Отбасына байланысты мақал-мәтелдер


Скачать/Жүктеу

Ерлi-қатынның ортасына

Есi кеткен отырар.

Ерлi-зайып – қос өгiз.

Ерлi-қатын ұрысар да, керiсер,

Керiсер де келiсер.

Көңiлсiзден көзсiз бала туар.

Сұлу сұлу емес

Сүйген сұлу.

Өзiң сүйгендi алғанша

Өзiңдi сүйгендi ал.

Екi жарты – бiр бүтiн.

Ерлi-қатын тату болса

Шырағы жанар,

Ерлi-қатын араз болса

Өмiрден көңлi қалар.

Басы қаралының,

Көңiл жаралы.

Ата-анадан жар жақын,

Туысқаннан мал жақын.

Өз жарыңды жаттай күт,

Жат көрсiн де түңiлсiн.

Бiр бiрiңдi қадiр тұт,

Жұрт үлгi алсын, үңiлсiн.

Әркiмдiкi өзiне,

Ай көрiнер көзiне.

Жақсы әйел,

жаман еркектi түзетедi.

Екi жақсы қосылса,

Өлгенiнше дос болады.

Екi жаман қосылса,

Өлгенiнше өш болады.

———-

Жас жалтаңға қашар,

Кәрi қалыңға қашар.

Атаңа не қылсаң

Алдыңа сол келер.

Ата балаға сыншы.

Атадан ұл туса игi,

Ата жолын қуса игi,

Баланды жұрт мақтаса

Бәрiнен де сол сүйгi.

Ата баласының ат меңiндей

Белгiсi болады.

Әкесiн сыйламаған кiсiнi,

Баласы сыйламайды.

Iлгерi басатын жасты,

Керi тартқан кәрi қайтарады.

Үлкен бастар,

Кiшi қостар.

Ата баласы азарында –

асық ойнайды.

Өзiңдi көрген өлсе өлсiн,

Атаңды көрген өлмесiн.

Атанда бала туар,

Атасының жолын куар.

Әкесi құрдастың, баласы құрдас.

Жас – кәрiнiң көзi,

Кәрi – жастың тезi.

Атаның жаман ұлы малға ортақ,

Әрi үйлi жанға ортақ.

Әкесiнiң жақсылығы жездедей-ақ.

Бала атадан батпан артық туады.

Жаман да болса ұрпақ қалсын –

Өз орнында отың жансын.

Өз қолыңда болмаса әкең де жат.

Баланың ұяты әкеге,

Қыздың ұяты шешеге.

Ата даңқымен қыз өтер,

Мата даңқымен бөз өтер.

Екi баланың ортасындағы

Бiр шал бала болады,

Екi шалдың ортасындағы

Бiр бала – дана болады.

Атадан жақсы ұл туса,

Есiктегi басын төрге сүйрер,

Атадан жаман ұл туса,

Төрдегi басын жерге сүйрер.

Әкемнiң шоты

Аса-аса тиедi.

Апа-екеме жездекей сай.

Ата – бәйтерек,

Бала – жапырақ.

Атаның өспес ұлы,

Өнбес дауды даулайды.

Әй дейтiн әже жоқ,

Қой дейтiн қожа жоқ.

Аталы ұл – қожалы құл.

Аталы жетiм –

арсыз жетiм,

Аналы жетiм –

ерке жетiм.

Жалғыз баласы атқа шапса,

Анасы үйiнде тұрып тақымын

қысады.

Анасы сүйгеннiң баласын сүй.

Алты ұл туған ананы –

Қаным десе болады,

Кезек сыйласқан ағайынды,

Жаным десе болады.

Ата-анаң бар болсын,

Бала кезде жар болсын.

Жас бала құстың

қөлеңкесiне тоңады.

Ұл таппас ана болмас

Тұрарын айт,

Мал таппас бала болмас

Құрарын айт.

Ана жақсылығын

Ауырсаң бiлерсiң.

Қайын жақсылығын

Қыдырсаң бiлерсiң.

Баланың өзi туғандай,

Келiннiң өзi келгендей.

Анасын көрiп қызын ал.

Аяғын көрiп асын iш.

Қатын қалса бай табар,

Бала қалса мал табар.

Ананың көңлi балада,

Баланың көңлi далада.

Екi қатынның баласы,

Екi рулы елдей.

Торғай жаңбыр жауса

Баласын қорғайды,

Бұршақ жауса

Баласын қорғайды.

Балам өстi дегенше,

Батыр өстi десейшi,

Батыр өнер бiлмесе,

Қапыл өстi десейшi.

Ұлсыз қатын,

шүмекке тоймас.

Ата-ананың қадiрiн,

Балалы болғанда бiлерсiң;

Анық достың қадiрiн,

Жалалы болғанда бiлерсiң.

Әкелi жетiм анық жетiм,

Шешелi жетiм жарым жетiм.

Ананың сүтi – бал,

Баланың тiлi – бал.

Ананды Меккеге үш арқалап

барсаң да,

Қарызынан құтыла алмайсың.

Аналы баланың — өзi тоқ,

Анасыз баланың көзi тоқ.

————

Әдептi бала арлы бала,

Әдепсiз бала сорлы бала.

Жыламаған балаға,

Емшек бермейдi.

Бала, баланың iсi шала.

Балалы үй базар,

Баласыз үй – қу мазар.

Бала күлкiге тоймас,

Жаман үйқыға тоймас.

Жетi атасын бiлмеген,

Жетiмдiктiң салдары.

Ұл туғанға – күн туар.

Итпен ойнасаң үрерсiң,

Баламен ойнасаң күлерсiң.

Ат болатын құлынның

Бауыры жазық келер,

Адам болар баланың

Маңдайы жазық келер.

Жылайын деген баланың,

Үш күн бұрын көзi қышыйды.

Нар баласын қарпып сүйер.

Алты жасар бала атқа мiнсе

Алпыстағы шал алдынан шығар.

Балалы үйрек көлден кетпес,

Баласы жас елден кетпес.

Ер бала он бесте отау иесi.

Тайдың мiнгенi бiлiнбес,

Баланың iстегенi бiлiнбес.

Ашаршылықты көп көрген

өзi тоймай «мә» демес;

жетiмдiктi көп көрген

Үш шақыртпай «ә» демес.

Жаманға айтқан ақылың

Далаға атқан оқпен тең.

Талабы жоқ жас ұлың,

Жалыны жоқ шоқпен тең.

Атасыз ұлдың ауызы үлкен.

Әдепсiз бала –

Аяққа басылған шал.

Қазанға тиме қарасы жұғар,

Балаға тиме пәлесi жұғар.

Мал балада қалды,

Бай далада қалды.

Балаға жанның ашуы бiрдей,

Қай қолыңды кессең де

Жанға батуы бiрдей.

Атадан жақсы ұл туса,

Елiнiң қамын жейдi,

Атадан жаман ұл туса,

Елiнiң малын жейдi.

Жетiм бала кекшiл.

Шыбық тимес, шыңқ етер.

Ер бала ата-анаға таяу,

Қыз бала үйге жаққан бояу.

Бала адамның бауыр етi.

Боранды күнi бала құтырар,

Желдi күнi ит құтырар.

Жас жастың тiлегi бiр,

Жiбектiң түйiнi бiр.

Болар бала боғынан.

Жетiм, жетiм демеңiз,

Жетiмнiң ақын жемеңiз.

Балаллы үйдiң ұрлығы жатпас.

Ұлың көңiлшек болса,

Атының соры.

Қызың көңiлшек болса,

Басының соры.

Жақсы бала қонаққа үйiр;

Жақсы тай атқа үйiр.

Күлшелi бала сүйкiмдi.

Үйiң үй-ақ екен,

Iшiнде ойнайтын баласы болса…

Болатын елдiң баласы,

Бiрiн бiрi «батыр» – дейдi,

Болмайтын елдiң баласы

Бiрiн бiрi «қатын» – дейдi.

Оразының баласы

Он бесiнде баспын дейдi;

Шеразының баласы,

Жиырма бесiнде жаспын дейдi.

Қыз – қуыршақ, — дейдi.

Бала – құлыншақ, — дейдi.

Келiннiң сөзi кетпендей,

Баланың сөзi батпандай.

Жауатын күн – ыстық болады,

Болатын бала – пысық болады.

Өлетiн бала молаға қашады.

Бала соққан кездiктiң

басы жарық.

Бала көңiлдiң гүлi,

Көздiң нұры.

Күмiс кездiк сүйкiмдi.

Ата өлiп бала қалса,

Мұратына жеткенi.

Бала өлiп ата қалса,

Арманы iште кеткенi.

Жылайын деген бала

Әкесiнiң сақалымен ойнайды.

Өз ұлың, өкпеге тепкiлесең

де кетпес,

Кiсi баласы кiсендесең

де тұрмас.

Тiсi шыққан балаға,

Шайнап берген ас болмас.

Қарға баласын аппағым дер.

Кiрпi баласын жұмсағым дер.

Өзi жығылған бала жыламайды.

Аш бала,

Тоқ баламен ойнамайды,

Тоқ бала,

Аш болам деп ойламайды.

Қыз – ауылдың көркi,

Құндыз болса – бөркi.

Талапты бала –

Талпынған құстай,

Құмары қанбас –

Аспанға ұшпай.

Қыз – қонақ.

Өткелден өткенше қызыңды

алайын…

Қыз ауыр ма,

Тұз ауырма.

Ұлың ұрымға, қызың қырымға.

Теңiн тапсаң тегiн бер.

Қызыңды жерiне бер,

Жер ыңғайы келмесе

ерiне бер.

Қазы бардың – назы бар.

Қызды ауыл көңiлдi.

Күйеу келсе қыз тұрмас.

Бесiн болса күн тұмас.

Шыққан қыз, шиден тысқары.

Өзi болған қыз,

төркiнiн танымас.

Ондай-ондай ханның

қызында да болады.

Кешермен болса жұрт жаман,

Кетермен болса қыз жаман.

Арпа берсең атқа бер,

Күтiр-күтiр шайнасын,

Қызды берсең жасқа бер,

Құшақтасып ойнасын.

Отырған қыз орын табар.

Қызым үйде, қылығы түзде.

Қараша үйден ханыша шығар.

Қыз күнiнде қыздардың

Бәрi жақсы,

Жаман қатын шығады

осы қайдан.

Қыздың баласындай.

Қолдың саласындай.

Саз да болса, жаз болсын,

Соқыр да болса, қыз болсын.

Қыз көрейiк, қыз көрейiк,

Қыз көретiн жiгiттi, бiз көрейiк.

Қызға бергендi қыдыр өтер.

Қыз өссе – үйге жұт,

Ұл өссе – үйге құт.

Қымызды кiм iшпес,

Қызды кiм айттырмас.

Көне етiктiге бармай жүр,

Көк етiктi алмай жүр.

Қыздың тамағы қылдай.

Қисық болса да жол жақсы,

Долы болса да қыз жақсы.

Қыз қылығымен көпке жағады.

Қалыңсыз қыз болса да,

Қадесiз қыз болмайды.

Суды құм бөгейдi,

Дауды қыз бөгейдi.

Қысыла-қысыла қыз болдым.

Гүл өссе жердiң көркi,

Қыз өссе – елдiң көркi.

———-

Отқа барған қатынның

Отыз ауыз сөзi бар.

Жақсы келiн – келiн,

Жаман келiн — өлiм.

Үйдi қырық еркек толтыра

алмайды,

Бiр әйел толтырады.

Төркiнiне сенгеннiң,

төбесi жарық.

Қапқа түскен қатындiкi.

Келiн-келiн, келiн бақ,

Келмей жатып сөзiн бақ.

Байсыз әйел үйде тұрмас,

Баусыз оймақ қолда тұдрмас.

Iшi тар қатын бала тумас.

Алты қатын асқа барса,

Әрқайсысы өзiнiң мұңын айтар.

Қатын мұндай көп болмас.

Карта мұндай боқ болмас.

Олақ қатын ұл туса,

Я шүмегi жоқ, я түбегi жоқ.

Долы қатын жылауық,

Сұғанақ қатын сұрауық.

Келiн бой жасырады,

Даусын таудан асырады.

Жаман қатын алғанның,

Жауы үйiнде,

Екi қатын алғанның,

Дауы үйiнде.

Қорықпас келiн,

Қой басынан қорқады.

Екi қатын алыпсың,

Бiр пәлеге қалыпсың.

Қылымсыған қатын,

Қызыл көйлек киедi.

Төркiнi жақын қатынның,

Төсегi жиылмас.

Олақ қатын оймақшы,

Салақ қатын сауықшыл.

Келiннiң бетiн кiм бұрын ашса,

Сол ыстық.

Қапияда қатын ақыл табады.

Айлас қатын, мұңдас.

Есiнеу-есiнеу бiр екен,

Есiлде менiң қатыным.

Қатын көп болса

Шөмiштi ит жалайды.

Қатын ерге қарайды,

Ер жерге қарайды.

Келiннiң аяғынан,

Қойшының таяғынан.

Бiз де қатын болармыз,

Қапқа тары салармыз.

Бiздiң алақанымызға да

Қарға тышар.

Қатыны жоқ үй – жетiм.

Күндестiң күнi де күндес,

Күлi де күндес.

Қатын қырық шырақты.

Қой толғағынды берме,

Оң толғағынды бер.

Бiр қатын сылаумен қатын,

Бiр қатын қынаумен қатын,

Бiр қатын сынаумен қатын.

Ерге жаққан қатын,

Елге де жағады.

Екi қатын алғанның,

Құлағы тынбас.

Есекке мiнгеннiң

Аяғы тынбас.

Қатын алсаң, отын ал,

Бiр құшағын артық ал.

Келiн жаман емес,

Келген жерi жаман.

———-

Кәрiлiктiң алды,

Жiгiттiктiң соңы.

Кәрiнiң бары игi.

Қарт қойнында қалаш бар.

Жақсы адам қартайса,

Жазып қойған хаттай,

Жаман адам қартайса,

Бықсып жанған шаладай.

Жас өсер,

Жарлы байыр.

Қара арғымақ қартайса,

Қарға адым жер мұң болар,

Қара көзден нұр тайса,

Бiр көруге мұң болар.

Кәрi бiлгендi, перi бiлмес.

Отырса от басында,

Көшсе көш басында.

Кәрi келсе асқа,

Жiгiт келсе iске.

Сексенде сегiз байлық,

Сегiз жарлылық.

Бұл сексен көрейiн деген

Жасым ба едi.

Быламық iшейiн деген

Асым ба едi.

Есiк алды төбе болса

Ерттеп қойған атпен тең.

Аулыңда кәрияң болса,

Жазып қойған хатпен тең.

Көп жасаған көмбенiң

Үстiнен шығар.

Шөп те басынан құрайды.

Өсетiн елдiң қарты –

Қазына болар,

Өспейтiн елдiң қарты –

Қызымыр болар.

Қарсы келсе кәрiлiк

Қара нарды шөктiрер.

Кәрiге құрмет

Балаға мiндет.

Өмiр қартайса да,

Көңiл қартаймайды.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы