Скачать/Жүктеу
«Айқап» журналы ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ұлты үшін атқарған ұлы еңбектерінің куәсі. Журнал 1911 жылдың қаңтары мен 1915 жылдың қыркүйегі аралығында Троицк қаласынан кейде айына бір рет, кейде екі рет шығып тұрған қазақтың алғашқы қоғамдық саяси және әдеби-мәдени журналы. Редакторы – көрнекті көсемсөзші, ақын, зерттеуші Мұхамеджан Сералин. Журналды шығару ісіне татар ұлтының зиялылары біршама қаржылай-рухани көмек көрсеткен. Басылымның 88 саны жарық көрген. Журналда А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғырұлы, Б.Өтетілеуұлы, С.Дөнентайұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ә.Ғалимұлы т.б. қалам қайраткерлерінің еңбектері жарияланған. «Айқап» ұлт тарихы мен мәдениеті тақырыбын да біршама зерделеген. Қалайда журнал ХХ ғасыр басында қазақтың саяси, мәдени деңгейінің өсуіне айрықша ықпал еткен. Басылым атына келсек, қазақтың «әй, қап!» деген өкінішке толы сөзінен туған. Яғни, мақсаты – өкініштің орнын толтыру болған. Ал, «Айқапқа» айдын әрі пана Троицкі Қостанай-Торғайға жақын, әрі сол кезде бұл өңір тұтасымен Орынборға қараған еді. Соңғысының кейін астана болып кетуінің де сыры осында. Қазіргі кезде «Айқап» бетінде жарық көрген материалдар сол кезеңнің даму ерекшелігін, ұлт мәселелерін тануда үлкен деректік мәнге ие болып отыр.