МҰХТАР МАҒАУИН (1940 жылы туған)


Скачать/Жүктеу

Аса көрнекті жазушы, белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың, «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, бүгінгі қазақ әдебиетінің көшбасшыларының бірі Мұхтар Мағауин Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген. Тумысынан қабілетті, талапты бала жасынан кітапқұмар, білімге құштар болып өседі. Барлық пәнді өте жақсы оқумен қатар әдебиетке деген ынтасы ерте оянған Мұхтар мектеп қабырғасында жүргенде-ақ қазақ әдебиетінің мол қырынан сусындап, әлем әдебиетінің үздік үлгілерімен танысып үлгереді. Кіндік қаны тамып, ержеткен жері Ұлы Абай туып, өмір кешкен өлке болғандықтан, қалыптасқан дәстүр бойынша Абай өлеңдерін ерте бастан жаттап өскені өз алдына, күні кешеге дейін атын айтуға, шығармаларын шығаруға, оқуға тыйым салынған Шәкәрім туралы ескі көз қариялар айтқан әңгімелерден біліп, оның өлеңдеріне қанық болады.

Мектепті алтын медальмен аяқтап, Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітірген, оның аспирантурасын тамамдаған Мұхтар қазақ хандығы дәуіріндегі қазақ әдебиеті бойынша зерттеу жүргізіп, диссертация қорғауының нәтижесінде әдебиеттану ғылымына аса маңызды ғылыми жаңалық қосты. Бұған дейін ұстанып келген қазақ әдебиетінің тарихын үш ғасыр ары жылжытты.

Мұхтар Мағауин – сирек кездесетін білімдар, ғұлама ғалым, әмбебап қаламгер. Оның әдебиет зерттеушілігі, тарихшылдығы, көсемсөзшілігі бірімен бірі кірігіп жатқан бірлікте, ажыратуға келмейтін тұтастықта көрініс табады. Не туралы жазса да, қандай тақырыпқа қалам тартса да негізгі түйіні қазақ тағдыры, ұлттық болмысы, бабалар өнегесі, ұрпақ болашағы, тіл мен діл жайындағы ойларға барып тіреледі.

Шығармашылығын әдебиет зерттеушілігінен бастаған М.Мағауин кейіндеп бірыңғай жазушылықпен айналысып, көркем шығарма жазуға ден қойды. Тұңғыш әңгімесі «Кешқұрым» 1964 жылы «Жұлдыз» журналына басылған. Қаламгердің «Ақша қар», «Бір атаның балалары», «Қияндағы қыстау», «Көк кептер» әңгіме повесть жинақтары мен «Көк мұнар», «Шақан шері» романдары, «Аласапыран» атты тарихи дилогиясы басылып шықты. Әртүрлі тақырыпқа жазылған бұл шығармалардың қай-қайсысы да кезінде әдеби ортаның назарын өзіне ерекше аударып, оқырмандарын қатты сүйсіндірген туындылар болды. Солай бола тұрса да жұртшылықты Мұхтарды алғаш жазушы ретінде ерекше әсерге бөлеген шығармасы – 1969 жыл «Жұлдыз» журналында жарияланған «Әйел махаббаты» әңгімесі.

Шығарма жазудағы өзіндік ерекшелігі, көркемдік құпияны игеруі, образ жасау шеберлігі, тарихи деректерді орайына келтіріп қисынды қолдануы, жатық та көркем тілі қай кезде де қалың оқырманның ықыласына бөленбей, әдеби ортаның назарынан тыс қалған жері жоқ. Оның «Ұлтсыздану ұраны» кітабы бүгінгі мемлекеттік мәселені көтерсе, «Қобыз сарыны», «Ғасырлар бедері» атты зерттеулері қазақ әдебиеті тарихының өзекті мәселелерін қамтиды. Ал «Қазақ тарихының әліппесі» еңбегі ұлт тарихының ұзын-ырғасын әсерлі баяндайды. Жазушы ұзақ жылдар бойы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Абай атындағы ҚазҰПУ-да доцент, «Жазушы» баспасында бас редактор қызметтерін атқарды. Қазір Чехия астанасы Прагада тұрады. Соңғы жарық көрген шығармасы «Жармақ» сонда жазылған.

Қ.Алпысбаев

 


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы