Скачать/Жүктеу
«Тәуелсіздік не берді» деген сұрақ қазір жиі қойылады. Тәуелсіздік алдымен өз жерінде өгей баладай есіктен қарап қалған қазақ тілін төрге оздырды. Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі болды. Тәуелсіздік тұстастарының бүгінде мемлекеттік тілде білім алып, мемлекеттік тілді ана тілім деп есептеуі де еліміздің ұлы бостандығының жемісі. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің үшінші курс студенті Алла Платонова мемлекеттік тіл жөнінде өткен облыстық, республикалық талай сайыстардың жүлдегері. Ол қазақстандықтардың барлығы мемлекеттік тілді білуі керек есептейді.
– Алла, облыстық телеарнада тележүргізуші болып жүргеніңді байқағандар сенің қазақ тілін жетік меңгергеніңе сүйсініп отыратыны рас. Қазақ ауылында өстің бе?
– Құдай-ау, тілді қалай жетік меңгермейін, қазақ мектебін бітірген жоқпын ба?! Амангелді ауданы мен Арқалық қаласы ортасында жатқан Тасты деген ауылда өстім. Ол Амангелді ауданына қарайды. Бірақ менің бала кезімде бұл таза қазақ ауылы болған жоқ. Онда түрлі ұлт өкілдері аралас тұратын, соған қарай ауылда аралас мектеп болатын. Рас, кейінгі жылдары алдымен орыстар үдере көшті, сосын қазақтар да қалаға кетті. Қазір ауылымыз шағын ғана елді мекен болып қалды.
– Сені қазақ мектебіне берген ата-анаң да қазақ тілін меңгерген бе? Ол кісілердің мамандығы қандай?
– Менің қазақ мектебіне баруыма ата-анамның қатысы аз. Менімен тілдескендердің барлығы да ата-анасы мұғалім шығар деп ойлайды. Әкем Сергей ауылдағы «Табыс» шаруа қожалығында дәнекерлеуші, анам Екатерина дүкенші болып істейді. Мал ұстап, соның табысымен күн көріп отырған жандар. Олар мені о баста қалада оқытқылары келіпті. Өйткені, 90-шы жылдары ауылдың жағдайының қалай болғаны көпшілікке белгілі ғой. Барлығы да қолайлы орын тапса, көшіп жатты. Кім білсін, менің ата-анамда да сондай ой болған шығар. Мен Тасты мектебіндегі орысша дайындық сыныбына бардым. Оны бітірген соң ары қарай орыс сыныбына баруым керек қой. Алайда, мен жылап отырып алыппын, қазақ сыныбына барамын деп. Сонымен ата-анам баласының көңілін қайтармай, қазақ сыныбына жетелеп барыпты. Алайда, мен бала болсам да, анамның ескертуі әлі күнге дейін жадымда. «Аллочка, ертең сенің сабағыңа кім көмектеседі? Мен де, папаң да, ағаң да қазақша білмейміз. Өзің қалай оқисың?» деген еді. Баламын ғой, бетімнен қайтпай, өзім оқитынымды айттым. Әкем мен шешем екеуі ара-тұра молдаван тілінде сөйлескені болмаса, негізінен орысша араласамыз, отбасымыздағы балалардың тілі орысша шыққан. Шынында, оқуыма ата-анам көмектескен емес, мен шашым жалбырап, қолтығыма кітабымды қысып, көршілердің үйінде жүреді екенмін. Менің бағыма қарай, жақын тұратын орыс көршілеріміз көшіп кетті де, олардың үйіне қазақтар келді. Мектеп қасиетті орын емес пе, көп ұзамай қазақ тілінде өзге балалар сияқты сайрап кеттім. Бастауыш сыныптарда, құдай-ау, отыздан аса бала оқыдық. Кейін жоғары сыныптарда азайды. Алғашқы ұстазым Сақыпжамал апай Жұмабаева: «Алла, сен үй тапсырмасын жаттап алатынсың, сабақ сұрағанда үндемей қалмайтын едің, қате болсын, дұрыс болсын жауап беретінсің. Талабың ерекше болды» деп айтып отырады. Мен қазақ мектебінде оқығандықтан ба, әлде ауылды қимады ма, қызын қалада оқытуды армандаған ата-анам әлі Тастыда тұрады.
– Ауылың қазір қалай?
– Мал мен астық бар жер жаман болмайды ғой. Біраз ауылдастарымның көшіп кеткенін айттым. Олардан қалған бұзылған үйлердің қабырғасын көргенде жүрегім ауырады, әрине. Бірақ өзім өскен жер, туған жер болған соң, бүйрегім бұрып тұрады. Тасты ауылы ойда орналасқан. Мен үшін Торғай даласының кеңдігіне, сұлулығына жетер нәрсе аз. Жазғы демалыста барған сайын ауылдың топырағын жалаңаяқ басамын. Тастының топырағы ерекше ыстық, жанымды баурайды.
Ауылдың ауасының да, суының да, шық түсіп тұратын шөбінің де тазасын айтсаңызшы! Ауылдың айналасынан бірінші, екінші, үшінші деп ауылдастар нөмірлеп қойған Торғай өзенінің салалары ағады. Шағын өзендер ғой. Солардың жағасына барып отырғанның өзі қандай керемет. Жазда мал судың жағасында иіріліп жатады. Жап-жазық далада құлындары шапқылап, жылқылар жайылып жүреді, күн ыстықта олар да суатқа келіп шыбындап тұрады. Сол көрініс қалада жүрсем де көз алдымнан кетпейді. Таңертең мал маңырап, құстар шулап, ит үріп, кішкентай ауыл азан-қазан болып оянады. Көршілер малды өріске қосады, әйелдер гүмпілдетіп сиыр сауып жатады. Даладағы ошаққа пісіретін сүттің иісін айтсаңшы! Несін айтасыз, ауылды сағынып кеттім! Өзім де оқыймын деп көптен бері бара алмай жүр едім, сағынышымды тіпті қоздатып жібердіңіз ғой!..(Алланың жүзі қызылшырайланып, сықылықтап күліп алды).
– Тілдің нәрін ауылдан, білімнің дәнін мектептен алдым десеңші, Алла.
– Дәл солай! Оған тәрбиені қосыңыз! Мектепте жақсы оқыдым, жақсы бітірдім. Грантпен Арқалық педагогика институтының шет тілдер факультетіне түстім. Мен мектепте жүргенде өте белсенді болдым. Бастауыш сыныпта оқитын кезімде Наурыз мерекесінде Сақыпжамал апайым мені «Ана» деген әнмен сахнаға алып шықты.Үстімде ақ көйлек, аяғымда ақ туфли, шашыма таққан қызыл бантикпен сахнада тұрып, қазақша ән айтқаным, ауылдастардың барлығы дүрсілдете қол шапалақтағаны есімде. Осы жолы сахнаға шығуым мені қанаттандырып жіберді білем. Мектепте өтіп жататын шаралардың барлығының ортасында мен жүретін едім. Бала емеспін бе, ылғи сахнаға шыққым, ән айтқым келіп тұратын. Амангелді ауданында жыл сайын «Атамекен» деген ауыл фестивалі өтіп тұрады. Ауылдар сонда өзара жарысады.Сол фестивальден қалған кезім жоқ шығар. Тастының намысын қолдан берген жоқпыз. Оған жыл сайын костюм тіктіреміз. Ұстаздарым мен ата-анама бұл ғұмырымда алғысым шексіз. Мектепте ұстаздарым жетелемесе, үйде әке-шешем дұрыс тәрбие бермесе мен не болар едім? Қазір үйде осы күнге дейін түрлі байқаулардан, фестивальдерден алған мақтау қағаздарым, дипломдарым жиналып тұр. Құдай-ау, саны қырық шақты болады.
– Жастар арасындағы, соның ішінде мемлекеттік тіл жөніндегі облыстық, республикалық байқауларға қатысып, өз ауданың мен облыстың мақтанышына айналып жүрсің. Өзің үшін солардың қайсысының ерекшелігі болды?
– Мен 2009 жылы облыстық «Қыз сынына» қатысып, бас жүлдені алып кеткенмін. Осы табысым көңіліме қонады. Себебі, мен осы байқауда қазақ тілімен қатар, қазақ дәстүр-салтын қаншалықты білетінімді, оны шынайы меңгергенімді дәлелдедім деп есептеймін. Мен өзімді халықтық дәстүрде тәрбиеленген қызбын деп білемін. Мен негізі мектеп қабырғасынан бастап сондай белсенді оқушы болдым дедім ғой. Осы әдет өскен сайын менің өмірімнің мәніне айналып бара жатыр. Қазір бала кездегідей әсіреқызыл қызығушылықпен емес, әр байқауға тыңғылықты дайындалып барамын. Қарап отырсам, тіл жөніндегі облыстық, аудандық байқаулардың барлығынан тек бас жүлделерді алған екенмін. Ал 2009 жылы қазақ тілін жетік білетіндердің «Тіл-халық жанын танудың кілті», биыл өткен «Мемлекеттік тілді білу – парыз» атты республикалық байқаулардан екінші және үшінші орынды иелендім. Бір жағынан менің мүмкіндігім бұл орындардан жоғары еді, мен өзіме сенімді едім. Соңғы байқауда Сүгірдің термесін, Ләззаттың анасының жоқтауын образға кіріп орындадым, домбыра тартып бердім және ең бастысы өзім жазған монологымды оқыдым. Бірақ ешкімге өкпем жоқ, сонша адамның ішінде осы орындарға жеткеніме де шүкірлік етемін.
– Монологың мемлекеттік тілге қатысты ма еді?
– Оқып берейін бе?
– Иә, оқып берші.
– Қысқартып оқып берейін. Бірде бір кісі білімі күшті болсын деп, баласын қалаға апарып оқуға беріпті. Каникулға келгенде әкесі баласына: «Ұлым, сен өскеннен кейін үйленесің. Сонда аталарымыздың «Табағын көріп асын іш, анасын көріп қызын ал» деген сөзі есіңде болсын» депті. «Папа, не айтып отырсың, я не понял» депті ұлы. Әкесі әрі-бері айтқанмен, ұлы түсінбейді. Содан әкесі: «Смотри мамашу и кушай кашу» деп орысшалауға мәжбүр болыпты. Содан тамақты таңдап ішіп, ілмиіп жүретін баласына әкесі: «Ұлым, шешеңнің асқан етінен жесейші, сорпа іш. Аталарымыздың асы ғой. Сол аталарымыз: «ет – етке, сорпа – бетке» деп айтып кеткен» деп өсиет айтады. Сонда ұлы тағы да әкесінің бетіне түсінбей аң-таң болып қарапты. Әкесі күйіп-пісіп: «Сен түсінбедің бе? «Мясо – в кожу, сорпа – в рожу» деген» деп орысшалапты. Міне, осыдан кейін барып, әкесі өз қателігін түсініп; «Ойбай, бұлай ұятқа батқанша, ұлым, сені ауылға апарып, биыл қазақ мектебіне берейін» деп бір-ақ кесіпті. Сіздерге айтарым: өз тілімізді ұмытқанымыз – ұлтымызды құртқанымыз деп біліңіздер. Ана тілін сақтау ұрпақ алдындағы парыз екенін ұмытпаңыздар! – деп қорытқан едім монологымда.
– Әу баста Арқалық педагогика институтына оқуға түскеніңмен, қазір А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің үшінші курсында оқисың. Неге бұлай шештің?
– Мен бала кезімнен журналист болуды армандаған едім. Арқалық педагогика институтының шет тілдер факультетінен де тапқан зияным жоқ. Онда ағылшын тілін біраз меңгердім, қазір еркін оқып, жауап қайтара алатындай шамам, яғни бір қағарым бар. Өзімнің тілегім бойынша Қостанай университетінің журналистика бөлімшесіне ауыстым. Қазір осында үздік оқимын. Әр адам өзінің жүрек қалауымен жұмыс істеуі керек қой. Мен қазақ тілінде оқыдым, енді қазақ тілінде жазатын журналист болғым келді. Мені қолдаған ректор Асқар Наметовке, факультет деканы Айдар Айтмұхамбетовке, кураторым Гүлшат Марқабаеваға, басқа да ұстаздарыма ризамын.
– Алла, қазақ тілінде білім алу қиын ба? Неге өзге жастар, оның ішінде қазақ жастары мемлекеттік тілде сөйлеуге, білім алуға салқындық танытады?
– Бұл пікірді жалпы жастарға таңудың қаншалықты дұрыс екенін айта алмаймын. Мен қазақ мектептерінің білімі нашар деген пікірді де естіп қаламын. Ол пікірмен келіспеймін. Өзім қазақ мектебін бітірдім ғой, білімім ешкімнен кем деп санамаймын. Жалқау адамға қай мектепте де білім алу оңай болмайды. Қазақ, орыс тілдерін жақсы білемін, ағылшын тілін де қажетіме жарата аламын. Ұстаздар жалпы бағыт береді, ал оны ары қарай жалғастыру, одан белгілі нәтиже шығару адамның өзіне байланысты. Балаға үлгі отбасынан берілуі керек. Мысалы, мен қаладағы үйлердің ауласында ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндердің орысша былдырлап сөйлеп жүргенін жиі байқаймын. Олар ертең балабақшаға барғанда да орысша сөйлеу әдетінен арылмайды. Одан кейін мектепке барады, бала жасынан орысша сөйлеген бала, қазақ мектебінде білімге немқұрайлы қарауы мүмкін. Соның барлығы да баланы отбасында қадағалауға байланысты. Жаңағы мен айтқан аулада ойнап жүрген бүлдіршін орысша сөйлегенде оған анасы қарап отырады. Сол ата-ана балаға қазақша сөйлеуі, қазақша сөйле деп айтуы керек емес пе? Сәби мектепке барғанша ата-ананың бауырында өседі.
Балалық шақта тәрбие, өскен соң намыс, патриотизм деген болмай ма саналы адамда. Бірде қалада келе жатып, сүрініп құлап қала жаздадым. Анадай жерде қызымен құшақтасып тұрған жігіт орыс тілінде әзілдеген боп, менің сүрінгенімді қағытты. Қызы ыңғайсызданған болып, «не обращай внимание» деді жігітіне. Мен қазақ тілінде оған: «Сен мені сүйемей-ақ қой, одан да қызың екеуің қазақ тілін үйреніп алыңдар» дедім. Менің осы сөзім жаңағы жігіт пен қыздың санасына жетсе болар еді деп ойлап бара жаттым. Ал олардың не ойлағанын қайдан білейін…
– Сенің отбасыңда олай емес қой? Олай дейтінім, өзің қазақ мектебіне бардың, ал ата-анаң қазақша сөйлесе алмайды? Олай болса, неге бар жауапкершілікті отбасына жүктейсің?
– Мен бұл пікірімнен айнымаймын. Өйткені, бәрібір әке-шешесінің көзі қайда қараса, баланың беті солай ауады. Менің ата-анам өз ана тілі – молдаван және орыс тілдерінде сөйлеседі. Бірақ олардың қыздары таңдаған қазақ тіліне құрметін, адал ниетін қайда қоясыз? Мен бала кезімде бір қалам немесе дәптер, кітап керек десем, анам сол күні ұйықтамаса да тауып беретін. Мен мектеп, ауыл сахнасына шығып, тақпақ, ән айтқанда ол бар жұмысын тастап, түсінбесе де келіп тыңдап отыратын. Бұл баланың ынтасын оятпай ма? Өзіңізге сұхбат басында айттым ғой, мен мектепте жүргенде қазақтың ұлттық киімін, сахналық костюмдерді жыл сайын тіктіретін едім. Иә, менен ата-анам ештеңе аяған емес. Ағам Федя орысша оқығанмен, ниет қойды да, қазақ тілін үйреніп алды. Әрине, оның орфографиясы мен менің білімімді салыстыруға келмес, бірақ талабын айтсайшы. Мен туралы жақында «Қазақстан» ұлттық арнасынан суреттеме көрсетті. Соны мамама хабарлағанмын. Сөйтсем, анам байғұс өзі істейтін дүкенге үйдегі телевизорды көтеріп барыпты. Жұмыстан қалуға болмайды ғой, сонда тұрып, мен туралы хабарды көріпті. Ауылдастарға айтып, қуаныштан жылапты. Енді олардың үмітін ақтауға қалайша тырыспайсың? Ал біздің үй қонақ шақырғанда дастарқанды жерге жаяды. Көрпешелер төсейді. Ет асу, соғым сою біздің отбасының дәстүріне кіріп кеткен. Анамның сандығы бар, іші толған мата, орамал. Ауылдағы қазақтардың үйге қонақ шақырғанда дастарқаннан сыбаға салып беретіні, мата тарататын салты менің анама да жұғысты болды.(күледі).
– Үйде әке-шешең молдаван тілінде сөйлеседі дедің. Өзің молдаван тілін түсінесің бе?
– Мен ептеп түсінемін. Көп сөздерді білемін. Анамның үйреткен тақпақ, өлеңдерін әлі ұмытқаным жоқ. Ұлтым молдаван болғандықтан, молдаван тілі менің туған тілім саналады ғой. Ол тілге құрметім үлкен. Әдемі, сұлу тіл. Бірақ мен өзім үшін соның барлығынан қазақ тілін жоғары қоямын. Өйткені, мен Молдавияда емес, Қазақстанда тұрамын, Қазақстан Республикасының азаматымын. Мен мемлекеттік тілді білуім керек. Екіншіден, қазақ тілін жан-жүрегіммен жақсы білемін, жақсы білген соң да жақсы көремін, әрі ойды да қазақша ойлаймын.
– Алла, сен әңгіме арасында ауыл тәрбие де берді дедің. Сол сөзіңе қайтып оралшы.
– Ауыл – ұлттық тәрбиенің де қайнар көзі. Менің әке-шешем сонша кәрі емес, орта жастағы кісілер. Анам молдаван халқының ұлттық дәстүрінде тәрбиеленген, әкем Қазақстанда туып-өскендіктен, ауылдың тәрбиесін көрген. Содан болар, менің тәрбиемді де бос жіберген жоқ. Мен жоғары сыныпта жүргеннің өзінде ауылдың дискотекасына барған емеспін, ашық-шашық, қысқа көйлек киген жоқпын. Әкем ұнатпайтын. Әкеге қарсы келмейсің, соның пікіріне жығылатынмын. Сыра ішіп, темекі шегетін қыздарға әлі таңғалып келемін. Олар «мұнда тұрған ештеңе жоқ, жастықтың қызығы, өмірден қалып қойған жоқпыз» дейді. Ал ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін қыздарды «уақытқа ілесе алмайтындар» деп түсінеді. Өзін осылай жеңіл ұстайтындарға менің көзқарасым басқа.
Ауылдың тәрбиесі дегенім, ауылда өскен балалардың барлығы да еңбекке жақын. Мектептен келген соң барлық бала үйдің жұмысын істейтінбіз. Мен де бала кезден анама көмектесіп, күніне бес сиыр сауатынмын.Оны сеператордан өткізуді, майын шайқап алуды да білемін.Үйдегі тірліктің барлығын да атқарамын. Соның жақсы нәтижесін қазірден-ақ көре бастадым. Қалада оқудан бос кезімде жұмыс істеп, қаржы табамын. Үйге салмақ сала бергім келмейді. Ешқандай жұмыстан тартынған емеспін. Ауылда сонша сиыр ұстап отырып, құртты көршілерден сұраған ұят емес пе, өзім құрт жаятынмын. Әжелердің «технологиясы» жетеді ғой. Мен жасаған құртты үйде таласып жейтін едік.
– Құртты қалай жасайтын едің?
– Сүзбе құртты айтайын. Сүттің майын айырмай ұйытамын да, ашыңқыраған соң, сәл ғана қайнатып, ірітіп, қалтаға құйып қоямын. Көк суы ағып кеткен соң, тұздап, жаямын. Бірақ ешқашан оны кептіруге үлгерткен емеспіз, тез жеп қоятынбыз. Майлы, сүзбе құрт, шіркін, оның дәмін айтсаңызшы! Аузымның суы ағып кетті ғой. (Алла екеуміз де күліп алдық) .
– Алла, сен бала жастан ән айттың. Әншілік өнеріңді ұштап жүрсің бе?
– Бала жастағы әуестену ғой бәрі де. Бірақ өзім кәсіпқой әнші боламын деп мақсат қойғаным жоқ. Менің бар мақсатым – журналист, тележурналист болу. Қазақ эстрадасын жақсы көремін. Роза Рымбаева осы өнердің шыңында жүрген кісі ғой, ол ән айтқанда мен теледидар алдынан кетіп қала алмаймын. Сосын эстраданың қазіргі өкілдері арасынан Заттыбектің салған әндері, оның дауысы ұнайды. Қазақ музыкасын, оның ішінде күй тыңдағанды керемет ұнатамын. Домбыраны мен тек аспап емес, қасиетті нәрсе деп ұғамын. Күй тыңдағанда керемет ойларға берілемін. Домбыра «сөйлеп» жатқандай көрінеді. Республикалық байқауға қатысқанымда Арқалық педагогика институтында қызмет істейтін айтыс ақыны Айбек Қалиев ағай маған өзінің домбырасын берген еді. Мен сол домбыраны тарттым. Күмбірлеген қоңыр үні қандай керемет. Ал дүкендерде сатылатын домбыра, домбыра емес қой, соларды ақша үшін жасай салатын шеберлерге өкпем қара қазандай.
– Сенің қазақша сайрап тұрғаныңа қатарлас құрбыларың қызығып қарайтын болар.
– Өмірі көрмеген ағылшын, араб, қытай тілдерін аз уақытта үйреніп алып, шет елдерде қызмет істеп жатқандар жеткілікті ғой. Енді қазақтардың арасында, тілдік ортада жүріп, мемлекеттік тілде сөйлегенім соншалықты жаңалық емес шығар. Бірақ таңғалатындар бар. Өйткені, пойызда, басқа да көліктерде жол жүргенімде, немесе бір басқосуларға барғанымда қазақша сөйлесем, айналамдағылар бетіме таңданып қарап қалады. Оған өзім ыңғайсызданамын. Үлкен кісілер айналып, батасын беріп жатады. Ал кейбір жастар, балалар дереу менімен суретке түсейік дейді. Сол жерде мені «жұлдыз» етіп қояды. Бірақ өзімді еш уақытта «жұлдыз» сезінген емеспін. Менің түсінігімде, Қазақстанның барлық халқы мемлекеттік тілде сөйлесуі керек. Мен солардың бірі ғанамын.
– Алла, әңгімеңе рахмет. Болашақ әріптес ретінде өзіңе табыс тілеймін.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.