерей бас жоқ, аяғы жоқ, басқа бір әңгімені шетін шығарып.

Батыр оның сөзіне түсінген жоқ, шалдың абдыраған түріне қарап, сәл таңырқағандай болды.

– Сәке, сіздерде жазық жоқ. Жазық менде. Бірақ қанша жазықты болсам да, жалған атпен емес, өзімнің құдай берген аты-жөніммен өлуге хақым бар шығар, – деді, маған осыны да қимайсыңдар ма дегендей, күйінішті үнмен.

– Әй, шырағым, – деді осы кезде Сәлімгерей шамырқанып, – сен өзің не айтып тұрғаныңды білесің бе? Сенің атың осы елдің тарихына алтын әріппен баяғыда жазылып қойған. Поселкенің қақ ортасында саған қойылған ескерткіш тұр. Мектеп сенің атыңда. Ертең мереке күні балалар сенің ескерткішіңнің түбіне гүл қойып, еліміздің саған ұқсаған азаматы боламыз деп ант береді. Қырық жыл бойы осылай өмір сүріп келеміз. Қанша ұрпақ сенің атыңды мақтаныш тұтып ержетті. Жалған атаққа табынған жоқпыз, сенің жасаған ерлігің тарихи шындық. Сені көкке көтеріп, орталық газеттерге мақала шыққанда соғыста қаза болған боздақтарымыз тіріліп келгендей қуанғанбыз. Жастарға үлгі болар ма екен деп, ел болып жабылып, ескерткішіңді орнаттық. Жылдар бойы арызданып, атыңды мектепке бергіздік. Енді соның бәрін тас-талқан етпексің бе? Масқара болдық қой! Сенің атағыңды қорек етіп отырған мына жұртты өлтіретін болдың ғой. Елді аямайсың ба?

Батыр айтылған сөзге толық түсінбегендей, немесе әлдебір ауыр соққыдан есеңгірегендей, аңырып тұрып қалды.

– Солай ма еді? – деуге ғана шамасы келді. Тағдырдың теперішін көп көргендіктен, ол өзін көп нәрсеге дайынмын деп есептейтін. Бірақ дәл мына жағдай үш ұйықтаса түсіне кірмеген секілді.

– Солай, – деді Сәлімгерей сабырға көшкендей қоңыр үнмен. – Шешең соғыстан кейін босап, алпысыншы жылдары Шәйкен ақталғанда елге келіп кеткен. Сенің ескерткішіңді көріп, риза болып еді жарықтық. Артынан көп ұзамай қайтыс болды. Иманын берсін… Қазақтың ұланғайыр жерінің бір түкпірінде жатқан елеусіз мекен болсақ та, бізден де ел мақтаныш ететін бір азамат туса деп Алладан тілек еткен тірі жандармыз ғой. Сол арманымыздың басы да, соңы да сен болдың, шырағым. Енді міне… – дей беріп шал даусы құмығып кілт тоқтады.

Жанды қинаған үнсіздік ұзаққа созылды. Сықыр етіп жартылай ашылған есіктен әйелдің ұйқылы-ояу жүзі көрінді де, мыналар әлі отыр ма дегендей, таңырқап есікті қайта жапты.

Батыр өзінің тығырыққа тірелгенін сезіп, мына бір о дүниедей үнсіздікті бұзу үшін бірдеңе айтқысы келіп, басын көтере берді де, шалдың көзінен сорғалап аққан жасты көріп, тоқ соққандай селк ете қалды. Әлдебір жүрек тамыры үзіліп кеткендей болды. Жанталасып қалтасынан дәрі алып ішті. Түймелерін ағытып, қайта-қайта терең дем алып, терін сүртті. Содан кейін құлап кететіндей, қалтақтап орынынан тұрды.

– Мен сыртқа шығып келейін, – деді ентігін баса алмай, есікке қарай беттеп.

Сәлімгерей мұның үйде бар жоғын ұмытып кеткендей, анда-санда орамалымен көзін сүртіп, өзімен өзі болып отыр.

Батыр сыртқа шыққан соң, поселкенің орталығына қарай жүрді. Орталық самаладай жап-жарық, мана автобустан түскенде байқаған шағын парк пен ескерткішті көріп келеді.

Парк деп отырғаны дөңгелетіп отырғызған бес-алты ғана ағаш екен. Ортасында — биіктігі екі жарым метрдей тұғырдың үстінде қолына автомат ұстаған жауынгердің тас мүсіні. Каскасыз жалаңбас, шашы дудырап, (арпалыс кезін бейнелегені болу керек), шинелінің етегі желбіреп, жоғарыдан төмен қарап, әлдекімге айбат шегеді. Батыр мүсіннің жас кезіндегі өзінен айнымай қалғанына қатты таңырқап, бірдеңеден сақтанғандай, аяғын еппен басып жақындай түсті. Бірі жанды, бірі жансыз екі бейне жыға тани алмай тұрғандай бір-біріне үңіле қарап қалған. Батыр осы тұста өзіне беймәлім екінші өмірінің бар екенін амалсыз мойындағандай болды. Екі өмірдің қайсының жалған екеніне зердесі жетпеді. Бәлкім, екеуі де – шындық.

Батыр ескерткішті айналып шықты. Ескерткіштің қадірі өзінікінен жоғары екенін, жұрттың тірі адамнан гөрі ескерткішті сыйлатынын аңғарған сайын, іштей соған қарсы бәсеке пиғылы бас көтерсе де, оның ар жағында әлде бір мақтаныш сезімінің де жоқ емес екені байқалады. Батыр ескерткіштің тура алдына қайта келді. Мүсін қараған сайын бұрынғыдан да айбаттырақ көрінді. Бұған: «Тайып тұр бұл арадан!» дегендей автоматын кезеніп, төне түсетін секілді.

Батыр әлдеқалай тітіркеніп, бас сауғалағандай шегіне берді де, әлденеге сүрініп, оқ тиген адамша шалқасынан құлады. Есеңгіреп, тұра алмай, біраз жатты. Есі кірерлі-шығарлы күйде:

– Жазығым не? – деді даусы дірілдеп. Басын көтеріп, жауап күткендей ескерткішке қарады.

Ескерткіш «жазығыңның не екенін өзің білесің» дегендей автоматын кезеніп, үнсіз тұр.

– Енді маған не дейсің? – деді тірі адаммен сөйлескендей қолын жайып. – Не істей алушы едім мен?..

Ескерткіштің жібитін түрі жоқ, шағым-арыз қабылдамайтын қатал судьядай сазарған қалпы. «Тайып тұр!» деген қаһарлы сұсы басылар емес.

Бұл әлдеқалай ызаланып: «Өзің тайып тұр» дегісі келіп еді, тамағы құрғап үні шықпады.

– Иа, Алла, – деді бір кезде даусы жарықшақтанып, – бұл дүниеде маған орын қалмаған секілді. Енді өзің шеш мына түйінді. Жұрт көзіне түсіре көрме. Өзіңе ал мені, жаратқан ием… – Батыр жыламсырап жұлдыздары әр жерден әрең көрінген бұлыңғыр қара көк аспанға қарады.

– Алланың бұйрығынсыз өлім де жоқ, өкінішке орай, – деген дауыс естілді.

Батырға ескерткіш сөйлегендей көрінген – Сәлімгерей екен. Қолтығынан демеп, орынынан тұрғызды. Әлдеқалай әйел де пайда болды. Екеулеп мұны сүйемелдеп үйге әкеліп, диванға жатқызды. Көп ұзамай бір жас жігіт келді. Дәрігер секілді. Дәрі беріп жатыр ма, укол салып жатыр ма, оны неге істеп жатыр – оған Батыр түсінген жоқ. Өзі басқа жақта алыста тұрғандай, мынау арада отырған басқа біреу секілді көрінеді…

Құдай тілегін беріп, жолаушы таң алдында қайтыс болды. Жарық дүниедегі жалғыз ғұмырының осылайша аяқталғанына өкінген-өкінбегені белгісіз бір күйде үнсіз ғана үзіліп кете барды.

Әйел абдырап:

– Апыр-ай, масқара болдық-ау! Апыр-ай… – дей берді.

– Жоқ, бәрі дұрыс, — деді Сәлімгерей. – Татар дәмі таусылған шығар байғұстың. Тіршілікте пенделікпен жіберген қателігі болса, құдай кешсін. Иманы жолдас болғай! Ғаріп жан… Бақұл бол!

Бұдан кейін таң атты. Күн нұры күндегідей поселкені алтын шұғылаға бөледі. Жыл сайынғы әдетімен мереке күнгі қарбалас ерте басталды. Мектеп жақтан гормонның, барабанның үндері естіледі. Ұйқыдан тұрған тіршілік перроннан қозғалған ауыр составтай баяу жылжып бара жатты.

Әлдебір жолаушы Сәлімгерейдің үйіне құдайы қонақ боп келгенде жүректен қайтыс болыпты деген сыбыс төңірекке сыздықтай тарағанмен, алып-қашпа дабыраға ұласқан жоқ. Дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр?..

Бұл өңірде бәрі бұрынғыша, бәрі бәз қалпында. Тіпті ештеңе де болмаған секілді.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы