Скачать/Жүктеу
Қоғамдық өмірде бір-бірімен тығыз байланысқан екі категория бар. Олар құқықтық тәртіп пен демократия. Құқықтық тәртіп пен демократия заң ғылымында ежелден зерттелініп келе жатқан екі категория. Бірақ, бұл категориялар қаншалықты көп зертелгенімен, өздерінің өзектілігін жоғалтпаған және әр уақытта олар қоғамға өте қажет болып табылады. Себебі оларсыз қоғамда тәртіпсіздік, заңсыздық, бет бетімен кеткендік орнар еді. Яғни, қоғам дамуының әр кезінде бұлар өте қажеттілігі зор құқықтық құбылыстар болып табылады.
Құқықтық тәртіп пен демократияның өздерінің ерекше белгілері, қасиеттері, әртүрлі құрылымдары, функциялары және қағидалары бар. Бірақ соған қарамастан олар бір-бірімен тығыз, өзара қарым-қатынастықта болады.
Демократия, ежелгі грек тілінен аударғанда халық билігі деген мағынаны білдіреді [1, 161 б.]. Бұл демократияны түсінудің әлемдегі ең кең тараған түрі.
Бұл билік халықты биліктің қайнар көзі деп тануға және теңдік пен бостандыққа негізделеді және мемлекеттің негізгі органдарының сайланбалық қағидаттарын басшылыққа алуға сүйенеді [2, 75 б.].
Көптеген ғалымдардың пікірі бойынша демократия, билік пен басқару нысаны ретінде қазіргі қоғам өмірінің жағдайына жауап беретін мемлекеттіліктің жалғыз нысаны [3, 504 б.] дейді.
1921 жылы ағылшын Дж. Брайспен «Современные демократии» [4] атты жарияланған демократияның теориялық негіздеріне арналған фундаментальды еңбектердің алғашқысында, оның қоғамда тамырлануының тек қана оң емес, сонымен бірге теріс те жақтарын көрсетті.
Бұдан басқа да, автор осы еңбекте әлемдік өлшемде демократияның болашақтағы перспективалары туралы ой айтады. Д. Брайс демократия әлемге тарала жалпы құндылық болады дей келе, демократия еуропалық мәдениеттің заты болғандықтан, демократиялық тәртіп басқа мәдениеттерге, әсіресе шығыстық мәдениетке терең тамыр жіберуі мүмкін деп ойламаған еді. Ғасырдың басында айтылған осы екі ұсыныстар өзінің мәнділігін әлі күнге дейін жойған жоқ [5, 251 б.].
Заң әдебиеттерінде демократия мемлекет нысаны ретінде, яғни «азаматтар мен олардың бірлестіктерінің басқару шешімдерінің мазмұнына ықпал ету, осы шешімдердегі заңдылықты әлеуметтік мүдделердің іске асуына жетуін ашатын ұйым болып табылады» [6, 177 б.].
Мемлекеттің демократиялық нысаны туралы мемлекеттің конституцияның болуы және тәжірибеде мынадай жалпы адамзаттық құндылықтарды іске асуынан бағаланады: халық билігі; биліктің бөлінуі; саяси, идеологиялық плюрализм; құқықтық, әлеуметтік, зайырлы мемлекет; жынысына, нәсіліне, ұлтына, мүліктік жағдайына, білім деңгейі мен діни сеніміне қарамастан азаматтардың әлеуметтік экономикалық және саяси құқықтары.
Мемлекеттің нысаны ретінде демократияның сипатымен мына концепция тығыз байланысты. Бұл концепцияға сәйкес демократия саяси режимнің бір түрі болып саналады. Яғни, фашистік және авторитарлы саяси режимдерге қарсы қойылатын, мемлекеттік билікті іске асыратын белгілі бір әдісі. «Саяси режим ретінде демократия үшін, орталық және жергілікті өкілді мекемелердің, әртүрлі партиялардың және қоғамдық ұйымдардың сайланбалығы, заңдылығы және қызмет етуінің легалдығы болу қажет» [7, 114-115 бб.].
Екі концепцияның өзара тәуелділігі (демократия мемлекеттің басқару нысаны және саяси режимнің бір түрі ретінде) саяси режимді кең және тар мағынада түсінумен байланысты. Саяси режимді кең мағынада түсіну, тұлғаның саяси бостандығы мен демократиялық құқықтарының кепілдігін болжайды, ресми конституциялық және құқықтық нысандарды саяси шындылыққа сәйкестігі және қоғамның саяси жүйесіне тікелей қатынасы бар екендігін көрсетеді. Саяси режим тар мағынада, мемлекеттік басшылықтың әдістері мен тәсілдерінің жиынтығы ретінде түсініледі және мемлекеттің нысанының синонимі ретінде қарастырылады [8, 7 б.].
Демократиялы саяси режим биліктің халық көпшілігіне тиістілігімен сипатталады. Олар құрған және бақыланатын мемлекеттік пен қоғамдық ұйымдармен, қоғам мен мемлекет арқылы шынайы басқару мүмкіндігі.
Заң ғылымында демократияны мемлекеттің құрылымдық нысаны ретінде де ұғыну кездеседі. Сонымен қатар оның негізінде конституциялық құрылымның мынадай қағидалары жатқандығы айтылады: халық билігі, саяси плюрализм, бостандық және азаматтардың теңдігі, адамдардың құқықтарынан ажыратылмайтындығы [9, 72 б.].
Тек қана мемлекеттік ғана емес, кез-келген ұйымның құрылым нысаны жоғарыда көрсетілген пікірге сәйкес демократияның сипатына жақын келеді. Өйткені ол ұйымдардың да мүшелерінің теңділік, басқару органдарының мерзімділік сайлану және онда шешімді көпшілікпен қабылдану қағидасына негізделгелуі яғни, қоғамдық-саяси демократияны білдіреді. Осындай мағынада партиялық, кәсіподақтық, өндірістік және соған ұқсайтын демократиялар айтылады [10, 116 б.].
Осы келтірілген пікірлер мынаған байланысты, яғни әлеуметтік функциялар мен билікті жүзеге асыруда қатысатын мемлекеттен тәуелсіз көптеген санды ассоциациялар, ұйымдар және топтар орын алған қоғамда демократия мүмкін. Осы мезетті Р. Даль де кезінде атап көрсеткен. «Қазіргі кездегі барлық демократиялық қоғамда билік көптеген саяси, кәсіпқой, экономикалық, әлеуметтік, мәдени және діни ұйымдар арасында маңызды көлемде орталықтандырылмаған. Әрине, тәуелсіз ұйымдардың өмір сүруі демократияның жеткілікті шарты деуге болмайды, бірақ олардың жалпыұлттық масштабта өмір сүруі демократия мен бостандық үшін қажет екені айқын» [11, 41 б.].
Мемлекеттік құрылыстың теориясы мен тәжірибесінде мына концепция орын алды. Яғни осы концепцияға сәйкес, демократия мемлекеттік құрылымның нысаны ретінде әртүрлі жағдайларда әртүрлі әлеуметтік мазмұнға ие болады және барлық саяси ағымдармен өздерінің мақсаттарына жетуге пайдаланылады.
Жекеленген авторлар демократия — тек билікті ұйымдастыру нысаны деген тезисті айта келе, ол әртүрлі мазмұнмен толтырылу мүмкін деп оның саяси құндылығын теріске шығарады [12].
Демократия саяси дүниеге көзқарас ретінде догматизмге, схематизмге, бір өлшемділік пен төзбеушілікке қарсы анықталған ойдың кейпін білдіреді. Бұл жерде біртекті, бір және мәңгілік бекітілген ереже жоқ. Демократиялық дүниеге көзқарас әлеуметтік-философиялық тамыры адамдардың өзгеріп жатқан жағдайларға қолайлану ұмтылысы болып табылады. Сондай-ақ осы мақсатта ескірген әлеуметтік және саяси институттардың, нормалардың, құндылықтарды қайта қарау және жіктеу.
Демократия саяси дүниеге көзқарас ретінде авторитаризмді, тоталитарлы және басқа да репрессиялы қоғамдық тәртіпті теріске шығарады. Саяси дүниеге көзқарас ретінде демократияның негізінде демократия саяси идеал ретінде қарастырылады. Саяси демократияның идеалдары ретінде мыналарды бөліп көрсетуге болады: экономикалық және әлеуметтік теңділік, толық бостандықты білдіру, шешімді қабылдауда теңдей қатысу құқығы.
Демократия, бостандық тәрізді жалпы технологиялық рецептермен дамитындай тым феноменальды, индивидуалды, динамикалы болып табылады. Әрбір халық өзінің бостандығын таңдайды және әрбір жағдайда әртүрлі бостандықтың арақатынасы мен шектелуін іздейді.
Өзінің тарихи және саяси мәдени ерекшеліктеріне қарай таза күйінде құндылықтарды, нормаларды және институттарды шығару мүмкін емес. Әрбір халықтың ұлттық санасында осы халықтың сипатын, менталитетін, рухын анықтайтын базистік, табиғи элементтері бар, және олар оның дүниеге көзқарасының ерекшелігін анықтайды. Қоғамды демократизациялау халықтың санасының жағдайына, саяси демократияның негізгі құндылықтарын қабылдау мен іске асыруының дайындығы деңгейіне байланысты болады. Тек, жалпы қабылдаған демократиялық құндылықтар мен нормалар көпшіліктің жүріс-тұрыстық белгілері болғанда, демократия нақты ұлттық орынға орнығады. Ал ол ұзақ тарихи тәжірибе нәтижесінде қол жетіледі [8, 10 б.].
Демократия саяси құндылық ретінде, саясат пен мемлекетті басқаруда халық еркін білдіретін оңтайлы жағдайлар қалыптастыратын, демократияның басқару нысаны ретінде үстемділігіне көз жеткізушілінде болып табылады.
Демократияның саяси құндылығының қатарына мыналар жатқызылады: азшылықтың құқықтарын қорғаудағы көпшіліктің билігі, мемлекеттік негізгі органдардың сайланбалығын жүзеге асыру, азаматтардың құқықтары мен саяси бостандықтарының орын алуы, олардың теңділігі, заңның үстемдігі, конституциализм, билікті бөлу.
Демократия саяси құндылық бола, өзін-өзі қорғаудың маңызды құралы болады, адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асырудың қажетті шарты және ең негізгі бостандығы – тұлға сақтайтын, басқа адамдармен бірге заңдар мен ережелерді анықтауда бірге қатысу бостандығы болады [11, 41 б.].
Демократия қозғалыс ретінде либералды құндылықтар үшін абсолютизммен күрес туы ретінде пайда болды [13, 14 б.]. Бұл қозғалыс әртүрлі кезеңде, әртүрлі әлеуметтік күштермен адам құқықтарына табиғи ретінде қарайтын көне көріністерге шынайы берілгендігін сақтайтын ретінде көрсететілді. Оларды сақтау кепілі саяси жүйені демократиялық ұйымдастыруда болып табылады.
Демократия саяси үрдіс ретінде халық билігі қағидасына сәйкес, барлық жүйенің қызмет етуін қамтамасыз ететін, басқарудың анықталған институттарының, рәсімдерінің және қағидаларының жиынтығын көрсетеді. Демократия саяси құндылық, дүниеге көзқарас ретінде құқықтық мемлекетсіз, меншік, өндіріс және бөлу қатынастарын, индивидтердің өздері және мемлекет арасында өзара қатынасын реттейтін, айқын дайындалған құқықтық нормасыз жүзеге асыру мүмкін емес.
Сонымен демократия саяси үрдіс ретінде «әлеуметтік шешімге» жетудің жиынтықталған институттарын білдіреді [8, 12 б].
А.И. Ковлер өзінің «Кризис демократии? Демократия на рубеже XXI века» атты еңбегінде қазіргі кездегі демократия күнделікті қоғам талабына жауап беретін басқару техникасы, ескішілдік рәсімі тәрізді болады. Демократиялық теория осы талаптарға өзінің формализмінің арқасында үлгермейді. Мүмкін демократияның кризисін жеңіп шығу, демократиялық рәсімдердің жаңа ережелерін дәйектеуде шығар [14, 32 б.] дейді.
Демократияны бірдей емес әртүрлі түсіну, оның мазмұнын әр алуан түсіндіру себебі, зерттеудің бірдей емес бағыттылығы, оны түсіну мен саралаудың әртүрлігіне байланысты.
Ғылымда демократияны нормативті және жазылмалы-эмпирикалық мағынада түсіндірулері бар. Нормативті жағынан түсіндірудің мәні – демократияның идеалды үлгісін құру, басқа басқару нысанымен салыстырғанда оның артықшылығын көрсету, демократиялық идеалды жүзеге асырудың жодарын саралау болып табылады. Осындай идеалды түрде демократия ешқашан өмірде болған жоқ. Демократия идеал ретінде адамдардың мүмкіндігі туралы, оны іске асыру үшін ұмтылуға көрініс береді.
Ал жазылмалы-эмпирикалық мағынада демократияны қандай күйінде болса солай саралынады табылады.
Сонымен демократия — бұл қоғамның саяси дамуының бағдары ретінде болатын идеал болып табылады.
Демек, ғылымда демократия туралы ортақ немесе жалпы пікір жоқ. Демократияның теоретиктері оның әртүрлі қасиеттеріне сүйенеді: қатысу (Руссо), өкілдік (Милль), биліктердің бөлінуі (Монтескье), теңділік (Маркс), орталықтандырылмағандық (Токвиль), бостандық (Хайек) табылады.
Демократия көрініс табудың көп аспектілеріне ие, осылардың әрқайсысына халық билігі деген терминді қолдануға болады. Олар мынадай болады:
а) мемлекет мәнінің элементі (жақтары), мемлекеттік биліктің сипаты;
ә) мемлекет пен құқықты демократиялық немесе тоталитарлы критийге жатқызу;
б) мемлекеттің саяси нысаны;
в) оның саяси режимі;
г) мемлекет механизмі және оның органдарының құрылуы мен қызметінің қағидасы;
д) партиялар мен басқа да қоғамдық бірлестіктердің ұйымдасқан құрылуы мен қызмет етуі;
е) мемлекеттің және қоғамның саяси жүйесінің барлығы дамуының маңызды бағыттары.
Демократия дегеніміз – көппікірлік, ашықтық, көппартиялық, еркін сайлау, биліктің бөлінуі, заңның жоғарылығы, тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, беделді және тәуелсіз соттардың болуы және т.б. [15, 428 б.].
Құқықтық тәртіп — ол құқықпен реттелінетін, қоғамдық қатынастың тәртібі, құқықтық қатынас мүшелерінің субъективті құқықтарының іске асуы мен заңды міндеттерінің орындалуы мемлекетпен кепілденеді, заңдылықтың іске асуы, құқыққа сай заңды мінез-құлық қамтамасыз етіледі [15, 420 б.].
Өз кезегінде демократия, оның қалыпты дамуы – құқықтық тәртіп пен заңдылықтың өмір сүруінің қажетті объективті және субъективті шарты, әлеуметтік-саяси негізі. Демократиясыз, шынайы заңдылық, мықты құқықтық тәртіп туралы сөз болуы мүмкін емес. Демократия толық дамыған болса, қазіргі қоғамның ең жоғарғы сатысында көрініс алу, яғни құқықтық мемлекетке жылжу айқын болған сайын, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шарты қолайлы болады.
Ал басқа жағынан қарастырғанда, заңдылық пен құқықтық тәртіп халық билігін бекіту мен ары қаратай даму үшін, өркениетті азаматтық қоғамның қалыптасуы мен құрылуы үшін, күшті демократиялық құқықтық мемлекет үшін қажет [15, 428-429 бб.].
Құқықтық тәртіп демократияның маңызды институттарын бекітеді, заңнама және заңдылық азаматтарға кең демократиялық құқықтар мен бостандықтарға кепілдік береді, оларды нақты пайдалану азаматтарды мемлекеттік барлық істерде басқаруда қатысуға қамтамасыз етеді.
Саяси режим ретінде демократия өзінен-өзі нық құқықтық тәртіп пен заңдылықты талап етеді, құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің жоғарғы деңгейін тәрбиелейді, елдегі қатаң заңдылық пен жоғарғы саяси-құқықтық саналылық, нық енгізілген құқықтық мәдениеттің өмір сүруі, қоғамның саяси ұйымының демократизациялығы туралы өзінен-өзі жақсы күәландырады.
Демократизация жаңа құқықтар мен бостандықтарды қосымша заңнама тіркеу арқылы, бар заңи рұқсат ету мен мүмкіндіктерді жүзеге асыру кепілдіктерін нығайту арқылы да, құқықтарды іске асыру механизмінің өзі арқылы және сәйкес заңи міндеттерді орындау арқылы да жүруі мүмкін. Басқаша айтқанда, конституцияда және басқа да нормативті құқықтық актілерде бекітілген азаматтар мен ұйымдардың құқықтық мәртебесін қамтамасыз ету.
Демократиялық қоғамда құқықтық тәртіпті тағайындау мыналарды реттеуді қажет етеді:
а) әрбірінің алдында айқын мінез-құлық бағдарламасын қоя, мемлекеттік істерге азаматтарды қатыстыру мен қатысуы;
ә) құрамдас өзіндік буындар мен олардың өзара әрекеттері көзқарасы жағынан демократияның жүйесі, механизмі;
б) демократияның негізгі институттары (азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, сайлау жүйесі, заңдылық және т.с.с.);
в) демократияның құрылымдық, рәсімдік және функционалды жақтары (таңдаушылық, бақылау астындағылық, жариялық, талқылаушылық, жауаптылықты жүзеге асыру) [16, 62 б].
Құқықтық тәртіп теориясы ол демократия туралы ілімнің құрамдас бөлігі [17, 54 б.].
Демократия құқықтық тәртіптің өмір сүруінің объективті және субъективті шарты болып табылады деген авторлардың пікірлері даусыз емес [18, 21 б.]. Құқықтық тәртіп демократиясыз да өмір сүруі мүмкін. Құқықтық тәртіп ол құқықпен реттелінетін, қоғамдық қатынастың тәртібі, құқықтық қатынасқа қатысушыларының субъективті құқықтары мен заңды міндеттерінің іске асуы кепілденеді деген құқықтық тәртіптің анықтамасынан, заңда азаматтардың құқықтары мен міндеттері кіммен бекітілгенінен қарамастан, осы құқықтар мен міндеттер формальды түрде жүзеге асырылатын тәртіп, құқықтық тәртіп деп аталатын қорытынды шығады.
Демократия қоғамдағы нақты құқықтық тәртіптің деңгейіне әсер етеді. Заңи нормалар мазмұны, кімнің мүддесін мен еркін толық білдіретініне, кімге бұл нормалар бағытталған болса, құқықтық ұйғарымдардың орындалуы соғұрлым тегіс қамтылатын, өз еріктерімен орындалатын және саналы болады, соғұрлым заңдылық пен құқықтық тәртіп нық болады. Құқықтық тәртіп көбінесе тек мемлекеттік қызметтің нәтижесі, тек мемлекеттің белсенділі деген болжам жасайтын қатынастардың тәртібі деген талдау жасалады. Осыған қарамастан, демократия жағдайында кең қауым, азаматтар құқықтық тәртіпті нығайту мен қорғаудың белсенді қызметінен шетте тұрмау керек. Демократияға негізделген қоғамның саяси ұйымы құқықта халықтың еркін білдіретін жағдай ғана жасамай, сонымен бірге азаматтарды мемлекеттік аппарат қызметін бақылауға жібереді, онысымен лауазымды жағдайын теріс пайдаланушылықты азайтады, кең қабат тұрғындарды сот әділдігіне, құқықтық тәртіп пен заңдылықты сақтауға тартады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметті демократизациялау азаматтардың заңмен бекітілген құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі мемлекеттің басты міндеттерінің біріне айналады. Демократия жекеленген тұлғалар мен топ азаматтарының қоғамның басқа мүшелеріне зиян келетін қандайда бір артықшылыққа ие болуға жол бермейді. Теңдей құқықтарға теңдей заңи міндеттер сәйкес келеді. Әрине, осы жағдаяттар құқықтық тәртіптің тұрақтылығына аз мән бермейді.
Демократия толықтай дамыған сайын, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шарты қолайлы, азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекетке орнатуға болады.
Құқықтық тәртіп демократиямен тығыз байланысты, демократиялық құқықтық тәртіп демократиялық заңнамасыз және заңдылық режимісіз мүмкін емес. Құқықтық тәртіптің тарихи дамуы заңдылықтың нығаюына байланысты болды. Шынайы құқықтық тәртіп заңдылыққа байланысты, ал соңғысы елде құқықтық тәртіпті орнату мен қамтамасыз етудің шешуші құралының бірі болады. Заңдылықты бұзу өмір сүріп тұрған құқықтық тәртіптің бұзылуына алып келеді, ал құқықтық тәртіпті бұзу сонымен бірге заңдылық талаптарын бұзу болып табылады [19, 15 б.].
Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында құқықтық тәртіп пен демократия қоғамның тірегі десек болады. Себебі қоғамда демократия орнаса, құқықтық тәртіп орын алса, онда біз өркениетті елдердің біріне айналып, бүкіл халық өз құқықтарын толық көлемде іске асырар еді. Қоғамдағы құқықтық тәртіптілік демократиялық мемлекеттің ең басты алғышарты. Құқықтық тәртіп бар жерде әрқашанда заңдылық орнайды және азаматтық қоғам мен құқықтық мемлекеттің дамуына, жетілуіне жол ашады. Қазақстандағы құқықтық тәртіпті дамыту және жетілдіру үшін, демократиялық процестерді белсендіру қажет.
Қолданылған әдебиеттер тізімі:
1. Введение в политологию. Авт.- сост. Джунусова Ж.Х., Булуктаев Ю.О., Акимова А.М. Алматы: Жеті жарғы, 1998.
2. Ағыбаев А.Н. Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі. Заңтану. Алматы. 2002.
3. Jeannier A., Qu est gue ec modernite? Etudes.Paris, 1990,
4. Bryee J. Modern Demokrasy. Oxford, London, 1917.
5. Артемов В.М. Правопорядок в современном российском обществе: социально-философский анализ. Дисс. докт. филос. наук. Москва. 1999.
6. Конституционное (государственное) право зарубежных старан / Под ред. Б. А.Страшуна. Т.1. М., 1993.
7. Мишин А.А. Конституционное (государственное) право зарубежных стран. 5-е изд. М., 1996.
8. Нудненко Л.А. Теория демократии. М.: Юристь, 2001.
9. Энциклопедический юридический словарь. 2-е иед. М., 1998.
10. Основы политической науки / Под ред. В.П.Пугачева. Ч.2. М., 1993.
11. Даль Р. Введение в эконоческую демократию. М., 1991.
12. Schmitt K. Die geistesschichtliche Lage des heutig Parlamentarismus. Munchen-Leipzig. 1926.
13. Денисов. А.И. Основные черты социалистической демократии в СССР. М., 1966.
14. Ковлер. А.И. Кризис демократии? Демократия на рубеже XXI века. М., 1997.
15. М.И.Байтин. (Современное нормативное правопонимание на грани двух веков). М., 2005.
16. Назаров П.С. Правопорядок в условиях формирования правового государства. Дисс. канд. юрид. наук. Саратов, 2005.
17. В.В.Борисов. Правовой порядок развитого социализма. Саратов, 1997.
18. Межвуз. сб. научн. тр. / Под. ред. М.И.Байтина. Саратов. 1998.
19. Л.С. Явич. Социалистический правопорядок. Ленинград.1972.
Турабаев А.Р.
Қазақ гуманитарлық заң университеті
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы
кафедрасының аға оқытушысы