Скачать/Жүктеу
Саяси партия – билік пен қоғам арасындағы байланыс құралы Партия дегеніміз не? Партия әдетте бағдарламалық құжаттарда көрсетілген ортақ саяси бағытты, көзқарастарды ұстанған азаматтардың белгілібір тобын біріктіретін ұйым. Нақты әлеуметтік-таптық мүддені білдіретін идеология мен саяси бағытты басшылыққа ала отырып оны іске асыру үшін партиялар мемлекеттік билікке келуге ұмтылады.
Мысалы, жеке адам қоғамдық немесе жергілікті көлемдегі белгілі бір саяси әлеуметтік мәселені нәтижелі шешу жолдарын қарастырады. Бұл туралы оның тұрақты көзқарасы қалыптасады. Ол көзқарас, яғни, идеясы кейін мақсатқа айналады. Ал енді оны қалай іске асыру керек? Мүмкін ол адам бұқаралық ақпарат арқылы өзінің мақалаларын шығарар немесе әртүрлі жиындарда, ғылыми конференцияларда өз пікірін білдірер. Бірақ бұның бәрі де сол азаматтың идеясының іске асырылуына толық кепілдеме бермейді. Идеяны, пікірді іске асырудың айқын бір жолы – билікке келіп билік арқылы іске асыру. Билікке келу деген түсінік ол билікті өз қолына тартып алу емес, қалыптасқан билік қатарынан орын алу. Мысалы, белгілі бір саяси ұйымның өкілдері депутаттыққа өтіп парламенттің бірнеше орындарына ие болса, олардың жаңа заң шығаруға әсер ету мүмкіншілігі пайда болады. Осы арқылы ол өзінің көзқарасын заң жолымен іске асыруға мүмкіндік алады.
Бірақ бұндай жүйе демократиялық жағдайда ғана мүмкін. Сондықтан партияның билікке өтуін немесе өтпеуін шешетіндер тек ғана айлаушылар болуға тиісті. Ол үшін сайлаушылардың, жалпы қоғамның демократиялық саяси мәдениеті жоғары деңгейде болуы керек.
Ал демократия орнықпаған режимдерде кейбір саяси партиялар өз көзқарасын іске асыру үшін билікке төңкерістер, революциялар арқылы келді.
Мысалы, ХІХ ғасырдағы Еуропа елдеріндегі революциялар, Ресейдегі 1917 жылғы Қазан революциясы және т.с.с. Жалпы алғанда, партия қоғамдағы бұқаралық, әлеуметтік күштердің мүддесін білдіруге, мемлекеттік билік орындары арқылы сол мүдделерді жүзеге асыру үшін қызмет етеді. Саяси партия мемлекет пен қоғамды бірлестіретін буын, саяси билік пен қоғамның арасындағы байланыс құралы.
Сонымен, партия деп — қоғамдағы әлеуметтік-саяси мүдделерді шешу үшін өздеріне ортақ көзқарастарды іске асыру жолында мемлекеттік билікке келуге ұмтылатын азаматтардың ерікті ұйымын айтады.
“Партия” деген сөз латын тілінен шыққан, “бөлу”, “бөлшек” деген мағынаны білдіреді. “Мен бүтіннің бөлшегімін”, “мен осы топтың пікірін қолдаймын”, “мен біреулермен пікірлеспін” деген түсініктері. Тарихта XVIII-XIX ғасырларда саяси партиялар клуб, әдебиеттік бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар түрінде пайда бола бастады.
Бірақ сол кездегі шексіз мемлекеттік билік (монархия, патшалық) жағдайында партиялардың айтарлықтай маңызы болмады. Ол уақытта әр түрлі мемлекет басшылары қоғамдық ұйымдарға, саяси қозғалыстарға қарсы болды, тіпті дұшпандықпен, қастықпен қараған жағдайлар да болған. Мысалы, Америка Құрама Штаттарының бірінші президенті Джордж Вашингтонның өзі де 1787 ж. “саяси бірлестіктер”, яғни, саяси партиялар – олар тыныштықты бұзушылар, олар халықтың ішінде іріткі салып, билікке таласушылар” – деп түсінді.
Ал 1825 жылғы Ресейдегі декабристер қозғалысының қалай аяқталғаны тарихтан жақсы белгілі. Ресей патшалығы оларға қарсы күш қолданып, біразын өлім жазасына тартып, қуғынға ұшыратқан болатын.
Ресейдегі ең бірінші партия – Ресей социал-демократиялық жұмысшылар партиясы (РСДЖП) 1898 жылы астыртын түрде ұйымдастырылды. Дегенмен, кейінгі кезеңде жалпы азаматтық, оның ішінде демократия принциптерінің дамуына байланысты саяси партиялар кеңінен дами бастады.
Қазіргі кезеңдегі саяси партияларға ұқсас біздің уақытымыздағы партиялар Еуропада, Америкада XVIII ғасырда пайда болды.
Не себептен XVIII ғасырда? Не себептен олар XVII, XVI ғасырларда немесе одан бұрын қалыптасқан жоқ?
Оның себебі XVIII ғасырда ғана мемлекеттік билікті сайлауға мүмкіндік туып, кейбір мемлекеттерде шексіз монархия жойылды. Мысалы, Францияда Ұлы француз революциясынан кейін (1789 ж.) республика орнатылды. Дәл осы кезде АҚШ өзінің конституциясын қабылдап, бірінші президент сайлады.
Қоғам мүшелері, әртүрлі әлеуметтік топтар саяси билікке өздерінің уәкілдерін сайлауға мүмкіншілік ала бастады. Мемлекеттік билікке араласушы үміткерлерді бұқараның қолдауы, сүйемелдеуі қажет болды. Осындай азаматтарды дайындау үшін, оларды саяси билікке өткізу үшін саяси партиялар құрыла бастады. Сонымен қатар, сайлау органдары мен сайлау жүйелері қалыптасты.
Яғни, саяси партиялардың пайда болуы — демократияның дамуымен байланысты. XVIII ғасырға дейін билік сайланбайтын патша, король, шах, хандардың қолдарында тұрған кезде саяси партияларды ұйымдастыруға ешбір мүмкіндік болған жоқ, себебі оны құруға билік рұқсат берген жоқ.
Саяси партиялардың ұйымдастырылуы XVIII ғасырдан басталып, XIX ғасырда дүние жүзінде көптеген ірі, беделді партиялар өмір сүре бастады. Мысалы, 1828 жылы АҚШ-та демократиялық партия өмірге келсе, 1867 жылы Англияда Консервативтік партия, ал 1869 жылы Германияда социал-демократиялық жұмысшылар партиясы пайда болды. Сол жылы Францияда
Республикалық радикалдар партиясы дүниеге келді.
XIX ғасырдың 80-шы жылдары дүние жүзінің 100-дей елдерінде 500-денастам саяси партиялар қалыптасты.
Қазіргі кезеңде дүние жүзінде қанша саяси партия бар? Бұл сұраққа нақтылы жауап берудің өзі қиын. Себебі саяси партиялардың өмірінде тұрақты, ешбір өзгеріссіз қалатын жағдай болмайды және болуы да мүмкін емес.
Адамзаттың саяси өмірі қандай құбылмалы, әрдайым өзгерісте болып тұратын құбылыс болса, саяси партиялардың өмірі де дәл сондай. Сондықтан бір жағынан жаңа партиялар қалыптасып жатса, екінші жағынан кейбір партиялар ыдырап, қызметін тоқтатып жатады.
Бірақ тарихи ұзақ уақыт, XIX ғасырда пайда болып, осы күнге дейін өзінің мүдделестеріне адал қызмет жасап, саяси мол тәжірибе жинап, халыққа дәстүрлі партия болып танылғандары да бар. Олар: АҚШ-тың демократиялық партиясы (1828 ж. құрылған), Канаданың прогрессивтік-консервативтік партиясы (1854 ж. құрылған), АҚШ-тың республикалық партиясы (1854 ж. құрылған), Ұлыбританияның консервативтік партиясы (1867 ж. құрылған), Германияның социал-демократиялық __________партиясы (1869 ж. құрылған) және тағы да басқа партиялар.
Алғашқы кезеңдерде әрбір саяси партия үлкен әлеуметтік топтардың, көбіне таптардың жетекшісі болды. Мысалы, жұмысшылар партиясы, шаруалар партиясы, буржуазия партиясы, христиандар партиясы т.с.с. Ал ХХ ғасырдың ортасынан бастап жағдай басқаша өзгерді. Енді партияның мүшелігіне әртүрлі әлеуметтік топтар мен таптардың өкілдері кіре алады. Бұл саяси құбылыс демократияның дамуымен байланысты шықты. Себебі биліктің сапасын қамтамасыз ету ол тек ғана бір топтың, әлеуметті таптың мүддесі емес, ол бүкіл халықтың мүддесі. Ал қандай да болмасын қоғамдағы әлеуметтік мәселе барлық жағдайда мемлекеттік билік арқылы шешілетіні белгілі.
Әйтсе де, әрбір саяси партияның өзіне ғана тән міндеті мен өз қызметіне байланысты ерекшелігі болады. Олар сан алуан, оларды жүйелеу оңай емес,себебі бұл ерекшеліктер көбіне тарихи жағдайға байланысты қалыптасқан.
Партия саяси құрылым ретінде Еуропалық елдерде пайда болғаны белгілі.Сондықтан да партияның табиғатын, қоғам өміріндегі маңызы мен мәнін,қызметін анықтауға осы елдердің ғалымдары көбірек көңіл бөлді. Бұл ретте,әсіресе, француз ғалымы М.Дюверженің “Саяси партиялар” деген еңбегіндепартия ұйымдарының түрлері, құрылымы, типтері, партия басшылығыныңтәсілдері, партия мен мемлекеттік қарым-қатынасы кең көлемде зерттелген.
Француз саясаттанушылары Ф.Борелл, Ж.Бюрдо, Ж.Шарло еңбектерінде де партияның қазіргі кезеңдегі ролі нақты көрсетілген.
Саяси партиялардың мемлекеттегі алатын орнына қарай жүйелеген немістің мемлекет жөніндегі ілімді дамытушы ғалымы Г.Еллинек болды. Бұл мәселелермен бірқатар Ресей ғалымдары да айналысты. Мысалы, М.Острогорский “Демократия және саяси партияларды құру” деген еңбегінде Еуропа елдеріндегі партиялардың құрылуы мен дамуы туралы мәселелерді зерттей келіп, АҚШ пен Англияда партиялар сайлау өткізу және сол сайлаулардың негізінде пайда табу үшін құрылған ұйым екенін айтады. Әрине, саяси партиялардың қызметтері әртүрлі болғанымен де, оларға жалпы ортақ белгілерді талдауға болады.
Саяси партиялардың ортақ белгілері:
1. Әлеуметтік бірлестік. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарға басшылық жасап, олардың саяси-әлеуметтік мүдделерін шешу үшін бірігіп іс-қимылдар жасауға басшы болу.
2. Азаматтардың саяси санасын жоғарылату.
3. Саяси билікке келу үшін күрес жүргізу.
4. Саяси мамандар, саясатшылар дайындау мәселесін шешу.
5. Қоғам дамуына бағытталған саяси бағдарламалар дайындап оны іске асыру.
Көппартиялық жүйенің қалыптасуы және оның маңызы
Көппартиялық жүйе ХХ ғасырда қалыптаса бастады. Ол әсіресе демократиялық мәдениет деңгейі жоғары қоғамдардың саяси өмірінде кеңінен орын алады. Көппартиялық жүйенің қалыптасуына әртүрлі демократиялық саяси процестер ықпал етеді. Оның негізгілері: жалпыға бірдей сайлау құқығының қалыптасуы, сайлауға қатысу жасының, мүлік шартының (цензінің) төмендеуі, либерализм идеологиясының орын алуы, яғни, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастарының өзгеруі, мемлекеттің қоғам мен жеке адамдардың өміріне араласуының шектелуі, яғни антиэтатизм принципінің орнығуы.
Қазір бүкіл адамзат өркениетке жаппай ұмтылыс жасап отырған кезде көппартиялықтың артықшылығына әлем халықтары толық көз жеткізіп отыр. Бұның өзі партиялардың саясаттары халық мүддесіне қаншалықты сай
келетінін жеке азаматтардың бағалауына жол ашады. Жеке адамның қоғамдық күштерді, саяси басшыларды, билік түрін қалауынша таңдау жасауына мүмкіндік береді. Көппартиялық жүйе билікке ие болып отырған саяси топтарды, басқарушы партияларды (егер олар өздерінің міндеттерін орындай алмай жатса) алмастыруға жағдай жасайды. Ал мұның өзі қоғамда саяси қызметтерді тиімді жүргізудің алғышарты. Сондықтан да демократиялыққоғамда көппартиялыққа айрықша мән беріліп, бірнеше саяси партиялардың қатар өмір сүруіне мемлекеттік, қоғамдық тұрғыдан қолдау көрсетуге жағдай туады.
Бүгінгі күні, әсіресе, дамушы елдерде әртүрлі бағыттағы, сипаттағы бағдарламасы бар партиялар қалыптасты. Олардың саны көбейген сайын қоғамдағы орны, қызметі, саяси идеология бағытына қарай топтастыру жүйесі де белгіленді. Мысалы, саяси партиялар мақсаттарына қарай төрт топқа бөлінеді: сайланушылар партиялары, қауымдастық партиялар, авангардтық партиялар, парламенттік партиялар. Осы партия топтарының кейбіреулерінесипаттама беретін болсақ, сайланушылар партияларының мақсаты өз үміткерлерінің сайлау алдындағы науқанын ұйымдастыру, қаржы жинау, үгітжүргізу. Оларда тұрақты мүшелік, идеологиялық негіз жоқ. Мысалы, АҚШ- тағы республикалық және демократиялық партиялар, Ресейдегі либерал-демократиялық партия және т.б.
Саяси идеология бағыты бойынша партиялар 4 түрге бөлінеді:
1) Социал-демократиялық партиялар (социалистік, демократиялық, либералдық, христиан-демократиялық т.с.с.). Олар еңбекші халықтың мүддесіне сай реформалар жүргізіп, жалпы кедейшілікке қарсы күрес жүргізу бағдарламасын ұстанады. (Мысалы, Германия, Австрия, Швеция, Ұлыбритания елдеріндегі социалистік, демократиялық, лейбористік т.с.с. партиялар);
2) Консервативтік партиялар. Негізгі саясаты (идеологиясы) бұрыннан қалыптасып келе жатқан мемлекет, қоғам, экономика және рухани негіздерді, жүйелерді сақтау. Мысалы, Ұлыбританияның консервативтік партиясы, Германияның христиандық-әлеуметтік одағы мен христиандық-демократиялық бірлестігі, АҚШ-тың республикалық партиясы.
3) Коммунистік партиялар мен солшыл радикалдық бағыттағы партиялар. Мысалы, Қытай, Солтүстік Корея, Куба, бұрынғы Кеңес Одағының коммунистік партиясы, Ресей Федерациясының коммунистік партиясы, Қазақстан коммунистік партиясы және т.б.
4) Фашистік партиялар. Олар жеке мүддеден мемлекеттік мүдденің басым болғанын, басқарудағы қатаң орталықтандыруды, адам құқықтары мен бостандықтарын шектеуді қалайды. Фашистік партиялар кезінде Германия мен Италияда болған. Ал қазіргі кезде кейбір елдердегі жаңарған неофашистік ұйымдардың пайда болуы жалпы адамзатты қатты алаңдатады.
Осы партиялық топтардың ішінен бағдарламасының мазмұны, идеологиясы, мақсаты, қоғамдық пайдасы туралы қысқаша сипаттама беретін болсақ, бүкіл дүние жүзіне танылған, халыққа беделді партияларға социал-демократиялық топ жатады. Ең бірінші социал-демократиялық партия 1869 жылы Германияда пайда болды. Бұл партия Германия социал-демократиялық жұмысшылар партиясы деп аталды (ГСДЖП). Бұл партияның мақсаты – жұмысшыларды, шаруаларды, кедейлерді буржуазиялық қанаудан құтқару, олардың еңбек ақысын әділетті түрде төлету, 8-сағаттық жұмыс күнін орнату, шаруаларға жер беру, қоғамның барлық саласында кедейлерге теңдік беру.
Ол үшін кедейлерді революцияға көтеріп, байларды жойып, жекеменшікті жойып, социализм орнату. Яғни, ГСДЖП алғашқы қалыптасқан кезде марксистік көзқараста болды. Бірақ кейін ГСДЖП-ның жетекшілері кедейлерге теңдік орнатудың жолы тек ғана революция жасау, социализм құру, байларды жою емес, кедейлердің мүдделерін реформалар арқылы шешуге болады деген теориялық тұжырымдамаға келді. Кейін бұл идеология реформизм деп аталды.
Сонымен, Германия социал-демократиялық жұмысшы партиясы марксистік көзқарастан реформистік көзқарасқа ауысты. Осыған сәйкес 1901 жылы партияның аты да өзгерді: Германия социал-демократиялық жұмысшылар партиясы дегеннің орнына Германия социал-демократиялық партиясы деп аталды (ГСДП). Яғни, “жұмысшылар” деген сөз партияның атынан алынып тасталды. Бұның себебі – осы партияның ісі тек ғана жұмысшылар табының мүдделерін шешу емес, жалпы елге, халыққа қызмет ету болды.
ГСДП бағдарламасының негізгі мазмұны – кедейшілікпен күресу болды: елде жұмыссыздықты азайту, жұмыссыздарға көмекақы төлету, жаңа жұмыс орындарын ашу, қарт адамдарға зейнетақы төлету т.с.с. Олардың мақсаты осы күрделі әлеуметтік шаралардың барлығын реформалар арқылы шешу (революция арқылы емес). Олар бұл реформаларды жаңа парламенттік заңдар қабылдау арқылы жүзеге асыруды ұсынды.
ГСДП-ның бұл бағдарламасы халық арасында кеңінен қолдау тапты. Парламенттік сайлауларда халық осы партияға көбірек дауыс беретін болды, нәтижесінде Социал-демократиялық партия парламенттен көп орын ала бастады. Парламент жоғарыда аталған реформалар туралы заңдар шығарды. Сөйтіп, кедейшілікпен күрес бүкіл мемлекеттік іске айналып, жоқшылық реформизм идеологиясын ұстанған елдерде азая түсті. Осындай бағдарламаны ұстанған социал-демократиялық партиялар алғашқы уақытта Еуропада, содан кейін Америка, Азия, Африка елдерінде де пайда болды.
Қазіргі кезеңде дүниежүзінде 60-тан астам социал-демократиялық партиялар бар. Олардың мүшелерінің жалпы саны 17 млн. адам. Бүгінгі күні социал-демократиялық партиялардың 30-ға жуығы мемлекеттік билікке келіп отыр. Осы партиялар билікке келген мемлекеттерде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейі жоғары дәрежеге көтеріліп, кедейшілік жыл сайын азая түсуде, ал кейбір Еуропа елдерінде жоқшылық мәселесі күн тәртібінен алынып тасталған.
Дүниежүзіндегі социал-демократиялық партиялардың 1951жылы құрылған Социалистік Интернационал деп аталатын халықаралық одағы бар. Оған кез-келген партия мүше бола алмайды.
Мысалы, ТМД елдерінен жаңадан пайда болған кейбір социал-демократиялық партиялар Социалистік Интернационалға мүшелікке сұранғанда, оларға берілген жауап мынадай болыпты: “Сіздер қоғамдарыңыз үшін қызмет етіңдер, ең алдымен еңбекші халықтың, жұмысшы табының, кедейлердің тұрмыс жағдайын жақсартыңдар, жоқшылықты жойыңдар, бізге мүшелік жөні содан кейін шешілер”.
Партиялардың құрылуы, өмір сүруі партиялық жүйемен тығыз байланысты. Бұл жүйе елдегі саяси күштердің орналасуы мен өзара қатынастарына сәйкес келеді. Партиялық жүйе партияның мемлекетпен қарым- қатынасын, елдегі саяси тәртіптің мәнін анықтайды. Демек, партиялық жүйе шамасы келгенше мемлекеттік істерге, елдегі басқарушы орындарды құруға, саяси бағыт-бағдар белгілеуге белсене қатысатын саяси күштер тобы.
Партиялық жүйенің үш түрі болады: бірпартиялық, екі партиялық және көппартиялық. Бір партиялық жүйе бұрынғы барлық социалистік елдерде болды. Қазіргі кезде бірпартиялық жүйе саяси қызмет ететін елдер – Солтүстік Корея, Қытай, Куба, Ливия, Алжир, Заир, Мысыр және т.б. Елдегі партиялық жүйе партиялардың санымен анықталмайды. Мысалы, Қытайда бір партиялық жүйе, бірақ саяси партия біреу ғана емес, онда бірнеше партия бар. Сол сияқты, АҚШ-та, Англияда екі партиялық жүйе, бірақ бұл елдерде партиялардың саны тек екі-екіден ғана емес, екеуінде де көптеген партия саяси өмірге қатысады.
Сондықтан, партиялық жүйе әрбір елдегі партиялар санымен емес, саяси билікті қалыптастыру ролімен анықталады. Қытайда мемлекеттік билікті қалыптастыратын Коммунистік партия, АҚШ-та саяси билікті қалыптастыратын негізінде екі партия – республикалық және демократиялық; Англияда парламенттің негізгі палатасын және атқарушы билікті сайлау арқылы қалыптастыратын екі партия – лейбористік және консервативтік. Ал Еуропаның көптеген елдерінде, мысалы, Францияда, Италияда, Германияда мемлекеттік билік көппартиялық жүйе арқылы құрылады. Саяси ғылымның тұжырымдамасы бойынша демократиялық принциптерге көп жағдайда қайшы келетін — бірпартиялық жүйе. Бұл жағдайда қоғамдағы мемлекеттік билік бірте-бірте сол жалғыз партияның қолына өтеді.
Ресей ғалымы Ю.С.Гамбаров өзінің 1904 жылы жарық көрген “Саяси партиялар бұрынғы және қазіргі кезеңде” деп аталатын еңбегінде былай деп жазады:
“Әрбір саяси партия әр уақытта қоғамның бір бөлшегі. Егер қоғамда жалғыз партия болып ол билікке келсе, онда мемлекеттік биліктің көзі барлық халық емес, билік халықтың бір кішкене ғана бөлшегінің қолында болады. Бөлшек бүтінге жету үшін оның басқа бөлшектері де болуы керек. Қоғамдағы саяси өмірдің бүтіндігі – ол көппартиялық жүйе”.
Партиялық жүйе проблемаларын терең зерттеген ресейлік ғалымдар В.В.Водолазов (“Саяси партиялардың бағдарламалар жиынтығы”. Спб. 1905 ж.), П.А.Берлин (“Батыс Еуропа елдерінің саяси партиялары”. Спб. 1907 ж.). Ресей саяси ғылымының көрнекті өкілі Борис Чичерин бірпартиялық жүйе туралы былай деген: “Бірпартиялық жүйе ақырында мемлекеттік билікке айналады. Билік күйреген жағдайда ол партия таудан құлағандай апатқа ұшырайды”.
Дәл осындай жағдайға 1991 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) ұшырады. Тарихтан жақсы белгілі, 1918 жылы бұрынғы КСРО жерінде бірпартиялық жүйе орнықты. Ол 73 жыл бойы әміршіл-әкімшіл тәсілмен басқарылатын мемлекеттік билік жүйесіне айналды. Сайып келгенде, бірпартиялық жүйе көп жағдайда өзін теріс жағынан көрсетудің мысалы болып жүр.
Екіпартиялық жүйе көбінесе өзара келісімді, тілектес саяси топтарға айналады. Билікке шын мәнінде заңды қарсылық тобы (оппозиция) болмай қалады. Бұл жағдайда ағылшын ғалымы Джон Стюард Миллдің “демократия минус оппозиция = диктатура” деп атап көрсеткеніндей демократияға зияндық келеді. Мысалы, АҚШ-тағы екіпартиялық жүйе туралы батыстың белгілі саясатшысы К.Росситер былай деп жазады: “Республикашылар мен демократтардың арасындағы айырмашылықтар жоқтың қасы. Өйткені, американ саясатының жазылмаған заңдары партиялардың негізгі принциптері, саясаты, сипаты, мақсаты бір-біріне ұқсас болуын талап етеді”.
Сонымен, партиялық жүйелердің ішіндегі ең озығы, тиімдісі көппартиялық жүйе болып табылады, ол демократияның негізгі принципіне әртүрлілікке (плюрализмге) сәйкес — қалаушылық, таңдаушылық қалыптастырады. Партиялар көп болған сайын қоғамның даму жолдарын, ұстанымдарын қарастыратын бағдарламалар да көбейеді. Солардың ішінен тиімдісін таңдап алып мемлекет басқаруда қолдануға азаматтардың толық мүмкіншілігі болады. Егер билік басындағы саяси топ өз міндетін дұрыс атқара алмай жатса, келесі сайлауда олардың орнына ұсынылатын басқа саяси топ дайын тұрады. Қорыта айтқанда, қоғамдағы көппартиялылық жүйенің саяси маңызы төмендегідей:
1. Әртүрлі саяси мәселелер қоғамда жан-жақты қаралады (талқыланады). Әрбір партия өз бағдарламасын жариялайды, өз мақсатын түсіндіреді. Әртүрлі саяси оқиғаларға баға беріліп отырады. Басқа партиялардың қызметтері туралы мәліметтер жинақталады. Қоғамда өріс алған саяси процесті біреулер жақтайды, біреулер сынайды. Көпшілік елдегі ішкі саясаттың сыр-сипатын, қилы құбылыстарын жете ұғынып, ортақ мәселені ұжымдасып шешуге қатыса бастайды, бұқараның саяси сауаты жоғарылайды.
2. Саяси билікке бақылау жасап отыратын, үстемдік етуші пікірге пікірталас жүргізетін топ (оппозиция) мойындалады. Демократиялық елдерде оппозиция заңды саяси күш ретінде саналады. Оппозиция мемлекеттік биліктің қателіктерін әрдайым ашық көрсетіп отырады. Кемшіліктерді кешірмейтін оппозициялық партиялардың болуы үкіметті тиімді жұмыс істеуге мәжбүр етеді.
3. Сайлау науқанында саяси бәсекелестерін жеңу үшін саяси партия өз мүшелерінің арасында саяси тәрбие, саяси дайындық жұмыстарын жүргізеді.
4. Саяси күрес жағдайында дарынды, саяси білімді, тәжірибе деңгейі жоғары, саяси қызметке шын мәнінде қабілеті бар адамдар анықталып, мемлекеттік билікке ұсынылады. Кездейсоқ адамдарға немесе жағымпаздыққа,жарамсақтыққа жол берілмейді. Көппартиялық жағдайда кездейсоқ адамдардыңмемлекеттік билікке келу мүмкіндігі жойылады.
Көппартиялық жүйе – демократиялық мемлекеттің негізгі белгілерінің бірі.
Қазақстан: «Алаштан» көппартиялыққа дейін Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасу тарихы Ресейдің саяси өмірімен тікелей байланысты болды, себебі Қазақстан 1731жылдан бастап 1991жылға дейін алдымен Ресейдің, кейін Кеңес Одағының құрамында болды.
Ал Ресейде көппартиялық жүйе басқа елдермен салыстырғанда өте кеш қалыптасты, оның себебі демократиялық процестерге кедергі болған Монархиялық билік. Бұл елде ең бірінші болып қалыптасқан Ресей социал-демократиялық жұмысшылар партиясы (РСДЖП)болса, оның өзі де қызметін астыртын түрде жүргізді.
1905 жылы Ресей патшасының арнаулы манифесінен кейін ашық түрдегі партиялар қалыптаса бастады. Оның бірі -Конституциялық демократия (кадеттер) партиясы болды.
Кадеттер партиясының идеялары: мемлекеттік құрылысты демократияландыру, Ресейде тұратын ұлттардың еркін өздігімен дамуы, яғни ұлттық мәселені шешу, олардан тартып алынған жерлерді қайтып беру, құқықтық, әділетті тәртіпті, заңдылықты іске асыру болатын.
Әрине, кадеттердің бұл мақсаттары қазақ зиялыларын қызықтырмауы мүмкін емес еді. Әлихан Бөкейханов және тағы басқа да қазақ зиялылары осы партияға мүше болып кірді. Кейін Ә.Бөкейхановтың бастауымен 1905 жылдың желтоқсанында Орал қаласында Қазақстанның 5 облысынан делегаттар съезі шақырылды. Бұнда кадет партиясының қазақ бөлімі құрылып, осы партияның бағдарламасы қабылданды. Бірақ Ресей кадет партиясы да, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін пайда болған Уақытша үкімет те қазақ халқына байланысты ұлт және жер мәселелерін шешуде ешбір қызмет жасамады.
Осының бәрі Ә.Бөкейхановты кадет партиясынан шығып, “Алаш” партиясын құруға мәжбүр етті.
“Алаш” 1917 жылы 21-25 шілдеде (3-8 тамыз) Орынборда болған бүкілқазақтық съезде дербес саяси партия ретінде қалыптасты. Осыдан кейін
А.Бөкейхановтың басқаруымен партияның Екінші бүкілқазақтық съезі өтті.
1917 жылы желтоқсанның 5-13-күндері өткен Екінші бүкілқазақтық съезі Қазақстан тарихы үшін маңызды оқиға саналады. Дәл осы съезде ұлттық Алаш мемлекетін орнату мақсатымен “Алашорда” уақытша халық кеңесі –жаңа үкімет құру туралы шешім қабылдаған болатын. Бұл тарихта Қазақ хандығынан кейін құрылған екінші мемлекет болды.
