СЫҒАНАҚ


Скачать/Жүктеу

Болса тәңірім екінші өмір қиғандай,

Сығанақта көз жұмар ем қиналмай

Ғисамедин әл-Сығанақи

Қазақстан тарихында жарқын із қалдырған бабаларымыздың елдігі мен ерлігіне тірек болған – Сығанақ қаласы. Ортағасырлық мұсылман деректерінде, әсіресе моңғол шапқыншылығына, Әмір Темір мен оның ұрпақтарына қатысты деректерде қаланың мәртебесі мен салиқалы келбеті жайлы көп мәліметтер сақталған. Алғашқы мұсылман деректерінде қала «Даруль – Куфр» (дінсіздердің қаласы) аталып келді. Кезінде қыпшақ бірлестігінің астанасы болған, гүлденген қалада Сығанақтың диірменінде тартылған ұн әлемнің шартарабына таралған. Ұлы Жібек жолының бойындағы аса ірі сауда мен мәдениет орталығына айналған қаланы моңғолдар аяусыз талқандаған. 1220 жылы көрсеткен қарсылығы үшін қанау мен тонауға ұшыраған қаланың жайын XIII ғасыр тарихшысы Жуайни тәпкіштеп жазған. Ол «Жошы Хасан қожаны Сығанақ тұрғындарын берілуге үгiттey үшін жіберген еді, бірақ халық оны өлтіріп, карсылық көрсетеді. Тек шабуылдың жетінші күні ғана Сығанақ жеңіліске ұшырап, қала халқын моңғолдар түгелімен кырып тастаған» деп жазады. Моңғол ойранынан кейін Сырдария бойындағы қалалардың өмipі бipaзғa дейін тоқтап, олардың кeйбipi сол қираған күйінде қайта бас көтермей қала берді. Сол бір сұрапыл оқиғалардан жиырма жыл өткен соң Сырдария алқабымен өткен Плано Карпини күнделігіне: «Біз қираған сансыз көп қалаларды, кұлаған бекіністерді және қаңырап қалған көп елді мекендерді көрдік» деп жазыпты. Бірақ көп ұзамай Сығанақ қайта жаңғырып, өзінің бұрынғы сәулетті күндеріне қайта оралды.

XIV ғасырдың екінші жартысында қала Ақ Орда астанасы болады. Сығанақта Жошы ханның ұрпақтары Ерден хан, оның ұлы Мүбәрак қожа, Орыс хандар билік жүргізген шақта тенге соғу ісі жолға қойылып, хан сарайы секілді күрделі құрылыстар салынған. Қазақтың қарулы қолы «Алаш мыңдығы» осы шаһарда жасақталды. Осы тұста Орыс хан басқарған ел тарихи әдебиеттерде алаш елі аталып жүр. Ш.Уәлиханов, А.И. Левшин секілді ғалымдар Орыс ханды «Алаш хан» атағаны тегін болмаса керек.

Сығанақтың гүлденген шағын өз көзімен көрген Шайбани ханның жылнамашысы Фазлах ибн-Рузбихан «шаһарда күн сайын бес жүз түйенің еті қуырылып, кешке қарай одан түйір де қалмайды. … Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы ешкi, жабайы қой және басқа да жануарлар өpiп жүpeдi. Қала тұрғындары оларды жаз мезгілінде аулап, қысқа азық даярлайды. Құc eтi бұл арада өте арзан» деп жазған болатын. Аса ірі сауда шаһарына айналған Сығанақта күніне 500 түйеге артылған тауарлар сатылатын. Солардың арасында көшпелілер алып келетін ең жақсы садақтар мен жебелер үлкен сұранысқа ие болған. Сығанақ секілді шұрайлы шаһар үшін шайқастар Тоқтамыс пен Орыс ханның, Әбілқайыр хан мен қалмақ Енге төренің, кейіннен Қазақ хандары мен Шайбани ұрпақтарының арасында болды. Осының бәрі шаһардың аса маңызды аймақтан орын теуіп, көптеген хандар мен айтулы ақсүйектер жерленген қасиетті орынға айналғандығынан болса керек. Шаһардың маңы жүгірген аң мен ұшқан құсқа бай ну тоғай болғаны жайлы тарихшы Рузбихан   «Сығанақтың айналасы көкорай дала, тоғай болып келеді. Осы арада жабайы қой мен ешкі және басқа да аңдар көп жүреді. Жаз мезгілінде шаһарлықтар оларды аулап, қысқа азық даярлайды. Құс еті бұл арада өте арзан», – деп жазады. Талай-талай қиын-қыстау заманды басынан кешіріп, қаншама тарихи маңызды оқиғалар орталығы болған шаһардың қираған орны бұл күнде Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында, Сырдария өзеніне жақын маңдағы Сұнақ ата қойнауында жатыр.

Шаһардың орнында болған көк күмбезді керемет кесененің қирандысын ХХ ғасыр басында ғалымдар зерттеп, сызба суретін салған болатын. Көп ұзамай кесене құлап, төбеге айналған. Сығанақты зерттеуге қатысқан ғалымдар осы кесене Әбілхайыр ханға арнап салынған деп жүр.

Д.Талеев



Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы