Скачать/Жүктеу
Бір кісінің үш баласы болыпты.
— Балаларым, көзім тірісінде сендерге бір таусылмас қазына қалдырайын. Шаруаларың шақталғанда бөліп, ас-ауқат қыласыңдар, — деп, бар қазынасын қойма ғып көмеді. Айтқанындай, әкесі өлгеннен соң, шаруалары шақталып, үш бала қойманы қазып алайын деп келсе, орны жатыр, қойма жоқ. Үш бала: «Қойманы не көрген алады, не кемген алады» — деп еді, өлген әкемізде ме, тірі әзімізде ме? Мұны ханның ақылына салайық» — деп ханға баруға шығады.
Үшеуі жолда келе жатып бір шөккен түйенің ізін көреді. Ізіне қарап ағайынды үшеуінің үлкені: «Мына түйе буаз-ау» — дейді. Ортаншысы: «Соқыр-ау» — дейді. Кішісі: «Шолақ-ау» — дейді. Үшеуі әңгімелесіп келе жатса, бір адам кез болады да:
— Түйе көрдіңіздер ме? — деп сұрайды.
Сонда үшеуі тұрып:
— Түйең буаз ба? — дейді.
— Иә, буаз, — дейді жоқшы.
— Соқыр ма?
— Соқыр еді.
— Шолақ па?
— Шолақ еді. Иә, бұл түйені қайдан көрдіңіздер?
— Біз түйенің өзін көргеніміз жоқ, ізін көрдік.
— Ізін көріп, түрі-түсін айтатын сендер әулиесіндер ме? Түйемді алған сендер екенсіндер, — деп жоқщы да ханға баруға ілесе жүреді.
Хан үш жігітті қонақ үйге кіргізеді. Бағлан қозы сойғызып, күріштен палау бастырып, алдарына қояды.
Ас алдына келгенде:
— Мұнда иттің еті бар-ау, — дейді біреуі.
— Адамның сүйегі бар-ау, — дейді екіншісі.
— Ет не болса ол болсын, хан некесізден туған-ау, — депті үшіншісі.
— Тарт табағыңды, ханның өзі жесін, — дейді үшеуі де.
Табақшылар табақты алып қайтып келеді, ханға үшеуінің сөзін айнытпай айтып береді.
Хан қаһарланып, шешесіне кісі салады.
— Мен некесіз тусам шынын айтсын, егер некесіз туды дегені өтірік болса, соны айтқан мына кісінің басын аламын, — дейді.
— Әкесінен ұл перзент жоқ болып еді, кімнен туса содан тусын құдай тілеуімді бере көр деп жүргенде көргенім, бойыма біткенім еді. Балам біреудің қанын жүктемесің, — дейді шешесі.
Хан енді қойшыны шақыртып:
— Қозыда не айып бар? — деді.
— Бұл — арық, көтерем қойдың қозысы еді. Енесінен қорек болмаған соң, күшіктеп жатқан итті емізіп едім. Мәйегіне ұйып, сүйегіне шауып, содан бірдеңе болмаса, — дейді қойшы.
Хан сонан соң күріш әкелген егіншіні шақырады да:
— Күріште не айып бар? — дейді.
— Сіз тез күріш жеткіз деген соң, басқа жерге еккен егін піскен жоқ еді, қабірдің айналасына еккен егісім піскен екен. Содан әкеліп едім. Сол өлген адамның сүйегіне шығып, содан бірдеңе болмаса, — дейді егінші.
Хан бұл үш сөздің де анығына жеткен соң, үш жігіттің алдына бетін орамалмен жапқызып алма қойғызады.
— Егер ойшы болса, өздері ашып жесін! Алманы жер алдында не айтар екен, сөздерін маған айтып кел, — деп тапсырады табақшыға.
Алдарына табақ келген соң астың бетін ашпай тұрып үшеуінің үлкені:
Мынаның қызылы бар-ау, — дейді.
Ортаншысы:
— Сары аласы да бар ғой, — дейді.
Кішісі:
— Өзі сары ала, өзі қызыл болса алма шығар, — деп орамалды жұлып алады. Сөйтіп үшеуі бөліп жейді.
Таңертең сәлемге хан келеді. Сәлемдескеннен кейін:
— Иә, жігіттер, жол болсын? — деп жұмыстарын сұрайды.
— Әкеміз тірісінде қойған қоймасы бар еді, сол жоқ. Қойманы бізден басқа көрген-білген адам жоқ. Осының ақылын сізден сұрай келдік, — дейді жігіттер.
— Қойманың бір мәнісі болар, осы мені некесіз туды дегенің қайсың? — дейді хан.
— Сізді некесіз туды деген мен. Өлі-тіріден зауал сұрата сізге келгенде, өзіңіз келмей тәкаппарлық қып, жігіт-желең жіберген соң, «Мынаның жүрегінде арам қаны бар екен-ау» дегі ойыма келді, — дейді кішісі.
— Жарайды, сіздерге бір мәселе айтайын, соны шешіп беріңіздер, — дейді хан. — Баяғы уақытта екі бай құда болыпты. Күндердің күнінде жігіт қалыңдық ойнап қайнына келген екен. Келген соң қызды күйеуге әкеп берген екен. Қыз келген соң күйеуі:
Коңілің менде ме, жоқ әлде басқа біреуде ме? — деп сұрайды.
— Басқада емес, көңілім бір өзіңде, — дейді қыз.
— Неге, жігіттікті жігіттікпен шығарып салу керек емес пе, біз де жігіттікті атқарып жатырмыз.
— Менің сізден басқада көңілім жоқ.
— Сен өзің бойжеткен қыз, өзің байдың қызы бола тұра бір көңілдесің болмаса, сенің маған да әйел болуың екі талай екен.
Сонда қыз:
— Бүгінгі күн бір кісімен жолығысатын уәделі күнім еді. Сіз келген соң өз жарым деп сізге келдім, — деді.
— Ішінде арманың кетер, уағдалы кісіңе барып кел. Құдай ұзағынан сүйіндірсін, менің жар жолдасымсың ғой, — дейді жігіт.
Қыз осы сөзбен тамырына жүріп кетті. Келген соң:
— Япырмай, мұнша зарықтырып, күні бойы неғып жүрсің? — дейді тамыры.
— Иә, оның мәнісі бар. Күйеуім келіп, жеңгелерім соған апарып, соның рұқсатын алып келгенім осы болды.
— Мені күйеуіңе айттың ба?
— Айттым.
— Күйеуінді онда қалдырып, мен сені мұнда қасыма алып жатам ба? Күйеуіңе менің атымнан құлдық деп сәлем айт. Ертең алдына барым өзім де сәлемдесермін, — дейді тамыры.
Осымен қыз күйеуіне қайтады. Жолда келе жатқанда екі ұры кез болып, қызды ұстап алады. Күйеуі мен тамырының арасында жүргенде екі ұры қыздың киімдерін, бі лезік, сақиналарына дейін тонап алады. Аларын алып болған соң екі ұры:
— Қараңғы түнде қайдан жүрген жансың? — деп сұрақ қояды.
— Ағатайлар, күйеуім мен тамырым екеуінің арасында жүріп осындай күйге ұшырап тұрмын, — деп қыз мән-жайын айтады. Сөзін тыңдап болған соң екі ұры:
— «Жас — жастың тілеуі бір, жібектің түйіні бір» деп еді. Алсақ басқа адам табылар. Шырағым, киімінді киіп күйеуіңе тезірек бара ғой, — деп алғандарын қызға түптүгел қайырып береді.
Хан осы әңгімені айтты да:
— Сол үшеуінің қайсысынікі жөн? — деп үш сыншыға қарады.
— Қасына келген өз жарын біреуге барып кел деп жіберген адамзаттың данышпаны деп білемін, — деді үлкені.
— «Арамы сауда, қияли неке бұзады», өз жарыңа бар деп қастық қылмай қайырып жіберген де нағыз жігіт екен, — деді ортаншысы. Сонда кішісі тұрып:
— Бәрінен ұры ақымақ, — деді. Әкесі де болса алғалы шықты, қыздың неғып жүргенін сұрап несі бар, күлді асылды алған соң жүріп кетпей ме? — дейді.
Сонда хан тұрып кішісіне:
— Ділда сенде! «Арамдықтың байлауын байлаған шешуін де шешеді» деген. Сен менің туысымды да таптың, — деді.
— Ділда менде екені рас, бір тиынына тигенім жоқ, тек орнын аударып қойдым. Мен көңіліңе қарап сенің кімнен туғанынды айтпасам, сен менің көңіліме қарап қойманы алғанымды айтпай ма деп, әдейі көңіліңді қарайтып қатты айтып едім, дұрыс таптың? Екі аға да білген шығар, білгенмен айыбымды айтпаған шығар, — деді кішісі.
Бұл сөз біткен соң хан түйе жоғалтқанды алдырып, үш сыншыға:
— Мынаның түйесін көрдіңдер ме? — деді хан.
— Ізін көрдік.
— Буаз депсіңдер ғой?
— Буаз дедім. Көктем уағында буаз түйе тізесін екі салып сырғып тұрады. Мен сонан буаз екенін білдім, — деді үлкені.
— Соқыр депсіңдер ғой.
— Соқыр дедім. Түйе жайылған екен. Оң жағыны шөбін жұлмай, үнемі сол жағының шөбін жұлып жайылып ты, — деді ортаншысы.
— Шолақ Депсіңдер ғой! — деді хан.
— Шолақ дедім. Бүтін құйрықты түйенің құмалағы ізінен алыс түспейді, ал шолақ құйрықты түйенің құмалағы алысқа шашырап түседі, — деді кішісі.
Сонда хан түйе жоғалтқанға қарап:
— Бұл кісілер сенің түйеңнің соқыр, шолақтығы түгіл менің тегімді де тапты. Түйенді іздеп тауып ал, — депті.
ЕЛДІ БЕКЕМ БИЛЕЙДІ,
БЕКЕМДІ ШЕШЕМ БИЛЕЙДІ
Бекболат бидің бәйбішеден тоғыз ұлы, тоқалдан Тіленші дейтін бір ұлы және бір қызы болыпты. Бекболат қартайғанда ағайынның жақсылары жиналып келіп:
— Жасыңыз болса жетті, орныңызды ұстап, кісі қылуға балаларыңыздың қайсысын ұйғарып жүрсіз? Сіздің көзіңіздің тірісінде құрметтеп, бата берейік деп едік, — дейді. Бекболат біраз үндемей, көзін жұмып толғанып, ыңыранып отырады. Тіленшіні атайын десе бәйбішесінің көңіліне қарайды. Әкесінің қиналып отырғанын қызы байқап:
- Қаракесектен шыққан он екі ата елді Бекем билеуші еді, Бекемді шешем билеуші еді. Бекем шешемнен қаймықпаса, тоқалдан туды демесе, Тіленшіжанның ел ұстамайтын несі бар? —дейді. Сонда Бекболат көзін ашып:
Баланың сөзі рас, сол немеден үмітім бар еді. Бірақ ел жұмысынан ойлаған ойы жоқ секілді. Қойшы-қолаңшымен оймай беруші еді, бойын ұстай білмеуші еді, — дейді. Сонда бәйбіше:
— Сол немеден менің де үмітім бар еді… Тіленші қайда? — дейді. «Жылқы суара кетіп еді» дейді қыз. Отырған жақсылар:
— Оған өзіміз барып жолығып қайтайық, — деседі. Бұлар іздеп келсе, Тіленші су жағасында қойшылармен алысып ойнап жүр екен.
Кісілерді көрген соң, Тіленші сәлем береді. Келген жақсылар:
— Мынау қойшы-қолаңшымен алысып жатқаның не? — дейді. Тіленші сөзді тыңдап болып былай дейді:
— Әкем Бекболат он екі ата елді билеп еді, елдің жуаны келсе қабағын ашып, жадырай сөйлеуші еді. Нашар, жіңішке атаның балаларын елемей, мұңын жүре тыңдайтын Олар арыз-мұңын айта алмай кеткендей көрінетін. Сонда мен: «Егер билікке қолым жетсе, нашарлар жасқанбай арманын айтатын кісі болсам» деп, ойлаушы едім, сол үшін осы бастан бойымды үйретіп жүрмін. Мұны естіген ел жақсылары:
— Балам, біздің ойлағанымыз бұл емес еді, сенікі мақұл екен. Тусаң ту, бәрекелді! – деп баталарын беріпті.