Ғабит Мүсірепов «Ана кесімі айнымайды» (әңгіме)


Скачать/Жүктеу

(Горькийден)
Қала көптен бері қоршауда тұрған. От төгіп, өлім еккен күшті жау қаланың шыбын жанын алқымына әкеліп қалған кезі еді.
Қаланың іргесінде ғана жылтылдаған жау оттары қала халқының жүрегіне инедей қадалатын. От айналасында ербиіскен ұзын көлеңкелер жұрт көңілін қатты шошытатын. Қала ауыр күрсінуде, халық үнсіз күйінде еді. Жау шеңбері қысып келіп, арандай азулар қоң етіне найзадай кіріп бара жатқанын көріп отырған жұрт ауырсынды, бірақ қайыспады!
Жау аттарының кісінеуі, жау кұралдарының салдыр-гүлдірі қалаға айқын естіліп тұрды. Басым жау қарқылдап күліп, барқырап өлең айтып мазақтай бастады. «Күт ажалынды!» — дегендей, жанға батар ауыр азап та осы еді. Жеңеріне көзі жетіп, көңілі өсіп тұрған жаудың мазағынан ауыр азап бар ма?!
Қалаға су беріп тұратын бұлақтардың бәріне де жау жағы өліктер үйгізіпті. Қаланың тап іргесінде меруерттей мөлдіреп тұратын жүзім бақшасын өртеп жіберген. Сары алтындай жалтылдап, ұялған қыздай қызарып тұрған алма бақтарында жау оттары маздап тұр. Ән салып, теңселіп, тербеліп тұрған егін орхасында жаудың құлкынына арналған шошқалары бағылып жүр. Анда-санда қала үстіне оқ жауып өтеді.
Қаланың көшелерінде әскерлер жүр. Олар қашаннан бері қаласын қорғаумен қалжыраған, ашыққан. Әр үйдің терезесінен жараланған жандардың ауыр ыңқылы, қызу сандырағы естіледі. Әйелдер тілек тілеуде, балалар зар қағуда…
Жұрт жүрегін қайғы басып, жұрт көңілінің оты сөніп қалғандай аянышты дауыстар әлсіз ғана шығады. Талай әйел «аллам-ау» деп бастайды да, одан ар жағын алласына айтуға да уақыты жоқ, «жау келіп қалмады ма?» деп, жалт ете қалады. Қап-қараңғы тыныш түнде әрбір ыңқыл анық естіліп, бүкіл қала ыңыранып жатқандай сезіледі. Ешкімнен жәрдем күте алмай, үмітсіздік шаршатқан жұрт аспанда бір айқын жұлдыздың жарқ етпегеніне қамығады.
Қаланы қалың жапқан қараңғылықта, терең суда жүзген балыққа ұқсап, үнсіз ғана қозғалып, басына қара жамылған әйел келе жатыр. Оны танып қалған адамдар қолын нұсқап:
- Мынау сол ма?
- Тап өзі! — деп ығысып кетеді. Ешкім амандаспайды, жоламайды.
Алапес адам көргендей, қашып кетеді. Күзетшілер кездесіп қалса:
- Ей, Мария, ашынған біреудің қолы тиіп кетсе, бізден араша күтпеңіз! — дейді оған.
- Тағы не айтасындар, қайсың маған қол көтергің келеді? — дегісі келгендей, әйел басын жоғары көтеріп, біраз күтіп тұрады да, кете береді. Бірақ ешкім онымен сөйлескісі келмейді, ығысып өте береді. Қара жамылған әйелдің түрі, қайғыдан бүгілген белі, үнсіз ауыр қозғалуы — қала басына орнаған бақытсыздықтың бейнесі сияқты еді.
Әрі азамат, әрі ана еді-ау ол! Әрі «іштен шыққан шұбар жылан» ұлы туралы, әрі ананың да анасы — туған елі, өскен жері туралы толғанып келе жатыр.
Әр азамат отанын сүйсе, әрбір қала сол отанның бір ордасы емес пе? Бұл кемпірдің баласы, осы қаланы қоршап тұрған, қиратып жатқан, жұрт басына қырғын орнатып жатқан жаудың бастығы еді! Қала халқын қойдай қырып, адам ұясын аяусыз қиратып, адам баласын аяусыз шулатып жатқан сонау бұзык қанішер о да анадан, о да бір әйелден туған. Ол зұлымды тапқан бақытсыз ана осы келе жатқан Мария еді. Ана жүрегін осы қайғы жеп келе жатқан.
Сорлы ана бір кезде «ұл таптым, елім үшін елеулі бір еңбек істедім» деп ойлаған-ды. Енді сол ұл бейбіт елге бүйідей тиіп жатыр.
Осы қалада осы кемпірдің өзі де туған. Қаланың әрбір тасына қанша көздің жасы тамғанын, қанша мандайдың тері сіңгенін жақсы біледі. Осы қалада көрген мың түрлі қуаныш кемпірдің жүрегіне мәңгі орнаған. Сол қаланы, сол ұлы қиратып жатыр! Ана жүрегі таразының табағындай теңселіп, қай жағына ауарын білмей келеді: ұлына ма, еліне ме?
Анадай жерден бір әйел кездесті оған. Ол әйел жаңа ғана жан тапсырған бір өліктің қасында екі қолын көкке көтеріп, екі көзден жасын парлатып, ананың қасиетті мұңың төгіп отыр екен.
- Еріңіз бе еді? — деді Мария, жылап отырған әйелдің қасына келіп.
- Жоқ.
- Аға-ініңіздің бірі ме еді?
- Ұлым еді! Ерім өлгелі он үш күн болды. Ұлым, міне, бүгін…
Содан соң ұлы өлген ана қолын көкке көтеріп:
- Е, тәңірім, мұныңа да ризамын! Менен туған ұл менің бетіме де, елінің атағына да кір жұқтырған жоқ. Елінің адал ұлынша, анасының ақ сүтін ақтап өлді. Елін қорғап, ерлерше өлді. Оны бүкіл елім біледі! Құдай-ау, Мария кемпірдің ұлына ұқсап, анасын емшекке теуіп, ел басына өлім егіп жүрсе қайтер ем? Ұлым саған да, тәңірім саған да ризамын! Уа, қарғыс атсын, елін, анасын сатып кеткен Марияның ұлын! Ондай ұл табатын ана біткеннің пұшпағы қанамасын! — деді.
Мария ана бетін бұрынғыдан да бүркей жапты да, кете берді. Сол бетімен қаланың қақпасын күзеткендерге келіп:
- Не өлтіріңдер, не балама жіберіндер. Ел ішінде отыратын не бетім қалды, жұртым? Мен тапқан бәле болса, азабын өз басым көрсін де. Сол бәленің қасына жіберіңдер. Сондай болып туған ұлым үшін мен де айыптымын! Не жіберіндер, не өлтіріндер! — деді.
- Жоқ! Сен анасың. Отаның саған да қымбат. Еліне жау болып кеткен ұл саған жау! — деді күзетшілер.
- Жоқ! Екінің бірі, екінің бірі ғана болады! — деді Мария.
Күзетшілер өзара ақылдасты да:
- Ұлың үшін сені айыптай алмаймыз. Әркім өз отына жылынады… Ұлым дегеніңмен, сені ойлап қайғырған бала көрінбейді! Ойлап қарасаң, ана үшін өлімнен де ауыр азап осы да! Ар жағын өзің біл, — десті.
- Иә, өлімнен де ауыр азап осы, балаларым, — деп, кемпір қаладан шығып баласына қарай жөнеле берді.
Кемпір қаланы қорғап, қырғын тапқан көп өліктің ортасымен келе жатыр. Кейбіреулерін танып қалып, басын иеді. Жасыл кілемдей жайқалған жер қанға боялыпты, кемпірдің табанына жабысып, айырылғысы келмейді, өліп-талып, сорлы кемпір баласының шатырына да жетті.
Міне, ана баласының шатырында отыр. Сонау бір, тумастан бұрын болмашы ғана бүлк етіп қалған күннен бастап сүюші еді-ау ол ұлын! Содан бері сол баласы есіне түсе қалса, мейірімді жүрек бір туламай қалған жері бар ма еді?
Ұлы енді жонданып, жоталанып қалған екен. Үсті-басы алтын да күміс, жарқ-жұрқ етеді. Кенкілдеп күлгенде шатыр желкілдейді.
- Шешем! — деді баласы, Марияның қолынан сүйіп. — Мені өзің іздеп келгенің, мені ұққан екенсің. Бір сен едің қарайлайтыным, енді күлін көкке ұшырармын бұл қаланың! — деді.
- Өзің туып-өскен қаланы күл етем дейсің бе? — деді сорлы ана, жүрек тілін күрмей алмай.
