Скачать/Жүктеу
КІРІСПЕ
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Әр қаламгерді оның әдеби ортасынан жеке-дара алып қарау, тану біржақты болмақ. Ақын, немесе жазушы өз ортасында өсіп, содан сусындап, шыңдалып қана қоймай, біте қайнасып, сол қауымның өкілі ретінде ғұмыр кешеді. Рухани дүниесі толысқан шақтан бастап айналасына ықпалды болған тұлғалар өз әдеби ортасын қалыптастырады. Демек, белгілі бір әдебиет өкілінің шығармашылық өсуіне ықпал ететін үрдістер және сол тұлғаның кемеліне келгеннен кейін өз айналасына, кейінгі буынға әсері деген мәселелер әдеби орта ұғымын тудырады.
Абайдың әдеби ортасы дегенде белгілі бір тұлғаның ақындық жолына өз әсерін тигізген, рухани жетілуіне темірқазық бағдар бола білген ақын-жырауларды, би-шешендерді, кейіннен нағыз ақындық кемеліне жеткен сөз зергерінің әдебиеттегі дәстүрін жалғастырған ақын шәкірттерін, оның мұрасын халыққа насихаттаған өнерпаз буынды айтамыз.
Әдеби орта ұғымын мейілінше кең тұрғыда алу да бар. Ол өлшемге салсақ, ақынға әсер еткен рухани қайнар көздерге ұласатын алғышарттарды яғни, абайтанушы ғалымдар атап көрсететін ақынға әсер еткен шығыс, батыс және қазақтың төл әдебиеті сияқты рухани қайнар көздерді есепке аламыз. Осылайша әдеби ортаның құлашын кеңейтіп, ақын сусындаған әдеби дереккөздерге қатыстылығын ескерсек, Абайдың кітапханасы деген тақырыптың да әдеби ортамен бөлінбес бірлікте екенін аңғару қиын емес. Әдеби орта тек өзіне ықпал еткен ілгерідегі әдебиетпен ғана шектелмейді, енді ақынның өзгеге берген нәрі деген тұста қазақ әдебиетіндегі үлкен арна – Абайдың әдебиеттегі дәстүрі мәселесін қоса қамтиды. Шартты түрде осындай кең ауқымды қамтитын Абайдың әдеби ортасын біз ғылыми жұмыста нақтылап, ақынның айналасы, яғни Абаймен тікелей қарым-қатынаста, әдеби байланыста болған аға буын, замандас сөз зергерлері – ақын-жыраулар, би-шешендер және кейінгі ақынның тікелей тәрбиесін көрген ақын шәкірттерімен шектеп, шеңберлеп қарастыруды мақсат еттік. Әуезовтің сөзімен айтқанда «бергілер және дәл айналасы» зерттеу жұмысымыздың негізгі нысаны болып табылмақ.
Ақынға тікелей ықпал еткен, үлгі көрсеткен замандас аға буын ақындар, би-шешендер мен сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастардан тұратын әдеби қауымды негізге ала отырып, М.Әуезов Абайдың айналасын, ақындық ортасын ақынның өзі алған нәрі және өзгеге берген нәрі деп екі салаға жіктейді [1, 19-б.]. Өзі алған нәрі дегенде, сөз иелерінің ішінде ақындардың орны айрықша. Атап айтқанда, Абай жасынан Бұхар жырау, Шортанбай жырларына қанып өссе, өзі жүзбе-жүз кездескен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Шөже, Балта, Байкөкше, Қуандық қыз, Бодау жырау, Мұрынбай жырау, Біржан сал сынды әдебиет өкілдерінің қай-қайсысынан да оның ақындық өсу жолын бөліп қарауға болмайды. Осы орайда академик С.Қирабаевтың пікірі орынды айтылған: «Абайдың ақындық жолы, ортасы күрделі болғаны белгілі, оның ақындылығы да сол ортада, өз дәуірінің шындығына орай қалыптасты. Сондықтан, ақынның өзі туып өскен ортаның әдебиеттік үлгілерінен, қазақтың шешендік өнерінен (атақты би болғанын еске алыңыз!), аты белгілі (өзі атайтын Бұқар, Дулат, Шортанбай) ақындар өнегесінен тыс тууы мүмкін емес. Қайта Абай осылардың бәрін жақсы білді, жанына азық етті. Ұлттық рухани байлығын бойына сіңіре отырып, кейін шығыс, батыс үлгілерін еркін меңгеру арқылы бүкіл халықтық, жалпы адамзаттық ой-пікір деңгейіне көтерілді. Халықтық әдебиет сарындарын үлкен европалық үлгідегі ақындық жинақтаушылыққа (обобщение) ұластырды. Мұның өзі қазақ әдебиетінің Абай арқылы адамзат мәдениетінің көркемдік биігіне шығуын дәлелдейді» [2, 14-б.].
Екінші мәселе — ақынның өзгеге берген нәрі турасында. Бұл – Абайдың ақындық мектебі деген тақырыпқа жетелейді. Абайдың ақындық мектебі – оның кейінгі әдебиетке әкелген жаңашыл дәстүрлері мен сол әдеби үлгі-өрнектерді жалғастырып, дамытушы ізбасар ақындардың әдебиеттегі орнын айқындайтын, сол арқылы кемеңгердің тағлым беруші ұстаздық қырын танытатын қазақ әдебиетіндегі ерекше құбылыс. Бұл мәселені ақынның күнделікті қасында жүріп, тікелей тәрбиесін алушы, оның тапсырмасымен алуан тақырыпта шығармалар жазған айналасындағы шәкірттерді ғана бөліп алып, Абай мектебінің өкілдері деп қарастыру бар. М.Әуезов: «Тегінде әдебиеттік мектеп мағынасы тарихтық басы ашық, даусыз, деректі көлемде алу да бар. Онда «шәкірт» деп белгілі ақынның қасында, қатарында жүріп күнделік байланыс арқылы тақырып, үлгі, ұстаздық, сын-өнеге алып жүрген ақындар тобын даусыз «мектеп» деп айтуға болады» [3, 118-б.] ,- деген анықтама берген болатын. М.Әуезовтің жетекшілігімен өткен ғасырдың елуінші жылдары Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттері шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғап, бұл тақырыпты ғылыми айналымға енгізді [4].
Ал, Абай дәстүрі – біз сөз етіп отырған ақындық мектепті де ішіне сыйғызып жіберетін кең ұғым. Абай дәстүрі оның қасында жүрген шәкірттерімен шектелмейді. Қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі көрнекті тұлғалардың барлығы дәстүр жалғастырушылар десек, С.Торайғыров, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды әдебиет қайраткерлері осы лектің алдыңғы толқыны ғана. Демек, кең мағынада алғанда дәстүр жалғастырушылардың бәрі дерлік Абайдың ақындық мектебінің өкілдері болып табылады. Алайда, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды нақтылап, оның маңайындағы ақын шәкірттерімен байланысын алып қарастырғанда, ақындық дәстүрден де басқа, ұстаз бен шәкірт арасындағы күнделікті қарым-қатынастардың нақтылы көріністері бой көрсетеді. Яғни, Абай поэзиясының кейінгіге әсер-ықпалы деген мәселеден бөлек, Абайдың тікелей тәрбиесі, ұстаздық ұлағаты, тіпті оның маңайындағы ізбасар ақындарды өлең жазуға баулу, үйрету қарекеттері айқындалады.
Тақырыптың өзектілігі. Жеке ақынның әдеби ортасын, тікелей әсер еткен рухани айналасын танып, біліп болмай, сол тұлға туралы толымды пікір айту мүмкін емес деген пікірді басшылыққа алсақ, Абайдың әдеби ортасы тақырыбы – абайтану ғылымында зерттелу жағынан кенжелеп жатқан сала. Көп жылғы бодандық құрсауындағы Абай тұлғасы енді ғана өз биігінен көрініп, жаңа зерттеулерге бой ұсынып абайтануға тың міндеттер артқанына да аз уақыт болған жоқ. Десек те, Абайды ұлттық таным тұрғысынан бағалап, оның кемеңгерлігіне толымды баға беру ондаған жылдардың еншісіне сыя қоймайды. Әсіресе, кеңестік кезеңде өз заманынан, ортасынан, тіпті ұлтынан бөлініп, жеке-дара қарастырылған Абай есімі қайта, қайыра қарастырар жаңа пайымдауларға зәру. Академик З.Ахметов айтқандай: «Абай творчествосының өз заманымен, сол кездегі қоғамдық өмірімен байланысын, сол кезде қандай зор танымдық, тәрбиелік міндет атқарғанын, сөз өнеріне не жаңалық әкелгенін толық түсінсек, сонда ғана біз оның кейінгі кезеңдерде, қазіргі заманда қоғамдық ой-сананың, әдебиеттің өркендеуіне қандай ықпал жасап келе жатқанын толық аңғара аламыз» [5, 38-б.].
Кеңестік идеологияның салдарынан абайтану ғылымында еріксіз назардан тыс қалып, тіпті күшпен басылып, еркін зерттелу мүмкіндігінен айырылған сала Абайдың ортасы десек, «социалистік» қоғамда ақынды өз ортасынан, әдеби айналасынан ажыратып алу мақсатты түрде іске асырылды. Алдымен Абайдың өзі «шынжыр балақ, шұбар төс» Құнанбай баласы болғаны үшін ғана кеңестік жүйге құрылған әдебиетке жақпады. Абай поэзиясының қуатына солақай сынның қауқары келмегендіктен, ендігі кезекте ақынның өз басы емес, оның айналасы, әдеби ортасы сын тезіне алынды. Ақынның өмір сүрген ортасы – «ескішіл», әкесі – бай-шонжар, маңайындағы ақын-жыраулар мұрасы «социалистік талаптардан ада» болған себепті, Абай мақсатты түрде әдеби ортасынан жырақталып, оқшаулана берді. Ақынның әдеби мұрасы «әдебиеттің таптығы» деген қалыпқа ыңғайланып, «кедейшіл», керек десеңіз «большевик» Абай өз ортасына қарсы қойыла зерттелді. Абайға ерекше ықпал еткен шығыс әдебиеті туралы аса аз айтылып, ақынның «шығысым батыс боп кетті» деген сөзі желеу етіліп, «Абайды поэзия шыңына көтерген орыстың зиялылары» деген түсінік санамызға сіңірілді. Орыс зиялылары, оның ішінде Е.Михаэлис, Н.Долгополов сияқты замандастарының Абайға, оның орыс әдебиетін меңгеруге тигізген қолғабысын жоққа шығаруға болмайды. Сол сияқты орыс әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің де Абайға бергені өте мол. Әйтсе де, Абайға әсер еткен қорды санамалағанда төл әдебиет, оның ішінде ақынмен тікелей қарым-қатынаста болып, жанаса әсер еткен ортаның рөлін екінші қатарға ысыра беруге келмес. Абайдың заманынан асып туған кемелдігі ең алдымен, әкенің қаны, ананың сүтімен бойға дарыған құт, туған топырақтың қасиетінен. Екінші, тал бесіктен әженің әлдиімен, атаның әлқиссасымен жадыға жатталған қазақтың асыл сөзі, домбыраның күйі, қобыздың үнімен жүрекке тұнған төл өнер «қазақта қара сөзге дес бермеген» Абайды ақын етіп қалыптастырды. Кезінде М.Әуезов атап көрсететін Абайдың алған қорының ішіндегі ең молы – қазақтың халық әдебиеті екендігін ескерсек, осы бір сала заманның қақпақылына түсіп, абайтанудың ең бір осал тартып жатқан тұсы боп қалды.
Абайдың алдындағы әдебиет өкілдерімен қатар ақынның маңайына үйірілген әдеби қауымға да кеңестік жылы қарамады. Әлем әдебиетінде жалпы ағым-бағыттың аясында қолданылатын «мектеп» ұғымының бір ғана адамға қатысты айтылуы кеңестік қазақ әдебиеттануында үлкен дау туғызды. Нәтижесінде, маңайына ақын, әнші, музыкант, ертегіші сияқты алуан өнерді үйренуге құлшыныс білдірген жастарды жиып, баулыған ұстаз Абайдың тағлымдық, тәрбиелік қарекеті тұмшаланып, ақын шәкірттері шетінен «кертартпа», «ескішіл» деп танылып әдебиеттен аластатылды, көзі тірілері «халық жауы» болып қуғындалды.
Көп уақыт қапаста жатқан шәкірттер тәуелсіздіктің алдында ғана ақталып, шаңырағы шайқалған Абай мектебі енді ғана еңсесін түзей бастады. Абайдың айналасын құраған әдебиет өкілдері туралы біраз зерттеулер жазылды, ақын шәкірттердің шығармалары жинақ болып шықты десек, ендігі міндет – сол мұралардан әдеби орта тақырыбының өзегін іздеу. Мәселен, Құнанбайды ақтап алу аз, енді оның Абайға ықпалын, әке мен бала арасындағы рухани байланыстардың көзін аршу міндеті тұр. Сол сияқты Абайдың алдындағы аға буын ақындардың байланысы, қарым-қатынасы, жас Абайға көрсеткен өнегесі турасында толайым пікір айту да – бүгінгі зерттеулердің міндеті. Бұл арада Абай тәрбиесі өз ауылынан, өңірінен аспаған ба?- деген сауалдың көлденеңдейтіні заңды.
Абайдан кейін қазақ әдебиетінде оның дәстүрі қалыптасты десек, сол дәстүр ұғымының аясында ұлан-ғайыр дүние қылаң береді. Абайтанушы ғалым Ж.Ысмағұловтың сөзімен айтсақ: «Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, өте күрделі екені мәлім… Өзгені былай қоя тұрып, Абайдың реалистік дәстүрін ғана ауызға алсақ та, оның әр жағында том-том зерттеу еңбектерінің сұлбасы көзге елестеп тұрар еді» [6, 32-б.]. Абай дәстүрі деген зор арнаның мәнді саласы – Абай мектебін сөз еткенде, ұстаз бен оның шәкірттері арасындағы байланысты тек олардың поэзиядағы сабақтастығымен шектеп қою аз. Бұл мәселеде тұрмыстық қатынастардан бастап, өлең үйрену қағидалары, тақырып таңдау, өмірге келген шығармаларды әдеби ортада сыннан өткізу сияқты қарекеттермен жалғасып, одан туындайтын ұжымдық әдеби процесс сияқты құбылыстардың сырына үңілгенде ғана әдеби мектептің мәні айқындала түспек. Ақындық мектеп дегенде, ең алдымен, сол мектепті қалыптастырушы Абайдың рөлін, ұстаздық қарекетін айқындап көрсету шарт. Оның әдебиеттегі жолын жалғастырушы ақын шәкірттердің әдеби мұрасына үңіле отырып, әр қырынан танып, олардың Абай дәстүрін жалғастырушы ғана емес, сол дәстүрді өздерінше дамыта білген даралық сипаттарын саралағанда барып Абай мектебінің қазақ әдебиетіндегі орны айқындала түспек.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Абайдың әдеби ортасы туралы алғаш рет Абай шәкірттері Кәкітай, Көкбай, Тұрағұл, Әрхам естеліктерінде сөз болса, ғылыми тұрғыда М.Әуезовтің еңбектерін бұл тақырыпқа салынған алғашқы соқпақ деп білуіміз керек. М.Әуезовтің жетекшілігімен Қ.Мұхамедханұлы Абайдың ақын шәкірттерінің мұраларын зерттеу ісін қолға алса, Ә.Жиреншин өз еңбектерінде жалпы Абайдың әдеби ортасы жайында сөз қозғады. Қ.Жұбанов Абайдың алдындағы әдебиет және ақынның қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық деңгейін ашып берсе, Қ.Жұмалиев қазақ поэзиясы мен Абай шығармаларының тілін салыстыра зерттеді. 1960 жылдары А.Нұрқатов, М.Бөжеевтер тарапынан Абайдың дәстүрі, Қ.Жұмалиев пен Ш.Сәтбаева Абай балалары – Ақылбай мен Мағауия мұраларын, Б.Кенжебаев Ә.Тәңірбергенұлы мұрасын зерттесе, сексенінші жылдары М.Мырзахметұлы Әуезов зерттеуіндегі Абайдың әдеби ортасы тақырыбының сипатына ашуға ден қойды. Абайдың әдеби ортасы тақырыбы Абайға қатысты, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы әдеби үрдіске қатысты жазылған еңбектердің бірсыпырасында тікелей, кейде жанама түрде сөз болып отырғандығы белгілі. Атап айтатын болсақ, А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Сильченко, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайлов, Б.Кенжебаев, Қ.Өміралиев, З.Ахметов, М.Мырзахметұлы, Ғ.Есім, Ж.Ысмағұлов, Ш.Сәтбаева, Ә.Жиреншин, А.Нұрқатов, М.Бөжеев, Қ.Мұхамедханұлы, Т.Жұртбай, М.Мағауин, Б.Әбдіғазиұлы, Б.Байғалиев, Б.Сапаралы тағы басқа ғалымдар мен зерттеушілер Абайдың әдеби ортасының зерттелуіне өзіндік үлестерін қосты.
Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Жұмыстың негізгі мақсаты – ақын айналасының абайтану ғылымындағы орнын белгілеу. Аға буын әдебиет өкілдерінің Абайға әсері және ізбасар шәкірттерді тәрбиелеудегі ақынның рөлі, Абай дәстүрін дамытудағы ақын шәкірттер шығармаларының қазақ әдебиетіндегі жаңашылдық сипатын көрсету.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін диссертациялық жұмыста төмендегідей міндеттер алға қойылды:
- Абайдың әдеби ортасы тақырыбының зерттелу жолын ғылыми тұрғыдан саралап, осы тақырып аясында қарастырылған «Абайдың ақындық айналасы», «ақын шәкірттері», «Абай дәстүрін жалғастырушылар», «ақынның маңына топтасқан өнер иелері» деген сияқты өзара бауырлас ұғымдардарға түсінік беру;
- Алдыңғы буын әдебиет өкілдері – Дулат, Шортанбай, Жанақ, Шөже сынды ақындардың Абайға, оның ақындық жолының қалыптасуына тигізген әсерін дәлелдеу;
- Абай мен шәкірттер арасындағы байланыс көздерін саралағанда ақындық өнерге, ақындарға қатысты айтылған ұстаз сыны, сондай-ақ, Абай тұлғасының шәкірт ақындар поэзиясындағы орны деген мәселелерді айқындау;
- Ақын шәкірттердің көлемді туындыларына тақырыптық-көркемдік тұрғыдан талдау жасап, Абайдың ұстаздық қарекетінің нәтижесінде дамыған айтыс жанры, атап айтатын болсақ, Шәкәрімнің мен Тұрағұлдың, Әріп пен Әубәкірдің мысал айтысын арқау еткен өлеңдеріндегі, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», У.Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларындағы Абайдың әсер-ықпалын көрсету;
- Тарихи тақырып пен нәзиралық дәстүр, аударма өнері сияқты сан-салалы үлгілердің қазақ әдебиетіндегі орны айқындау. Осы орайда жазылуына Абайдың тікелей тапсырмасымен жазылған Шәкәрімнің «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мағауияның «Еңлік – Кебек», Көкбай ақынның Абылай туралы тарихи жырларын, Уәйістің «Жошы – Алаша хан» сияқты шығармаларын зерттеу нысанына алу. Сонымен қатар Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатқан шет жұрттықтардың өмірінен алынған Мағауияның «Медғат – Қасым», Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмаларындағы тақырып ортақтығы, отаршылдыққа, үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлікті дәлелдеу;
- Абайдың әдеби ортасын құрайтын әнші, композитор, музыкант сияқты өнер иелерінің шығармашылық жолын зерттеу нысанына алып, ақын айналасындағы әншілік өнердің өзіндік сыр-сипатын ашу;
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Абайдың әдеби айналасы, ақынмен тікелей қарым-қатынаста болған әдеби орта өкілдері, олармен арадағы рухани байланыс көздері алғаш рет жаңаша пайымдаулар тұрғысынан зерттеу нысанына алынды.
- Абайдың әдеби ортасы және ақындық мектебі мәселесіне қатысты ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен жаңалықтары айқындалды. Абайтану, соның ішінде ақынның әдеби ортасына қатысты ғылыми тұжырымдар айтқан М.Әуезов, Қ.Мұхамедханұлы, М.Мырзахметұлы тағы басқа ғалымдардың пікірлеріне ғылыми тұрғыда баға беріліп, Абайдың әдеби ортасы, ақындық мектебі мәселесіне қатысты келешекте назарға алынатын ізденістер бағыты белгіленді;
- Абайға әсер еткен әдеби ортаның ықпалы айқындалды. Бұл тұрғыда Абай әулетінің, атап айтатын болсақ, Зере әже, Шаншар атадан Ұлжан анаға дейін үзілмей жеткен шешендік, Құнанбай тәрбиесінің ақынға әсері, сол заманындағы би-шешендер ортасындағы жас ақынның орны, Абай мен аға буын ақындар арасындағы рухани жақындық көздері айқындалды;
- Ақындық мектеп аясындағы поэзия көздерінің сабақтастығына мән беріле отырып, Абай арнауларындағы Шәкәрім, Көкбай, Әріп, Әсет, Ақылбай сынды шәкірттеріне қаратыла айтылған сын табиғатына талдау жүргізілді. Ақын шәкірттер поэзиясындағы ұстаз Абайдың тұлғасы жан-жақты ашылды;
- Ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында қарастырылып, ақындардың айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, тарихи тақырып пен нәзирагөйлік дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін дамытудағы шеберліктері талданып, мектеп шеңберіндегі Абай дәстүрінің даму жолдары анықталды. Бұл тұрғыда, айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау еткен Шәкәрім, Әріп, Тұрағұл, Әубәкір сынды ақындардың жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Ә.Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», У.Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларына әдеби талдау жасалды. Абай шәкірттерінің шығармашылығына арқау болған Еңлік пен Кебек тақырыбының интерпретациялық сипатына әдеби сараптаулар жүргізілді. Абай тапсырмасымен жазылған Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр», К.Жанатайұлының «Сабалақ», «Қандыжап», У.Шондыбайұлының «Жошы –Алаша хан» дастандары әдеби мектеп аясында сабақтастырыла қарастырылып, Абай ұсынған тақырыптардың табиғаты анықталды. Шәкәрімнің «Ләйлі –Мәжнүн», Уәйіс ақынның «Бір қыздың оқиғасы» шығармаларын талдау барысында Абай нәзирасының жаңашылдық сипаты айқындалды. Шет жұрттықтардың өміріне арнап жазған Ақылбай мен Мағауия поэмаларындағы құлдар тақырыбы, отаршылдық идеялары Абай көзқарастарымен байланыстырыла байыпталды. Абай айналасындағы аударма үлгісінің қарапайым, еркін, нәзиралық түрінен бастап, классикалық деңгейге дейін өскен эволюциялық даму жолдары айқындалды;
- Абайдың әдеби ортасын құрайтын өнерлі адамдардың шығармашылық мұрасы зерттеу нысанына алынып, ақын маңына шоғырланған ән айтушы мен шығарушы, түрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы өнер иелерінің Абай айналасындағы рөлі бағамдалды.
Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар. Зерттеу нәтижесі бойынша мынандай тұжырымдар ұсынылды:
- Абайдың әдеби ортасын ақынға әсер еткен рухани көздердің аясында кең мағынада және ақынның тікелей қарым-қатынаста болған айналасымен шектеп нақты мағынада алуға болады;
- Жалпы ақын ортасы туралы ғылыми ой-пікірлер төңкеріске дейін көрініс берсе, бұл тақырыпты Абайдың тікелей айналасымен байланыстырып, ақынның өзгеден алған нәрі мен өзгеге берген нәрі деп екі салаға бөліп қарастырған М.Әуезов болды. Ғалым әдеби ортаның екінші саласы бойынша Абайдың маңайына топтасқан ақын шәкірттеріне қатысты қазақ әдебиетінде «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияны ұсынды;
- Кеңестік кезеңде Абай мектебі концепциясы ақындық дәстүр аясында кеңінен қарастырылса, керісінше бұл ұғымды ақынның айналасындағы шәкірттерімен шектеп, яғни тікелей ұстаз бен шәкірт арасындағы қарым-қатынастардың негізінде тану кеңес заманында біржақты бағаланды;
- Ақынға ықпал еткен рухани көздерді санамалағанда, ең алдымен Абай өз айналасынан нәр алды. Ақынды бесіктен тәрбиелеген өз әулетінен бастап, маңайындағы үлкенді-кішілі ақындар мен би-шешендер оның ақындық өнер жолына белгілі бір дәрежеде бағыт-бағдар, үлгі-өнеге болды;
- Ұстаз мен ақын шәкірттер арасындағы рухани шығармашылық байланыстар ақындық ортаның шығармашылық өрістеу жолын дамытты. Абайдың шәкірттерге қарата айтқан сындары ақындық болмыс пен өлең өнеріне қойылған қатаң талап, ақындықтың биік межесі болса, хәкім Абайдың бейнесін парасаттылық пен даналықтың символы ретінде қазақ әдебиетінде алғаш жырлаушылар – ақынның шәкірттері;
- Ізбасар ақындар Абайдың әдебиеттегі дәстүрін жалғастырушы ғана емес, дамытушы деңгейіне көтеріле алды. Абай шәкірттерінің шығармашылығында айтыс жанры өзіндік оқшау сипат алса, тарихи тақырыптар мен нәзирагөйлік үлгілер Абай дәстүрінің ізімен дамып, тың әдеби-көркемдік ізденістерімен құнды болды;
- Абай айналасы тек ақындармен шектелмей, халық арасынан шыққан түрлі өнердің иелері – күйші, ертегіші мен дойбышы, балуан мен құсбегі сияқты ынталы жастар бас қосқан өнер ортасына айналды.
Зерттеу жұмысының ғылыми, теориялық, әдістемелік негіздері. Диссертацияда көтерілген мәселелердің ғылыми негізделуі мен шешімін табуында осы тақырыпқа қатысты тікелей еңбек жазған зерттеушілермен қоса М.Қаратаев, Ы.Дүйсенбаев, М.Базарбаев, Т.Нұртазин, З.Қабдолов, С.Қирабаев, С.Қасқабасов, Р.Нұрғали, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішұлы, Ғ.Есім, Т.Әлімқұлов, Р.Сыздықова, Ж.Дәдебаев, Ш.Ыбыраев, А.Еспенбетов, Б.Мамраев, М.Жармұхамедұлы, Б.Абылқасымұлы, Д.Ысқақұлы, С.Дәуітұлы, Б.Ыбырайым, Т.Қожакеев, Б.Майтанов, А.Ісімақова, Б.Омарұлы, Д.Қамзабекұлы, Қ.Мәдібай, Т.Шапай тағы басқа отандық ғалымдардың еңбектері зерттеу жұмысына әдістемелік бағыт-бағдар ретінде пайдаланылды.
Зерттеу нысаны. Абайдың әдеби ортасын айқындауда ақынның өзі алған нәрі, яғни аға буын әдебиет өкілдерімен рухани қарым-қатынасы, сондай-ақ, Абайдың өзгеге берген нәрі – ақын шәкірттерімен әдеби байланысы деген мәселелердің біртұтас жүйеде зерттелуі жұмыстың негізгі нысанын анықтап, әдеби ортаның шығармашылық құндылықтары сабақтастырыла қарастырылды.
Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Диссертацияда абайтанудың аса көңіл бөлінбей келген бір саласы – Абайдың әдеби айналасына бүгінгі күн талабына сай, жаңаша көзқарастар тұрғысынан баға берілді. Абайдың шын мәнінде классик ақын болып қалыптасуына тікелей ықпал еткен алдыңғы буынның әдебиет өкілдерімен арақатынасы әдеби-теориялық тұрғыда зерделеніп, ақындық ортаның құрамдас бір бөлігі ретінде қарастырылған әдеби мектеп ұғымы Абай таным-қарекетінің биік бір өлшемі ретінде ұсынылды.
Зерттеудің нәтижелері абайтану, мұхтартану, шәкәрімтану сияқты іргелі ғылымдарға қатысты енді жазылар еңбектерге, ХІХ ғасыр, ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне қатысты зерттеулерге, оқулықтар мен оқу құралдарына ой қоспақ. Сол сияқты Ш.Құдайбердіұлы, К.Жанатайұлы, Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы, У.Шондыбайұлы, Абайдың ақын балалары және тағы басқа ақындар шығармашылығына қатысты ізденістерде, арнаулы кустар мен семинарларда пайдалануға болады.
Зерттеудің әдісі. Зерттеуде жүйелі-кешенді, тарихи-салыстырмалы, тарихи-функционалдық әдіс түрлері қолданылды.
Зерттеу жұмысының сарапталуы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұнын құрайтын мәселелер, ой-пікірлер «ХХІ ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және мәдениет кеңістігіндегі қазіргі ғылым» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Семей, 2002), «Шәкәрім дәрістері». ІІІ–Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей, 2002), Әуезов оқулары: «Әуезовтің рухани және ғылыми мұрасы әлемдік мәдениет кеңістігінде» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Семей, 2004), «Мәдени мұра қазіргі ғылым контексінде» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Семей, 2005), «Қазақ әдебиетінің тарихы: методология және теория» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Астана, 2005), «Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференцияда (Семей, 2006), «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкескесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда (Семей, 2006), «Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың теориялық және методологиялық мәселелері» атты екінші халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007), «Жас ғалым – 2007» атты ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Тараз, 2007), «Воспитание читателя: теоретический и методический аспекты» деп аталатын Ресейдің Барнаул қаласында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда (Барнаул, 2007), «Мүсілім Базарбаев және қазіргі әдебиеттану мен өнертану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияда (Алматы, 2007) және тағы басқа мәжіліс, семинарларда баяндама түрінде ұсынылды.
Сондай-ақ, зерттеудің негізгі нәтижелері шет елдердің ғылыми жинақтары мен журналдарында және отандық мерзімді басылымдарда, арнайы ғылыми еңбектерде жарияланды. Диссертация мазмұнын баяндайтын бірнеше зерттеу еңбектері, оқу құралы жарық көрді.
Жұмыс М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Абайтану және жаңа дәуір мен Ежелгі әдебиет бөлімдерінің біріккен мәжілісінде, аталған институттың Ғылыми кеңесінде талқыланып, қорғауға ұсынылды.
Диссертацияның құрылымы. Жұмыс кіріспеден, іштей тарауларға жіктелген төрт бөлімнен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
ЖҰМЫСТЫҢ НЕГІЗГІ МАЗМҰНЫ
Кіріспеде тақырыптың көкейкестілігі, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, ғылыми жаңалығы, қорғауға ұсынылатын тұжырымдар, зерттеу жұмысының нысаны мен дерек көздері, теориялық-тәжірибелік маңызы, жұмыстың сарапталуы мен құрылымы жөнінде негізгі мәліметтер берілген.
«Абайтану ғылымы және әдеби орта мәселесі» деген бірінші бөлім екі тараудан тұрады. «Тақырыптың зерттелу аясы» деген бірінші тарауда абайтану ғылымында кеңестік идеологияның қысымынан өз дәрежесінде зерттелмей келген Абайдың әдеби ортасы жайында айтылған ой, жазылған ғылыми пікірлер мен зерттеулерге шолу жасалып, бүгінгі көзқарастар тұрғысынан пайымдалды.
Абайтану мен Абайдың ортасы деген мәселелер тек бір-бірімен біте қайнасып жатқан дүниелер ғана емес, Абайды тану ең алдымен осы әдеби ортаның, нақтырақ айтсақ сол ортаны құрайтын әдеби топ – Абайдың ақын шәкірттерінің еншісінде. Ең алғаш Абай шығармаларын елге таратушы, жинап, кітап етіп бастырушы, ақын туралы құнды деректер беруші Абайдың айналасындағы көзі ашық ақындар мен өнерлі жастардың абайтану ғылымының іргетасын қалауға қосқан үлесі орасан.
Абай ортасы туралы ой түйіндерін ақын жайында айтылған алғашқы пікірлердің астарынан іздеген жөн. Абай айналасы туралы ой-пікір ұшқындарын Ә.Бөкейханов [7], М.Дулатұлы [8], А.Байтұрсынұлы [9], С.Ғаббасовтың [10] тағы басқа әдебиет пен мәдениет қайраткерлерінің мақалаларында көрініс тауып, бұл тақырып төңкерістен кейін кеңірек сөз бола бастады. 1918 жылы «Абайдың өмірі һәм қызметі» деген мақалада (мақала авторлары Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов) Абай дәстүрі, оның тікелей мұрагерлері турасында сөз болса, «Екеудің» «Абайдан соңғы ақындар» деген екінші мақаласы – шын мәнінде Абайдың дәстүрі, Абай мектебі тақырыбына арналған тырнақалды ғылыми дүние болуымен құнды [11]. Сыншы ғалым Д.Ысқақұлының сөзімен айтсақ: ««Абайда» жарияланған материалдардың ішінде «Абайдан соңғы ақындар» атты мақала ұстанған бағытының дұрыстығымен, көтерген мәселенің маңыздылығымен, айтқан пікірлерінің өміршеңдігімен ерекшеленеді» [12, 57-б.].
Ақын өлеңдерінің ішкі идеялық мәнін ден қоя зерттеп, оның заманымен қабыстыра талдау жүргізген татар зерттеушісі А.Сағди Абайдың өскен ортасы, оның ақынға әсері туралы 1923 жылы «Ақжолда» төмендегідей құнды ой айтады: «Абайдың һәм барлық қазақ халқының отырған орны, қонып жүрген шеті көрінбес кең шөлдер, меңіреу үнсіз далалар болғандығы белгілі. Абай, міне, сол заманда, сол елдің ішінде сондай тіршілік орындары, сондай табиғат орындары ортасында туған, сонда өскен, бар өмірін сонда жасап, сонда өлген бір кісі. Кісіге сол ел, сол тұрмыс қандай әсер, қандай ғибрат бере алса, Абай да сол бізге өзі арқылы өлеңдерімен соны береді. Сол тұрмыстан алған жүрек толқындарын шығарады» [13, 6-б.] ,- деген пікірінде ақынға өз ортасының, айналасының әсер-ықпалын баса көрсету бар.
Төңкерістен кейін Абай ортасы тақырыбының бір саласын құрайтын ақынның өзгеге берген нәрі, яғни, ұстаз – Абайдың қарекетін айқындайтын Абай мектебі деген тақырыпқа баса назар аударылып, бұл мәселе ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты еңбектерде бөлініп атала бастады. Дегенмен, өткен ғасырдың отызыншы жылдарында Абайдың әдеби айналасы деген мәселеге социалистік идеология сынды күшейтті. Осы жылдары сол кездегі жаттанды ой, социалистік қалыпқа түскен көзқарастардан ада, Абай мен оның дәуірін қосақабат қарастырып, көкейкесті пікір түзген М.Әуезов пен Қ.Жұбановтың мақалалары болды. М.Әуезовтің 1933 жылы жазған Абайдың тұңғыш өмірбаянында ақынның әдеби ортасы алғаш рет кең көлемде сөз болса, Қ.Жұбановтың «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» атты мақаласында автор Абайды оқшау күйде алмай, Шағатай әдебиетімен, қазақтың төл ауыз әдебиетімен байланыстыра қарастырылды [14].
Қырқыншы жылдардың басында Абай мектебі тақырыбын зерттеуді Әуезовтің кеңесімен Қ.Мұхамедханұлы қолға алды. Әуезов жетекшілік жасаған тақырыптың іргетасы қаланып, алғашқы қадамдар жасалды. Қ.Мұхамедханұлының Абайдың ақындық мектебі жайлы ізденістері жинақталып, жүйеленіп 1951 жылы кандидаттық диссертация ретінде қорғалды. Бірақ бұл тақырып тек абайтануда ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінде үлкен дау туғызып, Абай тақырыбына айтарлықтай «зор кесірін» әкелді. Қанша қиын-қыстауды басынан өткергенімен ғалым «Абай шәкірттерінен» бас тартпады. «Абай мектебі» деген атау кеңестік әдебиеттің қалыбына сыймағандықтан, 1959 жылы алғашқы тақырыбын ауыстырып «Абай төңірегіндегі ақындар» (Поэты Абаевской поры) деген атпен диссертациясын қайта қорғауға мәжбүр болды. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Қ.Мұхамедханұлының Абай шәкірттері жайындағы «Абайдың ақын шәкірттері» [15] деген төрт кітаптан тұратын, сондай-ақ, «Абай мұрагерлері» [16] атты ғылыми еңбектері жарыққа шықты. Негізінен, осы тақырыпты қазақ әдебиетінің тарихында мәселе етіп көтерген М.Әуезов болып, әсіресе, Абайдың өзгеден алған нәрі жайын тек ғылымда емес «Абай жолы» эпопеясында да мейілінше қамтуға тырысты. Өткен ғасырдың 40-80 жылдар аралығында Абай ортасы, айналасына қатысты мәселелер негізінен ақынның дәстүрін жалғастырушы шәкірттері жайына болып, бұл тақырып төңірегінде Ә.Жиреншин [17], Б.Кенжебаев [18], Қ.Жұмалиев [19], А.Нұрқатов [20], М.Бөжеев [21], Ш.Сәтбаева [22] сынды ғалымдар пікір білдіріп, ғылыми еңбектерінде сөз етті. Бұл ғалымдар өз еңбектерінде негізінен сол кездегі сыннан аман қалған Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, сондай-ақ, Ә.Тәңірбергенұлы, Т.Жомартбайұлы, Б.Айтқожаұлы сынды ақындардың кеңестік көзқарастар қалыбына сыятын шығармаларын ғана зерттеуге мүмкіндік алды. Осы арада ескеретін бір мәселе, саяси қысымға қарамастан, тиым салынған тақырыптарға қалам сілтеп, өткір ой айтқан, ғылыми пікір түзген зерттеушілерге бүгінгі таңда ерекше құрметпен қараған абзал. Абайдың ақын шәкірттеріне араша түсіп, жанкешті қадамдарға барған М.Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлы ғана емес-тін. Абай шәкірттерінің ішінде «социалистік» қоғамға ерекше үрей әкелген Шәкәрім есіміне қатысты бірер деректі алға тартсақ, С.Сейфуллин, Б.Кенжебаев, М.Базарбаев, Ы.Дүйсенбаев, С.Қирабаев сынды әр кезеңдегі ұлтжанды ғалымдардың батыл қадамдарына назар аударған жөн. Мәселен, кезінде Абай шәкірттерін айтқанда мүлде есімі атаусыз қалған есім Шәкәрім десек, С.Сейфуллин 1935 жылы Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүн» дастанын жарыққа шығарса, дәл осы жылы Б.Кенжебаевтың алғы сөз жазып, құрастыруымен шыққан А.Пушкиннің қазақ тіліндегі «Таңдамалысында» Шәкәрім аударған «Дубровскидің» енуі – батыл қадам болатын. Арада отыз жыл өткенімен әлі де аты аталуы әдеби қауымға үлкен қорқыныш туғызып тұрған шақта, яғни 1961 жылы С.Қирабаев Қ.Бейсембиевтің еңбегіне тоқтала келіп, Шәкәрімнің қоғамдық көзқарастарына сол кездің ықпалымен біржақты баға берген автор пікіріне орай: «Мүмкін Шәкәрімнің діни мистикасы өзімен бірге кеткен шығар да, оның әдеби мұрасы тарихта қалған болар. Ақын-жазушылардың әдеби мұрасын жалаң тұрпайылықпен емес, сүйе құрметтей отырып зерттеу орынды емес пе? Шын Шәкәрім сіз айтқандай болса, оны оқудың, зерттеудің керегі не? Жоқ, Шәкәрімді біз олай деп ұқпаймыз: оның қоғамдық көзқарасындағы қайшылығымен бірге өмірді көркемдікпен танудағы табыстары да сөз болуы керек дейміз» [23] ,- деген пікірінің қажының құр құдықтағы сүйегін ұлы Ахат жападан-жалғыз жасырынып барып, қазып алатын ызғарлы уақыттың кезінде айтылғанын естен шығармаған жөн.
Абайдың әдеби ортасы тақырыбын арнайы зерттеу нысанына алған ғалым М.Мырзахметұлы «М.Әуезов және абайтану проблемалары» деген зерттеу еңбегінің төртінші тарауын «М.Әуезов және Абайдың әдеби ортасы» деп атап, Әуезов зерттеулеріндегі Абай ортасы тақырыбын зерттеу нысанына алған [24]. Осы тақырыпқа қатысты Әуезовтің тезистік тұрғыда бізге жеткен ой-тұжырымдары басшылыққа алына отырып, Абай ортасы тақырыбы «Абай ақындығының айналасы немесе «өзі алған нәрлері» және Абайдың ақындық дәстүрі немесе «өзгеге берген нәрі» деген екі үлкен салаға бөлініп, жан-жақты зерттелді.
Абайға әсер еткен Дулат, Сабырбай, Жанақ, Біржан сал т.б. ақындар, би-шешендермен кемеңгер ақынның байланысы жайында кешенді зерттеу болмағанмен, жекелеген зерттеушілердің ғылыми мақалалары, көзі қарақты қарттардың, журналистердің естелік-әңгіме, ел аузынан жиған мұралары бұл тақырыптың мүлде тоқырап қалуына жол бермеді. Бұл орайда Абайды тәрбиелеп өсірген әкесі Құнанбай Өскенбайұлы туралы Б.Сапаралының [25], Т.Жұртбайдың [26] еңбектерін атап өткен жөн.
Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы сынды ақындар мұрасының тек кеңестік саясатқа жаққан беті ғана сөз болса, Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл есімдері тек сексенінші жылдардың соңына қарай ақталып, шығармалары елдің тәуелсіздігі орнаған күннен бастап қана шын мәнінде зерттеле бастады. Жоғарыдағы зерттеу еңбектердің, мақалалардың ғылыми мәнділігінде, абайтануға қосылған қомақты үлес екендігінде дау жоқ. Әйтсе де, бұл еңбектер көп уақыт зерттеу нысанынан тысқары қалған тың жатқан тақырыпқа енді салынған сүрлеу-жол іспетті. Қаншама жыл Абай ортасы туралы сөз ауыздықталып келгендіктен, зерттеу ісі көсіліп кете алмай, тек кейінгі жылдары ғана қолға алына бастауымен түсіндіруге болады бұл олқылықты.
«Абай мектебі концепциясына қатысты ғылыми тұжырымдар мен түйінді мәселелер» деген екінші тарауда Абай мектебі ұғымының теориялық негіздемелері анықталып, түйінді деген мәселелерге назар аударылды.
Әдебиеттану ғылымында әдеби мектеп ұғымы жалпы мағынада алынып, оның аясында ағым, бағыт, ұйым, топ, бірлестік категориялары да қарастырылады. Абайдың айналасына шәкірт жинауы табиғаты жағынан әдеби топ, үйірмелерге жақын. Әдебиеті ауызша үлгіде дамыған Абай заманындағы ақын маңына шоғырланған әдебиет өкілдері белгілі бір ағымның тууына себепкер болды деп нақты айту қиын. Бұл тұрғыда М.Әуезов былай деген: «Әрине, қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзіне шығып, сол күнде оқушы тауып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан үлкен әдебиет ағымын көрсеткен болар еді» [27, Б.155-156].
Кеңестік заманда қалыптасқан евроцентристік көзқарастардың салдарынан кезінде қазақ-кеңес әдебиеттану ғылымы «Абайдың ақындық мектебі» деген концепцияны қабылдай алмады. Өйткені, әлем әдебиетінде шәкірт тәрбиелегендер некен-саяқ кездескенмен, дәл Абай сияқты бірнеше ақынның басын құрап, тақырып беріп, өлең жазғызып, жазғанын ортаға салып талдап, түзеп дегендей шын мәнінде осындай әдеби іс жосығын (процедураларды) жүзеге асырған ақындар кемде-кем. Осы арада ғалым Т.Кәкішевтің төмендегі ойы өте орынды айтылған: «Еуропа мен орыс әдебиеттеріндегі құбылыстардың бәрін қазақ әдебиеті қайталауы, солардың ізімен жүруі шарт емес, тіпті қажет те емес. Бірақ көркемдіктің жалпыға ортақ заңдылықтарын игеріп, шын кәсіби жолға түсуге міндетті. Өрелі әдебиеттерден бой тасаламай, пайдалысынан үйрену барысында еш уақытта өз ерекшелігімізден көз жазбауымыз керек» [28, 55-б.].
Қасына шәкірт ертіп, көркем дүниені қалай жазу керектігін ежіктеп отырмағанмен, шын таланттың әдебиетке өзінің дәстүрін әкелетіні ақиқат. Орыс әдебиетіндегі Пушкин де, қара сөзінен қаймақ ағызатын Николай Гоголь де, біздің Абай да сондай ақындардың қатарында. Орыс әдебиеттану ғылымында «Гогольдік бағыт» (Гогольевское направление) деген термин қалыптасқан десек, бұл кейінгі Гоголь дәстүрлерін ұстанушылардан бөлек, сонау ХІХ ғасырдың 50-жылдарында дүниеге келген. Орыс жазушысы өзінің журналистік ағымдағы шығармалармен ұлттық әдебиетте белгілі бір мектеп қалыптастырды дегенімізбен, Абай сияқты нақты қаламгер тәрбиелеп, тақырып беріп, жазғанын сынап отырмағаны белгілі. Гогольдікі дәстүр, бағыт болады да, Абайдікі ұстаз бен шәкірт арасындағы тікелей қарым-қатынастың көрінісін байқататын тура мағынасындағы мектеп болады. 1951 жылы Әуезовтің: «…Можно ли сомневаться в том, что у Абая была сформированная им среда за 60 лет его жизни? По-моему, нельзя сомневаться. И вопрос о школе его сейчас ставиться лишь, как о школе в узком смысле, а не ставиться вопрос о влиянии его на всех последующих поэтов и на всю последующую казахскую литературу. Это последнее обьемлет очень широкое понятие ясное и простое. Речь идет о людях, которые окружали его, были около него непосредственно и в той или иной мере были творческими личностями. Но, одно дело учитель, другое – ученик. Пусть они не стали талантливы, как Абай (так было на самом деле). Пусть ими созданы произведения гороздо менее значительные, чем Абаем… Однако, учениками они были» [3, 119-б.] ,- деген пікірін ескеріп, Абайдың ақындық мектебі деген ұғымды осы тура мағынада алып қарасақ, оның ұстаздық қарекеті айқындала түспек.
Елуінші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясының зиянды деп танылып, әдебиет тарихынан аластатылуының бір себебі «мектеп» деген ұғымның өзі әр-түрлі мағынада, өлшемде қарастырылғандығында да жатыр. 1950 жылдардың аяғында «Абай мектебі» деген атаудың орнына Абай заманындағы ақындар деген ұғым ұсынылды. Дәл осы 1950-60 жылдары Абай айналасындағы шәкірттерге қатысты «мектеп» ұғымы қолданылмай, Абайдың өз айналасы туралы сөз жабық тақырыптардың қатарында қала берді. Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеген «Ақын аға» романы да аяусыз сынға ұшырады.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді» [29, 59-б.] ,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі еңбектерінде Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды [30, 8-б.]. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса [31, Б.100-123], бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары – Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары – Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған» [32, 240-б.] ,- деген долбар айтады. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір. Көріп отырғандай ақын ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген.
Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші — Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші – Біткенбай, ертегіші – Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды. Өйткені, Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен.
Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне, осындай нақты анықтамалық қалыпқа сыя бермейтін мәселелерді ескере отырып Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інісі – Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да – Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Бәлкім бұл тізімге біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындарды атадық. «Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек. Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында ұстазбен күнделікті қарым-қатынаста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары. Өткен ғасырдың 50-жылдары «өз ауылының ақындарын жинап, мектеп қалыптастыруға бола ма?» деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді. Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды. Әрине, Абай қасында үнемі болғандардың ақындық дарыны артық болды деу әбестік. Өйткені, кемеңгер ақынның поэзиясына алыстан қанып, өлең өнерінің үздік үлгісін көрсете алған Мағжан, Сұлтанмахмұттар – Абай дәстүрін дамытушылардың оқ бойы озықтары. Сол себептен де Әріп, Әсет, Уәйістерді екінші қатардың ақындары деп жіктеу орынсыз.
Қорыта айтсақ, ақын шәкірттер деген ұғымға байланысты нақты анықтаманың болмауы, ақын мен өнерпаз арасына шек қоймау, сондай-ақ, кейбір зерттеушілердің Абай айналасымен жақын таныс еместігі Абайдың ақын шәкірттерін атауда біршама ауытқуларға жол беріп алды.
«Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы» деген екінші бөлім екі тараудан тұрады. «Әулеттің ақынға әсері» деген бірінші тарауында ақын туып-өскен шаңырағының жас Абайға берген тәрбиесі, рухани әсері деген мәселелерге назар аударылды. Жас Абайдың рухани жетіліп өсуіне өз әкесі – Құнанбай, анасы – Ұлжан, Зере әже, қаладан оқыған Халиолланың ықпалы, Абай сөздеріндегі мысқыл мен нағашы жұрты Тонтайлар арасындағы байланыс көздері сөз болады. Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай өз ауылының, көршілес елдердің ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Қаратай шешен, Жанақ, Шөже, Балта ақын сынды Құнанбай замандастарының Абайға рухани үлгі-өнегесі ізсіз қалған жоқ.
Мәселен, басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибрагимді еркелетіп (бір деректерде келтірілгендей тілі келмей емес) «Абай», «Абайым» деген. Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған осы – құймақұлақ Зере әжесі. Бала Абайға тек әдлиімен ертегі айтып қоймай елдің салт-дәстүрін, қазақы ырым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру да Зере әжесінің сыбағасында. Жалғызы Құнанбайдан туған көп немеренің ішінен ықыласы ауып, тас емшегін жібіткен Абайын көп кейін жер-жаһан танитынын әз әже сезгендей. Диссертацияда бойдағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөзге деген ықыласының шоғын үрлеп жаққан жан Зере әженің Абайға берген тәрбиесіне көңіл бөлінді.
Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық болса, бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айтамыз. Өйткені, Ұлжан – Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы, оның үстіне Абайдың ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастасақ, ол әулеттің тілінің өткірлігі сондай «Шаншардың қулары келе жатыр», — десе жұрт дүркіреп қашатын болған. Ұлжанның өзі қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып көп әжуаға бара бермеген. Бұл біріншіден, өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден, Құнанбайдай ел басқарған аузы дуалы ерімен жарыса шығуды жөн деп таппағандығынан шығар. Әуезовтің: «Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз» [27, 113-б.] ,- деген пікірі диссертацияда нақты мысалдармен дәлелденді. Шешен тілді, сөзі шаншудай қадалар нағашы жұртының бұл қасиеті, сөз жоқ Абайға дарыды, ананың сүтімен бойға сіңген ерекшелік оның ақындық өнерінде бұлқына бой көрсетіп, айрықша ізін қалдырды. Нағашы жұртынан жұққан, ана сүтімен бойына сіңген ащы тілді мысқылды Абай өзінің ақындық домнасында қорытып, классикалық сатира деңгейіне көтерді.
Парасатты әз әже мен анадан үлгі алып, солардың тәрбиесінде есейген Абайдың ендігі өмірдегі ұстазы әке – Құнанбай болды. Құнанбай мен Абай арасындағы рухани байланыс – алтын көпір, яки әкенің балаға деген әсері деген түйінді мәселеге баса назар аударылды. Кеңестік кезеңде мейілінше көлегейленіп келген Құнанбай тұлғасына қатысты зерттеу еңбектерге ден қойылып, әке мен бала арасындағы рухани дәнекерліктің басты сипаттарына көңіл бөлінді. Сондай-ақ, зерттеуде әке қасында жүріп шешендік өнерге ысылған жас Абайдың Шорманның Мұсасымен, «Абай жолынан» таныс Тобықтының белгілі шешені Қаратаймен, Сүйіндікпен арадағы сөз бәсекелестерінің табиғаты ашылды.
«Абайға ықпал еткен ақындық орта» деп аталатын екінші тарауда Абайға ықпал етіп, оның ақындық өсу жолына игі әсерін тигізген ақындарды ерекше бөліп қарастырдық. Өйткені, Абайдың нағыз ақын болып қалыптасуына сол заманның сөзге ұста биі мен шешені, өлеңге жақын жыршысы айтарлықтай демеу болды дегенімізбен, негізгі нәр, өлеңге деген құмарлық Абаймен тікелей қарым-қатынаста болған ақындардан келетіні дау тудырмаса керек. Бала Абайдың санасына ақындықтың алғашқы дәнін еккен өз ауылының ақыны Байкөкше, көрші елден Дулат, Сабырбайлар, кейіннен замандасы Қуандық сынды ақындармен рухани селбесулер Абайдың ақындық жолында айтарлықтай азық болды. Мәселен, Құнанбаймен үзеңгі қағыстыра дос болған ақынның бірі Жанақ десек, бұл тұрғыда Жанақ – Құнанбай – Абай арасындағы рухани байланыс диссертацияда кеңінен қарастырылды.
Жанақ пен Абайды байланыстырып тұрған заманы болса, сол заманға деген көзқарастан туған ортақ сарындар бір арнаға тоғысып жатыр. Мысалға, Жанақтағы: «Ханнан қайыр, қарадан шайыр кетті»,- деп үзілген үміттің сәулелері Абай өлеңдерінде бояуы қалың қайғыға ұласқан. «Алдыңда күткен күннің түсі суық»,- деп басталатын Жанақ өлеңдеріндегі қайғы Абайдың «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» тағы басқа өлеңдерінде ақындық шеберліктің биігіне жеткен. Десек те, Жанақ поэзиясындағы осы тұрғылас ойлар Абайда мүлде жаңа пішінге көшіп, сол кездегі қазақтың келбет-кеспірі мейілінше шынайы, бүге-шүге нақтылығымен өз тыңдаушысын тапқан. Жанақ тыңдаушысын таппаған сөздің жетімдігіне, есіл өнердің қор болуына ашынса, Абайда бұл тақырып неше тарам. Біріншіден, жалпы сөз қадірін түсінер жанның жоқтығына налу болса (…осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық, …тыңдаушымды ұғымсыз, қылып тәңірім бергенді, …қайран тіл, қайран сөз, наданға қадірсіз т.б), екінші мәселе – Абай сол өлеңші қауымға сын артады. Бұл арада бұрынғы ескі биден бастап, алдындағы ақындары, соңындағы шәкірттері қатаң сын тезіне ұшырайды. Осы тұста бір мәселеге назар аударған жөн. Өзінен ілгерідегі ақындарды сынаудағы Абай сынын тек Бұхар, Шортанбай, Дулат есімдерімен шектеп қою дұрыс емес. Олардың атын атағанда сол заманның бүкіл поэзиясы сынға алынды десек, бұл сыннан біз сөз етіп отырған Жанақ та аман қалмағаны белгілі. Оның:
Ауылым алыс, мен келем өзім азып,
Қой мен шай бер ақынға жерден қазып.
Он қадақ шай, қос қоржын сүр асып бер
Өрге барған Жәкеңе болсын азық [33, 61-б.] ,-
дегені сыншыл Абайға жақпағаны анық. Дәл осы сарынды Абайға айтарлықтай әсер еткен Шөже ақынның өлеңдерінен де кездестіруге болады. Қазығұрт елінің ауқаттысы Дәукейге:
Бергенің сегіз жылқы, жалғыз түйе,
Өлеңді естімессің енді менен [34, 98-б.] ,-
деген өкпелі сөздер сол уақыттың тезіне салса еш сөкеттігі жоқ орынды айтылған да. Өйткені, Жанақ пен Шөжелер заманында ақын атаулы ел үстінен күн көрді. Оған сол заманның ақынын сөгуге де келмес. Әйтсе де, нағыз өлеңнің шын бағасын білген Абайға қасиетті сөздің қадірін кетіріп, дүние-малмен саудалауы жақпағаны анық. Жалғыз Жанақ, Шөжелер ғана емес, замандастарының деніне біткен дертке Абайдың айтар жауабы да біреу ғана:
Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,
Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.
Әр елден өлеңменен қайыр тілеп
Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап [35, 90-б.].
Қалай десек те қабырғаны қайыстырып жанға батыра айтылған сөз — Жанақ пен Шөже ақындардың әлгі өлеңдеріне дөп тиген жауап. Шындық қашанда – ащы. Ал, Абайдың сыны иесіз емес. Ұстараның жүзіндей ащы ойлар бірін болмаса екіншісін тіліп түсері хақ. Жанақ жырларының жақсысына тамсанып, тек одан үйренуші ғана болып қалса ол Абайға, оның ақындық, сыншылық сұранысына аздық етер еді.
Жанақ пен Абай арасын табыстырып жатқан келесі бір мәселе «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының ең көркем нұсқасы Жанақтікі десек, сол нұсқа Абайдың мұрындық болуымен айналасындағы ақындар жырлауында жаңарып, түлеп жатты. Жанақтың «Қозы Көрпешін» Абай өз еліндегі Байкөкше ақыннан естігені туралы дерек Н.Абрамовтың «Каменная пирамида намогильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи» деген мақаласында он екі жасар Абай, яғни 1857 жылы жас ақын Байкөкшеден «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» деген ұзақ жырды естігенін келтіреді [36]. Демек, Жанақ жырын Абай бала кезінде алғаш Байкөкшеден естіген. Жанақ – Байкөкше – Абай, одан маңындағы жас ақындар біліп, соның ішінде Бейсенбай арқылы, кейіннен Уәйіс ақынның, Шәкірдің жырлауымен көне жырдың көркем тармақтары түлеп, түрленіп бүгінгі ұрпаққа жетті. Жанақ пен Абай арасын байланыстырып жатқан әйгілі жыр туралы еңбекте кеңінен сөз болып, бұл жырдың бір тармағы Жанақ, Байкөкше, Шөже сынды Абайдың өзі нәр алған ақындар мен Бейсенбай, Уәйіс сияқты шәкірттерінің, одан кейінгі Абай дәстүрін жалғастырушы Шәкір Әбеновтей халық ақындарының арасын жалғап, Абайдың ақындық ортасы өкілдерінің шығармашылық бірлігін айғақтайтын рухани желі болып табылады деген қорытынды жасалды.
Абайға ықпал еткен ақындардың ішінде Шөже Қаржаубайұлының есімін бөліп атасақ, Шөженің бетке айтар турашылдығы Абайдың санасына тұрақтап, кейіннен поэзиялық сапарына айтарлықтай әсер етті. Жас Абайдың ел ішіндегі беделін әуелден таныған Шөже ақын:
Ер шықты тобықтыдан талай-талай,
Байлығы, адамдығы бәрі де сай.
Атадан артық болып аруағы
Ел билеп келе жатыр ақын Абай [34, 110-б.] ,-
деп тегіннен-тегін өлеңге қоспаса керек-ті. Бірін-бірі алыстан аңғартып, тереңнен табыстыратын екі ақынның кеудесіне ұялаған ақындық дарын, сөз құдіреті Шөже мен Абай арасын жалғап, екеуін бір-біріне ынтықтырды. Абайдың ащы сынға құрылған арнау өлеңдерінде Шөженің өткірлігінің өрісі бар десек, бұл үрдісті жас кезінде айтқан «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Көжекбайға» деген өлеңдеріндегі жанындағы жақынының мінін бетіне басып тура айтқан ащы сындарынан анық байқаймыз.
Абайдың ақындық ортасы туралы сөз болғанда аты аталатын ақынның бірі – Шортанбай. Ш.Қанайұлы – Абай сынында аты аталған үш ақынның бірі, яки ауызға іліккен атақтылардың сапында. Абай баспадан шыққан Шортанбайдың өлеңдерін оқып өскенін ескерсек, ауызша жеткен Жанақ, Шөжелердің өлеңдеріне қарағанда Шортанбай өлеңдерінің Абайға, оның поэзиясына аса жақын болуы заңды. Сондай-ақ, Шортанбайдың жазба әдебиеттің өкілі болуы – екі ақын арасын жақындастыра түсер негізгі факторлардың бірі. Қазақ әдебиетіне Шортанбай арқылы келген зар заман сарыны Абайдың поэзиясында өзіндік даралық сипаттарымен ерекшеленіп, Абайға ғана тән әуенмен жалғасын тапты. Еңбекте екі ақын поэзиясындағы сабақтастық желілер тақырыптық жағынан жүйелене сөз болды.
Абайға әсер еткен ақындардың ішінде Дулат Бабатайұлының орны ерекше. Дулаттың Абайға әсері, екі ақын арасындағы поэзиялық үндестігі жайында жалпы пікір айтушылардан басқа арнайы тоқталған Қ.Өміралиев [37], З.Ахметов [38], Р.Сыздықова [39], Т.Шапай [40], А.Шәріп [41], Б.Омарұлы [42] тағы басқа зерттеушілердің ғылыми тұжырымдарын атап өткен орынды. Осы арада айта кететін дүние Абайды бір ақынның немесе бір жыраудың шәкіртіне теліп қоюға болмайтындығын естен шығармаған жөн. Абай – тек қазақ әдебиеті ғана емес, жалпы әлемдік поэзияның көш басында тұрған тұлға. Ол өзіне дейінгі әдебиет үлгілерін қорытып, ақындық талғамына салып сығымдап, мүлде жаңа деңгейдегі поэзия туғызды. Төл әдебиетіміздің көне мұраларынан бастап, әр дәуірдегі сөз зергерлерінің поэзиясына қанып өсті. Белгілі бір дәрежеде үлгі алды. Бірақ қандай да бір ақын, немесе жырау жеке-дара Абайға ұстаз болды, өлең жазуды үйретті деу – біржақты пайым. Міне, Дулат пен Абайдың арасындағы рухани жақындық туралы айтқанда, екі ақын поэзиясындағы сабақтастық, өлең өрімдеріндегі ұқсастық туралы пайымдағанда ең алдымен осы мәселені естен шығармағанымыз жөн.
Дулат – өз заманының күшті ақыны. Жыраулықтан ақындыққа көш бастаған өкіл ретінде қарағанда оның өлеңдеріндегі ақынның ойы жалпылықтан жалқылыққа, жазба әдебиетке тән ақындық дәлдік пен нақты суретке ауысты.
Жырымды менің сұрасаң,
Сары алтынның буынан.
Сырымды менің сұрасаң,
Тұманың тұнық суынан.
Кеудеме қайғы тоған соң,
Тұнық жырмен жуынам [43, 22-б.] ,-
деп ақындықтың мақсат-мұратын Дулатқа дейін кесте тілмен төгілте айтқан ақын кемде-кем. Ғалым Қ.Өміралиевтің: « Дулат – ақын туралы, ақын сөзі туралы қазақ әдебиетінде бірінші айтып, өлең-жырға зор талап қойған, сол талабы тұғырынан өзі де табылып, шығармаларын да осы талап тұғырына дейін көтерген бірінші ақын» [39, 199-б.] ,- деген пікірі орынды айтылған. Дәлелге жүгінейік:
Қамқа бірдей бола ма
Қаламы мата бөзбенен.
Қосылып алтын қорымас
Мырыш пен мыс, жезбенен.
Меруерттей сөзбен шашайын –
Бойыма біткен асылым
Ақындық әсер қуатпын [43, 23-б.].
Немесе осы шоғырдың соңын түйген «Жыр арнасы – суатпын» дегенде ақын, я лирикалық қаһарман тасқынды өлеңге, ақындық шабытқа айналып кеткен. Осылайша ол өзінің ақындық ұстанымын баршаға жария етеді. Дулаттың бұл шығармасы, сөз жоқ, Абайдың «Адамның кейбір кездері» өлеңін еске салады.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл,
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер, өзің біл [35, 257-б.].
Бұл – Абайдың ұстанымы. Осы өлеңді А.Пушкиннің «Поэт», «Поэту» деген өлеңдерімен үндестігін алғаш М.Әуезов атап көрсетсе [44, 162-б], З.Ахметов М.Лермонтовтың «Журналист, читатель и писатель» шығармасымен сарындас, кей тұстары әбден сәйкес келетінін дәлелдеген болатын [45, 61-б.]. Абайтанушы ғалымдардың пікіріне толық келісе отырып дәл осы өлеңнің тек орыс ақындары ғана емес, Дулат шығармасынан да алыс жатпағандығын айтқымыз келеді. Көтеріліп отырған тақырып, өлеңдегі ақын ойы ғана емес, сөз қоланыстардың сәйкес келіп жатуына көзді жұмуға болмайды. Дулаттағы «Кеудеме қайғы толған соң, тұнық жырмен жуынамы» Абайда «Кірлеген жүрек өз ішін, тұра алмас әсте жуынбай» немесе, «Дүние кірін жуынып, көрініп ойға сөз салар». Дулаттағы кеудеге толған қайғы, Абайдағы жүректі кірлетер дүниенің кірі ол – адам бойын құрсаулап алған мың сан адамсыздық. Осы дертті көргенде Дулаттың шабыты «тоят төс, салпы ерінді, топтан торай бермейтін тұлпар аттай» дүбірлесе, Абайдың ақындық қуат-күші қырымға қараған қырағы қыранша түлейді. Сондағы нысана белгілі:
Қайырсыз, сараң малыңды,
Еріншек, есер жарлыңды,
Халыққа емес сыйымды –
Парақор баспақ биіңді,
Ел бүлдіргіш бегіңді,
Әперіп сөзбен кегіңді,
Улы тілмен улаттым [43, 23-б.] ,-
десе Дулат, Абай:
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар [35, 256-б.] ,-
деп сөз қаруының нысанасын белгілейді. Сөз мұратын қару еткен ақындық ұстанымдары бір араға тоғысқан екі ақынның әдеби мұрасын таразыға салғанда тақырып ортақтығы, ой сабақтастығы, өлең құрылымдарындағы сәйкестік деген мәселелер мейілінше айқын, анық көрініс тауып жатыр. Әрине, екі ақын арасындағы ұқсас ойды, сәйкес келіп қалған тіркес пен сөзді тәптіштеп тізіп, әр тармақты таразылап сабақтастықты «дәлелдеу» Абай мен Дулаттың рухани жақындығын толық ақтап шықпасы анық. Осыған қоса, екі ақынның әлеуметтік тұрғыда тақырыпты алып шығуы, сол процестегі олардың поэтикалық қуат-күшінің рөлі, яғни ақындық деңгей мәселесі таразыға тартылу керек сияқты. Бұл арада, әрине, Абайдың ақындық қуатын, поэзиядағы эстетикалық талғамын Дулатпен салыстыруға болмас. Ал, жалпы рухани жалғастық, тақырып бірлігі мәселесіне келсек, бірі аға сұлтандықтың, екіншісі болыстық жүйенің тұсындағы қазақ қоғамының ащы шындығын еш боямасыз нағыз реалистік үлгіде жырлады. Дәл осы тақырыптың қай қырын алсаңыз да екі ақында үндес келіп, өріле жалғасып жатады. Ел ішіндегі атқамінердің шынайы бейнесін, жалқы тұрпатын алғаш өз мәнінде сомдаған Дулат болса, сол үлгіні Абай биік талғамның таразысына салып, нағыз типтік бейнеге айналдырды. Дулаттың Абайға жақындығы – бар болмыс-бітімімен, қимыл-қозғалысымен тірі бейнені көз алдыңа әкелуі:
Майырдың алса бұйрығын,
Борбайға қысып құйрығын,
Ел пысығы жортады-ай [43, 2-б.] ,-
немесе,
Ұлық қысса ұлықты,
Ұласып мидай былықты…
Атқамінер ауылда
Итше ілініп ылықты.
Орыстың көрсе ұлығын,
Қыздан дағы қылықты.
Ұлық етсе қазаққа
Қорқау қасқыр құлықты.
Бұзауы өлген сиырдай
Сауыны иіп Дулат жүр,
Місе қылып тұлыпты [43, 33-б.].
Бұл – қазақ әдебиетінде Дулатқа дейін айтылмаған сөздер. Адамдық қалыптан айрылып, итше ылығып, ауыл үйдің берекесін қашырған атқамінердің шайтани әрекеттері ақынды мезі еткен. Образды ойнату, адам мінезін іс-қимылмен сомдау, әсіресе, Дулаттың «Біреуге», «Екінші біреуге», «Үшінші біреуге», «Төртінші біреуге» деген циклді өлеңдерінде шебер берілген. «Тарпаң тайдай қылтыңдап, … қаққанша қабақ бұлтыңдап, … сыртынан күліп жыртыңдап, … самайы терлеп мыңқылдап» тұрған Дулат кейіпкерін Абай болыстарының тобырына ойланбай тоғытып жібере аласыз. Ел билеушіні шынайы, әрі дәл берудің құралы – таптырмас деталь десек, екі ақын да бұл қисынды шебер қиюластырған.
Жезден қарғы тағынған,
Кәпірге дінсіз бағынған –
«Би» деп атау бердік-ау
Үйінді тас молаға [43, 57-б.] ,-
дегендегі қарғы — биді итке балаудың көрінісі ғана емес, бұғаулау, шынжырлау, бостандықтан айрылудың деталі. Кейіннен Абайдың шәкірті ақын Әріп айтқандай «Сары жезін знак қып салбырытқан» жандайшаптар қалайша аяқ-қолы байланып, орыстың ойыншығына айналып шыға келгенін сезбей де қалды. Би қарекетсіз қалған меңіреу тас молаға айналса, Абай заманының биі бас-басына селдіреп, қиқымға айналып, желге ұшты.
Ал, енді Дулат пен Абай арасындағы тұрмыстық байланыстар туралы сөз етер болсақ, З.Ахметовтің: «Олардың өмір сүрген ортасы, заманы жалғас, жақын, сол дәуірдегі қоғамдық өмірдің қайшылықтарын, әр-түрлі әлеуметтік топтардың мінез-құлқын бейнелеп көрсетуінде де ұқсастық, сабақтастық бар» [46] ,- деген пікіріне аса көңіл қойған жөн. Диссертацияда Дулат пен Абайдың өмір сүрген заманы, ортасы сияқты әлеуметтік нышандарға мән беріліп, Құнанбай, Абай ауылы мен Дулат-Сабырбайлар шыққан Сыбан елінің арасындағы рухани жақындық мәселелеріне назар аударылды. Осы орайда Абаймен рухани байланыста болған Сыбан Сабырбай ақын, оның қызы Қуандық пен Абай арасындағы рухани желілердің жігі ашылды. Мәселен, Қуандық Сабырбайқызы – Абай өміріндегі ерекше жан. Сөзі қайратты, жаны сұлу қайсар қыз жарқ етіп ақын жүрегіне ғашықтықтың отын салып, сол жалын бірте-бірте екі ақын арасындағы жарасымды сыйластыққа ұласып, өмірлерінің соңына дейін өшпей сақталды.
Жалпы біз Абайды айтқанда, оның өлең құдіретін сөз еткенде маңындағы ақын-жыршылардан бөліп қарап, артық біткен ақындық қуатына жоғары баға бергенде қасында жүрген басқа ақындарды назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Мәселен, Абайдың айналасын сөз еткенде Байкөкше Балғынбайұлы –ақынмен қатар жүрген, оның апыл-тапыл басқан шағынан қасында болып ерекше сыйласқан адамы. Байкөкшенің Абаймен байланыста туған өлең-сөздері ғана сақталып, қалған мұрасы ұмытылған. Өлеңге ден қойып, қолына қалам алған Абай әуелі өз еліндегі Байкөкшеге қарап бой түзеді. Келе-келе ақындығын, шешендігін қадірлеп «Байкөке» деп құрметпен атаған. Диссертацияда Абай мен Байкөкше арасын байланыстыратын бірнеше өлеңге ден қойылып, бүгінге дейін әдеби айналымға түспеген Байкөкшенің «Тобышақ торы» дастанына әдеби талдау жасалды.
Осы тарауда Абайдың әдеби ортасын құрайтын тағы бір ерекше топ өкілдері – шайқы мінезді, ел ішіндегі күлдіргі, сөзі қисық, қисық та болса түзу Қиясбай, Мұқамораз, Қарасақау сияқты ел ішіндегі жамандықты өлеңге салып, әшкерлеп, іс-қимылымен мазақ етіп жүретін орта өкілдерінің Абаймен арасындағы рухани жақындықтың көріністеріне назар аударылды. Жалпы қазақ даласында Қиясбай, Мұқамораз, Шәукембайлар сияқты шәлдуар мінезді шайқы адамдар аз болмағаны белгілі. Бірақ, солардың бәрі тарихта қалған жоқ. Олардың Қиясбайлардан әлгіндей тосын өнері артық болуы да мүмкін, бірақ Қиясбай, Мұқамораздардың бағы – Абайдың қасында болуында десек, еңбекте осы мәселеге баса көңіл бөлінді.
«Абайдың ақындық мектебі: поэзиядағы рухани байланыс көздері» деп аталатын үшінші бөлімнің «Ақындық өнер және ұстаз сыны» деген тарауында ақындық мектеп аясындағы поэзия көздерінің сабақтастығына мән беріле отырып, Абай арнауларындағы шәкірттерге қаратыла айтылған сын табиғатына талдау жүргізілді. Ақын шәкірттер поэзиясындағы ұстаз Абайдың тұлғасы жан-жақты ашылды.
Диссертацияда Абай арнаулары кеңірек сөз болып, ащы сынға құрылған өлеңдердің шығу тарихы, кейіпкер табиғатын ашудағы автор позициясы деген мәселелер қамтыла келіп, Абайдың өз шәкірттеріне, дәлірек айтқанда олардың ақындығына қарата айтқан сыны, сол сынды ақындардың қабылдауы деген сияқты ұстаз бен шәкірт арасындағы әдеби қарым-қатынастардың сипаты анықталды. Абайдың ақындық өнер туралы, ақындар туралы өлеңдері әдебиетке, оны жасаушыларға үлкен жаңашылдықпен бірге биік талабын ала келді. Өлеңге қойған талабы биік Абайдың сынына жарағаны – Бұхар, Дулат, Шортанбайлар десек, ендігі жерде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген қағиданы ту еткен ақын қасындағы шәкірттеріне талабын мейілінше күшейте түседі. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп басталатын өлеңінде «сөзімді тасыр ұқпас» деп талапты жас ақындарға салмақты ескерту жасап, үш ақынды, өзінің ең талантты деген үш шәкіртінің өлеңдерін сынаған. Шәкәрім, Көкбай, Әріп – үш шәкірті де ұстаздың сынын қалай қабылдады, қандай нәтиже шығарды деген мәселелер диссертацияда егжей-тегжейлі сөз болды.
Абай шәкірттерінің өлеңін ғана сынап қоймай, мінезінен мін, жасанды бір оғаш қылық көрсе, өлеңге қосып екіншілей қайталамастай етіп ұялтып, тыйып тастап отырған. Абайдың «Бұралып тұрып» деп басталатын, Көкбайдың «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша» тағы басқа өлеңдерінің шығу тарихы дисертацияда кеңірек талданып, Абай мен Көкбай арасындағы шығармашылық байланыс көздері айқындала түсті. Көңіліне қаяу түсірген Ақылбай деген баласының қылығына қатты налып шығарған «Ата-анаға көз қуаныш» деп басталатын өлеңіне, Әбдірахманды жоқтап шығарған туындыларына әдеби талдау жасалды. Сондай-ақ, Әсетке, Баймағамбетке арналған өлеңдерінің туу себептері, шығу тарихы ғылыми тұрғыда қарастырылды.
Ақынның арнаулары қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болмаған көркем персонаждарды дүниеге әкелді. Оның басты өлшемі сыншылдық пен шыншылдық деп білсек, ақын «толық адам» биігінен қарай отырып, өз айналасындағылардың адамсыздық қылықтарын поэзия шеңберінде аса биік көркемдік шеберлікпен содап, типтік бейнелер жасады.
Абайдың эстетикалық талғамының бір көрсеткіші болып табылатын ақындық өнер туралы толғаныстары ақын арнауларымен, дәлірек айтқанда ақын шәкірттерге, олардың туындыларына қарата айтылған сындарымен байланысып жатыр. Абай сыны – оның ақындық қиялының көрінісі емес, өмірлік ұстанымдары мен күнделікті қарекетінің жемісі. Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды шәкірттерінің шығармаларын сынға алғанда Абай тек шәкірттерін үйретуші, түзеуші деңгейінде ғана емес, қазақ өлеңіне биік меже қоюшы, өзінен кейінгі әдебиетке жаңа, классикалық поэзияның үлгісін ұсынушы, Ұстаз-ақын дәрежесінде көрінеді. Өлеңді, оның иесін сынаған Абай ұстанымын өзінен кейінгі бүкіл қазақ ақындарына қойылған талап деп ұғынсақ қателеспейміз. Ақынның «өлеңі бар өнерлі ініге» қарата айтқан сын-ескертпесі оның ұстаздық қарекетін айқын аңғартып тұр. Ақындыққа баулуы биік меже, қатал сыннан бастау алып, өлеңге әуес жастарды құдіретті сөз патшасымен ширықтыра сынап, ширата сілкіп жарата түсуінде Абайға ғана тән өзгеше тәрбие жатқандай. Осы тарауда тұжырған ой-түйіндеріне келсек, Абайдың ұстаздық қарекеті деген мәселе Абай мен оның шығармаларында кеңінен көрініс тауып жатыр. Абай өлеңдерінің шығу тарихына тереңдеп барған адам, ақынның көп туындыларының шығу төркіні оның әдеби айналасымен тығыз байланыста екенін аңғарады. Абайдың шәкірттерін сынауы, жеке бас мінездерін әшкерелеуі, өлеңдерін түзеп, қайта жазғызып, үлгі боларлық қып өзі шығарып көрсетуі сияқты құбылыстар Абайдың ақындық құдіретімен қоса ақындық өнерге баулу, тәрбиелеу сияқты ұстаздық қарекетін де байқатады. Абай мен оның шәкірттері арасындағы поэзиялық байланыс, тек Абайдың біралуан өлеңдерінің шығуына түрткі болып қана қойған жоқ, ақын шәкірттердің ұстаз алдында ысылып, нағыз ақындық жолға түсу процесін анықтайтын дәлді дерек көзі де бола алды.
«Поэзиядағы Абай тұлғасы» деген екінші тарауда Абайдың айналасындағы, яғни, ақын шәкірттерінің шығармашылығындағы ұстаз бейнесінің болмыс-бітімін жан-жақты ашып көрсетуді, сол арқылы Абай есімінің шәкірттер поэзиясында ғана емес, ақындық жолдағы мән-маңызын, орнын айқындап беруді мақсат еттік.
Әдебиетке Абай бейнесін алғаш әкелген оның айналасындағы ізбасар ақындар. Абайдың қасында жиырма бес жыл жолдас болған Көкбай ақынның, Шәкәрімнің өлеңдерінде ұстаз-Абай бейнесі мейілінше жан-жақты сомдалған. Әрине, Абай бейнесінің жалпы қазақ әдебиетінде жырлануы одан кейін шыққан ірі ақындар Сұлтанмахмұт, Мағжандардан бастап бүгіні әдебиетке дейін өрісі кеңге жайылған мейілінше үлкен тақырыпты қамтиды. Ал, біздің нысан ақынның қасында жүрген ізбасар шәкірттердің ұстазбен арадағы қарым-қатынасын тереңірек аша түсу мақсатында олардың поэзиясындағы Абайдың орнын айқындап, ұстаздық болмысын аша түсу. Абай бейнесінің ақын шәкірттер шығармаларында сомдалуы, былайша айтқанда Абай тақырыбы, оның ұстаздық тұлға-тұрпаты деген мәселелердің шәкірт ақындар шығармаларында алатын орны бүгінге дейін жүйелі зерттелген жоқ. Ғалым Б.Мамраевтың төмендегі пікіріне көңіл бөлсек: «Следует особо отметить, что тема Абая как высокий и постояный орентир проходит через все творчество Шакарима… Оправданность реминисценции заметна и в том случае, когда поэт, напоминая читателю художественную концепцию Абая, синхронно выражает свою собственную» [47, 202-б.] ,- дегені тек Шәкәрім поэзиясына ғана емес, Абайдың маңындағы өзге де шәкірттер шығармашылығына тән екендігін ескеруіміз керек. Осы орайда Абай бейнесін өз өлеңдерінде сомдап, оның ұстаздық құдіреті, өз ортасындағы орны туралы сөз айтқан Ш.Құдайбердіұлы, К.Жанатайұлы, Ә.Тәңірбергенұлы, Ә.Найманбайұлы, Б.Айтқожаұлы, У.Шондыбайұлы, М.Әділханұлы сынды ақындардың поэзиядағы дәстүр жалғастығы, ұстазбен арадағы рухани үндестік қырларына диссертацияда тиісінше көңіл бөлінді.
«Абай мектебіндегі әдеби дәстүр және тақырыптық-көркемдік ізденістер» деп аталатын бөлім төрт тараудан тұрады. «Абай мектебіндегі айтыс жанрының өзіндік даму ерекшеліктері» деген тарауда ақын шәкірттердің әдеби дәстүрді ұстану жолындағы шығармашылық-көркемдік ізденістері Абай мектебінің біртұтас тақырыптық бірлігі аясында қарастырылып, ақындардың айтыс жанрын игерудегі жетістіктері, тарихи тақырып пен нәзирагөйлік дәстүрді қолданудағы ерекшеліктері, аударма өнерін дамытудағы шеберліктері талданып, мектеп шеңберіндегі Абай дәстүрінің даму жолдары анықталды. Бұл тұрғыда, айтыс жанрын көркем шығармаларына арқау еткен Шәкәрім Құдайбердіұлының, Әріп Тәңірбергенұлының, Тұрағұл Абайұлының, Әубәкір Ақылбайұлының жанрлық жағынан мысал айтысқа жататын өлеңдермен қоса, Әріп ақынның «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмаларына әдеби талдау жасалды.
Абай айналасындағы айтыс өнерінің дамуына, айтыс жанрының өркендеп қанат жаюына Абайдың өзі тікелей себепкер болып, қасындағы ақын шәкірттердің айтысты шебер меңгеруіне ықпал етті. Айтыс өнеріне тән негізгі белгі суырыпсалмалық өнер болса, Абайдың жас кезіндегі өлеңдері — нағыз суырып салып айтқан дүниелер. Жазба поэзиясының асқан шебері болуымен қатар Абай бойында далалықтарға тән хас өнер – табан астында тауып өлең ұйқастыру өнері ерекше дарыған-ды. Қазақтың суырыпсалмалығын жасынан бойына сіңірген ақын өмір бойы бұл машықтан қол үзген емес. Тек өзі ғана емес, соңынан ерген ақын шәкірттерін тосыннан сөз табуға, табан астында «айналасы теп-тегіс, жұмыр келетін» өлең құрауға баулыды. Айтысқан ақындардың сөзін түзеп, қазылық төрелігін айтты.
Айтыс өнеріне етене жақын құбылыс бір өлеңді бірнеше ақынның жарыса құрауы Абай айналасында кеңінен тарап, Абай шәкірттері Әріп, Көкбай, Уәйіс сынды ақындар осы бір дәстүрді өз орталарында жиі қолданып отырды. Айтыс өнерінің қыр-сырына осылайша терең бойлап, шебер игерген Абай мектебінің өкілдері екі ақынның айтысын көркем шығармаларына арқау етті. Кәдімгі айтысты көз алдыңа әкелер Абайдың «Жігіт сөзі» мен «Қыз сөзі» сияқты өлеңдерінің үлгісі Шәкәрімнің мен Тұрағұлдың, Әріп пен Әубәкірдің мысал айтысын арқау еткен өлеңдерінде жалғастық тауып жатыр. Ал, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс негізінде жазылған көлемді поэмалардың да дүниеге келуі – ақындардың айтыс табиғатын терең игерудегі соны жетістігін айқындайды. Сондай-ақ, болып, ел арасында жұрнағы ғана қалған айтыс, сөз қағыстарын өңдеп, көркем шығарманың талаптарына жауап беретін туындылар жазған Әріптің «Біржан – Сарасын», Әсет ақынның Ырысжанмен айтысын өңделген айтысқа жатқызуымыздың себебі – өңдеуші ақындардың авторлық үлесін көрсету. Қалай десек те, айтыс өнерін жетік меңгерген Абай шәкірттерінің дені айтысты көркем шығармаға арқау етті. Бірі болған айтысты өңдесе, екіншілері қолдан жаңа айтыс-поэма жазып, ауыз әдебиетінің озық үлгісін жазба шығармаларында аса шеберлікпен пайдалана білді.
«Тарихи тақырып және нәзиралық сипаттың соны үлгілері» деп аталатын тарауда Абай мектебіндегі тарихи тақырыпта жазылған шығармалардың идеялық-көркемдік табиғаты Абай дәстүрлерінің аясында қарастырылса, ақын шәкірттер шығармашылығында кеңінен орын алған нәзиралық сипаттың Абай қолтаңбасына тән өзіндік, оқшау белгілерін айқындап беруге ден қойдық. Абай шәкірттерінің шығармашылығына арқау болған Еңлік пен Кебек тақырыбының интерпретациялық сипатына әдеби сараптаулар жүргізілді. Абай тапсырмасымен жазылған Ш.Құдайбердіұлының «Қалқаман – Мамыр», К.Жанатайұлының «Сабалақ», «Қандыжап», У.Шондыбайұлының «Жошы – Алаша хан» дастандары әдеби мектеп аясында өзара сабақтастырыла қарастырылып, Абайдың түпқазық идеяларының табиғаты анықталды. Шәкәрімнің «Ләйлі – Мәжнүн», Уәйіс ақынның «Бір қыздың оқиғасы» шығармаларын талдау барысында Абай нәзирасының жаңашылдық сипаты айқындалды. Абай тапсырмасымен шет жұрттықтардың өміріне арнап жазған Ақылбай мен Мағауия поэмаларындағы құлдар тақырыбы, отаршылдық идеялары Абай көзқарастарымен байланыстырыла байыпталды.
Абай мектебіндегі тарихи тақырыптардың бастау көздерін Абайдың тарихи шығармасы «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы», Орта жүз қазақтарының рулары туралы» еңбектерінен іздесек, Шәкәрімнің шежіресі Абай еңбегінің заңды жалғасы ғана емес, жазылу мақсаты бір, ұстаз идеясының толықтырылған нұсқасы деп қабылдауға болады. Сондай-ақ, Шәкәрімнің діни-философиялық «Мұсылмандық шарты» еңбегі де Абай тапсырмасымен жазылған. Тарихи тақырыпта көркем шығарма жазбағанымен Абайдың бұл мәселедегі назары ақын шәкірттеріне тапсырма беруімен ерекшеленді. Шәкәрімнің «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», Мағауияның «Еңлік – Кебегі», Көкбай ақынның Абылай тақырыбындағы тарихи жырлары, Уәйістің «Жошы – Алаша ханы» сияқты шығармалардың жазылуына Абай тікелей себепкер болды. Мәселен, Еңлік пен Кебек оқиғасы туралы бірнеше интерпретациялық үлгідегі көркем туындылардың басында Абай тұр. Абайдың әдеби тапсырмасымен бұл оқиғаны Мағауия адал махаббат иелерін өлімге қиған қазақтың қатігез салт-санасын сынап, лирикалық бояуы қанық ғашықтық поэма етіп берсе, Шәкәрім екі жастың трагедиялық халін жеке адамдардың шеңберінде қалдырып қоймай, ел ішіндегі әлеуметтік-қоғамдық қайшылықтар аясына апарады. Сөйтіп, идеялық-тақырыптық аясы кең нағыз реалистік поэма ұсынады. «Қазақтардың естерінен кетпей жүрген бір сөзінде» әңгіме болатын Қалқаман мен Мамыр оқиғасының Шәкәрімнің көркем шығармасына арқау болуын жоғарыдағы поэмамен байланыстыра қарасақ, екі поэманың идеясындағы ортақ белгілерді жеке автордың қолтаңбасына тән құбылыс деп тану қажет. «Жолсыз жаза», «Қалқаман – Мамыр», «Қодардың өлімі» поэмаларын бір арнаға тоғыстырып тұрған идеялық бірлік бар. Ол – қазақтың салт-дәстүрін бұзғандарға кесілген ең ауыр жазаның себеп-салдарын ашып көрсету, жаза кескендер мен жапа шеккендердің ақ-қарасын анықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу.
Абайдың көңіл қойып, Көкбайға жаздырған тарихи тақырыптарының бірі – Абылай хан тақырыбы. Көкбай Жанатайұлы Абайдың тапсырмасымен Абылай және оның ұрпақтары туралы циклды дастан жазып, Абай «Сабалақ» дастанының көркемдік қуатына ғана емес, тарихи мән-маңызына да аса ден қойып, сынап, түзеген. Көкбай ақын өмірінің соңғы жылдарында Абылай тақырыбына қайта айналып соғып, «Қандыжап» дастанын жазады. Алғашқыдағы Абылай бейнесі кейінгі шығармасында айқындала түсіп, жаңа қырынан көрініп, мейілінше шебер сомдалды. Уәйіс Шондыбайұлының «Жошы-Алаша хан» поэмасы – Абай ықпалымен жазылған тарихи шығармалардың бірі. Ертеден келе жатқан қазақ аңызын негізге алған Уәйіс Абай еңбегіндегі Алаша хан туралы аңызды поэмасына арқау ете отырып, өзіндік өрнекпен көркем туынды қашай білген.
Қазақ әдебиетіндегі нәзира үлгісін еркін меңгерген Абай мектебінің өкілдері бұл үрдіске де өзіндік тың үлгі ұсына білді. Ақын шәкірттердің нәзирасында авторлық позиция айқын көрінді. Шәкәрімнің «Ләйлі-Мәжнүні», Уәйістің «Бір қыздың оқиғасы» шығармалары бұрынғы сан мәрте жырланған тақырыптар болғанымен, туындының жаңашылдық қырын сипаттайтын авторлық идея айқынырақ көрінеді.
Абай шәкірттерінің шет жұрттықтардың өмірінен шығармалар жазуы Абайдың отаршылдыққа қарсы идеяларымен астасып жатыр. Осы тұста ғалым Ш.Елеукеновтің: «Біз бұған дейін Абайды отаршылдыққа қарсылық ойлаған күрескер ретінде зерттемедік» [48, 90-б.] ,- деген пікірін басшылыққа ала отырып, Абай шәкірттері шығармашылығындағы отаршылдық тақырыбына ден қойдық. Мағауияның «Медғат – Қасым», Ақылбайдың «Зұлыс», «Дағыстан» поэмаларын біріктіріп тұрған тақырып ортақтығы ғана емес, отаршылдыққа, үстемдікке қарсы күресті жырлаған идеялық бірлік бар. Қысқасы, қай ел, қандай оқиға, нендей тәсілмен жазылсын Абай шәкірттерінің әуелден көздеген мақсаты адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат пен ғадауаттың майдандасқан көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелеу, сөйтіп соры қалың қазақтың көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.
Көлемді шығармалар жазуды Абай әуел баста қолға алып, артынан бұл түрден тез суынып кетті дегенімізбен, өз шәкірттерін поэма жазудың соны үлгілеріне баулыды. Ақын шәкірттердің поэма жанрын игеріп, сол салада қандай да бір тақырыпты жырламасын оның артында Абай тұрып, Абай игерген мол мұраның іргесі байқалады.
«Абай айналасындағы аударма дәстүрі» деген тарауда Абайдан басталған ұлттық аударманың алғашқы қарлығаштары болған Абай шәкірттерінің туындылары тұтас бір шығармашылық бірлік аясында қарастырылды. Яғни, Абай мен оның шәкірттері арасындағы аударма жанрының қалыптасып, дамуын көрсету арқылы Абайдың аударма мектебінің қазақ әдебиетіндегі орнын белгілеуді мақсат еттік. Абай айналасындағы аударма үлгісінің қарапайым, еркін, нәзиралық түрінен бастап классикалық деңгейге дейін өскен эволюциялық даму жолдары айқындалды.
Ақындық өнердің басқа салаларындағыдай Абайдың аударма саласындағы жаңалығы оның қасындағы шәкірттерін бірден елітті. Қазақ поэзиясына келген жаңа құбылысқа дені орыс тіліне жетік Абай мектебі өкілдерінің қызығып, бірден бас қоюы заңды-тын. Абайдың бағыт-бағдарымен, тікелей қолдауымен Европа, орыс ақын-жазушыларының түрлі деңгейдегі әдеби туындылары қазақша сөйлей бастады. Шәкәрімнің А.Пушкиннен аударған «Дубровский», «Боран», Л.Толстойдан «Алты әңгіме» әңгімелер циклы, американ жазушысы Г.Бичер Стоудың «Том ағайдың балағаны», Әсет ақынның «Евгений Онегин», Уәйіс Шондыбайұлының «Иванушке-дурачок», Тұрағұл Абайұлының М.Горкийден аударған «Челкаш», А.Неверовтен «Мен өмірге жерікпін», «Ортақшыл Мария» әңгімелері, Б.Прустан «Антек», Д.Лондоннан «Баланың ерлігі», бізге жетпеген Д.Лондоннан «Матин Иден» романы сияқты кейбірі нәзиралық үлгіде жалпы оқиғасы қазақшаланса, кейбірі түпнұсқадан алыс кете қоймаған түрлі жанрдағы көркем шығармалардың дүниеге келуінің басында Абай тұр.
Абайдың аударма дәстүрі қазақ әдебиетіне өзіндік принциптері мен шеберлік үлгісін ала келді және ақын көздеген тағылымдық, тәрбиелік сипаттарға құрылды. Әр шәкірт өз шама-шарқына қарай, аударманың түрлі үлгісін игере отырып ұстаз қойған биік межені бағындыруға тырысты. Аудармалар шәкірттердің орыс тілін білу дәрежесіне, ақындық шеберлігіне, түпнұсқа авторының айтар ойын қаншалықты дәл тауып, тамырын дөп басқанына қарай әр-түрлі үлгіде және қилы көркемдік деңгейде жазылды. Мәселен, Әсеттің «Евгений Онегині» мен Уәйістің «Иванушке-дурачогын» Шәкәрім, Тұрағұл аудармаларымен бір үлгіге, бір деңгейге қоюға келмейді. Тіпті, Шәкәрімнің «Дубровскийі» Әсет, Уәйіс аудармаларындай нәзира үлгісіне жақын дегенімізбен, алдыңғысының көркемдік деңгейі көш ілгері. Ал, Толстойдан аударғандарының сәттілігін екі ақын арасындағы рухани туыстықтан іздеген жөн. Сондай-ақ, Тұрағұлдың прозалық аудармаларындағы еркін аударылған «Челкашынан» дәлме-дәл (жолма-жол) аударған «Мен өмірге жерікпіні» сәтсіздеу шыққан. Диссертацияда әр ақынның аударма жолындағы ізденістері мен жетістіктерін ғана емес, әрқайсының шама-шарқына байланысты кемшін соғып жататын тұстарын жеке-дара қарамай Абайдың өнеге-ықпалының аясында қарастырып, Абай мектебіндегі аударма дәстүрінің тынысын ашуға тырыстық. Бір ескеретіні Абай айналасындағы аударма ісімен айналысқан шәкірттердің көбі орыс мектебінің маңай-қарасын көрмеген, көргендерінің өзі тіл сындырудан ары бармай, негізгі сауатын Абай алдында ашқандар. Арнайы орыс мектебінен өтпей, классикалық аударма үлгісін ұсына білген Шәкәрім, Тұрағұл сынды шәкірттердің таң-тамаша етер таланты мен қоса ұстаз Абайдың осыншалық деңгейде тіл үйрету қабілетіне тәнті боласың.
Демек, Абайдың қазақ әдебиетіне қосқан кезекті бір жаңалығы – профиосионалдық үлгідегі аударма жанрын әкелуі десек, ол – аударма саласын қалыптастырып қана қоймай, бірден үлкен биікке шырқатқан шебер аудармашы. Төл әдебиеттің ерекшеліктерін ескере отырып, орыстың ең таңдаулы туындыларын кереметтей шеберлікпен қазақша сөйлеткен ақынның құдіреті соңындағы шәкірттердің аңсарын өзіне аударып, бұл жанрдың сол ортада тез қанаттануына себепкер болды. Абай және оның айналасындағы аудама жанрының қалыптасып, келе-келе классикалық деңгейге жеткен туындылар Абай айналасында қалыптасып, қанат жайған қазақ әдебиетіндегі алғашқы аудармалар болуымен құнды. Абай айналасындағы аударма өнерінің бір қыры нәзиралық сипаттармен байланысып жатса, идеялық-тақырыптық жағынан алғанда тағлымдық, тәрбиелік сипаттарға құрылды. Арнайы орыс мектебін көрмеген ақын шәкірттердің аударма өнерін үйренудегі ұстазы Абай болып, әр ақын шәкірт өз ақындық ерекшелігіне, аудармашылық шеберлігіне байланысты аударманың түрлі жолдарын ұстана отырып, әр-қилы көркемдік деңгейде өз туындыларын ұсынды. Нәзиралық ретпен жазылған Әсеттің «Евгений Онегині», Уәйістің «Иванушке-дурачогі» аудармадан гөрі, мазмұнын қазақшалап жырлап шыққан төл туындыға жақын дүниелер болса, Шәкәрім мен Тұрағұлдың шығармалары – нағыз классикалық аударманың үлгісін танытатын туындылар ретінде қазақ әдебиетінде өзіндік бағасын алуда.
«Абай қалыптастырған өнер ортасы» деген тарауды ғылыми жұмысқа арқау етуіміздің басты себебі Абай айналасына ақындар ғана емес, сегіз қырлы өнерпаз жастар жиналды. Әнші-күйші, музыкант пен ертегіші, дойбышы мен тоғызқұмалақшы, құсбегі мен балуан сияқты түрлі өнердің иелері бас қосты. Солардың ішінде ақындықтан бөле-жаруға келмейтін әншілік өнер туралы, әнші-ақындар туралы осы тарауда кеңірек сөз етілді. Себебі, Абай заманында ақындық пен әншілік бөліп жаруға келмейтін егіз ұғым болғанын ескерсек, Абай айналасындағы әнші, күйші, музыканттар мұрасы ақындық өнермен біте қайнасып, тонның ішкі бауындай жымдасып жатыр. Сол уақыттағы ән мен өлеңнің біртұтас өнер ретінде қабылданатыны, әрі ақын сөзінің әнге қосылып айтылғанда насихаттық қуатының артатыны Абай айналасындағы ақындардың бәрін дерлік әншілікке итермеледі. Абай мектебінің нағыз сегізқырлылық сипатын ескерсек, ақын, әрі әнші және музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы болған Абай маңындағы өнерпаз топ өз ортасындағы ән өнерінің жаңашылдық сипаттарын айқындай алды.
Абай жанындағы әншілік өнердің өкілдері кімдер дегенде оның нағыз әншісі қайсысы, композиторы қайсысы, жай әуесқойы кімдер, қай музыканты қандай аспаптарда ойнаған деген мәселелерге дисертацияда жауап ізделді.
Қазақ музыкасы, ән-күй өнеріне деген жақындық Абайдың Тәттімбет күйлерін тыңдап, Біржан әндеріне деген ерекше ықыластан бастау алғанын айта кетуіміз керек. Абай мен ән өнерінің ақтангері Біржан арасы туралы еңбекте кеңірек сөз болды. Әншілік пен өлең өнерінің екі үлкен өркешті өкілінің кездесуі – Абайға да Біржанға да үлкен рухани толысу болды. Абай және ән өнері деген үлкен тақырыптың бір ғана бөлігі боп саналатын Абай мен Біржан байланысы – үлкен тақырыптың басы болса, осынау тақырыптың жалғасы іспетті үлкен дүние – Абай айналасындағы ән өнерінің дамуы. Әрине, Абайдың ақындық мектебі дегеннің аясында һәм бір бөлігі іспеттес әншілік мектебінің де сұлбасы менмұндалайтыны заңды. Ақын шәкірттерінің бәрі дерлік әнге жақын болды десек, солардың арысы композитор, берісі әнші екенін де естен шығармау керек. Дәл осы топ Абай әндерін орындап, халыққа таратты. Ұстаздарының әнге бет қойғанын байқап өздері де ән шығаруға бел байлады. Нәтижесінде Абай ауылы тек ақындықтың ғана емес, үлкен әншіліктің де ауылына айналды. Бұл арада Абайдың әнші шәкірттері Абай әндерін тек таратушы ғана емес, ортаға салып артық-кемін түзеп, нағыз әншінің дауысына салып жетілдіріп те отырды. Абай айналасындағы мұндай әншілік талқы халық композиторларының көбінде болған жоқ. А.Жұбановтың Абай әншілерінің тобын орыстың «Могучая кучкасымен» ұқсататыны содан.
Абайдың әнші-музыканттарды қасына жиюуы шын мәнінде ән мектебін қалыптастырды. Осы ортада Абай жанындағы Көкбай, Шәкәрім, Ақылбай, Тұрағұл, «Қозы Көрпеш» жырының бір вариантын он жеті түрлі әнмен айтатын Бейсенбай ақын, «Абай жолынан» жақсы таныс Майбасардың Мұхамеджаны, Құдайбердінің ұлы Әмір, Ақылбайдың ұлы Әубәкір, Кәкітайдың ұлы Әрхам, әнші Әлмағамбеттер әншілік мектептің түлектері болды. Осылардың ішінде ән өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген Шәкәрім, Уәйіс, Әсет, Мұқа, Ақылбай, Бейсенбай сынды шәкірттері – өздері де ән шығарып композиторлық дәрежеге көтерілген әншілер. Әсіресе, Әсет ақынның әншілік атағы қазақ даласына кеңінен жайылған. Біз музыка маманы болмағандықтан, Абай шәкірттері әндерінің құрылысы, музыка тілінің ерекшеліктері, әуен-сазының өлшемдік-ырғақтық құрылымы деген сияқты әннің ішкі табиғатына еркіндеп баруға дәрменсізбіз. Сол себепті зерттеу еңбегімізде Абай айналасындағы ән өнерінің дамуы, даралық сипаты деген мәселелерді анықтай отырып, ондағы ұстаз Абайдың орны, Абай әндерін өз дәрежесінде орындап халықтың жүрегіне жеткізуші әнші шәкірттердің рөлі, олардың ән өнеріне қосқан өзіндік үлесі деген сияқты мәселелерге ден қойдық.
Абай мектебіндегі ән, музыка өнерінің дамуы туралы айтқанда, алдымен музыкада Абайдың өзі жаңашыл болды. Маңына өз заманының ең айтулы деген әнші, күйшілерді жинаған Абай шын мәнінде ән мектебін қалыптастырды деп айтуға болады. Ән өнері ақындықпен қатар жүріп, ақын сөзінің насихат күшіне қызмет еткендіктен, Абайдың ақын шәкірттерінің бәрі дерлік жақсы әнші бола білді. Абай мектебінің нағыз сегізқырлылық сипатын ескерсек, ақын әрі әнші және музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы болған Абай маңындағы өнерпаз топ өз ортасындағы ән өнерінің жаңашылдық сипаттарын айқындай алды.
Мұқа, Әлмағамбет, Мұхамеджан сынды әншілердің ақындық өнері аса байқалмағанмен, бұлар Абай әндерін насихаттаумен ерекшелене білді. Көкбай ақындық пен әншілікті қатар ұстаса, Ақылбай, Тұрағұлдар бірнеше аспапта ойнай білген шебер музыканттығымен көзге түсті. Ал, Уәйіс пен Әсет айтулы әнші ғана емес, дәстүрлі ән өнерінің дамуына өз үлестерін қосқан композиторлар еді. Абай шәкірттерінің ішінде қазақ ән өнерін өзіндік бір белеске шығарып, жаңа әуен, тың мазмұн әкеле алған ақын Шәкәрім болды. Міне, Абайдың жанындағы ақын, әнші, сазгер, музыкант жастар бұл өнерді әр қырынан дамытты. Осылайша әр қырынан дамып, қазақтың музыка өнерінде өзіндік із қалдыра алған Абайдың әншілік мектебі – кемеңгер ақын тұлғасын айқындай түсер тағы бір керемет көрсеткіш.
Қорытынды бөлімде диссертацияның негізгі нәтижелері тұжырымдалды. Абайдың әдеби ортасын анықтау Абайды, оның ақындық болмысын тани түсуге жетелейді. Қандай да бір тұлғаны қалыптастыратын заманы, қоғамдағы ортасы десек, сол ортаның өкілдері Абайдың ақын болып қалыптасуына игі әсерін тигізді, әр-бір әдебиет өкілі оның ақындыққа көтерілуіне баспалдақ іспетті. Демек, Абайдың әдеби ортасы – ақын өмір сүрген уақытта ақынға өз әсерін тигізген, үлгі көрсеткен аға буын ақындар, би-шешендер және сол Абайдан үлгі алған ішінде ақыны бар, әншісі мен күйшісі бар өнерлі жастар, яғни ақынды қоршаған айналасы.
Абайдың әдеби ортасы туралы ғылыми ойлардың алғашқы көріністері ХХ ғасырдың басынан басталды да, ал осы тақырыпқа арнайы көңіл бөлген М.Әуезов Абайдың әдеби ортасын «ақынның өзі алған нәрлері», «өзгеге берген нәрі» деп екі салаға жіктеді. Абайдан кейінгі әдебиет өкілдерін қамтитын екінші сала бойынша ғалым қазақ әдебиеттану ғылымында «Абайдың ақындық мектебі» деген ұғымды енгізіп, бұл тақырыптың кең түрде зерттелуіне жол ашты. Абайдың ақындық мектебі тақырыбы зерттеу нысанына алынғанда екі мәселеге баса назар аударылды. Алдымен, мектеп қалыптастырған Абайдың тағылымдық қарекетіне, екіншісі – ақынның айналасындағы шәкірттер, олардың шығармашылығындағы дәстүр жалғастығының сипаты. Осы екі құбылыстың басы біріктіріле қарастырылып, Абай айналасындағы ақын шәкірттер мұрасының қазақ әдебиетіндегі орны айқындалды.
Абайдың ақын боп қалыптасуына әдеби ортаның әсері дегенде ақынның өз әулетінің ықпалына екпін берілді. Бесіктен бастап бойға сіңірілген рухани тәрбие Абайдың болашақта үлкен дарын иесі болуына жол ашты, әженің ізгілікке толы әлдиі, анасының тауып айтқыштығы, әкеден келген суық ақыл мен асқан білімдарлық Абайды ақындыққа бастар жолдың алғашқы алғышарттары еді. Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай ауыл-аймағының ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Абайдың әдеби ортасын сөз еткенде ақынға ықпал еткен аға ұрпақ ақындардың орны дара тұр. Абайдың ақындық табиғатына шама-шарқынша нәр құйған Дулат, Шөже, Жанақ, Сабырбай, Байкөкше сынды ақындардың сөз өрнегі, үлгі-өнегесі оған мол азық болды. Қазақтың өлең әлемінде алдына қара салмаған Абай ұлттық құндылықтарды жасаушы аға буын өкілдерін, солардың мол мұрасын барынша пайдаланып, ақындық жолында мәнді баспалдақ ете білді. Бойына сіңірген рухани нәрлерді өз домнасында қорытып, қазақтың әдебиеті мен мәдениетіне, философиясы мен өнеріне тың, жаңа қалыпта құйылған кесек дүниелерді ұсынды.
Абай ұсынған жаңалық атаулыға тәнті жас буын әдебиет өкілдері ақын маңына үйірілді. Абайдың зор ақындық құдіретімен қоса, ақындар мектебін қалыптастырған ұстаздық қарекеті айқындалды. Ұстаз – Абай мен шәкірт ақындар арасындағы поэзиялық байланыс көздерін сөз еткенде, ең алдымен Абайдың эстетикалық талғамының бір көрсеткіші болып табылатын ақындық өнер туралы толғаныстары, соның ішінде әсіресе, ақын шәкірттерге, олардың туындыларына қарата айтылған сындарына назар аударылды. Абай сыны – оның ақындық қиялының көрінісі емес, өмірлік ұстанымдары мен күнделікті қарекетінің жемісі. Шәкәрім, Көкбай, Әріп сынды шәкірттерінің шығармаларын сынға алғанда Абай тек шәкірттерін үйретуші, түзеуші деңгейінде ғана емес, қазақ өлеңіне биік меже қоюшы, өзінен кейінгі әдебиетке жаңа, классикалық поэзияның үлгісін ұсынушы, Ұстаз-ақын ретінде көрінді. Абайдың шәкірттерін сынауы, жеке бас мінездерін әшкерелеуі, өлеңдерін түзеп, қайта жазғызып, үлгі боларлық қып өзі шығарып көрсетуі сияқты құбылыстар – Абайдың ақындығымен қоса осы өнерге баулу, тәрбиелеу сияқты ұстаздық қарекетінің айқын көрінісі. Абай мен оның шәкірттері арасындағы поэзиялық байланыс, тек Абайдың біралуан өлеңдерінің шығуына түрткі болып қана қойған жоқ, ақын шәкірттердің ұстаз алдында ысылып, нағыз ақындық жолға түсуіне жол ашты.
Абай мектебі өкілдерінің айтыс жанрын игеруі қазақ әдебиетіне айтарлықтай жаңалық әкелді. Табан астында өлең құрап, суырыпсалама өнердің не бір түріне аса мән берген Абайдың өзі де айтысқа бей-жай қарамаған. Бізге жеткен Қуандық қызбен сөз қағысы Абайдың айтысқа тікелей қатысын байқатқандай. Табан астында сөз құрап, айтысқа түскен шәкірттерін Абай күнделікті сынап отырды десе де болғандай. Әсіресе, суырыпсалма өнердің майталмандары – Көкбай, Әріптер Абайдың баулуымен, айтыс өнерін шебер меңгерді. Ал, айтысты көркем шығармаға айналдыру – Абай айналасына кең тараған көркемдік тәсіл десек, Шәкәрімнің, Тұрағұлдың, Әубәкірдің жанрлық жағынан қыз бен жігіт, мысал айтыстарына жататын өлеңдермен қоса, Әріп Тәңірбергенұлының «Тәуке мен Ұрқия», Уәйіс Шондыбайұлының «Тәуке мен Жікібай» сияқты айтыс үлгісі бар көлемді поэмалардың жазылуы – айтыс жанрының мүлде өзгерген көркемдік түрін ұсынды. Сондай-ақ, Әріпке қатысты «Біржан – Сара», Әсетке байланысты «Әсет пен Ырысжан» айтысы сияқты туындыларда – айтыс өнерін жетік меңгерген ақындар ел аузында жұрнағы қалған айтыстарды көркем шығармаларына арқау етті.
Абай мектебіндегі тарихи шығармалардың бастауын Абайдың тарихқа қатысты еңбектерінен, ой-пікірлерінен іздеген жөн. Абайдың тапсырмасымен дүниеге келген Шәкәрімнің «Шежіресі», «Еңлік – Кебек» пен «Қалқаман –Мамыры», Көкбайдың Абылай туралы жырлары, Уәйістің «Жошы – Алаша ханы» ұстаз тапсырмасымен жазылып қана қоймай, Абайдың тарихи шығармаларымен байланысып, сабақтасып жатыр.
Абай көлемді тақырыптарды игертуде шығыстан келген нәзирагөйлік дәстүрдің соны үлгісін ұсынды. Басқаны қайталамайтын жаңаша идеялармен жазылған Абай поэмалары шәкірттер ізденісін тың жолға бастады. Бір тақырыпты бірнеше ақынның жарыса жырлауы Абай мектебіндегі шәкірттердің шабытын қамшылап, көркемдік биіктерге жетеледі. Сондай-ақ, Абайдың орыс пен батыстан алған жаңаша бір дәстүрін ең алдымен қасында жүрген шәкірттері қабылдап, дамытты. Оның көрінісі – Ақылбай, Мағауиялардың орыстың, батыстың үлгісінде жазған «байрондық поэмалар» табиғатына жақын романтикалық туындылары. Абай шәкірттері тарихи тақырып пен нәзиралық үлгіге барғанда Абайдың ұстанған идеялық позициясынан ауытқымайды. Ақындардың ұстанған мақсаты – адам бойындағы ізгілік пен зұлымдық, қатыгездік пен мейірбандық, махаббат пен ғадауаттың майдандасқан көріністері арқылы қоғамдағы әділетсіздікті әшкерелеу, сөйтіп соры қалың қазақтың көзін ашу сияқты хәкім Абайдың ұлы идеяларын жалғастыру.
Абайдың қазақ әдебиетіне әкелген кезекті бір жаңалығы – профессионалдық үлгідегі көркем аударма жанрын тудыруы десек, ол — аударма саласын қалыптастырып қана қоймай, бірден үлкен биікке көтере білген шебер аудармашы. Төл әдебиеттің ерекшеліктерін ескере отырып, орыстың ең таңдаулы туындыларын кереметтей шеберлікпен қазақша сөйлеткен ақынның құдіреті соңындағы шәкірттердің аңсарын өзіне аударып, бұл жанрдың сол ортада тез қанаттануына себепкер болды. Абай және оның айналасындағы аудама жанрының қалыптасып, келе-келе классикалық деңгейге жеткен туындылар Абай айналасында қалыптасып, қанат жайған қазақ әдебиетіндегі алғашқы аудармалар болуымен құнды.
Абай мектебіндегі ән, музыка өнерінің дамуы туралы айтқанда, алдымен музыкада Абайдың өзі жаңашыл болды. Ән өнері ақындықпен қатар жүріп, ақын сөзінің насихат күшіне қызмет еткендіктен, Абайдың ақын шәкірттерінің бәрі дерлік жақсы әнші бола білді. Абай мектебінің нағыз сегізқырлылық сипатын ескерсек, ақын әрі әнші және музыкалық аспаптарда шебер ойнаушы болған Абай маңындағы өнерпаз топ өз ортасындағы ән өнерінің жаңашылдық сипаттарын айқындай алды. Мұқа, Әлмағамбет, Мұхамеджан сынды әншілердің ақындық өнері аса байқалмағанмен, бұлар Абай әндерін насихаттаумен ерекшелене білді. Көкбай ақындық пен әншілікті қатар ұстаса, Ақылбай, Тұрағұлдар бірнеше аспапта ойнай білген шебер музыканттығымен көзге түсті. Ал, Уәйіс пен Әсет айтулы әнші ғана емес, дәстүрлі ән өнерінің дамуына өз үлестерін қосқан композиторлар еді. Абай шәкірттерінің ішінде қазақ ән өнерін өзіндік бір белеске шығарып, жаңа әуен, тың мазмұн әкеле алған ақын Шәкәрім болды. Осылайша әр қырынан дамып, қазақтың музыка өнерінде өзіндік із қалдыра алған Абайдың әншілік мектебі – кемеңгер ақын тұлғасын айқындай түсер тағы бір керемет көрсеткіш.
Қашанда басқалардан оқ бойы озық тұратын Абайдың шыққан тегіне, өскен ортасына, ақындық жолда өзіне рухани азық, жолсерік болған әдеби айналасына жете мән беруіміздің түпкі мақсаты – белгілі бір дәрежеде өз ортасынан, айналасынан рухани нәр алып жетілген, кейіннен кемерінен асып, қазақтың қара өлеңімен әлем әдебиетінің биігіне шыққан ақын Абаймен қатар айналасына көзі ашық, көкірегі ояу өнерлі жастарды жиып әдеби мектеп қалыптастырған ұстаз Абайдың кемеңгерлік болмысын тани түсу болып табылмақ.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Әуезов М. Шығармаларының елу томдық жинағы. Т.10. –Алматы: Ғылым, 2003. -456 б.
2 Қирабаев С. Абайтанудың кезекті міндеттері туралы. / Кітапта: Абай және қазіргі заман: Зерттеулер жинағы. –Алматы: Ғылым, 1994. -336 б.
3 Әуезов М. Абайтану дәрістерінің дерек көздері. –Алматы: Санат, 1997. – 448 б.
4 Мұхамедханов Ғ. Абайдың ақындық мектебі. Канд. диссерт. –Алматы, 1950.
5 Ахметов З. Абайтану және ғылыми зерттеу әдіс-тәсілдері. / Кітапта: Қазіргі абайтанудың өзекті мәселелері. –Алматы: Ғылым, 2002. -274 б.
6 Ысмағұлов Ж. Абай дәстүрі және оның ХХ ғасыр басындағы әдебиетте дамытылуы. / Кітапта: Қазақтың бас ақыны: Халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары. –Алматы: Дәуір, 2004. -120 б.
7 Букейханов А. Абай (Ибрагим) Кунанбаев. // Записки Семипалатинского Подотдела Западно-Сибирского отдела Императорского русского географического Общества, 1907, Вып. 3. С. 1-8., Қыр баласы. Түрк, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі. // Қазақ, -1913, -28 сәуір, -№12., Қалқаман-Мамыр (Шәкәрім). Сын. // Қазақ, -1915, -22 сәуір, -№121., Ғалихан. Кәкітай. // Қазақ, -1915, -18 ақпан, -№105.
8 Дулатұлы М. Абай. // Қазақ, -1914, -23 маусым, -№67.
9 Байтұрсынов А. Қазақтың бас ақыны. // Қазақ, -1913, -23 қараша, -№39; -30 қараша, -№40; -22 желтоқсан, -№43.
10 Ғаббасов С. Тарих қазақ жайынан. // Айқап, 1915, №9, Б.128-129.
11 Екеу. Абайдан соңғы ақындар. // Абай, 1918, №5. Б. 1-6.
12 Ысқақұлы Д. Сын талқы. –Алматы: Сөздік-Словарь, 2005. -416 б.
13 Сағди А. Абай. //Абай, 1993, №6. Б.4-14.
14 Жұбанов Қ. Абай – қазақ әдебиетінің классигі. / Кітапта: Абай тағылымы. –Алматы: Жазушы, 1986. -432 б.
15 Мұхамедханұлы Қ. Абайдың ақын шәкірттері. –Алматы: Дәуір, 1993, -224 б.
16 Мұхамедханов Қ. Абай мұрагерлері. –Алматы: Атамұра, 1995, 208 б.
17 Жиреншин Ә. Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ақыны және ойшысы. –Алматы: ҚМКӘБ, 1950. -222 б.
18 Кенжебаев Б. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ-жазушылары. –Алматы: Қазақстан, 1958. -308 б.
19 Жұмалиев Қ. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері және Абай поэзиясының тілі. –Алматы: ҚМКӘБ, 1960. -364 б.
20 Нұрқатов А. Абайдың ақындық дәстүрі. –Алматы: Жазушы, 1966. -345 б.
21 Бөжеев М. Абайдың ақындық айналасы. –Алматы: Жазушы, 1971. -112 б.
22 Сәтбаева Ш. Әдеби байланыстар. –Алматы: Жазушы, 1974. -216 б.
23 Қирабаев С. Халық ой-пікірінің тарихын мұқият зерттейік. // Қазақ әдебиеті,1961, 8 қыркүйек.
24 Мырзахметов М. Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. –Алматы: Ғылым, 1982, -296 б.
25 Сапаралы Б. Құнанбай қажы. –Алматы: Ер-Дәулет, 1995. -288 б.
26 Жұртбай Т. Құнанбай. –Алматы: Алаш, 2004. -400 б.
27 Әуезов М. Абайды білмек парыз ойлы жасқа. -Алматы: Санат, 1997. -416 б.
28 Кәкішев Т. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі ағымдар. / Кітапта: Әдебиеттану. –Алматы: Рауан, 1997. -216 б.
29 Мұқанов С. Абайдың шәкірттері туралы. // Абай, 1992, №4, Б. 57-70.
30 Смаилов Е. Кемеңгер Абай. // Әдебиет және искусство, 1940, №9, Б.3-9.
31 Жиренчин А. Абай и его русские друзья. –Алма-Ата: Казгосиздат, 1949. 127 с.
32 Жиреншин Ә. Абай және орыстың ұлы революцияшыл демократтары. –Алматы: ҚМКӘБ, 1959. -266 б.
33 Жанақ ақынның өлеңдері. / Кітапта: Тәбәрікұлы С. Жанақ ақын. -Алматы: Сөзстан, 1997. -161 б.
34 ХІХ ғасырдағы қазақ поэзиясы. –Алматы: Ғылым, 1985, -320 б.
35 Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Т.1. –Алматы: Ғылым, 1977. -454 б.
36 Абрамов Н. Каменная пирамида на могильный памятник Кузу Курпеч и Баян Сулу в Киргизской степи. // Тобольские Губернские Ведомости, -1859, -№40.
37 Өміралиев Қ. Қазақ поэзиясының жанры және стилі. –Алматы: Ғылым, 1983, -240 б.
38 Ахметов З. Елдіктің жыршысы, еркіндіктің жаршысы. // Қазақ әдебиеті, -2002, -19 шілде.
39 Сыздықова Р. Дулат Бабатайұлы. / Кітапта: Абай. Энциклопедия. –Алматы: Қазақ эциклопедиясы, 1995. -720 б.
40 Шапай Т. Шын жүрек-бір жүрек. –Алматы: Жазушы, 1999. -256 б.
41 Шәріп А. Қазақ поэзиясы және ұлттық идея. –Алматы: Білім, 2000. -336 б.
42 Омарұлы Б. Зар заман поэзиясы. Генезис, типология, поэтика. –Алматы: Білім, 2000. -368 б.
43 Бабатайұлы Д. Шығармалары. –Алматы: Раритет, 2003. -288 б.
44 Әуезов М. Абай Құнанбаев. –Алматы: Санат, 1995. -320 б.
45 Ахметов З. Адамның кейбір кездері. / Кітапта: Абай. Энциклопедия. –Алматы: Қазақ эциклопедиясы, 1995. -720 б.
46 Ахметов З. Елдіктің жыршысы, еркіндіктің жаршысы. // Қазақ әдебиеті, -2002, -19 шілде.
47 Мамраев Б. Основные тенденции развития казахской литературы первой четверти ХХ века. –Алматы: Ғылым, 1998. -268 с.
48 Елеукенов Ш. Абай мен Мағжан. / Кітапта: Абай және қазіргі заман. –Алматы: Ғылым, 1994. -336 б.
ДИССЕРТАЦИЯ ТАҚЫРЫБЫ БОЙЫНША ЖАРЫҚ КӨРГЕН ЕҢБЕКТЕР
Монография, жинақ және оқу құралдары:
1 Әріп ақын. –Алматы: Информ-Арна, 2001. -192 б.
2. Семей өңірінің ақын-жазушылары. (Арнаулы курс материалдары). –Семей: 2003. — 41 б.
3. Қазақ әдебиетінің тарихы. «ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы кезең» пәні бойынша бақылау-пысықтау тапсырмалары. (Оқу-әдістемелік нұсқау). –Семей, 2004. — 40 б.
4. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті (Оқу құралы). –Семей: Тенгри, 2006.
- 130 б.
5. Тәңірбергенұлы Ә. Шығармалары (Өлеңдер, айтыстар, қисса-дастандар). Құраст.: Б.А.Ердембеков. –Алматы: Информ-Арна, 2006, -520 б.
6. Ә.Тәңірбергенұлының әдеби мұрасы. (Оқу құралы). –Семей: Үш биік, 2007. -104 б.
7. Абайдың әдеби ортасы. –Алматы: Информ-Арна, 2008, -440 б.
Мақалалар:
1. Әріп Тәңірбергенов. / Кітапта: Қазақ әдебиеті. Энциклопедия. –Алматы: Білім, 1999. Б.128-129.
2. Әріп Тәңірбергенұлының айтыстары мен сөз қағыстары. // ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2001, №4, Б.20-31.
3. Әріп ақын мен Міржақып Дулатұлы. // ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2001, №5, Б.77-81.
4. Айтыс ақиқатын арши түссек (Біржан – Сара айтысы хақында). // Оқытушылардың ЖОО аралық ғылыми конференция материалдары. Семей, 2001, Б.134-141.
5. Бабадан қалған бағалы сөзді іздейік. // Семей таңы, 2001, 27 сәуір.
6. Әріп ақынның арнау өлеңдері. // «ХХІ ғасырдың әлеуметтік-экономикалық және мәдениет кеңістігіндегі қазіргі ғылым» халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. Семей, 2002, Б.224-231.
7. Әріптің «Зияда – Шаһмұрат» және «Баһрам» дастаны. // Абай, 2002, №1, Б.67-72.
8. Абайдың ақындық мектебі және және Шәкәрім. //«Шәкәрім дәрістері». ІІІ Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. Семей, 2002, Б.77-79.
9. Ертіс бойы ақындарының айтыс мәдениеті (Иса, Нұрлыбек, Сапарғали,
Тәңірберген, Қалиқан). // Көкейкесті әдебиеттану. Қазіргі айтыс: Дәстүрі, келешегі. 3-кітап. –Астана, 2003, Б.177-187.
10. «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың ақын шәкірттері бейнесі. // Әуезов дәрістері. «Әуезовтің рухани және ғылыми мұрасы әлемдік мәдениет кеңістігінде». Республикалық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Семей, 2003, Б.45-49.
11. Әріп Тәңірбергенов. / Кітапта: Ақтайлақ би. Алматы: Елорда, 2003. -208 б. Б.122-124.
12. Абайдың ақын шәкірттері Б.Кенжебаев зерттеуінде. // «Б.К.Кенжебаевтың әдеби-ғылыми мұрасы және білім берудің өзекті мәселелері». Б.К.Кенжебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Семей, 2004, Б.21-24.
13. М.О.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы образ жасау шеберлігі. // Әуезов оқулары: «Әуезовтің рухани және ғылыми мұрасы әлемдік мәдениет кеңістігінде». Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. Семей, 2004, Б.20-26.
14. «Бұл өлең шыққан екен бірталайдан». // Мәдени мұра қазіргі ғылым контексінде» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. –Семей, 2005, Б.89-113.
15. Абай мектебі және Шәкәрім. // Әуезов оқулары: «М.О.Әуезов және ХХІ ғасырдағы білім беру кеңістігі». Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. –Семей, 2005, Б.45-50.
16. Абай және ақындық мектеп мәселесі. // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2005, №12, Б.49-59.
17. Абайдың ақындық мектебі және Бейсенбай Кенжебаев. //Көкейкесті әдебиеттану. 5-кітап. Профессор Б.Кенжебаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетінің тарихы: методология және теория» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. –Астана, 2005, Б.135-138.
18. Абай және Шәкәрім. // «Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын зерттеудің өзекті мәселелері». Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. Семей, 2006, Б.115-118.
19. Шәкәрім – Абайдың ақындық мектебінің көрнекті шәкірті. // ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2006, №1, Б.58-60.
20. Дулат Бабатайұлы және Әріп ақын арасындағы поэзия тамырластығы. // ҚР ҰҒА хабарлары. Тіл, әдебиет сериясы, 2006, №4, Б.15-17.
21. Ат шығарудың жолы жер өртеу емес (Абайды Абай еткен Құнанбайдың байлығы ма?). // Қазақ әдебиеті, 2006, 6-12 қазан.
22. Әріп Тәңірбергенұлы өмірінің беймәлім беттері. // Шәкәрім, 2006, №2(02), Б.37-42.
23. «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың ақын шәкірттері. // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2006, №6, Б.57-62.
24. Ақын туралы сөз. // Әуезов оқулары: «М.О.Әуезов шығармашылығы және мәдени мұра мәселелері». Республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. Семей, 2006, Б.31-34.
25. Әріп Тәңірбергенұлы және жиырма бірінші ғасыр. // М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің хапбаршысы, 2006, №1, Б.17-24.
26. Пушкин және Абайдың ақындық айналасы. // М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің хабаршысы, 2006, №2, Б.6-10.
27. Ақынымызды ардақтай білейік. // Қазақ әдебиеті,2006, 9 маусым.
28. Абайдың ақындық мектебі және Нарманбет Орманбетұлы. // М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің хабаршысы, 2006, №2, Б.18-20.
29.Әріп Тәңірбергенұлы. / Кітапта: Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 5-том. Алматы: ҚАЗақпарат, 2006. -555 б.,Б. 440-463.
30. Қ.Мұхамедханұлы және Абайдың ақындық мектебі. // Қазақстан мектебі, 2006, №7-8, Б.3-4., №9, Б.73-76.
31. Әріп ақын өмірінің беймәлім беттері. // Жұлдыз, 2006, №6, Б.166-172.
32. Ақынға құрмет – ұрпаққа тағзым. //Дидар, 2006, 24 маусым.
33. Бір өлеңі турасында. // Абай, 2006, №2, Б.67-71.
34. Абайдың ізін басқан данышпаным. // СМПИ «Әлемдік білім кеңістігіне ену жағдайында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың көкейкесті мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. 1-том. Семей, 2006, Б.121-123.
35. Әріп Тәңірбергенұлы. // Қазақстан мектебі, 2006, №11, Б.4-5.
36. Зере әже және Абай. // М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің хабаршысы, 2007, №1(3), Б.8-10.
37. Абай, Сабырбай ақын, Қуандық қыз. // ХХІ ғасыр және Шәкәрімнің рухани мұрасы» республикалық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. Семей, 2007, Б.353-358.
38. Абай мен Әсет ақын. // Семей таңы, 2007, 11 қазан.
39. Абай төңірегіндегі ақындар. // Қазіргі әдебиеттану мен фольклористиканың теориялық және методологиялық мәселелері: Екінші Халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. –Алматы: Қазақ университеті, 2007, Б.238-243.
40. Ұлжан ана және Абай. // Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының құрылғанына 40 жыл толуына арналған «Жас ғалым – 2007» атты ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның 12 томдық еңбектері. 7-том. –Тараз, 2007, Б.280-283.
41. Байкөкше ақын. // Абай, 2007, №2, Б.82-86.
42. Абай және Халиолла. // М.О.Әуезов атындағы Семей университетінің хабаршысы, 2007, №2(4), Б.9-12.
43. Абай және Біржан сал. // Ұлт тағылымы, 2007, №2(2), Б.273-276.
44. Абайдың ақындық ортасы: Дулат және Абай. // Ізденіс, 2007, №3(1), Б.123-127.
45. Құнанбай айналасы және Абай. // Қаз ҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, 2007, №4, Б.19-23.
46. Пушкин – Абай — Әсет. // Қазақ тілі мен әдебиеті, 2007, №7, Б.55-65.
47. К вопросу о литературном окружении и круге чтения Абая. // Материалы международной научно-практической конференции «Воспитание читателя: теоретический и методический аспекты». Барнаул. 14-16 марта 2007г. –Барнаул: БГПУ, 2007. –Часть 1. -322 с. С.259-267.
48. Тәуке батыр туралы туындылар. // ПМУ Хабаршысы. Филология сериясы, 2007, №3, Б.114-121.
49. Абай мектебі. // Жалын, 2007, №10, Б. 73-77.
50. Абай мектебінің кейінгі жылдарда зерттелуі. // Ұлт тағылымы, 2007, 4(1), Б. 308-314.
51. Абай мектебінің «қаралы кезеңі» және Әуезов пен Қ.Мұхамедханұлының жанкештілігі. // Евразия орталығы, 2007, №3, Б.114-120.
52. Абай мен Шәкәрім – рухани туыстық. // Шәкәрімтану мәселелері. Т. 4. –Алматы: Раритет, 2007. -304 б. Б. 110-119.
53. Абай и Дулат (к проблеме поэтического окружения Абая). // Современный научный вестник. Серия: Педагогика, психология, филология. –Белгород, 2007, №16(24), С.85-90.
54. Айтыстың көркем шығармадағы сипаты. // «Әуезов шығармашылығы және мәдениеттер диалогы» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары. Т.1. Семей, 2007, Б.44-47.
55. Абайдың әдеби ортасы тақырыбының зерттелу аясы. // Шәкәрім әлемі, 2007, №3, Б.83-89.
56. Құнанбай, Абай және Жанақ ақын. // «Мүсілім Базарбаев және қазіргі әдебиеттану мен өнертану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдары, зерттеулер, мақалалар. –Алматы: Unigue Service, 2007. -410 б. Б.77-82.
57. Абай арнауларының тарихи тамыры. // Ізденіс, 2008, №1(1), Б.100-114.
58. Kunanbay Hacı Hakkında Bir Söz. // Yüce Erek, Türk Dünyası Fikir-Kültür-Arastırma Dergisi, Ankara/TÜRKİYE, 2008, №45, (ISSN: 1302-3691) ss.55-57.
59. «Абайдан сабақ алдым бала жастан». // Абай, 2008, №1, Б. 60-69.
60. Роль Дулат Бабатайұлы в формировании поэтического сознания Абая. // Голоса Сибири: литературный альманах. –Выпуск 7. –Кемерово: Кузбассвузиздат, 2008. -1168 с. С.903-910.
61. «Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша» (Абай мен Көкбай ақын). // Ізденіс, 2008, №1(2), Б.78-83.
62. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін». // Ұлт тағылымы, 2008, №1, Б.307-312.
63. Абайдың ақындық ортасы: Сабырбай ақын, Қуандық қыз. // Шұғыла (ҚХР, Үрімжі), 2008, №5, Б.88-91.
64. «Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң, сонда анық білерсің кімдігімді» (Шәкәрім). // Семей таңы, 2008, 20 наурыз.
65. «Мен боламын демеңдер…». // Ұлт тағылымы, 2008, №1(1), Б.290-297.
66. Абайдың әдеби ортасы тақырыбының төңкерістен кейінгі зерттелуі (1918-1950 жылдар аралығы). // Қаз ҰУ Хабаршысы. Филология сериясы, 2008, №1, Б.31-36.
Жарияланған еңбектер туралы пікірлер
- Редакциядан. Жаңа ғасыр туындысы. // Үш анық, 1999, желтоқсан.
- Әубәкір Ж. Әріп ақынды әйгілеген әріптес. // Семей таңы, 2000, 30 маусым.
- Әпеева Г. Ақын мұрасын жаңаша пайымдау. // Семей таңы, 2001, 19 қазан.
- Болатұлы Т. Әріп мұрасы хақында. // Семей таңы, 2006, 12 қазан.
- Қабышев Т. Ақын мұрасы және ХХІ ғасыр. // Өркен, 2006, 10 қазан.
- Ғали-Арыстан А. Құнды оқу құралы. // Ертіс өңірі, 2007, 17 қазан.
- Қабышев Т. Абайды тануға қосылған үлес. // Ертіс өңірі, 2008, 21 мамыр.
- Әубәкір Ж. Абай ақындығы – зерттеу өзегі. // Семей таңы, 2008, 22 мамыр.
Р ЕЗ Ю М Е
автореферата диссертации на соискание ученой степени
доктора филологических наук по специальности
10.01.02 – Казахская литература
Ердембеков Бауыржан
Литературная среда и поэтическая школа Абая
Диссертация посвящена малоисследованным проблемам современного абаеведения – изучению особенностей литературной среды и окружения Абая, а также вопросам становления и формирования поэтической школы поэта. В работе впервые на широком историко-литературном фоне подвергаются анализу ранее не изученные произведения учеников поэта, выявляется место их творчества в казахской литературе, рассматриваются специфические черты художественной индивидуальности.
Актуальность диссертационного исследования обусловлена всевозрастающим усилением интереса к проблеме «Литературная среда, окружение и поэтическая школа Абая», которая в советское время, как известно, искусственно замалчивалась доминировавшей идеологией.
Долгое время в литературоведении господствовало мнение о том, что Абай, будучи сыном крупного феодала и окруженный отставшими от современных установок поэтами – жырау, не мог стать главой литературной школы. Более того, спорным длительное время был и вопрос о том, кого называть учениками поэта, ведь рядом с теми, кто пытался учиться у Абая поэтическому искусству, находились певцы, музыканты, сказители, просто талантливая молодежь. Повсеместная социологизация тех лет способствовала тому, что многих, кто находился в окружении Абая, объявили «врагами народа» и подвергли репрессиям, и поэтому заявленная проблема долгие годы считалась закрытой. Исследование данного вопроса в силу этого и представляется актуальным.
Целью диссертационной работы является обозначение места поэтической школы Абая в казахском литературоведении, определение роли предшествующей литературы в становлении и формировании поэтического почерка Абая, выявление особенностей творческого наследия поэтов, окружавших степного художника.
Задачи исследования
- определение роли предшествующих поэтов в развитии поэтической системы Абая, влияние их творчества на художественное сознание поэта;
- идейно-тематический анализ произведений как предшественников, так и учеников Абая;
- выявление художественных особенностей творческого наследия поэтов-учеников Абая; в частности, в разработке таких литературных жанров, как айтыс, нәзира и формирование переводческой традиции;
- установление круга имен последователей поэтических традиций Абая;
- раскрытие роли Абая в творческом воспитании современной ему талантливой молодежи.
Научная новизна исследования
Впервые в отечественном литературоведении:
- исследована проблема литературной среды и поэтической школы Абая;
- выявлены истоки художественного сознания поэта;
- определены наиболее перспективные пути и подходы для дальнейшего углубленного изучения произведений предшественников (Дулата, Шортанбая, Жанака, Шоже) и последователей Абая, с которыми поэта связывали не только литературные, но и духовные нити.
- сравнительно-сопоставительный анализ произведений поэтов-учеников Абая (Шакарима, Кокбая, Арипа, Асета, Уаиса, Акылбая, Магавьи, Турагула) позволил автору диссертации обозначить проблемы традиции и новаторства, художественной преемственности, а творчество литературного окружения поэта рассмотрено в аспекте не только тематического, но и художественного единства.
- определены пути к изучению теоретических и эстетических проблем перевода, дан аналитический обзор творческой деятельности не только поэтов, но и певцов, сказителей, музыкантов, композиторов, мастеров по изготовлению музыкальных инструментов, находившихся в постоянном окружении Абая.
Положения, выносимые на защиту:
- исследование творчества поэтов-предшественников Абая и его учеников является исключительно важным источником накопления, осмысления и углубление знаний по истории казахской литературы;
- изучение проблемы «Литературная школа Абая», впервые выдвинутой М.О. Ауэзовым и исследованным К.Мухамедхановым как особенно значимой в отечественном литературоведении, носит концептуальный характер и требует всестороннего дальнейшего исследования;
- анализ духовных истоков Абая в лице заметных представителей его рода, окружавших поэта биев — ораторов, мастеров красноречия, позволил выявить особенности его художественного мастерства, индивидуальные черты поэтического стиля;
- рассмотрение критических оценок Абаем произведений его учеников раскрыло поэта как вдумчивого, чуткого к слову и одновременно строгого художника, имеющего свои, устойчивые художественно-эстетические принципы и требования;
- скрупулезное исследование поэтического наследия учеников Абая позволило увидеть наметившиеся тенденции к обновлению художественных форм уже известных и широко популярных в народе образцов айтыса и произведений, созданных в жанре «нәзира»;
- рассмотрение проблемы «литературная среда и поэтическая школа Абая» выявило большое значение группы певцов, куйши, композиторов, сказителей, представителей других видов искусства, находившихся в окружении Абая и сыгравших решающую роль в дальнейшем развитии духовности и культуры казахского народа.
Структура работы.
Диссертация состоит из введения, четырех разделов, заключения и списка используемых источников.
Первый раздел «Абаеведение и проблемы литературного окружения» состоит из двух подразделов. В первом подразделе «К исследованию темы» излагается история вопроса, обозначена новизна рассматриваемой проблемы, намечены дальнейшие направления в ее изучении. Во втором подразделе «Научные положения и концептуальные проблемы школы Абая» дано теоретическое обоснование понятия «школа Абая», акцентировано внимание на актуальных направлениях художественных поисков поэтов-учеников Абая.
Второй раздел «Духовное влияние литературного окружения на поэта» также состоит из двух подразделов. В первом подразделе «К вопросу о роли семьи в становлении поэта» особое внимание уделено личностям отца поэта – Кунанбая, матери Улжан, бабушки Зере и других, способствовавших росту поэтического дарования Абая. Во втором подразделе «Влияние поэтического окружения Абая» автор диссертации рассматривает проблему творческого воздействия художественного дарования таких поэтов — жырау и мастеров импровизаторского искусства как Дулат, Сабырбай, Куандык, Жанак, Шоже, Байкокше на поэтическую систему Абая.
Третий раздел «Поэтическая школа Абая: истоки духовности» состоит из двух подразделов. В первом подразделе «Поэтическое искусство и критика» дан анализ деятельности Абая как критика произведений его последователей, а также разрешается проблема природы и принципов критики. Во втором подразделе «Образ Абая в поэзии» рассмотрены стихотворения Ш. Кудайбердиева, К. Жанатаева, А. Танибергенова, А. Найманбаева, Б. Айткожина, У. Шондыбаева и других, воссоздавших в своих произведениях облик Учителя.
Четвертый раздел «Литературные традиции и идейно-тематические поиски школы Абая» состоит из четырех подразделов. В подразделе «Особенности развития жанра айтыс в литературной школе Абая» поднята проблема сохранения этого специфического жанра в казахской литературе. В подразделе «Образцы жанра «нәзира» и историческая тематика» рассмотрены проблемы развития жанра «нәзира» и вопросы вольного переложения уже известных сюжетов. В подразделе «Традиции перевода и литературное окружение Абая» раскрыта роль переводческой деятельности поэта и ее влияние на творчество его учеников. В подразделе «Абай как создатель центра искусств» дан анализ деятельности певцов, композиторов, музыкантов, сказителей, импровизаторов и представителей других видов искусства в дальнейшем развитии культуры того времени.
В заключении изложены основные результаты исследования, формулируются выводы, наблюдения, констатируются научные результаты по исследуемой проблеме.
Степень внедрения. Основное содержание диссертации и результаты работы отражены в 19 публикациях, которые были опубликованы в изданиях, рекомендованных Комитетом по контролю в сфере образования и науки РК, в 19 докладах на международных и республиканских конференциях.
Resume
Of the synopsis of thesis of the dissertation for competition for a doctor’s Philology degree on speciality 10. 01. 02 – Kazakh literature.
The dissertation is devoted to a scantily explored problems of modern Abai study course – the study of peculiarities of literary surroundings and entcirclement of Abai, and the questions of formation of this poetic school. In the dissertation, for the first time, formely not-studied works of Abai’s disciples have been analyzed against a wide historico-literary background; the place of their creative work in Kazakh literature has been shown up, the specific features of artistic individuality have been considered.
The urgency of the dissertation research is caused by growing interest to the problem “Literary surroundings, encirclement and poeticschool ofAbai” which was artificallu neglected by the ideologu in soviet times.
For a long tome there dominated the opinion in the history of literature that Abai, being a son of a large feudal and surrounded by poets – zhirau, who fell behind modern directions, couldn’t become the head of the literary school. Moreover it had been questionable for a long time who could be called a disciple of the poet, because among those who tried to learn poetic art from Abai, there were singers, musicians, folk-tale narrators and just talented youth. Because of universal sociologization of these years many people in Abai’s surroundings were announced as “enemies of people” and subjected to repressions. So the investigation of the given problem is rather urgent.
The aim of the dissertation is to designate the place of the Abai poetic school in Kazakh history of literature, to determine the role of preceding literature in formation of poetic individuality of Abai, to reveal peculiarities of creative heritage of poets who surrounded the steppe artist.
The problems of research:
- to define the role of former poets in the development of poetic system of Abai, the influence of their work on artistic consciousness of the poet.
- To make an idea – thematic analysis of works both of Abai’s predecessors and followers
- To reveal artistic peculiarities of creative heritage of poets – Abai’s disciples; particularly in development of such literary genres as aitys, nazira, formation of translator tradition
- To establish the names of followers of Abai’s poetic traditions
- To show the role of Abai in up-brining of talented youth – his contemporaries.
Scientific novelty of the research:
For the first time in home history of literature
- The problem of literary surroundings and poeticschoolofAbaiis being investigated.
- The sources of artistic consciousness of the poet have been shown
- More perspective ways and approaches for further profound study of works of Abai’s predecessors and followers with whom he was connected by literary and spiritual ties have been determined’
- The comparative analysis of works of Abai’s disciples allowed the author of the dissertation to determine problems of tradition and innovation, literary succession.
The creative work of the literary surroundings of the poet has been considered in the aspect of thematic and artistic unity.
- The ways of study theoretical and alsthetic problems of translation have been determined, the creative activity not only of poets, but also of singers, narrators, musicians, composers, masters in making musical instruments who were Abai’s constant surroundings have been analyzed.
Theses to defend:
- investigation of creative activity of poets – predecessors of Abai and his disciples is an important source of accumulation, understanding and extention of one’s knowledge in the history of Kazakh literature.
- Investigation of the problem “The literaryschoolofAbai” advanced by M.O. Auezov as one, being of special importance in home histiry of literature, has a conceptual character and demands further investigation.
- The analysis of spiritual sources at Abai, represented by famous members of his kin, orators, masters of speech made it possible to show the peculiarities of his artistic mastership, individual features of his poetic skills.
- The consideration of Abai’s critical estimation his followers works has been revealed the poet as a thoughtful delicate to the word artist, who is at the same time has his own stable aesthetic principles and demands.
- Scrupulous investigation of poetic heritage of Abai’s followers to renovation of artistic forms of of well-known and popular with people examples of aityses and works written in the genre of “nazira”
- Consideration of the problem “Literary surroundings and poetic school of Abai” showed up a great importance of singers, kuyshy, composers, story-tellers and representatives of other arts who were with Abai and contributed greatly in the further development of spiritual and cultural life of Kazakh nation.
The structure of the job:
The dissertation consist of introduction, for sections, conclusion and a list of used sources.
The first section “Abai’s course study and problems of a literary environment” consist of two subdivisions “To research of the theme” the history of the question is stated, the novelty of the considered problem is designated, the further direction in its study have been planned. In the second section “Scientific point and conceptual problems of Abai’s school” the theoretical substantiation of the concept “school of Abai” has been given, attention on urgent directions of art searches of the poets – disciplies of Abai has been accentuated.
The second section “Spiritual influence of the literary environment on the poet” also consist of two sections.
In the first subsection “To the question of the role of the family in formation of the poet” a special attention is given to the personalities of the father of the poet – Kunanbai, his mother Ulzhan, grandmother Zere and others, who promoted to the growth of poetic talent of Abai. In the second subsection “The influence of poetic environment of Abai” the author of the dissertation considers the problem of creative influence of such poets – zhirau and masters of improvised art as Dulat, Sabirbai, Kuandik, Zhanak, Shozhe, Baikokshe on poetic system of Abai.
The third section “Poetic school of Abai: the sources of spirit” consists of two subsections. In the first subsection “Poetic art and criticism” the analysis of Abai’s activity as a literary critic of works of his followers is given. The problem of a nature and principles of criticism is also solved there.
In the second subsection “The image of Abai in poetry” the poems of Sh. Kudaibergenov, K. Zhanataev, A. Tanibergenov, A. Naimanbaev, Aitkhozhin, Y. Shondibaev and others, who recreated the image of the Teacher in their works have been considered.
The fourth section “Literary traditions and ideological thematic searches of school of Abai” consists of four subsection. In the subsection “The peculiarities of development of the genre aitys in literary school of Abai” the problem of preservation of this specific genre in the Kazakh literature has been raised. In the subsection “Samples of the genre “nazira” and historical subject” the problems of development of the genre “nazira” and questions of free versification of known plots have been considered.
In the subsection “Tradition of translation and literary environment of Abai” the role of translational activity of the poet and its influence on the creativity of his disciples has been disclosed.
In the subsection “Abai as the founder of the centre of arts” the analysis of activity of singers, composers, musicians, folk – tale narrators and representatives of other kinds of art in the further development of culture of that time has been given.
In the conclusion basic results of the research have been given, observations have been formulated, the scientific results on the researched problem have been stated.
The degree of embedment
The main content of the dissertation and its results are reflected in 19 publications published in the editions recommended by the Inspection Committee in the sphere of education and science of therepublicofKazakhstan, in 19 reports at the international and republic conferences.