Скачать/Жүктеу
Бүгін Айжан құм мұхитының ортасында жалғыз өзі қалып еді. Күн жылынса-ақ малшының арқасы кеңейе бастайды. Жыл бойы елден-жұрттан шет жүретін малшылар орталықтағы ойын-күлкі түгіл, көбінесе үйреншікті көлемде ақыл айтып, үйреншікті көлемде ұрсып жіберетін жиналыстарды да сағынады. Оның үстіне орталықта үйлері бар, бала-шаға, кәрі-кұртаңдары да бар емес пе? Күн бір жеті бойы қайта жылынып, күзгі қар еріп кетіп еді, түнгі күзетші екі күнге сұранып үйіне кетті. Жолдасы Танаш тымауратып қалған үш жасар қызы Аягөзді түске тармаса совхоз орталығына алып кетті. Онда Аягөздің әжесі мен атасы тұрады. Сонымен жалғыз қалған Айжан қазір ат үстінде бір отар қойдың етін қораға қарай беттетіп келе жатыр еді. Астындағы жирен аттың жағына жығылған жалы кенет үрпиіп алай-түлей көтерілді де, сол жағына қарай құлай берді. Жирен аттың кекіліне қой төндей лапылдап кетті. Жалқау жайылып жатқан алты жүз қой қасқыр тигендей бір уыс болып жиналып аң-таң қалғандай қарасып тұр. Жайылған отарды қабырғалай жортып даланың үш иті қыңсылап келіп аттың ық жағына тұра қалып, үрейлене үре бастады. Үндерінде кауіп-қатер сезінгендік бар.
Бұлар — асыл тұқымды иттер емес, бірақ ата-тегінен бері малшының маңайында өсіп-өрбігендіктен дала табиғатына таныс жайдан-жай өршеленіп үре бермейтін иттер.
Қауіп-қатердің не екенін, қай жағынан келе жатқанын Айжан аңғарып болғанша даланың «жынды бораны» жер бетінің ұйқы-тұйқысын шығарып соғып жүре берді. Даланың қара дауылы мен атақты «жынды бораны» бірге келген екен, ығы-желін аңдатпай айнала боратып кетті. Уһлеп, ұлып соғады. Қойны-қоншыңнан кіріп алып, ең жылы деген жерлерінді мұздата соғады.
Айжанның астындағы аты қалай қарап ықтарын біле алмай, басын екі тізесінің арасына тыққысы келгендей, тұқырып, шырқ айнала бастады. Айжан тезірек қора маңайына жету керектігін түсінді.
Нағыз меңіреу хайуанның бірі — осы ақ қойлар. Біріне-бірі тығылып, бастарын көтермей төмен қарап алса болғаны, қанша айдасаң да жүрісі өнбейді.
- Елу миллионға жетуге уәде берген біз емес. Елу миллионға жету біздің қолда емес, бақташы келіншек, сенің қолыңда! — дегілері келетіндей, айдағанынды елемейді. Жылы қораға тезірек жетейік дегеніңді ұқпайды.
Отарды алға салып айдаудан еш нәрсе өнер емес. Айнала соққан дауылды боран қалай қарай бораса, қойлар солай қарай бұрыла салады. Құм мен қарды қоса қопарып сабалаған дауыл қарсы алдынан соқса, отар кейін қарай бүрсеңдейді. Дауыл артынан соққанда да, отардың ілгері басқаны өнетін емес.
Айжан атынан түсіп, жетелеп алды да, отардың алдына түсті. Шөрелеп көк ала серкені шақырды. Иттеріне ысқырды. Алдарындағы ат пен серкені көрген соң қойлар да жер кенедей жыбырлап қозғала бастады. Күтпегенде көлденеңнен соққан дауылды бораннан әуелі абыржып қалған итгер де енді есін жинап, отарды алға қарай ығыстыра үріп айдап келеді. Айжан әрең дегенде отарын қорасына қамап, үйіне кірді. Бұл кезде дауылды боран құтырына түсіп, жарық дүниені қараңғы түнге айналдырып жіберіп еді.
Жас әйел, күндізгі қойшы Айжан, екі жылдан бері қысқа қарай шегі-шетіне кез жетпес құм мұхитының ортасында тұрады. Екі бөлмелі тас үй. Ауыз бөлмеде сексеуіл жағатын қазандық- пеш. Екі бөлмені де жылытатын сол ғана. Үйге жапсыра салынған отын сарайы. Ішкі-сыртқы дүние хабарларын, көркем сөз, көркем өнер жаңалықтарын жеткізіп тұратын транзистор. Бұл үйдің баға жетпес қымбаты да, айнымас дос-серіктері де сол. Айжаннын жолдасы аға шопан Танаш та үйге кіре бере транзисторды жібереді. Содан кейін шешінеді, содан кейін үй қасына оралады. Айжан қазір де соны істеді. Айжан үйіне кірсе, мана терезеден күн түсіп тұрғанда жып-жылы үйі мұздап кеткен екен. Терезеден де, есіктен де, үйдің бұрыш-бұрышынан да суық соғып тұр. Жазғы ыстыққа қаңсыған саңылаулары енді білініпті. Бір құшақ жарылған сексеуіл әкеліп пешке от жақты. Пештің шойын дөңгелектерінің үстіне шайнек қойды. Әлдеқандай жеңіл металдан жасалған қазаншық қойды. Шайнегі мен қазанына су құйғанда, бакта бір шелектей ғана су қалғанын көрді. Оған өкінген жоқ — аппақ қар үйіліп жатыр ғой. «Танаш қайтып келе жатып мына жынды боранға ұрынбаса жарар еді», — деп ойлады. Танаш совхоз орталығына кетіп бара жаткан ферма бастығы Жанысбектің машинасына мініп кеткен. «Балондарым қырық жамау, мен бүгін қайта алар ма екенмін», — деп әрең көніп еді. Қайтпаса жақсы болар еді…
Үй іші қап-қараңғы болғанымен уақыт әлі ерте, кешкі беске жете қоймаған екен. Айжан жылы киініп алып, қайта далаға шыкты. Қаңқайып тұрған түйе қорасы ғана әрең-әрең елестейді. Қасындағы ат қорасы көрінбейді. Одан әрі жетпіс метр жердегі қой қорасы әлдеқайда ұшып кеткендей, орай-орай соққан жыңды боранға жұтылып кетіпті.
Әуелі ат қораға кіріп, екі аттың үсті-басын жауып кеткен қарын сыпырып, жабуларын жауып, жас сексеуілден әрең қиыстырып жасаған оттыққа байлады. «Бір-ақ түнге жететін шөп салынған екен-ау», — деп ойлады. Танаш — ақжарқын, қабағын шытпайтын, қалжыңы таусылмайтын жігіт. Бір-ақ ауыз өлеңнің бір-ақ жолын біледі. «Жүйрік ат, сұлу қатын ер қайрағы…»
Жүйрік ат дегені — өзі мініп жүретін сұлуша келген торы төбел ат. Аты тіпті жүйрік емес. Сұлу қатын дегені, әрине, Айжан. Айжан — тіпті сұлу емес, аласа мұрынның ұш жағы аз ғана көтеріңкі біткен дөңгелек жүзді, торғыл түсті адам. Ауасы жетіп жатқан, ыстық-суық желі одан да көп далада осындай аласа мұрынның өзі жақсы… Жалғыз сұлулығы қаз-қатар меруерттей тізіліп тегіс біткен тістерінде ғана.
Танаш сол жүйрігіне бір-ақ түнге жететін шөп салып, сол сұлуын екі ат, бір түйе, алты жүз қоймен жалғыз қалдырып кетті. Жаз бойы барлық жұмысы киіз үйді бір сайдан екінші сайға көшіріп беріп, ауыз су тасу болған семіз сары атанның екі өркеші төбесіне аз-ақ тимей түр екен. Айжан оны сабанға қомдап қоюды мақұл көрді. Сары атан осы күйінде он күн тырп етпей жата алады. Қой қораның кақпасын әлгіңде ғана мықтап бекіткен. Енді иттерін тамақтандырып, өз жайын ойлау ғана қалды.