Атаққа құмартып, көзі қызарып болған жан ана сөзін ұқпады:
- Е, мен дүние үшін туғамын! Таң калдырам сол дүниені! Бұл қаланы күл етпей кетсем, шамасы келмеді демей ме ертең? — деді ол шешесіне.
- Сол қаланың бар көшесінде өткен балалық шағың да түспей ме есіңе? — деді Мария ана.
- Көше деген не, шешем-ау! Халқы мен қаласын қиратсаң, көшесінде не тұр еді! Ер жеткен басым бала күнімнің қызығына да алданбақ па?! — деді шешесін мазақтап сақылдап күліп.
- Адамның жазығы не еді! — деді тағы да ана.
- Адамдарды айтамысың… Адам деген маған да керек. Мен адамды темір өкшеме салып бағындырып алсам, ер атағым сонда ғана шығады! Менің атағым үшін керек қалған адам!..
- Ер деген өлім егетін адам емес, өмір егетін адам болады, ұлым. Өлімді жеңіп, өмірді қорғап ер болсаң қайтер?
- Жоқ! — деді есер тентек шешесіне де. — Жоқ! Өмірді қорғаушыдан гөрі әмірді қиратушынын аты жоғарырақ тұратынын білмейтін бе едің!
Біржола қалған ана көңілі — ана мен баланың арасына тас қорғандай түсе қалды. Талас та, сөйлесу де тынды, ананың тәкаппар басы бұрынғысынан да төмен иіліп, үні тіпті өлімсіреп кетті. Ана алдында, өмірдің қорғанышы алдында не айтқанын білмеген қуыс кеуде ана жүрегін біржола мұздатты. Барлық жанды өмірге жетелеп әкелетін ана өз баласын жүрегінің бар күшімен жек көреді. Көзсіз есер, бұзақы зұлым осыны да аңдамады. Өмірді қорғауға келгенде, ана тайсалар іс, ананы тоқтатар қауіп жоқтығын да білмейді екен ол.
Ана бүкшиіп қана отырды да, сөне бастаған шоқтай кішірейіп, өңсіздене бастады. Баласының жібек шатырынан өзі туған елін, елінің қаласын көріп отыр. Бата бастаған кешкі күннің қызыл сәулесі, қала үстінен қан төгіп тұрғандай.
- Ауыртпалық! Ауыртпалық!
Аздан соң күн батып, қаланы қараңғылық орап алып, қайғы мұны қайта басты. Қала үстінде жарқыраған жұлдыз да елік басында жарқыраған шамшырақтай ғана сығыраяды. Туған ел, туған қала Мария анаға қарап: «Кәне, не айтасың, неге байладың белінді?» деп үнсіз телміріп тұрғандай.
Мария өзінің ана екендігін тағы да бір есіне алды еріксіз.
- Адамды тал түсте қыра берудің өзі ыңғайсыздау да жұмыс. Сондықтан қаланы бүгін түнде жоқ қыламын! — деді баласы суырып алған қанжарының жүзін сүртіп отырып.
- Бері келші, — деді ана жауыз ұлына, — басынды тіземе салып, азырақ қисайшы. Бала кезінде қандай ерке едің, жұрт көзіне қандай сүйкімді едің, соларынды есіңе алшы…
Жендет басын шешесінің тізесіне салып, қисайды да көзін жұмды:
- Мен даңқты ғана сүйем, мені дәл осындай етіп тапқандығың үшін сені де сүйем, — деді ар-ұяттан айырылған мұндар. Содан кейін қалғып та кетті.
Бұдан әрі сөйлесер сөз қалмағанын Мария ана да мана білген. Сондықтан әрі азамат, әрі ана, ананың айнымас кесімін айтты:
- Өлім егушіге — Өлім! — деді.
Үстіндегі қара киімін баласының кеудесіне жапты да, жарқылдаған қанжарды қара жүрекке қадап жіберді. Баласының жүрегі қай жерде екенін жақсы білетін ана қолы қателескен жоқ, қанішер тырп етпестен қатып қалды.
Жеркеніш жанның арам басын тізесінен ырғытып тастады да, Мария ана орнынан тұрды.
Барлық елде, әр заманда, барлық қанішерлер үшін, барлық ананың айнымас кесімі осы да! Барлық қанішерлер, барлық елден — барлық анадан осы кесімді ғана күте алады!


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы