«ҮШ ҚИЯН»


Скачать/Жүктеу

XIX ғасырда өмір сүрген қазақ жырауларының аса көрнекті өкілдерінің бірі – Мұрат Мөңкеұлы. 1843 жылы қазіргі Атырау облысына қарасты Қарабау өңірінде дүниеге келіп, 1906 жылы Маңғыстау өңірінде қайтыс болған деген болжам айтылады.

Мұрат – бір жағынан, өткен замандар өмір-тарихынан молынан сыр топтайтын дастаншыл ақын болса, екінші жағынан, өзі өмір сүрген ортадағы халықтың мұңын айтып, зарын топтаған әлеуметшіл ақын. Ақын шығармашылығынан молынан орын алатын орыс отаршылдығының озбырлығын әшкерелеген шығармалары кеңес үкіметі кезінде шет қақпай көріп келді. Сондай шығарманың бірі «Үш қиян» деп аталады. Өлеңнің аты – Еділ, Жайық, Маңғыстау өңірлеріне байланысты қойылған.

Еділдің бойы – қанды қиян,

Жайықтың бойы – майлы қиян,

Маңғыстау бойы – шаңды қиян,

Адыра қалғыр үш қиян! – деп басталатын ұзақ толғау жырда ақын осы үш қиянның арғы-бергісін, өткен-кеткенін өткір де өрнекті тілмен тебірене толғайды.

Толғауында бір кездері қазақ халқының өз билігі өзінде, жерінің шетін жауға басқызбай тұрған заманын емірене, елжірей еске алған ақын, отаршылдардың тұрғын елді ата қонысынан айырып, ерлерді қанатынан қайырып жатқанына аһ ұрады:

Еділді тартып алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты тартып алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны.

Маңғыстаудың үш түбек

Оны дағы алғаны.

Ақын елді елдігінен, жерінен, бас еркінен айыратын отаршылдықтан құр әшейін үрейленбейді. Отаршылдықтың ертеңін қолмен қойғандай айтады. Қарап отырсақ, алдыңғы патшалы Ресей, одан кейінгі оның заңды мұрагері Кеңес одағы тұсында «Адыра қалғыр, үш қиянды» қойып, тұтас қазақ халқы «қоңсысына құл боп» кеткен жоқ па?! Мұрат ақынның ұлылығы осының бәрін күн ілгері сезіп, күн ілгері айта білгендігінде.

Д.Мәсімхан

 


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы