Скачать/Жүктеу
Ұлы Жібек жолының Шаш (Ташкент) пен Таразды байланыстырған бөлігіндегі сауда мен қолөнерінің, кейіннен түрік халықтарының рухани орталығы болған шаһар. Көпшілік ғалымдардың пайымдауынша Сайрамның бастапқы аты Испиджаб болған. Түріктен шыққан ғұлама бабамыз М. Қашқари өзінің «Түрік тілдерінің сөздігі» атты еңбегіндегі Сайрам – Исбижаб аталатын Байза шаһарының қосымша аты деп жазған. Мұсылман аңызы бойынша Сайрамды Ыдырыс пайғамбар салдырған. Ол кезде шаһар Сарйам аталса керек. «Мұхаммед пайғамбар аспанға алғаш көтерілген түні аспаннан төгілген жарық нұр (сәуле) жердегі бір мекенге тік түсіп тұрса керек. Сонда пайғамбар Жәбірейілден:
– Мына нұр қайда түсіп тұр? – деп сұрапты, сонда Жәбірейіл
– Мырза, бұл сәулелер Мадинат әл-Байдаға түсіп тұр, – деген екен. Сонда пайғамбар:
– Бұл алланың нұры жауған шаһар екен, сол жерге барып қайтар ма еді? – депті. Сол кезде алладан Жәбірейілге әмір келіп жетеді.
– Сен пайғамдарға Мадинат әл-Байда шаһарын аспанға алып кел, менің сүйікті көмекшім оны көрсін, – деп бұйырады. Сол сәтте аспанға жеткізілген шаһардың саясында отырып оқыған намазының соңында пайғамбар «Е алла батаның батасын сен ғана бересің, жалғанда жалғыз пәк өзің ғана, маған да қамқор болуыңызды өтінемін» дегенде Жәбірейіл «әумин» деген екен. Сосын қаланы қайтып орнына қойған екен. Аңыз бойынша шаһардың үш аты бар: біріншісі – Мадинат әл-Байда, екіншісі – Испиджаб, үшіншісі – Сарйам (Сайрам).
Араб географы әл-Магдиси «Шаһар гүлденген шағы Испиджаб өлкесінің орталығы болғаны кездері. Сол кезде шаһардың рабаты және бұқаралық мединесі болды. Онда жабық базар, мата сататын жәрмеңке мен үлкен мешіт орналасқан. Мединенің төрт: Нуджакат, Фархан, Шахра және Бұхара қақпасы белгілі. Әр қақпаның маңында: нахшебтер, бұхарлықтар, самарқандықтар рабаттары мен зираты және базары жақын Қаратегін рабаты орналасқан. Бұлардан басқа шаһарда 1700 рабат бар деседі. Испиджаб – шекаралық тамаша бекініс, айнала дуалмен қоршалған рабадтың ішінде ешкім тұрмайтын ішкі қамал – цитадель бар. Бұл жердің тұрғындары егін шықпай қалу дегенді білмейді. Жемістері үлкен болмағанымен шырынды әрі тәтті. Шаһар таза, бұл жердегі өмір жағымды», деп жазған. Мәуереннахрдағы харадж (салық) төлемейтін жалғыз шаһар ретінде айтылатын Сайрам алланың шапағаты жауған қасиетті мекен болған. Сол кездерде Испиджаб өлкесінің құрамына Сырдың бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран және Жанкент; Қаратаудың теріскей бетіндегі Баладж бен Беруке; Жетісудың Құлан, Меркі, Суяб қалалары кірген. Кейіннен шаһар Қазақ хандығының тірегіне айналған үлкен саяси-экономикалық орталық болды. Сайрамда мұсылман дінін уағыздаушы отыз әуленің мазары бар. Солардың басына салынған кесенелердің көпшілігі осы күнге дейін сақталған.
Д.Талеев