Скачать/Жүктеу
Азамат соғысынан кейінгі шаруашылықтағы қиыншылықтар Қазақстан аумағының үлкен бөлігін қамтыған ашаршылыққа алып келді. Қазақстанда жүргізілген сталиндік-голощекиндік реформаға байланысты шаруалардың жекеменшігін тәркілеу, салықтардың ауылшаруашылық өнімдеріне өсуі, көшпелі және жартылай көшпелі қазақ шаруаларын жаппай және күшпен отырықшыландыру ашаршылықтың басты себептері болды. Еңбек өнімділігін шектен тыс арттырып, процент қуушылық орын алды. Ұжымдастыру процесі Қазақстанда 1932 жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланды. Ретсіз жылдамдатылған процесс Голощекиннің арандатушылық экспериментіне ұшырады.
Қазақ халқы 1931-1933 жылдардағы ашаршылықты жоңғар шапқыншылығы кезіндегі «Ақтабан шұбырындымен» салыстырады. Бұл оқиға «Кіші қазан» деп аталатын Голощекин экспериментінің салдары еді. Ұжымдастыруда күштеу тәсілдері мен құралдарын қолдану – орасан зор адам шығынына алып келді. Ашаршылық пен оның ауыр зардабы құрбандарының саны 1 млн. 750 мың адамға немесе бүкіл қазақтың 42%-іне жетті. Тарихи отанын 1 010 мың қазақ тастап кетуге мәжбүр болды, оның 616 мыңы біржола шет елдерде қалды.