Скачать/Жүктеу
Бауыржан ата! Мен үшiн сiздiң тұлғаңыз қашанда мұзарт шыңның басында, мұнартып қалықтаған ақиық, мұзбалақ қыран болып елестейсiз.
1941 жылы Мәскеу түбiндегi қанды шайқастарда теңдесi жоқ ерлiгiмен әлемдi дүр сiлкiндiрген қазақстандық 316-атқыштар дивизиясының батальон командирi ретiнде қапияда ой тауып, қараңғыда жол тауып, ерен ерлiгiңiзбен атыңыз әлемге аңыз болып, батыр қолбасшы атандыңыз.
Жеңiстiң 65 жылдық мерейтойы қарсаңында өзiңiз қаһармандық пен өшпес ерлiк көрсеткен Мәскеу халқы сiздi құрметтеп, үлкен сый жасады. Мәскеу қаласынан ұлан-қайыр, ұзын көше, зәулiм мектепке сiздiң есiмiңiздi бердi. Бұл сiздiң ерлiгiңiздi мойындау және бүкiл қазақ халқына деген құрмет едi. Сiздiң «Ежелден ер тiлегi – ел тiлегi, Адал ұл ер боп туса – ел тiрегi» деген өсиетiңiздiң өмiрде орындалғанын көрiп қуандық.
Бауыржан ата! Тiлге деген нағыз махаббатты, оған деген шынайы сүйiспеншiлiктi мен сiздiң шығармаларыңыздың арасынан таптым.
«Қазақ тiлi… өткiрлiгiмен бой балқытып, тамыр шымырлататын, жан-жүйеңдi жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымға қонымды, жүрегiңе тиiмдi, жаудың көмейiне құм құйып, аузын аштырмай, үнiн шығармай қоятын тiл» деп 1944 жылы баға берген екенсiз.
1944 жылы сiз қазақ тiлiн шұбарлаған, өз тiлiн дөрекi, икемсiз, топас, кедей тiл деп жала жауып жүргендерге қатты тойтарыс бердiңiз емес пе? Республиканың бас хатшысы Әбдiхалықовқа майданнан арнайы хат жолдап: «қазақ тiлiнен ажырап, азғын ел атанбасын, аты өшiп, ұрпақтарымыз тарыдай шашырап, қардай ерiп, құмға сiңген судай дерексiз жоғалмасын, анамыздың ақ сүтiмен бойымызға дарыған тiлiмiздi ұмыту – бүкiл ата-баба тарихымызды ұмыту», – деп күңiрене айтқан едiңiз.
66 жыл бұрын сiз уайымдаған қазақ тiлi, халқыңыз тәуелсiздiк алған соң мемлекеттiк мәртебе алды. Майданда жүрiп тiлiмiздiң, ұлтымыздың арын қорғау – сiздей батыр қолбасшының ғана қолынан келер iс.
Сiздiң кiтаптарыңызды оқып отырып, терең ойға қалам. Отанға деген сүйiспеншiлiгiңiзден, халқыңызға махаббатыңыздан, ұлттық биiк рухымыздан қуат аламын.
Бауыржан ата! Мен сiздiң қаламыңыздан шыққан «Москва үшiн шайқас», «Қанмен жазылған кiтап», «Ұшқан ұя», т.б. шығармаларыңызды оқып шықтым. Сiздiң шебер суреткерлiгiңiзге, адам психологиясын танып-бiлудегi сезiмталдығыңызға таң қаламын. Сiздiң шығармаларыңызда әр кейiпкер өзгеше бiр әлем… Әр сөйлемде тұнып тұрған сыр жатыр. Бұларды оқып қана қоймай, жаттап, үлгi өнеге алуымыз керек.
Бауыржан ата! Егер осы шығармаларыңызды қайтадан жазсаңыз, ненi өзгертер едiңiз? Талай арман-ойыңыз замана лебiне, қыспағына қарай iшiңiзде кеткен шығар.
Сiздiң бiзге қалдырған мәңгiлiк өшпес, ғасырдан ғасырға жетер мұраларыңыз үшiн ұрпақтарыңыз мәңгi қарыздар.
Бауыржан ата! Бақытты болашақ, тәуелсiз ел сiздiң аңсаған арманыңыз едi. Бүгiн сiздiң арманыңыз – ұлттық тiлдiң, дәстүрдiң, салт-сананың мызғымас тiрегi, күшi, алтын дiңгегi – халықтың бақ жұлдызы жарқырап жанған күн.
Сiздiң тағлымыңызды зер сала оқып-үйрену бүгiн де, ертең де келешек ұрпақ үлесiнде.
Қазiр Алматы қаласында Бауыржан Момышұлы атында әскери мектеп интернат бар. Мектеп-интернат шәкiрттерi қазақстанның Қарулы күштерiнiң ертеңгi тiзгiнқағары, өзiңiздей елiне шынайы берiлген, кез-келген уақытта қолына қару алып, кең-байтақ елiн қорғауға әзiр.
Бауыржан ата, тағы бiр жайды айтқым келiп тұр. Ұлт болашағының негiзiн жасайтын жастар санасы өркениет деңгейiне сай болуы шарт. Осыны ойлаған кезде сiздiң: «Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едiм, ендi қорқынышым көбейiп жүр. Балаларын бесiкке бөлемеген, бесiгi жоқ елден қорқам. Екiншi, немересiне ертегi айтып беретiн әжелерiнiң азаюынан қорқам. Үшiншi, дәмдi, дәстүрдi сыйламайтын балалар өсiп келедi. Оның қолына қылыш берсең, кiмдi де болса шауып тастауға даяр. Қолына кiтап алмайды. Үйренiп жатқан бала жоқ, үйретiп жатқан әже, әке жоқ», – деген өсиетiңiз ойға оралады.
Бұл – үлкен алаңдаушылық. Өзiн халықтан бөлiп қарай алмайтын тұлғаның алаңы. Бұл үн бүгiнгi дәуiрмен де үндесiп жатыр.
«Қадiрiн бiлмеппiз ғой тiрi кезде,
Деп жылап сорлы қазақ
мен өлгенде.
Ұрпақ атар 80 мен жүздiгiмдi,
Тарихтың түкпiрiне сөз келгенде», – деп өзiңiз айтқандай, 1990 жылы кеш те болса сiзге «Кеңестер Одағының Батыры» атағы берiлдi. «Бауыржан жұлдызды болған күн – қазақтың жұлдызы жанған күн» деп Елбасымыз сiздiң халықпен бiрге екендiгiңiздi толғана, тебiрене айтты.
Сiзге мен хатымның соңында «Қош болыңыз» демеймiн. Ұрпақтарыңыз Отанына деген сүйiспеншiлiктi, шыншылдықты, әдiлдiктi, шыдамдылықты, төзiмдiлiктi, батылдықты, қаһармандықты, тiлiн, дiнiн сүюдi күнделiктi сiздiң тұлғаңызға қарап үйренедi. Отаным дейтiн, намысты ту қылып ұстаған, Отанына шын берiлген қазақтың ұлтжанды ұрпақтары барда сiз мәңгi жасай бересiз.
Серiк ҚАНТАЕВ,
Қ.Ақынов атындағы орта мектептiң 9-сынып оқушысы.
Жаңаауыл ауылы,
Тарбағатай ауданы,
Шығыс Қазақстан облысы