Скачать/Жүктеу
Шаруа (фермер) қожалығын ұйымдастыру үшін жер учаскесін алғысы келетін азаматтар жерді пайдалануға беру құқығы бар жергілікті атқарушы органға жер пайдалану құқығын беру туралы өтініш жасайды.
Жер (шартты жер) үлесіне құқығы бар азаматтар жергілікті атқарушы органға және өздері құрамынан бөлініп шығатын ауыл шаруашылығы ұйымына өтініш жасайды.
Өтініште сұрап отырған жер учаскесінің тұрған жері, шаруа (фермер) қожалығының құрамы, жер (шартты жер) үлесінің саны, олардың жалпы көлемі, балл-гектармен бағалануы көрсетіледі.
Аталған шаруашылықтың басшысы мен мүшелері шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін жер пайдалану құқығын беру туралы өтінішке қол қояды.
Өтінішке ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің қысқаша бағдарламасы, жер (шартты жер) үлесіне (олар бар болса) құқығы туралы куәліктердің және қосымша жер (шартты жер) үлесін алу үшін жасалған шарттардың көшірмелері, шаруашылық басшысының ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жұмыс тәжірибесін растайтын еңбек кітапшасынан көшірме не тиісті білімі туралы немесе арнаулы дайындықтан өткені (жер (шартты жер) үлесіне құқығы жоқ азаматтар үшін) туралы құжат қоса тіркеледі.
- Жергілікті атқарушы орган өтініш берілген күннен бастап бір айдан кешіктірмей жерге орналастыру жобасы негізінде жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылдайды.
Шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануынан жер (шартты жер) есебіне жер учаскесін берген кезде өтініш берілген күннен бастап он күн мерзім ішінде жер (шартты жер) үлесі иелерінің немесе олардың өкілдерінің жиналысы өтуге тиіс, ол жер учаскесінің орналасқан жері туралы хаттамамен ресімделетін шешім қабылдайды.
Жер (шартты жер) үлесі иелерінің немесе олардың өкілдерінің кемінде 50 проценті қол қойған хаттама жергілікті атқарушы органға беріледі және жер (шартты жер) есебіне жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылдау үшін негіз болып табылады.
- Жер учаскесін беру мүмкін болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органның шешімімен дәлелді бас тарту жасалады, оның көшірмесі өтініш берушіге шешім қабылданған соң жеті күн мерзім ішінде табыс етіледі.
Жер учаскесін беруден бас тартуға сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
- Шаруа (фермер) қожалығын жүргізу үшін жер учаскесіне жер пайдалану құқығын беру туралы жергілікті атқарушы органның шешіміне сәйкес жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу және жер пайдалану құқығына құжат беру жүргізіледі.
Жерде жер учаскесінің шекараларын белгілеу, шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығына құжаттар дайындау мен беруді жерге орналастыру қызметі бюджет қаржысы есебінен жүзеге асырады.
- Әрбір жер учаскесіне берілген, тұрақты жер пайдалануға арналған акт (уақытша жер пайдалану туралы шарт) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен шаруа (фермер) қожалығының басшысына беріледі.
- Шаруа (фермер) қожалығының жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ол тіркелген сәттен бастап пайда болады.