«АЛДАРКӨСЕНІ» ӨМІРДЕ ОЙНАҒАН


Скачать/Жүктеу

Жо-жоқ, мен Шәкен ағамен аз-ақ рет кездестім деуден аулақпын. Егер оның жарқын бейнесін драма театрының сахнасы мен кинодан, талай-талай өткізіп жататын арнайы кездесулерден жүздеген рет көрдім десем, артық айтқандық емес. Ол өмірде өте қарапайым болатын. Мұны оның жүріс-тұрысынан, адамгершілік қадір-қасиетінен әрдайым аңғарып жүретінмін. Қайран ағам, үлкеннің де, кішінің де көңілін таба білетін.
1946 жылдың күзі. Мен Алматыға келіп, бұрынғы ҚазПИ-
ге оқуға түскен едім. Әр адамның әлденеге құштар болатын әдеті бар ғой. Біреу асық, біреу волейбол ойнайды дегендей, мен бейбақ бильярд десе ішкен асымды жерге қоятынмын. Сол әдет мені сүйрелеп «Алматы» мейрамханасына алып келді. Ресторанның астыңғы қабатында бильярд болатын.

Демалыс күні таңертеңгі кез еді. Жұрт әлі келе қоймағандықтан бір кісі жападан-жалғыз бильярд шарларын әр бұрышқа қарай бағыттап ойнап тұр екен. Өзімен-өзі сөйлескендей әлдене деп күбірлеп қоятын секілді.
– Әй, бала, бері кел, бильярд ойнайсың ба? – деді. Сарғыш өңді, бойшандау келген жылы жүзді кісі екен. Сәл қыбыжықтап, ұялыңқырап тұрсам да:
– Ойнаймын! – дедім.
– Жақсы ойнай білсең, «пирамидаға» кетейік, әйтпесе «американка», – деді ол.
– Маған торлы бұрышқа тас түсіру оңайға соға қоймайды. Сол «әміркәңкені» ойнайық, аға, – дедім. Орысша сөйлеп тұрғаным сол шығар, Өйткені, мен келген шалғайдағы қазақ ауылында бір де бір өзге ұлт өкілдері болмағандықтан, орысша сөйлеп үйренген жоқ едік. Бар білетініміз «дай хлеб» пен «деньги нету».
– Онда бала, соқ, – деді.
– Жоқ, аға, сіз бастаңыз!
– Мейлің ендеше.
Сақа шармен үшбұрышты пирамида пішіндес қалыпшаға тәртіппен орналасқан «топты» тұмсығынан сарт еткізгені сол екен, оң жақ бұрыштағы тесікке барып бір шар топ ете түсті. Менің жүрегім салған жерден зу ете қалды. Тағы бір шар сол жақта, тағы бір шар ортадағысына… «Ал керек болса! Өзіме де сол керек, әліме қарамай «Ойнаймын» деп не жын түртті-ей», – деп өзімді-өзім іштей жазғырып тұрмын.
Не керек, бас-аяғы сегіз минуттай шамасында жеті шарды едел-жедел түсіріп, қарсыласым таяғының былғары желімделген ұшын бормен сипалап, маған жымия қарап қойды:
– Қорықпа, бала, әлі-ақ үйреніп кетесің, бильярдқа неғұрлым жиі келсең, соғұрлым жақсы ойнайтын боласың, – деді.
Екінші ойынға кірісе бергенде бір топ адам сау ете түсті де, ойыншы енді солармен болды. Мен таяғымды (кийді – М.Р.) үлкендерге бердім.
– Жаңағы сенімен бильярд ойнаған ағаңды білесің бе? – деді маған кезек күтіп тұрған кісі.
– Жоқ.
– Ол театрдың атақты актері – Шәкен Айманов!
