Скачать/Жүктеу
Арманшыл ауыл жастарының бiрi Сапура орта мектептi бiтiрiп, Ақтөбедегi оқытушылар дайындайтын институтқа түседi. Тап сол жылы соғыс басталып, елдегi ер-азаматтар жаппай майданға аттанғанда, оның төрт бiрдей ағасы соғысқа кете барады. Студенттiк өмiрдiң қызығын көре алмай, ендi оқудың қисыны келмейтiнiн сезiнген он сегiз жасар Сапура 1942 жылы маусым айында сұранып, майданға аттанады. Ешқандай әскери дайындықсыз Мәскеу үшiн шайқасқа тап болып, кейiн Белоруссия жерiндегi соғысқа қатысады. 474-атқыштар батальоны құрамында санитар болып, жаралыларға жедел жәрдем көрсетiп, оларды жер бауырлап арқалап, емдеу орындарына жеткiзедi. Борап тұрған оқ астында жан аямай еңбек етедi. Шымыр денелi, ширақ қимылды қыз әскери ұшақ алаңында ұшаққа бомба жасақтауды меңгередi, адам күшi жетпегенде, күнi-түнi қару-жарақ қоймасында күзету де тапсырылады. Қас қақпай, күзетте тұрған қаршадай қыздың қара темiр винтовкадан басқа серiгi, қорғаны болмаса да, жiгерiн жасытпай, үрейiн сездiрмей, нағыз жауынгерлерше қайрат көрсетедi. Сол үшiн басшыларының талай алғысын алып, Жуков атындағы медальмен марапатталады.
Кеңес армиясы жеңiспен батысқа бет алған шақ. 1944 жылы қыркүйек айында Сапура өз батальонымен қиыр Шығысқа жiберiледi. Хабаровск қаласына келген соң, 252-шi батальон қайта жасақталғанша, Сапура тағы әскери құралдар қоймасынан шабуылға керектi бомба-снарядтарды ұшаққа тиеп, майданға дайындап жiберушiлер қатарында күнi-түнi бел шешiп, еңбек етедi. Сақылдаған сары аяз бен бет қаратпас боранға да шыдап, намысты қолдан бермейдi. Бүгiнгi тәуелсiздiк осындай батыр аға-апаларымыздың еңбегiмен жеттi.
Ақтоты Әбимолдаева,
I.Үргенiшбаев атындағы мектептiң
10-сынып оқушысы.
Шалқар ауданы, Ақтөбе облысы