Скачать/Жүктеу
Соғыс басталғанда Әминаның жасы жиырмада болатын. Оның ата-енесi ауылдың сыйлы жандары едi. Жолдасы да ауылдың айтулы азаматы. Осылайша, бақытты өмiр сүрiп жатқан шаңырақтың тыныштығын сұм соғыс бұзды. 1942 жылдың жаз айында Әминаның жолдасы Көшербай Отан алдындағы парызын өтеу үшiн қан майданға аттанады. Артында әке-шешесi, құрсағында баласы бар жан жары қалады. Бақытты отбасы тiрегiнен айрылған соң, ауыр күндер басталады. Алайда Әмина жанұяның берекесiн, болашағын ойлап, қиындықпен күреседi. Үш айдан соң Әмина босанып, өмiрге ұл бала әкеледi. Соғыстың азабынан көз ашпай, қиналып отырған отбасына бұл үлкен жұбаныш болады. Сәбидiң есiмiн атасы елге жеңiс сыйласын деген ниетпен «Жеңiс» деп қояды. Әмина Жеңiсiн дүниеге әкелгеннен кейiн, оны өзiне сүйенiш етедi. Жұмыстан жабыққанда бауырына басып, сағынышын басатын. Тек баласы үшiн барын беруге дайын болды. Бiр жылдан соң Әминаның қайнысы Сейiтқазы да соғысқа аттанады. Қиындық арта түседi. Күн сайын таңмен таласа тұрып, түн жарымында ұйқыға жататын. Ол кезде тыныш ұйқы да жоқ. Әминаның көзi жасқа толып, алдағы күндi ойлайтын.
Ауылдың қара жұмысы бүкiл адамды шаршатты. Арық қазу, өгiз-арбамен жер жырту, егiн егу, масақ теру, тезек-қи тасу, диiрмен тарту, келi түю, қолғап тоқып, майданға жiберу… Халықтың ауыруға да уақыты болмайтын. Қиын кезде халық iшер асқа, киер киiмге жарымады. Уақыт озған сайын қинала түстi. Әрбiр үйден жоқтау айтылып, ел iшiнде зарлы үндер көбейдi. Қабырғаны қайыстырар мұндай қайғылы хабар Әминаға да жеттi. 1943 жылы Көшербайдан суық хабар келдi. Ендi Әмина бақытты күндерiн «жесiр» деген атпен алмастырды. Әминаға бұл соққы қатты тидi. Бiрақ Көшербайдан тұяқ қалғанына шүкiршiлiк етедi. Ал Көшербайдың анасы жота-жота құмының ортасына барып, бар даусымен зарлап, кешке үйiне шаршап жететiн.
1943 жылы Сейiтқазы майданнан бiр аяғынан айырылып оралады. Ол оралғасын, отбасында шаттық қайта тұтанады. Сейiтқазы жұмысқа орналасып, Сырғаш есiмдi қызбен отау құрады. Арада жыл өтiп, Сырғаш дүниеге қыз бала әкеледi.
Бiр күнi Нұрмаханбет ата қатты науқастанып, келiнi Әминаны шақырып алады. «Төрт жыл бойы соғыстың тауқыметiн бастан кешiрдiк. Батыр ұлдарымыздың арқасында басымызға бейбiт күн туды. Маңдайыма жазылғаны шығар, осы жеңiстi де көрдiм. Менiң ендi арманым жоқ. Қызым, саған айтар сөзiм бар. Сенiң жан-жарың, менiң тұңғыш ұлымның қаза болғаны бәрiмiзге ауыр тидi. Бiрақ бұл қасiрет жалғыз бiздiң жүрегiмiзде емес. Егер «жаспын, өмiрiм алда» десең, саған ешкiм тосқауыл болмайды. Бiрақ ұлым Көшербайдан қалған Жеңiсiм осы үйдiң егесi екенiн ұмытпағайсың. Егер «өзiмнен бұрын баламды ойлаймын, осы үйдiң түнiн өшiрмеймiн» десең, осы қара шаңыраққа ақылшы болып, Жеңiстi осы үйде өсiргейсiң. Ақылымды ойлап, таразыға саларсың» деп атасының көзi жасқа булығады.
Әмина көзiне жас алып: «Осы уақытқа дейiн бар өмiрiмдi тек қара шаңырағыма, Көшерiмнен қалған жалғыз балам Жеңiсiме арнадым. Алдағы уақытта да солай етемiн. Немереңiз Жеңiс осы қара шаңырақта ер жетедi. Жеңiстi оқытып, осы үйде қызығын көрсем, одан асқан бақыт жоқ шығар», – деп жауабын берiптi.
Нұрмаханбет ата келiнiне риза болыпты. Атасы көп уақыт өтпей қайтыс болады. Әминаның енесi Шұға ана да бұл қайғыға төзе алмай, дүние салады.
Әмина үшiн өмiрдiң қызығы тек Жеңiс едi. Жеңiс анасының өмiрде көп азап шеккенiн жүрегiмен түсiнетiн. Сондықтан ол мектепте тәртiптi, озат оқушы болды. Мектеп бiтiрген соң, ауылға тракторшы, шопыр болып жұмыс атқарады. Мәриям атты арумен бас қосып, анасын қуантады. Өмiрге тоғыз сәби әкелген Мәриям Әмина анасына қамқоршы едi. Бiрақ Әминаның бақытты күндерi тағы да қысқа болды. Баласы Жеңiс пен келiнi Мәриям бiрiнiң артынан бiрi қайтыс болады. Өмiрдiң ащысын көп көрген абзал әже немерелерiне ана, әке, әже, атаның да орнын басты. Әжесiнiң ақылын тыңдаған немерелерi де жаман болған жоқ. Барлығы бiлiм алып, елге қызмет еттi. Бүгiнде Әмина әже немере-шөберелерiнiң ортасында бақытты өмiр сүруде. Атасы Нұрмаханбеттiң айтқан өсиетiн әлi де естен шығарған жоқ.
Құндызай Өтеген,
№177 орта мектептiң
7-сынып оқушысы.
Сексеуiл кентi,
Арал ауданы,
Қызылорда облысы