Айжан малын жайлап, қақпаларын жауып болған соң, дәретхананың тарс-тұрс соғылып тұрған есігін де дұрыстап жауып тастағысы келіп соған бұрылып еді. Жазғы ыстықга кеуіп-қаңсып қалған дәретханаға «суық атаңның» өзі кіріп орнығып отырып алған екен. Қар кеткенше қозғалар емес. Айжан бұрылып үйіне қарай жүре берді.
Пеште гүрілдеп сексеуіл жанып жатқанымен, үй әлі суық еді Жазғы ыстықтарда кеуіп аралары ашылып кеткен тақтай еденнің астынан, терезе жақтауларының саңылауларынан соққан суық жел әлгі әзірдегіден де ызғарлы сезіледі. Кірпіш пеш кеңірдегін көкке созып, бар даусымен гүрілдеп тұрса да, арқасы енді-енді жылынып келеді. Мынау үйді адам тұратын қалпына келтіру үшін мына әкелген бір құшақ сексеуілі түкке тұрар емес.
Айжан тағы екі құшақ сексеуіл әкелді. «Бір түнге үш құшақ отын кетсе, кейбір шаруашылықтардың жыл жарымға деп әзірлеген мал азықтары жарты қысқа әрең жететіні сияқты, Танаштың бір қысқа деп әзірлеген отыны қаншаға жетер екен», — деп ойлады. Ол мұны күйеуін сынайын деп, не болмаса отын жетпей қалар-ау деп қауіптеніп ойлаған жоқ. Қандай жайда болса да Танашын еске ала жүретін әдеті бойынша ойлады. Жарып, ұсақтап, сандықшалап жиып қойған сексеуіл сарайда толып тұр.
Отынды енгізіп алды. Танашты еске түсірді. Енді көңілі орнығып жайлап отырып тамағын жеді, шайын ішті. Пеш айналасы жылынып, Айжан сырт киімін тастады. Транзистордын құлағын облыс хабарларына тосты. Облыс дүрлігуде екен. Сөйлеп отырған облыстык ауыл шаруашылшығы жұмыстарын басқаратын Даукенбаевтың маңдайынан тері сорғалап отырғандай сезіледі. Даусы қарлыққан. Күн бойы ауландар мен совхоздарға телефон арқылы көп айқайлаған болу керек. Радиоға кешке қарай көшкен болар. Өзі қарлыкқан дауысты «жынды боран» үзіп-үзіп жібереді. Қанша қадағалап тыңдаса да, Айжанның түсінгені төрт-ақ ауыз сөз болды: «Стеклон үш күн соғады…» Айжан еріксіз езу тартты. Дардай қызметкердің циклон деген сөзді дұрыс айта алмағанына намыстанып та кетті.
- Жә!.. Енді өзіміздің қойларымызға оралайық! — деді Айжан, әлде қай кітаптан ұстап калған бір сөйлем есіне түсіп кетіп, — циклон үш күнге созылса, ең берісі бес күннің жайын ойлау керек. Танаш енді келе алмайды. Орталықпен екі арада бес-алты сай бар. Бүгін ақ қарға толып қалды. Трактор түгіл, бульдозер өте алмайды. Хош делік… Қойлар бес тәулік аштан-аш қорада қамалып қалмас па екен? Аттар ше? Сары атаннан басқа малмен бересін де, жолдас озық қойшы… Сонда үш итің мен өзің ғана қаласың да…
Айжан әуелі өзіне-өзі дем бере, келе жатқан қауіпті жеңіл көрегіндей сөйлеп отырса да, ұзамай ауыр ойларға кетті. Сырмалы курткасы мен шалбарын, қаптал қара тонды, қара пиманы, су өтпейтін плащты, ондатра құлақшынын есіне алды. «Бәрін де отын сарайынан үйге әкеліп қою керек. Бес күнге жететін отынды да ауыз үйге үйіп алған дұрыс болар. Хош… бес күндік азық-түлік дегені тағы бар екен-ау…».
Осынша ауыртпалықты жалғыз өзі арқалайтынына Айжан қапаланған жоқ. Істеуге керекті істерін бітіріп жатып қалды. Бүгін дұрыстап бір ұйқтап алғысы келді. Суық төсегіне жатып, қос қабат көрпе жамылып, көзін жұмды.
Түнгі бес кезінде оянды. Үй мұздап кетіпті. «Жынды боран» үйге кіріп алғандай. Жаз бойы кеуіп-қаңсыған үй даладан соққан дауылға үн қоса ұлып тұр. Айжан тезбе-тез жылы киініп алып, пештің шойын суырмасын ашып, от жағып жіберді. Кешке үйге кіргізіп алған сыртқы киімдерін тағы бір түгендеп шықты. Транзисторды бұрап еді, дүние түгел ұйқыда екен, ешбір үн қатқан жоқ. Даланың жайы сыртқа шықпай-ақ танылып тұр.
Таң атып, күн шығар кезінде Айжан сыла ғана тамақтанып алып далаға шығып еді, есіліп-көсіліп, жоталанып жатқан күртікті көрді. Жоталанып-жонданып алған күртік қар нығайып алған. Айжанның салмағын елеген жоқ. Қолында күрегі, Айжан қой қорасының алдын күрей бастады. Ондағы ойы — шамасы келсе, ілда-алда жол салып қойларын шөп маясына жеткізу еді. Метрге жақын түсіп қалған қар ол ырқына көнер емес. Мая жүз метрге жақын жерде. Ол екі араға қой жүре аларлык жол салу үшін ондаған еркек керек болатын шығар. Айжан енді қайтерін біле алмай, он метрдей жердің қарын едәуір аршып тастады да, күрегін қарға шаныша салды. Жалғыз екен, әйел екен, жәрдемсіз екен. Еркек бірдеме ойлап табар еді-ау» — деп жылап жіберді. Түнде: қойларды қайтсем де маяға жеткізермін-ау», — деп тыныш ұйқтап қалып еді. Онысы ең бір орындалмас ой болып шықты.
Айжан ат қорасына келгенде, жаңадан ешбір ой келген жоқ. Аттары да жем сұрап оқыранып тұр. Оттықта бір тал шөп. Иттері де әлдене сұрап қыңсылап ат қораға бірге кіріпті. Рас-ау, барлық малдың қорада қырылғанына қарап қала барам ба? Ата-бабамыздан бері мал баққан елдің осындайда тапқан бір амалы бар шығар-ау…».
«Бар екен, Айжан қарағым, бар екен… Ойыңа жақсы түскен екен. Қазақ халқы қазақ атанудан әлдақашан бұрын мал баққан ел. Төрт түлік малына — Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Шопан ата деп ат қойғалы қашан?! Бабаларымыздың бабаларынан да арғы замандарда! Мал жайындағы аңыз-әңгімелері де көп. Ауыр қысқа кездесіп отырғаны биыл ғана емес. Табандап жатқан көк тайғақтың үстінен жылкы малын бірнеше рет айдап өтсең, көк мұз быт-шыт болып, қой деген малға тебін ашылмаушы ма еді. Жылқы бар жерде қой өле ме екен?».
Айжанның осы сияқты ойлары қандай шараларға апарып соғарын біле қою қиын еді. Әлденеге бел байлағаны ғана танылады. Боранмен боранша, дауылмен дауылша алысуға бел байламаса қайтсын! Тегі, соған кетсе керек. Ат қорасына кіріп, бір атқа жайдақ мініп алып, бір атты жетелеп шөп маясына қарай шаба жөнелді. Екі аттың сегіз тұяғы сегіз темір күректей қопарып, кесек-кесек қарды жан-жағына лақтырып кетіп барады. Маяның ыққа бейім тұмсығына дейін көсілтіп барды да, қайта оралып қой қорасының қақпасына дейін шауып келді. Осылай маяға дейін жеті рет шауып барып оралғанда, мая мен қой қорасының арасына жосылып жатқан жол түсіп қалды. Тағы да байырғы әдетінше өзі отардың алдында, абалаған иттері отардың соңында, жалғыз әйел жанталасып жүріп қойларын маяға жеткізіп алды.
Отарды маяға жеткізіп алғанымен, қиындық аяқталған жоқ, қайта жалғыз әйел үшін молая түсті. Мая мен маяға келіп тіреле тоқтаған күртік қардың арасы ашылмаса, қойдың аузы шөпке тиер емес. Әрбір көлденең бөгесіннің ық жағына айдама қар сол бөгесінге тірелмей тоқталатын әдеті бар. Бұл жолы да бір жарым метр қар маяны түгел қаусырып алмаған екен. Бірақ дауылды боран кейде орай соғып, кейде борай соғып жүріп, маяның ық жағын да бірталай жауып кетіпті. Айжан қолына темір күрек алып, қарды төрт бұрыштай ойып алып лақтыра бастады. Ендігі жолды қойларына күрекпен ашуға тура келді.
Айжан мая мен қардың арасын едәуір аршып алған кезде, түске тармасып қалып еді. Соңынан шұбырған қойлары да аршылған шөпке үймелесіп қадалып жатыр. «Алты жүз кой сыярлыктай етіп қарды үңги алды ма екен, жоқ па? Ә, ол қайдан бола қойсын… Қарын ашқанды, шаршағанды ұмыта тұру керек болар. Бұл күңдер менің құдайдың қүдіретімен алысатын күндерім болғалы тұр, білем. Қойға мен елге сыймай келгенім жоқ. Ел менен
құтыла алмай қойға жіберген жоқ. Бораны бар, жұты бар, сондай туғанда алысуға шыдар, ықтамас деп сеніп жіберді. Байқал күн айында күнде боран, күнде суық. Мендей жастар сол жағдайда ма дүниені талқандап жатқан жоқ па? Құдай демекші, біз құдай бар ма, жоқ па деген таластан көп кейін, құдайдың жоқтығы дәлелденіп болғаннан кейін тудық. Менің ойыма келген — әжемнен қалған сөз. Меніңше, құдайдың құдіретімен алысам деген мағынасыз сөз. Жоқпен алысамын деу түк істемеймін дегенмен бірдей. Мен амалым не, дауылмен, жынды боранмен алысып жүрмін. Осылармен алысамын, жеңілмеймін. Жеңемін деп алысуым керек…».
Күн кешкірді білем, қараңғьшық тым қоюланып кетті. Айжан аттарын қойып кеткен ықтасынға келді де, таң қалды: қойлары мая мен күртіктің арасындағы коридорға түгел кіріп алған екен. Суық боран енді солтұстыққа шығып алыпты, күшеймесе, әлсіреген жоқ. Бір атқа мініп, бір атын жетелеп үйіне қарай шауып жөнелді. Жаяу кетсең адасатындай екенсің. Аттары қорасының алдына келіп бір-ақ тоқтады.
Үйі азынап тұр. Даладан үйі суық сезіледі. Шам жағып еді, қалың қырау басқан терезелері түксие қарады. Табалдырық астынан сыртқы қар үйге кіре бастапты. Айжан таңданған жоқ, былтыр да бір рет осылай болған. Пешті жағып жіберді де, шайнек пен қазанды дөңгелектеріне қойды. Тез пісетін қуырдақ бар, шай бар, картоп әзір үсімепті. Қарбыз-қауындар тастай болып қатып қалған. Пеш гуілдеп кеткен соң, ыдыс-аяқ шкафынан бір ащы құрт алып аузына салып сора бастады. Қыс бойы көретін ақ тұқымы — ссы ащы құрт болатын. Танаш қой, жылы үйде жаны рақатта жатыр деп ойлады. Өкпелеп ойлаған жоқ, күн бойы Танашты есіне алмаған екен, сағынып ойлады. Күнделікті өмірлерінде жолдасымен ылғи қалжындасып жүретін еді, әлде соны сағынды ма екен. Жақсы көретін қызын да Танаштан кейін есіне алды. Іші елжіреп, жүрегі лүпілдеп кетті де Айжан өзін-өзі тоқтатып:
- Мені ойламай-ақ жата беріңдер демалып. Тек есіме түсіп мазамды алмандаршы! Уақытым жоқ. Екі-үш күнге неғып шыдамайсындар! — деп ұрсып алды да күліп жіберді.
«Есік алдына фонарь іліп қойған теріс болмас» деген ой келіп, темір торлы фонарьді алып есіктің мандайшасына іле беріп еді, қатты жел қолынан жұлып әкете жаздады. Тек іліп көр, маңдаңшаңа бір соққанда быт-шытын шығарайын деп тұр. Айжан фонарін түйе қорасына қарай алып кетті. Байғүс сары аң жалғыз жатыр ғой, серік болсын деді. Жарықка қасқыр жоламайтынын да есіне алды.
Айжан түйе қораға жақындай бергенде фонарь жарығына алты көз келіп шағылысты. Көгалжым жарқырайды, Айжан қасқыр екен деп шошыньш кейін шегінді. Қасқырдан басқа не дейсің, мыңдай сұрапылда қаңғып жүрген! Сары атанды жеп кояды-ау енді. Алты көз жарқыраса, қасқыр үшеу болғаны да.
Айжан отын сарайына кіріп, Танаштың сойылдарының оңтайлы біреуін алып, түйе қораға қайта жақындады. «Кет!» — деді еркек даусына салып.
Қасқырлар қозғалған жоқ. Иттерін шақырды. Не ілгері, не кейін шегіне алмай, тұрып қалды.
Шапқыласып, шабаланып иттері жеткенше, Айжан қасқырларының не екенін біліп те қалып еді. Үшеудің біреуі мүләйім маңырап жіберген.
- Ойбой, сорлылар-ай! — деді Айжан, сорлылар дегені ақбөкен екенін танып, — Немене, Сарыарқа қуып жіберді ме сендерді? — Ол екі арада жетіп қалған иттері де ақбөкендерге жабыла кеткен жоқ, қайта Айжанның өзіне арсаландап, бұл бейшараларға тиме деп жалынатындай еді. Ешкі дей ме екен, қой дей ме екен?
Үш ақбекен дір қалтырап тоңып тұр. Терілері сүйегіне жабысып қалған арық та, іштері белдемелеріне жабысып қалған аш. Екеуі мүйізді, біреуінде мүйіз жоқ.
Айжан шамын ықтасынға қоя салып, үш ақбөкенді үш рет көтеріп апарып, жатқан сары атанның ықжағына қоя берді. Сары атан бұларың кім деген жоқ, ұзақ ертегідей күйісін де бұзған жоқ.
Сары атанның оттығында бір құшақтай шөп қалған екен. Айжан шөпті әкеліп атанның ық жағына шашып салды да:
- Ал осыған риза болыңдар, меймандарым… басқа берерім жоқ. Екі алтын мүйіз бір сылаң қыздың соңында жүріп, қайдан шыққандарыңды білмей де қалған шығарсындар… Сары атан деген алыптың ығына жетіп тоқтадыңдар. Ығына жатып демалындар. Оттаңдар, шөпті көп жеп қойып іштерің ауырып жүрмесін…
Айжан үйіне келіп иттеріне кесек-кесек ет, кеміретін сүйек берді. Таласып қалмасын деп, ауыз үйге кіргізіп берді. Үлкен кара ала ит екі кішірегіне езуін ыржитып еді, оған ұрсып тастады:
- Аға болған ит інілеріне зорлық қыла ма екен? Ұятың қайда? — деп ұрысты. Қара ала оны қалай түсінгенін кім білсін, әйтеуір, езуін ыржитуды тоқтата қойды. Иттеріне кешеден қалған сорпаны қанжылым ғана жылытып беріп:
-Таласпай ішіңдер. Сендердің шайларың осы ғой. Адам бойын жадырататын барлық тамақтың ішінде ең қадірлісі — осы шай. Ал, енді қойларыңа барындар…
Айжан ысқырып қалды. Иттері үйден атыла жөнелді.
Адам баласы күніне бірталай сөз сөйлемесе дүлейленіп кетер. Қанша сөйлеу керек, ғалымдар оны әзір анықтаған жоқ. алайда, ішетін тамақ, ойын-күлкі, демалу сияқты сөйлеу де нағыз мұқтаждың бірі. Айжанның өзімен-өзі сөйлесіп кейде қалжың айтып жүргенінің бір себебі осында болу керек. Танашты азырақ қыжыртып алды, ақбөкендерге ұрысты, иттеріне ұрысты, қалжындасты, енді өзіне ұрсары ғана қалғандай:
- Әй, сен көп оттап кеттің ғой, қойсайшы. Қойыңа қасқыр шауып жүрсе, ұрысқанның әкесін сонда естірсің! Тамағынды тез ішіп-же де жөнел! — деді.
Қатқан етті балтамен шапқылап, картопты қабығымен салған қуырдағы піскен сияқты. Табаға салып пештің үстіне қойған наннын сырты күйіп бара жатыр, іші ғой әлі мұздай.
- Ал жей бер шетінен… Бефстроган дегені осы болады. Шайынды іш. Қойныңды толтыра ащы құрт салып ал да жөнел!
Айжан пештің шойын суырмасын жапты да, үйдегі шамды азырақ бұқтырып, сөңдірмей кетті. Ақбөкендерін тағы бір қарады. Аяқтары дірілдеп, шымшып-теріп оттап жүр. Ертең шөпті молырақ әкеліп тастау керек екен. Енді өле қоймас… Айжан бір атқа мініп, бір атын жетелеп маяға қарай шаба жөнелді.
Айжанды иттері арсаландап, еркелеп қарсы алды. Қарнымыз тойды, тонымыз жылы, малымыз аман дегілері келгендей. Айжан иттерін ертіп, маяның ық жағын бір шолып қайтты. Жел ауысып, маяға тіреле тоқтаған қарды маяға жапсыра бір сипап кетер ме еді деп ойлады. Сонда күн бойы жасаған коридордың төбесі жабылып қалареді-ау… Қайтып келіп коридормен де біраз жүрді. Қойлары маяға жабысып астын кеулеп барады екен. Ұйлығып-ұйлығып жатқандары да бар.
- Тапсырдым Шопан аталарыңа!
Айжан үлкен қара тонды қаусыра жамылып, аттарына жақындап келіп, арқасын маяға сүйеп отыра кетті. Иттері де осы араға келіп, тұмсықтарын шабына тығып орналаса бастады. Айжан енді ғана байқады — солтұстыққа шығып алып, бір сарынды ырғақпен соққан жынды бораннан маяның түбі дірілдейді екен. Шіркін-ай, бір сағат ұйқтап алар ма еді деп ойлады. Қимыл шынықтырады, ұйқы тынықтырады дейтін бе еді? Дұрыс кой, дұрыс! Бірақ бүгін мен мұның бас жағын ғана қабылдаймын. Аяқ жағын қабылдамаймын. Бір жазушының «Ұйқы — өлімнің есінеуі ғой! — дегені де есінде жүр екен.
Қазір Айжанға осы сөздер нағыз дөсының сөзі көрінді. Есіней бастасаң ұйқың келгені, ұйқтасаң өлгенің емес пе? Оған жынды боран күлмесе, өкінер ме? Жаназанды өзі шығарып, өзі көміп тағы бір ұйқтап қалғанды іздеп жөней бермей ме?.. Тағы бір жазушы «Қазақ- ұйқысы қанған ел!» — депті. Ашынғандықтан адал ойын дұрыс айта алмапты. Мен жазушы болсам: «Қазақ- ұйқысы ашылған ел!» дер едім. Сонда да ұйқтап кетпейінші. Сойылмен темір күректі ұрып қалып еді, күректің қаңқ еткені онша әлуетті болған жоқ. Қап!.. Су тұратын бакты осы араға қойып, ұйқы келе бастағанда сойылмен бір періп қалсам ғой, таң атқанша ұйқым келмейтін болар еді. Ертең солай етейінші.
Әрбір ертеңге қалдырған істің өкіндірері бар. Айжан ойын аяқтап болғанша қасқыр ұлыды. Иттер атып тұрып шабалана бастады. Е-е, қасқыр құдаң торлап жүр екен ғой.
Иттердің жабайы тұқым екенін танығандай, екінші жағынан тағы бір қасқырдың жақынырақтан ұлығаны естілді. Ие, қазір қасқырдың былығып жүрген кезі. Арландары сідік басы, қаншықтары қай ерлеуіне бейім жүреді де, түптеп келгенде, қай жеңгенімен кетеді. Дүниедегі барлық арландарды оп-оңай құтыртып, желіктіріп, ерлендіріп жібереді. Осы кезде арланның тайсалары да жоқ, бас салмасы да жоқ.
Күректің қаңғырлағанынан қасқырлар біраз тынып қалды. Еркек пе екен, әйел ме екен? Еркек болса ендігі айғай салар еді, мылтық атар еді. Иттері шамалы болар — бір-ақ асам. Екеуі кішкентай, біреуі ғана естияр. Алайда бақылай тұрайық. Жер бауырлап жылжып жақындай берейік…
Таң алдында қасқырлар да тым жақындап келіп қалды білем, үлкен қара ала ит абалап күртіктің үстіне қарғып шықты. Айжан да темір күректі қатты ұрғылай бастады. Атылған мылтык даусына жеткізем деп ұратын сияқты. Қара аланың артынан екі жастау иттер де ұмтылып еді, біреуі қара алаға арқаланып тым алға шығып кетті білем, қасқырлар қағып әкетті. Каңқ етті де үні өшті. Қалған екі ит ол балаңдықты істеген жоқ. Күртіктен түскен де жоқ, әрі қарай жүгіре де жөнелген жоқ.
«Үш ақбөкен олжа, бір ит — шығын»,- деді Айжан ішінен.
Бүгінгі түн осымен тынды. Ертеңгі түнге Айжан мықтап әзірленді. Қара тонды бір айыр, бір күрекке жауып, басына бөрік кигізді. Қолына сойыл ұстатты. Бос тұрған бакты әкеліп күртікке орнатып, сойылмен періп жібергенде, зеңбірек атылғандай гүрс ете түсетін болды. Бұл түні қасқырлар жақындай алмады. Таң ата боран басылып, күн ашылып кетті.
Боран басылып, күн ашылғанымен суық-ақ. Айжан моторың гуілін күн шықпай тұрып-ақ естіді. Өзіміздің ыржақ Жаныстың тырқылдағы ғой деп тани кетті. Айжан қалжыңдағанымен қандай бір «А, пірім?» кезінде алдымен жететін — осы вертолет. Халықтың радио құлағына шалына бермейтін тағы бір аналығын жылы күйінде әкеліп қуантатын да сол. Бұл жолы, әрине, Танаш пен түнгі күзетшіні де әкеле жатыр. Ақыл жоқ деп төзім де келе жатпаса жарар еді. Тоңып қалады-ау…
Вертолет Айжанды көріп, маяға жақындап келіп төмендеді. Алдымен Танаш түсті. Бөркін қолына алып бұлғап келеді. Не айтып келе жатқаны естілмейді. «Жүйрік ат, сұлу қатын ер қайрағы…» деп келе жатпаса қайтсын. Одан соң ферма бастығы мен түнгі күзетші шықты. Танаш жақындай беріп:
- Жарығым-ау, амансың ба, әйтеуір? — деді.
Ферма бастығы:
- Малың аман ба? — деді.
Айжан біреуіне де жауап берген жоқ. Жылағысы келіп тұрып күліп жіберді.
Айжанның бет-аузы үсіген — қара ала, торы ала еді. Оны әлі өзі де көрген жоқ-ты. Тырысып-құрысып, ашыған кезде сары май жағатын да жүре беретін. Айнаға қарағысы келмейтін. Оны Танаш та көрген жоқ. Тас түйін, буынып-түйініп қарға шанышқан күрегінің сабына таянып тұрған әйелін құшақтай алып, олай да бұлай шайқап тұрып:
- Әзірлен. Қазір қалаға қайтасың. Аягөз шақырып жатыр. Ойыншық сары итімді ала келсін деп тапсырды, — деді.
Суық күн жылынып жүре берді…