Скачать/Жүктеу
Қазақ жастары ұлтымыздың бүгіні мен ертеңі жайлы не ойлауы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын білуге қарапайым адамнан ел болашағы үшін түн ұйқысын төрт бөлген қайраткерге дейін ынталы. Осы орайда біз әр салада жарқырай көрінген жас буын өкілдеріне төмендегідей үш сауал тастап отырмыз.
1. Қазақ қоғамын енді 20 жылдан кейін қалай елестетесіз?
2. Болашаққа сүйреп апармай-ақ дәл қазір «жерлеп» кету керек дейтін қазақтың бойындағы қандай мінезді атап айтар едіңіз?
3. Өзіңізді қазіргі қоғамға қаншалықты қажетті сезінесіз? Алдыңғы буын – ағаларға айтар қандай уәжіңіз бар?
1. Адам баласы әу бастан өз кезеңіне еш уақытта көңілі толған емес. Рухани болмысымен уақыт кеңістігіне сыймай, өзі жобалап жасақтаған жүйесі мен бағыт-бағдарына риза болмаған. Сондықтан, «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп Абай айтқандай, адам болған соң тіршіліктегі түрлі оқиға мен құбылыстарға жай ғана қарап, қол қусырып отыра алмайды…
Рас, мына пәни дүниеге қонақ болып келген адам ертеңгі күннің тыныштығы мен амандығын тілеп, ізгілік атаулының сақталуын қалайды. Кей уақытта жан ауыртар жамандыққа куә болғанда, көз жұмып, әлгі жағымсыздықтың ішінде де жақсылықты іздей бастайды. Жақсылықты көрсе, сонымен көңілін жұбатады…
Армандай білген адам ғана өмір сүреді. Әйтпесе, тән мен заттың жетегінде жүріп, «жалған еркіндіктің» құлы мен құрбанына айналған адамның тірі өліктен қандай айырмашылығы бар? Руханиятсыз өткен өмірдің әрбір сәті –жеңіліс. Рухты қанағаттандырмаған кез келген нәрсе – жалған. Сондықтан да, екі жаһан бақытын тілеген жан иесі армандайды. Ылғи да жарқын болашаққа ұмтылады. Белгісіздікке жамылған ертеңгі күннің тыныштығын тілейді.
Иә, ол тау төбесіне емес, жарық жұлдызға жетемін деп қиялдайды. Көктемді күту, аспандағы айға қол созу – ақымақтық емес, керісінше, бұл – арманға ерген ұмтылыс, қиялды қолдаушы күш…
Ал, егер осы арманы – ел бақыты болса… Алаш арыстары сынды ел үшін жанын қиюға дайын болмас па еді? Осы тұста, елім деп езіліп, жұртым деп жұмылып жүрген арыстардың бірі: «Елім имандылықтан аулақ, ізгіліктен алыс, ақиқат жолынан ажыраған болса, мәңгі Жұмақтың шалқар жазирасы – мен үшін зынданнан артық болмас. Ал, егерде елім тура жолдан адаспай, әділдікті ту етіп, имандылық жолымен жүрсе, Жәһаннамның мәңгі азабын тартуға дайынмын!» – деген екен. Иә, елімізге пәнидің есебін жасап, дүниеге табынған пайдақорлардың бірде-бір пайдасы жоқ; жасату үшін жасап жүрген шынайы жанқиярлардың ғана пайдасы тиеді…
2. Ең басты іс – келешекті жоспарлау. Ал, оның ең алғашқы қадамы – кейбір «адамдар» мен «ой-пікірлерді» идеалистік қалыпқа келтіру. Содан соң идеализмнен реализмге көшу. Идеалист тұлғалар мен идеалистік ой-пікірлердің әрбір адамның жүрегінде орын алуы қозғаушы күш іспетті ізгілікке қарай ынталандырып жататыны сөзсіз. Әсіресе, жат жұрттан пір іздеп жүрген жастарға бұл – өміршең қажеттілік. Осы ынта-ықыластың нәтижесінде қоғамда туындаған түрлі мәселелер шешім табады деген ойдамыз. Мұндай ұмтылыс болмаған жағдайда қоғамның ішкі-сыртқы мәселелері үнемі бейберекеттікті туғызып жатады. Қоғамның мұндай идеалистік өмірге деген ұмтылысы әлсіз болуы әбден мүмкін, бірақ ең болмаса, сол қоғамның құбыласына айналған зиялылар идеализмнің жүзеге асуына күш салса, қоғам еш уақытта өзегінен ажырамайды.
Әз-пайғамбарға қырық жасында пайғамбарлық міндеті жүктелді…
Иә, қырық жас – нағыз кемелденетін шақ. Адамның не болмаса қоғамның да рухани толығатын кезі. Тәуелсіздіктен кейінгі қырық жылда, не болмаса осы күннен бастап ендігі жиырма жылдан кейінгі өмір қандай болмақ?..
Ел болып дамуға ұмтылсақ, неге кемелденбеске? Бүгінгі қателігіміз сол жиырма жылдан кейін қайталанбаса, ел басқаратын болыс пен билеріміз қара қылды қақ жарып, әділдікті сақтаса, «толық қоғамға» айналарымызға дау жоқ. Бүгін ауыл ақсақалдарының алақандарын ашқан сайын тілейтіндері осы. Сондықтан еліміз «жасанды» емес, «шынайы» бақытқа кенеледі деп сенеміз…
Ешкім ешкімнің күнәсін тартпайды. Бірақ «ұлттық күнәнің» жөні бөлек. Бүгінгі ұлт болып жасаған қателігіміз бар болса, кейінгі ұрпаққа үлкен салмақ түсірері анық. Кешегі ата-бабадан мұра болып қалған аманатқа қиянат жасасақ, келешек ұрпақты ыңғайсыз жағдайға түсіреріміз хақ. Сондықтан ата-баба аманатына қиянат қылмай, келешекке сол күйде сақтап жеткізу – бір ғана адамның емес, біртұтас ұлттың міндеті мен парызы…
Ұлтты қорғау, ұлттық құндылықтарды сақтау – жаһанданған дәуірде ең өзекті мәселелердің бірі. Ертеңгі ұлттық болмысымызды ойлау – бүгінгі аға буынның ең басты міндеті. Өткен тарихымызға мән бермей, кейінгі жас буынға тарихи шындықты жеткізбей, ұлттық рухымыздың түп-тамырына балта шапқан жағдайда, әр тараптан ескен желге еріп жататынымыз және де келешекке немқұрайды қарайтынымыз сөзсіз. Иә, ел болып, келешектің аманатшылары – жастарға тәлім беріп отырғандай өткен кемшілігімізді ұғындырып көз жеткізсек, бұрынғы және қазіргі жетістіктерімізді дастанға айналдырып рухтандырсақ, «Біздер ұлы халықтың перзенттеріміз!» деп қанаттандырсақ, ұлттық жауапкершілік сана-сезімін ұялата білсек, бүгінгі міндетімізді, сондай-ақ, парызымызды өтеп отырмыз деген сөз.
3. «Қайта тірілу» үрдісі басталды. Жалғаса беру керек те. «Отанды сүю иманнан» дегендей, ұлттық рухты оятушы, өзегін сақтаушы – имандылықты, тілді, салт-дәстүрді, мәдениетті өскелең ұрпаққа жеткізу – мұғалімнің ғана міндеті емес, әрбір ата-ананың, ата-әжелердің борышы.
Заманауи талапты ескеріп, ортаны есепке ала отыруды ұмытпаған жөн болар. Сонда ғана ертеден қалыптасқан «қайта тірілу» үрдісі жалғасып, жастардың өз ұлттық құндылықтарынан жатсынудың алдын алып отырады. Сонымен қатар, қай жерде болмасын, қай уақытта өмір сүрмесін, ұлттық рух сақталады.
Иә, мезгілдің ауысып тұруы, қанымыздың жаңаруы – ары қарай өмір сүре білуімізге ықпал ететін басты факторлар. «Қайта тірілу» үрдісі де қияметке дейін жалғаспақ… Осы жағдаяттардың барлығын «Үркердің» бетінен көргім келеді.
Мәлік Отарбаев