– Қап-ай, – дедім өкініп. Кеше ғана «Қозы Көрпеш–Баян сұлуда» көрген едім. Сонда басты рөлдің бірін ойнаған осы кісі екен ғой…
Театр сахнасында батырлық, қайғы-қасіретті, күлдіргі жүздеген рөлдерде ойнап, Махамбет пен Ақан Сері, Шадрин мен Петручио, Отелло іспетті рөлдерімен тәнті еткен Шәкен кейін кино өнеріне ауысты. Кинода – «Абай әнінде» – Шәріп, «Алдаркөседе» – Алдаркөсе, «Жамбыл» фильмінде – Жамбыл рөлдерін ойнады. Сонда әйгілі режиссер Сергей Бондарчук «Правда» газетінде, Польшаның сыншысы Ирена Мерц «Трибуна люду» газетінде: «Шәкен Айманов сомдаған Жамбыл бейнесінен тірі ақынды көзге елестеткендей болдық», – деп аса зор баға берді. Кино өнері саласында
Шәкен ағаның әрі актер ретінде, әрі режиссер ретінде сіңірген еңбегі ұлан-ғайыр. Оған дәлел ретінде, өзгелерін былай қойып, өмірінің соңғы күндері экранға шығарған «Атаманның ақыры» фильмін айтсақ та жеткілікті.
Мен өз естелігімде Шәкен Аймановтың творчествосына шолу жасауды мақсат еткен жоқпын. Тек оның әзілқойлығы жайлы кейбір есте қалған әңгімелерден үзік сырлар қозғауды жөн көрдім.
Мен «Ара» журналында ұзақ жылдар қызмет атқарып, кейінгі жылдары кино өнері саласында да біраз еңбек еттім. Ол кездері Шәкен аға Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы болатын. Ара-тұра кино режиссері һәм актерлікті де ұмытпай, үнемі еңбектенумен жүретін.
… Киностудияның бұрынғы ғимаратында Шәкен ағаның кабинеті болатын. Кейде әңгімелесіп, шүйіркелесіп қалатынбыз. Бір күні оның кабинетіне келсем, Шәкен аға өңі қуқыл тартып, бірдеңеге қатты ренжіп отыр екен.
– Шәкен аға, неге көңілсіз отырсыз? – дедім.
– Иә, бала, мә, мынаны оқы! – деді.
Стол үстінде жатқан «Известия» газетіне көзім түсті. «Два арбуза в одной руке» деген фельетон шығыпты. Оқи бастадым. Сол кезде «Известияның» Қазақстандағы тілшісі М. Байдерин: «Ш. Айманов әрі актер, әрі сценарист, әрі қоюшы-режиссер болып, жүз мың сомнан асатын бір киноның қаржысын қара басына пайдаланады. Қалтасын қампитты. Өзгелердің ауыздарын аңқитты», – деп жазыпты.
– Не істеу керек, бала? – деді. Ашуға булығып, оның айтып отырғаны жала екенін айтты. Мен «Арада» істеуіме байланысты тексеруге тәжірибемнің жететіндігін сездіріп, ақыл-кеңес қосқандай болдым.
– Мұндай қысыр сөзге мөр басылған анықтама қажет. Соларды алыңыз да Мәскеуге барыңыз, дәлелдеңіз, – дедім.
– Бала, сенің сөзің рас, – деді де, Шәкен аға дереу киностудияның есеп-қисап бөліміне аттанды.
… Арада көп күндер өтті. Бір күні Шәкен ағаны киностудияның ауласында жолықтырдым.
– …Сонымен не болды, аға? – дедім.
– Не ойласаң со болды, – деп жымия күлді ол. Кейін білдім, ол былай болған екен… Шәкен аға «Известия» газетінің сол кездегі бас редакторы Аджубейге (Хрущевтің күйеу баласы. – М.Р.) жолығады. Болған істі бастан-аяқ баяндап, Байдердиннің жала жауып отырғанын айтып, анықтамаларын көрсетеді. Ықылас қоя тыңдап болған соң Аджубей Шәкен ағаға:
– Шәкен Кенжетаевич, бәрі дұрыс-ау. Бірақ о заманда, бұ заман «Известия» газетінің жарық көрген мақалаға түзету бергенін көрген жоқ шығарсыз. Қайта қуаныңыз. Сіздің атыңызды миллиондаған оқырманға таныстырып, жарнама жасалынды. Егер Америкада болса, мұндай жарнамаға пәлен доллар ақша төлер еді, ха-ха-ха, – депті де қойыпты. Оған Шәкен аға да әдеттегідей жеңіл күліп шығып кетіпті.
…Шәкен аға кабинетінде отырмыз. Ол кісінің «Алдаркөсе» фильмінде өзі Алдаркөсе болып ойнауы тегін емес-ау деп ойлаймын. Себебі, ол өмірде де әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін.
– «Жамбыл» фильмін түсіріп жатқанбыз, – деді Шәкен. – Қаскелең ауданындағы Қарақыстақ, өзге де жерлерге барып түсіреміз. Режиссері Дзиган, оператор, Большаковтар зайыптарымен бірге жүрді. Қой сойып, қымыз сапырып, алыстан келген қонаққа қалбалаң қағатын қазақ емеспіз бе? Бір күні Большаков:
– Шәкен Кенжетаевич, Ленинградқа келгенде мықтап тұрып қонаққа шақырамын! – деп қалды.
– ІПәке, осы сөзін ұмытпаңыз, – деп екінші режиссер Мәжит Бегалин көзін қысып қойды.
… Арада апталар өте бастады. Бір күні кино түсірушілер тобы Ленинградқа келді. Арада біраз күн өтсе де Большаков былқ етпейді.
– Шәкен аға, мыналар «Шық бермес Шығайбай-ау» деймін, – деді Мәжит көңілі қалғанын сездіріп. Шәкен үн қатқан жоқ. Тек қайтуға екі күн қалғанда Большаков:
– Шәкен Кенжетаевич, Мәжит екеуіңіз қонақ болып кетіңіз, – деді.
– Сіздің үйде ғой?
– Жоқ, үйде ремонт еді, – деп сырғытпаға салды.
– Е, ресторанда шығар онда…
– Жоқ, онда да емес. Сіздің бөлмеге жапсарлас номер босайды. Сонда, – деді. Сөйтсек, оның «Астория» мейманханасына іргелес бөлмесі болып шықты.
– Сағат кешкі бестен кешікпеңіздер, – деп ескертті Шәкен мен Мәжитке.
– Сендер бара беріңдер, мен кештеу келемін, – деді де сырт айналды Шәкен.
Мәжиттер айтқан мезгілінде келіп, Большаковтың «шашбауын» көтерісіп, мәре-сәре болып отырған. Большаков сағатына қарап:
– Оһо, сағат жеті болып қалды. Шәкен Кенжетаевич әлі жоқ қой, қайда жүр? – деп қалды.
– Сізге сыйлық іздеп кеткен болатын, – деді Мәжит қуақылана жымиып.
– Қап-ай, бекер әуре болған… – Бір кезде есік тықылдады. Шәкең екен.
– Туған күніңізбен, – деп Шәкен қағазға оралған фарфор мүсінді ұсынды.
– Бекер әуре болғансың! – деді Большаков.
– Е, сен секілді мықтыға құр қол келген болмас.
…Олар әзіл-қалжыңдары жарасып, ұзақ отырды да, түн ортасы ауа бөлмелеріне тарасты.
Ертеңіне таңертең үй сыпырушы келіп:
– Әу, мына жерде тұрған фарфор мүсін қайда? – деді Шәкенге.
– Көрші бөлмеден сұраңыз, – деді де, Шәкен жата берді.
Көрші бөлменің қоңырауын шылдырлата кірген әйел ашу шақырып, тумбочканың үстіндегі фарфор мүсінді алды да:
– Не деген ұятсызсыз. Мейманхананың дүниесін неге ұрлайсыз? – деді.
– Қалай дейсіз, беріңіз, бұл маған қазақтың ірі кинорежиссері әрі актері Шәкен Кенжетаевич сыйлаған сыйлық, – дейді Большаков та оған бадырая қадалып.
– Сіз сауатты адамсыз ғой, оқып көріңіз мынаны, – деді үй сыпырушы.
Большаков жалма-жан фарфорлы мүсінді төңкеріп, тұғыр тұсынан «Астория» мейманханасы» деп бадырайып тұрған жазуларды оқыды да, сылқ етіп орнына отыра кетті. Бұл Шәкеннің бір қалжыңы.
… – Тағы бір қызықты айтып берейін, – деді Шәкен аға күлімсірей қарап. Оның маңдай терісі тарамдана, самай тұсынан жағына дейін жарыса жөнелген әжімдері тереңдей түсті.
Шәкен аға кабинетте отырған хатшы қызға «мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағаз беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта:
– Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып.
– Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағаз беретін әйел.
– Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев:
– Ха-ха-ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ! Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді.
– Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы