ТӘУЕЛСІЗДІК ФИЛОСОФИЯСЫ


Скачать/Жүктеу

Ел ұлсыз болмас, жер гүлсіз болмас дегендей, ойшыл, еліміздің білікті азаматы, Қазақстан Республикасының Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Досмұхамед Кішібеков Қазақстандағы философия ғылымының бастауында тұрған ақсақалы. Өмірінде жарқын мінезді, адамгершілігі мол азамат.
Бүгін Досмұхамед Кішібекұлы үлкен ғылыми нәтижеге жетсе де өмірі шығармашылық идеялар мен ізденістерге толы. Ол ғылыми және педагогикалық істің ең жоғарғы деңгейіне жетті, мыңдаған студент, магистрант, аспиранттарды оқытып ізбасарларын даярлады.

Бармақтай бақты ұстап тұру үшін, батпандай салмақ керек дегендей Досмұхамед Кішібекұлы философияның ұлы ұстазы, педагог болып өмірге қосылды, бүгінгі күнге дейін осы жолда. Ол қазір Қаныш Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың Қоғамдық пәндер кафедрасынын профессоры. Алпыс жылдан астам уақыттан бері студент, магистрант, аспирант, докторанттарға дәріс оқуда. Сабақ беру және ғылыммен айналысу Досмұхамед Кішібекұлының мақсаты мен мұраты.
Ол Қазақ политехникалық институтында (қазір Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) 32 жыл үзіліссіз философия кафедрасын басқарды. Осы жылдар аралығында қызықты және тартымды әдістер арқылы өзінің терең білімділігін көрсете біледі, сабақтары жоғарғы дәрежедегі идеологиялық-теориялық мазмұнымен, әртүрлі білім беру тәсілдерімен ерекшеленеді. Отанының шын жүректі патриоты, ірі идеологі ретінде ғылым және тәрбиелік жұмыстар жүргізеді.
Білімнің бас құралы – кітап. Досмұхамед Кішібекұлының 700-ден астам ғылыми жұмыстары жарыққа шықты, олардың 50-ден астамы монографиялар Олардың арасында «Қазақ менталитеті; кеше, бүгін, ертең», «Мәдениет және өркениет», «Ұлттық идея мен идеология», «Тарих философиясы және бүгінгі заман», «Сөйлеу мен жазу», «Идея шығармашылықтың бастауы ретінде», «Тәуелсіздік философиясы» – т.б. еңбектері бар. Бұл еңбектердің кез-келгені философиялық ойдың биік деңгейін көрсетеді. Ол қоғамда тұрақтылық, идеялық-теориялық бірлік, елде мол байлыкпен прогресс болуы үшін өз ойын ашық айтып оның теориялық негіздерін қалыптастырды. Осы тұрғыдан алғанда ол мемлекетшіл. Елге керек деп санағанын мүмкіндігінше қорғаштап өз борышын тиянақты орындайды, жеке бастың пайдасы үшін ешкімге жағымпазданбады. Досмұхамед Кішібекұлы терең теоретик, ғылымның тазалығы үшін күресуден жалықпайды, әріптестерінің қисық ұстанымдарын ешбір зілсіз түзетіп отырады.
Досмұхамед Кішібекұлының жуырда «Тәуелсіздік философиясы» деген жаңа кітабы шықты. Кітап әркімге де түсінікті қарапайым тілмен жазылып тәуелсіздікке байланысты терең философиялық ойларды қамтиды. Автор «тәуелсіздік» ұғымын, оның диалектикасын анықтаудан бастап біртіндеп мәселенің тұңғиығына енді, материалды нақты түсінуге көмектесетін маңызды философиялық, тарихи, әдеби, таза өмірлік көрнекті мысалдармен толықтырады.
Ол ыстық сезімен шынайы тәуелсіздік алған бүгінгі күнімізді жазады. Біз өзіміздің биік жүйемізді, үкіметімізді құрдық. Мемлекетіміздің әлем елдерінің қатарына қосылуына Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлесі зор болды. Егеменді, тәуелсіз мемлекет ретінде
БҰҰ-ның мүшелігіне өттік, шет елдерде елшіліктерімізді аштық, өзге елдерге біздің егемендігімізді танып, өз дипломатиялық өкілеттіктерін ашты. Осындай табыстарымызды нақты, объективті мысалдар арқылы дәлелдеп, бұрынғы одақ кезіндегі тәуелсізддігіміздің жалған болмысын көрсетіп берді.
Досмұхамед Кішібекұлы өз зерттеуінде қарастырылатын мәселелерді сүреттеп қана қоймай, талдайды, өзіндік қортындылар жасайды – оның еңбегінің аса ерекшелігі мен құндылығы да осында. Сөзіміз жалған болмау үшін мысалдар келтірейік. Автор дүниеде абсолюттік мызғымайтын тәуелсіздік те, сол сияқты тәуелділік те жоқ дейді. Бұл екі ұғым ажырамас бірлікте. Тек тәуелсіздікке немесе тәуелділікке көңіл аударғандар көп қателеседі. Бұлардың осы байланысындағы ең басты сұрақ – қайсысы қайсысынан басымдырақ.
Егер ел тәуелсіз саналса олардың диалектикасында тәуелсіздік категориясы тәуелділіктен басым болуы тиіс. Тәуелсіздік – абстрактілі емес, нақты сипаттағы категория. Елдің шынайы тәуелсіздігі үшін тәуелсіздік – стратегия, тәуелділік – тактика. Стратегия өзгермейді, ал тактика – өзгермелі, ол стратегияға көмектесуі тиіс. Тәуелсіздік пен тәуелділіктің диалектикасы осы. Тек бір құдай ғана ешнәрседен және ешкімге тәуелді емес. Бұл ойды алғашқы рет профессор Д. Кішібековтың жұмысында беріліп отыр, сондықтанда біз оны жаңалығы деп санаймыз.
Автор өз еңбегін кеңестік құрылымда Қазақстан тәуелсіз республика болды ма – деген сұрақтан бастайды?
Автор сұрақ бере отырып оған толықтай объективті және дәлелді жауап береді. Ол Қазақстанның Одақ республикасы ретінде рөлін кемітпейді. Мынандай мысалдар келтіреді – Қазақстанда 50 млн. мал болды (қой, жылқы, түйе, сиыр), жылда миллиард пұттай егін жиналды. Республикада мәдени революция өтті, білімсіздік жойылды, театр, жоғарғы оқу орындары, ғылым академиясы мен оның институттары құрылды. Қазақстанның Конституциясы, Мемлекеттік белгілері (елтаңба, ту, әнұран) болды. Республиканың барлық өмірін Коммунистік партия басқарды. Ол экономика, мәдениет, білім, ғылым дамуын бағыттап отырды, басшы тұлғаларды тағайындау, ауыстыру, орнынан алу, алмастыруды іске асырды; бүкіл идеологиялық жұмыс Коммунистік партияның қолында болды.
Одақтың жоғарғы кеңесіне Қазақстан депутаттары да қатысты. Бірақ осыған қарамастан, автордың әділ айтқанындай, республиканың егемендігі, тәуелсіздігі формальдық сипатта болды. Қазақстанның шет елдерде дипломатиялық өкілеттігі болмады, басқа елдермен келісім жасау құқығы жоқ еді. Бұлар одақтың орталық үкіметінің ісі болатын. Сондықтан әлем Қазақстан туралы ештене білмеді.
Досмұхамед Кішібекұлының өмірі күрделі және өте қызықты. Әр істе ол алғашқылардың бірі саналады. Кеңес армиясында болды, Ұлы Отан соғысының ардагері. 1943-1945 жж. Серов атындағы Ботай соғыс-авиация ұшқыштар училишесінде ұшқыш-истребитель болып оқыды, 18 жасында аспанда әртүрлі вираждар орындады. Ол қазіргі күнге дейін көк аспанға қарап өз ұшағындағы штурвалды, оны еркін бағындыратын өз істерін жиі еске түсіреді.
Ол алғашқы қазақ-аспиранттарының бірі болды. «Қала мен ауыл арасындағы қайшылықты жою» деген философиялық тақырыпта кандидаттық диссертация жазып, қорғады. Ғылыми жетекшісі философия институтының академигі Глезерман Григорий Ефимович болды.
Диссертациясын қорғағаннан кейін ол Қазақстанның Ғылым Академиясына жолдама алды. Республиканың философия мектебінің негізін салды. Ол басқарған бөлімде кіші ғылыми қызметкер болып А. Қасымжанов, М. Абдилдин, К. Рахматуллин т. б істеді, кейін олардың да философиялық мектептері ашылды.
Досмұхамед Кішібекұлы философия ғылымдарының алғашқы кандидаттарының бірі болумен қатар алғашқы докторларының да бірі. 1967 жылдан профессор. Бұл кезде елімізде идеологтар таршылығы сезілетін 1972 жылы ҚР ҒА корреспонденті – мүшесі, 2003 ж. Қазақстан Республикасынын Ұлттық Білім Академиясының академигі болып сайланды. Ширек ғасыр бойы Бүкілодақтық «Білім» қоғамының Басқарма мүшесі болды. Насихат жұмысындағы белсенділігі үшін бірнеше рет шетелдерге сапарларға шықты. Хиросима, Сорбона., Колумбия университеттерде дәріс оқыды. Бүкілодақтық «Білім» қоғамының жоғарғы құрметі – «академик С. И. Вавилов» медалімен марапатталды.
Қоғамдық пәндер кафедра меңгерушілерінің Бүкілодақтық мәжілістерінің бәріне қатысып өз тәжірибелерімен алмасты. 1971 ж. Мәжіліс Президиумына сайланды. 1976 ж. Бүкілодақтың Мәжілісте Үлкен Кремль Сарайының трибунасынан сөз сөйледі. 1974 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес Президиумының Жарлығымен Досмүхамед Кішібековке «Қазақ КСР Жоғарғы мектебінің «еңбегі сіңген қызметкері» құрметті атағы берілді. 1985 ж. «Халықтар достығы» орденімен марапатталды.
Бүгінгі күнде ол ҚазҰТУ Қоғамдық пәндер кафедрасының профессоры. Студенттерге, аспиранттарға, қазір магистранттарға дәріс оқиды.
Қазақ мақалында айткандай, ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла дегендей, біз, Досмұхамед Кішібекұлының әріптестері мен достары, ол кісімен Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақтың Ұлттық техникалы университетінде қызметтес болған бақытты жылдарымыз үшін тағдырға рахметімізді айтамыз. Шығармашылық өмірін философияның тарих пен мәдениетіне, қазақтың салт-дәстүрін терең зерттеулерге арнаған ол халқын шын жүрегімен сүйді.
Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ профессоры Ғаини КОТОШОВА,
доцент Сейіт АДЕНОВ


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы