Төлеген Айбергенов


Скачать/Жүктеу

Сағындым жаным, мен сені!

Көркіңді жүрген қуаныш қылып, мендей ме екен бар ағаң,
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным, өсек – ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте.
Онсыз сен тіпті тұлпар да болсаң, қосыла алмайсың қатарға
Әуелі әбден сағынып алмай шығушы болма сапарға.
Сағынбай барсаң, теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай,
Бұлбұлдың дауысын есіте алмайсың, бауларға кірсең сағынбай.
Сағынбай барсаң, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап,
Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап…

Айтулы толғауды осы бір жерден үзеріміз үзіп алып, әрі-сәрі күйге түстік. Көз жауын алардай жауһарды сындырып алғандай, соның сіздерге тек бөлшегін ұсынғандай пұшайман болдық. Осы бір жырдағы алабұртқан екпін, тау суындай күркіреген қарқын, бірінен-бірі туындап, сытыла шапшыған бұла сөз толқын, буырқана бұлықсып атқыған сезім серпіні үзуге, іркуге келер емес еді, көнер емес еді. Жыр жүйрік. Апшы қуырған асау ағыс. Аяғына дейін жіберіп, ат басын ағытқан осынау бір тұлпар шабысты тек тамашалай бергің келеді. Тамсана бергің келеді. Ақын үніне үн қосып, сөз шығындап жатқың келмейді. Мың құбыл шұғылалы жыр жауһарларын назарларыңызға бірінен-кейін бірін ұсынып, айберен толғауға үнсіз ден қойып отыра бергің келеді, осынау сұңғыла шабысқа қосыла қол шапаттап отыра бергің келеді. Төрт аяғы тең жорға Төлеген жырларын, шашасына шаң жұқпас ақпа жырларға қара сөзбен түсініктер жазып сипаттап, суреттеп жату — бір әурешілік. Қазақтың арнасы кең жыр дариясына сонау алпысыншы жылдар аяғында бір бүйірден апшып келіп, бір ақжал толқын ұрғаны есте. Төлеген — толқын. Арқырап ақжалданып шиыршық атып келген толқын.

Суы тұнық тұмадан бастау алған бұлқынған бұла толқын.
Жазира белдер қуанышыңды болмасын мәңгі шектемек,
Алдыңнан орман кес-кестеп шықса сағынышыңмен көктеп өт.
Мен бұны саған жазып отырмын арманымды орап сезімге,
Жан-жақтан түскен шұғыланың бәрін сағынып жүрген кезімде.

Ақын інісі Мұхтар Шахановқа арнаған бұл толғау, сөз жоқ, қазақ жыр көгіне шырқай көтеріліп барып, лап жанған өмірзая шайырдың ғана емес, жалпы өлең өнеріміздің тамаша бір соны өрнекпен оқыс өріс ашқан самғауы, шарықтауы болды. Бұл толғау, сөз жоқ, алпысыншы-жетпісінші жылдар поэзиясының шырқап бір салған әні, шауып бір шыққан шырқауы.

Өмірде мынау сағынбағандар бақытсыз, бақсыз талайсыз,
Қазақтың жыры Абайсыз.

“Сағыныш”! Ақын соншама неге сағынышты ұлы сезімге балап сомдаған? Бұ жерде ол “Махабатсыз дүние бос” деп түйген ұлы Абаймен үндеседі. Өмірге деген махаббат жалын кеудесін өртегендер ғана сағына алмақ. Сағынған, сүйген жандар ғана тазара алмақ. Тірлікті тазарта алмақ. Сондай жандардың ғана өкшесі жерден бір елі көтеріліп, періште қанат әулие сезімге бөленбек. Сондай жандар ғана өмірге шапағат нұр, жарық шашпақ. Сондай ақынжандылар арқасында ғана “мына дүние тас қаптап кетпей” “аруана – бауыр” қалпында асқақтай бермек. Төлеген кейде шабыт қысқанда көкке парлай, самғай көтеріліп дүниенің тас төбесіне шығып алып, қиядан жүзіктей жұмыр жер, жалпақ әлемге назар салатын қыран көз, періште-қанат ақын. Ол ата жұрт — қазақ еліне қиырдан сағынып келді. Өле-өлгенше сол сағынышын баса алмай кетті. Алмағайып жылдарда айырылып қалған ата жұртының әрбір тау мен тасына, көл мен шөліне шөліркеп, алыс тарихи сапардан оралған аруана- бауыр жанның іңкәр көзімен қарады. Кешегі кеңестік аласапыран жылдарда артта қалған ата жұртқа деген сағыныш шеттегі қазақтардың бойына ана құрсағында жатқанда-ақ қанмен, зармен бірге дарыды. Дүниеге қарақалпақ жерінде келген Төлеген тал бесікте тербеліп жатып-ақ, алыста қалған ата жұртқа деген құтаймас сағыныш мұңына суарылған бесік жырымен көз ашты. Балалық шағы шығыс шайырлары шарлаған шайырлы, құнарлы топырақ Хорезмде өтті. Жас Төлеген Новаи, Мақтымқұлы, Бердақтардың рухы тұнған, ізі қалған қасиетті өлкені шарлады. Балаң санасын қашан қалыптасқанша үздіксіз де үзіліссіз күмбірлеген бабалар үні, жыраулар сарыны тербетіп тұрды. Ғасырлардан ғасырларларға көшкен жыр дәстүр осылайша бала құлағына, санасына ұя салды. Мектеп табалдырығын аттасымен Абай, Жамбыл, Махамбеттермен қауышты. Сөйтіп, бала сана, бұла сана өлең сөздің тұма бұлақ, тұнбасынан жүзіп жүріп ішті, сімірді. Тереңге тамыр салды. Ата-салт, тіл, дін, діл қаймағы бұзылмаған қазақы орта, ұлы Тұран төрі оның бойына елдік пен ерлікке толы мыңдаған жылдық ұлы бабалар өсиетін, қасиетін екті. Жаратқан ие елпең-елпең жүгірген қағылез қара баланың маңдайына ақын болуды жазды. Бұғанасы қата келе жас дарын күмбірлеген әулие бабалар әуезіне әуейленіп, өзі де күбірлеп тақпақ жаза бастады. Осылайша, тарихи жады шытынамаған Тұран топырағының төсін тесіп тағы бір қайнардың көзі ашылды. Төлеген ақын, тамыр салған топырақ араб, парсы, түркі өркениеті әлімсақтан біте қайнасқан рухани шайыры шүйгін топырақ болды, оған далалық еркін ер қазақтың азаттық рухы атойлаған жыр, саз сарыны қосылып, бала санасында соны рухани элементтер құрап ию-қию араласты. Сана тұңғиығында болашақта атылар жанартау — жыр негізі, жасушалары түзілді.

Қанша құнарлы десек те Қазақстаннан шет өлке қазақы өршіл рухы көкірегіне симаған Айбергеновтей арқалы ақынға өсе келе тарлық ете бастады. Анау бір қиырда толықсып аламан бәйгелер мекені ұлан-байтақ Қазақстан жатыр. Қазақтың қалың елі тербетілген тал бесік. Шетте, жат елде жүрген қазақтың көз салар құбыласы, мәңгілік Меккесі, мәңгілік сағынышы.

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,
Қаралы мойнын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп.
Жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен,
Омырауын шерге толтырып.

Апталап- айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын,
Қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті Күн батсын.
Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана-бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.

Кеудемде жүрген, зердемде жүрген ынтызар ықылас от өріп,
Сен мұны менен бетер ұқ!
Түкпірімдегі дір ете қалғыш осынау құйттай жүрекпен
Келем мен бүгін қасиетті байтақ Қазақстанды көтеріп!

