Скачать/Жүктеу
Жұмақта әйел жынысынан жалғыз жаралған Хауа қыздың ылғи іші пысып жүретін еді. Осынша кең, осынша бай, осынша көркем дүниенің осынша кең, осынша бай, осынша бос тұрғаны, осынша қызығы жоқтығы жаратылысы әйел, бірақ өзінің әйел екенін әлі білмейтін Хауа қыздың ішін пыстырады. Күні-түні тыншыға алмайды, көңілсіз-ақ.
Әсіресе өзі сияқты жер басып жүретін екі аяқтылар аз: дәл ұқсайтыны біреу-ақ, шалалау ұқсайтыны екеу. Сол-ақ не бары. Дұрысында Хауа қыз сол көркемдікті де, кең дүниенің бос тұрғанын да білмейді, сезінумен жүреді. Жұмақтағы барлық жан-ануарлар сияқты. Хауа қызда сезіну ғана бар.
Ағаш басында өсетін жемістер татып кеткендей дәмсіз де аз сияқтанып барады. Бір кезде Хауа қыздың қызығып жейтіні алма, өрік, хұрма, мейіз, анар, жаңғақтар болушы еді, қазір бәрінен де жерініп кетті. Сусыны ағаш сүті, ағаш сырасы, соратыны қайың балы еді, осы күні Ғайнелхият бұлағының мөлдір суынан басқаны ішпей жүр.
Лә иләһа елла Алла — Алладан басқа Алла жоқ… Алла ұлы ғой, данышпан ғой. Онысына кім таласар?! Әттең барлық жан иелерін бір қалыппен жасап, өзінен басқаны ойлай білмейтін, бітеу етіп жаратқаны несі екен?
Ұлы Алланың әлденеден қаупі бардай ең сүйсініп жаратқаны періштелері болыпты. Бәрі де қос қанатты, бәрі де найзағайдай ұшқыр. Барлық дүниені, барлық жанды-жансызды өзі жаратқан Алла неден қауіптенеді екен?
Алланың бес ұлы періштелері бар: қаһар майданында Ғазыраил, елшілікте Жебіраил, сыртқы істерде Мекаил, ішкі істерде Есрафил. Көркемөнер, бау-бақша жұмыстарына — Ғазазіл.
Келер бір заманда, адам деп аталатын жан иелері өліп-қырылып таусылғаннан кейін Есрафил бір сұрапыл айғай салады. Әне, айғай деп соны айт! Барлық өлген адам баласы шошынып оянады да, көрінен атып шығады. Саудыраған қу сүйек каңқаларды сырт-сырт билетіп қылдан жіңішке, қылыштан өткір көпірмен айдап Есрафил Алланың өз алдына алып келеді. Әне, сонда тартасың жазаңды! Ұрыларға, өтірікші-өсекшілерге, парақорлар мен жемқорларға, маскүнемдерге, саудагерлерге сонда бір қиыншылық болса керек…
Бұлардан кейінгі кіші періштелерде сан жоқ. Бәрі де Алланың қызметінде: бір тобы Алланың аяқ-қолын сипап отырады (аяқта сарсық бар), бір тобы белін уқалайды (белде құяң бар), бір тобы шалды желпіп тұрады (шыбын көп), бір тобы шалдың шүмегіне алтын ләген тосып тұрады (несібі тоқтамайды), бір тобы тамақ беріп отырады (шалыңыз қартая келе жебір-жемқор болып кетті)…
Кіші періштелердің миллиондаған көпшілігі күні-түні бір әуенмен, бір ғана сарынмен салауат айтып тұрады.
- Лә иләһа елла Аллаһу, лә иләһа елла Алла!..
Күні-түні бір сарынмен, тоқтаусыз айтылып тұратын салауат Хауа қыздың құлағын тұндырып болды. Өзгерілмей айтылып тұратын төрт ауыз сөз-Алладан басқа Алла жоқ!- Мағынасынан айырылып, құлағыңа тұрақтамайды екен. Хауа қыздың құлағына: «Жоқ, жоқ!Лә!» — деген бір-ақ сөз тұрақтап қалды.
Салауаттан безініп болған Хауа қыз жұмақ дүниесін кезеді де жүреді. Сол үшін үннің жетпейтін, естілмейтін түкпірлерін іздейді. Жұмақ бақшаларын қанша кезсе де ондай жер жоқ. Жыраларға, апандарға барып тығылады. Бәрібір салауат сарыны құтқармайды. Қандай қалың тоғайдың ішіне барып ұйқтап қалса да естіп жатады. Жүйке тамырлары ылғи шертіп-шіреніп тыныс таба алмайды.
Хауа қызды құдіреті күшті Алласы балшықтан илеп жаратқан. Әуелі екі маймыл, бір адам жасап шығарып еді. Қалыбы келіспей маймылдары көнтек ауыз, тайқы маңдай, сайқымазақ болып шықты. Адамы салпы ауыз, тұнжыраған тұғыр топырыш болды. Жегені нан, ішкені сыра, шүмегі салбырайды да жүреді. Дүмбілез жан. Салауат оның құлағына да кірмейтін болу керек. Тып-тыныш ұйқтайды да жатады.
Содан кейін Алла тағала Ғазазілге әмір беріп жаңа қалып жасатып алды да, Хауа анамызды сол жаңа қалыпқа құйып шығарды. Қыз қыпша бел, дөңгелек бөксе, көзінде сиқыры бар, сымбатты да сұлу болып шықты. Алдынан қарасаң да, артынан қарасаң да ойпат-ойпандарының бәрі әдемі сызылған, бәрі жарасымды екен.
Алланың өзіне жаңа қалып жасап берген Ғазазіл періштенің кеудесіне осы күннен бастап бір тәкаппарлық орнай қалды. Тәкаппарланбасқа болмайтын да еді. Алланың өзі жасай алмаған әйел мүсінінің қалыбын жасады ғой! Қандай сипат, қандай мүсін! Еркек адамның сақал-мұртына кететін, онысы-мұнысы деп аталатын олпы-солпысына кететін қанша қымбатты саз балшық сақталып қалды. Алланың өз жаратқаны бәрі бір өңкей болса, бұл сұлулықты жасады ғой!
Күн жел еді. Илеуі жете қоймаған саз балшыққа Седратил Мүнтаһа бақшасында өсетін шынар ағаштың бір гүлі ұшып түсті де бірге иленіп, қалыпқа бірге құйылып кетті. Содан болу керек, болашақ анамыз әрі көркем, әрі нәзік сезімді болып жаралды. Хауа қыздың тынышсыздығы да, бір өңкей жұмақ өміріне наразылығы да сол гүлдің табиғатынан еді.
Бұрын шынар ағаштың өзі де басқа ағаштар сияқты қисық-қыңыр болатын. Гүлдері де көз тартпайтын. Жапырақтары жансыз, гүлдері бояусыз еді. Ол күнге ұмтылды, жапырақтарын жаңбырға тосты. Суықтан, желден ықтамады. Бойындағы көнбістік, керенаулық, бейжайлық құрттарын күн күйдірді, жаңбыр жуды, жел ұшырып әкетті. Қазір Седратил Мұнтаһа бақшасында бұдан керкем бір ағаш жоқ. Гүлдері қандай! Қызыл жұлдыздай жарқырап, жайнап, меруерттей тізіліп биік шынардың ұшар басына дейін құлпырып тұрады. Хауа қыздың тыныштық тауып, демалар жері де осы шынардың түбі. Шынар ағашқа Хауа қыз шешесіне келгендей қуанып келеді. Тандана қарайды. Жас қыз осы шынар ағаштай болып өсер еді, әттең мұның тамырлары да жоқ, жапырақтары да жоқ. Қалай жаралды, солай қала барды.
Жұмақта дамылсыз ұшып, әлденені ізденіп, әлденеге наразы қалпында жүретін жалғыз ұлы періште — Ғазазіл. Өзге ұлы періштелер Алланың өзімен бірге ғаршыда тұрады. Алланың өзімен табақтас болғандарына мәз. Қарын тоқ, жұмыс жоқ жалқауланып барады, жата берді.
Ғазазілдің жаратылысына не араласқанын кім білсін, әйтеуір, ол дамылсыздығымен, жарқылдатып ұшатын қанаттарымен жұлдыздай жарқыраған көздерімен Хауа қызға қатты ұнайды. Қанаты болса бірге ұшар еді, бірге қонар еді. Алласы бұған қанат бермеген, Ғазазіл төбесінен ұшып өткенде бір самал жел ескендей болады. Оның тынышсыздығында Хауа қызға бір рақат тыныштығы сезіледі. Бойын сергітіп жібереді.
Бір күні Алла тағала бар жұмысын бітіріп, барлық жан-жануарды көрмеге шакыртыпты. Не жаралды, не ұмыт қалып барады, — көру керек болған сияқты. Жұмақ дүниесі салауат сарынынан күңірене түсті. Сансыз періштелер салауат үстінде Алланың келуін күтті. Тағы да сол бір үн, тағы да сол бір сарын, тағы да сол төрт ауыз сөз.
- Лә иләһа елле Алла… — Алладан басқа Алла жоқ…
Атамыз Адам сыраға мас, ұйқтап жатыр. Маймылдар қисан-қисаң билеп жүр. Хауа қыз еш нәрсеге таңданбайтын, қызықпайтын қалпында шынар ағашқа сүйенді де тұра берді.
Жоғарының жоғарысы Ғаршыдан ақ бұлтқа оранған, қолында қара шұбар жылан қамшысы бар Алла тағала түсіп келеді. Салауат басқа дыбыстардың бәрін басып тұншықтырып жіберді. Жапырақтардың сыбдыры, ескен желдің сыбыры бәрі тынып қалды.
Төрт ұлы періштелер тізе бүгіп, бас иіп қалыпты. Ғазазілден басқа періштелер түгел соны істеді. Бас имеген, тізе бүкпеген жалғыз Ғазазіл! Басын жоғары үстаған тәкаппар қалпында тұра берді. Көздері жарқырап от шашады.
Құдіреті күшті Алла көздерін Ғазазілге қадап қара шұбар жылан қамшысымен жерді нұсқады: бас и, тізе бүк дегені де. Ғазазіл басын бұрынғысынан да жоғары көтеріп қарқ-қарқ күлді. Алланың өзі жасай алмаған әйел мүсінін жасап берген Ғазазіл басын неге исін!
- Лағанат!- деді Алла — Лағанат! — Қара шұбар жылан қамшысы Ғазазіддің мойнына келіп оралды. Дүниеге келген бірінші сөз «лағанат» еді. Адладан басқа Алла жоқ… Бас ию, құлдык, құлшылық сөзі. Енді, міне «лағанат»- құлдыққа көнбегенге қарғыс! Аллаңыздың мінезінде осындй қаталдық та бар екен.
Ғазазіл мойнына оралған қара шұбар жыланды жұлып алып даланың өзіне қарай лақтырып жіберді де, күлген бойы ұшып кете барды. Наразы кетті, құлдыққа мойын сұнбай кетті. Құлдықтан құтылғандай қуанып кетіп бара жатқанға ұқсайды, мазақтап бара жатқанға ұқсайды.
Ғазазіл ұшып кеткен соң Хауа қыз да жиынды тастап кетіп еді. Ғазазілдің Аллаға көрсеткен қарсылығына жылан лақтырысатын ойынды көрген жас балаша қуанды. Ойын бітті. Ойнаушының бірі Ғазазіл біреуін танымайды да білмейді. Содан басқа ойын болмаған соң осы күнгі жас баладан да жас Хауа қыз кетіп қалды.
Ғазазіл Хауаға келер күні кездесті. Өзі жасаған мүсіндегі қыз оған да ұнайтын. Ол бір сорлы жан ғой. Қанаты жоқ, ойы жоқ, ойыншық. Періштелер «Өлмес» ағашының жемісін жеген. Олар Әлмисақтан бұрын жаралды, мәңгі-бақи өлмек те емес. Өлмейді. Ал, мына ұшып кететін қанаты жоқ қос аяқты бейшараның күні не болмақ? Өз қолыммен жасаған осынша сұлу жаралған қызды тағдырдың ойыншығына қалдырып кете беремін бе? Мен неменеге тәкаппарландым? Алланың өзі жасай алмаған сұлу мүсінді жасағаныма тәкаппарландым емес пе? Жок, мен бұл мүсінді Алланың жаратқаны есебіне қосып қалдыра алмасам керек.
Ғазазіл әуелі Хауа қызға да «Өлмес» ағашының жемісін жегізуге ұйғарды. Онда не болар еді? Мәңгілік азапта қала бармас па? Кешегі жанжалдан кейін өлмес жанның қандай азапта боларын өзім де сезіне бастадым емес пе? Жоқ, мен бұған «Білім» ағашының жемісін жегізуім керек. Ең болмаса, тіршілік азабынан қалай құтылуды білетін болсын. Бақыт ұзақ өмірде емес, қызықты өмірде болатын шығар. Дүниеге бірінші болып келген жалғыз сұлуды қорлық азабына қиғанша өлімге қияйын. Жоқ, сұлуым, мен сенің кім боларынды білемін. Сен барлық жаралғанның ішіңдегі ең асылы болатын адам баласының анасы боласың. Саған өлмеу керек емес, білу керек. Сен бұл күйіңде сезінесің, безінесің, қуанасың. Бірақ, неге екенін білмейсің. Жаралғанның ең асылының анасы болу үшін білу керек. Мен саған «Білім» ағашында өсетін жалғыз жемісті жегіземін. Сенен басқаға оның лайығы жоқ!
Ғазазіл Хауа қызды құшақтап көтеріп алды да жұмақ дүниесін айнала ұшып, кезіп кетті. Періште құшағы қандай танданарлық еді! Жылы дүниеде жүрсе де Хауа қыз құшақ жылылығын бірінші рет сезінді. Бұл ерекше жылылық екен. Жүйке тамырларының бәрін желпіндіретін жылылық. Періштенің қауырсын қанаттары қандай жұмсақ тиеді. Хауа қыздың барлық денесі балқып, еріп бара жатқандай, есі болса есінен айрылғандай еді.
Ғазазіл өз қалыбынан жаралған сұлу қызды құшақтаған бойы ұзақ ұшты. Өлімге қия алмай ұшты. Періштелер еркек те болмайды, әйел де болмайды. Оларды ақылды Алласы солай жаратқан Алласын қарғап, балағатгап та алды. Ғазазіл енді мүсінді емес, қызды қия алмай ұшып жүр. Аяғында «Білім» ағашының төбесіне келіп аялдады да, Хауа қызға жұдырықтай ғана алтындай жалтылдаған жалғыз жемісін үзіп берді. Хауа бір тістеді де, мамықтай жұмсақ жылы құшақтың не екенін түсіне қалды. Періштенің өзін құшақтай алды. Әттең, періштенің аты-періште, ғазазіл ләззат алған жоқ.
Көзін ашып-жұмғанша Хауа қыз өзін Адам атамыздың қасында көрді. «Білім» жемісін оған да бір тістетті. Бұған дейін жабайы, тұғыр көрінетін Адам атамыз да түлеп сала берді. Жымиып күліп тілге келді.
Хауа анамызың бірінші сезінгені де, білгені де ұят түсінігі еді, ұялу керектігі еді. Кейінгі ұрпақтары ұят пен ұятсыздықты айыра білер ме, жоқ па, оны анамыз қайдан білсін, әйтеуір, оның Адам атамызға бірінші айтқаны «Ұятынды жап!» — деген екі ауыз сөз болды. Соны айтты да өзі де алдыңғы жағын гүлді жапырақтармен жауып алды. Адам атамызға да соны жасап берді.
Атамыз ұятын жапса да ұяла қоюға мойындаған жоқ. Екі қолын бірдей оңтайлап құшақтай алғысы келетін сияқты. Қыздың денесіне көзін қадай қарап қалыпты…
- Әй, сен не ойлап тұрсың? — деді Хауа қыз қазақша.
- Сен не ойласаң, мен де соны ойлап тұрмын,- деді Адам атамыз.
- Ой ұятсыз!-деді Хауа анамыз.
Осыдан кейін Хауа анамыз бен Адам атамыз ерлі-байлы адамша шынар ағаштың көлеңкесінде күні-түні бірге тұра бастады.
Бұл сұмдық хабар Алланың құлағына шалынбай қалар ма! Тез жетті. Бау-бақша жұмыстарын басқаратын Ғазазілден айрылған. Көлденең сөзге сене бермей Аллаңыз Хауа анамыз бен Адам атамызға өзі көз салып еді. Бұл қылықтарына қарағанда ол екі хайуан көп ұзамай жұмақ өлкесін адам баласымен толтырып жіберетіндей көрінді. Әрине, бұл екеуі «Білім» ағашының жалғыз жемісін жеп алған! Әрине, бұл Ғазазіл араласқан жұмыс, «Білім» ағашын білетін жалғыз сол!
Алла Есрафилге аллаша әмір етті: — Өлсін «Білім» ағашы, екі хайуанға көлеңке болған шынар ағашы барлық гүлінен айрылсын. Екі хайуан жер деген шөл далаға айдалып кетсін!
Есрафил үш рет үріп қалды: бірінші үргенде «Білім» ағашы өртеніп кетті. Екінші үргенде шынар ағашының гүлдерін өртеп жіберді. Үшінші үргенде Адам атамыз бен Хауа анамыз өздерін көгілдір мұздың үстінде көрді.
Сол күні қашанғы әдеттерінше екеуі шынар ағаштың көк бұтақтарынан тоқыған шелекшемен әр түрлі жеміс теріп әкеле жатыр еді. Шынар ағаштың гүлдері лап бергенде Хауа анамыз: «Лағанат! — деп аспанға қарай оң қолын созды, — Өз айтқаның өзіңе! Лағанат саған, жауыз Алла!» Одан арғы жағы өң мен түстей: көк мүздың үстіне қалай келіп құлағандарын екеуі де білмей қалды. Анамыз шалқасынан құлапты, атамыз — етбетінен.
- Суығын-ай! — деп анамыз қызара қалған бөксесін сипалап тұра келді.
- Несін айтасың! — деп атамыз тізесін сипалады.
Сол суық әйелдің отыратын жерінде, еркектің тізесінде мәңгі қаларын екеуі де білген жоқ.
Жұмақтан айдалып кеткен екі адамның құлап түскен көк мұзы Балқаш көлі еді. Қар кеткенімен мұз әлі бұзылған жоқ-ты. Екі жалаңаш адам оңтұстыққа жарқырап тұрған күнге қарай жүгіре жөнелді. Нан жемеген, май жемеген, семірмеген адамдар ор киіктей орғып, түз тағысындай жүйткіп жөнеліп еді. Сол күні Алатаудың етегіне жетіп тоқтады. Жүре келе жылынды. Тұрақтауға да болады екен. Жұмақта жоқ жемістер өседі екен, оған да үйренуге болатын сияқты. Екеуі шелекшелерінде қалған жалғыз алманы бөліп жеді де жатып қалды.
Ертеңіне екеуі әлі де оңтұстыққа қарай жүріп кетті. Түнеген орындықтарында алманың тұқымы ғана қалды. Алатаудан гөрі де жемісі көп, жылырақ мекен іздеді. Ол кезде Сырдария мен Амударияның бойлары әлі жалаңаштау еді. Тоғыз ай жүріп тұрақтай алмай, алғашында қонып кеткен Алатаудың қойнауына қайта оралып келді.
- Әй, — деді Адам атамыз қазақша, — мына қара, жазғытұрым қонып кеткен жерімізге бес түп алма өсіпті.
- Е-е! — деді Хауа анамыз.- Қонған жерімізде жұмак алмасының тұқымы қалды ғой, содан өскен болар.
- Тұқымнан өсетін болса Сырдария мен Амударияның бойында құрма, анар, өрік, мейіз, жаңғақ өсетін болғаны да! Қонған жерлерімізде қалды ғой, біраз тұқым!
- Шынар ағашының бұтақтарынан өрген шелекшеміз де сол жақта қалып еді. Шынар ағаш та өсер ме екен?
- Сөз жок, өседі!
Таң атып келе жатқанда Хауа анамыз босанды. Бір ұл, бір қыз тапты. Үшеу-төртеу болар деп күтеді екен, ренжіп қалды. Осынша кең жерді адамға қашан толтырамыз деп қайғырды.
- Алма бес түп болып өскеніне қарап, баламыз бесеу болып туар деп едім… — деп аз ғана кідірді де Адам атамызға наздана қарады.
- Неге олай қарайсың? — деді Адам ата,- Мен аянып қалып па едім?- Үйішілік кикілжің басталып кете жаздап барып әрең тоқтады… Онда да Хауа анамыздың әңгіме бетін аударып әкеткені себеп болды.
- Әй, сен қалай ойлайсың, жұмақтан құтылғанымыз жақсы болды ғой?- деді Хауа анамыз.
- Жақсы болғанда қандай! Осы мекенге екеуміз ғана ие емеспіз бе!
-Алласы жоқ, салауаты жоқ мекен екен де? Бақытты екенбіз. Балаларымыз ешкімге бас имей, ешкімге салауат айтып зарланып тұрмай еркін өсетін болды. Бақыт деген еркіндікте емес пе!
- Мен де солай шығар деймін.
Атамыздан гөрі көбірек ойланып жүретін анамыз:
- Бір кезде осында да Алла шыға келіп, күні-түні салауат айттырып жүрмес пе екен? — деп ең үлкен қаупін білдірді.
- Алласы жоқ, салауаты жоқ мекен болмасқа керек! — деп күні кешегі топырыш адам философиялық жауап қайтарды. — Мен көк аспанның күркіреуінен қорқамын. Осы күркіреу жер тәңірісінің үні болмаса қайтсін!
- Менің қорқынышым басқада! — деді Хауа анамыз.- Мынау ұлымыз бар-ау, осының өзі ожарлау бола ма деп қорқамын. Бір емшегімді қыпыл-құпыл сорып алады да, қызымыз еміп жатқан емшегіме жармасады.
- Сонда сен жер тәңірісі біздің балалардың бірі бола ма деп қорқасың ба?
- Оның аты тәңірі бола ма, Алла бола ма, білмеймін. Әйтеуір бір құрсақтан бірге туған балаларымыздың біреуі озбыр болғаны ұнамайды маған.
- Олай болмасын десек, не істеуіміз керек?
- Судың тазалығын үйретейік, желдің еркелігін үйретейік, ағаштардың жайқалуын үйретейік. Күннің жылылығын үйретейік. Ата-ананың достығын үйретейік. Біздің салауатымыз осы болсын, ән болсын! Өйткені, осы жаңа дүниеміздің өзі маған ән салып тұрғандай, мейірім төгіп тұрғандай сезіледі.
- Сенде болмаса, менің ішімде ән барлығы сезілмейді.
- Сен жұмақта да көп жүрмейтін едің, оны қоятын бол. Арала жаңа дүниені, шарлай бер. Құстардың әнін алып кел.
Балалар емшек сұрап ыңырси бастады. Ананың емшектерінен сүті саулап кетті. Бала емізу деген қандай қуаныш, қандай рақат еді! Махаббат, мейірім деген өз бойыңнан төгіліп тұрғандай болады екенсің.
Балалар анда-санда ыңырсып қояды. Ана екі баласын құшақтай отырып, балаларының ыңырсуына өзінің ыңылдауын қосады. Осылай-осылай өңдене келе, кейін бесік жыры деп аталатын бірінші ән аяқтана бастады… Өмірді ой туғызады, ән көркейтеді емес пе! Адам өмірі орнығып, ақырын-ақырын көркейе берді.
Хауа анамыз тағы бірде ойланып отырды да:
- Адам! — деді, — енді біз басқа мекен іздеп жүгіре бермейік. Қайдан келіп, қайдан түссек те біздің мекен осы. Мына бір екі ағаштың басын иіп, балаларға баспана жасап берші, түптердің түбінде адам баласы деп аталатын асыл заттың ата-анасы болудан артық бақыт болмайтын шығар. Балаларымызды әуелі ата-ананың мейіріміне, ата-ананың махаббатына бөлейік… Көп елдер адам баласының бірінші бесігі болған біздің жер деп таласады. Олар осы күнгі жылы да көркем табиғаттарына сүйенеді. Қазақ жерінде тіпті дауласуды көтермейтін дәлелдері барын естімеген тәрізді.
Адам баласының бірінші бесігі жылы жер болса, еркектің тізесінде, әйелдің отырар бөксесінде қала барған суық қайдан пайда болмақ? Ол біздің Балқаш көлінің мұзынан қалған суық! Біздікі!
Алатаудың бір қойнауында осы күні апорт деп аталатын алма өседі. Бұл алма Алатаудың қойнауынан басқа, дүние жүзінде бір жерде өспейді. Сонда осы алма жұмақтан келмей қайдан келмек? Хауа анамыз бен Адам атамыз жер бетіне бірінші түнеген орындарында алманың тұқымдары қалғаны қайда? Мұны ұмытуға болмайды.
Жер жүзінде қазақ әйелдерінен басқа да бір әйел құдайын қарғай алмайды. Дұрыс қой?! Қазақ әйелі бұзауы еміп қойса да, сүті тасып кетсе де құдайын іркілмей қарғайды. «Қу құдай! Шұнақ құдай! Құдайы құрғыр», — дей береді. Қазақ әйеліне құдайды қарғау түкіріп қалудан қиын болған емес…
Хауа анамыз шынар ағаштың гүлдері жанып лап ете түскенде алласына «лағанат!» демеді ме? Қазақ әйелінің құдайды қарғауы сол Хауа анамыздан
қалғанына кім дауласар екен, кімнің бостан-бос даукес атанғысы келер екен?!
Осындай нақтылы дәлелдерден кейін, адам баласының бірінші бесігі қазақ жері болғанына енді ешкім таласпас дейміз!
Дұрысында таласудың өзі де орынсыз, баяғы бір жершілдіктің қыңыратпасы. Адам баласының бір ата, бір анадан жаралғанына дүние жүзі әлдеқашан мойындап қойған. Бүгінгі ұрпақ адам баласын алаламай, тең көріп, тең ұстау жолында.Ұлы ата-анамыз жер деген мекенді ұрпақтарына түгел арнаған. Адам баласының бесігі Алатау емес, жер. Жер-Ана!
Ұлы анамыз Хауа, ұрпақтар анасы, барлық адам баласының анасы! Құрметтейік, бас иейік бүкіл адам баласының анасына! Құрметтейік, бас иейік адам баласының мәңгілік ортақ бесігі Жер-Анамызға!