Скачать/Жүктеу
Отбасына, дос-жаранға, қоршаған әлем, жан-жануарға деген ыстық ықыластан басталған махаббат сезімі Отанына, туған жеріне деген сыйластықпен ұласса, ол – адамның рухани деңгейінің биіктігі. Бауыржан Момышұлы «Опасызда Отан жоқ» десе, қарт Жамбыл:
Отаным десем, ойыма,
Шалқыған байтақ жер келер.
Отаным десем, ойыма,
Көгілдір тартқан көл келер.
Баурайы байлық, қойны құт,
Отаныма ешқашан
Мекен де болмас тең келер!-
деп, ел, туған жер құдіретін шалқи жырлаған. Тылсым дүние төсінде еркін тыныстап жатқан ерікті елге деген сый, махаббат сезімі әрдайым осылай тасқындаса керек. «Алтын ұяң – отан қымбат… Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» (Қазыбек би). Осы кір жуып, кіндік кескен жерді адамзат баласы әрдайым құрметтеп өтпек…
«О, айналайын, кең далам! Қазақ бауырым жайлаған алып далам! Мінеки, біздің тауларды екі жаққа ысырып тастап, ши менен көдеге ырғалып, ұшы-қиыры жоқ шексіз теңіздей көсіліп жатырсың. Кім біледі сенің қойныңда жатқан күшті! Жарықтық, сыртыңнан қарасаң, ешбір өмір белгісі жоқтай томсарып жатқаның жатқан. Бірақ, кешегі естен кетпес жазда соғыс басталып, жаулар жерімізге қол салғанда …жел қанатты сәйгүліктер ыстық шаң көтеріп, дүбірінен әлем жаңғырықты.
Сонда кең далам күңіреніп, өзенім бұлқынып, тауларым сілкініп, өз елін атқа қондырды.
О, айналайын кең далам, тауларым, еліме күш, қуатты берген қасиетіңнен сенің айналайын!».
Туған жердің қадірін білмеген, оны құрметтемеген адамды ел азаматы деп айтуға болмайды. Батыр бабаларымыз туған жердің бір уыс топырағын жау қолына бермес үшін қасық қаны қалғанша күресті. Адамның тәні мен жанының тілегі, мақсаты бір болып, бір игілікке жұмылғанда ғана оның әрекеті өнегелі болады, олай болмағанда, рухани әлем мен әрекет арасында қайшылық туып, адам баласы қаскүнемдік іс істеп, сый-құрметтен айырылады.
А.Мұсабекова