Скачать/Жүктеу
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл, Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға» (Абай). Саятшылық яғни құс салып аң аулау өнері де қазақ өміріндегі сирек кездесетін қызықты салт. Мұндай адамды «құсбегі» деп атайды. Құстың «тілін» білетін және оның мінез-құлқын, жан-дүниесін, қасиеті мен табиғатын білетін адамдар бұрын көп болған. Олар қазір де бар, бірақ сирек кездеседі. Құсбегілер көбінесе бүркіт, лашын, сұңқар, қырғи, тұйғын, ителгі сияқты жыртқыш құстарды ұстап аңға салып баулиды. Мұның бірнеше қыр-сыры, құпия-қызығы да өте көп. Құсбегілер мен аңшылар көбінесе бүркіт ұстайды. Сыр-сипатына қарай оған ат қойылады. Жасына қарай оларды тастүлек, мұзбалақ, көк түбіт, май түбіт, барқын, баршын т.с.с. деп бөледі. Алғыр құстарды қыран, шәулі… деп бағалайды. Құстың құндақ, тұғыр, балақ бау, томаға деп аталатын әбзел-жарақтары болады. Құсты күту, баптау, тәрбиелеу, түлету, үйрету жолдарының өзі бір ғылым десе де болады. Мұның құпия сырын құсбегілер өте жақсы білген. Бабы келген бүркіт – қыста қасқыр, түлкі, қарсақ, киік, қоянға түседі. Жазда қаз, үйрек, қырғауыл, шіл, кекілік сияқты құстарды да алады
Саятшылар мен аңшылардың күтетін ең сәтті күні сонар. Бұл күнгі аңшылық қызықтың орны тіпті бөлек. Баяғыда бір аңшы «атам өлсе қойылар, атан өлсе сойылар, Мұндай қызық қан сонар, Маған қайдан табылар» деп атасы өлгенде де бұрылмай кеткен екен дейді. Сонар деп жерге жаңа түскен, жел үрмеген, жан баспаған қарды айтады. Бұған түскен із тайға таңба басқандай анық болады. Сонар үшке бөлінеді: ұзақ сонар, келте сонар және қан сонар. Мұның ішінде ең қызығы қан сонар. Бұл күні шыққан аңшының жолы болатыны айдан да анық. Саятшылық қазақ халқының тірі табиғат пен өлі табиғаттың тыныс-тіршілігін, құпия сырын терең меңгергендігінің айғағы. Бұл зор өнердің қызығын саятшылардың өздері, ал игілігін халыө көрген. Сөйтіп саятшылық – халықтың мұрат тұтқан арманы әрі өнері болып саналған.
Саятшылық. Қазақ халқының тағы бір ғажайып өнерінің бірі – осы саятшылық, яғни құс алу арқылы аңшылық құру. Бұл өнер тіршілік қамы ғана емес, көңіл көтеру, бойға күш алу,қызықтау әрі спорт ретінде қазақ даласында тым ерте дамыған. Саятшылық негізінде аңды құс салу арқылы аулайды. Саят құстарына бүркіт, сұңқар, қаршыға, тұйғын, ителгі сияқты алғыр құстар жатады. Саят өнері ептілікті, білгірлікті, табиғат тылсымын жете білуді, сондай-ақ аталған құстарды ұстау, баулу сияқты «бір сырлы, сегіз қырлы» болуды талап етеді. Мұның өзі жеке бірнеше жылға созылатын ғылым десе де болады. Саятшылар ел ішінде өте сыйлы, құрметті адамдар қатарына жатады. Олар кезінде осы құс салу арқылы ел-жұртты тамақпен (етпен), қасқыр, түлкі, қарсақ, қоян терілерімен қамтамасыз еткен ел қомқоры, асыраушысы деп те санаған. Сөз басында айтқандай саятшылардың ең негізгі құралы – қыран бүркіт. Бүркіт – текті құс. Оны сол бүркіттей жігіттер ғана ұстап, бабын келтіріп аңға салады. Бүркітті балапан кезінде тай басынан, құз қиясынан әдейі барып алады. Ал сатып алса, бағасы тіпті қымбат.
«ХІХ ғасыр соңында бүркіттің алғырлығына қарай, түйе бастатқан тоғыздан бастап, 5-6 түйеге тең келген. Шу мен Сырдарияда 5-6 түйе, қаршыға мен сұңқар 1-2 түйеге бағаланған. Семей губерниясында жақсы бүркітке 250-300 сом немесе 1000 (мың) бас қой берген». Бұрын ел жақсылары мен бай, би, серілер бүркіт ұстаған. Әлібек батырдың қыраны бір жылда 60 түлкі, 10 қарсақ, 12 қасқыр алған. Ұлы Абайдың Көкшегір, Қарашолақ деген бүркіттері болған. Сол Қарашолақты ұлы ақын Тулақ деген кісіден 10 шақты ірі қараға сатып алған. Бүркіт – текті құс. Ол өз иесін таниды, қарсы шаппайды. Найманда атақты Тіней атты құсбегінің Сарықұсы иесі өлгенде ешқайда кетпей Тінейдің зиратының басында отырып, құсадан өлген. Саятшылар мен аңшылардың тағы бір сенімді серігі — тазы.
Салмағы жеңіл әрі ұшқыр да жүйрік тазыларды иесі күтіп-баптап, таза жылы жерде ұстап аңға шыққан. Алматы облысының атақты аңшысы Е.Атабергенов бір бүркіт, екі тазысымен 3 айда 115 түлкі, 3 қасқыр, 4 борсық алған. Жаңақорғанның аңшысы Е.Әлиев Лашын атты тазымен бір қыста 47 шиебөрі алған. Сайып келгенде саятшылық біздің халқымызға тән және ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан кәсіптік өнер әрі ол еліміздің әр іске, кәсіпке бейімділігін көрсетеді.