Скачать/Жүктеу
Қоғам – адам баласын басқа махлұқаттан даралайтын басты қасиеттің бірі. Жеке тұлғалардан (фәрдтер) құралатын адам қоғамы кейде тұрақты әлеуметтік сипат танытса, кейде экономикалық (ықтисади), саяси һәм әлеуметтік (ижтимағи) өзгерістер салдарынан кернеулі де тұрақсыз кейіп танытады. Сойылынан қан тамған Кеңес империясының құрдымға кетуімен басталған әлеуметтік өзгерістер мен дағдарыстар зобалаңы біздің елімізді де шарппай қойған жоқ. Соңғы 10 жылдың көлемінде елімізде менталитет, ой-сана, тәрбие, сенім, дағды жағынан жаңа қоғам – Қазақыстан қоғамы қалыптасуда. Қазақыстан азаматтары – Қазақыстан қоғамын қалыптастыратын фәрдтер. Ықтисадтық, демографиялық, психологиялық, саяси, әлеуметтік өзгерістер әбден күшейген осы кезеңде фәрдтерге (жеке адамдарға) назар аударып, олардың аумалы-төкпелі кезеңді шығынсыз һәм жарақатсыз өткізуіне көмектесуіміз ләзім. Бұл біздің еліміздің келешектегі өміріне тікелей тәсір ететін жағдай. Біздің осы мақаладағы мақсатымыз – өтпелі кезеңдегі фәрд пен қоғамның әлеуметтік мәселелерінің шешілуіндегі діннің рөлін, маңызды орнын талдамақ.
Дін дегеніміз тұңғыш инсан[1] Адам Атамыздан бері қарай мәужүт[2] нәрсе. Бәшериет[3] тарихында дін әрқашан да болған, бола да бермек. Атақты философ Һенри Бергсон (Henry Bergson, 1859-1941): “Өткен тарихта және заманымызда ғылымды, пәнді яки фәлсәфәні білмейтұғын инсан қоғамдарын кездестіруге болады. Бірақ, дінсіз ешбір қоғам болмайды” деген. Тағы бір батыстық философ Уильямс Жеймс (Williams James, 1842-1910) болса: “Біздің ойымызша адам баласы ең соңғы күнге дейін құлшылығын жалғастырмақ” деген. Эрнест Ренан (Ernest Renan, 1823-1892): “Сүйген нәрселеріміздің, дүниедегі өміріміздің және нығметтердің бәрінің жоқ болып кетуі мүмкін. Діндарлығымыздың жоғалуы болса әсте мүмкін емес” дейді. Бартемели Сэйнт Хилаирдың (Bartemely St. Hilair) діндарлықтың пайда болуы хақында айтқаны: “Ілім деген не? Инсан деген не? Бұлар қайдан келді? Оларды кім жаратты? Соңы қалай болмақ? Хайат[4] деген не? Өлім деген не? Өлімнен кейін не болмақ? Әр милләт,[5] қоғам және жамағат осы сұрақтарға өзінше жақсы-жаман, қабылданар-қабылданбас жауаптар берген. Міне, діндарлық дегеніміз осы” деген.[6] Сондықтан, дін секілді адамның адамдығының басты көрсеткіші болып табылатын қасиетті ұғымның әлеуметтік өмірдегі орны мен маңыздылығын жете зерттеп, әбден түсінуіміз шарт. Діндер тарихын зерттеген мамандар діни сезімдердің адамдарды біріктіруде қандастық, жерлестік, руластық, нәсілдестік қатарлы факторлардың бәрінен де күшті болғанын дәлелдеген. Дін адамның өзінің жаратылысындағы құпияларды анықтап, табиғаттағы құбылыстардың, ғарыштағы қозғалыстардың астарын түсіну үшін ізденіске түсуінен, сұрақтарға жауап іздей бастауынан алау алған сезімнен туындайды. Құран Кәрімдегі мына аяттар осыған саяды:
“51/21: Өз бойларыңда Аллаһ Тағаланың барлығының неше дәлелдері (нышандары) бар! Көрмейсіңдер ме?” [7]
“88/17-20: Адамдар түйенің қалай жаратылғанына, аспанның қалай биіктетілгеніне, таулардың қалай үйілгеніне, жердің қалай жайылып төселгеніне қарамай ма?” [8]
Ешбір қоғамның дінге жеңіл қарамағаны белгілі. Хақ болсын, ғайрихақ болсын адамдардың өз діндеріне берілгені, хатта (тіпті), сол дін үшін жанын аямағаны байқалады. Пайғамбарымыздың кезіндегі бұтқақұл арабтар Мәулеміздің[9] уағызына, түсіндірген дініне немқұрайдылықпен қараған жоқ, олар кім не істесе соны істесін деген жоқ. Олар Исламды тоқтату үшін қарулы қақтығыстар, қуғындау, қудалау сықылды қаймықтырушы қатал шаралардың бәрін де қолданды. Сондықтан, діндарлық сезімнің қаншалықты күшті екенін осысынан-ақ байқауға болады. Түркі халықтары да өздері қабылдаған діндерді сақтап қалу үшін аталмыш шаралардың бәрін қолданған.
Діни жолдар 1) Құдайы (Иләһи) бұлақтан 2) адами бұлақтан хасіл болған. Адами бұлақ дегеніміз адамдардың ағаштарға, аспан денелеріне, жыртқыш аңдарға, теңізге, тауға т.т. табынуы, ал Құдайы (Иләһи) бұлақ дегеніміз Адамнан бастап, нәбилер[10] арқалы күллі адамзатқа мәлім етілген хақ жол. Нақтылы Бір Аллаһ ұғымына жету, әрине, әркім үшін оңай болмасы анық; үйткені, адамдар көбінесе көзге көрінетін, заттық тәңірлерге сенуге мейілді (бейім) болып келеді. Заттық денелерден арылған, шексіз, барлық құдірет иесі Аллаһ ұғымына жету үшін адамның көп ұмтылып, зер салып, ойланып, толғануы керек. Сондықтан, тарих қойнауында пайда болған наным-сенімдерге осы тұжырымды ескере қарағанымыз жөн.
Күрделі әлеуметтік өзгерістерді бастан кешіріп жатқан қоғамдарда мынандай әлеуметтік-экономикалық аурулар пайда болады;
· Құлдыраушылық (коррупция)
· Парақорлық
· Ахлақи (этикалық) дағдарыстар
· Жыныстық-эпидемиялық аурулар
· Надандық, білімсіздік
· Нашақорлық (есірткіге тәуелділік)
· Маскүнемдік (алкоголизм)
· Контрабандалық әрекеттер
· Миссионерлердің жаппай көбеюі
· Дін ауыстыру
· Кісі жақтау және алалау
· Жерлестік, руластық
· Азаматтарды оқшаулау (дискриминация)
· Әділетсіздік
· Сенімсіздік, белгісіздік
· Ықтисади дағдарыстар
· Жұмыссыздық, кедейлік
· Ұятсыздық, жезөкшелік
· Өзін өзі өлтірушілік (суицид)
· Демографиялық ауытқулар
· Ішкі һәм сыртқы көш
· Ифрат уә тәфрит (экстремизм)
· Қылмыскерліктің артуы т.т.
Міне, осындай күрделі өзгерістерге ұшырап, әлеуметтік-ықтисадтық ауруларға шалдығып жатқан қоғамдағы діннің маңыздылығын жаңадан ашқандаймыз. Хақ дін Исламның аталмыш мәселелердің оңды шешімін табуы тұрғысында қаншалықты елеулі рөл атқара алатыны енді-енді көрер көзге аян болып келе жатыр. Жетпіс жыл бойына қалыптасып, тамырын терең жайған Кеңестік қоғамнан жаңа қоғамға бет бұрған фәрдтердің (тұлғалардың) бұл күндері санасында белгісіздік, сенімсіздік сықылды адам қоғамының дұшпаны саналатын кері сипаттар ен жайлауда. Қоғам мүшелерінің бірін-бірі танымауы, біріне-бірі сенбеуі – олардың алшақтауына, ал бұл үрдіс асқынғанда сол елдің мемлекеттілігіне қауіп төнуіне апарып соқтырады. Жасалып жатқан реформалардың азаматтардың көңілінен шығуы – азаматтардың реформаларды жөнді түсінуіне һәм қолдауына тікелей байланысты. Үйткені, билік басындағылар демократиялық түзімде билік күшін халықтан алады.
Исламият мемлекеттік билікті нығайтушы, адамдарды жақындастырушы, қоғамның тамырындағы қанның айналымын реттеуші, бірлікті, ұйымшылдықты уағыздаушы дін. Осындай өтпелі дәуірдегі адамдардың діни сана-сезімін ояту, арттыру арқалы олардың һәм қоғамның өтпелі кезеңнен жайбарақат шығуына мүмкіндік жасаймыз.
Адамды қозғалтушы, тіршіліктің қамына жұмсаушы, белгілі мінез-құлық танытушы ішкі факторлары бар. Бұларды қызығушылық, қалау, қажетсіну, тілеу, ұнату, армандау, ұмтылу, мақсат тұту, талпыну, көксеу сықылды сөздермен түсіндіруге болады. Осы факторлар саналы яки санасыз, физиологиялық, сезімтал (эмоциялық), ақыли һәм әлеуметтік бола алады. Адамның жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы, өзін-өзі ұстауындағы (тауыр) негізгі күшті өндіретін осы ішкі факторлар түрткі (мотива) деп аталады.[11] Әр фәрдтің тауырларын анықтайтын динамикалық факторлар жиынтығына түрткілену (мотивация) дейміз. Адамның діни әрекеттерін түрткілейтін факторларды былайша сұрыптауға болатын секілді;
1. Дінге деген қажеттілік
2. Діни қалаулар
3. Адамның табиғат құбылыстары алдындағы шарасыздығы және оcының салдарынан пайда болған Тәңірден жәрдем сұрау талабы
4. Әр түрлі кедергіге душар болған адамның дінге ұмтылу түрткісі
5. Әлеуметтік махрұмдық
6. Басқа дүниеге, басқа өмірге сену
7. Өлімнен қорқу, мәңгілік өмірді армандау
8. Ахлақи (этикалық) түрткілену (мотивация)
9. Кінәлілік һәм күнәкәрлық сезім
10. Өзінің кім екенін табу түрткісі
11. Қиналу және діндегі сенімділік
12. Ақылдың талаптары
13. Болмысты түсінуге деген құштарлық
14. Әлеуметтік үндестік һәм ахлақи (этикалық) құндылықтарды сақтау түрткісі
Адамның тумысынан, болмысынан діни қабілетке ие екені анықталған. Адам баласы осы діни қабілетпен дүниеге келеді де діни сенімді іздейді. Балалар психологиясымен шұғылданған ғалымдардың зерттеулері жас балалардың дінге бейім һәм діни мәселелерге ерекше кіріптар келетінін анықтаған.[12] Батыс ғалымдары ХХ ғасырда қол жеткізген осы ғылыми хақиқат, осыдан 14 ғасыр бұрын Құран Кәрим аяттары мен Әз Пайғамбардың хадистерінде “Фитрат” сөзімен түсіндірілген-ді;
“Сен Аллаһ Тағаланы бірлеуші болып жүзіңді дінге, Аллаһ Тағаланың фитратына бұр! Аллаһ күллі адам баласын осы фитрат бойынша жаратқан! Оның жаратуын өзгертуге болмайды! Міне, тура дін осы, бірақ, адамдардың көбісі мұны білмейді!”[13]
Фитрат сөзі арабтың “фатр” етістігінен шыққан; бір нәрсені бастапқыда жару, қазу, ең алғашқы жаратылыс дегенді білдіреді. Бұл алғашқы адамның жаратылуы мен оған фитратта берілген қасиеттерді, қабілеттерді білдіреді. Исламият фәрдтің иманының берік, жанұяның мықты, қоғамның ұйымшыл һәм ынтымақты болғанын қалайды. Ғибадаттардың көпшілігінің жамағатпен жасалуы қоғамға, жамиғат өміріне қаншалықты мән берілгендігін көрсетеді. Құлшылық сәті адамдардың бір-біріне ең жақындайтын кезі. Сондықтан, жамағатпен жасалатын рәсімдер, дұғалар қоғам мүшелерінің бірлігін нығайтады, олардың етене араласуына септігін тигізеді. Алайда, технологиялық тұрғыдан әжептәуір дамыған батыс елдерінде “индивидуализмнің” салдарынан миллиондаған тұрғындары бар қалалардағы көптеген адамдардың өздерін “жапа-жалғыз” сезінетіні анықталған. Өзін жалғыз, тасталған, тысталған сезінетін адамдарда қоғамға бағыныштылық сезімі әлсірейді, жанұя ұғымына салқын қараушылық пайда болады. Мұндай адамдарда өзімшілік ауруы асқынады…
Исламият адамдарды еңбек етуге, сабырлылыққа, қайраттылыққа, мәреге жету үшін қажыр көрсетуге шақырады. Төмендегі Құран аяттары осыған меңзейді;
“Аллаһ саған берген несібелерден (Оның жолында жұмсап) ахирет мекенін көзде, бірақ, дүниедегі нәсібіңді де ұмытпа! Аллаһ саған ихсан еткендей, сен де (адамдарға) жақсылық жаса! Жер бетінде бұзақылықты қалама! Күдіксіз, Аллаһ бұзақыларды жақтыртпайды!” [14] “Шынында адамға еңбегінен басқа еш нәрсе жоқ!” [15]
“Сол күні әр нәпсі жасаған жақсылықтары мен жамандықтарын алдында көреді!” [16] Пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммедтің (569-632) мына мүбәрәк хадистері қандай тамаша;
“Ризықтың оннан тоғызы тижаратта-дүр (сауда-саттықта)”
“Іс-әрекеті тура мұсылман саудагер қиямет күні пайғамбарлар және шәһидтермен бірге болады”
“Ризықты жердің астындағы нәрселерден іздеңдер”
“Өнер (ісмерлік) – кедейліктен сақтайтын қорған”
“Еңбек етіп кәсіп қылу әрбір мұсылман еркек пен әйелге фарыз-дүр”
“Халалды іздеу әр мұсылманға уәжіп-дүр (маңызды міндет)”
Жоғарыда мағналары келтірілген аяттар мен хадистерде әлеуметтік қайырымдылық, дүниелік тіршілік үшін қамдану, еңбек ету, жақсылық жасау, әлеуметтік тыныштықты бұзбау (сақтау) секілді тақырыптар туралы маңызды хүкімдер келтірілген. Исламияттың осы хүкімдерін жете түсінген, хақтығына иман еткен фәрдтер әлеуметтік өзгерістер толқынына қарамастан адал еңбек етеді, тапқанын Аллаһ жолында жұмсайды, жарлы-кембағалдарға көмектеседі. Олар еңбексіз еш нәрсенің болмайтынын біледі. Олар әлеуметтік өзгерістерге душар болған қоғамда өздерінің иманын, сенімін, өмірлік жолын сақтай біледі; әр түрлі қиыншылықтар мен таршылықтардың емтихан екенін түсінеді;
“Біз қай елге бір пайғамбар жіберсек, оның халқын жалынып, жалбарынулары үшін мұтлақа (міндетті түрде) жоқшылық һәм таршылықпен қинағамыз” [17] “Шынында біз, перғауынның ұрқын, олар ғибрат алар ма деп, ұзақ жылдар бойы жұт және табыс тапшылығымен қинадық” [18]
“Аллаһ бір шаһарды мысал етті; бұл шаһар сенімділікте, қауіпсіздік орнаған һәм хұзырлы (тыныш) еді. Оған жан-жақтан мол ризықтар ағылушы еді. Бірақ та олар Аллаһтың ризықтарына опасыздық жасады (шүкірін орындамады). Аллаһ та оларға, жасаған қылықтарының салдарынан, аштық һәм қорқу киімін (пәлекеттерін) татқызды” [19]
“Әлбетте, күдіксіз сенен бұрынғы үмметтерге де пайғамбарлар жібердік. Бізге жалбарынулары үшін оларды таршылық һәм мұңмен қармап, жазаладық” [20] “Менің зікірімнен (Құраннан) бет бұрушылардың барлығына тіршіліктің тапшылығын береміз һәм қиямет күні оларды соқыр етіп тірілтеміз” [21]
Исламияттың басты мақсатының бірі адам баласының ақылын, санасын, ойлау қабілетін қорғау, ұрпақты жалғастыру, айналаны қоршаған ортаны (табиғатты) аялау. Сондықтан, хақ дініміз маскүнемдік, араққештік, шарапқұмарлық, нашақорлық сықылды естен тандыратын, адамның санасын құртатын жаман қылықтарды хоштамайды, оларды үзілді-кесілді лағынеттейді. Соңғы жылдары елімізде, өкінішке орай, осындай жағымсыз қылықтар көбейіп барады. Арақ-шараптан уланғандарды, бірін-бірі өлтіргендерді, өзінің үйін, кәсіпорнын байқамай өртегендерді күнде теледидардан көруге болады. Үшбұ азаматтарымыз Пайғамбарымыздың мына хадистері мен Құран Кәримдегі аяттарды білсе, істегендерінің қаншалықты ерсі екенін түсінер еді. Рахмет Елшісі бір сөзінде былай деген;
“Көбі мас қылатын нәрсенің азы да харам!”
Пайғамбарымыз бек көп хадистерінде көркем мінезді (ахлақ) мадақтаған. Өзінің өмірінде күллі адамзатқа үлгі болған. Оның мына сөздері қазір де маңыздылығын сақтауда;
“Шынында мен көркем мінезді тәмамдау үшін жіберілдім”
“Сендердің иман бойынша ең әдемілерің – мінез-құлық бойынша ең әдемілерің” “Аллаһ Тағаланың ең сүйікті пенделері ахлақ жағынан ең әдемі пенделер” “Ей Аллаһым! Сенен денсаулық, есендік һәм көркем ахлақты тілеймін!” Ақыл – адам баласының ең үлкен байлығы. Ақыл – иманның, діннің тіреуі. Расұлұллаһ мына хадисінде осы мәселені түсіндіреді;
“Адамның сүйеніші – ақылы. Ақылы жоқтың діні де жоқ!”
Иә, шындығында да ақылы жоқ адамның діні қайдан болсын?! Есірткіні сорып, масайып жатқан адамнан қоғамға, жанұяға қандай жақсылық болмақ?! Ең қарапайым, ең тұрпайы нәрселерді түсіну үшін, іске асыру үшін ақыл керек қой. Ал, дін секілді ең ұлық, ең рухани, ең пәк ұғымды түсіну үшін ақылдың да ақылы керек. Ақылы сергек, ойы таза адамдар ғана діннің қадірін білмек, терең ойламақ, таза иманды болмақ. Үйткені, иман дегеніміз сенім. Сенім – ғылым, білім болғанда ғана хасіл болады, бекиді. Ғылымсыз, білімсіз адамда қандай сенім болсын?! Ол неге сенгенін, не үшін сенгенін біле ала ма?! Міне, сондықтан, Исламият ойы, ұжданы сау адамдардың болғанын қалайды, соны бұйырады. Иманы берік, ойы тың адамдар тың ойлайды, харам нәрселерден, қылмыстан, құлдыраушылықтан аулақ болады. Олар дүниедегі һәм ахиреттегі жауапкершіліктен қорқады. Төмендегі хадистер осы мәселелерді анықтайды;
“Шүбәсіз, Аллаһ Тағала жұмсақ мінезді, ақ жарқын кісіні жақсы көреді”
“Мұсылман – тілінен һәм қолынан өзге мұсылмандар амандықта болатын адам” “Өзінің бауырына үш күннен артық кек сақтау мұсылманға халал болмайды” “Садақалардың ең абзалы – ренжіскен адамдарды татуластыру”
“Бір пенде басқа бір пенденің айыбын жапса, Аллаһ Тағала да қиямет күні оның айыбын жасырады”
“Егер біреудің жамандығынан оның көршілері толықтай амандықта болмаса, ол адамның иманы кәміл емес деген сөз”
“Жақсылық жасаңдар! Күдіксіз, Аллаһ жақсылық жасаушыларды сүйеді!” “Аллаһ ысрапқорларды жақтырпайды!”
“Ынсап – діннің жартысы-дүр!”
“Ұят – иманнан-дүр. Адамдардан ұялмайтындар, Аллаһ Тағаладан да ұялмайды” “Даналықтың басы – Аллаһтан қорқу”
“Уәдені орындау – иманның беріктігін көрсетеді”
“Шүйіншілеңдер, сескентпеңдер! Жеңілдетіңдер, қиындатпаңдар!”
“Адамдардың ең хайырлысы – адамдарға ең пайдалысы”
Әлбетте, жоғарыдағы хадистер мен мұқаддас аяттарды көбейтуге болады. Біздің мақсатымыз, осы көлемі шектеулі мақалада хақ дін Исламның, мұсылмандық иманның материалдық уә моральдық өзгерістерге тап болған фәрдтерді қаншалықты демейтінін, олардың рухын биік ұстайтынын көрсетпек еді. Дінге жай құлшылық тұрғысынан қараушылық – дінді толық түсінбегендік, толық бағаламағандық болады. Әрине, құлшылықсыз дін болмайтыны рас, бірақ, құлшылық діннің негізгі ұстындарының бірі, бәрі емес. Аумалы-төкпелі заманда ғибадатын жалғастырғандар үлкен рухани ләззәт алады, олардың Аллаһ Тағалаға деген сенімі, өз-өздеріне сенуге жетектейді. Құран Кәримдегі “ғасыр” сүресі, сондай бір зобалаң замандағы адамдарды суреттейді;
“Ғасырға (заманаға) ант болсын! Адам баласы, шынында, зиянда! Иман еткендер, салих (жақсы, хайырлы) ғамал (іс) істегендер, бір-біріне хақты үгіттегендер мен сабырды насихаттағандар ғана зиянда емес!” [22]
Демек, адам баласының бәрі зиянға ұшырайтын сондай ғасырда төмендегі 4 топтағылар ғана зияннан сақтанбақ;
1. Иман еткендер (сенімділер, мұминдер)
2. Жақсылық жасағандар
3. Хақты (туралықты) үгіттегендер
4. Сабырды үгіттегендер
Қорыта айтқанда, заманымыздағы һәм барша ғасырлардағы мәселелердің шешілуінде Исламияттың хақ орнын түсінуіміз керек. Қазақыстан қоғамында бұл күндері жиі қайталанып жатқан проблемалардың бастыларын жоғарыда көрсеттік. Құран Кәрим аяттары мен Расұлұллаһтың кейбір хадистерін келтіре отырып, Исламияттың аталмыш мәселелерге көзқарасын талдадық. Әлде де жазылмаған ойлар бар. Мұсылман елдердің тарихын саралағанда, әсіресе, ХХ ғасырда азаттық күресін жүргізген елдерде Исламның халыққа қаншалықты қуат-жігер бергенін байқаймыз. Африка мен Азиядағы көптеген мұсылман елдерінде Исламияттың жоғарыда үзінділері келтірілген қағидалары адамдардың өтпелі кезеңнен табысты өтуіне үлкен үлес қосқан. Елімізде, соңғы жылдары Исламияттың мәртебесінің күшеюі қуантарлық жағдай. Алайда, хақ дін Исламның тереңдігі ғылыми платформаларда лайықты мағнасын таппақ. Ғылыми жиналыстар, пікірталастар, ғылыми еңбектер, зерттеулер арқалы ғана Исламды түсіне аламыз, түсіндіре аламыз. Ойланайық.
[1] Инсан — адам, адам баласы
[2] Мәужүт – бар, қалыптасқан, пайда болған нәрсе, бар нәрсе
[3] Бәшериет – күллі адамзат
[4] Хайат — өмір, тірілік
[5] Милләт — ұлыт, нация
[6] B?y?k ?slam Tarihi, ?a? Yay?nlar?, Istanbul, 1992, 1-том, 170-бет
[7] Құран Кәрім, Зарият сүресі (51), 21- аят
[8] Құран Кәрім, Ғашия сүресі (88), 17-20 аяттар
[9] Мәуле — қамқоршы, ие
[10] Нәби — пайғамбар, елші
[11] H?kelekli, Hayati., Din Psikolojisi, Ankara, 1993, 80-бет
[12] Vergote, Antoine., Psychologie Religieuse, 3. Edition, Charles Dessart edt., Bruxelles, 1969, 293-бет
[13] Құран Кәрим, Рұм сүресі (30), 30-аят
[14] Құран Кәрим, Қасас сүресі (28), 77-аят
[15] Құран Кәрим, Нәжм сүресі, (53), 39-аят
[16] Құран Кәрим, Әли Имран сүресі (3), 200-аят
[17] Құран Кәрим, Ағраф сүресі (7), 94-аят
[18] Құран Кәрим, Ағраф сүресі (7), 130-аят
[19] Құран Кәрим, Нахл сүресі (16), 112-аят.
[20] Құран Кәрим, Әнғам сүресі, (6), 42-аят
[21] Құран Кәрим, Таха сұресі (20), 124-аят
[22] Құран Кәрим, Ғасыр сүресі (103),1-3 аяттар
ИСЛАМДАҒЫ ЖЕТІМДЕРДІ ЕСІРКЕУДІҢ МӘНІ ХАҚЫНДА
Қоғамдық өмірдің сиқын бұзушылар көбінесе әлеуметтік өмірден тыс қалған, томаға-тұйық, комплексті адамдар екені белгілі. Жетімдер дегеніміз әке-шешесінен айырылған, ата-анасыз өсуге мәжбүр болған қоғам мүшелері. Кішкентайынан жетім қалған балалардың жақсы тәрбие-білім алуы, олардың хұқұқтарының көзделуі барлық қоғам үшін аса маңызды. Сондықтан, Жаратқан Иеміз мұсылмандарға жетімдерге қарайласуды, оларды аялауды, есіркеуді һәм білім беріп, кәсіп үйретуді бұйырады:
«Олар сенен жетімдер туралы сұрайды. Оларға айт: Жетімдерді ислах ету (оларға жақсы тәрбие беріп, пайдалы адамдарға айналдыру) хайырлы. Ал, олармен бірге өмір сүрсеңдер, онда, олар сендердің бауырларың. Аллаһ бұзақылық жасаушыларды адал ғамал жасаушылардан ажыратады (біледі). Аллаһ қалағанда сендерді захматқа (бейнетке) кіргізер еді. Күдіксіз, Аллаһ ғазиз һәм хаким-дүр!» /[1]/.
Аталмыш аяттағы “йәтама” арабшадағы жетім (әл-йәтим) сөзінің көпше түрі. Сөздікте бәлиғатқа жетпей әкесіз қалғандарды жетім дейді. Олар кәмелетке толған соң жетім аталмайды.
Исламнан бұрынғы араб қоғамында жетімдердің ақысы көзделмеуші еді. Күштілер жетімдерді қанайтұғын. Мәселен, өлген әкесінен өзіне белгілі мөлшерде мүлік мирас қалған жетім қыздарды байлар не өздеріне не ұлдарына әйелдікке алатұғын. Кейбір зорлықшылар әкесінен дәулет қалған жетім қыздарды әйел етіп ала алмаған күннің өзінде оларды күң етіп, жәбірмен ұстайтұғын. Жетімдерді қорлау, оларды қақпайлау әдеттегі нәрсе саналатын. Осындай себептерге байланысты Аллаһ Тағала (4/9), (6/152) және (17/34) аяттарын түсірді:
«Жетімдердің мал-мүлкін зұлымдықпен жеушілер шынында жанып тұрған от жеп, қарындарына жалындап тұрған шоқ толтыруда!» және «Жетімдердің мал мүлкіне олар ер жеткенге дейін адал жолдан басқасымен жақындамаңдар!». Сүйтіп, Ұлық Раббымыз мұминдерге жетімдерге көмек беруді бұйырды. Бұл ес тоқтатпаған, ержетіп өзін һәм мүлкін қорғай алатын дәрежеге жетпеген азаматтарды қорғауымыз керектігін көрсетеді.
Осындай аяттар жіберілген соң мұсылмандар жетімдердің мал-мүлкіне жоламай кетеді, олардың ақысын жеп кетеміз деп қорқады. Сол себепті, олардың жағдайы күнбе-күн нашарлап, ауқаттары төмендей бастайды. Мұны көрген мұсылмандар қайтерін білмей аң-таң болады. Олар өз меншігін басқара алмайтын жетімдердің заттарын өздерінікіне қосса, аятқа қарсы келгендік болады деп ойлайды. Мал-мүлкі қараусыз, иен қалған жетімдердің бейбастақтыққа ұрынуы да мүмкін еді. Осындай жағдайда сахабалар Пайғамбарымызға барып, жетімдердің мал-мүлкі хақында сұрайды. Сонсоң, жоғарыдағы аят нәзіл болады. Нәтижесінде, Пайғамбарымыз жетімдерді тәрбиелеп, оларды қоғамға, адамзатқа пайдалы азаматтар етіп тәрбиелеуді бұйырады. Үйткені, олардың меншіктерін біз қорғамасақ талан-таражға ұшырап кетеді де олар ер жеткенде қолында ештеңке қалмайды. Жетімдерді мәпелелеп, тәлім-тәрбие бермесек, олар қоғамға өкпелі, құсалы жандар болып өседі де олардың тұрмыс құруы, ұрпақ тәрбиелеуі екіталай болады. Кішкентайынан оның мұның сөгісін естіп, әке-шешенің махаббатын көре алмай өскен жандардың психологиялық саулығының да мардымды болмасы анық. Міне, осындай себептерге байланысты мұсылмандардың міндеті жетімдерді есіркеу, оларға көмектесу, оларды сыйлау болып табылады.
Сахабалар әлде де күдіктенуші еді, жетімдердің мал-мүліктерінің халі не болмақ еді? Тағы да көптеген сұрақтар оларды мазалаушы еді. Осындай халде мына аят түсті: «Олардың тамақтарын өз тамақтарыңа, сусындарын өз сусындарыңа қосуларыңда сендерге обал жоқ! Үйткені, олар сендердің дін бауырларың-дүр. Аллаһ сендердің шын ниеттеріңді, кімнің ислах үшін, ал кімнің бұзақылық һәм қиянат үшін қосқанын анық біледі» /[2]/.
Сүйтіп, жеиімнің ақысын жедім бе? деп күдіктенушілерге жауап берілді. Кейбір тәфсіршілер бұл аятты жетімді қамқоршылыққа алған адам бай кісі болса, жетімге жасаған қызметі үшін ақы сұрамасын деп жориды. Ондай қамқоршылар жасаған жақсылықтарының бодауын жетімнен сұрамайды. Үйткені, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындау үшін қосымша ақы сұрау әбестік болады. Ал, қамқоршы кедей кісі болса, онда жетімнің мүлкінен әдден аспайтындай етіп пайдаланады да кейін жағдайы түзелгенде қайтарады. Қайтаруға жағдайы келмесе, жетімнен кешірім сұрап, халалдық алады. Бұған дәлел ретінде мына аят көрсетіледі:
«Байлар жетімнің мүлкіне ізеттілікпен қарасын, кедейлер мағрұф бойынша ғана жесін!» /[3]/. Жетімдердің меншіктері туралы хүкім мына аятта көрсетілген:
«Жетімдерді үйленер жасқа шейін сынаңдар. Егер олардың ер жеткеніне көз жеткізсеңдер, онда олардың меншіктерін өздеріне дереу қайтарып беріңдер! Олар ер жетіп, мүліктерін алады деп олардың меншіктерін асығып жеп-тауысуды көздемеңдер! Байлар олардың заттарын жеуден сақ болсын! Кедейлер мағрұф бойынша (әдден аспай) ғана жесін. Олардың меншіктерін өздеріне қайтарып бергенде қастарыңда куәгерлер болсын. Есеп сұраушылыққа Аллаһтың құдіреті жетерлік!» /[4]/.
Жоғарыдағы аяттар Жаратушының жетімдердің хұқұқтары жөніндегі бұйрықтарын түсіндіреді. Жетім ақысының Ислам дінінде қаншалықты маңызды мәселе екені осылайша анық болды. Аяттың ақырында Аллаһ Тағаланың жетімдердің жағдайынан есеп сұрайтыны айтылған. Демек, мұсылмандардың басты міндетінің бірі жетімдерге сый-сияпат көрсету, оларды ешқашан да қорламау. Жетімдердің қоғамда лайықты өмір сүруі үшін біз аталмыш міндеттерді үзілді-кесілді орындауға мәжбүрміз. Жетім балаларды ескерусіз қалдыру, оларды өз бетіне тастап кету адамгершілікке де жараспайды. Бұл індет қоғамда асқынған аурулардың пайда болуына апарып соқтырады. Мәселен, Құран Кәримдегі «Фәжір» сүресінде адамзатқа жіберілген апаттардың басты себептерінің бірі ретінде: «Олар жетімдерге қарайласпаушы еді» /[5]/ деп айтылған. Яғни, егер Аллаһ Тағала берген байлықтар мен мүмкіншіліктерді жетімдермен бөліспесек, әртүрлі апаттардың болуын күтуге болады.
Ал, сүйікті Пайғамбарымыз да көптеген хадистерінде жетімдердің хұқұқтары туралы хабарлаған. Мәселен, бір хадисінде:
«Жетімді өз кепілдігіне алып, қарайласқан адам және мен екеуіміз жәннетте мынандаймыз» деп, ортан терек пен өңге саусақтарын біріктіріп көрсеткен /[6]/.
Ибни Аббас айтады: «Расұлұллаһ былай деп айтты: «Кім мұсылманның жетімін алып, өзінің тамағына, сусынына кіргізсе, кешірілмейтін бір күнә (Аллаһ Тағалаға ортақ қосу) жасамаса, Аллаһ Тағала сол адамды мұхаққақ жәннетке қояды».» /[7]/.
Амр Ибнұ Шұғайыб ан Әбиһи ан Жәддиһи айтады: «Бір адам Пайғамбарымызға келіп: «Мен кедеймін, еш нәрсем жоқ, сүйте тұра (қарамағымда) бір жетімім бар» деді. Аллаһ Тағаланың елшісі оған: «Жетімнің мүлкінен же! Ләкин, мұны істегенде ысрапқа барма, асықпа, өзіңе имеденіп алма!» деді.» /[8]/.
Сахабадан Әбу Һұрайра риуаят етті: «Пайғамбарымыз былай деп айтты: «Мұсылмандардың ішіндегі ең хайырлы үй ішінде өзіне жақсылық жасалған жетімі бар үй. Ал, мұсылмандардың іщіндегі ең жаман үй ішінде өзіне жамандық жасалатын жетімі бар үй!». Ибни Аббас мынандай бір хадисті нақыл еткен: «Расұлұллаһ бұйырды: «Кім үш жетімді өсіріп, олардың нафақасын қамсыздандырса, ол әншейін өмір бойы түнімен намаз оқып, күнімен ораза ұстағандай және қылышымен Аллаһ жолында жиһад еткендей сауап табады. Сондай адаммен екеуіміз мына ағайынды саусақтар құсап жәннетте бірге боламыз» деп сұқ саусағы мен ортан саусағын қосып көрсетті.
Жоғарыда келтірілген аятттар мен хадистерге қарағанда жетімдерге қарайласу, оларды киіндіру һәм тамақтандыру әр мұсылманның басты міндетінің бірі. Осы арада айта кететін бір мәселе, жетімдерге жақсылық жасағанда тек Аллаһ Тағаланың разылығына ие болу үшін жасау керектігі, басқа мақсаттардың болмауы, шын ықыласпен, таза ниетпен ғана жасаудың абзалдығы. Сондықтан, жетім балаларға әрқандай жақсылық жасағанда олардың абыройларын ренжітпей, олардың да адам екенін ұмытпай, жылы лебізбен, басын сипап жасау керек. Аллаһ Тағала Дәһір сүресіндегі мына аятта осыны айтады:
«Тамақты қанша жақсы көргендерімен олар оны міскінге, жетімге және тұтқындарға да жегізеді» /[9]/. Мына аятта да: «Сүйген нәрселеріңнен бермейінше хақиқи ізгілікке жете алмайсыңдар!» /[10]/ делінген. Ал, Нахыл сүресінде жақсылық жасаудың абзал жолы туралы былай айтылған: «Олар жегізгенде, көңілдері хош болып жегізеді» /[11]/. Өзімізге қажетті заттарымызды Аллаһ ризалығы үшін фидә етіп берген соң, жылы лебізбен, күлер жүзбен жасағанымыз абзал, ағайын. Біздің Пайғамбарымыз Хәзіреті Мұхаммед те жетім еді. Ол кішкентайынан әкесіз-шешесіз қалған еді. Құрандағы мына аятта Пайғамбардың жетімдігі туралы былай делінген:
«Сені жетім кезіңде асырамадық па? Бала кезіңде жолынан адасқан кезіңде сенің жолыңды тураламадық па? Кедей екеніңді біле тұрып, сені байытпадық па? Ендеше, сен де жетімдерге қаһарланба!» /[12]/. Аяттағы «фә ла тақһар!» сөзін тәфсіршілер: «жетімге бетіңді тыржитпа, қабағыңды түйме, жетімге әкесіндей бол, мейірімді бол, жетімді қорлама» деп жорыған.
Ал, жетімдерге жасалатын ең үлкен жақсылықтың бірі олардың мектептерде, университеттерде білім алуына көмектесу. Еліміздің келешегі тікелей білімді, иманды азаматтардың саны мен сапасына байланысты. Білімді азаматтар әрқащанда өзін-өзі асырай алады, өзгелерге хайырымды болады. Жетім балалардың заманауи талапқа сай білім алуы олардың өздеріне һәм жалпы қоғамға үлкен игіліктер әкеледі. Жетім балаларға біздің ендігі бір борышымыз олардың бақытты жанұя құруларына көмектесу. Жетім қыз болса оны болашақ ана етіп тәрбиелеп, білім беріп, адал бір жігітпен бас қосуына көмектесу үлкен сауап. Жетім ер бала болса да жағдай солай. Осында ізгілікте жетім балаға баласын беретін ата-аналар ешқандай кедергі жасамай, керісінше жетімге ата-анасындай болғаны абзал.
Еліміздегі заңдар шетел азаматтарының Қазақстандағы жетім балаларды белгілі шарттарды орындаған соң асырап шетелге алып кетуіне рұқсат береді. Заңның осындай болуының көптеген объективти себептері бар. Алайда, біздің ұрпақтарымыздың шетелдерге кетуі, олардың туған елдерінен алыстап кетулеріне, туған тілі мен мұсылмандығынан қол үзуіне апарып соқтырмасына кім кепіл? Дәл бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс кезінде мемлекеттің де жетімдерді қамқоршылыққа алған бюджеттік мекемелердің де жағдайын түсінуге болатын сықылды. Ал, дәулетті саудагерлеріміз бен іскер адамдарымыз балаларымыздың елімізден шетелге кетуіне көз жұмып отыра бере ме? Шетелдіктердің орынан біздің елімізде асырап алатын азаматтардың табылмай қалғаны ма? Бұл сұрақ бәрімізді ойлантуы керек, ағайын.
Жетім балаларымыздың мүшкіл жағдайын ескеріп, олар тұрмақ біздер қиналып жатқан үшбұ дағдарыс уақтында хайырымдылық шараларын қолданып жатқан бауырларыма Аллаһ Тағала риза болғай демекшімін. Ел болып, ағайын болып біріксек, осы мәселені де оңды шешеріміз анық. Раббымыздың бұйрығы, Пайғамбарымыздың ғибратты сөздері де соны талап етуде. Алға! Аллаһ сәтін берсін!
/[1]/ Құран Кәрим, Бақара сүресі (2), 220-аят
/[2]/ Құран Кәрим, Бақара сүресі (2), 220-аят
/[3]/ Әр-Рази, Тәфсир әл-Кәбир, VI-том, 52-бет
/[4]/ Құран Кәрим, Ниса сүресі (4), 6-аят.
/[5]/ Құран Кәрим, Фәжір сүресі (89), 17-аят.
/[6]/ Бұхари, әс-Сахих-и Бұхари, VII-том, 76-бет
/[7]/ Тирмизи, Бирр 14, 1918-хадис
/[8]/ Әбу Дәуіт, Уәсая 8, 2872-хадис және Нәсаи, Уәсая 11, 6,256-хадис.
/[9]/ Құран Кәрим, Дәһір сүресі (76), 8-аят.
/[10]/ Құран Кәрим, Әл-и Имран сүресі (3), 92-аят.
/[11]/ Құран Кәрим, Нахыл сүресі (17), 114-аят.
/[12]/ Құран Кәрим, Дұха сүресі (93), 6-9 аяттар.
ҒҰРБАТТАН АТА МЕКЕНГЕ
Ғұрбат. Қазіргі қазақ тілінде сирек қолданылатын ежелгі сөзіміз. Туған халқымыздың тарихы ғұрбатқа кеткен бауырларымыздың ғибратты хикаяларына толы. Бүгінде әр үш қазақтың бірі ғұрбатта өмір сүруде. Ресми деректер бұл фактіні растайды. Ғұрбат деп отырғанымыз – диаспора. Бірақ, оның мағнасы диаспорадан кең, бай һәм диаспораңыздан гөрі жылы, ыстық естіледі. Ғұрбат – арабшадан енген сөз; ғарыпшылық, ғарыптық, елінен, туған жерінен, отанынан алыста, көңілі жаралы күн кешушілікті ғұрбат, ғұрбатшылық дейді. Халқымызда ғарып-жарлы, ғарып-кәсір деген сөз тіркестері әлде де кезігеді.
Ал, диаспора деген қазақпен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын гректің сөзі, кешегі Кеңес империясының қалдығы. Ғылыми деректерде (Webster’s New Dictionary, 390-бет) диаспора сөзі тек Филистинді (Палестина) тастап, жер шарына сүргінделген йаһұди (еврей) халқы жөнінде ғана қолданылады. Ал, қазақ халқы еврей емес қой! Және де қазақ халқы өзінің отанын тұтастай тастап, айдалған халық емес қой! Сондықтан, йаһұдилер хақында қолданылатын «диаспора» сөзін мұсылман һәм түркі нәсілінен қазақ халқының Қазақстаннан тыс жерде тұратын бауырларымыз турасында неге қолданамыз? Екіншіден, шетелде тұрады делінетін бауырларымыздың көпшілігі өздерінің бұрынғы мекенінде, яғни қазақ халқының Қазақстаннан тысқары қалған мекендерінде өмір сүруде. Мәселен, Омбы, Томбы, Құланды, Түмен, Саратов, Астрахан, Алтай, Шығыс Түркістан, Қобда Беті қатарлы елдердегі ағайындарымыз ғарыштан ұшып келген жоқ қой! Бұл олардың ғасырлар бойы мекен еткен ата қоныстары. Сондықтан, біз осы ауылдарымыз туралы «диаспора» сөзін қолдана алмаймыз. Ал, ғұрбат сөзі дәл осы жерде біздің қажетімізге жарайды. Үйткені, ғұрбат – өзінің туған жерінде болғанымен бұл күнде басқа мемлекеттің билігіне қарайтын, өзінің қалың қара орман қазағынан бөлініп, ғарыпшылық көріп жатқан бауырларымыз хақында да айтылады.
Қазақ халқы ғұрбатшылықты көп көрген халық. Бұл оның ұлылығының бір белгісі іспетті. Бұл күнде тек мықты, өскен халықтардың өкілдері ғана жан-жаққа таралған. Мәселен, түрік бауырларымыз Грекия, Бұлғарыстан, Румения, Албания, Македония, Косово, Қаратау, Босна уә Һерсек, Молдова, Қапқазия, Алмания, АҚШ, Таяу Шығыс, Орта Азия т.т. елдерінде жиі шоғырланған. Ауыстралияның өзінде 400 мыңдай түрік тұрады. Әр елде тұратын түріктер Түркияның абыройын асырады, елін танытады, отанға табысын жібереді, салым салады, ғұрбатта өз елінің тілеуін тілеп отырады. Бұл Түркия дәулетінің өзіне қаншама үлкен күш-қуат әпереді. Сол сықылды, біздің халқымыздың 1/3 бөлігінің шетелдерде, яғни ғұрбатта тұруы осыған саяды. Бір кезде халқымыздың қаншама көбейіп, асып-тасып, құдіретінің ұланғайыр аймаққа жайылғанын аңғарамыз. Қазақтардың отыздан астам елдерде тұратының ескеру жеткілікті.
Ғұрбаттағы бауырларымыз Қазақстан тәуелсіздік алғалы тұр дегенді ести сала, сонау 1989-1990 жылдардан бастап, көшіп келді. Алғашқы кезекте жақын ғұрбаттағы бауырларымыз, кейінірек алыстағылар елге қарай көшті. Аллаһ Тағалам көшкен бауырларымызға жеңілдік нәсіп етсін, жаңа мекендері жайлы болсын демекшімін. Ләкин, кейбір маңызды мәселелерді ашық айтатын тұс та жеткен секілді. Ол – ғұрбаттағы қазақтарға деген Кеңестік көзқарастың әлде де сеңі бұзылмай келе жатқаны. Кеңес билігі өзінен бұрынғы Ресей патшалығының «бөлшектеп, биле!» саясатын шебер ұстанды. Сондықтан, оларға мұсылман халықтарды, сонсоң түркі халықтарын, ахырында әрбір түркі халқын өзінің ішінде бөліп, араға жік салып, біріне-бірін дұшпан етіп қою саясаты қолданылды. Үшбұ себепті, шетелдегі қазақтар «сатқындар, қашқындар, байдың ұрқы, молданың ұрқы, тыңшы» деп айыпталды, жала жабылды. Әсіресе, Түркия, Иран, Еуропа, ҚХР елдеріндегі қазақтарды, олардың отаншыл азаматтарын қатты сынға алды. Олардың мұндағы ұрпақтарын, туыстарын азапқа салды. Міне, осындай кері үгітпен өскен һәм бұрынғы тоталитарлық жүйенің шашбауын көтеріп, соның арқасында «адам» болып, «күн» көріп жүрген кертартпашылардың әлде де болса осы кесапаттан айыға алмай отырғаны.
Жуықта, бір үлкен ағамыздың дастарханында отырғанымда, үй иесі мені меймандарға «Түркиядан көшіп келген бауырымыз» деп таныстырған-ды. Сонда отырған зейнеткер жастағы бір кісі «Иә, сатқындардың ұрқы екенсің ғой!» деп, маған тесірейе қарағаны есімде. Әлгі зейнеткерге маған айтқанының дұрыс емес екенін, дін жолымен һәм заң жағымен қарағанда нахош, күнә екенін айтып, бақтым. Бірақ, әбден санасына сіңген нәрсені шығарып тастау мүмкін болмады. Қарасам, қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде ғұрбаттан келген қазақтарды кінәлі санайтын көрінеді. Елінің мүддесінен гөрі өзінің қара басының пайдасын жоғары ұстайтын сол кісіге айтқан пікірлерім босқа кетті. Ол, қаталық ұрық қуалайтындай, отызыншы жылдары босып кеткен қазақтардың өздерін ғана емес, олардың ұрпақтарын да жек көретінін көрсетті.
Жә, осы ащы хақиқатты айтқан соң бірнеше ойымды қысқаша қайырайын:
Біріншіден, шетелдерге кеткен қазақтарды қашқын, сатқын дей алмаймыз. Үйткені, жоғарыда айтқанымыздай, олардың айтарлықтай бөлігі өздерінің ежелгі мекенінде тұрады. Ал, Иран, Ауғаныстан, Түркия жеріне кеткен қазақтар кешегі ашаршылық, жаппай қудалау, тәркілеу зобалаңдары кезінде «босуға» мәжбүр болған жандар. Босу деген сөздің өзі олардың қандай себептермен кеткенін түсіндіреді. Ал, қашқын деп бүгінгі тәуелсіздік пен тоқшылықтың қадірін түсінбей, халықтың ақшасын жеп Швейцарияға, Америкаға, Израилға, Белгияға қашқан қазақтарды айтуға болады. Оларды «қазақ» деп атауға аузың бармайды-ау. Соғыс, қақтығыс, репрессия атаулы зұлматтардың бірде-бірі жоқ кезде, өздігінен қашқан адамдар, міне, тап солар. Ал, қысыл-таяң кездегі аталарымыздың неге жер аударғанын тарихшы ғалымдарымыз соңғы он жылда айтып һәм жөнді түсіндіріп келе жатыр.
Екіншіден, кетудің де кетуі бар ғой. Күш жинап, отанын қайта азат етуге басқа жаққа кеткен адамдар да бар. Мәселен, Мұстафа Шоқайды кім сатқын деп айта алады? Мұстафа Шоқайдай туған елін сүйген, халқының азаттығы үшін күрескен көсемдер некен-саяқ. Ол ширек ғасыр бойы шетелдерде туған халқының мерейін үстем ету үшін күрескен ардақты тұлға. Ислам тарихынан айтар болсақ, Пайғамбарымыз да 622 жылы өзінің туған елінен ауып Мәдинеге барған жоқ па? Ол, Мәдинеде мемлекет орнатып, бар жоғы сегіз жылдан кейін 630 ж. Меккені бұтқақұлдардан азат еткен жоқ па? Аллаһ Тағала қасиетті кітабымыз Құран Кәрімінде хақ жолда һижрат (көш) еткендерді мадақтаған. Мәселен, Әл-и Имран сүресінің 195-аятында Аллаһ жолында көшкендер былайша мадақталады:
«Олар көшті, жұртынан шығарылды, Аллаһ жолында қиыншылықтарға ұшырады, соғысыты һәм өлді. Ант болсын! Мен де олардың жамандықтарын жасырамын және оларды астынан өзендер ағатын жәннеттерге қоямын. Бұл сыйлық – Аллаһ тарапынан-дүр. Сауаптарыңа әдемі әжірді Аллаһ береді».
Ниса сүресіндегі 100-аятта былай делінген:
«Аллаһ жолында көшкен адам жер бетінде барарлық көптеген әдемі қоныстар һәм молшылық табады. Кім Аллаһ және Оның Пайғамбарының жолында көшу мақсатымен үйінен шықса, сонсоң жолшылықта ажал оны тапса (өлсе), ендеше оның сыйлығын беру Аллаһ Тағалаға тән! Аллаһ аса мейірімді, көп есіркеуші-дүр!»
Тәубе сүресі, 20-аятта былай делінген:
«Иман етіп һәм Аллаһ жолында көшкендер, мал-мүлкімен, жан-тәнімен күрескендер дәреже жағынан Аллаһ Тағаланың хұзырында өзгелерден үстем-дүр. Абыройға, ізгілікке жеткендер, міне, солар!»
Пайғамбарымыз Мәдинеге көшіп келген мұсылмандарды «Мұһажирұн» деп атаған. Сондықтан, біздің шетелдерге қилы себептерге байланысты діні, тілін сақтау үшін кеткен бауырларымыз бүгінде Қазақстанның өсуіне, өркендеуіне атсалысып, үлес қосуда. Ғұрбаттағы бауырларымыздың түрлі-түрлі салалардағы жетік тәжрибелері, өздеріне тән қасиеттері Қазақстан қоғамының мәдени, экономикалық потециалын күшейтуде.
Мемлекетіміз мықты болуы үшін қазақ халқының басы бірігіп, мықты ұлтқа айналуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда бұрынғы бүлікшілердің жауыз насихаттарын қоқысқа лақтырып, тәуелсіз мемлекеттің азаматтары ретінде егемендігімізді мәңгі сақтап, Қазақстанымызды мың жасату үшін еңбек етуіміз керек. Бұл өзін қазақ дейтін әр азаматтың өмірлік міндеті болуы керек те ұрпақтан ұрпаққа ол міндет қатаң сақталып, мінсіз атқарылуы шарт. Алыстан келген бауырларымыз туралы барлық хүкімділікті (предубеждение) жойып, оларды бауырға басып, олардың мұң-мұхтажын ықыласпен тыңдап, қаталықтары болса кешіріммен қарап, кемшіліктерін ортақтасып түзеуіміз-ақ керек. Мисалға, басқа ұлттардың өздерінің ғұрбаттағы бауырларына деген көзқарасын фактілермен келтірелік:
Еврей халқы дүние жүзіне таралған, сауда-саттықта, экономикалық іс-әрекеттерде шешуші рөл атқарып жатқан халық. Осыдан бірнеше жыл бұрын Алматыға Израилдың сауда және экономика министрі Натан Шаранский келді. Ол ресми сапар барысында Орта Азия елдерін түгел аралап шықты. Қазақ теледидары Натан Шараскидің осыдан он шақты жыл бұрын Ресейден көшіп барған еврей екенін айтқанда таң қалдым. Ол өзінің «екі мың жыл» бұрынғы ата мекеніне барғанда бауырлары «Бұл Ресейден келген, сатқынның ұрқы, тыңшы» деп айтпаған, керісінше біліміне, қабілетіне қарап сауда және экономика министрі етіп қойған. Ал, Израилдың сауда-экономикасын басқарған адамның әлемде қаншалықты күшінің бар екенін өзіңіз-ақ ойлаңыз.
Осыдан екі-үш жыл бұрын Литва мемлекетінде президент сайлауы болды. Бұл сайлауға АҚШ азаматы Адамкус деген диаспораның өкілі қатысып, президенттік сайлауды жеңіп алды. Ол президент болған соң жарты жылдан кейін ғана Литва азаматтығын қабылдады, зайыбы сол кезде әлде де АҚШ азаматы болып қалған-ды. Литва секілді өркениеті дамыған мемлекетте ешкім Адамкусқа қарсы шығып, «қашқын, тыңшы, сатқындардың ұрқы» демеді. Шаранский секілді өзінің туған тілін шала сөйлейтін бұл перзентін Литвалықтар бауырға басып, мемлекет басшысы етіп, сый көрсетті. Ол да өзінің еліне қолынан келгенінше қызмет етуде.
Бұларға қоса Солженицынды орыстардың қалай көтергенін айтсақ та жеткілікті. Армения мемлекетінің сыртқы істер министрі АҚШ азаматы армиян диаспорасының өкілі Вартан Осканян. Жуықта түрік теледидарына берген сұхбатында Түрікменістан президенті Сапармұрат Түркменбашы төрт вице-министрдің Түркия азаматтары екенін айтты. Олардың Түрікменістанның дамуына айтарлықтай үлес қосып жатқанын хабарлады. Бұған қоса жапон халқы тұрмайтын Перу мемлекетін он бір жыл бойы Алберто Фуджиморидің басқарғанын, АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы болған М. Олбрайттың екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Чехиядан қашқанын айтуға болады. Тіпті, Чехия президенті В. Хавел қызмет мерзімі аяқтап келе жатқан Олбрайт ханымға телефондап, Чехияға көшіп келуін, президенттікті қуана қуана оған тапсыратынын айтқан. Алманиядағы Г. Коль басқарған христиан демократиялық одақтың басшылығына жуырда шығыс Алманиядан келген ханым сайланды.
Иә, мысалдар жеткілікті. Ұлт болған халықтар, дамыған мемлекеттер өз отандастарын пәлен жердікі, түлен жердікі деп бөлмей, объективті жағынан ғана қарап, елдің, мемлекеттің мүддесін жоғары ұстап қарауда. Жоғарыдағы айтылған кертартпа пікір иелерінің саны тым аз. Алайда, бір қарын майды бір құмалақ шірітеді дегендей, рухани ауруға шалдыққан осы бауырларымыздың бетін бері қаратып, халықтың бірлігіне ұйытқы етуіміз керек. Егемендігіміздің он жылдығында жарыққа шыққан «Көш» атты осы газет қазақ халқының ынтымағын нығайтуда маңызды қызмет атқарады деп сенемін. Көзі ашық, көкірегі ояу бауырларымызға Аллаһ Тағалам жар болғай! Хайырлы қызмет тілеймін.
АРМАН АЗАМАТТЫҚ
Қазақстан – тәуелсіз, дербес мемлекет. Биыл күллі қазақ баласының қара шаңырағы Қазақ Елінің еркіндікке қол жеткізгеніне 10 жыл толып, төбеміз көкке жетіп отыр. Жер-жиһанның түкпір-түкпіріне шашырап кеткен бауырларымыз қайда жүрсе де осындай алып, азат мемлекеттің барлығын мақтаныш тұтады, Аллаһ Тағаладан еліміздің аман, жұртымыздың тыныш, мемлекетіміздің буыны берік, қорғанысы толық ел болуын тілейді. Ендігі алда тұрған арман – қазақ баласын ата-мекенге топтастыру, мемлекетіміздің қай-қай жағынан мықты да дәулетті ел болуына атсалысу. Пайғамбарымыздың: «Хұбб-ил уатан, мин-әл иман» яғни «Отанды сүю – иманнан-дүр» хадисінде мағнасы керемет суреттелген осы мақсат әрбір қазақтың көкейіндегі ең маңызды мұрат екені хақ.
Кеңес патшалығының темір қабырғасы жарылып, туған елдің нұрлы көкжиегі көріне бастаған сәттен-ақ, бауырларымыз «елім, жерім» деп келе бастады. Алғашқы кезекте қалың ел болып, Мұңғұлыстаннан он мыңдаған қазақтар «еңбек шарты» деп, тетігін тауып, қисынын келтіріп, отанға оралды. Бұл соңғы ғасырдағы қазақ халқының басынан өткен «ұлы» көштердің ең ғажайыбы, ең ыждиһаттысы болды. Олардан кейін Түркиядан, Шығыс Түркістаннан, Ираннан, Ресейден, Өзбекістаннан, Ауғаныстаннан т.т. қазақ бауырларымыз ағылып, келе берді. Әркім бір «жолын» тауып, әйтеуір Қазақстанға көшіп «келудің» қамын ойланды. Біреулер туысшылап, біреулер оқу жолымен, енді біреулер жұмыс бабымен келіп, орналасып қалды. Мұның бәрі де заңды негізі әлі де толық айқындалмаған қазақтардың көші-қон мәселесінің амалияттағы (практикадағы) көріністері болып жатты. Кейінгі жылдары шетелдердегі қазақтардың Қазақстанға көшіп келуі мемлекеттің басты стратегиялық мәселесінің біріне айналды, бюджеттен ақша бөлінді, әр мемлекетке белгілі мөлшерде квота белгіленді, ғұрбаттан (диаспорадан) келген бауырларымызға мемлекет тарапынан кейбір жеңілдіктер мен жәрдемақылар тағайындалды. Осының бәрі де біздің көреген Елбасымыз бен отаншыл, елшіл азаматтарымыздың ықыласты еңбектерінің арқасында, Аллаһ Тағаланың ғинаятымен іске асырылды.
Қазақыстан деген алып та құдіретті мемлекеттің ту тіккенін ести сала келген қандастарымыздың саны ресми деректер бойынша 200 мың адам мөлшерінде. Бұл 10 жылда көшіп келгендердің саны. Ал, шетелдердегі 5 миллионға жуық қазақ бауырларымыз осы қарқынмен көшіп келетұғын болса, онда кем дегенде 250-300 жылдай уақыт қажет екен. Бұл созылмалы барыстан қазақ халқына келер пайда жоқ екені баршаға мәлім. Сондықтан, үштен бір бөлігі Қазақыстаннан тыс жерлерде тұратын халқымыздың мүмкіндігінше қысқа мерзімде ата-мекенде бірігіп, барлық қазақ халқы көпұлтты Қазақыстан халықтарымен интеграциядан өтіп, ұлттық тұтастығымызды, рухани ымырамызды нығайтып, мемлекетіміздің мейлінше қуатты ел болуына қолқабыс тигізгеніміз абзал. Ал, көшіп келмек қазақтан бұрын, көшіп келіп алған қазақтың мәселелерін де қатар шешіп отырғанымыз әбден жөн болар еді. Сондықтан, үшбұ мақаламызда көшіп келіп алған бауырларымыздың ең басты проблемасына айналған «азаматтық» мәселесін талқылап, кейбір ұсыныстар жасамақшымыз. Мәселенің түсінікті болуы үшін шешімнің бәрі барып тірелетін заң жағына қарайық.
Қазақыстан мемлекеті 1991 жылы бой көтергенде шетелден келген қазақтардың Қазақыстан азаматтығын алуы турасында дайын заңдар яки қалыптық құжаттар болған жоқ. Олар көбінесе «шетел азаматы» (иностранец) мәмілесіне ұшырап жатты. Әрине, заң тұрғысынан алғанда олардың шетел азаматы екенінде дау жоқ. Бірақ, қазақ баласының қайсы бірі өз еркімен шетелдің азаматы болы дейсің, олардың қандай ахуалда барғаны, қалайша сол елдерде тұрақтанып қалғаны белгілі нәрсе, мұнда қайталаудың қажеті жоқ. Ең бастысы – олар біздің бауырларымыз, қазақ халқының өкілдері. Бүгінде Қазақыстанда тұратын әр төрт қазақтың бірінің шетелдерде туыстары бар. Сондықтан, оларға қолындағы құжаттарға «телміріп» шетелдің азаматы ретінде қарау дұрыс емес. Мәселен, Израилдегі йаһұдилер (еврейлер) қай елдің азаматы болса да өз йаһұдилерін басқа елдің азаматтарынан ерек көреді. Эфийопиядағы негрға айналып кеткен фалаш еврейлерінің өзін көшіріп апарғаны, міне, сондықтан. Бұдан басқа шетелдердегі бауырларымыз демографиляық баланстың қалыптасуы, ұлтымыздың һәм мемлекетіміздің нығаюы, экономикалық динамикалар мен өндірістің жандануы, ел қорғанысының қамсыздандырылуы, әсілі, қазақ халқының көркеюі үшін бізге қажет. Ал, кейбір елдерде тұратын қандастарымыздың аянышты халін көргенде, олардың Қазақыстанға көшіп келуі жай патриоттық мәселе емес, тіпті, гуманитарлық міндетке айналады. Қазақыстан мемлекеті олардың еш қандай кедергісіз көшіп келуіне, мұнда «адами» өмір сүруіне жағдай жасауда.
Қазақыстан Республикасының 1991ж. Конституциялық заңының (ҚССР Жоғарғы Кеңесінің ведомостары, №51, 1991ж. 622-бап) 7-бабында былай жазылған: «Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территорясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердің азаматтығымен бірге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтін болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады». Ал, осы заңның 8-бабында болса: «Қазақстан Республикасы Республика шегінен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тілдік қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негізінде бұл азаматтардың мүдделерін қорғайды» делінген. Кеңес бұғауынан енді-енді босап келе жатқан жас мемлекеттің негізгі заңында шетелдердегі қазақтардың хұқұқтары осылайша ең жоғары деңгейде қорғалған-ды.
1993ж. қабылданған тұңғыш Конституциямыздың 4-бабында мынандай сөздер кезігеді: «Осы Конституцияда және Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын адам басқа мемлекеттің азаматы болып танылмайды. Республика аумағынан лажсыз кеткен республиканың барлық азаматтарының, сондай-ақ, басқа мемлекеттерде тұратын қазақтардың басқа мемлекеттердің азаматтығымен қатар, егер бұл өздері азаматтары болып табылатын мемлекеттердің заңдарына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының азаматы болуы құқығы танылады» (ҚР Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, №3, 1993ж., 54-бап). Демек, тұңғыш қабылданған Конституциямызда да шетелдердегі қазақтардың азаматтық хұқұқтары ең жоғары деңгейде танылған, сақталған. Осы заңдардың негізінде көптеген қазақтар өздерінің бұрынғы азаматтықтарымен қатар Қазақстан Республикасының да азаматтығын қабылдады. Мәселен, Түркиядан келген қазақтардан Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Абдұлхамит Инан қатарлы азаматтар Түркия Республикасының азаматтығымен қатар Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. 1993 жылғы Конституция шетелдердегі қазақтардың хұқұқтарын қорғау жағынан көңіл көншіткенімен, хұқұқтық-азаматтық мемлекеттің басқа салалары тұрғысынан алғанда кейбір мәселелердің салмағын көтере алмады. Сондықтан, өтпелі кезеңге арналған осы конститутцияның орнына 1995 жылдың 30 тамызында өткізілген Республикалық бүкіл халықтық референдумда осы күнгі Конституциямыз қабылданды.
1995 жылғы Конституция әлеуметтік, экономикалық, демократиялық нормдар жағынан халықаралық талаптарға сәйкес болғанымен, осы ата заңда шетелдегі қазақтардың хұқұқтары жөнінде ешнәрсе айтылмаған. Осы күнгі Конституцияның 10-бабының 3-тармағында азаматтық мәселесі туралы былай делінген: «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды». Міне, барлық дау-дамай осы баптың дұрыс түсінілмеуінен, дұрыс талқыланбауынан пайда болуда. Аталмыш бапта, назар аударсаңыз, «Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуына жол берілмейді» деп жазылмаған. Мұнда, Қазақыстан Республикасы азаматының басқа елдің азаматтығын қабылдаған жағдайда мұның «танылмайтыны» айтылып отыр. Хұқұқ жүйесінде, әсіресе, халықаралық хұқұқта бір елдің құжаттарының, заң нормаларының екінші ел тарапынан танылуы яки танылмауы мәселесі бар. Бұл, халықаралық келісімшарттарды қоспағанда, Қазақыстан Республикасының құзырлы органдарының билігіндегі нәрсе. Мәселен, Қазақыстан Республикасы кез келген елдің кейбір құжаттарын яки хүкімдерін тануы мүмкін, немесе танудан бас тартуы мүмкін. Халықаралық хұқұқтың осы қағидасынан алғанда және Қазақыстанның Конституциясындағы аталмыш бапты басшылыққа алғанда Қазақыстан Республикасы шетелден көшіп келген қазақтарға Қазақыстан Республикасының азаматтығын бере алады да олардың өңге елдің азаматтығын танымайды. Қазақыстан Республикасының азаматтығын қоса қабылдаған қазақтар Қазақыстанда тек Қазақыстанның азаматы болып саналады һәм Конституцияда Қазақыстан азаматтары үшін көрсетілген хұқұқтар мен бостандықтардан пайдаланып, жауапкершіліктер мен міндеттерді мойындайды. Ал, олар азаматы болып табылатын мемлекеттердің заңдары екінші елдің азаматтығын алуға рұқсат етпесе, ол басқа жағдай. Ондай елдердің азаматтары міндетті түрде бір елдің азаматтығын таңдауы шарт.
Қазақыстан Республикасы халықаралық қауымдастықтың және беделді халықаралық ұйымдардың толық хұқұқты мүшесі. Сондықтан, біздің еліміздің жолы халықаралық деңгейде танылған конвенциялар мен келісімшарттардың төңірегінде болмақ. Дүние жүзінің көптеген елдерінде белгілі шарттар орындалғанда екі елдің азаматтығын алуға рұқсат етілген. Халықаралық миграциялық процесстер, экономикалық һәм саяси тенденциялар мұны талап етуде. Мәселен, АБД жыл сайын 20 000 адамды компютерлік іріктеу арқалы өз азаматтығына қабылдайды. Түркия 1986 жылы Бұлғарыстанның сол кездегі президенті Тодор Живков шекараға айдап салған 450000 түрікті және 1989 жылы Саддам Хұсайын қырғынға ұшыратқан он мыңдаған Ирақтық курдтарды өз азаматтығына қабылдады. Босния уә Һерсек және Косоводан қашып келген мыңдаған адамдар ұлтына, тегіне қарамастан түрік азаматтығына қабылданды. Түркияның бұрынғы Президенті Кенан Евренның тұсында Түркия мемлекеті 1982 жылы Ауғаныстаннан Пәкістанға қашып барған мыңдаған қазақ, өзбек және түрікмен бауырларымызды барлық шығындарын көтере отырып, Түркияға әкелді, үй-жай беріп, азаматтыққа қабылдады. Менің әкем де Түркия Республикасының Мемлекеттік министрлігінің 10.03.1952ж. №3232-0-3035/12765 және Министерлер кабинетінің 13.03.1952ж. №3/14595 қаулысы бойынша барлық шығындары Түркия мемлекеті тарапынан төленіп, Пәкістаннан көшіп барған қазақтардан. Сол топтағы қазақтарды 3 жыл бойы тамақтандырып, адам басы ай сайын шай-суан ішерлік ақша беріп, оларды жергілікті шартқа һәм түрікшеге үйретіп, сонсоң қалауы бойынша ауылда тұрамын дегендерді ауылдарға, қалада тұрамын дегендерді Ыстамбұлға үй-жай беріп орналастырған.
Қазақыстанның онда біріндей ғана аумағы бар Алманияда 80 миллионнан астам халық тұрады. Жұмыссыздардың саны 1993-1994 жылдары 10 пайызға шейін жеткен-ді. Бұл екінші дүние жүзілік соғыстан кейінгі ең жоғарғы көрсеткіш болатын. Бұған қарамастан олар осыдан 250 жыл бұрын көшіп кеткен ұрпақтарын бір-бірден тізімге алып, басым көпшілігін көшіріп апарды. Көшкен алмандардың азаматтық алуы мен жаңа ортаға бейімделуі жөнінде қыруар жұмыстар жасалды. Бұрынғы Кеңес елдеріндегі йаһұдилердің басым көпшілігі Израилге көшіп кетті. Израил мемлекеті жер тапшылығы, тұрғын жай проблемасы және көршілерімен келіспеуішіліктері болғанына қарамастан миллиондаған йаһұдилерді апарып, орналастырды. Олардың ішінен Натан Шаранский сықылды адамдар министрлікке шейін көтерілді, саяси партиялар мен фирмалардың басшылығына келді…
Ендігі кезекте біздер шетелдерден көшіп келген қандастарымыздың мәселелеріне лайықты сәуиеде көңіл бөлмей, шешімін таппасақ, бұл ахуал кері әсер беруі мүмкін. Бәсеңдеген көші-қон барысы одан да төмендеуі ықтимал. Он шақты жыл өмір сүріп, басқа азаматтармен қатар ауыртпалығын көріп, міндеттерін өтеп, азаматтығын ала алмау деген түсініксіз һәм аянышты жағдай. Бұл бізді досқа күлкі дұшпанға таба қылатын жағымсыз бірақ ашты шындық. «Сен еңбек шартымен келіпсің», «Сен бір жолғы визамен келіпсің», «Сен оқу жолымен келіпсің» т.т. деп, алдына келген кісіні қайтара салу оңай. Бірақ, сол азаматтар қандай қиншылықтарды бастан кешіріп келді екен деп неге ойланбаймыз. Ешкім саналы түрде заңға қарсы келу үшін яки өзінің іс қағаздарын қиындату үшін олай істемейді. Ғұрбаттағы бауырларымыз көзінің жарығы барда қазақтың жеріне өкшемді тигізсем болғаны деп, қалай амалын тапса солай келуде. Олардың ішінде сауаттысы да бар, сауатсыздары да бар, байлары да бар кедейлері де бар. Өмір бойы ғарыпшылық көріп, қақпайланып, кемсітіліп жүргендері де бар. Енді, олар өз мүмкіндіктерімен Қазақыстанға келіп жатса, басқа не сұрайсың? Демократиялық түзімдерде шешімдер таусылмайды. Әр күн жаңа проблемалар пайда болады, осы проблемаларға шешімдер өндіріледі. Сондықтан, қағаздарда жазылған сөздерден гөрі нақтылы өмірде пайда болған проблемаларға шешім өндірген абзал.
Жә, осы күнгі заңдарымыз шын мәнінде көп азаматтылыққа қарсы ма? деген сұрақ пайда болады. Бұл сұраққа көпшілік «Қос азаматтылыққа жол берілмейді», «Қазақыстан азаматтығын алу үшін шетел азаматтығын тастау керек» дей салады. Осы көнбістіктің салдарынан он мыңдаған қазақтар он шақты жыл Қазақыстанда «иностранец» болып, азаматтық ала алмай жүр. Солардың бірі осы мақаланың авторы – менмін. Бас ұрған орындардың бәрі «Түрік азаматтығынан шығыңыз, сонсоң келіңіз» дейді. Түрік елшілігіне барып бірнеше рет арыздандым. Олар маған «Біз сіздің Қазақыстан азаматтығын қабылдауыңызға қарсы емеспіз. Түркия Республикасының заңдары екі елдің азаматтығын алуға рұқсат береді. Сондықтан, сіздің Қазақыстанның азаматтығын алу үшін біздің азаматтығымыздан шығуыңыз шарт емес. Азаматтықтан шыққанда Түркиядағы барлық азаматтық хұқұқтарыңыздан айырылып қаласыз. Әмбесінде әйеліңіз Қазақыстан азаматы екен. Жанұялық жағдайыңызға байланысты Қазақыстан азаматтығын мүшкілсіз алуыңыз ләзім» дейді. Сүйтіп, екі жақтың арасында қазекең доп болып, бір олай, бір былай жүреді. Алайда, өмір деген өтіп бара жатыр ғой. Әркім өзінің болашағына сеніммен қарағысы келеді, жоспарлар жасайды, шешімдер қабылдайды. Балалар болса өсіп келеді, олардың білім алу мәселесі, әлеуметтік қауіпсіздік хұқұқтары, зейнеткерлік, меншік алу т.т. толып жатқан проблемалардың шешілуі азаматтыққа байланысты. Мемлекеттік жұмысқа тағайындала алмайсың, адвокаттық, нотариустық секілді көптеген қызметтерді істей алмайсың. Көшіп келген қазақтардың қару ұстауға жарамды ұлдары азаматтық болмағаны үшін Қазақыстанның қарулы күштерінде отанға қызмет ете алмайды. Өмірдің көптеген мәселелерінде еркін бәсекеден артта қаласың. Иә, бұларды көбейтуге болады. Біздің мақсатымыз пессимистік сөздерді көбейтіп, елдің сиқын кетіру емес, қайта толғағы жеткен осы проблеманы тағы да бір рет еске салу, шешімдер ұсыну, маңыздылығын ескерту.
Жә, менің пікірімше Қазақыстанның бүгінгі заңдары һәм қол қойылған халықаралық келісімшарттар екі азаматтылықты баяғыда таныған. Мәселен, 01.07.1996ж. №409-1 ЗРК қабылданған «Қазақстан Республикасының азаматтық кодексінің» айрықша бөліміндегі 1094-бапты оқиық: «ст. 1094. Личный закон физического лица. Личным законом физического лица считается право страны, гражданство которой это лицо имеет. При наличии у лица двух или более гражданств личным законом считается право страны, с которого лицо наиболее тесно связано». Міне, Азаматтық кодекстің осы бабы екі азаматтық тұрмақ, одан да көп азаматтықты мойындап отыр. Бұған қоса, 13.07.1999ж. №412-1 ЗРК қабылданған «ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің» 414-бабында мынандай хүкім бар: «Ст. 414. Гражданская процессуальная дееспособность иностранных граждан и лиц без гражданства. Личным законом гражданина является право государтсва, гражданином которого он является. Если гражданин, наряду с гражданством иностранного государства, имеет и гражданство Республики Казахстан, его личным законом считается закон Республики Казахстан. Принадлежность такого лица к гражданству иностранного государства не признается судами Республики Казахстан». Конституциядағы 10-бабындағы «танылмайды» деген сөздің мағнасы осы заңда айқын көрсетілген. Яғни, шетелден келген қазақтар Қазақыстан азаматтығын қабылдайды, бірақ Қазақыстанның соттары олардың шетел азаматтығын танымайды. Біз болсақ 13.12.1997ж. №204-1 ЗРК қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңда өзінің ата-мекеніне көшіп келген қазақтарға Қазақыстан Республикасының азаматтығы беріледі дегенді айта алмай, оларды «оралмандар» деп атап жүрміз. Негізінен Азаматтық Кодекстегі хүкімдер бойынша барлық қазақтар (егер олар азаматы болып табылатын елдер қарсы болмаса) Қазақыстанның азаматтығын кедергісіз алуы мүмкін.
Өзінің тұрмысын, туып-өскен жерін, ортасын, жора-жолдастарын, туыстарын, әсілі, бар-жоғын тастап, шетелден көшіп келген қазақтарға екі азаматтық берілмесін дейтіндердің айтатыны мынау: «Егер қазақтарға азаматтық берсек, онда біздегі орыстар да, басқа ұлттар да азаматтық мәселесін көтеруі мүмкін». Бұл дұрыс аргумент емес. Біздегі орыстардың қызмет бабымен келгендерінің көшетіні көшіп болды Ресейге. Ал, екі-үш атадан бері Қазақыстанда тұрған орыстар ешқайда да көшіп кетпейді, олар мәңгілік Қазақыстандықтар һәм толық азаматтық хұқұқтарға ие. Қазақыстан Республикасы мен Ресей Федерациясы тарапынан 20.01.1995ж. Мәскеуде қол қойылған келісімшарт бойынша екі елдің азаматтары келісімшартқа қол қойған елдің біріне көшіп барса «жеңілдетілген» форма бойынша сол елдің азаматтығын қабылдайды. Мәселен, Қазақыстаннан Ресейге көшіп барып, онда тіршілік жасай алмай, қайта Қазақыстанға көшіп келуші орыстар бар. Міне, солар аудандық Ішкі Істер басқармасында арызданып, бар-жоғы 3-ақ айдың ішінде Қазақыстан азаматтығын алып үлгереді. Мұндайлар, Елбасының атына арыз да жазбайды. Со сықылды, 17.01.1996ж. Минск қаласында қол қойылған келісімшарт бойынша Беларусь Республикасының азаматтары да «жеңілдетілген» формада азаматтықтарын ауыстыра алады. Демек, орыстар мен ақорыстардың азаматтық туралы проблемалары жоқ екен, олар кез келген уақытта азаматтықты қабылдай алады екен. Сондықтан, орыстар азаматтық туралы мәселе көтереді дегендердің пікіріне қосылу қиын. Екіншіден, Ресейдің байырғы орыстарының Қазақстанға көшіп келмейтінін ескертейік.
09.10.1992ж. Бишкекте ТМД мүше елдер қол қойған келісімшарт қуғын-сүргін жылдарында туған жерінен кетуге мәжбүр болған адамдар мен аз санды халықтардың хұқұқтарын қайта қалпына келтіруді көздейді. Аталмыш келісімшартта қол қоюшы мемлекеттердің көші-қон, азаматтық алу, жұмысқа орналасу, ақталу жағынан ыңғайлы шарттарды әзірлейтіні жазылған. 24.09.1993ж. Мәскеуде ТМД мүше елдер тарапынан қол қойылған «Босқындар мен жер аударуға мәжбүр болғандарға көмек беру» туралы келісімшарттың 6-бабында қол қоюшы мемлекеттер қоныс аударуға мәжбүр болған адамдардың азаматтық алулары үшін қажетті құжаттарды дайындап береді деп жазылған. БҰҰ 28.09.1954ж. қабылданған «Апатридтер туралы конвенция» және 20.02.1957ж. қабылданған «Күйеуге тиген әйелдердің азаматтығы туралы конвенция» қатарлы көптеген халықаралық құжаттарда азаматтардың басқа бір елдің азаматтығын келісімшарттарда көрсетілген шеңберде қабылдауына қолайлы жағдай жасалатыны туралы хүкімдер бар.
Қорыта айтатын болсақ, шетелдерде тұратын қазақтардың ата-мекенге (ата-мекен дегенді тарихи отан деушілер бар) көшіп келуі еліміздің болашағына тікелей әсер ететін мәселе. Қазақ тілі, дініміз, әдет-салттарымыз, ұлтымыздың қалыптасуы, мемлекетіміздің баянды болуы т.т. маңызды сұрақтар тікелей осы мәселенің шешілуіне байланысты. Қазақыстан Республикасының заңдарында отанға оралған қазақтардың азаматтық алуына қарсы келетін ешбір бап жоқ, қайта заңдарымыз еркінше рұқсат берген. Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 10 жыл толуына байланысты түрмедегі азаматтарға кешірім жасалды. Сол сықылды, туған еліне қандай жолмен болса да көшіп келген қазақ бауырларымызға да кешірім жасап, олар сұрап тұрған ең басты нәрсе «Қазақыстан Республикасының азаматы» мәртебесін берсек, нұр үстіне нұр болар еді. Аллаһ Тағала мұһажирлерге (көшіп келушілерге) көмек берушілерді Құран Кәримінде мадақтаған. Сол мадаққа ие болғымыз келмей ме?
ӘДЕПТЕН ОЗБАЙЫҚ – ОТЫРАРДЫ ҚОРҒАЙЫҚ
Қазақ Әдебиеті газетінің 30.11.2011ж. санында журналист Әмірхан Балқыбектің “Шыңғыс хан – далалық тұлға” атты қарсы мақаласы жарияланды. Автордың бұрынғы мақаласындағы (ҚӘ, №21, 2001ж.) ойларын қайталауы болып табылатын бұл мақаласында айтары Шыңғыстың ұлы далалық тұлға екені. Мұнымен әсте келісуге болмайды. Журналист бауырымыз Шыңғыс ханды мадақтағанда екі-ақ нәрсені басшылыққа алады: 1-) Шыңғыстың далалық тұлға екені 2-) Оның түркі нәсілінен шыққандығы. Міне, осы екі-ақ нәрсе залымның зұлымдығын ақтауға жетеді деп ойлайды. Біріншіден, адамдарды далалық, ормандық, таулық, шөлдік, қалалық тұлға деп бөліп, жекелеуге болмайды, мұндай сыныптау талдаудың деңгейін төмендеткеннен басқа нәтиже бермейді. Екіншіден, залымның түркі болуы яки болмауы оның зұлымдығын ақтауға негіз бола алмайды. Егемен Қазақстанда жарияланған мақаламызда (30.10.2001ж.) Шыңғыстың шыққан тегінің белгісіз екені, мұны ешкімнің дәлелдеуге мүмкіндігі жетпейтіні туралы айтқанбыз. Егер, Әмірхан Балқыбектің Шыңғыстың түркі нәсілінен екендігін растайтын ғылыми дәлелденген құжаты болса, оны ортаға салсын. Соның өзінде, бұл залымның зұлымдығын ақтауға яки кешіруге негіз бола алмайды. Бұрынғы құқық жүйелерінде һәм заманауи заң ғылымында адамдар жасаған қылмыстарына сол қылмыс бойынша жауап береді, оның тегі, тілі мен діні есепке алынбайды. Сондықтан, журналист бауырымыздың эмоцияға ұрынып, қырғынның қырғынын жасаған тұлғаны даладан уә түркіден шыққандығы үшін деп жақтауын, ақтауын қауіпті үрдіс деп бағалаймын.
Аталмыш қарсы мақалаға тоқталмас бұрын “Қазақ Әдебиеті” газетінің бірінші бетіндегі мақалаға кіріспесі туралы бір-екі ауыз пікір айтқым келеді. Мұнда былай деп жазылған: “Түркиядан келген қандасымыз Мұртаза Бұлұтай “Егемен Қазақстанда” Шыңғыс хан туралы тым үстірт, асығыс пікірлер айтыпты. “Түркиялық қандасымыз” дегеннен шығады, жақында ғана Түркиядан келген екінші бір қандасымыз “отқа май құю, жеті шелпек пісіру – бұлардың бәрі дінімізге жат” деп, теледидардан сөйлеп, тағы бір шетелдік қандасымыз өз кітабында…Біз оралман ғалымдарымыздың…”. Төбесінде Ибраһим Құнанбайұлының суретін іліп қойып, қазақ халқын оралмандар — оралман еместер деп бөліп сөйлеу Қазақ Әдебиеті газетіне артылған ауыр жүкпен сыйыспайды. Түркиядан емес, Керуленнен келіп, Орталық Азияны талқандаған Шыңғысты ақтауы, мақаласында Г.Э. фон Грюнебаум, Г.В. Вернадский сияқты “оралман” емес, нағыз жергілікті (!) авторлардың пікірлеріне жүгінуі журналист бауырымздың пайым шарқын көрсетеді. Біріншіден, оралман болсын, болмасын қазақ халқының бәрі туыс, бәрі де өзінің пікірін білдіруге құқықты. Екіншіден, менің мақаламда келтірілген пікірлеріммен сайыспай, менің қайдан келгенімді алға тарту әлсіздіктің, дәйексіздіктің нәтижесі деп білемін. Үйткені, мұндай пікірлерді Қазақстандық авторлар да, басқа шетелдіктер де айтып келеді. Менің “Егемен Қазақстандағы” мақаламда тура 56 сілтеме келтірілген, олардың ешқайсысы да оралмандар емес. Олардың көбісі дүниежүзі мойындаған ғылыми авторитеттер. Сондықтан, “Мұңғұл Әдебиеті” емес, “Қазақ Әдебиеті” деп аталатын газетіміздің қазақ халқын осылайша шыққан жеріне қарай бөлуін де асқан қаталық деп санаймын. Біз қазақ халқының басын біріктіретін кез келді деп жан айқайымызды салып отырғанда, пікірлерімізге қарсы пікірдің орнына оқшаулаушы жеңіл сөздерді көргенде ыңғайсызданып отырмыз. Қабдеш Жұмаділ, Оразақын Асқар, Марфуға Айтхожина, Халифа Алтай, Мұстафа Өзтүрік, Дәнеш Рақыш, Мұхтар Құл-Мұхаммет, Ислам Жеменей қатарлы көптеген оралман бауырларымыз қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне, ғылымы мен біліміне үлкен үлес қосуда. Сондықтан, бүгінгі өркениет пен баспасөз этикасы талап ететін, егеменді мемлекетіміздің заңдарымен бекітілген мәдениетті сақтай білейік, әдептен озбайық, ағайын, демекшімін. Осы “Қазақ Әдебиеті” газеті сонау 14.09.1990ж. №37 санында Ислам дінінің барлық қағидаларын аяқасты ете отырып, сүйікті пайғамбарымыз Әз Мұхаммедтің (с.ғ.у.) суретін жариялаған-ды. Мен 31.03.1991ж. Алманиядан жіберген хатымда мұның үлкен қата екенін, мұсылманшылықта Әз Пайғамбардың суретінің жоқтығын, мұны жариялаудың дұрыс еместігін ескертіп едім. Сол хатым өкінішке орай басылмады. Енді бұл жолы журналист Ә. Балқыбектің қарсы мақаласын жариялаймыз деп, оралман атаулыға жөнсіз тисуі тағы да редакцияның жауапсыздығы салдарынан деп білемін.
Әсілі, айғай-шу көтеріп, әбестікке баратындай жағдай жоқ. Қазақтың көрнекті ақыны Мұхтар Шаханов Шыңғыс ханды басты кейіпкер етіп, бір повес жазыпты. Бұған журналист Ә. Балқыбек пен профессор Ғ. Есім өз пікірлерін жазыпты. Ақынның кітабын оқып, мен де өзімнің ойларымды жұртшылықпен бөлістім. Бұлар өте түсінікті һәм демократиялық, плюралтистік түзімде өте табиғи нәрселер. Ал, “Қазақ Әдебиеті” газетінің авторлардың пікірлерінен гөрі қайдан шыққанын алға тартуы, журналист Әмірхан Балқыбектің Шыңғыс ханның қылықтарынан гөрі оның қайдан шыққанына баса назар аударуы дұрыс емес деп білемін. Менің мақаламда келтірілген ойларға жауап берудің орнына, әңгімені басқа жаққа тарту бәрінен бұрын журналистік этикаға сай келмейді. Сондықтан, редакцияның оралман қауымнан кешірім өтініп, менің мына жауабымды жариялауын өтінемін. Бұдан кейінгі пікірталастарда егер біреудің пікірімен келіспесеңіз, онда сол автордың аты-жөнін, мақаласын келтіріп, жауаптарыңызды келтіріңіз. Оның шыққан жерін, ұлтын, дінін, нәсілін нысанаға айналдырмаңыз құрметті рекдакция.
Әмірхан Балқыбек аталмыш мақаласында Отырар әміршісі Қайыр хан бабамызды халық жауындай етіп көрсетіпті, бірақ ол менің мақаламдағы Шыңғыс хан неге тек Қайыр ханды өлтірумен ғана шектелмеді, Отырарда 35 мың адамды қырып, сонымен қатар қаланың ғимараттары мен кітапханасын неге жойды деген пікірлеріме жауап бере алмаған. Қайыр хан саяси қаталық жасады деген күннің өзінде (Ә. Балқыбектің пікірі бойынша, М.Б.) Шыңғыстың соншама аяусыздыққа баруын, бейкүнә адамдар мен кітаптарды жазалауын түсінуге болмайды. Біздің көлемді мақаламызда келтірілген және әрбірі ғылыми деректермен бекітілген аргументтерге журналист бауырымыз жауап бере алмаған. Мәселен, Шыңғыс пен оның ұрқының билігі кезінде найман, керейт, жалайыр, қоңырат, меркіт, қыпшақ, қаңлы, үйсін, оғыз тайпаларының жаппай қырғынға ұшыратылуы жөнінде ештеңке жоқ, баяғы жауыр болған сөздер болмаса. Ал, Әдіһам Шілтерханов (оралман емес, қорықпаңыздар) «Қайырхан қаһарманымыз емес пе еді?” деген мақаласында бұл туралы былай депті: “Насибнамада… Қайырханның нәсілі қаңлы еді деген сөздер бар. Отырарда ирандықтар болмағаны бұл жерде де көрініп тұр… Сол кезде тайпалық одағы мемлекеттік деңгейге көтеріліп қалған наймандар Шыңғыс хан қолынан аз қырылды ма? Қыпшақтар ше? Ертіс пен Дунай арасын ен жайлаған қыпшақтың көбі Шыңғыс хан жорығынан шілдей тозып кетпеді ме? Сол қыпшақтар мекенінде қазір кімдер отыр? Шыңғыс ханнан жеңілмегенде, бәлкім, бұл ұлы тайпаның тағдыры мұншалықты қасіретті болмас па еді?! Шыңғыс хан жаулап алған елін ұлыстарға бөліп, балаларына еншілеп бергенде, лажсыз бөлінген қазіргі қазақ ұлтын құрайтын найман, қыпшақ, сіргелі, жалайыр, қаңлы, қатаған секілді тайпаларға жататын көптеген бауырларымыз жат өлкеде қалып, отырған жеріндегі ұлттарға сіңісіп кеткен жоқ па? Шыңғыс ханға қараған соң шекеміз майға шылқылдады дейтіндей нақ сол кезде моңғол елінің байлығы да, әлеуметтік-қоғамдық даму деңгейі де біздің Жетісу немесе Сыр бойындағы елдерден көп төмен емес пе еді?” /[1]/.
Ибн әл-Әсир: “1043ж. 10 мың шатыр түркi халқы мұсылмандықты қабылдап, 20 000 қойды құрбандыққа шалды” дейдi /[2]/. Әмірхан Балқыбек еңбегіне жүгінген тарихшымыз С.М. Ақынжанов оларды қыпшақтар деп болжайды /[3]/. Алайда, қыпшақтардың ақибеті өте аянышты болды, мұңғұл шапқыншылары қыпшақ жерін талқандады, мәдениет атаулыны құрытты, қыпшақ-құмандарды жаппай құлдыққа әкетті, оларды аяусыздықпен өлтірді. Ә. Балқыбек оқуға кеңес еткен қалмақ тарихшы Хара-Даван мұңғұлдардың қыпшақтарды қалай өлтіргені туралы мынандай һашияны келтіреді: «С собой ведут много пленных, в особенности много вооруженных куманов (половцев), гонят их перед собой в бой и убивают как только видят, что они не идут слепо в бой. Сами монголы неохотно идут в бой. Если же кто из них будет убит, тут же его без гроба закапывают» /[4]/.
Мұңғұл шапқыншылығының алдында Ислам дiнiн мемлекеттiк дiнге айналдырған Қарахан дәуірінде бұрын-соңды болмаған оң өзгерiстер байқалған-ды. Қазақстанның оңтүстiк аймақтарында айтарлықтай мұралар қалдырған осы дәуiрде егiншiлiк, малшылық күшейiп, қолөнершiлiк және сауда гүлденіп, өркендеген-ді. Халықтың экономикалық хал-ахуалы әжептәуiр көтерiлiп, жайбарақат өмiр орнаған-ды. Бұрынғы шаһарлар гүлденiп, көптеген жаңа қалалар бой көтередi, қалалық мәдениет жайылып, орнығады. Сол заманның қаламгерлері Тараз қаласын үлкен сауда орталығы, ал Исфижаб (Испижаб, Сайрам) қаласын бүкiл дүние жүзi саудагерлерi үшiн кен бұлағы деп мадақтайды /[5]/. Тұңғыш Самани патшасы Исмаил Ахмедұлының немере ағасы Нұх Әсетұлы Исфижабты 838 ж. жаулап алған соң осы қаланың халқы Исламды қабылдаған-ды /[6]/.
Мұсылмандықты мемлекеттік дін еткен Қарахандықтар әулетінің билігін барша ғалымдар оңды бағалауда, мәселен, “Қазақстан Тарихы” атты кітапта, отандық тарихшыларымыз: “Қарахан әулеті тұсында түрік этносының ой-санасы өседі, мұсылман әдебиеті түрік тілінде шыға бастайды. Бұл салада жұрттың бәрінен бұрын Йұсұф Баласағұнның есімі белгілі болады. Тұтас алғанда Қарахандар дәуірі сапалық жағынан қоғамның барша саласындағы жаңа кезең боп табылады. Тек, мұңғұл жаулаушылығы тұсындағы ауыр күйзеліс қана қоғамның дамуға бет алған табиғи процессін үзіп тастайды” /[7]/ деп, әділ бағасын беруде.
Оғыздардың Түркияға көшуін үдеткен екінші фактор XIII-ғасырдағы мұңғұл шапқыншылығы болды. Мұңғұл басқыншылығынан бұрын Мауера-ән-Нәһір, Хорасан т.т. елдерінде әлі де болса айтарлықтай мөлшерде оғыз тайпалары бар еді. Мұңғұл басқыншылығы, әсіресе Илхан (Елхан) дәулеті тұсында оғыздардың Түркияға көшуі қайтадан үдей түседі. Мұңғұл ойранынан кейінгі жазба деректерде Мауера-ән-Нәһір мен Хорасан аймақтарында оғыздардың болғаны туралы сөз қозғалмауы үшбұ пікірімізді растайды. Орталық Азияны ойрандатқан мұңғұл басқыншылары Түркия жерін де жаулап алды. Көсетау (1243 ж.) соғысынан кейін мұңғұлдар Селжүк дәулетін өзіне қаратады. Мәмлүк билеушісі Сұлтан Мұхаммед Бейбарыс мұңғұлдармен үнемі соғысып, Түркия мен Алтын Ордадағы мұсылман бауырларына көмектесіп тұрады. Сондай жорықтың бірінде Бейбарыс бабамыз 1277 ж. Оңтүстік Түркиядағы Елбистанға шейін келіп, мұңғұлдарды талқандаған /[8]/. Шындық осылай бола тұра Әмірхан Балқыбек мақаласында «сұлтан Бейбарыстың Яссаның заңдарын (Шыңғыстың тұрпайы қағидалар жинағы, М.Б.) ниет еткенін мәлімдейді» деп, ақиқатқа кереғар пікір танытады да Әс-Сұйұтидың (Эссюути емес, Ә. Балқыбек Вернадский ұстазы қалай жазса солай ала салған, М.Б.) қай еңбегін пайдаланғанын көрсетпейді. Сұлтан II Мәсғұт 1308 ж. өлген соң Түркиядағы Селжүк мемлекеті ресми түрде құлады. Ең соңғы Хорезім-шаһы Жалаладдин (1220-1231) мұңғұлдарға жеңіледі. Мұңғұл шапқыншылары Хорезім-шаһтар билеген өңірлерді жермен жексен етіп қиратады, аяусыз зұлымдықтар жасайды. Жалпы өркениетке үлкен үлес қосқан бұл мемлекетті де Шыңғыс құлатады. Шыңғыстың тобырымен Үндістанда өркениетті мемлекеттер орнатқан түркі бабаларымыз да соғысқан. Мәселен, Деһли (Дели) сұлтандығын 1296-1316 жж. түркiнің хилжи руынан шыққан Алааддин Хилжи билеген. Ол Үндiстанды жаулағысы келген мұңғұлдарға естен кетпес тойтарыс бередi. Шыңғыс бастаған соқыр шапқыншылық, варваризм, вандализм жылдарында он мыңдаған қолжазба кітаптар жоғалып кетті.
Шыңғысты “бабам”, Бөртені “анам” деушілерге айтарымыз: шыныменен біз ата-бабаларымыздың жолын айна-қатесіз қууымыз керек пе? Сонда, өзіміздің ақылымыздың болмағаны ма? Егер олардың қаталықты, жаңылысты қылықтары болса және біз олардың қата екенін білсек, сонда да олардың жолында болуымыз керек пе? Яғни, ата-бабамыздың жолы деп би-төрелік, хандық немесе шаһтық я болмаса шаһаншаһтық ол болмаса патшалық, қағандық, хақандық мемлекет орнатуымыз керек пе? Шыңғыс итке, тауға, бөрікке табынды деп, біз де соларға табынуымыз керек пе? Не болмаса Шыңғыс тек көшпелі өмірде қалуды бұйырды деп, қазіргі адамзаттың жолын емес, көшебелікке қайтадан ауып, елімізді отырықшыларға атақ, даңқ үшін беруіміз керек пе? Шыңғыс 3000 қатынды малданды деп жанұя және неке туралы заңды өзгертіп, ескіліктің қалдығы һәм ғайриадами салттарды қайтадан енгіуіміз керек пе? Әйелдердің хұқұқтарын қолынан ата-баба жолы деп тартып алуымыз керек пе? Шаманист мұңғұл қоғамында әпекелі-сіңлілі екі қызды бірге алу салты бар еді. Мәселен, Шыңғыстың өзі әпекелі-сіңлілі Есүйген және Есүйді бірге әйелдікке алған. Мұңғұлдың «алтын шежіресінде» былай деп келтірілген: «Сол сәтте Есүйген ханым өзінің айтқан сөзінде тұрып, әпекесін көрісімен, өз тұғырын соған ұсынып, өзі төмендеп отырады. Есүйгеннің айтқан сөзі рас болып шықты. Есүй нағыз нұр жүзді, хас сұлудың өзі екен. Шыңғыс қаған салтанатты той жасап, Есүйді қатындыққа алып, ханымдар қатарынан орын ұсынды. Сөйтіп, татар жеңісінен соң, қаған қос ханымға иелік етті». Біреудің әйелін зорлықпен тартып алу Шыңғыс хан өмір сүрген қоғамда күнделікті әдеттен еді. Мәселен, Темүжіннің шешесі Оелен шын мәнінде меркіт руынан Шіледудің әйелі еді. Күйеуі Оеленді төркіндетіп келе жатқанда, Шыңғыстың әкесі Есүкей зорлап тартып алады. Сонда, Әуелін былай деп зарлайды: «Күйеуім еді Шіледу, кекіл-шашы желбіреп, жел өтінде жалғыз қалды-ау!». Бұл уақиғадан біраз уақыт өткен соң Темүжінді босанған Оеленнің өзі баласының тегі кім екенін білмейді. Бұтқақұл жабайы қоғамда мұндай уақиғалар күнделікті нәрселер. Темүжіннің өзі де әке жолының құрбаны болады. Ол қоңырат руынан Бөртені әйелдікке алғанда меркіт тайпасының жігіттері Бөртені тартып әкетеді. Бұл мүмкін Темүжіннің әкесі меркіт Шіледудің әйелін зорлап иемденгенінің қарымтасы еді. Бөрте бірнеше ай осы меркіт елінде жүреді де Темүжін керейттердің көмегімен әйелін құтқарып алады. Бұдан кейін Темүжіннің тұңғышы Жошы дүниеге келеді. Сондықтан, оның да тегі күмәнді болып тұр. Алтын шежірені мұңғұлшадан қазақшаға аударған Абай Мауқараұлының пікірінше Шыңғыс ханның татар және меркіт тайпаларын аяусыз қыруының негізгі себебі осы /[9]/. Ал, осы хақиқатты Мұхтар Шаханов былай деп келтірген: «Но вскоре после замужества // Была похищена меркитами // Воспользовавшимися отсутствием // На стойбище мужчин // И только через три // Мучительных месяца // Чингисхану удалось // Силой и кровью вернуть // Свою молодую жену // Когда на свет появился // Их первенец Жочи // У Чингисхана не было // Радости на душе // Ибо внутренне он чуствовал // Что Жочи не его сын // Но постарался // Скрыть это // От внимания посторонних». Билік қолына түскен соң Шыңғыс хан меркіттерді қуып жүріп өлтіреді. Бұл күндері Абақ Керей руында сақталған меркіттердің санының аз болуының себебі осында.
Бізде Шыңғыстың адамзат өркениетіне жасаған аяусыз соққысын бүркемелеу үшін оны барлық діндерге, сенімдерге еркіндік берген басшы етіп көрсетушілер бар. Мәселен, Әмірхан Балқыбек аталмыш мақаласында “Жаулап барған жеріндегі халықтың діни сеніміне қиянат жасамау да ұлы Шыңысханнан қалған өнеге” дейді. Алайда, осы «ұлы» Шыңғыс мұсылмандардың құрбан айт кезінде құрбан шалуына тыйым салып, бұйрығын орындамаған мұсылмадарды ату жазасына кескен /[10]/. Шыңғыстың кейбір ұрпақтары да оның мұмсылмандарға жасаған зұлымдығын жалғастырған. Мәселен, Шағатай хан құрбан шалуға және бой дәреті (ғұсыл) құйынуға тыйым салған, тіпті, қасындағылардың “мұсылман” сөзін тек бәлағаттау мақсатымен жұмсауына рұқсат еткен. Белгілі тарихшы Ата Мәлік Жуайни (1226-1283) бұл жөнінде былай деген: “Шағатай Ханның билігі тұсында мұсылмандар өте қиын уақытты бастан кешті, үйткені Ислами хүкімдер бойынша мал бауыздап союға және күндіз суға түсуге қатаң түрде шек қойылған-ды. Осы шек салдарынан сол жылдары Хорасан елінде ешкім әшкере мал бауыздай алмады. Аталмыш шектің жойылуы үшін мұсылмандар арызданғанда, Шағатай Хан оларды: “Арам еттен жеңдер” деп қайтарушы еді” /[11]/.
Шыңғыстан қалған жалғыз мұра “атақты” жасақ (Ә. Балқыбек айтқан Ясса) заңы. ХІІІ ғасырдағы өркениетті де адами заң жүйесін талқандаған бұл “данышпанның” әмірлерінің бағзылары мынандай: «Тот, кто мочится в воду или на пепел, также предается смерти; он (Чингис) запретил мыть их платье в продолжении ношения, пока сосвем не износится; он предписал им представлять в начале каждого года всех своих дочерей хану, чтобы он выбрал для себя и для сових детей; по смерти отца сын распоряжается судьбую его жен, за исключением своей матери, может женится на них или выдать из замуж за другую; он разрешил употреблять в пищу кровь и внутренности животных; воспрещается купаться или мыть одежду в прточной воде во время грозы» /[12]/. Тарихта өзінің халқына шектен тыс зиян тигізген залымдар бар. Мәселен, Адольф Гитлер. Бұл залым алман халқын көгертемін, барша ұлттарға үстем етемін деп, күллі жиһанды қиратты, жүз миллиондаған бейкүнә адамдарды қырды. Аяғында өзі көмусіз қалды. Гитлер шынында ең үлкен жамандықты алман халқына жасады, оның дағын бүгінгі алмандар тазалай алмай жүр. Алман халқының тарихында қара күйе болып жазылған бұл қанішердің аты. Ал, қазіргі Алманияда кейбір ұйымдар саналы түрде Гитлердің өмірбаянын, идеологиясын уағыздап, оны құдды бір “қаһармандай” яки “әдеттен тыс адамдай” етіп көрсетуде. Олардың алдау-арбауына іліккен бағзыбір жұмыссыз һәм білімсіз жастар тобыры Гитлерді “бабамыз, көсеміміз” деп, шетелден келген түріктердің, арабтардың үйлерін өртеуде, басқа ұлттарға шабуыл жасауда. Соңғы жылдары “тирандарды” насихаттау үрдісі күшейіп келеді. Осы арада Шахановтың романындағы мына сахна көз алдыма келеді: Отырар қаласы жау қолына түскелі тұрған сәтте Қайыр хан шаһардағы әйелдерді жинап, оларға бұл залымдықты ешқашан да ұмытпауларын, келешек ұрпақтардың жадына құйып тұруларын, сонда ғана тирандардың болашақ ұрпақтарының тарихқа адал баға беріп, өз-өздерін тазалауға мүмкіндік табатындарын айтады. Шахановтың романындағы Қайыр хан мен Шыңғыс хан тұлғалары тарихи шындықпен ұштасады. Алайда, соңғы кезде шыққан кейбір кітаптарда Отырардың ұлы перзенті Қайыр хан бабамызға тіл тигізушілер бар. Оны Хорезім шаһына тәуелді болды деп кінәләушылар бар. Ләкин, соңғы деміне дейін туған жері мен халқын қорғаған, сол үшін жанын фидә еткен Қайыр ханды сөгіп, күллі түркі жұртын бұлқан-талқан еткен Шыңғыс ханды мадақтаушыларды түсіну қиын. Олардың бұлай істеуінде қанағаттанбаған қатыгездік сезімдерінің әсері байқалады. Осы орайда тағы да жазушы Әдіһам Шілтерхановтан үзінді келтірелік: “Шыңғыс ханды моңғол болғандықтан, Галден-Церенді қалмақ болғандықтан, Ермакты орыс болғандықтан емес, еліміздің тыныштығын алғаны, тонап отарлағаны, азаматтарымызды өлтіргені үшін жек көруіміз керек… Өткенімізді, түп-тегімізді тереңдете зерттеп-зерделеудің қазір еліміз егемендік алып, төл тарихымыз жаңадан жазылып жатқанда қаншалықты маңызды екенін мен жақсы түсінем. Бірақ, “Шыңғыс хан қият еді, өзіміз еді, өзімізді-өзіміз жамандамайық” – деген сияқты, тарихты ұлттық-тайпалық тұрғыдан бағалаудың залалын шегелеп айтқым келеді. Жастарды рушылдыққа негізделген “патриотизмнен” үнемі сақтандырып отыруымыз керек. Ол өз ұлтымыздың болашағы үшін қажет” /[13]/.
Әмірхан Балқыбек Отырар әміршісі Қайыр хан бабамызды “тыңшылық етуге келгендерді” қамауға алып, сұлтан Мұхаммедке хабар жіберді деп сөгеді. Қай ел тыңшыларды құшақ жая қарсы алушы еді? Бүгінгі заманда да Ресейдің, АҚШ-тың тыңшыларды тұтқындап, бірін-бірі айыптап жатқанын естіп жүрген жоқпыз ба? Біз Қайыр ханды жамандап, Отырардың Әл-Фарабилерді дайындаған кітапханаларын жойғандарды мадақтағаннан не ұтамыз? Отаны үшін жанын фидә еткен он мыңдаған жерлестеріміздің өмірі босқа кеткені ме? Елбасымыз бен зиялы қауым өкілдері соңғы кездері осы Отырардың кітапханасын қайтадан жаңғырту туралы пікір айтып отырғанда журналист бауырымыздың вандалисттерді ақтауға тырысуын қалай түсінуге болады? Отырарды жоққа шығару, Қайыр ханды жоққа шығару біздің бүгінгі мемлекетімізді жоққа шығарумен парапар. Отырарды қорғаған бабаларымыздың өмірінің үлгі аларлық тұстарын жастарымызға үйрету егеменді елдің ұрпақтарын отаншылдық, имандылық рұхпен тәрбиелеуде аса қажетті құрал екенін ұмытпайық.
Мұхтар Шаханов аталмыш романында адамзат қоғамының маңызды мәселесіне түрен салған. Желтоқсан уақиғасы тұсында ел намысын қорғауда батыл қадам танытқан ақын бұл жолы да ерлік көрсетіп, ХХІ ғасырдың ең бір маңызды проблемасына назар аудартуда. Бұл ізгілік пен жауыздықтың, әділеттілік пен зұлматтың күресі. Соңғы жылдары ұлттар арасында этникалық алауыздықтар өрбіп, “этникалық тазалау” терминдері пайда болды. Сербия халқын Гитлердің әдісімен адастырған Слободан Милошевич деген залым Босния уә Һерсек, Косова, Хырватия секілді елдердегі жүз мыңдаған адамдарды өлтірді, массалық генодцидтерді жасатты. Ол мұның бәрін жасағанда серб халқын сүйгендіктен жасап отырмын деді. Аяғында не болды? Бұл залым дәл осы күнде қамақта, өзінің жазасын күтіп отыр. Оның зұлымдығынан серб халқы ештеңке ұтқан жоқ, қайта экономикалық дағдарысқа ұшырады, әлемдік қоғамдастықтан шеттетілді, артта қалды, тоыпрағынан, абыройынан айырылды.
Шахановтың романында өмірін күллі адам баласының қуанышына бағыштаған дәрігер, ғалым Айбар мен өмірін күллі адам баласының қасіретіне бағыштаған Шыңғыс салыстырылады. Айбар мына өмірде өзінің мақсатына жете алмағанымен, рухани өмірінде жеңіске жетеді. Шыңғыс тірісінде (72 жасқа шейін қан ағызған) үстем болғанымен, рухани өмірде құрдымға кеткен, әрқашан да азап шеккен, өзін бақытты сезіне алмаған. Отырар қаласының әміршісі отаншыл азамат Қайыр хан соңғы кезінде қаладағы әйелдерді жинап, Шыңғыстың көріне үш тас лақтыруды өсиет етеді. Шаханов бұл тәмсілінде мұсылмандардың қажылық кезінде шайтанға тас лақтыруын мысал етеді. Мұсылмандар қажылықта “кіші шайтан” мен “үлкен шайтанға” тас лақтырып, шайтанды жеңудегі шешімділіктерін көрсетеді. Мұхаңның тас лақтыру жөніндегі ойлары Шыңғысты шайтанға теңегенін көрсетеді.
Шахановтың романында үш дәуірдегі зұлмат көрсетілген. Адам баласы адасқан шақтарында зұлматтың өзін әдеттегі нәрседей сезінген, бұл қоғамның ізгі сипаттардан алшақтап, тобырдан да төмен халге жетуі. Көне Италиядағы гладиаторлардың қанды сайыстары, Шыңғыс ханның ақыл-еске симайтын зұлматы және заманауи бұқаралық ақпарат құралдары әкелген түсініксіз зорлық-зомбылық мәдениеті. Жиырма төрт сағат үзіліссіз істеп жатқан телеарналар мен интернет беттері, газеттер мен журналдар ылғи да аяусыздықты, қатыгездікті миларға құюда. Бұл асқынған қауіп адамзатқа тағы да үлкен зиян тигізуі мүмкін. Міне, ақын осы мәселені алға тартуда. Ролмандағы бір сюжетте, Днепр маңындағы бір шайқаста жасы сексенге келген бір кемпір Шыңғысқа өлер алдындағы сөзін айта келіп: «У меня было шесть добрых соновей // Столько же милых снох // И более тридцати внуков // Мы занимались // Только мирными делами // Не ужели в твоем сердце // нет хоть капли милосердия?» дейді. Әрине, өлер деміне дейін тек кісі қырумен айналысқан Шыңғыстың алдында ақын келтірген сахналар көп болған. Пайғамбарымыз Әз Мұхаммед бір хадисінде: «Мән лә йархам, лә йұрхам» яғни «Рахым етпеген адамға рахым етілмейді» деген. Аллаһ Тағала Құран Кәримдегі Ниса сүресінің 168 аятында былай бұйырған: «Кері қағып һәм зұлымдық жасағандарды Аллаһ кешірмек емес! Аллаһ оларды басқа бір жолға да апармайды!». Пенденің айырмасы осында. Бастапқыда жүрегінде мейірім, махаббат сезімдері қалыптасқан азаматтар ешқашан да жамандыққа, қатігездікке бара алмайды. Ал, бұл болу үшін жүректе иман жәуһәрі болмақ керек. Аллаһ Тағалаға иман етпеген, ахирет күніндегі мизаннан қорықпайтын адамдар әр түрлі заңсыздыққа, жолсыздыққа бара алады.
Менің Шыңғыс хан туралы мақала жазғандағы мақсатым Шахановтың романы туралы оқырман ретінде пікірімді айтып, елімізде маргиналды түрде уағыздалып жатқан Шыңғыс ханды мадақтаушылық, отан тарихын бұрмалаушылық, зұлымдықты насихаттаушылық үрдісінің зиянды жақтарын көрсетпек еді. Әсілі, біздің жарқын тарихымызда үлгі аларлық, мақтанарлық мыңдаған тұлғаларымыз бар. Мұсылман түркі халықтарының жарқын мәдениетін осы ізгілікті еңбектерімен тарихта қалған бабаларымыздың мұрасына ие болып, оларды қорғаумен дамыта аламыз.
[1] Шілтерханов Ә. Шығармаларының екі томдық жинағы: Зерттеулер, өлеңдер, аталы сөздер. – Шымкент: Ордабасы, 2001, ІІ-том, 45-бет.
[2] Ибн ал-Асир, издание Торнберга, ХI-том, 55-56 беттер
[3] Археологические исследования древнего и средневекового Казахстана, отв. Редактор К.А. Акишев, Алматы, Наука КазССР, 1980, 51-бет
[4] Хара-Даван Эренжен., Чингис Хан как полководец и его наследие, Алматы, 1992, 212-бет
[5] Қаз ССР тарихи, 1-том, Алматы, 1959, 79-бет
[6] K?pr?l?, Fuad., T?rk Edebiyat?nda ?lk Mutasavvuflar, D?B Yay?nlar?, Ankara, 1991, 14-бет
[7] Қазақстан Тарихы, Алматы, Дәуір, 1993, 72-бет
[8] Kopraman, Y.K., Tarih, Istanbul, 1995, 1-том, 183-бет
[9] Лувсанданзан, Алтын Шежіре, 5-6 беттер
[10] Er?ahin, Seyfettin., K?rg?zlar ve ?slamiyet, S/E/K Yay?nlar?, Ankara, 1999, 41-бет және Arnold, T.W., 224-229 беттер
[11] Er?ahin, Seyfettin., K?rg?zlar ve ?slamiyet, S/E/K Yay?nlar?, Ankara, 1999, 42-бет және C?veyni, Ata Melik., Tarih-i Cihang??a, ?ev. M. ?zt?rk, Ankara, 1988, I.
[12] Хара-Даван Эренжен., Чингис Хан как полководец и его наследие, Алматы, 1992, 183-187 беттер
[13] Шілтерханов Ә. Шығармаларының екі томдық жинағы: Зерттеулер, өлеңдер, аталы сөздер. – Шымкент: Ордабасы, 2001, ІІ-том, 48-бет.
ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ АХУАЛЫМЫЗ ЖӨНІНДЕГІ
ОЙЛАР МЕН ҰСЫНЫСТАР
Кез келген мемлекеттің даму деңгейін анықтауда сол мемлекеттің табиғи байлықтары, жер асты ресурстары, ауыл шаруашылығына жарамды жер алқабының көлемі сияқты негізгі экономикалық көрсеткіштерімен қатар халқының жансаны мен өндірістік қабілеті, білім деңгейі мен денсаулығы да есепке алынады. Германия, Жапония, Корея сияқты дамыған өндірістік мемлекеттерге қарағанымызда адам ресурстарының табиғат ресурстарынан маңыздырақ екені аңғарылады. Қазақстан Республикасының соңғы жылдардағы тұрақты экономикалық даму қарқыны көңілді көншіткенімен, халықтың саны мен денсаулығы, туу мөлшері, табиғи өсуі және өлім мөлшері, әлеуметтік-мәдени қажеттіліктерінің қамсыздандырылу деңгейі сияқты көрсеткіштері әлде де жан түршіктірер жағдайда. Аталмыш проблемалардың негізінде әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, биологиялық себептердің болғаны белгілі.
Алдымен еліміздегі демографиялық жағдайға шолу жасағанымыз жөн болар. Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық ЮНФПА қоры 1 тамыз 2001 жылы өткізген «Орта мерзімді ел бағдарламасы» бойынша Қазақстан 1990 жылдан бері қарай 1 миллион 470 мың адамынан айырылып, халықтың саны 2001 жылы 14 миллион 827 мың адамды құраған. 2001 жылы Қазақстан халқының табиғи өсуі небары 73 мың адам десек, осы өсу қарқыны бүгінгі деңгейде сақталса алдымыздағы 10 жылда бар-жоғы 700 мың адам жансанымызға қосылмақ. Халықтың санының азаюының көші-қон процесстеріне байланысты обекътивті себептерімен қоса туу мөлшерінің азайып, өлімнің көбеюі сияқты субъективті себептері де бар. Мәселен, 1991 жылы 1000 адамға 21,5 адам болған туу мөлшері 2001 жылы 15 адамға кеміген. Алайда, 1991 жылы 0,8 пайыз болған өлім мөлшері 2001 жылы 1 пайызға өскен. Туу мөлшері коэффицентінің азаюы қарттардың санының көбеюімен қатар аналар өлімінің күрт өсуімен де тікелей байланысты. Бұл Орталық Азия және Еуропа елдері бойынша ең жоғары көрсеткіш екенін атап кетуге мәжбүрмін. Елімізде 100 мың нәрестенің 61-і анасынан айырылып жатса, бұл көрсеткіш Өзбекстанда 20, Британияда 17 ғана. Еуропа Одағы бойынша орташа көрсеткіш – 15 ана. ҚР Денсаулықты сақтау министрлігінің мәліметі бойынша еліміздегі әйелдер денсаулығы индексі 20-ақ пайызды құрайды, кейбір аймақтарда бұл көрсеткіш 10 пайызға шейін төмендеуде. Әйелдердің 60 пайызы бала босану кезінде әртүрлі қиыншылықтарға душар болуда. Әдеттегі салмақпен туған балалардың мөлшері 35 пайыз, кей жерлерде 25 пайыз. Денсаулығы жақсы деуге жарайтын балалы әйелдердің мөлшері Республика бойынша небары 11,4 пайыз. Әр үшінші нәресте денсаулық ақаулықтарымен дүниеге келуде.
Халықтың табиғи өсуіне кері әсерін тигізіп отырған келесі фактор ауылдық аймақтардағы кедейлік проблемасы. Мұның салдарынан ең ауыр азапты зейнеткерлер мен мүгедектер, аналар мен балалар шегуде. Облыстардағы кедейлік көрсеткіштері де әр түрлі. Кедейлік кең таралған облыстарымыз – Оңтстік Қазақстан облысы – (55,5 пайыз), Павлодар облысы — (48 пайыз), Жамбыл облысы — (46 пайыз), Алматы облысы — (44 пайыз). Бұл халқымыздың тең жартысы кедей өмір кешуде деген сөз. Қалалардың жағдайы ауылға қарағанда бір сәрі жақсы. Мәселен, Алматыдағы кедейлік көрсеткіші 13,7 пайыз болса, Астанада – 15,1 пайыз. Жұмыссыздар армиясының 57 пайызын әйелдер құрайтының да ескерген жөн. Мемлекет есебінен қаржыландыру деңгейінің жетіспеуінен денсаулықты сақтау, әлеуметтік көмек және білім беру жүйесі зардап шегуде.
Міне, осының бәрі де ұлан-байтақ территориясы бар Қазақстанның демографиялық проблемаларын дабыл қақтырарлық халге жеткізіп отырған факторлардың бастылары. Еліміздің болашағы, ішкі және сыртқы қауіпсіздігіміз, экономикалық динамикаларымыздың артуы тікелей халықтың санының өсуіне байланысты. Бүгінгі күні Қазақстан мемлекетінің алдында тұрған ең маңызды проблеманың демографиялық проблема екенін ерекше атап айтқым келеді. Сол себепті, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 30 қазан 2001 жылғы №1380 «Қазақстан Республикасының 2001-2005 жылдарға арналған демографиялық даму Бағдарламасы» жөніндегі қаулысында көрсетілген кейбір мақсаттардың жүзеге асуына күмәнім бар деп айтуға мәжбүрмін. Мәселен, аталмыш қаулы бойынша Қазақстан халқының санын 2030 жылы 20 миллионға жеткізу көзделген. Алайда, Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік Банк және АҚШ Санақ Бюросының болжамы бойынша халқымыздың саны 2025 жылы 14,7 миллион, ал 2050 жылы небары 14 миллион болмақ. Орны келген соң халықтың санын екі есеге көбейту мерзімі туралы айтайын. Аталмыш ұйымдардың тәжірибесі бойынша жансанының өсуі 3 пайыз болған жағдайда халықтың саны 23 жылда, ал 2 пайыз болғанда 35 жылда екі есеге өседі екен. Мисалға, өсу мөлшері орташа 2,2 пайызға жеткен 25 миллион халқы бар Өзбекстанның жансаны халықаралық ұйымдардың болжамы бойынша 2025 жылы 34,1 миллион, ал 2050 жылы 40,4 миллионға жетпек. Біздің есебіміз бойынша Қазақстан халқының санын екі есеге өсіру үшін дегенде 140 жыл керек. Жоғарыда келтірілген деректер негізінде Қазақстанның демографиялық проблемаларын шешу үшін төмендегі ұсыныстар ескеріліп, тиісті заң актілері мен бағдарламаларға өзгертулер мен толықтырулар енгізілсе дұрыс болар еді:
А. Халықтың санын ішкі адам ресурстары арқылы көбейту;
1. Босанатын және босанған әйелдерге төленетін демалыс ақысын батыс елдеріндегі деңгейге жақындату (босанардан 3 ай бұрын және босанған соң 18 ай бойынша орташа жалақы мөлшерінде)
2. Кейбір Еуропа елдерінде (мәселен, Германиядағыдай) босанған әйелдерге бір мәртелік көрімдік (сүйінші) ақысын төлеу.
3. Босануға байланысты барлық медициналық қызметтерді мемлекет есебінен жасау.
4. Туу мөлшерін көбейту үшін әр жанұядағы үшінші баланы мемлекет есебінен кәмелеттік жасқа дейін асырау, оқыту.
5. Көп балалы жанұяларға әлеуметтік және салықтық жеңілдіктерді беру.
6. Жер учаскелерін меншікке бергенде көп балалы жанұяларды ерекше ескеру.
7. Ішкі миграциялық процесстерді реттеу арқылы халықтың бірнеше аймақта ғана шоғырланбауын қамтамасыз ету және ауыл мен қала тұрғындарының арақатынасын тұрақты өсуге ыңғайлы деңгейге келтіру.
8. Соңғы жылдары шырқау шегіне жеткен және қыздарымыз бен әйелдеріміздің ден саулығына, халықтың геноқорына үлкен зиян тигізіп отырған аборт індетінің алдын алу және азайту үшін қажетті шараларды қолдану.
9. Халқымыздың геноқорының сапасын арттыру үшін әйелдеріміз бен қыздарымызды ауыр жұмыстардан босату және олардың денсаулыққа зиянсыз ортада істеуіне жағдай жасау.
10. Көптеген мұсылман елдерінде қолданылып келе жатқан және ата-бабаларымыз ғасырлар бойы ұстанған дәстүрлі қазақ жанұясын жаңғырту – көп әйел алуға заңды түрде рұқсат ету. Көп некелі жанұялардағы әйелдер мен еркектің құқықтары мен бостандықтарын «Неке және отбасы туралы заң», «Азаматтық Кодекс» сияқты заң актілеріне өзгертулер енгізіп қамсыздандыру.
Б. Халықтың санын сыртқы адам ресурстарын пайдалану арқылы көбейту.
1. Шетелдердегі 5 миллионнан астам қандастарымыздың отандарына көшіп келуіне мемлекет және басқа ресурстар есебінен жағдай жасау.
2. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Халықаралық Көші-қон Ұйымы сияқты ұйымдар мен қайырымдылық қорларынан қайтарымсыз қаржылай және заттай көмек алу. Мисалға, Халықаралық көші-қон ұйымының көшіп келген оралмандар мен босқындар үшін арнайы жәрдемақы беретінін айтсақ жеткілікті.
В. Халықтың көбеюіне септігін тигізетін қосымша шаралар:
1. Халықтың санын көбейту үшін алдымен экономикалық қиындықтар және саяси тұрақсыздық жылдарында көп балаға қарсы қалыптасқан психологиялық барьерді жоюымыз керек. Еліміздің келешегі мен қауіпсіздігінің халқымыздың санының өсуімен тікелей байланысты екенін халыққа түсіндіру керек.
2. Баспасөзде, оқу бағдарламаларында көп балалы дәстүрлі қазақ жанұясын қызықтырушы шараларды жүзеге асыру. Мұндай шараларды халықтың өсімі кері кеткен немесе территориясы үлкен, бірақ халқының саны аз Голландия, Швеция, АҚШ, Канада, Австралия, Германия сияқты елдердің тұрақты түрде жүзеге асырып келе жатқаны белгілі.
Мұртаза БҰЛҰТАЙ