Өз-өзіне еркелеп, керіліп оянған Чехра төсегінен наздана тұрды. Қою қара қайратты шашын нәзік саусақтарымен желкесінен көтере бір тастады да, айнаға жақындады. Өз дидарына өзі сүйсіне қарап тұрған ол беліне түсетін қолаң шашын бір жайып, бір түйіп, сылқ-сылқ етіп қайта-қайта беліне түсіреді. Қап-қара қанат қастарын қаға, піліктей қабағын жасырып тұрған бота көздерін де қаттырақ ашып, айнаға жақындай қарады. Бейне бір сұлулық тұңғиыққа тығылғандай қап-қара қарашығының да айналасын зерттей үңілді. Кезек дөңгелек келген аппақ ұлпа бетін аралап өтіп, инеліктің екі қанатындай үлбіреп тұрған ерініне келді. Шиедей қызарып тұрған ернін жұмсақ саусақтарымен сипалап тұрып, орташа әрі сәл сүйірлеу келген мұрнын да «қандай әдемі, ә» дейді өз-өзіне. Өз-өзіне тамсанып айна алдында ұзақ тұрған Чехраның көңіліндегі көсілген қуанышы төсегіне қайта сүйреп әкелді. Болмысына бағынбай тұрған ерке назы жүйрік қиял мен тәтті арман жетегіне ілеспек. Кенет Тахирдің кеше өзіне берген сағаты есіне түсіп, жүрегі тарсылай тумбоға жүгіріп, сағатты қолына тағып, «Тахир, мен сені сүйемін, шын сүйемін, сағатыңды да сүйемін» деді сыбырлай сағатын сүйіп. Сағатты қайта-қайта сүйіп, төсегінде аунай бастады. Нұр жамылған дүние де ыңыранып қояды. Кенет оң жақ бетінің ерніне таман жағын ыстық леп ескендей болды. Жүрегі қайта тарсылдап, екі беті ду ете қалды. Екі қолымен екі бетін ұстағанда екі алақанынан шыққан отқа онсыз да қызара нұр ойнаған беті лапылдап қоя берді. Қызыл еттің тарсылы одан сайын күшейе түскенде қан қысымы көтеріліп, бой жылуы алпыс градусқа көтеріліп кеткендей болды. Бүкіл денесі отқа оранған Чехра Тахир екеуінің кешегі кездесуін еске түсіргісі келгенінен лезде бас тартуға мәжбүр болды. Әйтпегенде лапылдап жанып кетердей қорықты. Тек Тахир берген сағатты жүрегіне басып: «Жаным! Мен сені сүйемін!» деп қайталай берді. Кенет дәлізден біреу келе жатқандай болды. Дүниеде теңдесі жоқ, бұл өмірде теңеуі табылмас соншалықты нәзік сезімнен бір сәтте-ақ арылудың азабын сезінген Чехраның маңдайынан бұрқ етіп қара тер шығып кетті.
Читать полностью »