Камбоджа


Скачать/Жүктеу

Камбоджа Корольдігі – Оңтүстік-шығыс Азиядағы Үндіқытай түбегінің оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Жер көлемі – 181 мың км2. Халқы 11,6 млн. адам (1998). Астанасы – Пномпень қаласы 1993 жылы қабылданған конституциясы бойынша мемлекет басшысы король (1993 жылдан – Н.Сианук). Заң шығарушы орган 4 жылға сайланатын парламент (Ұлттық ассамблея), ал үкімет билігі құрамын парламент бекітетін корольдік үкімет қолында (1998 жылдан Премьер-министр Хун Сен). Тұрғындарының 91%-ы кхмерлер, 4%-ы вьеттер, 3%-ы қытайлар. Ресми тілі – кхмер тілі, француз тілі бірге қолданылады. Халқының 95%-і будда дінін ұстанады, қалғандары – мұсылмандар мен христиандар. Ел 20 провинциядан тұрады. Ұлттық мейрамы 9 қараша – Тәуелсіздік күні (1953). Ақша бірлігі – риель.

Мазмұны

  • 1 Камбоджа,
  • 2 Табиғаты.
  • 3 Тарихы.
  • 4 Экономикасы.
  • 5 Сілтемелеp

Табиғаты.

Камбоджа Меконг өзенінің төменгі ағысында жатқан ойпатты Камбоджа жазығында орналасқан. Елдің батыс жағында Кравань таулары (ең биік жері Орель тауында, 1813 м), солтүстігінде Дангрэк тау массиві, шығысында Аннам тау сілемдері жатыр. Климаты субэкваторлық, муссондық. Сәуірдегі орташа температура 29 – 300С, ал желтоқсанда 25 – 260С. Жауын-шашынның жылдық мөлшері 700 – 1500 мм, таулы бөлігінде 2000 мм. Өзендері көп, ең ірісі – Меконг. Ең ірі көлі – Тонлесап. Жері құнарлы. Территориясының 3/4 бөлігі орман және сирек ағашты аймақ, таулы аймақтарында мәңгі жасыл орман (сал, тик, т.б. бағалы ағаштар) өседі. Жануарлар дүниесі өте бай: жолбарыс, қара аю, піл кездеседі; өзендерінде қолтырауындар мен балықтар өте көп. Пайдалы қазындылары – фосфорит, магнезит, түсті металл және темір кендері.

Тарихы.

Камбоджа – Үндіқытайдағы ежелгі мемлекеттердің бірі. К. жерінде бізге мәлім тұңғыш мемлекет 1 – 6 ғасырларда Меконг өз. бойында салтанат құрған Фунань мемлекеті. Ол Қытаймен, Оңтүстік Үндістан елдерімен мәдени байланыстар орнатқан. 7 – 8 ғасырларда ірі мемлекет (Ченла Жер мен Ченла Су) құрылып, кхмер жазуы пайда болды. 9 ғасырда К. жерінде Камбуджадеш мемлекеті пайда болып, 11 ғасырда Үндіқытай түбегіндегі ең ірі империяға айналды. 11 – 13 ғасырларда кхмерлер Тьямпанды бағындырып, Дайвьетпен (Вьетнам) соғыс жүргізді, шекарасын әлдеқайда ұзартты. Алайда үздіксіз соғыстар елдің ресурстарын сарқып, 14 ғасырда империя көп жерінен айрылып қалды. 15 ғасырда Камбоджа қайта дамып, елдің жаңа астанасы Пномпень (1443) салынды. Будда діні тарап, көптеген ғибадатханалар, орасан үлкен Будда мүсіндері тұрғызылды. 17 ғасырда сиам мен тай әскерлеріне қарсы соғыста Камбоджа қайта әлсіреді. 1841 жылы үкімет басына келген Анг Дуонг халықтың көмегімен ел тәуелсіздігін қалпына келтіруге тырысты. Мемлекетік аппарат шетелдіктерден тазартылып, салық мөлшері азайтылды, құлдарға еркіндік беріліп, тас жолдар мен каналдар салынды. Сыртқы саясатта ол француздарға сүйенді. 1863 жылы Франция Камбоджаға протекторат туралы шартты күштеп таңып, 1884 жылы іс жүзінде өз отарына айналдырды. Елге француз капиталы еніп, каучук, жүгері, күріш, кофе, бұрыш плантациялары ұлғайды. Өнеркәсіп нашар дамыды. 2-дүниежүз. соғыс жылдарында елді жапондар жаулап алғанымен, соғыстан кейін қайтадан Франция қарауына өтті. Ұлт-азаттық қозғалысы қатты күшейіп, 1953 жылы 9 қарашада Пномпеньде елдің тәуелсіздігі туралы ресми шартқа қол қойылды. 1957 жылы елде бейтараптық туралы заң қабылданды, бірақ Вьетнамдағы соғыс ықпалымен елде 1970 жылы наурызда әскери төңкеріс болды. 1970 жылы 30 сәуірде АҚШ әскерлері К-ның бейтараптық шартын бұзып, елге өз әскерлерін енгізді. Партизан қозғалысынан және әлем жұртшылығы наразылығынан көп ұзамай АҚШ өз әскерлерін шығарып әкетті. 1975 жылы сәуірде тағы да төңкеріс болып, билік коммунист Пол Поттың қолына көшті. Ол “қызыл кхмерлер” армиясына сүйеніп, “тапсыз қоғам” орнатам деп жариялады. Қала халқын ауылдық жерлерге көшіріп, байларды, зиялыларды, дінбасыларды, бұрынғы үкімет шенеуніктерін – барлығы 3 млн-дай адамды құртып жіберді. 1979 жылы қаңтарда Қытайға бағыт ұстаған Пол Пот үкіметін КСРО-ға сүйенген Халықтық рев. партия (Хун Сен) биліктен тайдырды. Бірақ үкімет билігі үшін әр түрлі топтар (тақ мұрагері Н.Сианук бастаған топ, “қызыл кхмерлер”, генерал Л.Нолдың эмиграциялық үкіметі, т.б.) арасындағы талас, 1989 жылы Н.Сиануктің жеңісімен аяқталды. Осы жылы 10 жыл бойы елде тұрған Вьетнам әскерлері кері әкетілді. 1991 жылы өткен Париж келісімі бойынша Н.Сианук король болып жарияланды. Бірақ елде билік үшін күрес жалғаса берді. 1993 жылы елде жаңа конституция қабылданып, король билігі шектелді. 1998 жылы Пол Пот қайтыс болып, “қызыл кхмерлер” партизандық күрестен бас тартты. Осы жылы өткен парламент сайлауында Халықтық ревалюциялық партия жеңіске жетіп, корольді жақтаушылармен бірігіп жаңа каолициялық үкімет құрды. Дегенмен елде әлі де толық тыныштық орнаған жоқ, азамат соғысы басталу қаупі сақталып отыр.

Экономикасы.

Камбоджа – экономикасы нашар дамыған ел. Елдің ұлттық байлығы жылына 3,09 млрд. АҚШ долл-ы көлемінде. Сыртқы қарызы – 2,11 млрд. долл. Халқының 78%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Жерінің 21,6%-ы ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Сыртқа, негізінен, ағаш өнімдерін, резина, балық және теңіз өнімдерін шығарады. Шеттен мұнай өнімдерін, машина, құрал-саймандар, т.б. әкеледі. Негізгі сауда серіктері – Сингапур, Таиланд, Вьетнам, Жапония, Қытай, Индонезия, т.б.

Сілтемелер

“Қазақ Ұлттық Энциклопедиясы”, 4 – том


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы