Скачать/Жүктеу
Қазақтың майталман күйші – композиторлары: Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Байсерке, Сейтек домбыра қасиетін кейінгі ұрпаққа кең насихаттап кетті. Домбыра тек күй ғана емес, ән орындағанда сүйемелдеу үшін қолданылатын аспаптың бірі. Біржан Сал, Ақан Сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, К. Әзірбаев, Әміре Қашаубаев, М. Ержанов, Ж. Елебеков, Ғ. Құрманғалиев домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.Қ. Жантілеуов, Л. Мұхитов, Н. Бөкейханов, Дина Нұрпейісова, О. Қабиғожин, Р. Омаров, М. Хамзин; Ә. Есқалиев, Б. Қарабалина сияқты күйшілер домбырада күй орындау шеберлігін жетілдіре түсті.
Домбыра — қазақтың халық аспабы. Домбыра — қазақ халқының әрбір үйінде болуы міндетті және қажетті аспап болып есептелген. Бұл музыкалық аспаптың пайда болу тарихы ғасырлар қойнауына кетеді. Ежелгі Хорезм қаласының қазбаларынан археологтар екі шекті құралдарда ойнап тұрған музыкантардың терракотты бейнелерін тапқан. Ғалымдар бұның Хорезмдік аспаптардың бұдан екі мың жыл бұрын өмір сүрген көшпелі сақ тайпаларының музыкалық аспабы екенін белгіленген. Бұл ежелгі екі шекті аспаптардың қазақ домбырасымен ұқсастығы көп және оның прототипі болып табылады. Осылайша, археология арқылы домбыраның ерте кезде пайда болғандығы анықталды. Домбыраның екі түрі бар — батыстық және шығыстық. Бұл орындалу дәстүрінің екі түрлілігімен ерекшеленеді. Орындалуы тез, виртуозды төкпе күйлерді орындау үшін сол қол домбыра жалымен еркін жылжуы керек. Сондықтан, батыстық домбыра жалы жіңішке және ұзынша болып келеді. Шығыстық жуан және қысқа жалды домбыраларда мұндай техникалық әдіс қолданылмайды. Аспаптар көлемі мен қалыбының түрі дыбысталу күшіне әсер етеді: көлемі үлкен болса, дыбысталуы да сондай болады. Дыбысталу сипатына оң қол техникасының әсері бар: төкпе күйлерде дыбыс қол білезігін күшті сілку арқылы екі ішекті қағумен алынса, шертпе күйлерде дыбыс жекелеген қол саусақтарымен шектерді шерту арқылы берілген. Осылайша домбыра мен күйдің, олардың орындалуы арасында тығыз байланыс бар. Домбыра тек екі шекті ғана емес, үш шекті де болып келеді. Өткен кезеңде үш шекті домбыра Қазақстанның әртүрлі аймақтарында кездескен, қазіргі кезде бұл аспап түрі тек Семей облысында сақталған. «Аңыздар» бөлімінде «Домбыра туралы аңыз» берілген.
Құрманғазының күйі “Сары-арқа”
Әлі түс болған жоқ, бірақ даланың ыстық күні ауаны қыздырып, күйдіріп тұр. Тып-тыныш жолмен келе жатқан жай, бірқалыпты ат тұяғының дыбысы естіледі. Құлағын қайшылап келе жатқан ат ер үстіндегі адамды тыңдап келе жатқан сияқты. Ер үстіндегі кісі анда-санда артына қарағаны болмаса, самарқау. Иықты, маңдайы кең, бет әлпеті ірі салт аттының үстінде ыстыққа қарамастан, түйе жүнінен жасалған қалың күпі, тері шалбар және малақай киген. Арқасына мылтық ілген, ал алдында қапқа салынған домбыра бар. Ол Сары-Арқа жаққа бағыт ұстаған, түске таман жасыл алаңқайға келіп жетті. Атынан түсіп, кең алақанымен оның маңдайынан сипап, шілдерлеп жайылуға жіберді. Қимылсыз ауыр ойға батқан жолаушы көкжиекке қарап ұзақ отырды, сонан соң, ұйқылы-ояу кейіппен домбыраны қолына алып, жайлап тарта бастады. Даланы домбыра үні кернеді. Ұлы күйші Құрманғазының күйі «Сары-Арқа» осылай туды. Патша үкіметінің қудалауынан соң, ол туған жерінде қала алмайтын болды, «Сары-Арқа» сол туған елмен қоштасу күйі. Бірақ мұнда, халық мінезі, өмірі, қадір-қасиеті, ол мекендеген дала бейнесі — барлығы қамтылған. Құрманғазының күйі «Сары-Арқа» -халықтың, даланың өзі сияқты кең, өзі сияқты шексіздігін танытатын дауысы. Қазақ даласы байтақ. Оның көл-көсір төсінен кім өтпеген! -барлығына да орын жетті: арқасына қобызын ілген Қорқыт, қайғылы зарлы үнімен Асан-қайғы, сараң Қарабай («Қозы-Көрпеш және Баян Сұлу аңызындағы адам бақытынан гөрі мыңғырған малын артық санайтын бай-феодал»), Қобыланды батыр… Олардың барлығы осы Сары-Арқа даласынан өтті және халық аңызы мен өнерінде қалды. Қазір халқыңа беймәлім және панасыз Сен де халық жадында қаласың. Дала желі сенің әніңді ұрпақтарға жеткізеді». «Сары-Арқа» әуені осы мазмұндас. Кеш түсті. Атын шідерден босатып, домбырасын ерге байлаған жолаушы қайтадан жолға шықты. Енді ол артына қарайлаған жоқ. Тынығып, әл жинап алған, аты шабысын үдетті. Артта бұйра-бұйра шаң ғана қалды.
Домбыра туралы аңыз
Жаумен күрестен, ұзақ жолдан шаршап -шалдығып келе жатқан батыр жолда кездескен ауылға тоқтап, демалмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге отырған батыр ағаштың бөлігін кесіп алып, оған аттың қылын тартып өзі жасаған аспаптан дыбыс шығармақшы болады. Бірақ аспап дыбыс бермейді. Оны батыр қасына қояды да, ұйықтап қалады. Бір кезде оянса, аспаптан өздігінен дыбыс шығып жатыр екен дейді. Аспапты қолына алып қараса, домбыраның басына, шектің астына салынған ағаш кертпені көреді де, мұны шайтанның ісі деп шешеді. Сонан бері, халық арасында бұл «шайтан тиек» деп аталып келеді. Ат қылынан тартылған шекті, тиексіз аспаптар ерте кезде қолданылған.