Бір өзінің айбаты мың кісідей болады…


Скачать/Жүктеу

«Қарабек батыр» деген жырдың екі нұсқасы бар. Оның бірін 1940 жылы Қызылорда облысы Арал ауданындағы Кеңес Одағының Ғылым академиясы ұйымдастырған экспедиция жинаған екен. Эпостардың мазмұнына еліктеп кейіннен шығарылған осынау жырда Қарабек батырдың қайсарлығы, отансүйгіштігі кеңінен сипатталады.
Қарабек он жасқа келгенде қол-аяққа тұрмай қалаға қашып келеді. Бірде ол түсінде қып-қызыл желді көреді. Сол дауыл бәрін қиратып, жайпауға айналады. «Қарыңдасыңның сұлулығын естіп, әйелдікке алуға жиналып көп қалмақ келеді», – деп шешесі ұлының түсін жориды. Айтқандай-ақ көп ұзамай қаптаған қалың қалмақтың әскерін көреді.
Қарабек атты төреңіз,
Бір өзінің айбаты,
Мың кісідей болады.
Кідіріп қалған қалмаққа,
Өзі барып жолықты.
– Азау ноғай қаласы ғой, Кәдірхан хадишаның қызы сұлу екен, сегіз қатын үстіне соны алмаққа келе жатырмыз, – дейді Қаблан деген қалмақ.

Осы сәтте Қарабектің көздері оттай жанып, намысын жанып, жауына тұра ұмтылады.
Бір-бірімен кездесіп,
Екеуінің оғы да,
Құмалақтай қорғасын,
Сауытқа тиіп тырс етіп,
Жаншылып түсіп қалады.
Алтын сапты айбалта,
Шарадай басқа шабысты.
Дулығаға өтпеді,
Әрмен кесіп кетпеді,
Ат үстінде алысты.
Бала да болса Қарабек,
Жәрдем беріп жеті пір,
Сол уақытта ержетті.
Әлсіретіп жауды меңдетті,
Қаблан тасқа байланды.
Қарабек енді өз басын,
Мың сан қолға шаптады.
Көп екен деп сескеніп,
Атының басын тартпады.
Жекелеп ерге шығуға,
Жалғыз қалмақ батпады.
Сөйтіп, Аққұла атқа мініп, қаруын белге ілген Қарабек мылтықтан түтеп тұрған оқты да бойына еш дарытпайды. Батырдың мықтылығы жырда ерекше екпінмен суреттеледі.
Қаптап тұрған қалмақты,
Қайырға шыққан сазандай,
Түйреп тастап келеді,
Бетте қалды мың кісі,
Ойда қалды сан кісі,
Қолындағы сүңгісі,
Қара қанға боянды.
Осылайша, екі күн дегенде мың сан қолы бар қалмақты жалғыз өзі жеңеді. Ұрыс кезінде Қарабек қарындасы Ханбибіге қызығып, сыртынан талас қылып жүргендердің көп екенін естиді. Қараша таудың басына шығып, артына қараса, қара бұлттай болып тағы да қалмақ қаптап келе жатқанын көреді. Ақжан есімді қалмақ өз әскерін Қарабекке қарай бұрады. Осындай қиын кезде де батыр сабыр сақтап, ар-намысын биік ұстайды.
Қорамсаққа қол салды,
Қозы жауырын оқ алды.
Толықсып тұрған Ақжанның,
Қолтығынан оқ атты.
Құдай берді бір бақты,
Қисық біткен қарағай,
Бұтақтай кесіп құлатты.
Қыз іздеген Ақжан ер,
Бір төбенің басында,
Құзғын, қарға қасында,
Көмусіз жатып қалады.
Тоғыз қабат сауыт киген Қарабек жауын жеңіп, әлгінде байлап қойған Қабланға келеді.
Жалғыз атты қасқаның,
Кім сенеді сөзіне-ай.
Өлтірмей-ақ Қабланды,
Тірідей айдап барайын, – деп Қарабек оны өлтірмей, қол аяғын байлап, ауылына алып баруға ниеттенеді. Қаблан болса қулыққа көшіп, Ханбибіге өлердегі сөзін айтып, ғашықтығына сендіруге тырысып бағады. «Менің қасық қанымды ағаңнан сұра, өлтіртпе. Егер сөзіңді тыңдамаса, ағаң сені жақсы көрмейді», – деп қайта-қайта айтып қоймайды. Қалмақтың сиқырлы лебізіне алданып, Ханбибі оны босаттырады. Басы айналған қыз енді қалмаққа өзі ғашық болып қалады. Кетіп бара жатқан қалмаққа орамалын бұлғап, Ханбибі соңынан ілеседі. Түнде Қарабек ұйықтап жатып, тағы да түс көреді.
Жүргенімде аң аулап,
Адасып кетіппін.
Бір адам келіп,
Ойын қылып шылбырмен,
Қолымды мықтап байлады.
Олай-бұлай жұлқынып,
Үзе алмай сорым қайнады.
Бір жолбарыс келді де,
Оң қарымды шайнады.
Мән-жайды зерек көңілмен саралаған шешесі: «Неге Қабланды өлтірмей жібердің? Ханбибі екеуі қосылып, сені өлтіруді жоспарлап жатыр. Сондықтан қалайда қалмақтың көзін құртуың керек», – деп ақыл қосады.
Өз бауырынан жиреніп, жауды жақын тұтқан Ханбибі Қарабекті өлтірудің айла-шарғыларын ұсынған қалмақтың айтқандарын жасайды. Бірде Ханбибі ағасына үйде отырғанда «қолтұзақ ойнаймыз» деп қолқа салады.
Темірден құрсау салса да,
Жөке арқанмен шалса да,
Бәрін де талқан қылады,
Жіп түгіл темір сынады.
Содан Ханбибі ағасынан мұның мәнісін сұрайды.
Бір бекітсе бекітер,
Бұғының қалың терісі.
Бұрап таққан үш өріп,
Саржаның кірісі,
Сол бекітер қолымды, – деп Қарабек аңқаулық жасайды. Бауырдан қалмақтың жігітін артық көрген Ханбибі ағасының қолын әбден байлап, тығылып жатқан қалмақты ілестіріп алып келеді. Қалмақ пен Ханбибі Тасбұлақтың басында жиылып тұрған томарларға апарып Қарабекті өртеуді ұйғарады. Осындай қиын-қыстау кезде батырға ғайыптан пайда болған пірлер көмекке ұмтылады. Аспанда найзағай ой­натқызып, жаңбыр жауғызады. Жанып жатқан томарлар нөсердің суынан сөніп қалады. Сөйтіп, Қарабектің басына қандай қиын-қыстау кезең таянса, сол сәтте оның қасына көзді ашып-жұмғанша «жеті пірі» пайда бола кетеді екен. Мәселен, Қарабекті Қаблан қалмақ алмаспен шапқалы жатқанда үстіне темір қақпақ жауып, аман-есен алып қалады. Құс кездікті алып, ағасына салғалы жатқанда қарындасының қолын көзге көрінбейтін пірлер қағып жібереді.
Аршын басты Аққұла ат,
Серке сан деген ат болдың.
Бір жайшының дертінен,
Мен қалмаққа мат болдым.
Бұл пәлеге тап болдым,
Туғаным болған Аққұла ат,
Қорғаным болған Аққұла ат, – деп жаны қиналған кезде Қарабек Аққұла атқа мұңын шағып, зарланады.
Жасаған амалы әшкере болып қалған соң, Ханбибі қашуға оқталады. Жай кетпей ағасының Аққұла атын мініп кетуге талаптанады. Бірақ киелі жануар алдына барса – тістеп, артынан барса – теуіп, қасына жолатпайды. «Мен жөніме кетемін. Қарындасыңды алмаймын. Сен оны өлтір», – дейді қалмақ оқиға соңында қыздың тым қатыгездігінен шошынып.
«Кәдірханның ұл мен қызы екеуі бірдей батыр еді. Жаудың келер бетінде, елдің қиыр шетінде бері асырмай қалмақты табан тіреп жатыр еді. Аяғында бірін-бірі өлтіріп кетіпті» деген сөзге ұшыраймын ғой» деп Қарабек қолын қанға былғаудан бас тартады. Осыдан кейін Қарабек еліне қайтады. Арада он жыл уақыт өткенін, елде болған өзгерістерді, жаман құл Қодардың халыққа жасаған қиянатын, Ханбибінің зұлымдық әрекеттерін, бәрін-бәрін пірлер ғана қалың жұртқа жария етеді.
Қарабек өз жұртын сыртқы жаудан қорғап қана қоймай, зерек, адамгершілігі мол батыр болып ел есінде осылайша мәңгілікке сақталып қалды.

Нұрлан ҚҰМАР


Скачать/Жүктеу

Комментировать

Вам необходимо войти, чтобы оставлять комментарии.




1Referat.kz сайтында кез-келген тақырыпқа мәліметтер, қазақша рефераттар, курстық жұмыстар жинақталған. Барлық мәліметтер тегін. Керек мағлұматты Жүктеп (Скачать) немесе Көшіріп (Скопировать) ала аласыз.

Наш сайт — это огромная Коллекция рефератов, курсовых работ, дипломных работ. Все материалы на сайте бесплатные. Нужную работу вы можете, скачать или скопировать.
Сайт картасы