Скачать/Жүктеу
Менiң атам Балықбай Ысқақов соғысқа небәрi 18 жасында аттаныпты. Бұл 1942 жылдың қараша айы екен. Ойлап қарасам, қазiр 18 жаста өзiнiң кiм екенiн бiлмей жүргендер аз емес сияқты. Ел басына қауiп төнген кезде өрiмдей жас болған атамның қолына қару алып, жауға қарсы аттанғаны бүгiнде ұрпақтары бiзге мақтаныш. Шындап келгенде, бүгiнде тәуелсiз мемлекеттiң ұланы болып жүргенiме атамның да үлесi зор. Аспанымыз ашық болуына ол кiсiлер жастық ғұмырын сарп еттi, қаншамасы қыршынынан қиылды. Ең бастысы, ендi ондай зұлмат болмаса екен!
Атам соғысқа Беларусь жерiнен кiрiсiптi. 61-армия, 115-атқыштар дивизиясы. 26-атқыштар полкi, 3-атқыштар батальонының құрамында Беларусь, Латвия, Румыния, Венгрия, Польша, Австрия елдерiн азат етуге қатысты. Атам батальон командирi Павел Стрюковты сағынышпен еске алып отырады.
Атам Ұлы Жеңiстi Австрия астанасы Вена қаласында қарсы алды. Бiрақ елге бiрден қайтпай, 1947 жылдың наурыз айына дейiн әскер қатарында болды. Қазiр атамның соғыс жалынына оранған жастық шағын үйдегi орден-медальдары, майдан даласынан дала поштасымен жолдаған үшбұрышты хаттары еске түсiредi.
21 жасында Ұлы Жеңiстi қарсы алып, соғыстан кейiн елдiң еңсесiн көтеру жолында аянбай еңбек еткен атамның өмiрi маған үлкен үлгi. Тасқа салса кетiлмеген, ұлы көкiрек нағыз ерлер ғой бұл асылдар! Әжем екеуi бала, немере өсiрiп, бүгiнде шөбере шуағына шомылып отыр. Олар өздерiнiң ғибратты өмiр жолымен адами бақыттың бәрiне лайық деп ойлаймын.
Мен атамның Ұлы Жеңiстiң 70, 80, 90, 100 жылдығын көруiн қатты қалаймын.
Әдемi Тұрсынқожа,
№176 мектеп-гимназияның
7-сынып оқушысы.
Алматы қаласы