Скачать/Жүктеу
Ел ішіндегі ауыр хал мен хан өкілдерінің озбырлығын айтып, Жетес шешен Әбілхайыр ханға бірнеше рет барады. Бірақ хан сөзге құлақ аспай, елдің тұрмысын жеңілдету қамын ойламайды.
Осыған ренжіген Жетес рулы елімен бергі көп момынға қарай көшіп кетеді. Әйтседе көш кеш шығып қалып, мөлшерлі жерге, көп момынға жете алмай, қыс түсіп кетіп, жолда қыстап қалады.
Жетес бір топ адамдармен жер көріп, қоныс іздеп жүргенде ерігіп сейілге шыққан хан өзінің бір топ жігіттерімен жүріп далада Жетеске ұшырасады.
— Жетесім, қыстан жүдеп қалды деп еді, рас па? — дейді хан.
— Рас, — дейді Жетес.
— Әйтседе ел ала болады ғой, бәрі бірдей жүдеу емес шығар, кім аш, кім тоқ? — деп сұрайды.
Сонда Жетес шешен:
Өлең жеген өгіз тоқ,
Тамыр тартқан доңыз тоқ,
Жорғалап жүрген қоңыз тоқ,
Арқамды жеген бит те тоқ,
Боғымды жеген ит те тоқ,
Арыстан аш, күзен тоқ,
Арыстанның аштығымен
Күзеннің жұмысы жок, —
дейді.