Скачать/Жүктеу
Ер Тарғын – халқымыздың қанатты қиялынан туған ертегі қаһарманы емес, қазақтың қара құласын қақ жарып шыққан төл тумасы. Ел тарихының төрінен өз орнын алған, өмірде шынайы болған тұғыры биік тұлға. Ол туралы қазақтың батырлар жырында бір емес, екі бірдей ғажайып қисса бар. Олардың бірі баршамсызға орта мектеп оқулығынан-ақ таныс болып, балаң көңілді баурап алған «Ер Тарғын» жыры. Ал екіншісі өткен ғасырдың отызыншы жылдың аяғында ел аузынан жазып алынып, әдеби айналымға енген «Тарғын батыр» дастаны.
Осы екі жырдың оқиға желісіне зер салсақ, «Тарғын батыр» дастаны бірінші тұруға тиіс сияқты. Өйткені алғашқы қисса: «ерте заманда Тарғын деген батыр елінде ханның ең жақын, ет жақын бір адамын өлтіріп, қазақ қырынан қашып кеп, қырық таңбалы Қырымның қырық ханыныңы үлкені Ақша ханның қол астына кіріп, бой тасалап жүреді» деп басталатын да, оның бұрын кім болғаны, тегі, түбі, тұқым-тұғияны туралы ештеңе айтылмай, атажұрты жұмбақ қалпында қалып қоятын. Ал мынау «Тарғын батыр» жырында оның өз елінде кім болғаны, қандай ерлігімен аты шыққаны, не үшін атажұртынан кетіп қалғаны – бастан-аяқ бақайшақтап баяндалады.
Ертеде өткен Астрахан деген патша жасы жеткен соң көзі тірісінде алтын тағын жалғыз ұлы Ғұсманға сыйлап, ел билетеді. Ата жолынан аумаған Ғұсман да жасы еңкейген кезде билік тізгінін баласы Шорманға ұстатып өзі ақылшы болып отырады. Батыр туған жаужүрек Шорман мың сегіз жүз жолдасын жанына ертіп, хандықтың алыс-жақын дұшпанын жайпап, елінің еңсесін көтеріп, мәртебесін үстем етеді. Сондай жеңісін мерекелеп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасағанда, елдің барлық балуандарын жинап, керемет бәйге тігіп, күрес ұйымдастырады. Сол жарысқа жалғыз биелі жарлы Ғарыптың баласы Тарғын да келеді. Ғарып малға кедей болғанмен, ақылға бай, елдің тек ынтымақ-бірлігін ғана ойлаған әулие адам екен. Жалғыз тарлан биесін жазда сауып, сүтін қорек қылса, қыста құлынын сойып, соғым етіп күнелтетін көрінеді. Сол биенің өзіне тартып тарлан туған соңғы құлынын сойдырмай, Тарғын ат қып мінеді.
Бірінші болып күреске Шорманның асық досы, әрі мың сан қолын бастаушы Кәрім батыр шығады. Бұрын балуан боп күреске түсіп көрмеген, бірақ өз күшіне сенімі мол Тарғын бозбала батырмен белдесуге шығады. Екеуі бірін-бірі үйіріп, кезек-кезек сілкілкеп көп жүреді. Бір кезде Тарғын Кәрімді қаңқ көбелек көтеріп алып, басынан айналдыра үйіріп, ырғытып жерге бір-ақ ұрады. Сөйтіп, бас бәйгеге тігілген елу жылқы мен жүз қойды санап алады. Берейін десе құдайдың пейілі де, көңілі де кең емес пе, тәңірі берген баласының арқасында Ғарып кедей бір-ақ күнде байып қалады.
Кәрімнің жер қапқанын көрген соң намысқа шыдай алмай Шорман жақтан Сыздық батыр шықты. Оны Трағынның досы Қарбай алып ұрды. Ханның Нәсермен деген балуанынАбланбек омақа асырды. Үш бірдей бәйгеден құралақан қалып, қатты шамданған Шорман ақыры «батыр болсаңдар, мынаны жығып көр» деп атан түйеден бас балуаны Қожамқұлды алып келеді. Сонда Тарғын «Хан алдымен бәйгенің атын атасын, сосын мықты болса Қожамқұл менімен белдессін» дейді. Алғашқы жеңіспен желпінген, қалың жұрттың қолдауымен жігерленген Тарғын Қожамқұлды да тұмақша атып, жердің шаңын бұрқ еткізіп, үш мың ділда мен бір жамбы жүлдені жамбасына басады. Кедейліктен қалың беріп қыз алуға шамасы жетпей жүрген жарлының баласы бір тойда бір-ақ байып, ханның бас батырын да, бас балуанын да жеңіп, атақ-даңқы дүйім елге жайылады.
Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтайтыны белгілі ғой. Ғұсман ханның қаласында Һәман деген бір бай болатын. Сол байдың ай десе аузы, күн десе көзі бар, аршыған жұмыртқадай аппақ ару қызы Ғайнижамал талайдың көз құрты боп аузының суын құртқан еді.
Нәп-нәзік сұлу белі бұраңдаған
Көрген жан тағат етіп тұра алмаған.
Жамалды хор қызы деп айтар еді,
Егерде біреу көрсе сыр алмаған,– деп ақындар аузын ашып, көзін жұмған сол сұлуға ханның жалғыз жарбағы Шорман да өлердей ғашық екен. Алайда байлық пен барлықты таңсық етпей, онсыз да үлде мен бүлдеге оранып, еркін өскен тәкәппар ару хан баласына бейіл бермей,батыр-бағландығымен бүкіл елді аузына қаратқан Ер Тарғынға ынтығады. Тілінен бал тамған небір бұлбұл ақындарға өлеңмен жаздырған. Шорманның хатын алмай қайтарып жіберген паң қыз жүрек лүпілімен жазылған Тарғынның сәлемін қуана қабыл ап, ай туа батырды ақ отауына кіргізіп алады.
Түп ізіне түсіп Тарғынды аңдып жүрген Шорманның қырық жігітіне де керегі осы еді.Олар екі ғашықтың үстінен түсіп, орнынан басады. Келе-ақ олар Тарғынды қамшының астына алады. Тыста тұрған Шорманды арқа тұтып, қырық жігіт кезек-кезек қамшы үйіріп, қанша соқса да, батыр ойынға шаптырып, алғаш елең қылмайды. Алайда елеріп алған есерлер дойыр қамшыларын үш реттен үйіріп, соққы санын жүз жиырмаға жеткізгенде, Тарғын одан әрі шыдамай ашу буып, қырқын бірін біріне тоқпақ қылып, бәрін де табан аузында қырып салады. Сосын есіктен қарғып сыртқа шықса, алдында ырғай сапты балта ұстаған хан ұлы Шорманның өзі тұр. Ханзада балтасын сілтей бергенде басына тисе өлетінін білген батыр оны қолымен қағып жібереді. Ырғай сапты балта қайта айналып, хан баласына тиеді де, ол табанда жан тәсілім етеді. Басы падишахтың өзі ғып қырық бір жігіттің жанын жаһаннамға жіберген бұны ханның жай қалдымасын білген Тарғын ырғып мінген атынан қайта түсіп, ғашық жарымен қоштасады: «Аман бол, ғашық Жамалым, қырық бір кісі өлтірдім, қандай болмақ заманым? Алыста аз күн жүрейін, ойлап бір істің амалын. Алмалы тауға барайын, саған қысым көрсетсе қайтып кеп ойран саламын, он бес күнде іздеп кеп хабарыңды аламын», – деп ғашық жарын құшып сүйіп, аттанып кетеді.
Астрахан елі аяқ-астында азан-қазан болады да қалады. Жер-көктен іздеп Тарғынды таппай, ақыры ханның алдына Ғайнижамалды алып келеді. Қыз болған жайды ештеңесін бүкпей бастан-аяқ баяндайды. Шорманның Тарғынның қолынан емес, өзі сілтеген балтадан қаза тапқанын қырық жігіттің ажалына да өздерінің әумесерлігі себеп болғанын айтады.
– Ағалар-ау, ағалар. Жақсы менен жаманды есті кісі шамалар. Бәрін айттым ағалар, енді жауап сұрама. Мені өлтірсең осы жерде көңілдерің тына ма? Осы күнде менде ес жоқ, айтқан сөзім сынама… – деп қыз Жамал зар қылады, сөзіне халқын нандырады.
Он бес күннің жүзі болғанда Тарғын батыр Алмалы таумен қош айтысып түн пердесін жамылып Астрахан шаһарына келіп, ғашығымен қауышады. Қызбен екеуі еш пендеге білгізбей екі-үш күн ойнап-күліп, мауқын басады. Үшінші күннен кейін Ғайыпжамал:
– Ей, Тарғын, сен патшаға бар. Маған уәзірлері арқылы келсе өлтірмеймін деп берген уәдесі бар-ды. Хан екі айтпасқа керек, – дейді. Олай болса құба-құп деп Тарғын Тарланын бір қалтарысқа қаңтарып, Жамалымен қоштасып, екі бүктеулі қанжарын жеңінің ішінде оңайға ұстап ханға келеді. Бірақ ханның аужайын байқап, кешірмесін бірден сезген ол сытылып шығып, кіндік кесіп кірін жуған туған жерімен қош айтысып, қырық ханы бар Қырым қайдасың деп тартып кетеді.
Қырық таңбалы Қырымда бұның батыр екенін алғаш ешкім білмей, айлап қонақ боп жүре береді. Ол тұста Қырым жұртының арғы жағында бір жауы бар екен. Олар Олалай, Бұлалай деген ханның он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт деген елдері еді. Ноғайлыда батыр көп болғанымен Бұлалайдың елін алған бірі жоқ. Сонда да Ақша хан тағы да талап қып, неше мың шерік әскермен қас дұшпанына қайта аттанады. Сол әскердің ішінде бірге жүрген Тарғынды бірақ ешкім де елемейді. Атой сап келген әскерді көрген торғауыттар қарсы шабуылға шығып, дұшпанына бет қаратпай, бірден тойтарыс берді. Ақша хан көп адамынан айрылып, кері қайтқалы тұрғанда, Тарғын батыр қайтарын жұрттың біледі, алладан пәрмен тіледі, құйысқанын қыстыртып, екі айын берік тартып, тарланына мінеді. Жалпы батыр тебініп, жалмауыздай емініп сырттағы жүрген әскерге қарамастан бірден іштегі қамалға кірді.
Тарғын қамалға кірген соң бұның кім екенін білмесе де, әйтеуір ноғайлының бір батыры шығар деп Ақшахан әскерлері соңынан бірге кіріп жау бекінісін бұзып, дұшпанын жаусатып салады. Жеңіспен оралып, көңілі жайланған соң:
– Жаудың шебін бұзып, қамалды алған батырды тауып әкел маған, – деп бұйрық береді Ақшахан. Алдына келген батырдың қырдың адамы екенін білген соң хан:
– Біздің жұртқа қалай келдің? – деп сұрайды.
– Мен ханымыздың бір жақсы бегін мерт етіп, жұрт тыныштық бермей соңыма түскен соң бас сауғалап осында келдім.
– Кешегі қамал бұзып, жауды қырған қайратыңды тынышыңды алған жұртыңа көрсетпедің бе?
– Нахақтан өз жұртыңды жылатуға шариғат қоспайды, – деп жауап берді Тарғын.
Осыдан соң Ақшахан пәрмен беріп Тарғын батырды әскербасы етіп тағайындаайды. Әскербасы борлған соң ол күн-түн жарақтанып, сақтанып жүрді.
Ақшаханның «діндәнмен шашын тараған, билер мінген бедеудей, бауырынан жараған, бет ажарын қарасаң, жазғы түскен сағымдай, ет ажарын байқасаң, терісінен айырған жарма бидай ақ ұндай, қасы саржадай керілген, кірпігі оқтай тігілген, бұралып белі бүгілген, қараған кісі үңілген, қолаң шашты, қой көзді әйелдегі бір сөзді Ақжүніс атты ару қызы бар еді. Сол құлдары мен күңдерінен Тарғын туралы есітіп сол батырды шақырып әкеп, жолықтыр. Келсе ел жатпай тұрып ашпалы алтын тереземнің тұсына әкел, деп бір құлын жұмсайды. Ол тапсырманы тап-тұйнақтай ғып орындап, қыз-жігітті үйіне кіргізіп алып, жөн-жосық сұрасып, ас-су ішісіп ойнап-күлісіп отырады. Қас қарая Тарғын қайтпақ болса, Ақжүніс айтады:
– Өз жұртымызда сіздей ерлігі болмағанмен, қырық сан Қырымның мырзасы атанған Жалманбет деген бір жігітпен ашына едім. Оны қателесіп өлтіріп алып, соның күйігінен ұйқы-күлкіден айрылып едім, өзіңіз жайында естіп, біліп, жүз көріскен соң еңсем көтеріліп қалды. Сіз арқылы мырзаның қайғысынан аайрылайын, хабар берген кезімде келіп, көңілімді көтеріп кетіп жүріңіз.
– Бұл жарлығыңызды қабыл алуға болады, – деп Тарғын батыр қайтып кетеді. Сөйтіп, Ақжүніс ару Тарғын батырды әркез шақыртып алып жүреді.
Күндерде бір күн қызды бір ханның баласына айттырғалы арнайы жаушы келеді. Әкесі құда түскелі жаушылар келіп жатқанын хабарлап, қызының қандай ойы барын білгелі кісі жібереді. Қыз шешімін үш күннен кейін айтпақ боп, рұқсат алады да, табанда Тарғын батырды шақыртады.
– Міне, мені бір ханның баласына айттырғалы жаушы келіп жатқанын есіткен шығарсың. Ал маған ондай хан баласы таңсық емес, өзім де хан баласымын, сұлуға да таңсық емен, өзім де сұлумын. Өз басым, кімнің бақыты зор болса, сол кісіге барамын. Егер батыр екенің рас болса, мені ондай адамға қор қылмай, өзің ал да қаш, мен көңілім шын ауған саған ғана жар боламын, – дейді.
Көңілдері көптен бері жарасып қалған қызды батыр Ақшаханның қанатты қара дейтін жорғасына мінгізіп сол түні-ақ алып қашады. Ханның қызы Ақжүніс сұлуды сарайынан таппай, дағдарған жұрт оның кіммен қашып кеткенін саралайды. Хандықтағы жайсаң жігіттерді санай келгенде тарғын батыр жоқ боп шығады. Бұл хабарды естігенде хан қатты түтігіп:
– Менің қызым кетсе хан баласымен кетуі керек еді. Қызымның қаңғып келген жалғыз атты жігітпен қашып кеткеніне қатты қапалымын. Сүйекке таңба сап қорлап кеткен қызды ешқашан кешпен. Кім қуып жетіп, оны Тарғыннан айырып алса, жас демей, қарт демей, жарлы демей, бай демей соған беремін, – деп пышақкесті кесім шығарады.
Хан шешімі шыққан соң қалыңсыз жар құшып, оңай олжадан дәме еткен мырзалар, батыр-бағландар бірі екі атпен, бірі үш атпен соңына түсіп ал қусын. Ұзамай аттары болдырып, өздері шалдығып, шаршаған қуғыншылар бір жерге жиылып кеңес құрады: «Біз қуып жеткенмен де, ә бәрекелді деп қызды Тарғын бере қоймас, қайта шамына тисек шетімізден қырып салуы кәдік, одан да басымыз аманда үйге қайтайық» деп, бәрі елге бет түзейді. Тек Қарт Қожақ деген бір батыр ғана «қуам деп шыққан соң, қумай үйге қайтқаным да өлім, қуып барып соғысып өлгенім де өлім» деп алған бетінен қайтпай жеке-дара кетеді.
Ақыры, қарт батыр алған бетінен қайтпай, қашқындарға қуып жетеді. «Жасы үлкен аға ғой, ақсақалды баба ғой» деп Тарғын оған иіліп сәлем беріп: «Аруағыңды байқасам, қаптаған қалың борасын, көк бүркіттей түйіліп лашын құстай шүйіліп қай сапарға барасың», деп сұрайды. «Аспандағы жұлдызым, мааңдайдағы құндызым, ажары сұлу көркем-ді қыз да болса серкемді, Ақжүністей аруды алып қашып барасың. Бір тәңірден тілегім, қазам жетсе өлемін, егер қазам жетпесе, қасыңдағы Жүністі айырып ала келемін. Әуелгі кезек менікі, соңғы кезек сенікі» – деп қарт батыр шынын айтады.
Үлкенді сыйлайтын ата дәстүрі бойынша жекпе-жекке шақырған қарт қабыланға кезегін беріп Тарғын батыр атсаң ат деп, қасқая қарап, қарсы тұра қалады. Қоянақұлы Қарт Қожақ жас арыстанды оққа байлауға қимай, жас боласа да жарын қимай кеудесін оққа тосып тұрған батырды аяп қорамсақтағы жүз алпыс кез жебесін доғал оқпен ғана атып түсіреді. Қорамсақтағы оғы быт-шыт болған Тарғын ендігі кезек менікі деп қылышын суырып алғанда қарт батыр: «Тоқта, менің кезегім біткен жоқ. Мен сені аяғаннан өзіңді атпай, оғыңды атып ерлігімді көрсін, ақылы болса аяғанымды біліп, қызды тастар да жүре берер деп ойлап ем. Сен оны түсінбеген екенсің, онда орныңа қайта барып тұр. Бұл жолы тура өзіңді көздеймін» дейді. Тарғын ойлап-ойлап, қарттың аяғаны шын екеніне көз жеткізіп, қызды тастап жүре береді.
Қарт Қожақ қыздың қасына келгенде, Ақжүніс кимін басына бүркеніп алып ал жыласын кеп. Сонда қарт батыр: «Сен неге жылайсың, мені шал деп жылайсың ба, әлде жаман деп жылайсың. Одан да бетіңді аш, ақ жүзіңде, не тал бойыңда бір жерің ұнамаса алмаймын сені» дейді. Намысына шоқ түскендей: «Ей, қарт Қожақ, қарт Қожақ, атыңның басын тарт Қожақ!» деп бастап өзінің әр-көркін жырмен сипаттап келіп, қарт Қожақтың өмірін бес жасынан бастап тізіп шығып: «Алпыс беске келгенде сақал-шашың қуарып, бойға біткен тамырың, бәрі бірдей суалып, аламын деп тұрмысың мені көріп қуанып, өлтірсең де тимеймін, бұрын батыр болсаң да, сенің басың бұл күнде жерде қалған қу тезек» деп бір-ақ қайырады.
Қожақ батыр ойланып қалды: «Бұл менің бес жасымнан елу беске келгенше не қылғанымды, не тындырғанымды тап қасымда жүргендей айтып берді. Асылзада патшаның баласы ғой, елу бес жасқа келгенше не қылғанымды тапқанда, алпыс бесте не боларымды таппай ма! Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін. Одан да сүйгеніне қосылсын» деп әрі Тарғынның да мәрттігіне риза болып: «Барыңдар, бізден озған дәурен екеуіңе құт болсын!» деп батасын береді.
Ер Тарғын мен Ақжүніс одан кейін де талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешіреді. Батыр аңғал бірнеше ханның жауын жеңіп беріп, елін қорғап, бірнеше ханнан опасыздық көріп, опық та жейді. Бірақ жан жолдасының жүрегін жылытып, жігерін жанып аялауы арқасында қиындықтың бәрін жеңіп, небір қилы замандардан аман өтеді. Кейін Тарғынның өзі хан болып, Ақжүністен Ардаби деген ұл сүйеді. Ардабиден Әжігерей мен Айғожа туады. Әжігерей мырза жиырма жасында дүние салып, Айғожа бес қаланы билеген хан болады.
Көңілге бір кірбің түсіретін жәйт – осы «Ер Тарғын» жырының «Қазақ халық әдебиеті» деген ұласпамен (серия) Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы институты 1987 жылы бастырып шығарған «Батырлар жырының» алтыншы томында Тарғынның қырғыз боп жүргені. Бұл жырды 1859 жылы Марабай жыраудың айтуынан Н. И. Ильминский жазып алып, 1862 жылы Қазан университетінің баспасынан шығарған. Ол орыстардың қазақты қырғыз атайтын кезі ғой. Сондықтан Ильминскийге Ер Тарғынның қазақтан гөрі қырғыз болғаны тиімді көрінген шығар. Тарғын өмір сүрген тұста қазақ даласында, тіпті Алатауда да қырғыздар жалпы болмаған. Онда олар Енесай бойында көшіп-қонып жүрген. Сосын қырғызда хандық болмай, ру тайпаларды жеке манаптар билеп келген. Оның үстіне қырғызда Тарғын деген батыр болыпты дегенді де естіген емеспіз. Демек, жырдың келесі басылуында осы жаңсақтықты түзеп, қырғыз жұрты емес қазақ жұртынан шыққан батыр деп жазған абзал болар.
Тарихи әділдіктің өзі де соны талап етеді ғой. Енді Ер Тарғын өмірде болған шын мәніндегі тарихи тұлға екеніне тоқталайық.
Қазақтың қаһармандық дастаны мен тамаша операсының бас кейіпкері Ер Тарғын энциклопедиялық басылымдарда күні бүгінге дейін ХҮ ғасырда өмір сүрген деп жазылып жүр. Еліміздің тарихын тұңғыш рет жан-жақты зерттеген ірі ғалым, көрнекті алаш қайраткері Мұхамеджан Тынышбаев 1925 жылы жарық көрген «Қырғыз-қазақ халқының тарихы» кітабында аты аңызға айналған бұл тарихи тұлғаны «Естерекұлы ер Тарғын» деп жазады. Оның топшылауынша, Батыс Қазақстан өңірінде Естерек Дінахметовтың ұлы Тарғын батырдың атында Тарғын деген өзен бар. Ал оның жазғанымен келісер болсақ, Ер Тарғын он бесінші ғасырдан недәуір кейін өмір сүрген болып шығады.
М. Тынышбаевтың бұл болжамы құмық тарихшыларының аталмыш тарихи тұлғаға беретін бағасымен астасып жатады. Құмықтардың негізінен Дағыстанда тұратын түркі тектес тілі қазақшаға тым жақын кавказ халқы екені белгілі. Құмық зерттеушілері Ер Тарғын туралы өз түсініктерін қазақы дерек көздерімен ұдайы байланыстырып отырады. Мысал үшін «Құмық әлемі» басылымының жазғанына назар салсақ та жетіп жатыр. «Ер-Тарғу – Тарқы құмықтарының ауыз әдебиетінде аталатын қаһарман батыр. Бір қызығы ол қазақтың «Ер Тарғын» қаһармандық эпосымен өте ұқсас. Жырға бағар болсақ, қазақ батырыныкі атамекені – Кубань даласы. Батырдың әкесі Естерек Қазылық тау жоталарынан терістікке қарай шөбі шүйгін, суы мол Қиян жазығын жайлаған Тарғынның өзі Қазылық тауларына таман «Темір-қақпа» деген жерде көшіп-қонып жүрген», – деп жазады басылым.
Осы айтылғандардан Ер-Тарғу қаһарманның қазақ батыры Ер Тарғынның бейнесі екені бесенеден белгілі боп тұрған жоқ па. Құмық зерттеушілері қазақ жырындағы жер атауларын өзінше топшылап, батырдың атамекенін Үлкен Кавказ жоталарынан терістікке қарай көсіліп жатқан кубань өзенінің жазығы еді дейді, батыр одан Дербент өңіріне көшкен сыңайлы.
Сарбас АҚТАЕВ, жазушы
Ақас ТАЖУТОВ, Бас редактор