Скачать/Жүктеу
Ананы сыйлау – парызың. Бұл сезім балаға нәресте кезінен сіңіріледі. Ол ананың – балаға, баланың – анаға деген ықылас, құрметі. Бұл, расында, ғажайып сезім! Ана балаға өмір берсе, бала анаға түгесілмес бақыт, қуаныш сыйлаған! Сондықтан да олардың бір-біріне деген сый-құрметінде шек жоқ.
Ананы мадақтау – адамгершілікті мадақтау. «Ерлер көктен түскен жоқ, әйел – оның анасы» дегендей, жаны жайсаң, көңілі дархан, дос дегенде ішкен асын жерге қоятын ақкөңіл, кеудесін елі үшін оққа тосатын батыр ерлер ананың тәрбиесінен шыққан, соның аялы алақанының жылуын, жанарының мейірімін көріп өскен. Ел қамын ойлап, дархан даланы дүбірлетіп өткен, тарих көшін батырлығымен, мәрттігімен әрлендірген Абылайлар мен Исатайлар, Махамбеттер мен Амангелділер де анадан туды ғой. Өткір тілді, ұтқыр сөзді, найзадай жарқылдаған билер менен шешендер де ана көрегендігінің кәусар бұлағынан сусындамады ма? Домалақ ана, Мұрын ана, Қаз дауысты Қазыбектің анасы Қарқабат ана сияқты жұртты аузына қаратқан әулие-аналар да дөңгелек дүниенің баға жетпес қазынасын жасаған жоқ па?! Осыдан кейін сен де: «Қадірлейік те, құрметтейік ғазиз Ананы, өйткені ол дүниедегі асылдардың асылы – өмірді, адамгершілікті сыйлады!» — дейсің ішіңнен.
Дүниені қан қақсатқан ақсақ Темір де ашынған ананың алдында, оның қаһарынан қорқып, дарға асайын деп жатқан баласын босатқан екен. Өзін ақылды санаған Шыңғысханның да ақыл сұрап кеңесетіні парасатымен ел басқарған әйелдер, ру билеген көсем аналар, батыр әйелдер, он саусағынан өнер тамған күйші әйелдер болған.
Әйел – аналардың кемел ақылына тәнті болған бабаларымыз тұрғызған тоғыз кесененің жетеуі Қазақстанда, олар: Сыр бойындағы Бикен Мұнара мен Сырлы там, Тараздағы Айша бибі мен Баба әже, Сарысу өңіріндеі Белең ана мен Болған ана, Шымкенттегі Домалақ ене мен Қарлығаш ана т.б.
Әйел болмаса, өмір де жоқ. Сондықтан әйел-ананы сыйлау, құрметтеу – ұрпақтардан ұласып келе жатқан ұлағатты қасиет. Шығыс әйелдерінің бойына иба-ізет қанымен, ана сүтімен сіңген. Ол ибалы бола жүріп, балалары үшін, отбасының бүтіндігі, елінің амандығы үшін өз басын қандай қиындыққа болса да салып жіберуге бар.
Кенесары–Наурызбай атты батырлардың әпкесі Бопай да ұлтының азаттығы үшін жасалған қанқұйлы көтеріліске белсене қатысушылардың бірі. Тарихшы-ғалым Ермұхан Бекмаханов: «Бопай Кенесарының барлық ірі шайқастарына қатысты және өзі де жау тобына партизандық жорықтар жасап отырды. Бопайсыз Кенесарының кеңестері өтпейтін және ол Бопайдың ақыл-кеңестеріне құлақ асты»,- деп жазған.
Ғұлама жазушы М.Әуезовтің алғаш қалам алғанда аузына ілінгені Ана аты болғаны да сондықтан. Оның «Адамдық негізі – әйел» деген туындысынан кейін жазушы Ғ.Мүсірепов қазақ әдебиетіне ананың киелі қасиеттерін ашатын бірнеше көркем туындыларды әкелді. Ана бейнесін жан-жақты сомдап, келер ұрпаққа үлкен өнеге қалдырды.
Ананың нәзік сұлулығына қоса қайрат, батырлығының да бір еркектен кем болмағанына қайран қаласың. Кир патшаның басын алып патшалық құрған Тұмар ханым, Шығыс әйелдерінің патшайымы Тұрқан қатын, Шыңғыс ханды бұлтартпаған Бөрте ханым, көркіне ақылы сай Қарашаш сұлу, Зере сынды терең ойлы, ақыл-айласы жаннан асқан аналар мен арулар бүгін де жалғасын табуда.
А.Мұсабекова