Қыз ұзату


Скачать/Жүктеу

Қызды алып қайту үшін жеті не оданда көп адам келуі мүмкін, бірақ жалпы саны тақ болуы міндет. Құда‑құдағилар алдымен келеді де күйеу мен күйеу жолдасты қыздың жеңгесінің өзі барып ертіп келеді. Күйеу мен күйеу жолдас ауылға жаяу келеді және үлкен үйді баса‑көктеп өтуіне рұқсат жоқ. Енді қыз ұзатудың кәделеріне тоқталайық:

Көпшік қыстырар – күйеуді алып келу үшін барған жеңгей күйеудің атына мініп, ат көрпенің астынан көпшік қыстырарын алады. Бұл кем айтқанда көйлектік пұлдан аз болмауы тиіс.

Шашу – күйеу бала келісімен, ауылдағы ең сыйлы бәйбіше табаққа құрт, ірімшік, табылса тәтті қосып шашу шашады. Жұрт мұны жапа‑тармағай таласа, теріп алып жейді. Бұл қуаныштың жалпыға ортақ екендігінің белгісі.

Киім ілу – құда‑құдағилар келісімен алдын ала  дайындалған адам (көбінесе әйел) олардың киімдерін іліп, кетерде киіндіреді. Осыған байланысты киім иелері – зат не ақша береді.

Табалдырық кәдесі – құда‑құдағилар құданың үйіне кірерде бір әйел олардың жолын бөгеп, қашан кәдесін алғанша көлденең тұрып алады. Мұны табалдырық аттар деп атайды, яғни қазақтың «Табалдырықтан биік тау жоқ» дегені осындайдан қалыптасуы әбден мүмкін.

Сыбаға асу – құдалар келіп жайғасқан соң, алдымен «есіңе алсаң, ескіден сақта» деп сүр еттен сыбаға асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Қазақта бас. Жамбас, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің өздерінің иесі – орны болатынын көпшілік білер деп сенеміз. Соғымнан құдаға, басқаға сыбаға беру қазақта өзгермейтін заң. Сыбаға иесі қыстың күні келе алмаса, онда жайлауға көшкенде ұнның арасына сыбағаны тығып апару керек.

Малға бата жасату – сыбаға желініп, шай ішілген соң арнайы мал әкелініп, бата жасатылады.  Бұл малды кейбіреулер ерте, кейбіреулер кеш сояды, өйткені құдаларды қашан қайтару қыз жақтың еркінде. «Құда болсаң – шыда» дейді қазақ. Малға бата жасаған адам бұл ет әкелінген соң тағы да бата жасап, табаққа кәде салады. Оны табақ тартушы әйелдер бөлісіп алады.

Құйрық‑бауыр асату – құдалар сойылған малдың етін жеместен бұрын құйрық‑бауыр асатад; үстіне айран құйылған құйрық‑бауырды уыстап асатып, ауызға сыймағанын бет‑аузына, үстіне жаға салады. Құйрық‑бауыр желінген соң, құдалар жағы табаққа кәде салады. Бұны табақ әкелгендер тағы да бөліп алады.

Суға тоғыту – құйрық‑бауыр асатылғаннан кейін ауылдағылардың біреуі: «Үйбай‑ау, мына құдалардың үстіне не болған? Құдаларды дереу шомылдырып, үстін тазаламайсындар ма?» дейді. Осыдан кейін құдаларды бөгенге (суға) құлату басталады. Мұндайда құдалар жағы өздерін құлатуға келгендердісуға ала түсуге хақылы. Қарулылары сұлу құдағи не құдашаны бірге ала түседі.

Бұл кезде көбінесе жазда, қолайлы, өзен‑көлді жерде атқарылады. Дәулеті жеткендер тіпті көлдіарнайы жасатады. Құдалар суға тоғытылыпболған соң ертеңінде киіт беріледі. «Өткенде артық ауыз айтылған сөз болса шомылған сумен тазаоды, мына киіттей таза болып, қатынасымыз жаңадан басталсын» дегені бұл.

Киім тігу – қазақ салтын сақтаған құда‑құдағилар келген түні мүлдем ұйқтамауға тиіс. Егер ұйқтап қалса құдалардың бірі киімін тігіп тастап, айып төлеттіреді. Сол үшін ішіп‑жеуге де, ұйқыға да, өлең айтысуға да шыдаулары керек. Көңілі дариядай, дастарханы мол қазаққа мұндайда іркілу, есеп деген болған емес.

Босаға аттар – құйрық‑бауыр асатудан кейін күйеу үлкен үйге шақыртылады. Мұны босаға аттар дейді. Күйеу баланы ата‑енесі алдына шақырып, маңдайынан сүйеді, бірақ олар көп отырмай бұрынғы үйлеріне қайтуы керек. Осыдан соң күйеу балаға арнайы мал сойылып, оның асықты жілік, төсі тартылады.

Асық жілік – бұл арада күйеудің ұлттық сыбағасы. Басқа жілік сыбаға болмай, дәл осы жіліктің таңдалатыны – мұнда ең алдымен асық бар. Асық балалардың ұлттық ойыншығы. Ол арқылы мергендікке, «қан талапай» ойнап есеп‑қисапқа жаттығады. Сондықтан осындай ойын ойнайтын балалары болсын деп жақсы ниет ырымдап, асық жілікті әдейі таңдайды.

Ал төс – адамның ең аяулы жері. Қазақ бұныда «төстеріңнен төстерің жасылмасын, төсекте төстерің, дастарқанда бастарың бірге болсын» деп берекенің мәңгілігін арман етуден туындатқан.

Неке оқу – қыз бен жігіттің ең биік асуы осы. Бұдан бұрын олар бірге болып қойса – күнә. Бұны нимакран дейді мұсылмандар.

Қазақта некені молда оқиды және неке оқылған сәтте үйге адам сыйғанынша жиналады. Бұлар жас жұбайлардың қосылғандарына куә, сондықтан олар неке суынан ауыз тиюге тиіс. Неке суы үлкен кесеге құйылады да, оған су, тұз, қант, сақина салынады. Су – екеуінің пәктігіне, тұз – егер біреуі келешекте опасыздық етіп осы некені бұзса, дәм атадыға, қант – екеуінің тату‑тәтті өмір сүруіне ырымдап, сақина неке ескерткіші салынады. Неке қиылған соң қыз бен жігіттің жеңгелері құран ұстап, бір жалпақ нан, ақ жайма алып үйге кіреді де, жас жұбайларға төсек салып береді.

Ертеңінде екі жеңге келіп күйеу жігіттен «көңілің толды ма» деп сұрайды. Ақ жайманы қарап, егер қыз абыройлы болса, қыз үйіне қуанышты хабар айтып, сүйінші алады. «Қыз өсірсе, міне, сіздей болсын, арық аттатпай, ауыр жүк көтертпей, еркекті жолатпай өсіргендеріңізге мың алғыс» дегенді естіген ата‑ана бір жасап, құданың төрінде асқарланып, өр отырады. Алда‑жалда керісінше болып шықса, әлгі жалпақ нанның ортасын тесіп апарады.

Мұндай қылкөпірде ешкім өтірік айта алмайды. Екі жеңге қолдарындағы құраннан қорқады.

Қыз қашар – түндік жабар. Қазақта ұрыс‑дауды қыз қашар деп те атайды. Жеңгесі қыз бен жігітке төсек салып, шымылдық құрып, түндік жабады да, қараңғыда жеңге, қалыңдық, күйеу бала үшеуі қалады. Содан соң жеңге алдымен «қол ұстатар» кәдесін бастап қыздың білегінен жігітке ұстатады. Өзі ыстық, өзі жұмсақ білекке алақаны қарылған күйеу баланың алдында «шаш сипатар» ырымы тұрады. Сонан соң жеңге екеуін шешіндіріп, «қол ұстатарға» да, «шаш сипатарға» да кәдесін алып, екеуінің үстіне көрпе жабады, түндік жабады, түндік жауып, есікті бекітеді.

Шатыр байғазы – неке оқылғаннан кейін келіншек аталатын қалыңдық ертеңінде түн тарасымен далаға тігілген шатырға шақыртылады. Бұл «күйеуің екеуің ержетіп, адам болдыңдар. Келешекте шаңырақ иесісіңдер, біз енді сол қуанышқа асығамыз. Бүгіннен бастап қол ұстасып, тізе қосып қатар жүрулеріңе рұқсат» дегені. Бұл жолғы шатырдың байғазысын күйеу жақтың бір құдағиы береді. Өйткені болашақ отау осылардыкі.

Қоржын сөгу – жоғарыдағы кәделердің арасында қоржын сөгу де болады. Бұған әйелдер жиналады. Қоржынның аузына салынған бір киімдік бұл (мата) қоржын сөккен адамның сыбағасы. Оның соң жағалы киімдері – қыздың әке‑шешесіне, туған‑туысқанына тартылады. Тағамды жиылған жұрт жейді, бір табаққа салып, шатыр байғазысы болып жатқан жердегілерге де апарылады. Некесі оқылғанға дейін барар жерінің асынан ауыз тимейтін келінге бұл жолы рұқсат.

Мойын тастау – қыз жақ отау көтеріп ұзатса ғана болады. Отау көтерудің тойына сойылған малдың мойыны күйеуге тартылады, ол тазалап мүжіген соң кішкене ғана ашылған түндіктен мойынды сыртқа лақтырады. Сүйекті тесіктен шығара алмаса қыз жеңгелерінеайып төлейді.

Шаңырақ көтеру – отаудың шаңырағын көтеру баласы көп кәрі күйеуге жүктеледі. Ыңғайлы жерге орналасқан отау өте үлкен болса, кәрі күйеу шаңырақты аттың үстінде тұрып көтереді де, бұл еңбегіне не ат мінеді, не түйе жетектейді. Бұл малды отауды көтерткен жақ береді, себебі болашақта осы жезделеріндей үбірлі‑шүбірлі болыңдар деп жақсы тілек ырымдағаны. Отау көтеру, отауға шығару сол жақтың ыңғайына қарай атқарылады.

Ат байлар – отаудың шаңырағы көтерілгеннен кейін «ат байлары мол болсын, белдеуінен ат, төрінен қонақ кетпесін, дастарқаны жиылмасын!» деп етене жақыны бір ат байлайды.

Сәукеле кигізу – сәукеле кигізерде отаудағы құда‑құдағилар шақырылады, олар көрімдік атайды. Одан соң қыздың шешесі баласының бас жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады. Сәукеле – келіншектің бас киім. Сол күні құдалар үлкен үйге кеткенше оны киіп отыруға тиіс.

Босоғаға ілу – той тараған соң, бір түннен кейін келін өз еліне аттанады. Бұл күні күйеу жұрттың ең соңынан аттанып, қайын жұрт үйінің босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұл ілудің мәні – күйеу баланың «осы үйдің босағасынан қол үзбеймін. Мен де осы үйдің баласымын» деген ишараты.

Сарын (аужар) – қызды ұзататын күні келін және басқа әйелдер киіз үйдің ішінде отырады да,аужар айтатын жігіттер сыртта, ат үстінде болады.

Қыз ата‑анасы, бауыр, аға‑жеңгесі, ел‑жұртымен қоштасуда өлеңмен, жылап тұрып айтады.

Ойнаушы ең бала күнде түйе болып,

Жүріпті біреу саған ие болып.

Айдынның аққуындай қара қасқа,

Қазан қайтып ұстайсын күйе болып, ‑

деп жігіттер қызды одан арман жылата түседі.

Кішкене болдың күймеден,

Жіңішке болдың инеден.

Ерініңнің сүті кеппестен,

Барасын кетіп кімменен? –

деп жеңгелер де сыңсуға сыңсу қосады. Бұл өлеңдер өз теңіне бара алмай кеткен қыздарға көбірек айтылады.

Аужарды көбінесе кетіп бара жатқан қызды жақсы көретін жігіттер, күйеуді жақтырмағанқайын сіңлісіне жаны ашыған жеңгелер айтады.

Өздері өмір сүрген ортаның теріскейін жігіттер күңірене айтқан уақытта жұрттың көбі, әсіресе бойжеткен қызы бар аналар жағының көзіне жас үйіріледі. «Онда да ата‑енең бар, қайын сіңлің, қайныларың бар. Ешкімнен кем болмайсың, жылама!» ‑ деп ақыл айтқанмен:

Кісі әкесін кісіге әке дейді, әй‑ау,

Айналайын әкемдей қайдан болсын, әй‑ау! –

деп жұбатушылардың ақылына көнбеген қыз:

Есіктің алды ошаған,

Жылқы ішінде қашаған.

Жыл айналып келгенше,

Қош‑есен бол, босағам! –

деп жылай‑жылай, артына қарай‑қарай, бар туысын бір‑бірден құшақтап, зорға аттанады. Еркелеп өскен қызы қиянға кетіп бара жатқанда жұрт көзінше егілуден ұялған қыз әкесі атқа мініп, ауылдан аулаққа кетеді.

Қыз ұзатылып, ауылдың сәні кеткен соң ауыл да көшкен елдің жұрты құсап құлазиды. Қыз өте жақсы болып өсіп, ел‑жұртына қадірлі болса, оны шығарып салуға ауылдың кәрі‑жасы қалмай аттанып, көш жерден әзер қайтады.


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы