БАТА


Скачать/Жүктеу

Ақ тілек аянды болсын,

Ақ бата баянды болсын.

Қазақтың дастархан басында, түрлі жиын-тойларда, адам өмірінде кездесетін қуаныш кезінде той иесіне, қуаныш иесіне және т.б. арнап, сондай-ақ алыс жолға аттанғалы тұрған азаматтарына ақ жол тілеп, қол жайып айтатын тілегі бата деп аталады. Қазақтың ақ батасы ұрпақтарын адамгершілікке, имандылыққа, ақыл мен парасаттылыққа, шешендікке баулыған.

Батаның түрлері:

1. Нәрестеге бата

2. Асқа бата

3. Ұлға бата

4. Қызға бата

5. Келінге бата

6. Сапар бата

7. Жастарға бата

8. Сүндет той батасы

9. Наурыз батасы

10. Ораза айт батасы

11. Жарапазан батасы

12. Ас қайыру батасы т.б.

 

Жас баланың күлкісін бер,

Жас ананың ұйқысын бер.

Жомарттың қолын бер,

Жорытқанның жолын бер.

Қыздың қылығын бер,

Судың тұнығын бер,

Асаудың арынын бер,

Түнгі оттың жарығын бер.

Асқар таудың паңдығын бер,

Бұлбұл құстың таңғы үнін бер.

Даланың жазықтығын бер,

Гүлдің нәзіктігін бер.

Теңіздің тереңдігін бер,

Қыранның көрегендігін бер.

Ердің көңілін бер,

Бүркіттің жігерін бер.

Лашынның жүрегін бер,

Нағыз достың тілегін бер.

Мәңгі-бақи ажырамас,

Шын ғашықтың тілегін бер!

Әумин!

 

Үй иесіне берілетін бата

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің.

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Денсаулығың мықты болсын,

Абыройың зор болсын.

Қайда барсаң алдыңнан,

Жарқыраған жол болсын.

Бастарыңа бақ берсін,

Не берсе де, нақ берсін.

Қырда жүрген Қыдырды

Үйлеріңе ап келсін.

Қарындарың тоқ болсын,

Қайғыларың жоқ болсын.

Шүпірлеген үйіңде,

Балаларың көп болсын.

Әумин!

 

Жас бөбекке беретін бата

Көтерейік білекті,

Нұрға бөлеп жүректі.

Бөбекке бата берейік,

Ағынан айтып тілекті.

Сәбиіміз сүйкімді болсын,

Өнер-білімге икемді болсын,

Бәйтеректей бойшаңданып,

Өнер, өршіл, өркенді болсын,

Жақсы жолды таңдасын,

Жамандық тәлім алмасын,

Даналардың дәстүрін,

Жаңаласын, жалғасын.

Шұғылалы шуақ күн кешсін,

Басын сұр бұлт шалмасын,

Қос топшысы талмасын,

Қырандай биік самғасын.

Ары адал, жаны жаз,

Құрбысынан қалмасын!

Абай, Жамбыл, Міржақып,

Шоқан, Ахмет, Мағжандай

Тасқа басқан таңбасын,

Мәңгілік артына із қалдырсын!

Әумин!

 

Шілдехана тойында берілетін бата

Анасының аяулы

Жарып шыққан кемерін,

Қадам басып өмірге,

Жас шыбықтай бүр жарып,

Жаңа жайған желігін,

Торсық шеке, ақ маңдай,

Өсе берсін бөбегің.

Өмірі ұзақ болсын деп,

Көңілі нұрға толсын деп,

Ақ батамды беремін.

Азамат боп ер жетсін,

Қиын кезде жолдастан

Аямайтын көмегін.

Тойың тойға ұлассын,

Бола берсін дегенің!

Аллаһу ақпар!

 

Асқа бата

Дастарханыңа береке берсін,

Бастарыңа мереке берсін,

Астарыңа адалдық берсін,

Бастарыңа амандық берсін,

Дендеріңе саулық берсін!

Әумин!

 

***

Ашып тастап пейілді

Дастарханың жайылды.

Қасиетті нан ұлық

Берекең тұр нақ ұйып.

Асыл сөздер шашылды,

Бар абырой бақ орнап

Ел сыйласын басыңды.

Аңыз болып отауың

Айта жүрсін асыңды.

Сүйген жарың,

Бала-шағаң аман боп,

Бүтіндесін асылды.

Ниетіңе біз тойдық.

Рахмет шәйіңа,

Риза еткен бір қойлық!

Әумин!

 

Ұл балаға бата

Жорытқанда, балам, жолың болсын,

Қалтаң байлыққа толсын,

Бір толмасын, жылда толсын,

Өмір жасың ұзақ болсын!

Қатарыңнан озған өрен бол,

Қыз көзіндей терең бол,

Сынай қалса – құлақ сал,

Мақтай қалса – керең бол!

Әумин!

 

***

Азамат болып ер жетсін,

Ақсақал болып төрлетсін,

Азамат болып көрікті,

Ғұмыры болсын берікті.

Азамат болсын ардақты,

Мінезі болсын салмақты,

Өнері болсын жан-жақты,

Осы айтқанның бәрі

Қабыл болып,

Алла берсін зор бақты!

Әумин!

 

Қыз балаға бата

Талдай бой берсін,

Сұңғыла ой берсін,

Жаздай жамал берсін,

Қардай жанар берсін!

Анаға шуақ болсын,

Ағаға қуат болсын,

Нәзік жаны болсын,

Елінің ары болсын,

Басына өнердің бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын!

Ф.Оңғарсынова

 

Жастарға бата

Қуаныш қайырлы болсын,

Жастар абыройлы болсын.

Уайымдары жоқ болсын,

Көңілдері тоқ болсын,

Адал еңбек арқасында

Табыстары мол болсын.

Алақандары ашық болсын,

Өмірге машық болсын!

Күйбең қалып кейін қалмай,

Жаңалыққа ғашық болсын.

Ұрпақтары ер болсын,

Кемеңгерлермен тең болсын.

Оларды көре алмағандардың,

Бедел-берекеті кем болсын.

Әумин!

 

Той жасаған үй иесіне берілетін бата

Құрметті той иесі,

Ісіңді тағдыр оңдасын,

Қайда жүрсең қолтықтап,

Қыдыр бабаң қолдасын!

Жамбылға ұқсап көп жаса,

Денеңде дерт болмасын,

Тойың тойға ұласып,

Жан-жүрегің толғансын,

Күннен-күнге көбейсін,

Дос-жараның, жолдасың.

Бақытың тассын әманда,

Бергенін тәңірі алмасын!

Өміріңді ұзартып,

Балаң менен немерең,

Шөберең мен шөпшегің,

Туажаттар жалғассын!

 

Келінге бата

Отша лаула, сөнбегін,

Еш жамандық көрмегін.

Қосағыңмен қоса ағар,

Құтты болсын қадамың,

Келін болдың, қарағым.

Салтын ұста, ардақта,

Үлкен ата-бабаңның.

Ошақтан от кетпесін,

Үйіңнен көп кетпесін,

Адал болғын жарыңа,

Лаула, оттай, жалында!

Әумин!

 

Сапар бата

Жолыңды алла қолдасын,

Жаманшылық болмасын.

Сенімді болсын жолдасың,

Жолыңды кескен оңбасын.

Сәтті болсын істерің,

Жақсы болсын түстерің,

Жұмсақ болсын ішкенің.

Көрмеген жерді көріп қайт,

Ырзығыңды теріп қайт.

Айдарыңнан жел есіп,

Желіп барып, желіп қайт.

Әумин!

 

Наурыз батасы

Наурыз келіп қар кетті,

Ақ қар, көк мұз жұтатқан

Шаруа елінен зар кетті.

Наурыз келіп жаз кірді,

Жаз періште «Әз» кірді

Күнеске тосып арқасын,

Жан біткенге наз кірді.

Арық-тұрақ төрт түлік,

Көк жеп жапа-тармағай

Қабырға жаппай қалмағай.

Көтеремнің төрт бұты,

Ербегей де сербегей

Енді шығын бермегей.

Бізге келген бәлекет –

Қармен бірге қаңғырып,

Таудан ары өрлегей,

Мұсылман бетін көрмегей.

 

Жарапазан батасы

Қонақтасын берекет,

Қаша берсін пәлекет.

Қиын дейді қиямет,

Жақын дейді ақырет.

Ақыретке барғанда,

Қыл көпірден аман өт!

 

Міне, бата, ақ ниет,

Бола берсін берекет.

Қиын дейді қиямет,

Жақын дейді ақырет,

Құлшылық қыл Аллаға,

Қыл көпірден таймай өт.

Кірсін дәулет,

Шықсын бейнет.

Алла атымен бейнет ет.

Жоқ-жітікке рақым ет.

Тәңір сені қолдасын,

Уайым-қайғы болмасын.

Қабыл болсын оразаң,

Әулетіңді оңдасын!

 

Бата – өлеңдер

 

1. Кемеңгердің алғыр ойын берсін,

Екі дүниенің абыройын берсін!

2. Талаптымен тау астырсын,

Талантымен таластырсын.

Жамандықтан адастырсын,

Жақсылықпен жанастырсын!

3. Білімің молая берсін,

Еңбегің зорая берсін.

4. Мақсаттарың айқын болсын,

Өмірлерің жарқын болсын.

Еңбектерің көшелі болсын!

5. Білімің тереңдесін, бауырым!

Өнерің кемелденсін, бауырым!

Жұлдызың жайнасыншы, бауырым!

Табаның таймасыншы, бауырым!

Дос-жарың безінбесін, бауырым!

Қысылса сені іздесін, бауырым!


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы