Қазақ әдебиет тұлғалары

Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937)

Тынышбаев Мұхаммеджан (1879-1937) – қоғам қайраткері, қазақтың тұңғыш теміржол инженері, тарихшы ғалым, ІІ Мемлекеттік Думаның депутаты, Қоқан автономиясының басшысы, Алашорда үкіметінің мүшесі. Туған жері – бұрынғы Жетісу облысының Лепсі уезіне қарасты Мақаншы – Садыр болысындағы Жыланды тауының етегі, қазіргі Алматы облысының Қабанбай ауданы. Оқып, білім алу үшін уез бастығының тізіміне қазақтың кедейі түгіл, бай баласының ілуде, біреуі зорға ілігетін сол бір қиын кезде кедей шаруа Тынышбайдың баласының Верный қаласындағы ерлер гимназиясының екі жылдық дайындық класына алынуы айтарлықтай ерекше оқиға еді. Тағдыры тартқан тосын сыйдың мәні «балам оқып, білімді азамат болса» деп армандаған әке тілегімен үйлесіп жатқанын жанымен сезінген он бір жасар Мұхамеджан алғашқы күннен сабағын жақсы оқып, орыс тілін жетік меңгеруге күш салады.

Читать полностью »

Тұрар Рысқұлов

ТҰРАР ТҰҒЫР

Сексенінші жылдардың орта тұсына таманырақ Сәуле Тұрарқызы Рысқұлова Түлкібас ауданына келген. Жұртшылықтың жанарлары жасаурап, жақсыдан қалған жәдігер ғой дегенді жүрекжарды ықылас-пейілдерімен білдіріп жатты. Шынымызды айтайық, сонда Сәуле әпкеміз бізге біртүрлі салқындау, селқостау сияқты сезілді. Сезімге берілмегендей, тым тебірене қоймағандай, толғанысқа түспегендей көрінген. Біз ғана емес, бірталай кісілер, ішінде Тұрар Рысқұловтың туыстары да баршылық, Сәуленің сәл-пәл суықтау қарайтындығына, анау-мынауға мізбақпастай мінез танытатын бірбеткейлігіне әжептәуір-ақ әбіржігендей болғантұғын. Бірте-бірте: “Титімдейінен тағдырдың талқысын көріп, теперішін тартты ғой, оңай ма?”, “Қан­шама жылдар бойы “халық жауының қызы” атанды, қайтсін-ай”, “Бастан кешпеген азабы жоқ қой, басқашалау көрінетіні содан да” десті. Сөйтіп, үнсіз ұғынысқан, іштей түсініскен.

Сәуле Тұрарқызының аудандағы үлкен орта мектепте болғанын байқағанбыз сонда. Кең залдың ішінде жүздеген жас өскін қатар түзеп тұрыпты. Салтанатты сап. Бәрі бірден, бір деммен сәлем берді. Мектептің басшысы сөз бастады. Рысқұлованы таныстырды. Оқушылар сол сапта тұрған күйінде алдын-ала дайындаған “монтаждарын” мазмұндады. Жаттауларын мағлұмдады. Музыка ойнады. Ән шырқалды. Сонсоң Сәуле Тұрарқызына сөз берілді.

Читать полностью »

Төлеген Айбергенов

Сағындым жаным, мен сені!

Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек – ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға
Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға.

Читать полностью »

Әлібекұлы Төле би (1663-1756)

Әлібекұлы Төле би (1663-1756) — қазақтың Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Жолбарыс, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ойшыл дана, Әз Тәуке хан құрған «БИлер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» деп аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Ұлы жүздің Дулат тайпасының Жаныс руынан. Шежірешілер «тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған. Олар «қарашоғыр» атанған қара шаруа болған» деген дерек береді.

Төле би кезінде оқыған, ірі сауатты, халқының ақындық шешендік өнерінен тәлім алған адам. Жастайынан ел арасындағы билікке араласып, әділдішімен, шешендігімен, тапқырлығымен төңірегіне кеңінен танылады.

Казіргі Жамбыл облысыңдағы Шу өзенінің жағасында, Жайсаң жайлауында дүниеге келген, 1756 жылы Шымкент облысы, Леңгір ауданының Ақбұрхан ордасында қайтыс болған. Казақтың қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі. Құдайберді әулетінің өкілі болып табылатын Әлібекұлы Төле биге дейін ешкім би де, бай да болмаған. Төле бидің ата-бабалары қарапайым шаруалар екен.

Төле би өз халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.

Ол кезде қазақ пен жоңғар хаңдықтары үнемі жауласып жүретін. Тәуке хан өлімінен кейін Қазақ хандығы ыдырай бастады.Ұлы жүзді басқарып отырған Төле би жоңғар басқыншыларына біраз уақыт кіріптар болады. Оларға салық төлегеніне қарамастан, Төле би саяси басқаруды өз қолына алды. Қазақтардың басын бірікгіріп, оларды жоңгар бұғауынан құтқаруда Төле би маңызды рөл атқарды. Кейбір мәліметтер бойынша, Төле би Абылай сұлтанның өрлеуіне де ықпал еткен. Төле би, Орта жүздің бас биі Қазыбек Келдібекұлы және Кіші жүздің бас биі Әйтеке Байбекұлы үшеуі Әз Тәукенің бас кеңесшісі болған. Төле би Тәуке ханның Түркістаңды Қазақ хандығының астанасы қылу, үш жүзді бір орталыққа бағындыру, бір ғана Қазақ хаңдығын күшейту, туыс қазақ, қарақалпақ, қырғыз және өзбек халықтарының жоңғар-ойрат басқыншыларына қарсы әскери одағын кұру туралы шараларды жүзеге асыруға белсене атсалысты.

Сонымен бірге, Төле би Ұлы жүз бен Ресей арасында байланыс орнатып, дамытуға көп еңбек сіңірді. 1749 жылы немере інісі Айтбай бастаған елшілікгі Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке жібере отырып, ол Ресей қоластына өтуге дайын екендігін мәлімдеген. Неплюев 1749 жылғы 26 қыркүйектегі жауап хатында Ресейге қосылуға деген ниетін кұптай отырып, екі ел арасындаіы сауда байланыстарын дамытуды қолға алуды ұсынған.

Қазақ хандығының ыдырау және жоңғарлардың басқыншылық соғысгары кезеңінде Төле би басшыға тән қасиетін таныта білді. Жоңғарлар жағдайды пайдаланып, қазақ халқын жойып жібергісі, ал тірі қалғандарын куғын-сүргінге ұшыратқысы келді. Төле би Қабанбай, Бөгенбай жөне Жәнібек батырлармен бірге біртұтас халық майданын кұрып, азаттық жолында күрес жүргізді.

Халық ауыз әдебиетінде Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталып қалған. Халық арасында Төле би айтты деген мақал-мәтелдер, нақыл сөздер кең таралды. Шымкентте, Түркістанда және Ташкенттте билік басында болған Төле би сәулетті ғимараттар салуға да белсене атсалысты. Төле би есімі күллі қазақ тарихына қатысты ірі оқиғалармен тығыз байланысты.

Тәуке ханның тұсында Төле би «Билер кеңесінің» мүшесі ретінде мемлекеттік істердің оң шешілуіне айтарлықтай үлес қосқан, жыл сайын өтетеін бүкіл халықтық жиынды ұйымдастырушылардың бірі болған. Ол Орта жүздің төбе биі Келдібекұлы Қазыбекпен, Кіші жүздің төбе биі Байбекұлы Әйтекемен бірге Тәукенің Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп бірегей Қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қырғыз, қарақалпақ, өзбек халықтарының одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға белсене қатысады. Бұл Қазақ пен Жоңғар хандықтарының арасы шиеленісіп тұрған кез болатын.

Тәуке хан өлгеннен кейін Қазақ хандығының іштей әлсіреуіне байланысты Төле би Ұлы жүзді билеп, жоңғар басқыншылары Жетісуды жаулап алуына байланысты біраз уақыт соларға тәуелді болады. Бірақ оларға алым салық төлеп тұрғанымен, саяси билікті өзінше атқарып, «ақ табан шұбырындыдан» кейінгі қазақ қауымын біріктіріп, оларды жоңғар феодалдарының езгісінен зат етуде аса зор ұйымдастыру жұмыстарын жүргізеді. Ол жоңғар қонтайшысына алым салық төлей отырып, Абылай ханмен, Барақ сұлтанмен, Шақшақ Жәнібек батырмен, сондай ақ Қоқан хандығымен байланысын үзбейді. Бұл ретте жоңғардың Жетісу жерін жаулаған қолбасшыларының бірі Сары Манджаның Төле бидің үйінде өлуі де біраз жайды аңғартқандай.

Төле би Россия мен Қазақ хандығы арасындағы қарым қатынасты қалыптастыруға күш салды. 1749 жылы Орынбор губернаторы И.И. Неплюевке өзінің жиені Айтбай бастаған елшілік жіберіп, Россияға қосылу ниетін білдіреді.

Төле би жоңғар билеушілерінің арасындағы тақ таласын өршіте қолдап, ежелгі жаудың іштей әлсіреуіне ықпал жасайды. Абылай хан мен Төле би таққа таласқан жоңғар нояндарын алма кезек қолдай отырып, ақырында Жоңғар хандығының құлауын қамтамасыз етеді. Бұл Төле бидің Абылай ханмен бірлесе жүргізген сырт саясатының ірі нәтижесі еді.

Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар сақталған. Оның атымен байланысты айтылатын нақыл сөздер, мақал мәтелдер, билік кесімдер де ел арасына кеңінен тараған. Төле би есімі тек Ұлы жүзде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады. Бұл оның бүкіл қазақ халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Бұған Төле бидің замандасы, тағдырласы Қаз дауысты Қазыбек бидің «Төле би дүниеден өтті» деген суық хабарды естігенде: « Төле өлді дегенше, дүниеден әділет өлді десейші. Бүтін билікке Төле жеткен, бүтін хандыққа Есім жеткен, бұл екеуіне кім жеткен?» деп, жер таянып, көзіне жас алуы да куәлік етеді. Бұл үш арысқа тірек болған үш асылдың бірінің екіншісіне берген бағасы. Бұдан асырып, жеріне жеткізіп, айту мүмкін де емес. Өйткені олар қасында бірге жүріп, бір бірінің қадір қасиетін жете таныған алыптар ғой!

Төле би өзі 12 жыл билік жүргізген Ташкентте, атасы Жүніс ханның қасына жерленген.

Төле би туралы аңыздардан

Үйсін Төле би мен Әнет баба

XVIII ғасырдағы ұлы тұлғаның бірі – Үйсін Төле би. Ол Әз Тәукенің тұсында «Жеті жарғы» атты заң жобасын жасаған қоғам қайраткері, ел ағасы. Төле Әлібекұлы қазіргі Жамбыл облысы Шу ауданының Жайсаң жайлауында дүниеге келген. Қазақ шежіресінде: Дулаттан Жаныс, одан Жарылқамыс, Жарылқамыстан Жанту би, одан Жайылмыс би, одан Құдайберді би («Тоғыз ұлды Құдайберді» деп те аталады). Сол тоғыз ұлдың бірі Әлібектен Төле би туады. Төле жастайынан ескіше оқып сауатын ашады. Арабша, парсыша тарихи кітаптарды, аңыз, хисса-хикаяларды көп оқиды. Бір жағынан қазақтың аңыз-әңгіме, өлең-жырларын, шежіре-тарихтарын ел арасынан тыңдап, әсіресе өзінің бабалары Жанту, Жарылқамыс билердің кесімді, тапқыр, өнегелі нақыл, шешен сөздерін ойында сақтап өседі. Төленің әкесі Әлібек те сөзге ділмар шешен би болған кісі. Төле бала әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды. Он бес жасынан ел билігіне араласып, өзінің ақыл, парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.

Ол жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады.

Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келіп отырған Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

- Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт еткізіп, оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда Төле бала:

- Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

- Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы,- депті.

Төле би Орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйкенұлымен бірге қазақ ханы Әз-Тәукенің басты кеңесшісі болды. Төле бидің басшылық, шешендік дарыны Қазақ хандығы жойқын қолмен шабуылға шығып, қазақ халқын қырғаны, қалғанын «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшыратқан кезде айқын көрінді. Ол сол кездегі қазақтың белгілі батырлары – Қабанбай, Бөгенбай, Ханкелді, Өтеген, Жәнібек батырлармен бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады. Қазақ жерін басқыншылардан азат етуге басшылық етеді. Ел аузында Төле би туралы көптеген тарихи аңыздар мен ертегі-әңгімелер сақталған. Оның атымен байланысты толып жатқан нақыл, мәтел сөздер, билік-келісімдер халық арасында кең тараған. Төле би өзі билік еткен Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле бидің басшылығымен (XVIII ғасырда салынған) ескі Ташкент қаласындағы Төле би (Қарлығаш) мавзолейі осы күнге дейін сақталған.

Төле бидің есімі тек Ұлы жүзге ғана емес, сондай-ақ Орта жүз бен Кіші жүздегі ірі-ірі тарихи оқиғалармен де тығыз байланысты. Сол үшін де Орта жүз бен Кіші жүз қазақтары арасында да ол жөнінде аңыз-әңгіме, өлең-жырлар көп сақталған. Демек, ол тек Ұлы жүздің ғана ру басы, төбе биі болып қоймай, бүкіл қазақ елінің саяси, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген адам.

Төле би Әлібекұлы туралы тарихи құжаттар осындай аз ғана дерек қалдырса, қазақ ауыз әдебиетінде ол жөнінде ертегі, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер өте мол. Олардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен әрі халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шынында Төле би өз заманының ақылды, білімді, парасатты адамы болған. Аңыздардың айтуынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған. Әулие-Ата маңында туғанымен көбінесе Ташкент төңірегінде, Жиделі-Байсын жерінде, Сыр өзені бойында көшіп-қонып жүрген. Көп тұрған жері – Шыназ (ескі Ташкент), сол жерде қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі Шайхан-тәуірде, мешіт түбінде жерленген.

Төле би Әлібекұлы – Ұлы жүзді басқарған, қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде нығайтысып, заңын жасасқан белгілі қоғам қайраткері, 1723-1730 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттық күресін бастаушылардың бірі. Қазақ елінің бауырлас, көршілес елдермен татулығын жақтаған, елімізде халықтар достығын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан көреген мәмлегер. Сондай-ақ, ол артына аталы сөз, үлгілі өнеге-өсиет қалдырған, өзінің даналық, тапқырлық әділ биліктерімен, шебер, көркем сөздерімен халық әдебиетін дамытқан, байытқан дарынды шешен, кемеңгер ойшыл.

БАЙДАЛЫ МЕН ТӨЛЕ

Атақты Ұлы жүз Үйсін Төле би Қуандыққа келіпті. Төле бидің жер жарған даңқын естіп жүрген Қуандықтың ел жақсылары жиылып келіп: “Сізбен құда болғымыз келеді, не қыз беріңіз, не қыз алыңыз”, — деп жабысады. Сонда Төле би: “Ұлымның бәрі үйленген. Бой жетіп отырған қызым бар, соны берейін. Қалың малы жүз жылқы, он бес түйе, бота мойын Жамбы!” – депті. “Құп болады”,- деп айтқан қалың малын, сол жолы бір жола беріп жібереді. Риза болған Төле би: “Қызымды бір жыл сақтайын: ендігі жылы осы уақытта келіп жесірлеріңді ал”, — депті.

Жыл өткен соң Қуандықтан қырық адам келінді аламыз деп Төле биге барады. Бұл екі ортада Төле бойжетіп отырған қызын бір бай өзбекке беріп, ұзатып жібереді. Одан көп мал, ақша алады. Барған Қуандық кісілеріне: “Ер жеткен баланы аңдып отыру қиын екен, қызым бір өзбек жігітімен қашып кетті. Келінді алам десеңдер Ташкенге барып, келіндеріңмен ауыз ба ауыз сөйлейсіңдер, болмаса, “игіліктің ерте-кеші жоқ” деген, бір келінім буаз, соған қараңдар”, — деп, сөз де, теңдік те бермейді, аяғына отырғызбайды.

Қуандық кісілері былай шығып ақылдасып: “Бұл қорлыққа шыдап болмас, Төле бидің жылқысынан жүз жылқы барымта алып қайтайық, сонда да он бес түйе, бота мойын жамбы қалып жатыр ғой! – деседі де, Төле бидің жылқысынан өздерінің берген жүз жылқысын санап алып еліне қайтады. Жылқышылар қуып, бұлармен соғысады. Бір соқыр жылқышы жиырма кісіні аттан түсіріп, бұларды әлсіретеді. Сөйтіп жүргенде жаңбыр жауып күн шытырлағанда әлгі мықты, соқыр жылқышыға жай түсіп өледі. Қалғандарын бұлар жеңіп, жылқыларын еліне айдап қайта береді. Бір жылдан кейін құн даулап Төле би Қуандыққа келсе, Абылай да осы елге келіп жатыр екен. Төле би соған жүгінеді. Абылай дауды созып кейінге қалдырады. “Ендігі жылы тап осы уақытта келемін, оған дейін екі жағың да сегіз-сегізден би сайлап алыңдар. Мен Төбе би боламын”,- деп Төле биді еліне қайырып жібереді. Төле би еліне барып сегіз биді сайлап алып, жыл өткен соң Қуандыққа қайта келеді. Абылай да келіпті. Қуандық ұмытып, би сайламапты. Асығыста жеті би тауып бір би таба алмай , енді үш күнге Абылайдан мұрсат сұрайды. Абылай береді. Ал бұл арада Төле би “жылқышымның құны екі мың жылқы” деп құн дауын даулап бір мың жылқыны Абылайға бермек болады. Мұны Қуандық сезеді. Жеті би күнде кеңес құрады. Бұлардың сөздерін он екі жасар, асық ойнап жүрген Байдалы есітеді. Бір күні жеті бидің қасына келіп сөздерін тыңдап тұрса, Төле биді сөзден жеңе алмаймыз, оның үстіне бір биіміз кем. Осы дауды өршітіп алмай екі мың жылқысын беріп біту керек деген қорытынды байлауға тоқтайды. Мұны естіп тұрған бала: “Ағалар, бұларың дұрыс емес, Төле бидікі зорлық. Зорлыққа төзіп болмайды. Сегізінші бидің орнына мені алып барыңыздар. Төле бимен мен сөйлесіп көрейін, есе алмасам, есемді жібермеспін, мені баласынбаңыздар! Біздің ісіміз ақ емес пе, аққа алла жақ дейтіні қайда? – депті.

Билер бұған келісіпті. Екі жақ айтысқа кіріседі. Төле би сөз бермейді. Қуандық билері жақ жазып, үндей алмайды. Сонда Абылай кім сөйлеседі дегенде, он екі жасар Байдалы:

- Мен сөйлеймін. Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз бұлтпен туысқанымыз жоқ, сол күнгі жауған жаңбырға жақындасып жуысқанымыз жоқ. Құдайға шықпағыңды шақ дегеніміз жоқ. Құрығын сүйрете алмай жүрген Үйсіннің соқыр жылқышысын көзінен көздеп ат дегеніміз жоқ. Еліңде талай қасқа мен жайсаңдар жай түсіп өлген шығар. Солар үшін құдайдан алған құныңды көрсет, Төле би? Құдайдан құн алмасаң, мен де құн бермеймін. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген. Дұрыс төрелігіңді айт, Абылай! – депті.       

 

Тоқтар Әубәкіров

Қыран қазақ

Тоқтар Әубәкіров туралы мақала жазамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Биылғы Баспасөз күнін “Егемен Қазақстанның” ұжымы Қосшы ауылының іргесіндегі Нұра өзенінің жағасында қарсы алды. Сонда сөзден сөз шығып отырып, әңгіме қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров туралы да өрбіп кетті. Бір топ журналист Тоқтар туралы әлде аңыз, әлде ақиқатқа бергісіз біраз жайдың басын шалғанбыз.

Редакцияда Алаштың ардақтысына айналған, немесе есімі елдің есінде жүрген қазақ азаматтарының мерейтойына арнап, арнайы мақала жазуға тапсырыс беру талайдан келе жатқан үрдіс. “Жақында Тоқтар Әубәкіров алпысқа толады, әнеу­күнгі әңгімелердің негізінде сіз бір дүние жазыңыз. Шығатын сияқты”, деп басшымыз айтқанда, неге екенін қайдам, ойланбастан келісім берген екенмін. Әдетте мерейтойлық мақалалардың табиғаты біркелкі болып келеді: өмірбаян беттерінен деректер, азаматтың атқарған қызметі, жасаған жұмыстары мен шыққан еңбектері тәспіше тізбектеліп, баяндалады.

Читать полностью »

Талғат Бигелдиновтің еншісіне ерекше тағдыр бұйырған

ҚАЗАҚТЫҢ ТЕКТІ ҚЫРАНЫ

Ол тағдыр – қазақтың текті қыранының тағдыры. Қыран бүркіт қашан да мәрт келеді. Қыран мекені қияда. Қыран аңсары – күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік. Қыран самғауы зеңгір көктің төрінде. Қыранның шырқау биікті көксемейтін күні жоқ. Мұзбалақ қыран тұғыры – мәңгілік мұзарттар. Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов даңқының, соны сүйіншілеп қуанған халық мерейінің биігі екі дүркін Кеңес Одағы Батыры жұлдыздарының сөнбес жарығымен сараланады.

Қарт қыран бүгінде сексеннің жетеуінде. Әлі де сол мұзарттағы тұғырында. Мәшинесін өзі айдайды. Көптен бергі сүйікті хоббиі – бал арасын бабымен ұстап, омартасын Алатау аңғарларында мұқияттап сайлайды. Жетпістен асқанда күркіреп жауға шапқан баяғы Бөгенбай бабасындай “Бетін аулақ қылсын, бірақ күн туа қалса ұшаққа отырып қайтадан самғауға әзірмін!” деп ширығуынан-ақ қайтпаған батыр сұсы білінгендей. Соған қарамастан батыр көңілі баладай риясыз. Күркірей күлімсіреген батыр ағаның бала мінезінен қилы-қияпат жылдарға мойынсұнбаған жан тазалығын танығандай жадырай түсеміз. Осынау қыран қазақпен аз-кем де болса әңгімелескен адам оның сөзінен, мінезінен ертегі батырларының ерекшелігін байқамай тұра алмас еді. Өзіміз байқадық.

Читать полностью »

Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893-1920)

Шығармашылық мұрасы

XX ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және тарихи-әлеуметтік оқиғаларға, қазақ, жеріндегі өзгерістерге өзінің азаматтық, ақындық үнін қосқан талантты қазақ ақындарының бірі – Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ақын өмір сүрген тарихи кезең патшалық Ресей жеріндегі алапат сілкіністер мен төңкерістер заманы еді. Сол себепті де Сұлтанмахмұттың ойсанасы ерте оянды. Жасынан жетімдік пен жоқшылықтың қиындығын көп көрген ол айналасына сергек қарады. Алдына биік-биік мақсаттар қойды. Соған жетуді ойлады. Ілгері ұмтылды. Оқуға, білуге құштар болды. Мақсатын, жүрек қалауын қашанда ашық айтты:

Шындықтың ауылын іздеп түстім жолға,

Разымын, не көрсем де осы жолда.

Шаршармын, адасармын, шалдығармын,

Бірақ бір табамын деп көңілім сонда, –

деп өзі айтқандай, ақынның барлық саналы өмірі шындыққа, әділетті заманына жетсем, жақсылықты көрсем, халқыма осы жолда қызмет етсем деген ізгі арманның жетегінде өтті. Сол жолда өзінің қиналатынын, шаршайтынын, адасатынын сезсе де, қайраткер ақын оның бәріне көнуге өзіне-өзі серт береді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында осындай жігермен алға ұмтылған ол туған халқының тарихындағы от жүректі ақын әрі қоғам қайраткері, ұлтын шексіз сүйген азамат дәрежесіне көтерілді.

Өмір жолы. Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 29 қазанда қазіргі Ақмола облысының Қызылту ауданында туады. Екі жасында анасы өліп, әжесінің тәрбиесінде болған оның балалық, жастық шағы Баянауыл өңірінде өтеді. Кедейлігінен «Шоқпыт» атанған әкесі Әбубәкір ақ көңіл, жомарт әрі айтқанынан қайтпайтын қайсар да қайратты адам болады.

Сұлтанмахмұт алты жасында әкесінен оқып, хат таниды. Бұдан кейін де Шоқпыт бірде өзі оқытып, енді бірде ауыл молдаларына беріп, баласының оқуын үзбейді. Болашақ ақын 1902-1903 жылдары – Әлі, 1904-1905 жылдары – Тортай, 1906-1907 жылдары Мұқан деген молдалардан дәріс алады. Сұлтанмахмұт үшін әсіресе Мұқан молданың тәрбиесі ерекше болады. Мұқан молда көп оқыған, әдебиеттен хабары бар, өзі де аздап өлең жазатын адам болады. Оқушыларын үнемі қазақ ауыз әдебетінің, шығыс әдебиетінің үлгілерімен таныстыра отырып, шәкірттерін өлең жазуға баулады.

