САРАЙШЫҚ


Скачать/Жүктеу

Еуропа мен Азияны қақ бөліп жатқан Жайық өзенінің оң жағалауында орналасқан Сарайшық (Сарайжук,Сарайчук) шаһарының іргесі Алтынорда тұсында қаланған болатын. Оны Шыңғыс ханның немересі, Жошының баласы Бату хан салдырғаны туралы Әбілғазы хан шежіресінде жазылған.

Еуропадан шығып, Еділдегі Алтынорданың астанасы Бату Сарайы арқылы Хорезмге, одан әрі Қытай, Үндістанға баратын трансконтинентальды керуен жолы Сарайшықты басып өтетін. Сол жолдың бағыты жайлы бізге көптеген көпестер мен саяхатшылар қалдырған деректер жетті. Хамдаллах Казуинидің 1339 жылдар шамасында жазған «Сапарнамасында» осы жол бойындағы елді мекендер ара қашықтықтарымен қоса көрсетілген.

ХІІІ ғасырдың орта тұсында Еділдің бойынан астана тұрғызған Алтынорданың аяқ алысынан сескенген батыс елдері достасу, дипломатиялық байланыс жасау мақсатымен елшілерін бірінен соң бірін жіберіп жатты. Елшіліктерге жүктелген жасырын тапсырмалар болған. Солардың қатарында Алтынорданың әскери күшін барлау секілді жансыздық, Алтынорда халқын христиан дініне кіруге үгіттеу секілді миссионерлік мақсаттарын айтуға болады. Батыстың жіберген елшілері В.Рубрук пен П.Карпиниге жүктелген басты тапсырмалар да осындай сипатта болған. Сарай Батудан шешуші жауап ала алмаған елшілер Қарақорымға (Мөңке ханға) бара жатқан жолда осы Сарайшық арқылы өткен. Өз бабамыз Бейбарыс Мысырға сұлтан болмай тұрған кезде мұсылман елдерінің атынан Алтынордаға елшілікпен келіп кеткен. Сол байланыстардың әсері болуы керек, алдымен Берке хан бауыры Тоғай екеуі мұсылмандықты осы шаһарда қабылдаған. Өзбек ханның исламды    мемлекеттік дін ретінде қабылдау салтанаты дәл осы Сарайшықта жүзеге асты. Алтынорда дәуірінде Сарайшықта теңге соғылғаны жайлы да мәліметтер бар. 1996-2000 жылдары арасында Сарайшықта жүргізілген қазба кезінде бетіне арабшалап «Сарайшық» жазылған мыс теңгелер табылды.

ХІV ғасырда Сарай Берке арқылы Орта Азияға өткен арабтан шыққан саяхатшы Ибн Батута: «Ұлысу (Жайық) деп аталатын өзеннің жағасындағы Сарайшық шаһарына тоқтадық. Шаһарда саяхатшылар мен қажылықтан қайтқан мұсылмандарға тегін тамақ пен жатар жай беретін орын бар екен. Ол завия аталады. Завияның иесі қарт ата бізді тамақтандырып, ақ батасын берді. Біз шаһарда болдырған аттарымызды сатып орнына түйелер алдық. Өзеннен Бағдаттағыдай қайықтардан құрастырып салынған керемет көпір арқылы өттік», деп таңдана да тамсана суреттеп жазған. Сарайшық туралы деректердің мәліметтерін топтастыру – «шаһар сол кезде Алтынорда  мемлекетінің рухани орталығы болған ау?» деген ойға әкеледі. Олай дейтініміз, Жәнібек, Бердібек секілді Жошы ұрпақтарын ақ киізге көтеріп, Алтынорда тағына отырғызу салтанаты осы шаһарда өткен.

Сарайшықта Алтынорданың бірнеше хандары және басқа да тарихи тұлғалар жерленген. Солардың арасында Мөңке-Teмip, Тоқтай, Жәнібек,  Бердібек хандар бар.  Шаһар бірсыпыра уақыт арасында Қазақ хандығының батыстағы астанасы міндетін де атқарған. Өмірінің соңында Сарайшықта тұрған қазақтың әйгілі ханы Қасым да осы шаһарда жерленген деп айтылады. Кейіннен Ноғай ордасының орталығы болған шаһар Еділ бойындағы орыс казактарының 1580 жылғы ойранынан қирады. Қаланың қаңырап бос қалған бөлігі ХVІ ғасырдан бастап өлілер мекені, мазарға айналды. Сарайшықтың қираған орны Атырау қаласынан солтүстікке қарай 50 шақырым жерде, Жайық өзенінің оң жағалауында. Ол жерде Сарайшық аталатын кішкене ауыл осы күнге дейін бар. Сол ауылда И.Н. Тасмағанбетов  1999 жылы мешіт пен музей салдырған. Музейдің алдына Сарайшықта жерленген хандарға арнап тамаша ескерткіш тұрғызылды. Музейге қаланың орнында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық жәдігерлер қойылған. Бұл күнде қаланың басым бөлігін өзен суы жуып кеткен. 1996 жылдан бері Сарайшық қаласының орнында жүргізіліп келе жатқан археологиялық қорғау қазбалары  нәтижесінде  Қазақстан тарихының Алтынорда дәуіріндегі келбетін көрсететін бай материалдар жинақталды.

Д.Талеев


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы