Скачать/Жүктеу
Әлемде экономиканың жаһандану кезеңіне өтуі әр континенттің мемлекеттерін бір-бірімен тығыз байланыстырды. Бұл процестердің көпшілігі сыртқы экономикалық мәмілелерде көрініс тапқан. Халықаралық шаруашылық қызметін реттеу әр түрлі құқықтық құралдарды қолдануды қажет ететін түрлер мен нысандарда жүзеге асырылады. Соның ішіндегі нарықтық экономика жағдайында маңыздысы өзара қатынастары жеке құқықпен, яғни азаматтық құқық және халықаралық жеке құқықпен реттелетін жеке тұлғаның қызметі болып табылады. Сондықтан да жеке құқықтық мәміле халықаралық экономикалық қызметті реттейтін негізігі құқықтық нысан. Әдетте жалпы түрде оны халықаралық коммерциялық мәміле деп атайды.
Әрекет етуші 1994 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған ҚР Азаматтық Кодексінде 153-баптың 3-тармағы, 1104-баптың 2-тармағында «Сыртқы экономикалық мәміле» термині қолданылғанымен, заңнамада «Сыртқы экономикалық мәміле» терминіне түсінік берілмейді [1,56-318]. Осы мәселеге байланысты отандық авторлардың арасында келіспеушіліктер туындады. Дегенмен, «Сыртқы экономикалық мәміле» ұғымы осы күнге дейін жүйелі сипатқа ие болған жоқ.
1991 жылға дейін ҚазССР заңнамасы бойынша «Сыртқы сауда мәміле» терминін қолданып келдік. Халықаралық шаруашылық қызметі тек саудамен байланыспайды, ол сондай-ақ халықаралық инвестициялық ынтымақтастықты, валюта және қаржы-несие операцияларын, басқа да қызмет түрлерін қамтиды. Осылайша, «Сыртқы экономикалық мәміле» термині ауқымды болып келеді, ол өзіне сыртқы сауда мәмілесін де қосады.
Біздің заңнама сыртқы сауда мәмілесіне де, сырқы экономикалық мәмілеге де анықтама бермейді, дегенмен заңнама мен тәжірибе осы ұғымды пайдаланады. «Сыртқы экономикалық мәміле» ұғымы қолданбалы құқықпен тікелей байланысты болғандықтан, оның мағынасын ашудың маңызы зор. Егер мәміле «ішкі» болса, онда ол ұлттық заңымен реттеледі. Ал егер мәміле «халықаралық (сыртқы экономикалық)» болса, ол бірнеше мемлекеттің жеке құқығының қызмет ету аясында болады және сол жерде қай елдің құқық нормалары қолданылатыны мәселесі туындайды. Кейбір жағдайларда осындай мәмілелерден туындайтын қатынастарға халықаралық (жария) құқықтың қағидалары мен нормалары қолданылуы мүмкін. Осы жерде халықаралық сауда әдет-ғұрыптары немесе кеңінен қолданылатын термин – халықаралық іскерлік айналымның әдет-ғұрыптары, lex mercatoria қолданылады.[2, 32]
Ресей заң ғылымында осы мәселеге байланысты доктрина қалыптасты. 1984 жылы басылған «Международное частное право» оқулығының 11-тарауы сыртқы сауда мәмілелеріне арналған, оған келесі екі белгіні тән деп көршартсеткен:
- Тараптың біреуі басқа мемлекетте, яғни көп жағдайда шетелдік;
- Осындай мәміленің пәні – сыртқы сауда операциялары.[3,134]
Ал қазақстандық авторлар СЭМ-ні сыртқы экономикалалық келісім-шарт деп қарастырып, мынадай тұжырымдарға келді. «Сыртқы экономикалық келісім-шарт екі дефинияциядан: «сыртқы экономикалық» және «келісім-шарт» терминдерінен тұрады. Сәйкесінше, «сыртқы экономикалық» ұғымы екі құқықтық мазмұны бар сөзден тұрады: «сыртқы» және «экономикалық». Олардың ойынша, «экономикалық» деген ҚР АК 10-бабының 1-тармағы бойынша кәсіпкерлік өызметті жүзеге асыру болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан тәуекелге бел буып, мүліктік жауапкершілікті жүзеге асырады.
«Сыртқы» деген ұғым қазақстандық кәсіпкер мен шетел мемлекетінің азаматтық құқық субъектісі арасында шарттың жасалуымен түсіндіріледі. Сыртқы экономикалық қызметтің объектісі: тауар, жұмыс, қызмет және инвестиция. Шетел азаматтық құқық субъектісінің ҚР территориясында жұмыс істеуі мен қызмет көрсетуі «сыртқы экономикалық келісім-шарт» түсінігімен қамтылуы тиіс, «шетел инвестициясы» терминіне келіп түседі. Г.А. Ахмадиева осы көзқарасты ұстанады. Ол шетелдік капитал салуды сыртқы экономикалық контрактқа жатқызады.[4,210]
Сыртқы экономикалық келісім-шарттың түсінігін ашу үшін азаматтық-құқықтық шарттың анықтамасына негізделеміз. «Келісім-шарт дегеніміз – екі немесе одан да көп тараптардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді орнату, өзгерту немесе тоқтату туралы келісімі» (АК 378-бабының 1-тармағы). Келісім-шарт мәміленің бір түрі болғандықтан, сыртқы экономикалық келісім-шарттың белгілері сыртқы экономикалық мәмілелерге де тән. Сонымен, сыртқы экономикалық мәміле – нәтижесінде қозғалмайтын мүлікті иеленетін (айырылатын), тауарлар мемлекеттік шекарадан өтетін немесе шетелде қалатын, жұмыстар мен қызметтер Қазақстан
Республикасынан тыс орындалатын және көрсетілетін, ал мемлекеттік шекараны кесетін инвестициялар қозғалмайтын мүлік, тауар, жұмыс, қызметке айналатын құқықтық қатынастарды орнататын, ақылы негізде азаматтық құқықтар мен міндеттерді орнатуға, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған, ұлттық кәсіпкер (кәсіпкерлер) мен шетел мемлекетінің азаматтық құқық субъектісі (субъектілері) арасындағы келісім [5,17]. Әрине сыртқы экономиканың түсінігі сыртқы экономикалық келісім-шарттан ауқымды.
Құқық қолдану тәжірибесі мен терминология көзқарасынан атап өтетін тағы бір маңызды мәселе бар. Тәжірибеде сыртқы экономикалық келісім-шартты әдетте контаркт деп те атайды. «Контракт» термині АК қолданылмағанымен, жеке нормативтік актілерде қолданылады. Президенттің Заң күші бар Жарлықтарын атап көрсетсек жеткілікті: 1996 жылғы 27 қаңтардағы «Жер қойнауы және оны пайдалану» (5-тарау «Барлау және өндіру үшін контракт), 1995 жылғы 28 маусымдағы «Мұнай туралы» (5-тарау «Контракт»). Онда контракт жер қойнауын пайдалану үшін және мұнайға жасалатын операциялар жөніндегі шарт ретінде анықталған. Сондықтан біз «контракт» теминін легитимді емес деп айта алмаймыз. Дегенмен, кодификацияланған актілерде «келісім-шарт» терминін қолданған жөн. Ағылшын елдерінде «келісім-шарт» (treaty, agreement) және «контракт» (contract) әр түрлі мағына береді [6]. Жария құқық субъектілері арасындағы келісім-шарт, ал контракт тек азаматтық құқықтың субъектілері арасындағы келісім. Сондай-ақ құқықтың англо – саксондық жүйесі елдерінде «контракт» емес, «халықаралық коммерциялық мәміле» (international business transaction) термині қолданылады.
Контрактілер немесе нақтырақ айтқанда, сыртқы экономикалық мәмілені қарастырсақ, құқық саласында тәуекел көптеп кездеседі, бірақ толығымен зерттелмеген. Бұл мәселе тәжірибеде қолданылғанмен, теориялық зерртеу жағынан қарастырылмаған. Соңғы он жылда жағдай бірталай өзгерістерге бет бұрды: осы мәселеге аса назар аударыла бастап, құқықтанушы ғалымдардың зерттеу объектісіне айналды. Зерттеулер нәтижесінде экономика, құқық саласындағы ғалымдар мен тәжірибесі бар мамандардың бірқатар еңбектері бар. Олардың қатарына әлемдік экономикада тәуекелдің классикалық және неоклассикалық тероияларын белгілеген, негізін қалаушылар: Дж. Милль мен И.У. Сениор, XX ғасырдың 30-жылдары неоклассикалық теорияны әрі қарай дамытқан А.Маршалл мен А. Пигудиді жатқызуға болады. Сонымен қатар, Л.Н. Тэпманның «Риски в экономике» кітабы, И.Т. Балабановтың «Риск-менеджмент», Д.Гончаровтың «Комплексный подход к управлению рисками», отандық автор Г.Д. Ахмадиеваның «Правовое регулирование внешнеэкономических контарктов в Республике Казахстан» және т.б. көптеген авторлардың еңбектері бар.
Сыртқы экономикалық мәміленің бір түрі – тәуекелді контрактілерге тоқталып кеткен абзал. СЭМ-нің келесі түрлерін атап көрсетуге болады:
- форвардтық мәміле;
- фьючерстік мәміле;
- форфейтингтік мәміле;
- опцион.
Форвардтық мәміле. Форвардтық операциялар мәміленің жылдам түріне жатады. Форвардтық контракт (forward contract) – курс осы уақытпен бекітіледі де, валютамен алмасу болашақта болады.
Сипаттамасы:
- валютамен алмасу (есеп) контракт жасасқаннан кейін 3 жұмыс күнінен кейін болады;
- болашақ валюта курсы мәміле жасасқанда бекітіледі;
- есептесу мерзімі контрактта көрсетіледі;
- өтімділік мәселесі есептесу мерзімі болғанға дейін көтермелейді.
Форвардтық контракт – болашақта келісілген уақытта, белгіленген орында, белгілі бір мөлшерде валютаны жеткізу туралы екі тарап арасындағы міндетті сипаттағы келісім. Контрактінің орындалуы белгілеген уақытта келісілген тараптарға сай орындалады.
Форвардтық котрактінің жеке сипаты оның негізгі кемшіліктерін айқындайды: оның талаптарына келісу үшін уақыттың қажеттігі және оның орындалуына кепілдіктің болмауы. Форвардтық контракт валютаны реалды сату немесе сатып алу мақсатында, сонымен қатар сатушы мен сатып алушыны бағаның қолайсыз өзгеру қаупінен сақтанддыру үшін жүзеге асырылады. Сонымен бірге мәміленің бұл түрі баға айырмашылығы ойыны үшін жасалады, валюта бағасы өскенде сатушы жеңеді де, сатып алушы ұтылады[7,65].
Фьючерстік мәміле (ағылшын сөзінен «futures») – негізгі активті сатып алу-сатудағы стандартты жедел биржалық контракт. Мәмілені жасасқанда тараптар активтің тасымал бағасы мен мерзімі жөнінде келіседі және биржа алдында ол орындалғанға дейін жауапкершілікте болады.
Фьючерстік мәмілеге cұранысты алдын ала айту қиын. Шетел валютасы, ақшалай болсын, сонымен қатар жеткізу банкаралық форвардтық және фьючерстік нарықтардағы операциялардың пәні болып табылады. Фьючерстік мәміле стандартты нысанға ие және тек баға ғана өзгермелі компонент.
Әрбір мәміле екі тараптан тұрады: стаушы және сатып алушы. Фьючерстік мәміледе сатып алушы тарап ұзын (long) позицияға, ал сатушы қысқа (short) позицияға ие. Сатушы позициясының «қысқа» болуы ол өзі иеленбейтін тауарды сатады (бұл жерде валюта), ал сатып алушы позициясының «ұзын» болуы ол болашақта тауарды сатып алуға мәміле жасасты деп түсіндіріледі [8,3].
Форфейтингтік мәміле – бұл кредитордан айналымсыз негізінде айналымдағы құжатта көрсетілген қарызды сатып алу. Ашып айтсақ, қарызды сатып алушы (форфейтер) өзіне қарыз алушыға қанағаттанбағанда кредиторға міндет салудан бас тартуға міндеттенеді. Айналымдағы міндетті сатып алуға жеңілдік беріледі.
Форфейтингтің механизмі мәміленің екі түрінде қолданылады:
- қаржылық мәмілелер – ұзақ мерзімді қаржы міндеттемелерін тез орындату мақсатында;
- экспорттық мәмілелер – шетелдік сатып алушыға несие берген экспорттаушының ақшаны қолма қол алуына жәрдемдеседі.
Форфейтингтің айналымдағы негізгі құжаты – вексель. Бірақ форфейтингтің объектісі бағалы қағаздардың басқа да түрлері бола алады. Бұл қағаздардың «таза» болуы міндетті[9,45].
Форфейтинг екінші дүниежүзілік соғыстан кейін пайда болды. Халықаралық сауданы қаржыландыру бойынша бай тәжірибесі бар Цюрихтың бірнеше банктері осы әдісті АҚШ-та Батыс Еуропа елдерінің бидайды сатып алу үшін қаржыландыруда пайдалана бастады. Осылайша, халықаралық экономикалық алмасуда несиенің рөлі өсті, жеткізушілер өздерінің мәмілелерін қаржыландыру үшін жаңа әдістерді іздеді.
Опцион – сатып алушыға сатушыдан опционды сатып алуға немес сатуға құқық беретін (міндеттемейді) сатып алушы мен сатушы арасындағы келісім. Опцион – туынды бағалы қағаз.
Опцион валюталық тәуекелді толығымен жабудың бір түрі. Форвардқа қарағанда опцион тәуекелге өте жоғары дәрежеде қауіпсіздік береді, өйткені опционда сатып алушы мәмілені жүзеге асыру немесе асырмау құқығына ие.
Қазақстан рыногында опциондар фьючерстік және форвардтық контракттарға қарағанда дамымаған. Опционның олардан айырмашылығы – бір тараптың оны орындауға міндетті еместігі. Осыған байланысты опционның екі түрін айырып көрсетуге болады:
- «колл» опционы («call» ағылшын етістігінен – шақыру дегенді білдіреді), яғни алдын ала келісілген бағада белгіленген активтерді эмитентке сатуға міндеттесе, ұстаушыға сатып алуға құқық береді;
- «пут» опционы («put» ағ. Етістігі – қою дегенді білдіреді), мұнда сол талаптар негізінде жасалады, тек керісінше эмитентті базалық активті сатпы алуға міндеттесе, ұстаушыға осы активтерді сатуға құқық береді.
Опциондар тек базалық активтер бағасының тұрақсыздығы кезінде ғана фьючерстік және форвардтық мәмілелерге қарағанда тиімді, ал ұзақ мерзімді бағалық трендтерде тиімсіз [10, 48].
Сыртқы экономикалық мәмілені халықаралық құқықпен реттелуін қарастырайық. Сыртқы экономикалық қатынастардың ерекше қасиеті құқықтық регламентацияның әр түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануды міндеттейтін субъектілік құрылымы жағынан түрлі қатынастарды бірыңғай жүйеге келтіру болып табылады. Қатынастың екі деңгейі бар: біріншіден, мемлекетаралық және халықаралық құқықтың әмбебеп, аумақтық, локальдық сипаттағы басқа субъектілері арасындағы қатынас (көбіне мемлекеттер және халықаралық ұйымдар арасында), екіншіден, әр түрлі мемлекеттердің жеке және заңды тұлғалар арасындағы қатынас. Әсіресе жеке және заңды тұлаға арасындағы қатынас сыртқы экономикалық қызметте аса маңызды рөл атқарады. Бірінші қатынас халықаралық (жария) құқық нормаларымен реттелсе, екінші қатынас ұлттық заңнамамен, оның ішінде халықаралық жеке құқықпен реттеледі.
Сыртқы экономикалық мәмілені реттеудегі халықаралық құқықтың рөлі екі бағытта жүзеге асырылады: 1. Халықаралық экономикалық байланыстарды жүзеге асыруда құқықтық негізін, яғни құқықтық режимін орнату; 2. Материалдық-құқықтық нормаларды унификациялау негізінде сыртқы экономикалық мәміленің бірыңғай құқықтық реттелуін құру. Бірінші бағыттың ішінен екі жақты шарртарды атап кеткен жөн. Бұл шарттар тек сауда емес, сонымен қатар келісуші меемлекеттер арасындағы кез келген экономикалық қатынастардың жалпы құқықтың негізін орнатады. Соңғы уақытта сауда шарртарының дамуында олардың орнына сауда, ғылыми-техникалық және экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім-шарттар жасалуда. Осы шарттар қатысушыларға маңызды мәселелерді шешеді: әр келісуші мемлекет тарапынан сауда немесе экономикалық байланыстарды жүзеге асыруға құқылы субъектіні анықтайды; кедендік алымдар; тауарды кіргізу-шығару тәртібі; транзит; тауарды тасымалдауға қатысты қатынастарда бір біріне құқықтық режим береді, бір мемлекеттің жеке заңы және заңды тұлғасының екінші мемлекеттегі қызметінің құқықтық режимін анықтайды.
Сыртқы экономикалық мәмілені реттеудегі құқықтың екінші бағыты әр түрлі мемлекеттерде бірыңғай құқықтық режим құрудан көрінеді, ол тиісінше коллизиялық құқық нормалары мен азаматтық материалдық құқық нормаларының унификациялануы арқылы жүзеге асырылады.
Сыртқы экономикалық мәмілені реттеудің тағы бір ерекшелігі мемлекеттік емес реттеу болып табылады. Мұндай реттеудің негізігі нысаны «контракттік талаптар»: шартты жасай отырып, тараптар келісім бойвнша өздерінің құқықтары мен міндеттерін еркін орнату бостандығына ие. Бірақ бұл бостандық шексіз емес. Біріншіден, жария құқық нормаларымен, екіншіден, азаматтық құқықтың жалпы диспозитивтілігімен (тыйым салынбағанның бәрі рұқсат етіледі), үшіншіден, азаматтық құқықтың императивті нормаларымен шектеліп отырады.
Мемлекеттік емес реттеу жүйесінде халықаралық сауда әдет–ғұрыптары ерекше орында. Әдет-ғұрыптар – тәжірибеде қалыптасқан, бірақ міндетті заңи күші жоқ бірыңғай тұрақты ережелер жиынтығы. Егер шартта сауда әдет ғұрыптарына сілтеме жасалса, ол онда сипатқа ие болып, шарттың талаптары ретінде қабылданады. Дүниежүзінде халықаралық сауда әдет-ғұрыптарының бірнеше түрлері бар. 1994 жылы жасалған және жарияланған халықаралық коммерциялық контракт қағидалары УНИДРУА (Жеке құқықты унификациялау жөніндегі халықаралық институт). УНИДРУА қағидаттары халықаралық шарт болып табылмайды, мемлекеттердің қосылуын талап етпейді, тек ұсыныстық сипатта болады.
Сауда терминдерін талдау жөніндегі халықаралық ережелер жиынтығы – ИНКОТЕРМС, Халықаралық сауда палатасы құрған (1990 жылы және 2000 жылы). Қазіргі уақытта ИНКОТЕРМС 13 сауда термині және оның талдау ережелерінен тұрады.
Сыртқы экономикалық мәмілені мемлекеттік емес реттеу нысанына сот және арбитраж тәжірибесін жатқызуға болады. Оның маңызы – халықаралық сауда әдет-ғұрыптар және қолданбалы құқық нормаларының талқылауы мен мазмұнын анықтау; әр түрлі салалар мен жүйелерге жататын құқықтық нормалардың келісімді қолданылуын қамтамасыз ету; сыртқы экономикалық мәмілені реттейтін халықаралық-құқықтық және ұлттық-құқықтық нормалардың дамуына жағдай туғызу[11, 203].
Пайдаланылған әдебиеттер :
- ҚР Азаматтық Кодексі, 27 желтоқсан 1994 жыл – 56-318 б.
- Испаева Г.Б. Понятие внешне экономической сделки в доктрине международного частного права// «Право и государство». 1998.-№3.-32 б.
- Лунц Л.А. Международное частное право. Особенная часть.-М.: «Юридическая литература», 1975.-132 б.
- Под ред. М.К. Сулейменова Право и иностранные инвестиции в РК – Алматы: «Жеті Жарғы», 1997.- 210 б.
- Ахмадиева Г.Д. Правовое регулирование внешнеэкономических контрактов в РК.-Алматы: «Ғылым», 1996.-17 б.
- Anson W. Law of contract.-London: «LLP Limited»,1985.
- Резников М.Т. Международные сделки банков.-Свердловск: «Economics»,1998.-65 б.
- Мауленов К.С. Фьючерстные контракты// «Предприниматель и право».-2002.-№42 (118).-3 б.
- Козлов С.А. «Форфейтинг сегодня».-М.: «Economics»,2000.-45 б.
- Гончаров Д. Комплексный подход к управлению рисками.-М.: «Вершина», 2008.-48 б.
- Богуславский М.М. Международное частное право.-М.: «Международные отношения», 1994.-203 б.
Темірханова Н.Н.
Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ ХҚ-1 магистранті