“Алаш” партиясының бағдарламасында төмендегідей демократиялық құндылықтар бар болатын, олар:
- “… діни нанымына, шығу тегіне және жынысына қатыссыз адамдар тең құқылы”;
- “мемлекеттік шенеуніктер заңсыз жолмен ешкімді ұстай алмайды”;
- “мемлекеттік қызметшілер қожайынның рұқсатынсыз ешкімнің тұрғын үйіне кіре алмайды”;
- “соттың қарауынсыз және шешімінсіз бас бостандығынан айырмау”;
- “жиналыстың, бірлестік құрудың, сөздің, газет, кітап шығарудың еркіндігі”. Өкінішке орай “Алаш” партиясының өмірі ұзаққа созылған жоқ. Кеңестік үкімет билікке келісімен-ақ оларға «ұлтшыл партия» деген айып тағылып, кейін күшпен, зорлықпен жабылып қалды. Ал “Алаш” партиясы қайраткерлерінің тағдыры қайғылы аяқталды, олар сталиндік жазалаудың құрбаны болды.
Қазақстан тарихында “Алаш” партиясының алатын орны айрықша. Егер жоғарыда аталған осы партияның бағдарламасына қайтадан жүгінетін болсақ, бұл партия Қазақстандағы алғашқы либерал-демократиялық партия болды.
Тарихи тұрғыдан алатын болсақ аты аңызға айналған барлық түркі халықтарының атасы – “Алаш” атын алған партия – қазақ даласындағы алғашқы дербес партия болды. Кейін, 1918 жылдан бастап Қазақстанда бір ғана саяси партия — коммунистік партия болды. Бірақ ол, біріншіден, Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының (КОКП) бөлімі (филиалы) ретінде ғана өмір сүрді. Екіншіден, КОКП-ны партия емес, мемлекетті жеке-дара, шексіз билеген әзірейіл (монстр) деп атаған да дұрыс болатын.
Мемлекеттік билікті толығымен өз қолына алған КОКП алғашқы күннен бастап –ақ бүкіл елді «орасан зор еңбек артеліне» айналдырды. 1919 жылы енгізілген «әскери коммунизм» саясатының озбырлық сипаты елдегі жергілікті бюджеттерді жоюдан, оларды бірыңғай мемлекеттік бюджетке қосып біртұтас қазына құрудан, ұсақ және жеке өнеркәсіпті мемлекет меншігіне алудан көрінді.
Жаңа Кеңестік республиканың адам және материалдық байлықтард игеруге бұйрықтар, реквизициялау,яғни экономиялық басқаруға жатпайтын мемлекеттік күштеу әдістері арқылы қол жеткізілді. Экономика саласындағы осындай төтенше шаралар, «қоршаудағы қамал» идеологиясы және жанталаса қарулану, «бәрі жоғарғы жақтан» саясаттары елімізде өктемдік, зорлық- зомбылық психологиясын туғызды. Азық –түлікке мемлекет монополиясын бекіту үшін жүргізілген адамгершілікке жат саяси шаралар халықты аштыққа ұшыратты. 1921 жылы В.Ленин Кеңестер елінің әлеуметтік- саяси жағдайын«күйзеліс, жоқшылық, қайыршылану» деп сипаттады.
Осы жылғы наурыз айында Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының Х съезінде қабылданған Жаңа экономикалық саясат (ЖЭС) кейін Сталиннің мемлекет билігі басшылығына келуіне байланысты таптық, идеологиялық себептермен тоқтатылды.
1925 жылғы желтоқсанда Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясының ХІҮ сьезінде қебылданған елді соиалистік ндустрияландыру туралы шешімі КСРО-да және оның ішінде Қазақстанда ауыр өнеркәсіптің дамуына әсер етті. Мысалы, Қазақстанда көптеген зауыттар мен фабрикалар салынды. Сол кездегі іске қосылған үлкен құрылыстардың бірі Түркістан-Сібір темір жолы («Турксиб») болатын.
Индустрияландыру саясаты қоғамда жағымсыз жағдайлардың туындауына да себеп болды. Социалистік индустрияландыру саясаты тек ғана КОКП-ның жоғарыдан берілетін бұйрығы,үкімі арқылы жүзеге асырылды. Ақырында, Кеңес Одағында мемлекеттік басқарудың әміршілдік-әкімшілдік әдісі, саяси биліктің жеке диктатурасы қалыптасты.Оның жалғасы тоталитарлық режимге айналды.
1917 жылғы Қазан революциясының халыққа берген уәдесі орындалмай, саяси билік халыққа емес,жеке диктатурамен, әміршілдік-төрешілік басшылығымен алмастырылды.Қазақстандағы социализм идеяларының осылайша бұрмалануы 1925-1933 жылдары Қазақ өлкелік Коммунистік партиясының (КОКП-ның филиалы) бірінші хатшысы болған Ф.Голощёкин есімімен тікелей байланысты. Ол Сталиннің қатаң саясатын жақтап, Қазақстанда көсемшіл, әміршіл тәртіп енгізді. Голощёкин қазақ жерінде «Қазанлебі» (1917 жылғы революцияның) сезілмеген» деп «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу идеясын ұсынды.
КСРО-дағы Коммунистік партияның келесі саясаты – ауыл шаруашылығын кеңестік ұжымдастыру шараларын өткізу болды Бұл шешім 1927 жылы желтоқсанның 2-сі күні Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясының ХҮ съезінде жарияланды. Мақсат: ауылдағы жеке меншікті мемлекттендіру. Себебі –социалистік мемлекетте жеке меншік болмауы тиіс деген идея болатын. Халықтың қолындағы малды мемлекеттің меншігіне тарту үшін жедел түрде колхоз,совхоздар ұйымдастырылды.
Қазақ елінде халықтың наразылығын болдырмау мақсатында Ф.Голошёкин өзінің «Кіші Қазан» идеясын ұстанып бақты. Нәтижесінде тек ғана малмен күн көріп отырған қазақ халқы жаппай аштыққа ұшырады, билікке қарсы болғандар аяусыз жазаланды, елде репрессия басталды.
1932 жылы қазақтың бір топ саяси қайраткерлерінің Ф.Голощёкинге жазған «Бесеудің хаты», Тұрар Рысқұловтың Сталинге жазған хатына немқұрайлы түрде: «Асыра сілтеу болмасын» деген жауап берілді.
Ауылшаруашылығын кеңестік ұжымдастыру саясатының зияндылығы сонша, 1930-1932 жылдардағы еліміздегі аштық тарихқа «ұлы жұт», қазақ халқының аса зор қасіретті жылдары болып енді.
1930 жылы Қазақстан халқының саны 5 миллион 800 мың адам болса, ал 1933 жылы 2 миллион 500 мың ғана халық қалды. 2 миллионға жуық қазақ аштықтан қырылды, 1 миллион қазақ басқа елдерге көшіп кетті. Осы жылдары халық наразылығының күшейуіне жол бермеу мақсатындағы сталиндік репрессия басталды. Бұл да Бүкілодақтық Коммунистік большевиктер партиясы саясатының бір түрі болды.Ол екі мақсатты көздеді: біріншісі,ұлт зиялыларын жою, себебі олар халықтың тарихи зердесі болатын.
Екінші мақсат, Сталиннің жеке басының беделін жоғарлату, оның есімін дәріптеу, мемлекеттегі ролін мадақтау болатын. 1936 жылы КСРО-да сталиндік деп аталған жаңа Конституция қабылданып, халық қатаң билеушінің беделін мойындауға мәжбүр болды. Бұдан кейінгі жылдары кеңес халқы фашизм мен социализм идеологиясы кезіккен , адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қатыгез соғысты бастан кешті.
1952 жылыКСРО-дағы Коммунистік партиясының аталуы өзгертілді.
Бүкілодақтық Коммунистік (большевиктер) партиясы (БК(б)П) енді Кеңес Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) аталатын болды.
КОКП-ның таптық, социалистік саяси ұстанымы бойынша жеке адам бостандығы мен құқығы ескерілмеді. Өздерін демократиялық ,әділетті қауымдастық деп санайтын ірі капиталистік мемлекеттер жағынан КОКП-ның бұл саясаты наразылық тудырды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай басталған қырғи-қабақ соғыс саясаты одан әрі ушыға түсті.
Экономика саласындағы КОКП-ның ұстанған шаруашылықты басқару әдістері нәтижелі болмады. Өнеркәсіп те, ауылшаруашылығы да экстенсивті басқару әдісінен интенсивті әдіске ауыстырылмады.Ақырында КСРО-да ХХ ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап тоқырау көрністері байқалды.КОКП мемлекеттің беделін сақтап қалу үшін әртүрлі әрекеттерге барды: 1968 жылы Чехословакияға өз әскерін кіргізуі, 1969 жылғы КСРО мен Қытай әскерлерінің арасындағы қақтығыстар,1979 жылы КСРО әскерлерінің Ауғанстан жеріне кіргізілуі және т.б. оқиғалар.
Нәтижесінде КОКП-ның саясатына деген наразылық халық арасында күшейе түсті.Кейін КСРО-да мемлекеттің ыдырау процесі басталды,оны сақтап қалу әрекеттерінің бірі КОКП-ның 1991жылғы тамыздың 19-да Мәскеуде астыртын түрде ұйымдастырылған Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік Комитеттің (ТЖМК) мақсатын қолдауы болды. ТЖМК-нің жоспары КСРО-ны қалайда сақтап қалу болатын. Кейінірек Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәлімдемесінде аталып өткендей, «бұл әрекеттер қатардағы коммунистердің күш-жігеріне, партияға орны толмас нұқсан келтірді». 1991жылғы тамыз айының 23-де Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің Бюро мүшелігі құрамынан шығатыны жөнінде мәлімдеді. Кейін Қазақстан Компартиясының өзі де КОКП құрамынан шығып кетті.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өздерінің төтенше съезін шақыру үшін ұйымдастыру комитетін құрды. Осы саяси жағдайға байланысты Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелері өздерінің өклеттіктерінен бас тартатыны және Орталық Комитеттің қызметін тоқтатқаны жөнінде мәлімдеме жасады. Қазақстан Компартиясының кезектен тыс және төтенше съезі 1991 жылы қыркүйектің 7-сі күні Алматы қаласында ашылды.
Съезд Қазақстан Компартиясын тарату және жаңа партия құру жөнінде шешім қабылдады.Ендігі жерде жаңадан құрылған партия социалистік деп аталатын болды. Қазақстан Компартиясының бірқатар мүшелері 1991 жылғы қазан айында құрылған Қазақстан Халық Конгресі партиясының құрамына кірді.
Міне осылай Ленин мен оның серіктері құрған Кеңес Одағы Коммунистік партиясы (КОКП) елімізде өзінің жеке дара билік жүргізуін тоқтатты.
Еліміздің жаңа тарихындағы саяси партиялардың өмірге келуі 1990 жылдан басталды. Осы жылы азаматтық-демократиялық «Азат» қозғалысы (АДҚ) елімізде алғашқы саяси ұйым ретінде тіркелді. Ұлттық мүддені көздеу және қазақтың айырылып қалған құқықтарын қалпына келтіру жағынан бұл қозғалыстың идеялары сол кезде барынша прогресшіл болды. Ұрандары мен бағдарламасы ішінде мұңы жоқталған халық оны қолдады. Аз ғана уақыттың ішінде қозғалыс бүкіл республикада ауқымды әрекет ете бастады. Олардың басқа да ұйымдармен қосылып талап етуі арқасында қазақтың көптеген құқықтарын қалпына келтірген Қазақ КСР-нің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларация қабылданды. Онда Қазақ республикасының бөлінбейтін біртұтастығы, мемлекеттік тілінің қазақ тілі екендігі туралы ресми түрде мәлімденіп, Жоғары Кеңесте қабылданды. Кейін ол Тәуелсіздік туралы Заңның негізі болды. «Азат» қозғалысының басында С.Ақатай, М.Шорманов, М.Есеналин секілді ұлтжанды азаматтар тұрды.
1991 жылы «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы» Заң қабылданды. Осыған сүйеніп парламенттік тұрғыдағы Қазақстанның Республикалық партиясы (ҚРП) – «Азат» құрылды. 1992 жылғы маусым айында «Азат» және ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясы бірігіп, бір партия құру туралы шешім қабылдады (Ұлттық-демократиялық «Желтоқсан» партиясы 1990 жылы «Әділет», «Ақиқат», «Азамат» т.б. ұйымдардың негізінде құрылған болатын). 1992 жылдың 26 желтоқсанында осы біріккен «Азат» партиясы ресми түрде тіркеуден өтті.
Осы кезде елімізді демократияландыру бағдарын ұстаған бірнеше партия болды. Соның бірегейі қазақтың жарқыраған қос жұлдызындай екі ақыны Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов алғашқы төрағалары болған «Қазақстанның Халық Конгресі партиясы» (ҚХК). Бірақ көп ұзамай М.Шаханов «Арал – Азия – Қазақстан» қозғалысының жұмысын жүргізуге ауысып, партия басшылығынан кетті.
Өз бетімен ыдырап кеткен КОКП-ның орнына Қазақстан социалистік партиясы (ҚСП) құрылып, оның басшылығына белгілі жазушы Ә. Әлімжанов сайланған болатын. Бірақ партияның көптеген өкілдері оның мемлекеттің тұрақтылық жолын көздеген қадамдарын қолдамай, радикалды шаралар жасау үшін 1991 жылғы желтоқсан айында қайтадан Қазақстан коммунистік партиясын құрды.
1990-1992 жылдары Қазақстан қоғамында демократиялық процестердің
қарқындап дамуына сәйкес саяси күштердің бір жағынан барынша белсенділік іс-қимылдары көрініс тапса, екінші жағынан бей-берекет әрекеттер де орын алды. Осы әрекеттер әртүрлі саяси ұйымдардың пайда болуына ұйытқы болды. Мысалы, «Тәуелсіз кәсіподақ орталығы» және шетелдік қорлармен байланыс жасаған «Социал-демократиялық партиясы», «Бірлік», «Русская община», «Казактар одағы» т.б. ондаған ұсақ партиялар мен қозғалыстар өмірге келді.
Еліміздегі жасампаз күштердің бағытын бір арнаға тоғыстыру мақсатымен 1993 жылы «Қазақстанның халық бірлігі одағы» құрылды. Оның жетекшісі (лидері) болып Президент Н. Назарбаев сайланды. Алғашқы төрағасы С.Әбдірахманов, ал сол жылдың аяғында болған съезде төрағалыққа Премьер- Министрдің орынбасары Қ. Сұлтанов сайланды. Бұл одақ елдегі саяси ағымдарды тұрақтандыру, бір арнаға түсіру жолында үлкен жұмыстар жасады.
Осы жылдары Қазақстанның Аграрлық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Республикалық «Отан» саяси партиясы, Республикалық «Асар» партиясы», Қазақстанның социал-демократиялық «Ауыл» партиясы, «Қазақстанның Азаматтық партиясы», «Қазақстанның Коммунистік партиясы», «Қазақстанның патриоттары партиясы», «Руханият» партиясы ресми түрде тіркеуден өтті.
1997 жылы кейбір қозғалыстар мен партиялар ұсынған пікірлерді қолдай отырып, Қазақстан Үкіметі саяси күштер жетекшілері мен билік өкілдерінің қатысуымен пікір алысуға «дөңгелек үстел» құруды қолға алды. Бұл қазіргі демократиялық реформалар бағдарламасын дамыту және нақтылау жолындағы мемлекеттік комиссияның алғашқы нұсқасы болатын.
Қазақстандағы көппартиялықтың қалыптасуына, жалпы қоғамдық-саяси бірлестіктердің өрістеуіне республикада қабылданған заңдар әсер етті. Олар: «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996 ж.), «Саяси партиялар туралы» (1996 ж.), «Саяси партиялар туралы» (2002 ж.). Бұл заңдар азаматтардың қоғамдық ұйымдар құру еркіндігіне кепілдік берді. Саяси партиялар мен бірлестіктер заңды түрде жұмыс істеуге мәртебе алды. Қазақстандағы көппартиялықтың дамуына зор әсер еткен 1998 жылғы қазанның 7-і күні ҚР Конституциясына енгізілген Заң болды. Осы Заң бойынша ҚР парламенті Мәжілісіне «он депутат бара-бар өкілдік жүйесі бойынша және біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша партиялық тізімдер негізінде сайланады» деп жарияланды.
Осы Заң қабылданған соң бір жылдан кейін, 1999 жылдың 10-шы қазанында Қазақстанда ең алғашқы көппартиялық негізде Парламентке жалпыхалықтық сайлау өткізілді. Елдің Президенті Н.Ә.Назарбаев бұл күнді:
«Осы сайлау біздің Қазақстан үшін көппартиялық демократияның туған күні» — деп атады. Сол күнгі сайлаудан бастап еліміздегі саяси партиялардың уәкілдері Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісіндегі депутаттық орындарға сайланатын болды. Бұл еліміздегі демократияның негізгі белгілерінің бірі — көппартиялықтың қалыптасуының басты көрінісі болып табылады.
2006 жылы 22 желтоқсанда «Отан» партиясының кезектен тыс съезінде Қазақстан қоғамындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатымен «Асар», Азаматтық және Аграрлық партиялар «Отан» партиясымен қосылып, біртұтас саяси партияға айналды. Съездегі осы партиялардың 346 делегаты партияның «Нұр Отан» деген жаңа атын мақұлдап бекітті.
Қазақстан Конституциясына 2007 жылғы 21 мамырда енгізілген өзгертулер бойынша, Мәжіліске 98 депутат партиялық тізім негізінде сайланатын болды. 2007 жылғы 18 тамыздағы Мәжіліс сайлауында «Нұр Отан» жетекші саяси партия болып қалыптасты. Бұл партия бүгінгі таңда Қазақстандағы ең қуатты, халықты көп қамтыған, ұйымшыл қоғамдық-саяси күш. Ол қазақстандықтардың басым көпшілігінің сеніміне кіріп, үлкен беделге ие болды.
Қазақстанның саяси өміріндегі көппартиялықтың дамуы – қоғамды демократияландыру үрдістерінің құрамдас бөлігі. Әрбір партия халыққа адал қызмет жасаса ғана партиялық жүйе қоғамның жетекші саяси күші бола алады.