Сұлтанмахмұттың он үш жасында жазылған «Секілді өмір қысқа, жарты тұтам» – деп аталатын алғашқы өлеңі, міне, осы Мұқан молданың ықпалымен туған еді.

 

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,

Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.

Аз өмірді ақындық жолға бердім,

Лепес қып түкірген соң молда Мұқан, –

 

деп жазады бұл өлеңінде болашақ ақын.

1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде «Дін», «Сарыбас», «Соқыр сопы», «Кезек қашан келеді», «Оқу» атты бірқатар өлеңдер мен «Зарландым» деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.

1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, «Оқудағы мақсат не?», «Анау-мынау», «Қандай?», «Зарлау» тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.

Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Қыс өте науқастанып, амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп «Ауырмай есімнен жаңылғаным» – деген белгілі әңгімесін жазады.

1913 жылдың күзінде Троицкіге оралып, осында шығатын «Айқап» журналына қызметке орналасады. Бұл Сұлтанмахмұттың шығармашылық жолындағы аса табысты кезең болды. Шабыты толысқан ол әр түрлі жанрда көптеген шығармаларын жазады. Атап айтқанда, «Қамар сұлу» романы, «Өлең және айтушылары», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жайы қалай?» деген тәрізді мақалалары, бірсыпыра өлеңдері осы «Айқап» редакциясында қызмет істеп жүрген уакытында дүниеге келеді. Осында жүріп «Тентектің жинаған шоқпары», «Тамшы» атты жинақтарын әзірлейді. Өкінішке орай, бұл кітаптары жоғалып кетеді.

1914 жылдың жазында ауылда біраз болып, қаржы жинап, үлкен қалалардағы оқуға бармақ ниетпен Сұлтанмахмұт Баянауылға келеді. Ел ішінде бала оқытады, жастар арасында оқуға, мәдениетке шақыратын насихаттық жұмыстар жүргізеді. «Шоң» деп аталатын мәдени-ағарту ұйымын құрады.

Күзде орысша оқу мақсатымен Семейге барады. Бірақ оқуға іліне алмайды, қаржысы таусылады. Көп қиындық көреді. Ақырында Шығыс Қазақстандағы Қатонқарағай деген жерге барып, екі жылдай осы аймақта бала оқытады. Арасында өзі де орысша оқиды. Бірқатар өлеңдерін, «Кім жазықты?» – деп аталатын өлеңмен жазылған романын жазады.

1916 жылдың күзінде Томскіге барып, курсқа ілігеді. Әдебиет, тарих, философия кітаптарын көп оқиды. Қиындықтарға кездеседі, жоқшылық көреді.

Ресей патшасы тақтан құлаған 1917 жылдың көктемінде Сұлтанмахмұт Семей қаласына келеді. Қазақтың оқыған азаматтарымен танысады, араласады, қызметке кіреді. Алаш қозғалысына белсене ат салысады.

1918 жылдың жазында кеңес өкіметі құлаған аласапыран тұсында емделу мақсатымен Сұлтанмахмұт Баянауылға келіп, шығармашылық жұмысын жалғастырады. «Социализм» атты мақала, «Неге жасаймын?», «Осы да әділдік пе?», «Адасқан өмір», «Кедей» поэмаларын жазады. Бұл шығармаларында ақын айналасына көзқарасын білдіреді, өмірге үмітпен қарайды. Өзінің демократтық ой-пікірлерін, түсінігін алға тартады.

1919 жылдың соңында Сұлтанмахмұт Павлодарға келіп, біраз уақыт кеңес өкіметіне қызмет етеді. Бірақ көп ұзамай бойындағы науқасы меңдеп, төсек тартып жатып қалады. 1920 жылы 20 мамырда 27 жастағы Сұлтанмахмұт дүние салады.

ІПығармашылық мұрасы. Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы – өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, «Кедей» поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, «Адасқан өмір» поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған «Айтыс» поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, «Таныстыру» поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.

Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлу» (1914), «Кім жазықты?» (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт «Зарландым», «Ауырмай есімнен жаңылғаным» атты шағын көлемді прозалық шығармалар, «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу жайы қалай?», «Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары», «Өлең мен айтушылары», «Социализм» тәрізді бірқатар мақалалар жазды.

 

29 страниц12345678910...Соңына »



1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы