Скачать/Жүктеу
Астанада театрға барған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед сұхбат берді. Шыңғыс Айтматовтың әйгілі шығармасынан кейін тебіренген министр мырза не деді дейсіз ғой?
«Эротика сахнаға шығып жатса, несі бар? Жеңіл эротика әрқашан да көрермендерге де, актерлерге де қызық деп ойлаймын», – деді. Дұрыс-ау, солай ойласын. Бірақ министріміз осылай деп тұрған соң, бұдан былай театр сахнасын «жеңіл эротика» басып кетпесіне кім кепіл? Кім «авангард» болғысы келмесін?
Құдайға шүкір, әзірге қазақ театрына «сексуалдық төңкеріс» келе қойған жоқ. Бірақ соның аз алдында тұрмыз. Қазақ театры, қазақ жанының қағбасы, жалаңаштанып жатқаны рас…
Біраз ғана бұрын Роман Виктюкті аттай қалап, Лермонтов театры шақырды. «Премьерадан кейінгі фуршет» пьесасын сахналаған шетелдік мэтр орыс театрының әртістеріне риза болып кетті: «Бәрі өрімдей жас екен, ештеңеден қорықпайды екен», – деді масаттанып. Қорыққанда, бұл бір қоғам мерездерін тырнайтын оппозициялық қойылым емес еді. Прима-актрисаның режиссермен төсектес болғаны туралы «шырайлы» шығарма еді. Ресейлік режиссер сенің менталитетіңе түкірді. Көрерменді солай қызықтырам деді. Ал актерлердің сахнадағы қылықтарын көрсең… «төрт әріпті» жаңа үйреніп, қылжақтап жүрген деревня мұжығының бұзық баласы секілді. Қарап отырып, жерге кіретін тесік іздейсің. Жоғары білімді әртістеріміз сахнада тұрып осындай «мәдениетке» үндесе, онда басқасын қоя қойыңыз.
Былтыр Астанадағы М.Горький атындағы орыс театрында да «бір түрлі» премьера болды. Джузеппе Маротта мен Белизарио Рандоненің «Утешитель вдов» деген фарсы. Австриядан келген режиссер Егише Геворкянның сахналауында. Шыны керек, о баста жеңіл, ойнақы әзілге құрылған фарс сахнаға шыққанда «шешініп», дардай дарақылыққа айналды. Бастан-аяқ ыңқылдапсыңқылдаған әйелдердің үнінен құлақ тұнады. Үздігіп жүрген әртістерді былай қойғанда, суретші Алма Сырбаеваның жұмысына қарап тіксініп қалдық. Сахнаның түкпірін жауып тұратын матаға ұйық салынған. Бір нәрсеге шырамытқандай болдық. Анықтап қарасақ, әйел затының анары екен…
Жә делік, бір сұхбатында бас қаладағы орыс театрының қазақ директоры Еркін Тілеуғазы: «Қазақ театры қазақ үшін, орыс театры орыс үшін жұмыс істейді», – деп ашығын айтқан. Қазақтың ақшасын алып, ауасын жұтып, нанын жеп, орыс үшін жұмыс істейтін театрдың «саясатына» таңғаламыз да қоямыз. Қорқыныштысы орыс театрының оспадарлығы емес, қазақ руханиятының қаймағы деп жүрген төл театрымыздың ұяттан қағылып жатқаны. Соңғы кезде, обалы не керек, қазақ театры да арзан абырой қуып, жалаңаштанған-ды, жалаңаш тәнді насихаттауды бастады. Саф өнерге сыналап кіріп жатқан бұл үрдісті көзіқарақты көрермен байқап та үлгерген шығар…
Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрында «Айман-Шолпан» деген комедия бар. Иә, бағзыдан белгілі ұлы Мұхтар Әуезовтің шығармасы. Жаңаша қойған. Кейіпкерді бүгінгі күнге әкелген. Бірақ ақмаңдайлы Айман мен шашбаулы Шолпанның орнын арсыз Айман мен шолжаң Шолпан басыпты. Қызықты шығарма, кілті табылған шығарма. Қоюшы-режиссердің тапқырлығында, әртістердің шеберлігінде мін жоқ. Бірақ жаңағы екі қыз тылтиып киінгенімен қоймай, тарсылдақ музыкаға өлімші болып билейді. Сонда сазандай жылтыраған сандары ғана емес, ішкиімдері де жылтырап көрініп жатады. Қос кейіпкердің етегіне бір қарыс мата жетпей қалды ма?..
Ғ.Мүсірепов атындағы театрда қыздың келбетіне «қызықтыратын» бірнеше қойылым бар. Біраз бұрын Э.де Филлиппоның «Цилиндр» деген пьесасы сахналанды. Арын, тәнін сатқан әйел туралы. Оны жанында жүрген «сүйіктісі» де саудаға салады. Бас кейіпкер сахнада сылаң қағып халатпен ғана жүреді, ол аз десең, шешінетін көрінісі де бар. Шығармашылық топ бұл көріністі «эстетикаға» балап, актрисаның крем түстес киімде екенін айтып ақталады. Бірақ қазақ қызы жалаңаштанды ма? Жалаңаштанды. Сол актрисаның «аяқтарына» қараған көрермен оның кәсіби шеберлігін бағалай ма? Жоқ. Мектеп оқушылары, әуелі, ысқырып, қарқылдап күлумен болды. Міне, біздің мәдениет. Бұл «эстетиканы» да көрсететін көрерменге көрсету керек. Ал бесіктен белі шықпаған қала мектебінің оқушысы сол «сұлулықты» жабайы таныммен қабылдайды. (Ал бізде театр көрерменінің басым бөлігі ұстаздары жетелеп әкелетін мектеп оқушылары екені өтірік емес).
Осы театрда «Жұбайлар-ай, жұбайлар!» деген тағы бір қойылым бар. Әдемі әзілмен, актерлік тапқырлықпен көмкерілген тамаша спектакль. Көріп отырып, тынығасың. Бірақ тағы да «тылтиған» қыздар көңіліңе қаяу түсіреді. «Ақ» деп аяғын көтеріп қалса, «бар байлығы» жарқырай кеткені. Сахнада тұрып киім ауыстыратыны тағы бар. «Тұншыққан сезім» деген бір спектакль көрсетіліп жүр. Актриса мұнда да теріс қарап алып, көйлегін ауыстырып жатады. М.Әуезов театрының сахнасындағы «Сұлу мен суретші» қойылымындағы Сұлу да солай. Бұл – біз көрген қойылымдар. Ал біз көрмеген шығармалар қаншама… Осы бетімен кете берсе, қазақтың қыздары театр сахнасында тұрып шешінетін шығар?!
Мүсірепов театры сахналаған Шыңғыс Айтматовтың «Теңіз жүгірген тарғыл төбетін» көрдік. Өзі де лыпамен шыққан Балық әйел бір кезде: «Әйел өмірге ұрпақ жалғастыру үшін келеді!», – деп үздігіп барып, омырау жапқышын лақтырып тастасын. Әлгі қызымыз киім сыртынан омыраудың үрпісіне дейін «жапсырып» алыпты. Әрине, актрисаның үстінде «көрінбейтін» киім бар. Оны алдыңғы қатарларда отырған көрермен байқайды. Ал басқаларының бәрі «шешінді!» деп ойлайды. Осы көрініс спектакль үшін қаншалықты қажетті? Пәлсапалық қойылымның бағасын «шоу» көрсетіп, «шок» жасау арқылы түсіріп алған жоқпыз ба?..
Соны көрген министр «дұрыс» деп баға береді. Шет елдегі өзі көрген «Иисус Христос – суперзвезда» операсымен салыстырып, ондағы эротикалық элементтерді тілінен бал тамыза әңгімелеп береді. Кеше министріміз «Францияға барып, И.Штраустың «Жарғанатын» көріп келдім», – деп еді, Қ.Қуанышбаев театры соны дереу сахналай қойды. «Италияға барып «Манон Лесконы» көрдім», – деп еді, К.Байсейітова театры ылдым-жылдым жаңағы «Манонды» сахналап жіберді. Енді «Иисус Христосты» сахналауға төл театрларымыз таласып қалмаса болғаны.
Қазіргі қоғамда онсыз да әйел затының сексуалдық нысан ретіндегі бейнесі эксплуатацияланып жатыр. Шет елден келетін телеөнімдер мен жарнамалар арқылы сондай түсінік сіңіп болды. Елді ертіп жүруге тиіс режиссерлердің өздері осы жат пиғылдың соңынан салпаңдап бара жатқанын ойлағанда… өкпеңе дем жетпейді. «Қазіргі суреткерлерге музаның келгені аз, олар музаға тәніңді көрсет дейді», – деді «туиттерде» жазушы Рустам Ниязов. Қазіргі режиссерлерге актрисаның сұлу болғаны аз, олар сахнадан тәніңді көрсет деп талап қоятын секілді. Құдай сақтасын, шығармашылық адамының эгосын да, эросын да шектейін деп тұрған жоқпыз. Ойына келгенін істесін. Бірақ көкелер, қазіргі қоғамда ұятсыздық соншалықты көп, театрға келіп тағы да сол көргенсіздікті көрмей-ақ қояйықшы. Қазақ руханиятының іңкәрлік аралы деп жүрген театрды былғауға жол бермейікші. Біз театрды жиіркенішті дүниелерден жалыққанда жанымызды «фильтрлейтін» сағым-дүние деп келеміз ғой. Сиқыр күтіп, сілкініс күтіп келеміз. Жалаңаш қыз үшін келмейміз.
Д.МӘКЕЖАН, Халық сөзі сайтынан алынған пікір