Скачать/Жүктеу
Бұқар жырау (1684-1782) – ХVІІІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Ол – жасынан өз ортасына кең танылған, батыл да парасатты жырау ретінде атақ-даңқы алты Алашқа жайылған, Қазақ еліне кеңінен танымал тарихи тұлға. Атақты Абылай ханның тұстасы. Әкесі – аты аңызға айналған Қалқаман батыр. Бұқар жыраудың хан сарайы маңында да беделді ақын, ақылшы би саналуы тегін емес. Бұқар жырау Қалқаманұлының өлеңдері, өзі тұстас өнерпаздармен салыстырғанда, кейінгіге молырақ жеткен.
Бұқар – қазақ халқының арман-тілегін, елдік ынтымақ-бірлігін көксеген жырау, кемел кемеңгер, терең ойшыл. Жырау шығармашылығының осы бір ерекшелігі оның «Бірінші тілек тілеңіз» деп аталатын ұзақ толғау жырынан да айқын аңғарылады.
Жаратушыға жалбарынып, Алладан тілек тілеу десе, көп адам бақыт-байлық, атақ-абырой, шен-шекпен тілейді. Елден озуды, жұрттан еңселі болуды, сөйтіп байлықпен төңірегінің «көзіне ұруды» көксейді. Өз айналасындағы осындай пендешілікті ерте сезген Бұқар жырау былайғы жұртқа жаратушыдан не сұрап, Алладан не тілеу керектігін аталған жырына арқау ете отырып, өзінің өмірлік пәлсапасын ортаға тастайды:
Бірінші тілек тілеңіз:
Бір Аллаға жазбасқа.
Екінші тілек тілеңіз:
Әзәзіл, пасық, залымның
Тіліне еріп азбасқа…
Осылайша сөз бастаған кемеңгер жырау, ойшыл ақын Алладан тілейтін тілектің 11 түрін келтіреді. Оның бастылары мыналар: төсек тартып жатпауды, бес уақ намаздың қаза болмауын, жеріңнен айрылып қалмауды, тоқсандағы қарт бабаңның топқа жаяу бармауын, анаңның аңырап қалмауын, әйеліңнің жесір қалмауын т.б. Осы арқылы абыз жырау елдік, ерлік намысты қайрап, туған халқының ынтымақ-бірлігін бекемдеуді, сөйтіп «желкілдеген ту, жер қайысқан қол келгенде» «содан сасып тұрмауды» өсиет етеді. Соны көксейді. Тыңдармандарына да Алладан осыны тілеуді аманат етеді.
Д.Мәсімхан