Кот-д’Ивуа́р Респу́бликасы (фр. République de Côte d’Ivoire); 1986 жылға дейін қазақ тілінде Піл сүйегі жағалауы Республикасы деп аталып келді.)- Батыс Африкада орналасқан мемлекет.
Мазмұны
- 1 Саяси жағдайы
- 2 Табиғаты
- 3 Тарихы
- 4 Экономикасы
- 5 Пайдаланылған әдебиеттер
|
Саяси жағдайы
Ұзақ уақыт бойы Францияның батыс Африкадағы отары болған Кот-д’Ивуар елі өз тәуелсіздігін 1960 жылы тамыздың 7-і күні алды. Елдің тұңғыш президенті Феликс Уфуэ-Буаньи мемлекетті ақтық демі біткенше – 33 жыл бойы үздіксіз басқарды.
2000 жылы тамызда Кот-д’Ивуар президенті болып сайланған Лоран Гбагбо бұл қызметке оппозициядан келген болатын.
Ел Конституциясы бойынша, мемлекетті ел азаматтарының тікелей дауыс беру арқылы бес жылға сайланатын президент басқарады. Бір адам президент болып екі мерзім ғана сайлана алады. Кот-д’Ивуар президентінің кең өкілеті бар: оған атқарушы билік толық бағынады, президент премьер-министрді тағайындайды және қызметтен босатады, сонымен бірге, елдің бір палаталы парламенті сияқты президент де заң шығару бастамасына ие.
Табиғаты
Жері жазық, теңіз жағалаулары ойпатты. Оңтүстігінен солтүстікке қарай қыратты болып келеді (500-800 м). Батыс бөлігі ғана таулы болып келеді. Климаты субэкваторлық, ал елдің оңтүстік бөлігінде экваторлық болып табылады. Жылдық орташа температурасы 25-30°. Жылдық жауын-шашын мөлшері 1300-2300 мм. Басты өзендері: Комоэ, Бандама, Сасандра және т.б. Бандама өзенінже аса ірі Косу бөгені бар. Ел аумағының 28%-ы орман болып келеді. Солтүстігінде саванна, ал оңтүстігінде ылғалды экваторлық ормандар орналасқан. Территориясында Камоэ, Таи, Марахуэ, т.б. ұлттық саябақтар бар.
Тарихы
XV ғасырдың 60-жылдарына дейін, яғни еуропалықтар келгенге дейін бұл жерді дәстүрлі қоғамда өмір сүрген африкалық тайпалар қоныстанған. Алғашында келген португалдықтар құл саудасымен және сүйегін алу үшін піл аулаумен айналысқан. Жергілікті тайпалар өз ішінде бір-бірімен қырқысып жатты. Ел территориясына Либериядан кру, солтүстіктен сенуфо, луби тайпалары келіп қоныстанды. XVII ғасырдың аяғына таман Асини, Гран-Басам өңірлерінде алғашқы француз қоныстары пайда болды. XVIII-XIX ғасырларда Кот-д-Ивуар жеріне шығыстан аньи және бауле тайпалары келіп орналаса бастады. XIX ғасырдың 40-жылдарынан бастап Франция үкіметі жергілікті тайпа көмедерімен келіссөздер жүргізе бастады. Отаршыларға қарсы жергілікті тайпалар жиі-жиі көтеріліс жасап тұрды. Бірақ ол көтерілістер аяусыз басып жаншылды. 1893 ж. жергілікті тайпалармен болған кезекті соғыстан кейін француздар елді толық отарлап алды, алайда оған қарсы бауле тайпасының соғысы 1917 жылға дейін жалғасты. Кот-д-Ивуар 1904 жылы Францияның Батыс Африкасының бір бөлігіне айналды.
Экономикасы
Кот-д-Ивуар экономикасының негізін экспортқа шығаруға арналған ауыл шаруашылығы тауарлары (кофе, какао, мақта) құрайды. Шет ел капиталының көмегімен тау-кен өндірісі, мұнай мен газ өнеркәсібі тез дамып келеді. 1995 жылдан бастап көршілес Гана, Того елдеріне электр энергиясын шығара бастады. Сырттан азық-түлік, машина, құрал-саймандар, дәрі-дәрмек, т.б. әкелінеді. Негізгі сауда серіктестері Еуропалық Одақ елдері, Нигерия және АҚШ болып табылады.