Скачать/Жүктеу
Мұқағали Мақатаев! Қазақ поэзиясының пір тұтар азаматы. Оның өлеңдері санаңа жарық сәуле түсіріп, бойыңды «бай» белестерге бағыттайды. Оның өлеңдері қаншалықты биік болса, адамның оған деген құлшынысы соншалықты жоғары. Мұқағалиді оқыған сайын, көкірегіңді сол заманның әділетсіздігіне деген ыза кернеп, кеудеңді Отан мен отбасыға деген құрмет қошеметтейді.
Ал махаббат әлемін, сірәда, Мұқағалидай жырлаған адам кем де кем шығар. Ол «нағыз махаббатты армандады», ол махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады. Мұқағалидің табиғатын, міне, дәл осындай деп елестетеміз. Жылататын да, жұбататын да Мұқағали жырлары. Ал бүгін ақиық ақынның туған күні!
Қасиетті Қарасаз топырағында дүние-ге келген ақын қысқа ғұмырында атақ емес, арды алғашқы орынға қойып, сол арқылы таза бұлақтай тамаша туындылар жазды. Мұқағали Мақатаев орта мектепті бітірген соң еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), «Жұлдыз» журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарды.
Поэзиямен жаны егіз Мұқағалидің «Ильич», «Армысыңдар достар», «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» атты жыр жинақтары көзінің тірісінде жарияланып үлгерген. Өмірден ерте озғанымен оның еңбегі бағасыз қалған емес, ақын өлеңдеріне әдемі әуендер әлі де нәр беріп, тамаша әндер дүниеге келуде. Болашаққа жазып кеткен «арызын» бүгінгі ұрпақ аяқ асты етпей, керісінше оны ұлықтап, «Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ» өткен асыл азаматтың армандаған тойын бүгін тойлап, өлмес өнері, қанатты поэзиясын, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендірері анық!
Кенже Жомарт