Төлеген толғауларындағы сағыныш сазына, сағыныш сырына терең бойлаған жан бұ жерде тек ғана ақынның жеке бас сезім иірімдерімен шектелмей, сол жеке бас тағдырға тайдай таңба басқан кешегі ел айырылған жылдардағы зар заман жаң­ғырығын аңғарған болар еді. Сол “балапан – басына, тұрымтай – тұсына “кеткен кер заман дауылында қақпақыл болған қазақтың бір ботасының боздауын естігендей болар еді. “Боздаумен жасы моншақтап” туған жерге тартып отырған аруана – жүрек ақын бейнесі көз алдыңызда көлбеңдер еді. Ақынның Мұхтар інісіне деген сағынышы, бақсақ, ел мен жерге сағына қауышқан ақынның күллі қазақ ұлына деген жүрекжарды тарихи сағыныш екеніне көзіңіз жетер еді. “Ботасын шайнап өлтіріп туған жеріне тартып отыратын аруана – бауыр дүние” ел мен жерден алыс кеткен алаштың ата жұртқа сыңсып ағылған сағыныш көші екеніне көз жеткізер еді. Егер, ақынның ата-бабалары тоталитарлық тепкінге шы­дамай, Ақтөбе жерінен Қарақалпақстанға жер аумағанда, балауса ақын ата-жұрттан алыста жүріп қалыптаспағанда, жүрегін алыс ата-жұртқа деген құтаймас сағыныш сормағанда, кім біледі, мүмкін сағыныш туралы қазақ поэзиясының мәртебесін асырған осынау Төлеген толғаулары өмірге келер ме еді, келмес пе еді, кім білсін…

Туған жер төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние,
Сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың.
Бірақ мен оны жыр қылып қалай жаза алам,
Жетер ме адам сөзі оған!

Өмірде ұзақ жасауың үшін болғаныменен қайғың қас,
Туған жер, сен деп қайғыра алмасам, тағдыр да мені бай қылмас.
О бастан саған ынтызар аруана тектес ұл ем мен
Қазығын таппай қайырылмас.

Жас ақын шыңнан да қазығын таппай қайырылмады. Бір қолтығында Ташкент педогогикалық институтының дипломы, екінші қолтығында болашақ жары Үрниса, Төлеген ақын Қазақстанға бет түзеді. Алғашқы орын тепкен жері – Оңтүстік Қазақ­стан, рухани ұлт ордасы. Әлі елге белгісіз Төкеңнің отбасын досы, жазушы, журна­лист Зәкір Асабаев құшақ жая қарсы алды. Зәкеңнің өзге де достарының арқасында жас ақын Сарыағашта кешкі мектеп директоры болып жұмысқа орналасты. Бірақ, ақын аңсары Алматыға ауды да тұрды. Ақыры дегеніне жетпей қоймады. Жұмысың мынау деп отырған астана жоқ болса да, бала-шағаңмен кіре қояр баспана жоқ болса да, ақын алған бетінен қайтпай, бәрібір көшіп келді. Алматының Ташкент көшесінің бойынан бір бөлмелі жер үй жалдады. Бірінші курс студенті кезіміз, сол үйдің табалдырығын алғаш аттадық. Ең алдымен көзге ұрғаны – үй толған шүпірлеген шиеттей бала еді. Қара торының әдемісі Үрниса жеңге күліп жүріп, дастархан қамымен зыр қағып жүр. Тіптен таң қалдым. Бозөкпе бала қонаққа мұнша ықылас көрсеткеніне қысылғаным есте. Төлеген аға мен Үрниса жеңгей отбасында қазақы қонақжай дәстүр қаймағы бұзылмай тұрғанын аңғардық. Бұл дәстүр Алматыда сұйылып кеткенін аңғарып жүрген кезіміз еді. Сөйтсек, бұл ата дәстүрге Төлеген отбасында әлі сызат түспеген. Төкеңнің “Болады менің кейде жүз қонағым, соның бәрін күтпесең сызданамын!” дейтіні де содан болса керек, жарына арнап. Жерге төсеген қарапайым дастархан, сол дастарханға сирек қонақтаған қарапайым дәмдер. Бірақ, ағамыз бен жеңгеміздің көңілі неткен дархан, неткен көл-көсір! Бір бөлмелі жатаған үйдің төрі мен босағасы мен үшін, бірінші курс студенті үшін хан сарайдай кең көрінді. Не айтса да күліп айтатын, не айтса да күлдіріп айтатын мына жағасы жайлау ақжарқын үй иелерінің жанында жоқшылық, таршылық деген сұғанақ ұғымдар орын таба алмай, өз-өзінен тоз-тозы шығып кеткендей. Төрт қабырға даладай далиып кеткендей. Маған, студент балаға, сол сәтте Алматыдағы ең кең үй, ықылас, пейілге толы үй осы Төлеген ақынның жалғыз бөлмелі жатаған үйі тәрізденді. Төлеген ақын әлі сиясы кеппеген, түнде жазған өлеңдерін оқыды. Өлең оқысы бөлек. Жатқа оқиды және тура шаршы топқа шапқалы тұрған революция дауылпазы Маяковскийше екпіндетеді. Әрбір өлең жолының аяқталуы балғамен ұрғандай салмақты. Дүңкілдейді. Дүңкілдеп дабыл соғылғандай, жорық дабылы ұрылғандай. Оқыс қуат-қайрат сізді де баурап, арқаңыз қозып, күреске, ерлікке шыңдалып, ширығып бара жатқандайсыз.

Революция!
Қашан да маған қасіретті шақтан, тар шақтан
Қол создың, ару армандар болып қарсы аққан.
Омырауымнан аппақ самалдар сапырып,
Кеудемнен менің жұмсарып кеткен барша ақпан.

Ақ жұпар аңқып бұрқырап озон тараған,
Барсың сен барлық жаздың жаңбырында аппақ бораған.
Жетеді сен боп дүңкілдеп маған қаққанда
Самала мына таулардан
Сарқырамалар барабан.

Ташкент көшесінің бойындағы жұпыны ғана жатаған ақын үйі көп ұзамай сол кезде­гі әдебиет есігін жаңа аша бастаған, бірақ та үйсіз, күйсіз Жұматай бастаған жас ақындардың тұрақты шұбыратын Меккесіне айналды. Үй иесінің жұмыссыз, қаржысыз қысылып жүргеніне қарамастан, бұл үйде күнде сауық, күнде той. Үрниса жеңгей қабақ шытуды білмейді. Нағыз Құдай қосқан ақынның жары. Үйге топ-тобымен келіп жатқан отқанат жас ақын қонақтарға Төкең қалай қуанса, Үрниса жеңгей де солай қуанады. Бұндай пейілді аңғарғыш ақындар бір емес, бірнеше келеді. Тіпті қона -жастана дүрілдетіп өлең оқып, керілдесіп әдебиет мәселесін осы үйде шешіп жатады. Үй иелеріне осының бәрі қызық. Бәрі той. Қабақ шытпайды. Олар үшін дүниеге бір жақсы өлең келсе нағыз мереке сол тәрізді. Бұл үйден Төкеңдер көп ұзамай кетіп, қарызданып жүріп, Алматының тау жағынан бір арзан үй сатып алды. Ұмытпасам, бұл да бір бөлмелі. Жас ақындар тобы енді Алматының тау жағына қарай шұбыратын болды. Келушілер қатары молая түсті. Әйгілі Шәмші бастаған композитор, әнші, журналистер күн демей, түн демей осы үйде жиналады. Жаңа ән, жаңа өлеңдер осы үйде үздіксіз туып жатады.

Араға 40 жыл салып сол күндерге, жер бетіндегі Төлеген ақынның соңғы жыл, соң­ғы күндеріне ой көзін қыдыртқанымызда, пайғамбар жүрек қыршын жас жер бетін­дегі сапарының келте боларын сезді ме екен деген ой келеді. Бауыры ауыратынын айтатын. Сондықтан да, түнді-түнге ұрып, таңды-таңға ұрып, тірлік шуағын ұзартуға талпынды ма екен деген ой келеді. Жанын паршалап, санасын сабылтып, сергелдеңге салған сезім өртінен өлең өруге асықты ма екен деген ой келеді.

Бірге қақ қанат қасымнан қалмай, сағынып көрген қарағым,
Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің, жабылып кетсем егер мен
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын.

Тоқталмайды өмірде жаңбыр әні,
Жаңа толқын жаңғырып жарға ұрады.
Қоңыраулатқан осынау ұлы керуен
Ғасырлардың иығын талдырады.

Бір кездерде бұл күн де көшер менен,
Шектерімді шулатып неше өрлеген.
Шаңқай түсте шатырлап тас төбемнен
Аласапыран ғасырлар нөсерлеген.

Шақтарда да азынап оқ бораған,
Бұл дарияның шабысы тоқтамаған.
Мен өтемін жолдардан әлі талай,
Жүрегімнен дүңкілдеп ақ барабан.

Төкең жайшылықта ет пен сүйектен жаралған пенде көрінгенімен өлең оқығанда мүлдем өзгеріп кететін, арқаланып лапылдап жанатын. Оның себебін ақын былай түсіндіреді:

Сен менің өзімді көрсең,
Тұрысым осы менің.
Ал мендегі ғаламат сезімді көрсең,
Шошыр едің!..

Шаршы топқа шыққанда ақын найзағайша жарқылдап, күн болып күркірейтін. Бұн­дай ақындарды ол кезде “трибун ақын” деуші еді ғой. Төкең туа біткен трибун еді. Төлеген сахнада жарқылдау үшін туған талант еді. Төлеген ақынның қалғып-мүлгіп отырған аудиторияға жаны қас болатын. Оны қағып-сілкіп дүрілдетіп, дуылдатып жібергенше асығатын. Пышақтың қырындай сылыңғыр, ұзын бойлы, қыр мұрын, бұйра толқын шашты отқанат ақын сахнада қырандай саңқылдап өлең оқығанда, залда отырған қыз-келіншектердің жанарлары шырадай жанып, шоқтай маздайтын. Сондай бір кездесу өлерінің алдында Алатау бөктеріндегі бір санаторийде өтті. Тө­кең айтқан мына бір әсерлі әңгіме хатқа жазылғандай есімде қалыпты. Жаздың ғажайып бір кешінде санаторий залына жұрт лық толды дейді Төкең. Алдымен бір-екі ақынды алға жібердім. Байқаймын, зал әлі керенау, керсолқы қалпында. Анау екінші қатарда отырған қарақат көзді, жұмыртқадай бір ақкербез тіптен керсолқы. Сахнаға шыққанша ол кербез біз тарапқа тіпті көз қиығын да салған жоқ. Сөйтіп, намысты шабақтады. Кезек маған келді. Өзім де тықыршып әрең отыр едім. Сахнаның қақ ортасына шығып, алшайып тұрдым. Өлең сөзге берілмей отырған керенау зал, керсолқы кербезбен жекпе-жекке шыққандаймын. Ақындық аруағымды шақырдым. Зал назары қадала қалды. Бірақ, керсолқы кербездің жанары әлі ұшқындаған жоқ. Сонысымен ала сайтанымды шапқа түртті. Оң қолды жоғары сілтеп жіберіп, көктегі шатырлаған найзағайды шап беріп ұстай алғандай болдым. Зал дүр ете түсті. Содан дүңкілдеттім… ал, кеп дүңкілдеттім. Қадалған жүздеген жанарларда лапылдап от жана бастады.

Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған,
Шатырлап жатқан найзағайлы аспан босағам.
Мен жарық Жермін жаңғырықтарға үн қосқан,
Төбемді көрсе күн қашқан,

Омырауымнан жарқылдап ағып жатады
Құйрықты жұлдыз тынбастан.
Болғанмен қара пәк жаным,

Тіршілік үшін уыстап шашам ақ жалын.
Отыма менің ұқсайды барлық ұрандар,
Қанатын малып ұшады соған қырандар.
Мен қара төспін, соқсаң да қанша шаршаман,

Қып-қызыл шоқ боп үскіріктерге қарсы ағам.
Шеге боп енем үйлердің
Қабырғасына қаусаған.
Шаңытып қалам жолыңнан
Самала болып самсаған…

Омырауынан ақ шашақ толқын боратқан
Көгілдір ГЭС боп құямын барлық тораптан.
Ақ сүңгі лайнер қанаттарында отым бар
Төбеңде зулап баратқан.

Осылай дүңкілдеткенде зал дүрлігіп кетті. Зал дуылдап кетті. Бората қол соқты. Қо­шемет айқайлар шықты жан-жақтан. Кербез келіншектің қарақат жанарында тұта­нып, маздап тұрған алауды көрдім. Көңілім орнықты, іштей жеңісімді тойладым. Алма бақ арасында кең дастархан жайылған айлы кеш еді. Бақыт кеші еді. Төңірек тұнған алма бақ. Бұрқыраған апорт исі танауды жарады. Алматының апорты-ай! Дәмі таңдайдан кетер ме!

Сол кештен кейін өз үйіне бармай, біздің студенттік пәтерде екі-үш күн қонып қалған ақын осы бір әдемі оқиғаны осылай әңгімелеп бергені есте. Бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Көп ұзамай ақын туған жері Қарақалпақстанға қонаққа кетіп, ол жердегі жора-жолдастарының арасында бауыр сырқатынан дүние салды. Сүйегі Нөкіс қаласының зиратына қойылды.

Жер бетіндегі сапары небәрі 30-ақ жылға созылған айберен ақын Айбергеновты қазақ баспасөзі жыл он екі ай жоқтады. Бұл қаза жақын-жуық, жора-жолдастарына қатты батты. Төкең төбесіне көтере дәріптеген сол кездегі жас ақын, бүгінгі бас ақындарымыздың бірі Мұхтар Шаханов былай деп толғады:

Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен мәрт батыр,
Өлеңінде ешбір ғасыр өшіре алмас өрт жатыр.
Намысыңды дәуіріңе еткізбедің қақпақыл.
Міне, содан, ұлтымызды рухсыздан күзетіп,

Сенің жырың шекарада әлі күнге сапта тұр.
Пайымдаймын, мойындаймын, сен данасың, мен – бала,
Ұлтына кім жақын, алыс, айқындайтын ел ғана.
Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.

Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты
Толғандырған, таң қалдырған
Махамбет пен Сен ғана.
Заманының ыңғайына жүрмей кеткен іңкәрім,

Саф өнерде қызғанышты білмей кеткен іңкәрім,
Иығына бүтін бешпет ілмей кеткен іңкәрім,
Жер астынан сәлем жолдап жатырсың сен күн сайын,
Қазағымның маңдайына сыймай кеткен сұңқарым.

Айбергенов ақын жәйлі бұдан асырып айту қиын. Асылдардың артын күту – азаматтық белгісі. Ерте кеткен ерлерді ескеру – елдік белгісі. Айбергенов ақын қазақ жырындағы жалпыұлттық құбылыс болса да оның соңын күту, осынау жұл­дызды жыр жампозын ұлықтау осы күнге шейін жалпыұлттық сипат ала алмай келеді. Алайда, алтынды жылтырауықтан ажырата білетін азаматтар Төлеген мұра­сын дәріптеуді доғарған емес. Солардың бірі Төлеген ақынның өмірі мен поэзиясы туралы деректі фильм түсірген кинорежиссер Доқтырхан Тұрлыбек, екіншісі ақтөбелік кәсіпкер Базаркелді Ертуған. Бұл азамат өз қаржысына ақынның ата­жұрты Ақтөбе облысы, Темір ауданындағы Шұбарқұдық ауылдық мектебінің үздік оқушыларына соңғы 7 жылдан бері “Төлеген Айбергенов” атындағы ақшалай стипендия беріп келеді. Бұл оның ақын аруағын ұлықтаудағы атқарып жүрген іс-шарасының тек бір парасы ғана. Төлеген ақын: “Бұл қазақта небір жігіттер бар мар­қасқа” дегенде осындай азаматтарды есте ұстаса керек. Егер жыр жұлдызы бү­гінде тірі болғанда 70 жасын тойлар еді. “Бір тойым болары сөзсіз менің” деп бас­талатын алты алашқа мәшһұр өлеңінде арман еткен айтулы күнге ақын жете алмай кетті. Алайда өзінің өлең өлкесіндегі салтанатының “мәңгілік тарқамауы мүмкін оның” дегені шындыққа айналды. Жер бетінде қазақ деген ел бар да, қазақ тілі мен жыры бар да жыр жұлдызы Төлеген Айбергеновтің өлең тойы мәңгілік тарқамасы анық.

Авторы: Смағұл ЕЛУБАЙ.

 


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы