ҚОНАҚ


Скачать/Жүктеу

Қонақ келсе – құт. Қазақ халқы сырттан келген қонағын құдайдай сыйлаған, оған аса жайлы болған.

Қазақ халқында сыйластықтың үлкен бір белгісі ретінде дәм-тұз беруге айрықша көңіл бөлінген. Мұндай салт бойынша жаңадан көшіп келгендерге ерулік, қыста соғым басын беру, келінге есік көрсету, үлкенге, алыстағы жекжатқа сыбаға беріп жіберу немесе оларды қонаққа шақыру рәсімдері жасалып отырады.

Қазақтар қонақты ақ жарқын қарсы алып, астың дәмдісін берген, өзі соған керемет рахаттанып қалатын болған. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» сияқты бұрынғы заң-ережелерде де қонақ күту жайында айтылып өткені белгілі. Мұнда «құдайы қонақты» күтіп, сыйлап жіберу, әгерәки қондырылмаған жолаушы жол бойы әлдеқандай апатқа ұшыраса, оған құн төлеу мәселелері дәйекті қарастырылған.

Қонақты құрметпен күтіп қана қоймай, оған сый беру де қазақтың әдетінде бар. Заман өзгерген сайын әрі елдегі экономикалық жағдайларға, әр жанұяның әл-ауқатына орай, мұндай алыс-берістің мағынасы мен көлемі өзгертіле де береді. Бірақ, қалай болғанда да, қазақтар, «Үйге кірген жыланның басына да ақ құйып шығарады» деген салт бойынша, қонақты жылы пейілмен қарсы алып, сыймен шығарып салуды үлкен көрегендік деп бағалаған. Күтпеген жерден қонақтап келген жолаушыдан ә дегеннен жөн де сұрамаған, дастархан жайып, ас-ауқатын берген де, тек қонақ аттануға жиналған кезде ғана: «Жол болсын, бұйымтайыңызды айтыңыз», — деген. Бұл – оның қонаққа жасаған үлкен әдебі. Жолаушы: «Әлей болсын!» — деп сөз бастап, өзінің не шаруамен келгенін айтқан. Қонақ тілегі әрдайым құрметпен қабылданып, үй иесі шамасы келгенше оның сұранысын орындауға, қажетін өтеуге тырысқан.

Пайғамбар хадистерінде үйіне қонақ келмейтін адамдарды «жаман адамдар» деп бағалау бар. Қонақжайлылық қасиеті бар, қонақты құрметпен сыйлайтын адам – пайғамбардың сүйікті құлы деп есептелген екен.

«Қонақ қойдан жуас», «Қонақ келсе, құт келер», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табар», «Асыңа тойдырмасаң да, ақ ниетіңе тойдыр», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы да білінбес» деген мақал-мәтелдер қазақ халқының осындай қонақжайлылық сияқты тамаша ұлттық қасиетін айғақтайды.

А.Мұсабекова


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы