Ғалымның хаты өлмейді


Скачать/Жүктеу

ТАЙМАС ЖҰДАС ШЕШЕН АЙТТЫ ДЕЙТІН СӨЗ

Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билермен бас қосып отырғанда:

—                 Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар, — депті.

Сонда отырғандардың біреуі:

—                 Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты. Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер көңіліне қона қоймапты. Сонда түптегі Қыпшақ, Таймас Жұдас деген жұпыны киімі бар бір кісі тамам билер гуілдесіп, дүрілдесіп отырғанында ләм-мим деп тіл қатпай, сөз тыңдапты. Сонан бір орайы келгенде орнынан ұшып тұрып Абылай ханның алдына шарт жүгініп, былай депті.

—                 Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғаны тозатын нәрселер, өлетін нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен тозбайтын не, өлмейтін не айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады. Түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құда болады. Кит саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде үш дау, ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі де тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады. Құдай қосқан құда емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.

Қара жердің өлгені,

Қар астында қалғаны.

Асқар таудың өлгені,

Басын мұнар шалғаны.

Аққан судың өлгені,

Мұз боп тоңып қатқаны.

Ай мен күннің өлгені,

Түнеріп барып батқаны.

Өлмегенде не өлмейді?

Ғалымның хаты өлмейді.

Жақсының аты өлмейді.

Абылай хан риза болады. Қамқа тоның бас қылып үстіне жауып, Таймас Жұдасқа толық тоғыз сый береді. Отырғандар шулап қоя береді: «Батырдан сауға, мергеннен сыралғы, бізге алған олжаңнан байла!» — деп. Сонда Таймас Жұдас шешен:

— Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқаным жоқ, атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған жүлдесі екен деп, балаларым мұра қылып, айта жүрсін деп алып барамын, — деп байламастан алып шығып жүре беріпті.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы