Скачать/Жүктеу
Шыңғыстау – Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылған. Шығыс Қазақстан облысының Абай, Аягөз аудандары аумағында. Осы Шыңғыстау бауырында қазақтың данышпан ақыны Абай Құнанбаев ғұмыр кешкен.
Шыңғыстау солтүстік-шығыста Алтайдан Шар өзені аңғарымен бөлінеді, оңтүстік-шығыста Тарбағатайға ұласады. Шығысында тауаралық Зайсан қазаншұңқыры, оңтүстігінде Солтүстік Балқаш төбелері жатыр. Абсолюттік биіктігі 1000-1100 м, ең биік жері – Ақшатаудағы Қособа тауы (1305 м). Төмен және орта палеогеннің жанартаутекті шөгінділерінен, құмтас, тақтатас, конгломерат т.б. жыныстардан түзілген. Жылына 200-250 мм шамасында жауын-шашын түседі. Шыңғыстаудың солтүстік беткейінен Шаған және Ащысу, оңтүстігінен Бақанас, Дағанделі, Құрбақанас, Көксала т.б. өзендер басталады. Беткейінде бұта тобылғы, қараған, аңғарларында тал, терек, қайың, шалғын шөп өседі. Арқар, киік, қасқыр, түлкі, борсық, суыр т.б. мекендейді.
Ж.Әскербекқызы